Нарықтық экономиканы қалыптастыру логистиканы теория деңгейінде ғана емес, қалыптасқан нарықтық тәжірибе деңгейінде зерделеуді талап етеді. Осыған байланысты запасты басқару саласындағы Логистикалық операцияларды қалыптастыру мен оларды іске қосу, запастарды жеткізудің оңтайлы әдістерін таңдау қажет.
Қазіргі жағдайда тауарлы материалдық запастарды басқарудың теориялық қағидаларын материалдық запастар жасауды есептеу тәжірибесіне енгізу өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда запастарды басқарудағы тиімділікке қол жеткізу үшін, менеджерлер запас құруды бағалауға талдау жүргізіп, оның жоспарларына болжау жасап отыруы тиіс.
Тапсырысты рәсімдеу мен запас жасауға қатысты шығындарды анықтау мәселелері өзекті болып отыр. Запас жасаудың басты мақсаттарын анықтасақ:
- оларды өндірістік қызметте пайдалану, осының нәтижесінде запастар өңдеуден өтіп, дайын өнімнің ажырамас бір бөлігіне айналады;
- түрлерін өзгертпестен, одан әрі өткізу мақсатымен тауарлар алу.
Запастардың өзі тапсырысты орындау операцияларының бір түрі болып табылады. Тапсырысты орындау белгілі бір шығындарды шығаруды әрі оны ескеруді қажет етеді, себебі бұл жеткізілуімнен соң тапсырысты орындау – запасты құрады. Тапсырысты орындауға кететін шығыстар тасымалдау, тапсырысты жеткізу, тапсырысты дайындауға қажетті құжаттаманың құны, хабарлауға жұмсалатын шығыстар. Тапсырыс топтамасының көлемін ұлғайту арқылы тапсырысқа кететін жылдық шығыстарды азайтуға болады [1].
Біріншіден, біздің елімізде шығыстар типтік шоттар жоспарының 7 бөлімінде ескеріледі. Тапсырысты орындау дегеніміз шығындар, әсіресе көлік дайындау шығындары.
Екіншіден, тапсырыс топтамасының көлемін арттыруға байланысты ұсыныс әрдайым объективті бола бермейді, өйткені ол тапсырыс берушінің қаржысын оқшаулап тастауы мүмкін. Тапсырыс берушінің тұтыну көлемін арттырған жағдайда ғана тапсырыс көлемін ұлғайтуға болады.
Үшіншіден, нарықтық экономика жағдайында тапсырысты орындауға кететін шығындарды есептеу мәселесін, запас жасаудың релеванттық шығындардың есебін жыл соңында қарастыру тиімді емес және оларды қысқарту ойлаған нәтижеге жеткізе бермейді. Бұл қайтарымсыз шығындар болады да, басқарушылық есепте ысырапқа соқтырады.
Нарықтық экономиканың қалыптасуы жабдықтау процесін басқарудың ең үздік әдістерін таңдау мақсатында үздіксіз ізденіс пен құрылымды реформалауды жүргізеді. Ұйымдарда өз қызметі үшін қажетті тауалық материалдық запастарды уақытша сақтайтын қоймаларда сақтау, жеткізу, сатып алу жөніндегі барлық құжаттамаларды жүргізетін маркетингтік жабдықтау бөлімі бар. Жабдықтау қызметі жеткізушілермен тауарлық-материалдық запастарды жеткізумен байланысты ұйымдастырушылық, шаруашылық, құқықтық қатынастар орнатып, тауарлық-материалдық запастарды жеткізуге келісімшарт жасасады. Өндірісті ұйымдастыру жүйесіне байланысты талаптар негізінде материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі бюджеттерді немесе жеткізу жоспарын құруды, ұйым басшыларымен оларды келістіруді, жеткізу жоспарын жүзеге асыруды, әрбір жеткізу келісімшарты бойынша жеткізу шартының орындалуын Бақылауды, жеткізуге белгілі бір жеңілдіктер алуды қамтамасыз етеді.
