Қазақ халқының киімдерінде халықтың шығу тарихы, экономикалық, әлеуметтік және климаттық жағдайлары бейнеленген ертедегі салт-дәстүрлері көрініс тапқан. Қазақтың ұлттық киімдері кең пішілген, бойға қонымды, адамның жүріс-тұрысына кедергі келтірмейді.
Ұлттық киімдерде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлер сақталған. Олар адамның дене мүшелеріне сәйкес баскиім, иықтық киім, белдік киім, аяқкиім деп жіктеледі. Пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне байланысты күнделікті, сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусымаралық және жаздық киімдер болып бөлінеді.
Батыс өңірі қазақтарының шаруашылық және өлкенің табиғи-жағырапиялық ерекшеліктері олардың киім-кешегіне де әсерін тигізген. Мұндағы қазақ киімдері материалдық мәдениеттің басқа да салалары сияқты нағыз көшпелі тұрмысқа бейімделе жасалған. Көшпелі өмір ерекшеліктері киімнің ыңғайлы және жылы болуын талап етті. Сондықтан Батыс өңірі қазақтарындағы киім-кешектің де өзіндік жергілікті ерекшеліктері бар.
Дәстүрлі қазақ киімдеріне ежелден бері пайдаланып келе жатқан материалдар үй жануарларының терілері мен жүндері болатын. Төрт түлік малдың терісі өте қымбат шикізат болып табылғандықтан, оны илеу, өңдеу тәсілдерін жақсы меңгерген. Мысалы, теріні ұн араластырылған қатық, айран немесе ашытқан көжеге жағып илеуді кез келген қазақ жақсы білетін болған. Мал терілерін илеудің екі түрлі әдісі бар. Оның бірі - үлкен күбіге немесе шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Мұны малма дейді. Екіншісі - и жағып илеу. Ал иді қатықтан, айраннан, не езген құрттан, не құрттың сары суынан, кейде ашытқан көжеден, тіпті ұнға қосып та жасайды. Әдетте, көшпелілер мал мен аң терілерін илеп, өңдеуге жетік адамды иші деп атайтын. Ишінің қолынан шыққан терілер, әсіресе ұсақ мал, аң терілері киім-кешек, тұрмыстық қажеті бар заттар үшін пайдаланылады. Мал терілері негізінде жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ, мойын деген бөліктерге бөлінеді. Ipi қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Сондықтан да оны сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атаған. Жылқы терісі бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөлінеді. Түйе терісін атан терісі және бота терісі деп жіктейді. Қой терілерін жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең тері, елтірі, мари, жыбысқы деп бөледі. Сол сияқты малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды мыңдаған жылдар бұрын білген.
Қазақтың киім-кешектері көбіне малдың терісі мен жүнінен жасалатын еді. Әсіресе, теріні сырт киім үшін пайдаланса, жүннен иіріп тоқыған шекпендерді іш киімдерге де жаратқан. Ал матадан жасалған киімдерді киюге көбіне тек ауқаттылар мен байлардың ғана қолы жеткен. Ep адамның ішкі киімдері ұзын жеңді үлкен қайырма жағалы түзу болып пішілетін кең көйлек пен ұзын дамбал көбінесе ақ матадан тігілетін. Мұндай матаны-бөз, маңғыстаулықтар «сары бөз» деп атайды. Маңғыстау қазағы іш киімдерінің ерекшелігі сол олар етек-жеңі ұзын көйлек-дамбал киген, әсіресе әйелдер көйлегінің жеңі тым ұзын тігілетін. Ерлер көйлегінің етегі тізеге жететін де ал әйелдердікі өкшеге жететін. Ерлер мен әйел дамбалының көп айырмашылығы болмайтын екеуіне де ау салып тігетін. Көйлек, жиде мен іш киімді қалалармен араласпайтын кедейлердің өздері өрмекке тоқып киген. Осыған қарай С.Руденко адай киімдерінің әлімдердікінен айтарлықтай ерекшелігінің болатындығын байқаған [1,17-6.]. Көйлектің сыртынан нымша (қысқа жеңсіз), оның сыртынан ұзын бешпент киетін. Ұзын бешпенттердің жеңсізі де жеңдісі де болады. Мұндай киімдердің белін қынап, денеге шақ етіп, жағасыз тігетін де омырауына бірнеше ілгектер қадайтын. Сыртқы киім есебінде түзу пішіліп, кең тігілетін ұзын жеңді шапандар, шидем, шекпен, күпі, жадағайлар,ішік, тон, шалбарлар киілетін.
