Төлеген Айбергенов - заманының дара тұлғасы

Аңдатпа

Мақалада 1960-80 жылдары әдебиеттің поэзия жанрына өзінің елеулі үлесін қосқан, өмір шындығын бейнелеуде қалам тербеген ақын Т.Айбергеновтың шығармаларының суреткерлік шеберлігі сөз болады. Туындыларының тілдік, стилдік ерекшелігінің бірі шығармада философиялық лираканың, лирикалық қаһарман бейнесі, туған жерге деген сағынышы секілді өлең жырлары арқылы анықтау.

XX ғасырдың 60 жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталған кезең болды. М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаевтар өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңіне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді. Міне, осы буын жасаған поэзияда ерекше орны бар үлкен талант, дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен сағыныштың ақыны - Төлеген Айбергенов. Жыр бәйгесінде өзінің талғампаздық, өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Міне, осы көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз маңдайын айдай жарқыратар ізденіс-халқымыздың дарынды ұлдарына ғана тән қасиет.

Сондай ұлдарының бірі де бірегейі шоқ боп маздаған, асаулығы бойынан табылар қазақтың маңдайына біткен біртуар ақындарының бірі - Төлеген Айбергенов.

Жастайынан өлең шығаруға әуестенген ақынның балалық балғын өлеңдері мектеп оқып жүргеннен-ақ танымал бола бастады. Туған жерге деген албырт сағыныш пен алғаш мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Ақынның қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеуірінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім», «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат», «Сурет кітапшасы» (1985) жарық көрді.

Қазіргі қазақ лирикасының қанаттануына Т. Айбергенов ерекше ықпал етті. «Аппақ қардан омбылап, көктем іздеп келем мен» деп өзі айтқандай, уақыт ызғарына қарамай ол қазақ поэзиясына желпінте келді. 60- жылдардың соңында Төлеген жырлары «Бір тойым бар», «Маңғыстау мұнаралары» т.б өлеңдері оқырман қауымының санасында жаттаулы еді. Табиғи жарасымды сазы, ашық үні, кестелі орамдары Төлеген ақын жырларын халыққа жақындатып отырды.

Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Ал қай күні екенін айта алмаймын Бірақ.... бірақ....

Ешкімді де билетпей қайтармаймын Қайта алмайды қартың да бір ән салмай, Сәбилерге ағаны үлгі етемін,

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін,-деп басталатын өлеңді қазақ даласында дүрілдеп өтетін той біткеннің үкілі жырына, жыр құмар жұрттың қымбат қазынасына айналды. Күрделі деген еңбек тақырыбының өзін поэзияның көркем де табиғи жарасымды сазымен келістіріп жырлайды. Ақынның таланты жеткен сол биіктер қайталаусыз өз деңгейінде қалды. Өзінің бір естелігінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ә.Кекілбаев:«Төлеген сөз жоқ, талант. Дара талант, сэра талант. Дара бітім адамның болмысына тэн. Талант тақыр жерде өспейді», деп жазады. [1].

Сол секілді заманымыздың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаев «Бізпоэзиямыздың тағы бір алтын сандығының алтын тұгқасын аштық, аштық та Төлеген дүниесін көрдік» десе [2], көрнекті әдебиет зерттеушісі, ғалым Б. Кәрібаева: «Қазақ лирикасының қанаттануына Телеген Айбергенов ерекше ықпал етті. Ат тұяғын тай басады дегендей Мағжан тегеурінінен туған тоты түгіндей құлпырды. Тұтас кезеңнің ықыласына бөленді. Оған еліктеп өлең жазбаған, иірім- қайырымдарынан суыртпақ тартпағандар кемде кем еді», - деп ой түйеді. [3],

Осы тұжырымдардың қай-қайсысыда Төлеген Айбергеновтің даралығы мен саралығын пайымдайды. Ал дара- сара қасиеті бар ақын-айырықша дарын екені даусыз. Біздің бұл тақырыпты арнайы талдап тексеру себебіміз де сондықтан.

Төлеген Айбергеновтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі XX ғасырдың алпысыншы жылдары яғни, қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, әрлене түскен кезеңі. Өзінің туа біткен таланты арқасында қазақ поэзиясына ірі бетбұрыс әкелді, әрі өз үлесін қосты. Қазақтың сөз өнерін өркендету жолына еңбек сіңірген жанкешті ақын болды. «Талант әр алуан оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу кімге де болса қиын. Әсіресе, бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға тән қасиет»,- дейді профессор Қажым Жұмалиев [4].