Тауарлық-материалдық запастар жеткізушілерден сатып алушының қоймасына түседі. Қоймадан материалдар шығын құжаттары негізіндегі өтінім бойынша әрбір цехтың қажеттілігін, сұранысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Кейбір материалдардың жеткізушілерден өтінімсіз немесе қателесіп, иә болмаса фактуралар баған жеткізілім ретінде құжаттарсыз түсетін кездері де болады. Мұндай жағдайлар жабдықтау бөлімінде кезек күттірмейтін жедел шешім қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелерді туындатады. Бухгалтерлік шоттарда қабылданған тауарлық-материалдық запастар жеткізілімінің әрбір партиясының көтерме құны көрсетіледі. Ұйым келген жүктерді қоймаға қабылданғанға дейін кеденнен өткізуге, оларды қоймаларға орналастыруға қосымша шығын жұмсайды. Мұндай шығындар көлік дайындау шығындарына жатады.
Бұл шығындарды ай сайын есептеп отыру керек. Сол шығындарды кемітудің жолдарын табу үшін жеткізілімнің әр топтамасын ескеріп отыру қажет. Есепте көлік-дайындау шығындары туралы нақты ақпарат болуы тиіс, ол үшін көлік – дайындау шығындарының нақты шегін білу керек. Көлік-дайындау шығындары запас жасау шығындарының ажырамас бөлігі болғандықтан бұл анықтамаларды елдегі барлық ұйымдарға қатысты қолдануға болады. Запас жасау шығындарын есептеудің талдамалық шоты сол шығындардың сомасын айқындап, оның үстіне көтерме құнды қоса, жеткізілме қалдықты қоса бөле отырып, транзиттік шоттың функциясын ТМЗ-ның көтерме құны бойынша орындайтын болғанымен, ол міндетті түрде қажет. Жеткізілімнің көтерме құнына қарай анықталатын көлік-дайындау шығындары және қалдық. Алайда «запас жасау шығындарының» талдамалық шоты запастардың орташа өлшенген құнын анықтаудың дәлдігі үшін қажет. «Запас жасау шығындарын» өндіріске шағып есептен шығарылған запастардың көтерме құны мен запас жасау шығындарының сомасынан құралады. Сонда өндіріске деп бөлінген материалдардың нақты құны шығады, ол – ТМЗ-ды жеткізу, яғни теміржол тарифі, автоқызмет, әкелім бажы, жүкті іздеу шығындары, жүкшілердің еңбегіне төленетін ақы және өнімді тиеу мен түсіру шығындары, өнімнің жол-жөнекей ысырабы, сынуы, кем шығуы, бүлінуі және т.б.
Негізгі мәселелердің бірі – тауарлықматериалдық қорларды алуға кететін көлікдайындау шығындарын ең төменгі деңгейге дейін азайту. Келесі бір мәселелердің бірі – талап етілетін сапаға байланысты жеткізілетін өнімнің көлік-дайындау шығындарын өтеу, жеңілдік алу, бағаны төмендету мақсатында біршама тиімді жеткізушіні таңдау.Үшінші мәселе – тауарлық-материалдық қорларды бағалау әдісін анықтау. Төртінші мәселе – тауарлық-материалдық қорларды «тура уақытында» жеткізу әдісіне қол жеткізу. Бесінші мәселе – ұйымдағы, әрбір цехтағы қойма шығыстарын төмендету. Жоғарыда айтылып кеткен нарық жағдайындағы мәселелерді шешетін әдістер өте көп. Оның біреуі – тауарлық-материалдық қорларды жабдықтау жүйесінде – бұл Қазақстан Республикасының ұйымдарында логистиканың қолданылуы. Шығынның кез келген түрінің төмендеуі логистиканың енгізуіне байланысты жүзеге асырылады.
