Қасиетті ата-бабаларымыздан кейінге жеткен ғибратгы тағылымы мол, салт- сана дәстүрін ақыл-ойдың ерекше жетістігі мен әдет-ғұрыптың негізін ұсынар ұлағатты танымның бірі - қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы дамыды. Б.Момышұлының мақал-мәтелдері қазақтың халық ауыз әдебиетінің үлгісінде қалыптасқан және нақыл сөздерінде әрбір сөз тіркесінде терең мағына сыйдырылған. Академик 3. Ахметов: «Нақыл өлең - ғибраты, тағлым берерлік мәні бар, ойды ықшамды, ұғымды түрде жеткізетін, өткір нақышты сөздерге негізделетін терме жырлар, өлеңдер» [1,146] деп атап көрсетеді «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» еңбегінде. Жазушының әдеби мұрасын зерттеушілердің пайымдауынша, Орталық мемлекеттік мұрағаттың жеке қорында №1432 папкада жүз жиырма үштен астам мақал-мәтелдері жинақталған. Дидактикалық негіздегі тағылымды тәрбиелі ойлары баспасөз бетінде жеке бөлініп жарияланып та жүр. Бірнеше газеттерде қазақ тілінде «Батырдан қалған өсиет», «Бәукеңнің қанатты сөздері», «Сөз маржандары» және т.б. аттармен басылып шықты. Орыс тілінде Ф.Оразбекова мен А.Шаухановтың жинаған нақыл сөздері «Глубокий след тулпара. Бауыржан Момышулы: личность, воин, мудрец» деген атпен 2006 жылы Алматыда жеке кітап болып жарық көрді. «Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болу керек. Бәукең - міне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді» [2,6].Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты.
Б.Момышұлы - жалпы адам баласының, абзал қасиеттері мен азамат тәрбиесін тереңнен ойланып, тағылыммен толғанған, парасатты ойшыл. Ол, әсіресе ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Б.Момышұлының «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол, сөз жоқ, арамза, әрі қаңғыбас» деуі жайдан- жай емес. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын-ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлар арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл ойлар әрісі Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез нәрселермен озады», берісі Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қағидаларымен сабақтасып жатыр.
Біз Б.Момышұлының даналық сөздерін кеңінен қарастыра отырып, мынадай топтарға бөлдік.
- Ерліктуралы нақыл сөздері
- Адам туралы толғамдары
- Өмір мен өлім туралы ойлары
- Ел, Отан туралы толғаныстары
- Білім мен ақылдың жетістігі туралы
- Еңбек туралы сынамалары
- Ақиқат пен шындықтың шынайылығы туралы
- Халық пен ұлт туралы өсиеттері
- Тіл туралы тебіреністері
- Абыройдың асқақтығы туралы.
Бауыржантанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Мырзахметов Б.Момышұлының басты қыры ретінде - фольклоршылық еңбегін бағалайды. Өз түйгенін қорытқан ойларының нақыл мәндес қанатты сөздерге айналуы ерекше құбылыс екені рас. Бұл туралы Б.Момышұлы: «Мақал-мәтел - өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерің мен шақтарың, сол қысылшаң кезден қалай құтылғаныңды ойыңмен өрнектеп, сөзбен кестелесең, тұжырып қысқа бейнелесең, нақылға айналады» [3,199] деп қанатты сөдерінің шығу тегіне өзіндік ой-сезім мен сарабдал сананың бағыт болғанын айтады. Біз жоғарыда жіктеген даналық сөздерінің ретімен талдауға, мәнін ашуға орын берсек, алғашқы тақырыбымыз Б.Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі өмір тәжірибесінен шыққан ой орамдарына мән бермекпіз. Бұл орайда алғашқы айтылған даналық сөз Отанға байланысты айтылыпты. «Опасызда Отан жоқ». Нағыз соғыстың қайнап жатқан шағында айтылған, жүректің өртеніп, баласы үшін туған жерінің күңіренген кезінде айтылғандай. Шындығында, дүниеге келген кезде кіндігің кесіліп, туған жеріңнің биік жеріне ата-анаң ақ тілекпен көміп, темірқазықтай адастырмай, қасиетіңді шыңдайтын, сәт сапар тілеп ақ жолға аттандырып жіберетін туған елің мен жеріңнің ерекшелігін сөзбен жеткізіп айту еш мүмкін еместей. Сол қимас жеріңді, кіндігің көмілегн жеріңді сатып, сол ата-анаңның жүрген жерің, сені көріп қуанған кездерін көзден бұл-бұл ұшқызып, атаң соғысқа, анаң ертелі-кеш жұмысқа жегіліп, болашақтың ақ таңы үшін жандарың шүберекпен түйіп, бейбіт заман болсын деген ақ тілектерін бір-ақ түнде желге ұшқызып, еміреніп күткен ұлы жауға сатылып кетсе... Аяулы ақ тілекті Отаның - туған жерің сені мәңгі ұмытады.