Батыс өңірі қазақтарының қайырма жағалы шапандары шалғайлы болып, ұзын жеңдері кең пішіліп, бидайлап жүн тартылады. Осындай сәл айырмашылықтары бола тұра, қазақтың бәріне бірдей ортақ мәнер мен атаулар бар. Қай аудандағы қазақтың шапаны болмасын оның барлығында да шапанға шабу қояды да оны барлық жерде шабу деп атайды. Жең туптері кең келеді де, оны жеңтуп, ойынды, қолтырмас деп атайды. Барлық жердегі қазақтарда шалбарға ау салады, қолтыққа қолтырмаш салады. Ертеден қалған киімдердің үлгі нұсқауларына қарағанда, киімді адам денесіне шақ етіп қынай тігу беріректе, қаламан қатынас көбейе түскен кезде қалыптаса бастаған сияқты. Қалай дегенмен үш жүз қазақтарының ішіндегі киімдердің ең мол, үлкен үлгілері Батыс өңірінен кездеседі.
Бір сөзбен айтқанда, етегін төсек, жеңін жастық етіп жүретін жорықшылық шидем, тон, шапан қабаттап киінетін-мал бағушылық, етек-жеңін түрініп, ықшам киінетін диқаншылық тағы басқа тұрмыстық жағдайлар киімдердің түрлеріне зор ықпал жасап отырған.
Шапанға ешбір ілгек қадалмайтын. Жазда киілетін жеңіл шапандар жалаң астарланып қана тігілетін, ал қыс киетін шапанға жүн немесе мақта тартып, жоғарыдан темен қарай тысымен қоса сыритын. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Орта дәрежедегі шаруалар қара немесе кек мауыт шапан, кейде қайырма жағалы түйе жүн шекпен шапан киетін де, ұзын етекті қойдың жүнінен жасалған шекпен шапанды әдетте шамасы келмеген кедей шаруалар киетін. Ал ауқаттылар көйлек сыртынан алтын немесе күміс оқалы мақпал шапан киіп, оны қауырсынып белінен жүн немесе түбіт орамалмен немесе еркектер күмістелген былғары белбеумен буынатын [8;202-б.]. Бұған қарағанда, Р.Карутцтың айтуынша, Маңғыстау шапандары татар бешпенттеріне ұқсас келген.
Қазақстанның батысында қыс киілетін жылы киімдер: қойдың немесе түйенің жабығысынан қалың мата тыстап мол етіп тігілген күпі, немесе шекпен тысты шидем күпі, өңін сыртынан қаратып қой терісінен тігілген тон, құлын терісінен тігілген жарғақтар т.б. болатын. Қазақ көбіне малдың терісін сырт киімі үшін пайдаланатынды. Оның бірі тон. Ол «қаптама», «камзолша» атанып екіге бөлінген. Қаптамасы суыққа сырттан киетін тон. Қозының қырқылмаған терісінен сеңсең тон, ал қырқылғаннан қырықпа тон киілген [2,187-6.]. Тонның жағасы жоғары етіп жасалады да, боран-шашында оны көтеріп алса, басқа суық тигізбейді. Жағаға қымбат аң терісі, қозының, лақтың бұйра елтірісі сияқты терілер салынған. Тонның белі тарылып тігілетіндері «қынамал», қыналмайтындары «қаптал» деп аталған.