Осы тұрғыда логистиканың ағынды процестерді басқарудың ғылыми әдісі ретіндегі мәні арта түседі. Сондай-ақ басқарушылық шешім қабылдау үшін жедел ақпарат алуды, қосымша көрсеткіштерді енгізуді талап ететін мәселелерді қою мен шешу күрделеніп кетеді. Үлкен көлемдегі қорларды жеткізумен байланысты материалдық ағындарды басқару жөніндегі келісілген іс-әрекеттер жедел жоспарлаумен, бюджеттермен, көлік дәліздерін салумен байланысты. Сонымен қатар қорлар қозғалысының сызбасы мен тиімді бағытын жасап, қорларды жеткізудің уақытын қысқартып, тауарлық-материалдық қорларды қоймаға жеткізу мен түсудің тиімді жолдарын таңдау керек.
Логистикада арнайы жүйе өңделуі қажет. Логистика функциясына байланысты жабдықтауды, өндірісті, өтімді, жеткізуді, қойма шаруашылығын бөліп айтуға болады. Осы жүйелерді іске асыру мақсаты өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Белгілі болғанындай, әрбір ұйымдағы материалдық шығындардың үлес салмағы жалпы шығындар көлемінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін құрайды. Нарықтық экономиканың қалыптасы жағдайында тек шет елдердің қолайлы тәжірибесін ғана емсе, сонымен бірге осы саладағы қазақстандық және шетелдік ғалымдардың ұсыныстарын қолдану қажет. Ұйымның басқарушылары мен менеджерлерінің алдында логистиканың әдістерін қолдану және зерттеу мәселелері туындайды. Логистиканың негізгі объектілері болып қоймалар және қойма шаруашылықтары, жабдықтау, өндіріс пен көлік, қоймалар құралы және оларды ұстау шығындарын қысқарту жөніндегі ақпарат, «тура мерзімінде» әдісімен жеткізу табылады. Осы әдістерді, соның ішінде мерзімінде жеткізуді енгізу жеткізілетін тауарлық-материалдық қорлардың өзіндік құнын қысқартуға белгілі бір мүмкіндіктер береді.
Менеджерлерге «қорлардың құрылуын басқару» және «қорлардың ұсталуын басқару» мәселелерін зерттеу қажет. Нарық заңдары бүгінде білімді, Логистика білімін талап етеді. Сонымен қатар, оларды тұрақты түрде жетілдіріп отыру керек және 10-15 жылдан кейін «тура мерзімінде» жеткізу әдісіне қол жеткізуге болады. Сондықтан Қазақстанның барлық халық шаруашылығының мақсаты шығындарды тұрақты төмендетіп, табысты ұлғайту болып табылатын басқарушылық есепті енгізу керек.
Бүгінгі таңда бағаны ырықтандыруға, сыртқы саудаға, өндірістік қатынастағы Логистикалық менеджменттің, маркетингтің қажеттілігін түсінуге, кәсіпкерліктің дамуына, өндіріс құрылымындағы үлкен өзгерістерге әкеліп соқтырған Қазақстанның нарықтық қатынастарға кіруі өндіріс процесін тауарлық-материалдық запастармен қамтамасыз ету саласындағы экономикалық қатынастардың тиімділігін көтеруде логистиканың рөлін біршама күшейтті.
Логистика материалдарды, құралдарды бір қалыпты сатып алу негізіндегі тауарлық-материалдық қорларды қадағалауды күшейту саласы ретінде қарастырылады. Сондай-ақ логистиканың қызметтеріне төмендегілер жатады:
- қажетті материалы бар бәсекелестердің арасынан тиімді жеткізушілерді таңдау;
- жеткізу мен бөлудегі менеджмент, жеңілдік көрсетілген материалдарды жеткізуді таңдау;
- тиімді көлік жолдарын және көлік түрлерін анықтау.
Бұның барлығы көптеген байланыстардың жүйесін, ақпараттың үлкен көлемін біріктіруге және нәтижені оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жабдықтау бойынша шығындарды ғана емес, сондай-ақ қойма шаруашылығын сақтаудағы шығыстарды да қажетті үнемдеумен қамтамасыз ететін жүйені енгізу және компьютерлендіру арқылы материалдық ағындарды басқару маңызды.