Б.Момышұлы осындай опасыз жолдан келешек ұрпақты сақтандыруды мұрат тұтқан. «Ерлік елеусіз қалмасын», «Солдат ерлігін ұрлау - адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы». Екі ойдың мағынасы бір ұғымда жатқандай. Шынайы бағасын ала алмау Б.Момышұлының өз басында да болғаны ақиқат. Кескілескен ұрыста бес рет жаудың қоршауын бұзып шығып, өзімен бірге батальонын да алып шығып, қарамағындағы солдаттың көңіл-күйін де жақсылыққа бұрып, болашаққа сендірген-ді. Өмірінің жиырма бес жылын әскери құрамда өткізгенімен Кеңестер Одағының батыры атағын да ала алмады. Тәуелсіздік алғаннан соң кейін барып Елбасы Н.Назарбаев 1998 жылы Халық қаһарманы атағын берді. Бірақ көзі тірісінде Б.Момышұлы бұл атақ туралы айтқанда жоқ, айтуға да тиым салды. «Бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер - он ұл тапқан анадан артық», «Ер бақыты - ел қолында, Ел бақыты - ерлер қолында». Екі пікір де реалды ойдың жетегінде айтылғаны белгілі. Әлемде Анадан артық, биік, мейірімді ешкім жоқ екені белгілі. Сол ең биік Ана ұғымына Б.Момышұлы соғыс үстіндегі жағдайды қатар келтіріп, әр солдаттың амандығы үшін алаңдайтынын, сол қарапайым солдатты аман алып қалған жолдасын туған Ана құдіреттілігіне теңеп тұр. Шындығында, қырғында әр солдаттың амандығы басты нәрсе. Жолдасқа адалдықты сақтату үшін адам бойындағы ең биік сезім - Анаға деген махаббаттың қасиетімен бағалап тұрғандай. Әрине, ең алдымен қаруды ұстап шайқасу жолында жауынгердің бір-біріне деген шынайы жолдастығы, адалдығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі, Анаға деген мейірімді махаббаты жүрегінде болуы тиіс. Сонда ғана ондай жауынгер бірін-бірі сақтай алады, елін қорғай алады, сатқындықтан жиренеді.
Қаламгердің дана сөздерінің бір жиынтықтары - адам туралы айтқан толғамдарына жинақталған. Адам деген ардақты атқа лайық болу үшін не қажет? Осы сұраққа жауап іздеу бағытындағы ойлары өте қарапайым тілмен ұғынықты етіп түсінуге лайықтыландырылған. «Адам танысаң, адал танығын», «Арлы адам - ардақты». Б.Момышұлының адам атына лайықты ойлары осындай мағынада топтастырылған. Бұл жолдың барар жері - «Адалдықтың адымы - алты құлаш, арамдықтың адымы-бір-ақ қарыс. Б.Момышұлының әр қанатты сөзі мен нақылдары толыққанды жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған деп нақты айта аламыз. Себебі, әр нақыл сөзі мен, әр жолдың сөзінде мағына, ұғым, сізді талпындырар тағылымдылық жатыр. Бұл орайда алғышарт ретінде ұсынатыны «Адамның адамгершілігі уәдеде тұрғанында» қанатты сөзі. Ең алдымен адам өмірінде тәрбиелелікке негіздейтін ол тәртіп екені белгілі. Тәртіпке бағынған жан уәдеге де берік болады. Ал уәдеге тұру сіздің адамгершілігіңіз. Өте ұғынықты. Адамгершіліктің алғашқы табалдырығы - уәдеге тұрудан басталады екен. Сол адамгершіліктің көзге көрінбейтін қыры кішкентай нәрседен бастау алып, болашақтың айдынына жол сілтейді екен. Бұл түсінігімізге, автордың мына бір сөзі одан әрі жетелей шынықтыратындай. «Адам бойындағы басты нәрсені бағалау үшін, тірліктегі ұсақ-түйек жайлардан көтерілу керек секілді». Сол көзге көп шалына қоймайтын ұсақ молекулалардан таудай биіктіктер басталады екен. Автордың адами сипаттың ең басты символы ретінде ұсынатыны - «Адал болмай азаматпын демегін».
Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен көзге түсіп, ата-бабаларындай батырлықты ту еткен Б.Момышұлының - өмір мен өлім турасында айтылған мағыналы ойлары өз алдына бір тебе. «Отан үшін - алысқаным, Өлмегенім - жасағаным», «Ер үйде туып, далада өледі, жауынгер үйде туып, майданда өледі», «Қарабет болып қашқанша, Қайрат көрсетіп өлген артық». Үш мақалдың да айтар ойы өлім үшін емес, өмір сүру үшін күрес деген мағынада ұштасқан. Алдыңғы ойдың айтары - елің мен жеріңді қорғаған кезде, өлім туралы ойлаудың өзі күнә деген мағынаға орайласады. Себебі, азамат ердің баласының негізгі міндеті ел мен жерді қорғау. Қорғау жолында азаматтың басы кетсе де, намысы мен рухы жоғалмасын, мұқалмасын деген ойларынан өлімнен бұрынғы өмірін биікте қояды. Ал екінші сөзінде батыр мен жауынгерді бір ұғымда қарастырып, міндеттерін еске салатындай. Азаматтың әрқашан ел қорғаны болатынын еске салып кетеді, яғни Қазтуған жырауша айтсақ, «Азамат ердің баласы, жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп». Ал келесі мақалдың айтар ойы Отанын сатқан опасыздықтан сақтау. Өзің дүниеге келіп, кіндігің кесілген қасиетті қара жерді қорғау жолында «Қарабет болып қашқанша, Қайрат көрсетіп өлген артық» азаматтың басты міндеті.
Ал, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» нақыл сөзінің мағынасы жоғарыдағы ойдың жалғасындай. Сол туып-өскен жұртыңның, ата-бабаның аяулы мұратын қорғау жолы әр адамға міндет болумен қатар, сол жолда ерен ерлік көрсетіп, өзіңнің өміріңді ойлаудан гөрі ата-баба намысын сыйлау, сақтау жолға қойылып, алға ұмтылсаң жеңіске жетесің деген мұратты ойын байқатқандай. Жалпы, Б.Момышұлының нақыл сөздерін қарастыра отырып, терең ой мен толғаныстан, өзіндік өмірде көрген тәжірибеден және халық даналығының мәйегінің тұңғиығынан нәр алған сөз сырлары екендігін бағамдаймыз. Бұл орайда «Баукең - жазушы ғана емес, ақын адам, қазақ халқының бай мақал-мәтелдерін, фольклорын, өткен-кеткен тарихын терең білетін зерделі, зерек, өзі қанатты мақал-мәтел жазып кеткен білімдар, ғұлама да» [4, 319].
