Ұқсату арқылы дүниеге келген тілтанымдық деректер адамның ішкі және сыртқы әрекеттерін байланыстыруға мүмкіндік беретіндіктен, оның заттар мен құбылыстарды салыстырар не болмаса бірбірімен үйлестірер қабілеттері, өзгешеліктері барша қоршаған әлем заңдылықтарын ұғынуға, жаңаны жадыда сақталған өзге құбылыстар арқылы жаңғырта зерделеуге септігін тигізері хақ (1, 41).
Қазақ тіл білімінде танымдық деңгейде кең қолданыс тапқан ұғымдар қатарында метафораларды атаған орынды. Ұқсату мен балауға, адамның өмірден көрген-білгенін, түйгенін таразылауға мүмкіндік беретін бұл тілдік құбылыс лингвистикалық талдаулардың маңызды бөлігін құрайды. Бір обьектіні екінші бір обьектімен салыстыру, салыстыра ұқсату, сөйтіп бұрыннан таныс сөз мағынасына жаңа семантикалық кеңістік үстеунегізінде дүниеге келетін бұл ұғымдар, бір жағынан, когнитивті лингвистиканың ментальды-танымдық нысанын құраса, екінші жағынан, лексикология мен семасиологияның бірлігі ретінде айқындалады, себебі А. Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, метафораларды жасауға қатысатын мағыналық бірліктер «Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ» (2, 154) фактілерден жинақталады.
Ғылыми кеңістікте метафоралар поэзия тіліне тән поэтикалық элемент болса, концептуалды ғылымда белгілі бір ұғымға атау беруге қатысатын номинативтік категория болып табылады. Метафоралардың бұл қасиеттері олардың күрделі тілдік құбылыс, логикалық бірлік, когнитивтік категория, лингвофилосо-фиялық элемент екендігін көрсетеді.
Метафора табиғатына танымдық аспектіден келетін болсақ, метафора арқылы дүние бейнесін, дүниенің тілдік бейнесін, болмыстың мазмұнын тануға болады. Метафораның мұндай қасиетін қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік бағытты негіз етіп зерттеп жүрген зерттеущілердің еңбектерінен байқауға болады. Бұл мәселе алыс-жақын шетелдік зерттеулерде өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап зерттеу нысанына айналғандығын лингвистикалық еңбектерден көруге болады.
Тілдегі метафоралардың концептуалдық өзегінен, кез келген тілдік қолданыстағы метафоралар когнитивтік қызмет атқаратындығын байқауға болады. Мәселен, метафора табиғатына тән бейнелілік, көркемдік, бағалауыштық, образдылық қасиеттерінің тілдегі орын алуына адам ойы мен танымдық тетіктерінің қатысатындығын, метафоралардың прагматикалық сипатынан көрінеді.
Метафоралардың туындауына адам ойындағы өзара салыстырулар мен ұқсатулар, санадағы суреттеулер негіз болады. Осы жағынан келгенде метафора ғылыми ойдың (концептуалды) формасы болап келеді. Метафораның концептуалдық болмысына ұлттық дүниетаным тұрғысынан келу арқылы, метафора тудырудағы әр ұлттың ойлау дәрежесі мен ұлттық сана сезімі мен дүниені қабылдаудағы ұлттық ерекшеліктері сол ұлт тіліндегі метафораның өзіндік болмысы мен тілдік сипатын көрсетеді. Мәселен, тілдегі метафоралардың жасалуындағы транспозициялардың қатыстылығын байқауға болады. Транспозицияның метафораның туындауына түрткі болуын ауыспалы мағыналы метафораланған бірліктердің жасалуындағы әртүрлі лексика-грамматикалық элементтердің қатысуын атап өтуге болады (9).
Тілдегі метафоралардың концептуалды өзегіне негізінен когнитивтік қасиетін жатқызуға болады. Метафораның танымдық болмысына адамның ойлау жүйесі мен танымдық әрекетінің ерекше тілдегі көрінісі тікелей қатысты болады. Яғни, мұнда негізінен айнала қошаған әлемді бір ғана логика-позитивтік жолмен ғана емес, эстетикалық көркемдік мақсатты жолмен, әлемді қарапайым тілдік ауыстыру жолымен, нақты ғылыми концептуалды жолдар арқылы да тануға болады.