Төлеген Айбергенов поэзиясы сан қырлы. Біз ақын лирикасына ерекше тоқталамыз. «Әдебиет туралы ғылымның пайымдауынша лириканың бірнеше түрі бар. Олар саяси-әлеуметтік яғни, азаматтық лирика, махаббат лирикасы және философиялық лирикасы»,- деп баға береді белгілі академик ғалым Зейнолла Қабдолов [5].

Ақынның лирикалық қаһарманы - үлкен интелект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты міндет етіп көтеретіні- адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғар ұсақтықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық мәселелер. Оның ойлайтыны - жеке бастың қамы емес, халық мүддесі. «Өлең-арена»,- дейді Қадыр Мырзалиев. Бұл шындық екенін Төлеген Айбергенов поэзиясы дәлелдейді. Әр өлеңі- ақын сезімінің сиренасы.

Әр ақынының лирикалық кейіпкерінің өзіне тән мінезі, қан қызуы яғни, темперамент! болады. Ол- ақынының мінезі: өлеңім өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне тартады. Оған дәлел ретінде мына бір өлеңін алып қарайық:

О, күлкілер

Ерке назды күлкілер,

Сендер барда жүрегімде жыр түлер.

Сендер барда көктемінде шаттықгың, Аунап- қунап көңілім бір сілкінер.

Осы өлеңді оқығанда керемет сезім құшағына бөленіп, ақынның ішкі ой-күйін көреміз. Өзінің қысқа ғұмырын өмірді түйсіну мен түсінуге арнаған ақын жырларының өміршеңдігін:

Ей, адамдар, айналайын, туғандар.

Жалғыз минут тыңдаңдар!

Мен сеңдерге көп болды сыр шертпедім,

Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап, Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.

Қазір түгел көкірегім өрт менің! - деп адал да аппақ ақ жүрегінен ақтарыла шыққан жырларын айқын көреміз. Ол халқына, айналасындағы қимас адамдарына қарата сөз қозғап, ішкі сырын ақтаруға әзір екендігін оларға деген сағыныш сөздерінен бастайды. Туған жерге, достарға, өлеңге деген сағыныш ақын жүрегінен осылай риясыз көңілімен ағылып, кемерінен асып, төгіліп жатыр. Айбергеновтің азаматтық үні «О, адамдар біргемін мен сендермен», деп басталатын өлеңінен-ақ көрініс табады.

Ақын қай кезде де өзінің адамдармен бірге екенін айтады. Шындығында да адамсыз, адам әрекетінсіз дүниеде еш нәрсе болмас еді. Лирикалық кейіпкердің пікірі әр оқырманның жүрегіне жол тапқандай, оқырманның өз сөзіндей болып естіледі. Төлеген ақынның болмыс бітімінің өзгешелігі де осында. Оның өмірге, адамдарға, табиғатқа деген махаббаты ақын жанының рухани байлығымен ұштасып жатыр.

Төлеген Айбергенов - анық ақындық шабыттың, ақтарылма ашық сырдың жаршысы. Оның жыры- ақынның азаматтық сезімінен, замандастары алдындағы борышкер сезімінен туындап жатады. Ұраншыл, даңғаза шу емес, көңілді көтеретін, еліктіретін екпінді дауыс. Төлеген Айбергенов қызыл сөзге, қызамыр ақылгөйлікке дидактикаға ұрынбайды.

Пафос - адамзаттың, лириканың жаны. Кеуде кернеген, шалқыған қуанышты, буырқанған ашу-кекті естірте айту үшін пафос тілі керек. Ол ақындық мінездің ғана емес, харекеттің көрінісіне айналуы мүмкін. Бұған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов поэзиясы дәлел.

Бір жетсе менің ажалым жетеді,

Адам қолы жасаған ұяттардан.

Қалыңдығы осынау сияқты орман

Әйтпесе, пысықтыққа пысқырмайды.

Мендегі қуатты арман,- деп осылайша жырға қосады.