Даналық сөздерін Б.Момышұлы әрдайым тәрбиемен ұштастырып отырады. Атап айтсақ, «Отбасының өнегесі - Отан өнегесі». Баланың отбасы тәрбиесінен алар орны өз Отанының азаматы болуға жетелейтіні хақ. Отбасы - адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негізгі қызметі баланы өмірге келтіру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжірибесін сіңіру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етіп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы - үлкен тәрбие мектебі. Осылайша, адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алатыны белгілі. Осыған орай ұлы жазушы М. Әуезов «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан нәр алуының маңызы айрықша. Ата-ана баласына ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштайды. Сол себепті де қанатты сөздерінде Б.Момышұлы ең басты тәрбие бесігі - отбасында жатыр деп есептейді. Шындығында, әр адамның өзіндік дамуына және мінезінің де қалыптасуына, өмірлік сан тараулы жолда өзін-өзі тануына отбасы тәрбиесінің игі әсері болатыны белгілі. Сол себепті де Б.Момышұлы әр қазақ ұланына айтар басты ойының негізі - «Сен адамсың! Сен азаматсың! Қашанда өз ұлтыңның намысы бар. Сен жалғыз емессің. Сенің табансыздығың үшін бүкіл бір семья, бір ұлт қарабет болуға тиіс пе? Ойлан!» [5, 224].
Б.Момышұлының бірқатар нақыл сөздері Халық пен ұлт туралы өсиеттері. «Ұлттық сезім-қасиетті сезім», «Жерге теріңді төксең, жеңіске кенлесің, Халық үшін қанаыңды төксең, жеңіске кенелесің, халық үшін қаныңды төксең, абыройға бөленесің», «Халықтың ізгі дәстүрі - біздің ең асыл мұрамыз», «Ерсіз ел болмас, елсіз ер мүлде болмақ емес», «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындықтың белгісі», «Ұлттық игі дәстүрлер. Ұрыс жүргізуге кедергі жасайтын ұлттық дәстүрлер жоқ, ұрыс жүргізуге көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар. Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге тиіс», «Ұлттық мақтаныш - жеке адам мен ұлт үшін бұзылмас заң, әрі қасиетті сезім. Халытардың бауырмалдығы ұлттық мақтанышқа негізделген», «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынас біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, істерімізге қолғабыс жасауға тиіс».
Б.Момышұлының мақал-мәтелдері жалпы әртүрлі жағдайға байланысты туындап отырған. Олар сан-салалы. Бірінде өмір туралы ой өрнектелсе, екіншісінде еңбек жайлы өнеге ұсынылады, үшіншісінде ерлік мәні ашылады. «Бірақ, біз майдан шебінде, үгіт-насихат ісінде, оларды жағдайға байланыстырып, айтқан сөздеріміздің тұжырымды қорытындысы ретінде пайдаландық. Жауынгерлер оған түсініп отырды. Халқымыздың мақал-мәтелдері өзіміздің тәжірибемізден алған қорытындыларымыз найза мен оқ сияқты қолымыздағы жарақ болып, бізді кезінде қаруландырып, көңілімізге әжептәуір тірек болып отырды» [6,3] деген еді Бауыржан Момышұлы.
Б.Момышұлының нақыл сөздері құнарлы ойдың құнды қазынасы екендігі даусыз. Елдің ерлігі, ердің ерлігі сыналған сұрапыл жылдардан жеткен сол нақыл сөздерде қазір де халыққа керек, келешекке қажет дүниелер молынан кездеседі. Өйткені аталарымыз бен әкелеріміз біздің ашық аспан аясында бейбіт тіршілік етуіміз үшін от кешіп Отанды қорғады. Өмірді сүйіп, өліммен белдесті, жеңісті жақындатып өздері құрбан болды. Ендеше сол күндерден жеткен Бауыржан Момышұлынан қалған ұлағатты сөзді ұмытпау әрқайсымыздың борышымыз. Бауыржан Момышұлының бойындағы ізгі қасиетттердің қалыптасу негізі халқымыздың гүлге қонып бал іздеген арадай сан ғасырлар бойы жинақтаған әдет- ғұрып, салт-сана, тәлім-тәрбие дәстүрі мен іштей түлеп сұрыпталған рухани мәдениетінде жатыр. Б. Момышұлы: «Халқымыздың мақал-мәтелдері, өздеріміздің тәжірибеден алған қорытындыларымыз найза мен оқ сияқты қолымыздағы жарық болып бізді кезінде қаруландырып, көңілімізге әжептәуір тірек болып отырды. Дұрысы - жәрдемдесті...» [6, 86].