Көрнекті ғалым С. Аманжоловтың зерттеулерінде орын алған осы сынды тілтанымдық бірліктер де адам әрекетінің табиғатын зерделеуге негізделе отырып, образды ойлаудың, ерекше пайыммен қоршаған әлемді, оның құрамды бөліктерін танудың үлгісіне айналып отыр. Когнитивтік терминдер сөздігінде: Метафора – бір обьектінің екінші обьект арқылы көрінуі, соның негізінде білімнің тілдік пішіннің көмегімен ұсынылуы деп берілген, яғни жекеленген байланыссыз обьектілерге емес, күрделі ментальды кеңістіктерге қатысы бар құбылыс деп танылатындықтан, бұлар адам танымының образды қабылдауын сипаттайтын құрал болып табылады. Жалпы сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де әсер етеді. Әсіресе, сөздің мағынасының өзгеруіне сыртқы себептер көбірек ықпал жасайтын сияқты деп есептеген ғалым Ә. Болғанбаев метафоралардың үш түріне сипаттама берген болатын: Тілдік метафора, тұрақты метафора, жеке қолданыстағы метафора (3).
Тілдік метафораны зерттеуші «бейнелі емес, жай қарапайым түрде кездесетін» мағына тұрғысынан бөліп қарастырды, сол себепті ол «дүниедегі заттардың, құбылыстар мен қимылдардың сыртқы құрылысына, түсі мен сапасына бір-бірін өзара ұқсатудан пайда болатын» әрі кейде «метафора екендігі аңғарылмай» қалатын «дәстүрлі метафора» болып дәйектелді (3, 212-213). Мысалы, ... Қыстың ұзақ түндерінде Айсәуле терезе бетіне қатқан қырауға телміре қарап, оңаша отыруды сүйетін (4, 123). Осы сөйлемдегі терезенің беті деген тіркесте метафораға мән беруші сөз – бет. Адамның ажары, түрі, кескінкелбеті мәніндегі белгілі бір дене мүшесін білдіретін тілдік бірлік мағынасы күңгірттеніп, контексте терезенің әйнегі мағынасында қолданылған. Сол сияқты ... сағат тілі таңғы бесті қағып жатыр екен (4, 162 б.) деген сөйлемдегі сағаттың тілі тіркесін алар болсақ, мұндағы тіл сөзінің негізгі мағынасы сөйлеу мүшесі болғанымен, контекстегі мағынасы сағаттың уақыт көрсететін бағдаршасы дегенді білдіреді. Яғни, сағаттың тықылдаған бағдаршасын адамның немесе жануардың дене мүшесіне балау арқылы ауыспалы мағына негізінде метафоралық мағына туындаған. Сөз шеберлерінің мақсаты – айтпақ ойын, идеясын көркем тілмен жеткізу болғандықтан Т. Ахметжан шығармаларынан да тілдік метафора молынан ұшырасады. Мысалы, Осымен сөз бітті дегендей атақты хирург тағы да телефонның құлағына жармасты (4, 14). Ол кезде жай ғана жастықтың буына масайған желөкпе жігіт емес, өнер сүйер зиялы қауымға аты танылып қалған талантты суретші еді. (4, 71). Тағдырдың асау толқыны, (4, 71), мастық буы (4, 70), ыңғайсыздық бұлты (4, 73), жердің түбі (4, 72), теңіз беті (4, 74), өкініштің өткір тырннағы (4, 96). Осы сынды мысалдар суреткердің ойының көркемдігін, сөз байлығының молдығын танытады. Яғни, тілдік метафораға сөздің ауыспалы мағынасы арқылы пайда болған, метафоралық мағынасы күңгірттенген, не жойылып кеткен аталмыш тілдік бірлікті жатқызуға болады.