Төлеген Айбергенов әлемінің шексіз тазалығы мен кіршіксіз пәктігінің көрінісін осындай. Жарық дүниеде жағаласып жүріп, талай-талай кесірліктің кескінін сомдайтын тұлғалардың тұщымсыз әрекетіне деген жауабы. Ақын жүрегінің нәзіктігі сондай, «Адам қолы жасаған ұяттарға» төзімділік таныта алмайды. Осы ретте ақын поэзиясының көркемдік әлемі туралы мына пікірді келтіре кетуді жөн көрдік.

«Төлеген Айбергенов поэзиясы тұтас бір тұңғиық әлем іспетті. Әлем болғанда қандай. Кібіртіктемей, көңіліңдегіні еркін ақтаратын, өршіл рухы мен елінің ертеңіне жалғасып жататын ғажайып әлем. Кіршіксіз жырдың құдіреті ә дегеннен- ақ оқушысын тылсым дүниенің тұңғиығына жетелей түседі. Ұзақ сонар поэзия сапарына басгайды», - дейді журналист Ғабидолла Жәдігер. [6]

Өнер - өмір, өмір ақындықтың мазмұндық - тақырыптық аясына, суреткерлік- көркемдік кесте ерекшелігіне тоқталар болсақ, Төлеген Айбергенов творчесгвосында тынымсыз қозғалыс, үздіксіз ілгері басу, өзін үнемі жол үстінде деп ұғыну, сапар сезімі тән. Тіпті, бұл ақынның кітаптарының аттарынан бастап, әрбір өлең, толғауларының аттарында жатыр. «Өсіп келе жатырмын», «Тау жолында» , «Жолдар, жолдар», «Арал толқындарында», «Қарақалпақ жырлары», «Уақытпен бетпе-бет», «Шабандозбен әңгіме», «Аруана бауыр дүние», «Қазақстан көктемдері», «Революция жалғаса береді», «Ағыстар мен ғасырлар», «Космонавт монологы». Бұдан ақынның өсу эволюциясын, шеберлікке, жетуін шығармашылық тұрғыдан толысуын байқаймыз.

Төлеген Айбергеновтің «Жолдар, жолдар» деп аталатын өлеңінде оның күллі адамдық болмыс, ақындық стихиясы, арман- мұраты мен алдағы күллі өмірінің мән- мағынасы жатыр.

Жолдар, жолдар мені алысқа апарыңдар,

Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар, - дейді ақын. Бұл жолдар - көшенің немесе даланың жолы емес, өмір - өнердің сан тарау жолдары. Жолдар бақыт пен қайғыға, қиындық пен қиянатқа, алыспен арманға бастаса да соның бәрінен құламай, жеңіп өткен - ақынның өзі. Тақсірет тартып, қиялмен күресіп, бақыт балын татып, уақытпен жарысып, адал өтті.

Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы - сағыныш. Ол оқушысын әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды. Сағыныш сезімін мына өлең жолдарынан көреміз:

Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,

Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай,

Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде,-дейді ақын.

«Сағыныш» деген бір тақырып пен төрт өлеңдік топтама арнаған сағыныш әлеміне енеді. Бұл - алпысыншы-жетпісінші жылдар поэзиясының шырқап салған әні, шауып шыққан шырқауы. Оның қай тұсын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған жерге деген сағыныш, достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш. Шындап келгенде бұл сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.

Ақынның лирикасы сан-салалы, көп тақырыпты, орасан зор, ауқымды дүние. Оның шығармашылық бетін, қалам қарымын танытатын нәрсенің бірі - азаматтық әуен.

Төлеген Айбергенов шығарамашылығын негізінен сыршыл өлеңдер құрайды. Демек, Айбергенов өлеңдерінде көңіл-күй лирикалары көбірек. Ақынның сырласуға шақыратын, өз мұң-шаттығын білдіретін көңіл-күй лирикаларында сезімталдық та, ойлылық та, бар. Т.Айбергенов лирикасы туралы Б.Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы» атты еңбегінде: Төлеген нәзік жанды лирик, философ тұлғаға айналды. Сезім серпілісінің үзеңгісін қаға отырып, ой толғап, ақыл қорытады»- деген пікірі бірден-бір әділ баға болып табылады.