Логистика жүйесі, мамандардың ойынша, өндірушіден бастап тұтынушыға баратын бағытты қамтитын жеке бөлудің шағын жүйесі және материалдың жеткізушіден немесе запас көзінен өндіріске баратын қозғалысы кіретін нақты қамтамасыз ететін шағын жүйе деп аталатын екі шағын жүйеге бөлінеді. Онда логистика әдісінің келесі элементтерінен тұратын мәселелері сипатталады:
- Қор көзі, көлік, өндіріс пен сату арасындағы буфердің рөлін атқаратын өндірістік запас. Ол бүкіл жүйенің үздіксіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Өнім өткізілетін запас түрінде өндірушіде, өндірістік запас түрінде – тұтынушыда және тауарлық запас түрінде – делдал кәсіпорында сақталуы мүмкін. Алайда келген жерде запастың мөлшері оңтайлы болуы және ол капиталдың қандай да болмасын бөлігін жансыздандырмауы тиіс.
- Логистикалық тұрғыдан жүкті жеткізушіден тұтынушыға жеткізетін көліктің белгіленген құны болса да әр түрлі техниканы пайдалануы мүмкін және оны икемді қолданған жағдайда бәсекелік артықшылық беруі тиіс.
- Өндірістің қажетін анықтау, жаңа технологияларды, ноу-хауды және олардың оңтайлы жүктемесін ұтымды орналастыру, пайдалану, сондай-ақ жүйе үнемді жұмыс істеу үшін оған өндірістік қуатты бейімдеу негізінде оған қызмет көрсету. Логистиканың осы элементіндегі маңызды мәселелерінің бірі – фирманың мөлшері мен орналасуын анықтау.
- Қойма шаруашылығына қажетті қойма үй-жайының есебі, оларды белгіленген аумақта ұтымды толтыру және орналастыру.
- Жеткізушілерден запас бірнеше бәсекелестің арасынан қажетті жеткізушіні таңдау және онымен жеңілдікпен шарттық қатынас жасасу арқылы сатып алынады. Сатып алу кезінде бағаның, тауарлық-материалдық қорлардың сапасының және жеткізушімен көлік байланысының оңтайлы деңгейін таңдау.
- Жабдықтау процесі аяқталғаннан кейін кіріс алу немесе залал шегу. Қойманың, бөлімнің, құрылымның өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ету.
Логистикалық жүйелер мен олардың элементтерін қарастырғанда запасты бастапқыда орналастыруға және алынған қосымша кіріске жұмсалған шығынды салыстырған кезде айырмашылыққа жету мақсаты қойылады.
Өндірістік бухгалтерияда запас жасау шығындарын есептеудің басқарушылық есебін ұйымдастыру үшін сол шығындарға сипаттама беріп, оларды толық тарату керек. Көлік дайындау шығындарының мәнділігін есептеу маңызды. Осыған байланысты бұл шығындарды есеп түрлері бойынша қалыптастыру, ішкі есепті ұйымдастыру тиімді. Бұл кезеңде материалдық запастарды басқару негізінен алғанда ақпарат арқылы – ішкі есептің, жедел есептің көмегімен жүзеге асырылады. Көлік дайындау шығындарының жедел есебі материалдардың жабдықтаушылардан келіп түсуі барысында күн сайын жүргізілуі тиіс. Жедел есеп нәтижесі бойынша алынған ақпарат содан соң ішкі есепті қалыптастыру үшін ай сайын бейнеленіп отыруы қажет. Бұл біздің еліміздегі материалдармен жабдықтау жүйесіне Логистиканы енгізуді тездетеді. Осы орайда менеджерлерге қажетті ішкі жедел есеп түріндегі қосымша мәліметтерді жүйелеу қажет.
Ішкі есепті келелерге байланысты шығындар бойынша жеке-жеке жүйелеу қажет:
- запас жасауға;
- запастардың мазмұнына.
