Еліміздегі қоғам дамуының барлық саласындағы өзгерістерге орай білім саласы да жаңаруда. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда басты нысана – білім сапасы. Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңыздылығы зор. Жаңа технологияны пайдалану – өмір талабы. Қазіргі пән оқытушыларының негізгі міндеті – білім беруді нәтижеге бағыттау, яғни инновациялық жаңа технологияны меңгеру екені баршамызға мәлім.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға, басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, білім алушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, білім алушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек.
Инновация дегеніміз – жаңа мазмұнды ұйымдастыру, жаңалық енгізу, жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекет, нақтыланған мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі, жаңа нәтижені қамтамасыз ететін жаңа теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы. Кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі міндеті – белгілі бір көлемдегі білім берумен шектелмей, алынған кәсіптік білімді адам өз қажетіне, өмірдің нақты жағдайларында қолдана біліп, қоғамға пайдасын келтіру. Ендеше, осы міндетті орындауда инновациялық технологияны қолдану – өмір талабы.
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.
Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр –ақпараттандыру ғасыры» деп аталады. Қазақстан Республикасы да ғылыми – техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді.
Білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып компьютер саналады. Сондықтан кез-келген білім беру саласында мультимедиалық электрондық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуға пайдаланылады.
Дәстүрлі оқу-әдістемелік кешендерге қарағанда кәсіби тілді оқытып үйретуде мультимедиалық кешенінің ерекшелігі мынада, ол тіл үйренушіге:
- тілді үйренуді өзіне тиімді жоспарлауына және оның қарқынын өздігінен анықтауына;
- кәсіби тілді үйрену уақытын үнемдеуге;
- кәсіби тілді үйрену орны мен уақытын еркін белгілеуге;
- кәсіби тілді үйрену үрдісін үзбей жүзеге асырып отыруға;
- тілдік біліктілігін өзін-өзі бақылаумен қамтамасыз етуге;
- жаттығуларды бірнеше рет тыңдап, қайталауға;
- түсіндірмелер мен түсініктемелерді қолма-қол алуына;
- кәсіби тілді меңгеру нәтижесін өзі бағалауына;
- кәсіби тілді саналы үйрену мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы мүмкіндіктердің бәрін бір уақытта ғаламтор жүйесі арқылы тіл үйренушілердің көпшілігі пайдалана алады.
Қазіргі кезде білім беру саласын, оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдаланусыз елестету мүмкін емес. Сондықтан уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің басты міндеті. Қазіргі жағдайда еліміздің білім беру жүйелерінде ХХІ ғасыр жастарына білім беру мен тәрбиелеу бағытында сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Ал мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты – білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу материалын қаншалықты деңгейде меңгергенін бақылаудың, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс – тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабақта тиімді пайдалана білу. Әртүрлі ғылыми зерттеулер мен алдыңғы қатарлы ұстаздардың тәжірибесі дәлелдегендей, оқытудың интерактивті әдістерін пайдалану, оқыту – тәрбиелеу үрдісін толық жетілдіруге, педагогикалық еңбектің тиімділігін арттыруға көмегі көп деп есептеледі. Ал, білім берудегі интерактивті технология сабақ барысында оқушының топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес, бір-бірін толықтыратын, сабақ барысында барлық оқушылардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы. Интерактивті технологияларды оқып үйрену, меңгеру арқылы мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани келбетінің қалыптасуына әсер етеді. Өзін – өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмек көрсетеді. Интерактивті құралдарды пайдаланатын оқыту әдістемесі дәстүрлі оқыту әдістемесінен ерекшеленеді. Кез-келген жағдайда, соның ішінде интерактивті құралдарды пайдалану арқылы сапалы білім беруді ұйымдастыру үшін сабақтың жоспарын, құрылымын, оқытудың мақсаты мен нәтижесін анықтау қажет. Интерактивті құралдарды қолданумен бірге сабақ құрылым да өзгереді. Дербес жағдайларда, интерактивті құралдар индуктивті оқыту әдісінде қолданылуы мүмкін.
Интерактивті құралдарды қолданатын сабақ сапасы, бірінші кезекте мұғалімнің өзіне, яғни интерактивті құралдардың мүмкіндіктерін қалай қолданатынына тәуелді.