Тонның екі өңіріне, төменгі етегіне және жеңдерінің ұшына жіңішке етіп ақ қозының терісінен «қас» тігетін де одан әрі тонның сырт жағынан төрт елідей етіп түсті барқыттан әдіп жапсыратын. Тонға арналып иленген қой терісін томар бояумен бояйтын. Құлынның терісінен астарсыз тігілетін тонды «жарғақ» дейді. Оның қара құлынның терісінен сәндеп тігілетіні жоғары бағаланады. Қасқырдың, түлкінің, қарсақтың, күзеннің т.б. аңдардың терісінен сыртын матамен тыстап тігетін киім ішік. Оны дәулеттілер ғана кие алған. Кедей адамдар ішікті қоян, тараққұйрық (сарышұнақ) сияқты арзан теріден жасаған. Бірақ олардың сапасы онша болмаған. Ішіктің тысы, әдетте шұға, мәуіті сияқты қалың маталардан тігіледі. Tepi мен тыстың арасын қалыңдату үшін жүннен «бидай» салынады. Түлкі ішік пен қасқыр ішіктер әдетте әкімдер мен байларда ғана болатын. Ал жәй қазақ арзан матамен тысталған сеңсең ішік киетін.
Адайларда кең тараған қыс киімнің бір түрі күпі. Ол қойдың немесе түйенің жабағысынан жасалады да, жылылығы тері тоннан кем болмаған. С.Руденконың айтуынша ол полеоэтнологиялық зерттеу мәліметтеріне қарағанда түріктердің тым көне киімдерінің бір түрі сияқты, сондықтан ол кем дегенде екі мың жыл бойы қазақтың арғы ата-тегінің ойлап тапқан кезінен бері жоғалмай келе жатқан бүгінгі қазақтың қарапайым ұлттық киіміне айналғандығына күмән жоқ [1,18-6.].
Шапан сияқты күпіге, шекпенге және тонға ілгек қадалмайтындықтан сыртынан белбеу буынатын. Көбінесе белді 2-3 рет орап алуға жететін шыт, жібек жүннен тоқылған ұзын құр белбеулер мен былғары кісілер қолданған. Kice буыну еркектерге тән болса, әйелдер күмістелген кемер белбеулер буынатын. Шапан, ішік, тон, күпі сияқты сырт киімдердің пішілу үлгісінде ерлер мен әйелдерге арналған өзгешелік болмайды.
Ep адамның ұлттық бас киімдері бөрік, тымақ, құлақшын, жалбағай, делбегей, қалпақ және телпек. Бас киімді үй ішінде киетін ең жеңілі телпек. Ол тыстық матадан тігіліп, сисамен астарланады. Қазақ үйде отырғанда да жалаңбас жүрмей басына телпек киетін немесе ақ орамал тартатын. Жастардың орамалы бұрышынан ортасына қарай кестемен әшекейленетін. Жазды күні ақ киізден жұқалап басқан шошақ төбелі қалпақ киетін. Мұндай қалпақтың етегі қара барқытпен көмкерілетін, ал басқа киген уақытта етегін жоғары көтеріңкіреп қоятын.