Ақын-жазушылардың ойы адамның күнделікті өмірден көріп-біліп жүрген заттарымен байланысып тұрса, шығарманың тілі соншалық тартымды болмақ. Өмірдегі затқа тән өзгешелікпен салыстырып айту арқылы ойды естен кетпестей түсінікті етіп жеткізуге болады (3, 209) деп ғалым Ә. Болғанбаев адамның ішкі дүниесін сыртқы әсерлермен тоғыстыра отырып, тілтанымдық бірліктердің баршаға ортақ заңдылықтарын айғақтады, сондық-тан да оларды көпшілікке таныс, әрі ыңғайлы құбылыс ретінде сипаттап берді. Тіліміздегі метафоралық мағынаны білдіре-тін, құрамындағы компоненттерінің орны тұрақты сөз тіркестері бірте-бірте тұрақты метафораға айналады.
Тілімізде қаламгердің өзіндік қолтаңбасын танытатын, авторлық түйсінуден хабар беретін метафораны индивидуалды, жеке қолданыстағы метафора деп атаймыз. Авторлық метафораның өзге тілдік бірліктерден айырмашылығы – шығарушы авторларының болуында, олардың өзіндік бейнелі ойын көрсететіндігінде. Мысалы, Т. Ахметжан шығармаларынан автордың өзіндік қолтаңбасын бейнелейтін мынадай метафоралы тіркестерді атап көрсетуге болады: Күннің алтын құйрығы (4, 68), Мамырдың май тоңғысыз мамық түні (4, 142), Тыныштық – сезімнің шалқар дариясы (4, 149), Тыныштық – шексіз ойдың ошағы (4, 149), Жастық – көктемгі өткінші жауын екен, қарттық – қуарған күзгі ағаш (Сұлу мен суретші). Бұл сөйлемдердегі күннің алты құйрығы, мамырдың май тоңғысыз мамық түні, сезімнің дариясы, ойдың ошағы деген тіркестер автордың өзіндік қолтаңбасын бейнелейтін тілдік бірліктер. Сөз мағынасының ауысуы арқылы пайда болған тілдік бірліктер жазушының тілдік танымын аңғартып, шығармаларының жаңашыл бағытта жазылғандығын көрсетеді. Қолданылған сөздердің тура мағынадан ауыспалы мағынаға көшуінің бірден-бір жолы контекст құрамындағы мағыналық байланыс арқылы айқындалады. Мағыналық өзгеріске ұшыраған тілдік бірліктер қолданыс барысында ойға қатысты ақпараттарды дәл көрсетуге септігін тигізеді.
Танымдық әрекеттің негізінде пайда болған метафоралық тіркестер нысанаға алынған тілдік бірліктен бастау ала отырып, «жалпыхалықтық бейнелілікке» немесе «ұжымдық мүлікке» айналады (5, 223). Демек, бұлар қолданыла-қолданыла келе көпшіліктің меншігіне айналады. Бұл жағдайда тілтаным нәтижелері қанша уақыт бойы сақталып келген қазынаның, ұрпақтан-ұрпаққа берілер халықтық мұраның көзі ретінде танылады. Және тіл де, таным да үздіксіз дамудың негізінде толығып отыратындықтан, олар субьективті қабылдаудың да арнасынан сусындайды. Яғни сөз мағынасының ауысуы да, ең алдымен, адамның көрген, білген, түйген ой қорытындыларының, тәжірибе нәтижелерінің, жадыда орныққан құндылықтарының айқын көрсеткіші болып табылады (5, 224).
Тілдегі метафоралық қолданыстардың танымдық сипаты адамды қоршаған орта ғаламның тілдік бейнесі концепциясы тұрғысынан лингвистика ғылымын бір жүйеге түсіру мен құрудың құралы ретінде айқындауға жол ашады. Тілдік қолданыстағы немесе лингвофилософиялық мазмұны күшті жеке бір сөздік толық концептісі оның лексика-семантикалық және ассоциациялық өрісі, лингвокогнитологиялық қуаты мен концептілік өрісінің негізінде пайда болатын ақпараттардың ішкі құрылымына когнитивті және прагматикалық мағыналардың элеиенттерінің енуін сөз болмысының табиғи ерекшелігі деп тануға болады. Тілдегі метафоралы лексикалық бірліктердің қолданысы арқылы ғаламды танудағы көркемдік-эстетикалық, тілдіктанымдық, поэтикалық образды, концептуалды қызметтерін анықтауға болады. Мұндағы метафоралардың когнитивтік сипаты ғаламды танып-білудегі әлеумет пен жеке тілдік тұлғаның аялық білім қоры мен жинақталған өмірлік тәжірибесінің метафоралық тұрғыдан бейнеленуінен көрінеді. Осы арадан барып тілдегі метафоралар өз алдына дербес концептілік құрылымдарды қалыптастыра алатындығын байқауға болады.