Б.Момышұлының күнделіктерінде мынадай ой тізбектері кездеседі «Мен өзімнің ойыма келген шындықты айттым. Оны кім қалай қабылдайды, өзі білсін?» Әрине, ұрпақ дұрыс қабылдайды. Бұл еңбек дүниеге келгенде, бізге не береді? Қазақтың ұлттық рухын керемет көтеретін, жастарды ұлттық дәстүрге тәрбиелейтін, ұлттық санасын оятатын, бірден-бір халық мойындайтын мұра - Б.Момышұлының мұрасы. Б.Момышұлының мағынасы мол мұрасын меңгеріп алу, бойға сіңіру, ол үлкен рухани қазына. Бұны әркім әртүрлі түсінеді. Халық мойындаған нәрсені, ұрпақ мойындайтын болады. Есетеліктер сырына үңілсек, мына бір үзік сырда қаншама сағыныш жатыр: «Бауыржан ағаның Ғылым академиясының кең залында өткен елу жылдық мерей тойына қатынастым. Сахнаға жас жігіттей ойнақтап шықты Бауыржан аға. Өзіне сөз берілген тұста «Менің еліме деген қарызым басымдағы шашымнан да көп», - деді. Мен ішімнен «Қайран батыр аға-ай, кішіпейілдігіңмен айтып тұрсың-ай, әйтпесе, ел алдындағы қарызыңды сен баяғыда-ақ Отан соғысының отты күндерінде түгел өтеп едің ғой. Сен елге қарыз емессің. Саған өзің қызғыштай қорыған туған елің, қазағың қарыздар. Кім көрінген сайланып болып жатқан халық депутаттығын да қимадық біз саған. Ерлігіңмендерең білгірлігіңмен қол бастаған Бауыржан аға саған біз батыр атағыңды да алып бере алмадық», - деп ойладым» [7,4]
Бауыржан Момышұлы - қазақтың маңдайына біткен санаулы қайраткерлеріміздің бірі. Ол кісі батыр ғана емес. Жазушылығымен де шектелмейді. Ол - қазақтың намысы, қазақтың ұлттық ар-ұжданы. Қазақ дейтін халық еске түссе, элем Бауыржан Момышұлындай қайсар ұлын еске алары сөзсіз. Сонау бір жылдардағы зұлмат кезеңнің өзінде Бауыржан Момышұлы өзінің ұлттық рухын, ұлттық намысын сақтап қалған тұлға. Жазушы Дидахмет Әшімханұлының сөзімен айсақ, «Бауыржан Момышұлы - қазақтың рухы».
Қорыта келгенде, ұлттық танымдық тәрбиенің тағылымын дамытуда Бауыржан Момышұлының көркем шығармаларының мүмкіндіктері кең. Біріншіден, жас ұрпақты тәрбиелеуде адамгершілікке баулудың басты құралы, рухани дүниесі байиды, ниет-танымы, өмірлік көзқарасы қалыптасады; екіншіден, ұлттық тәлім-тәрбие, отбасы тәрбиесі мен салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарға бай тарихи мұра, үшіншіден, Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысқан ұлдарымыз бен қыздарымыздың бейнесін және ерен ерліктерін ұмыттырмауға мүмкіндік беретін танымдық мұра.
Әдебиеттер тізімі:
- Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырғандар З.Ахметов, Т.Шаңбаев Алматы, Ана тілі, 1996. -240.
- Тұрысбекова А.Е., Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет Филология ғыл.канд.дисс.авторефераты Алматы, 2010-25.
- Момышұлы Б. Жүрекпен жырлап толғаймын (Көптомдық шығармалар жинағы) 30-том. Алматы, Өнер, 2010. -248.
- Егембердиева Ж. Өмірінің өзі дастан Алматы, Жазушы, 1990.-31
- Бауыржан батыр, құрастырған, алғы сөзі мен түсінігін жазған М.Мырзахметов (Жоғары класс оқушыларына арналған жинақ) Алматы, Жалын, 1991.-319
- Момышұлы Б. Айтылмаған ақиқат (Көптомдық шығармалар жинағы) 9-том. Алматы, Өнер, 2009. -288.
- Молдағалиев Т. Батыр аға Бауыржан \\ Жас алаш, 1994. №258.
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы //Жайық ұстазы, №1,2004.