Бұл талаптардың осы көлемде жүзеге асырылуы білім алушылардың ақпараттық компьютерлік сауаттылығының жоғары деңгейде қалыптасуын қамтамасыз етеді. Осыдан байқайтынымыз «ақпараттық мәдениеттілік» ұғымына компьютерлік сауаттылықтың компоненттерін кеңейту арқылы және жаңа түсініктерді енгізу арқылы пайда болады, яғни барлық жаңа түсініктер компьютер көмегімен жаттығу жасау үшін ақпараттық компьютерлік модельдеу әдістерін қолдану мәселелері көрінеді. Сонымен, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі сабақ беру әдісіне компьютердің ақпараттық технологиялардың жаңаша өзгеріс пен жаңа идеялар қосқаны баршаға мәлім.
Қоғамды,білім беруді ақпараттандыру жағдайында бүгінгі күнде ақпараттық компьютерлік технологияларды соның ішінде интерактивті тақтаны тиімді де нәтижелі пайдалану үшін біріншіден, жалпы білімділік және кәсіби сауаттылық қажет. Білім беру үрдісінде компьютерлердің, ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданылуы интерактивті жүйе құруға алып келді. Интерактивті жүйе жеке компьютерді пайдалану, сондай-ақ бейне дискілі құрал және теледидар кешендері негізінде құрылады. Мұндай қазіргі заманғы кешендер интерактивті оқытуда аса қымбат тұрғанымен, көрнекілік пен кері байланысты қамтамасыз етеді. Меніңше, осы оқыту жүйесінде ақпараттық және интерактивті технологияларды қолдану төмендегідей нәтиже береді:
- ілімдік оқу материалын оқу бағдарламасы бойынша ғылыми негізінде ең жоғарғы дәрежеде меңгеріп шығуы және ілімдік білімін іс жүзінде тиянақты, саналы түрде қолдана білуі;
- ақпараттық технология мүмкіндіктерін қолданып, өз бетімен толықтыруға дағдылануы;
- игерген материалдарын шығармашылықпен талдап, өңдеп, қорытындылап, өз көзқарасын қорғай алуы;
- жеке қабілеттеріне қарай шығармашылық жұмыстарға белсене араласып, белгілі бір ғылыми білім саласында өз мүмкіндігін көрсете алуы;
Интерактивті құралдарды пайдаланудың тиімділігі.
Қазіргі уақытта заманымызға сай қазіргі қоғамды ақпараттандыруда педагогтардың біліктілігін ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану саласы бойынша көтеру негізгі міндеттерінің бірі білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып компьютер саналады. Сондықтан кезкелген білім беру саласында мультимедиалық электрондық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуға пайдаланылады. Бұл бағытта ақпараттық технологияны оқыту үрдісіне екпінді түрде енгізу бағытында және қолданылатын жаңа құралдардың бірі – бағдарламалық – техникалық кешен болып саналатын интерактивтік тақта болып табылады.
Қарапайым тақта және компьютер проекторына қарағанда, интерактивтік тақта сабақ мазмұнын кеңінен ашуына мүмкіншілігі өте зор. Интерактивтік тақтаны пайдалану кезінде үлкен жетістікке қол жеткізу үшін, тек қана сауатты сабақ жоспарлап, керекті материалдарды дайындау керек.
Сабақта мұғалім интерактивтік тақтаны бір емес бірнеше рет пайдалана алады, қарапайым тақтаға қарағанда интерактивті тақта пайдалануға ыңғайлы, әрі уақыт үнемдейді.
Интерактивті тақта оқытудың басқа тәсілдеріне қарағанда (салыстырғанда), көптеген жетістіктері бар. Бұл жетістіктер туралы өз сабағында интерактивтік тақтаны пайдаланатын оқытушылар ғана айта алады. Қызмет тестермен біріге отырып сабақта дайындалу арқылы жақсы әсерге қол жеткізуге болады, бұл тек қана міндеттерді бөліп беру мен уақытты үнемдеу ғана емес, сонымен қатар берілген материалдардың сапасын да арттырады. Мұғалімдердің көрсетуінше интерактивтік бағдарлама олардың жартылай жұмысын атқарады, мысалы: белгілі бір материалды интерактивтік тақтада орындау арқылы файлдағы белгілермен өзгерістерді сақтап қалуға болады, бұны сабақта болмай қалған оқушыларға қайта түсіндіруге немесе келесі жолы тағы да қолдануға болады.