Қазақ тіліндегі метафоралардың тілдік табиғи болмысына қатысты зерттеулер метафоралардың поэтикалық образды, көркемдік-бейнелеуш сипаттарынан басқа, танымдық қызметінің қатар жүретіндігі үнемі назарда жүрген мәселелердің бірі болып табылады.
Метафоралардың концептуалды өзегіне – ойдың ұшқырлығы мен сөздің образдылығы, сөз мағынасының кеңеюі мен бағалауыштық мәні ғана жатпайды. Сонымен қатар метафоралардың болмысын тануда тілдегі бейнеліліктің сезімге әсер етуі, санадағы ерекше орнығуына эмоционалдыэкспрессивтік қызметінің қатар жүретіндігін баса айтуға болады. Метафоралардың сезімге әсер етуі, санадағы ерекше орнығуына эмоционалды-экспрессивтік стилистикалық сипаты мен танымдық табиғатына қатысты С. Қоянбекова: «Сөз байлығын арттыруда жеке қолданыстағы дербесавторлық метафоралардың мәні ерекше. Метафора нақты мәтінде белгілі бір образды неғұрлым бейнелі, көркем суреттеу үшін ғана емес, автордың жалпы дүниетанымдық мәнге ие, концептуалды маңызға ие көзқарастар жүйесін жинақтап ұстап тұратын қасиетке де ие болып келеді» – дегенді айтады (6, 165-166). Демек, метафоралардың бойындағы бейнеліліктің астарында бағалауыштық мән, сөздегі бейнелі жаңа жасалым, дүниетанымдық өзектің жатқандығын көруге болады. Мысалы, ... қожайынға бүгін тағы қансонар! (Ол бірсарынды толассыз қарбалас тірлігінен қажығанда, көрмелер мен кездесулерден, келісімшарттарға қол қою мен журналистерге интервью беруден жалыққанда сыланып-сипанып, айна алдынан айналшықтап шықпай, қызқырқынның телефоны тізілген жуан қоңыр блокнотын қайта-қайта ақтарып: «Бүгін бір қансонарға шығып қайтатын екен!» – деп миығынан мырс-мырс күлетінді).(4, 80); Қожайын «қансонарға» шыққан күні қанжығасын қандамай қайтқан емес... (4, 80). Жалпы қансонар ұғымы қазақ халқының дүниетанымына ықылым замандардан тән. Алғаш қар жауғанда аң аулау аса қолайлы, кез келген хайуанды ізіне түсіп, оңай олжалауға болады. Автор кейіпкерінің өз жеке бас қамын ғана күйттейтін, танауынан арғыны көрмейтін ой-өрісі тар адам екендігін аталмыш бірлікті қолдана отырып, шеберлікпен көрсете алған. Т. Ахметжан шығармаларында ұлттық мәдениетке сай халықтың тіл байлығын танытатын осындай қолданыстар көптеп кездеседі.
Сонымен қатар, «когнитивтік бағыт шеңберіндегі метафоралану үрдісінде белгілі бір таныс ұғымдардың негізінде басқа атаулар немесе концептілер жасалады. Метафоралар арқылы дүниеге келген атаулар тіл қолданушының концептуалды жүйесімен тығыз байланысты, өйткені қоршаған әлем туралы қалыптасқан белгілі бір түсініктер негізінде ассоциациялы бейнелі ойлауда өзге ұғымдар немесе атаулар дүниеге келеді. Тілдік үнемдеу заңдылығына сәйкес соңғы кезде жаңажасалымдар тілдегі қолданыста бар атаулардың мағыналық өрісін кеңінен пайдалана отырып жасалып жататыны байқалады. Сондықтан да, метафораның сөзжасамдық маңызын саралауда тілдік бірліктер когнитивтік аспектіде қарастырылуы» тілдегі табиғи заңдылық деп тануға болады (7, 53).