Запас жасау жөніндегі шығындар туралы алынған ай сайынғы ақпаратты бухгалтерлер логист менеджерлерге береді. Ал ол алынған ақпарат негізінде бақылау жүргізеді, талдау жасайды, шығындарды қысқартуға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдайды. Қазіргі жағдайда мұның бәрі аса маңызды. Осылай менеджерлер бухгалтермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі тиіс. Фирмаларды, ұйымдарды басқарудың шаруашылық тетігін жетілдіру, запастардың келіп түсуін есепке алу ең алдымен келесі негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:
- материалдық запастарды жеткізу туралы шарттардың орындалуын жедел есепке алу және бақылау;
- келіп түскен запастарды уақытында және толық кіріске алу;
- оларды қабылдау кезінде сандық және сапалық айырмашылықты анықтау;
- жасасқан шартқа қарағанда жеңілдік алудың немесе баға бойынша айырмашылық белгілеудің мүмкіндігін қарастыру.
ТМЗ-ның жеткізушіден келіп түсуі жөніндегі операциялар күн сайын болып тұрады, сондықтан логист менеджер әрбір шарт бойынша алынған табыстың немесе артық шығыстың сомасын анықтап отыруы тиіс. Сонымен қатар күн сайын жеткізушіден ТМЗ келіп түскенде менеджерлер алынған ақпарат негізінде жеткізілімнің көлемі, жабдықтаушылардың шарт келісімін орындауы, жеңілдіктің бар-жоғы, төлем сомасы, осы жеткізілім бойынша дебиторлық немесе кредиторлық берешектің бар-жоғы бойынша жедел бақылау жүргізуге міндетті.
Тасымалдау шығындарын есептеу кезінде деп жазады К. Друри, «әдетте жеткізілім үшін төлем жеткізілген материалдар топтамасына берілген жүк құжатқа жеке жазылады. Оңайлату үшін тасымал шығыстарын жалпы завод бойынша қосымша шығыстарға жатқызып, оларды жалпы өндірістік қосымша шығыстарды бөлу шеңберінде тарату керек» [2].
Запас жасаудың нақты шығындарын анықтау, содан барып оларды кемітіп, азайту шараларын жүргізу тек қана басқарушылық есеп – ішкі есеп, жедел есеп арқылы іске асуы мүмкін.
Шығындардың ішкі есебін жүргізу идеясы логистика саласындағы ғалымдардың пікірі дұрыс екенін тағы бір мысал дәлелдейді, ал ол пікір бойынша запас жасау келесі мақсатта басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін қажет:
- егер бұл материалдарды өз өндірісіне арнап фирманың өзі дайындай алатын болса, оларды сатып алуға қарсы болу;
- себесіз көтерілген шығындардың сомасын анықтау;
- сатып алу барсында бүліну, жарылу, кем шығу себептерін айқындау, олардың орнын толтыру мүмкіндігін іздестіру;
- сатып алуға байланысты туған айыппұлдың, вагондардың бос тұруының, өсімақының, тұрақсыздық айыбының сараптамасын өткізу;
- осы шығындарды қысқарту жөнінде шаралар қолдану;
- нарық талаптарына сай жабдықтау жөніндегі шығындар есебін жүргізу [3].
Жоғарыдағы шараларды іске асыру нарықтың және әлемдік жабдықтау стандарттарының талаптарына сай келу әрі осы процестерді басқару мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Осының бәрі логистиканы енгізу «запас жасау шығындарының ішкі есебін» ұйымдастыруды қажет ететінін тағы бір дәлелдеп береді. Ішкі есепті ұйымдастыру есептің жедел қабылданғанын арттырады, ал бұл логист-менеджерлердің басқарушылық шешімдер қабылдаудағы басқару мақсаты үшін қажетті ақпарат алу көзінің ажырамас бөлігі болып табылады. Көлік-дайындау шығындары туралы ақпаратты дер кезінде алу «запас жасау шығындарын» бақылау мен талдауды қамтамсыз етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Иоффе Р.В. Логистика. М., 2000. 57 с.
- Друри К. Введение в управленческий учет. М.: «Финансы и статистика», 1996. 446 с.
- Тайғашынова Қ.Т., Жапбарханова М.С. Тереңдетілген басқарушылық есеп. Алматы: «Экономика», 2008. – 221 б.