Материалдарды оқып үйрену барысында интерактивтік тақтаны пайдалану білім өрісін кеңейтуге, шығармашылығы мен өз бетімен ізденушілік қабілеттерінің артуына мүмкіндік береді, сондықтан мұғалімдердің дайындаған материалы оқушыларға түсініктірек болады. Көп оқытушылардың байқағанындай сабақ оқушыларға қызықты және дәлелді (мағыналы) болады, және оны (оқушылар) жылдам есте сақтайды. Ғылыми деректерге сүйенсек, К.К. Платонованың зерттеулері төмендегідей көрініс береді: Есту арқылы – он, көру арқылы – отыз, қарапайым әрекет арқылы – елу, ал белсенді әрекет арқылы – тоқсан пайыз есте сақтау пәрменділігін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, айта кетейік:сабақ алдын-ала дайындалған болу керек, сонда ғана материалдар жылдам түсіндіріледі. Интерактивтік тақтада бір уақытта бірнеше материалдарды қолдануға болады: бейне, дыбыс, сурет, мәтін, және т.б. Сабақ соңына дейін логикалық үздіксіз түрде болса, сонда ғана сабақ қойылған мақсатына жетеді. Сабақты түсіндіру барысында мұғалім тақта алдында тұрып, бір мезетте мәтіндік, аудио, бейне құжаттарды DVD, CD-ROM және ғаламтор ресурстарын қолдана алады. Бұл кезде мұғалім қосымшаны іске қосу, CD-ROM, Webтүйін мазмұнын қарастыру, ақпарат сақтау, белгі жасау тышқанды ауыстыратын арнайы қалам арқылы жазулар жазу және т. б. әрекеттерді жеңіл орындай алады.
Интерактивтік тақта оқыту тиімділігін қалай арттырады?
Сабақ үрдісінде пайдаланып жүрген әдіс-тәсілдер оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының, дағды мен ой-өріс, білім-біліктерінің артуымен сипатталары сөзсіз. Оқу процесінде, оның ішінде тәжірибелік сабақтарда интерактивті құралдарды қолдану мұғалімнің жеке тәрбиесіне, шығармашылық ізденісіне байланысты. Интерактивті құралдар оқыту формасын ұйымдастыруды түрлендіруге, дәстүрлі оқыту әдістеріне жаңа элементтер енгізуге мүмкіншіліктер жасайды. Бұл білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Интерактивті құралдарды орынды қолдану оқыту сапасын жетілдіруге көмектеседі.
Ақпараттық технологиялардың әдістері және оларды оқыту жүйесінде қолдану туралы талдауда келесі қорытындыларды жасауға болады: ақпараттық технологиялар бізде қалыптасқан оқыту формаларының ақпараттық көлемін ұлғайтып қосымша ретінде бола алады, сонымен қатар, оқыту үрдісін ықшамдап, сабақтарды әр түрлі формаларда жүргізіп, нәтижелілігін арттырады.
Интерактивті құралдармен сабақ өткізу әдістемесі.
Дәріс өткізу әдістемесі келесі түрде өткізілуі мүмкін. Дәріс материалын Power Point презентациясы немесе мәтіндік ақпарат түрінде беріледі. Сонымен қатар, материалдың құрамында кесте, диаграмма, сурет, басқарушы батырмалар, гиперсілтемелер, графиктер болады. Түсіндіру барысында оқытушы тақтаның алдында тұрып жасырылу ақпаратты және объекттерді көрсете алады және өзгертеді. Дәрістің соңында қолданылған материалдар есте сақтап, қажет жағдайда қайталап қолдана алады. Интерактивтік тақтамен жұмыс істеу барысында жасалған файлдар белгілі бір форматпен сақталады, сонымен қатар PDF форматында да сақтап, оқушыға электронды пошта арқылы жіберуге болады. Сонымен «Автив экран» бағдарламалық – техникалық кешенін қолдану барысында оқушыға дәрістің мәнін жазу қажет емес екендігі анықталды.
Тәжірибелік сабақты өткізу келесі түрде болуы мүмкін. Оқытушы алдын ала дайындаған дәрісті немесе алдыңғы өткен сабақты қайталауға және оқушының білімін, біліктілігін, дағдысын бақылауға бағытталған тапсырмаларды орындауға береді. Сабақтың барысында тапсырманы орындау бойынша ауызша түсіндіру жүргізіледі, интерактивтік тақтаны пайдалану арқылы теориялық материал қайталанады. Қажетті жағдайда, оқытушы теориялық тапсырманы түсіндіреді. Оқытушы оқушыны тақтаға шығарып, оған жеке тапсырма береді, оған қалғандардың көңіл бөлу үшін бағыт береді және бақылап отырады. Мұғалім алдыңғы сабақта өтілген материалды ашып, өткен сабақты қайталай алады. Мұндай әдістеме сабақта екпінді түрде өткізуге мүмкіндік береді. Тақтада жұмыс істеген оқытушы мен оқушының орындаған іс-әрекеттерін есте сақтап келесі сабақта қолдануға болады.