Тілдегі метафоралардың табиғи болмысы концептуалды өзегі әртүрлі құрылымдардын тұрады. Ол құрылымдарға метафоралардың көркемдік-бейнелеуіштік сипаты басымдыққа ие. Бұлай болуының мәнісі адам баласы көңіліндегі көрікті ойды қайткен күнде де көркем жеткізу арқылы дүниенің көркем бейнесін қалыптастыруға әрі көркем дүниені тануға деген әуестіктен туады. Мұндағы көркемдік – тілдік қолданыс пен мәтіннен орын алып, адресат пен адресанттың өзара байланысын және адам мен ғаламның қатынасын позитивті мазмұнға құруға бейімдейді. Метафоралардың көркемдігінде бағалауыштық, сезімдік, эмоционалды-экспрессивтік қасиеттері қатар жүреді. Тілдегі метафоралардың екінші бір концептуалды құрылымына жаңа ұғымға атау беруге қатысады. Метафоралардың мұндай ерекшелігі тілдік қолданыс пен ғылымда кеңінен қолданылады. Демек, айнала қоршаған ортадағы қандай да бір зат пен құбылысқа атау беру арқылы таңбалайды. Сол таңбаланған затты тану мен танытуға атсалысып, бос кеңістіктің орнын тіл арқылы таңбалап толтырады әрі дүниенің тілдік бейнесін қалыптастыруға атсалысады. Метафоралардың келесі үшінші құрылымына танымдық сипатын жатқызуға болады. Метафоралардың танымдық сипаты дүниедегі заттар мен болмысқа қатысты ақпараттарды жүйелі, бейнелі түрде қабылдап, ақыл-ойы арқылы өңдеуінен көрінеді (9, 80). Метафораның танымдық ерекшелігін тілдегі ауыстырулар мен өзара салыстырудан, ұқсату мен теңдестіруден туындаған сөз мағыналарына адамның абстрактылы ойлауының қатысуы танымдық тетіктер арқылы жүзеге асады. Тілдегі метафораларға қатысты аталған күрделі құрылымдар метафора болмысының концептуалды күрделі құрылымынан қызметінің туындайтындығын көруге болады.
Сонымен метафораны дүниетануға қатысатын бірлік ретінде санайтын болсақ, адамның дүниені танудағы мүмкіндігі шексіз. Осыдан барып адамның ұшқыр қиялы кеңістіктен қаншалықты орын алатұғын болса, сөз сипатындағы метафорада соншалықты орын алып, әлемнің концептуалды бейнесіне дейін қалыптастыруға негіз болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. – Алматы: «Мектеп», 1984. – 117 б.
- Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1989. – 320 б.
- Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі синонимдер. Алматы: «Ғылым», 1970. – 335 б.
- Ахметжан Т. Мұң. – Алматы: «Қазақпарат» баспасы, 2003. – 236 б.
- Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы: «Ан Арыс», 2006. – 312 б.
- Қоянбекова С.Б. Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері. Фил. Ғыл. Док... дис.: 10.02.02. – Алматы: Абай ат. ҚазҰПУ, 2008. – 346 б.
- Қасым Б., Зайсанбаева Г.Н. Метафоралы аталымдар когнитивті бағытта // ҚР ҰҒА-ның Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2004. №1. – 50-54 бб.
- Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы: «СөздікСловарь», 2005. – 440 б.
- Жиренов С.А. Метафоралардың концептуалдық өзегі. Бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың теориялық негіздері мен тәжірибесі атты профессор С.Р. Рахметованың 80 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы, 2011. – 73-81 бб.
- Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралық қолданылуы. Алматы: «Мектеп», 1966. – 208 б.