Ақын Кегейлі арқылы бүкіл Қарақалпақстан өлкесін ұшқыр оймен, оның табиғатын өзгеше бір тілмен бере алған. Қарақалпақ елінің қос ұлы Бердақ пен Әжниязды тілге тиек ете отырып, сол арқылы терең мағыналы ұғымды беріп отыр. Өмірі қысқа, бірақ баршаға нұсқа ақын Айбергенов өзінің туған жерінің бай екендігін, бұл өлкенің байлығы тұнып тұрғандығын жырға қосып, оның болашағынан үлкен үміт күтеді.

Поэзиясының әр қырында өлең жолдарында соншама терең мағына мен тапқырлық жатыр. Ол осы өлкені мекендейтін халық өкілдерінің қайсымен сөйлессең де көкірегіндегі ой-пікірін жасырмай айтатын, аңқылдақ ақкөңілді жандар екендігін алдына жайып салады. Бұл өлкеде қаншама байлықтардың барлығын, жазылмай жатқан тарихгың барлығын баса айтады.

Т.Айбергеновтың поэзиялық туындылары - халыққа сонау алғашқы жарық көрген кезінен бастап, жаңа бастаулар, тың өзгерістер, оқшау бұрылыстар, өзгеше жаңалықтар әкелген, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар дүниелер. Зергер жазушы, белгілі әдебиет сыншысы Әбіш Кекілбаев сөзімен айтқанда, «Төлеген - сөз жоқ талант. Дара талант, сэра талант»[7]. Ақын шығармашылығы әсіресе соңғы кезде,яғни еліміз егемендікке жеткеннен бергі халықгың жаңарған, өскен талап тілегіне сай көркемдігі биік, рухани серпіліске жетелейтін шығармалардың қажеттілігі арта түскен қазіргі дәуірді елге ерекше қызмет етіп, өзінің мәңгіге мәнін жоймас рухани азық екен. Әдебиеттегі ұлттық мінез әлеуметтік психологияның емес, әдебиеттанудың нысанында зерттелетін категория болғандықтан, ол әдеби жанрмен: оның эпикалық, драмалық, лирикалық түрлерімен тығыз байланысты, әдеби бейнелер неғұрлым көркем жасалса, оның ұлттық сипаты мен мінезі соғұрлым анық әрі айқын білінбек, көрінбек. Әдебиетшілердің типтік образ ұғымын ұлттық мінез категориясымен бірлікте қарасгыруының мәнісі осында жатыр.

Ал, дала, қазақтың кең даласы кең даласы ұлттық мінездің бірінші бастауы, қайнар көзі болса, қазақ өлеңіндегі даланың жырлануы,оның халық тарихымен байланысты бейнеленуі дегенде де Т.Айбергенов шығармашылығы оқшаулана түседі.

Қорыта келгенде, Төлеген Айбергенов - өмір, табиғат құбылыстарының сырына сергек қарап, оның қат-қабат, алуан сырларын ашуға сезіммен, оймен талпыныс жасаған ақын.Өмірдің ғажайып шығармасы- поэзия арқылы ақыл-ой парасатын өсіру, әлемдік жүйесіндегі сөз өнері- поэзия құдыретін танып- білуі, бағалау, қастерлеу, өмірдің өзін қастерлеу деген сөз. Поэзияны тану- адамның өзін- өзі тануы. Сондықтан да бұл тұңғиық терең, даладай шексіз кең, таулардың заңғар шыңындай әсем де асқақ. Әлемдегі адамзат баласына ортақ қарапайым да аса күрделі құбылыс, адам өмірі қаншалықты жұмбақ болса, сондай шешуін таптырмас таңғаларлық дүние - махаббат. Бұл әлемдік ақындардың ақындардың мәңгілік жыры. Жыр арқауына сарқылмас қазына.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Кекілбаев Ә.Дәуірмен бетпе-бет. Алматы: 1972, 7 б
  2. Тәжібаев Ә. Жалын журналы. №3, 2004, 14 б
  3. Кәрібаева Б. Қазақ поэтикасы Алматы: Жазушы. 1982, 72 б
  4. Жұмалиев Қ.Стиль өнер ерекшелігі Алматы: Жазушы. 1966, 63 б.
  5. Қабдолов 3. Сөз өнері. Алматы: Жазушы. 1983, 23 б.
  6. Жәдігер Ғ. https://tolegenaibergenuly.wordpress.com/
  7. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау МУ Хабаршысы №4 (35), 2014, 63-64 б
Тег: Ақын
Жыл: 2019
Қала: Атырау
Категория: Философия