Семинарды келесі түрде жеткізуге болады. Семинар сабағы белгілі бір тақырып бойынша әңгімелесу немесе дискуссия формасында өткізіледі. Оқытушы алдын ала тақырыпты және қарастырылатын сұрақтар бойынша презентациялық материалдар дайындайды. Слайдтарға талқылау қажет етілетін негізгі сұрақтарды және сабақта белсенділікпен қызығушылықты тудыратын семинар тақырыбын түгелдей ашуға қажет ақпараттық объекттерді кірістіреді. Оқытушы сабақ барысын интерактивтік тақта арқылы басқарып отырады. Сонымен қатар семинар сұрақтарын ұжымдық топтың әңгімелесу, талқылау түрінде ұйымдастыруға болады. Сонымен, интерактивтік тақта сабаққа қатысушылардың барлығының ойын бір ортаға жинақтап, қажет ақпаратты өңдеу арқылы жалпыланған ақпараттық біліктілікті қалыптастыратын тиімді құрал болып табылады. Алдын ала дайындалған оқу материалдары – презентациялар, мәтіндік, графикалық ақпарат объекттер сабақтың жақсы өтуін және барлық ақпарат түрлерін қолдануды қамтамасыз етеді. Сонымен, «Активті экран» кешенін қолдану арқылы оқыту үрдісінде жаңа дидактикалық мүмкіншіліктерді ашуға мүмкіндік береді.
Интерактивті әдістерді қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру.
Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек» десе, осы жолдаудың ІІІ тарауы, он сегізінші бағытының жетінші тармақшасында: «Ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағытталған мамандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті де алдымызда тұр» делінген. Үйреншікті әдіс-тәсілдер білім алушыны қызықтырмайды. Сондықтан қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп қою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру бүгінгі қажеттілік.
Мектептің негізгі құндылығы оқушы десек, оған жеке тұлға ретінде қарау міндетіміз. Білім беру саласында оқытудың ақпараттық жаңа құралдары игі әсерін тигізеді, өзін өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Көрнекті педагог В.А. Сухомлинский «Сабақ жасөспірімдердің интеллектуалды өміріне құр ғана сабақ болып қоймас үшін,ол қызықты болуы шарт. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасөспірімдер үшін рухани өмірдің тілеген ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына айналады» деп айтқан. Өйткені жай ғана сабақ құнарсыз тағам секілді адам бойына жұқпайды. Қызықты сабақтар мұғалімнің ашқан жаңалығы,өзіндік қол таңбасы, әдістемелік ізденісі, қолданған әдіс-тәсілдері арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алады, тұлға ретінде дамуына жол ашады.
Оқыту барысында оқушылардың өмір дағдылары жөніндегі түсінігі қалыптасып, айналадағы өзін қоршаған орта жөнінде білімі кеңейіп, біртіндеп тұжырымдалып, реттелген сипатқа ие болады. Олар өмірде кездескен әр түрлі қиындықтардан, ситуациялардан алған білімдерін пайдалана отырып, өздері жол тауып шығуға дағдылануы қажет. Сонда болашақ маман өзі ойланып, өзі дұрыс шешім қабылдауға, өзін-өзі басқара білуге дағдыланады.
Ақпараттық технологиялардың әдістері және оларды оқыту жүйесінде қолдану қалыптасқан оқыту формаларының ақпараттық көлемін ұлғайтады, оқыту үрдісін ықшамдап, сабақтарды әр түрлі формаларда жүргізіп, нәтижелілігін арттырады. Білім беру саласында оқытудың ақпараттық жаңа технология өмірден өз орнын таба білетін өзіне сенімді маман даярлауға игі әсерін тигізеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы
- Валиева М. Жаңа педагогикалық технологиялар. Әдістемелік нұсқау, 2002.
- Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, 2009.
- «Қазақстан кәсіпкері» журнал №10, 2010 ж.
- Жанабилова А.К. Тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясы. – Алматы, 2003.
- Алдамбергенова Г.Т. Кәсіптік мектептердің орыс бөлімі оқушыларының қазақша сөйлеу тілін құрылысшы мамандығына сәйкес мәтіндер арқылы дамыту. Алматы, 2002.