Батыс қазақтарының аң терісінен тіккізетін шошақ төбе бөріктері мүлдем өзгеше болатын. Бөріктің іші елтіріден немесе аң терісінен жасалатын да, матамен тыстап етегін қайырып қоятын. Бөрікті жазда киеді. Шошақ төбе бөрік бұрынырақта болған. Кейініректе бөрікті жүн тартып төрт сай етіп тігетін. Әр сайы үшкүлден гөрі бескүлге ұқсаңқырап пішілетін де, төртеуінің басын қосып тіккен уақытта бөріктің төбесі сүйірленбей жадағай тәрізденіп шығатын. Төменгі жиегін сыртына қарай қайырып тігетін де айналдыра түлкі терісімен, не болмаса түлкінің қарақасқа пұшпақтарымен жиектейтін. Тымақтар елтіріден, сеңсеңнен, түлкі терісінен тігіледі. Түлкі терісінен жасалған тымақ-ең сәнді, бағалы тымақ саналған. Бөрікке қарағанда тымақтың төбесі қушықтау келгенмен терт сай болып пішіледі. Мұның екі құлақтығымен бірге артқы желке жапқышы да мол болады [3,18-6.]. Бөрік пен тымақтың неғұрлым жылы түрлері «адай тымақ», «адай бөріктер» болып есептелген. Мәселен, жолаушы қазақтың қай жер, қай рудан екенін бас киімі арқылы оңай ажыратуға болатын.
1926 жылғы KCPO FA-сының Қазақстанның этнографиясы мен антропологиясын зерттеу экспедициясының батыс өңірі қазақтарын зерттеу бөлімін профессор С.Руденко басқарды. Оның құрамындағы этнограф ғалым Ф.А.Фиельструп батыс өңірі қазақтарының материалдық мәдениетін толықтай зерттеп, әсіресе киім-кешек түрлерінің, тағамдар мен ыдыс-аяқ, аяққап ерекшеліктеріне қызыға коллекция жинаған. Әсіресе «адай бөрік», «адай тымақ» атауларын енгізіп, ең жылы бас киімдер деп есептеген [4,78-6.].
Әйел киімдеріне: тік пішілген кең көйлек-дамбал, жеңсіз бешпент, түрлі маталардан тігілген астарлы не астарсыз шапандар, шоңқайма етік, кебіс мәсі және ер адамдардың қысқы киімдеріне ұқсас түрлі жылы киімдер жатады. Әйел киімі көбінесе безекті матадан немесе жібектен, кейде мақпалдан тігілді. Әйел көйлектерінің омырауы түрлі әшекейлермен безенетін. Көбінесе омыраудың екі жағына басқа түсті таза матадан бөлек тігілген, немесе оқаланған өңірлер көйлекті сана жапсырылатын. Көйлектің тамағына күмістен безеліп жасалған үлкен дөңгелек таналар ілгек орнына тағылатын. Тойға киетін таза көйлектің омырауына жүрек тәрізденіп күмістен жасалған өрнекті жармалар тізбегі тағылатын. Жармаларды әдетте екі тізбек етіп омыраудың екі жағынан көйлекке қадайтын, қыздардың көйлектері де түрлі әшекейлермен безендірілетін, көбінесе етегіне екі қатар етіп (қос етек) бүріле жапсырылған желбірлер тігілетін. Желбірлерін әдемілеп кестелейтін немесе күміс әшекейлер қадайтын, ал етегінің ең шетіне жалпақ желбір бүріле жалғанатын. Мұндай тұтас пішіліп тігілетін көйлектің ескі түрін кеудесі мен етегі бөлек пішіліп, бүрмеленіп жалғастың көйлектің жаңа түрі көптен бері-ақ ығыстырылған болатын: көйлектің кейін шыққан жаңа түрі осы күнге дейін Маңғыстауда сақталып келеді. Мұндағы әйел көйлегінің өңірі бүрмеге дейін ашық оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектеледі, мұны «қақпа» деп атайды. Ана болған әйел осы қақпа арқылы емізеді. Маңғыстаудағы әйелдер көйлегінің ерекшелігі оның тым кең болуымен өкшеге жететін ұзын болуында. Сондықтан үйден шығып белгілі бір жұмысқа араласар кезде немесе қыдырыс, той-дума нға барар кезде белін ұзын мата белбеумен орап байлау арқылы көйлек етегі жоғары көтерілетін.
Әйелдер киетін сырт киімдер-бешпент, шапан, кәзекей, желетке, күпі, тон сияқтылар. Бешпенттердің артқы етегін өте кеңейтіп, белін қатты қынап денеге жабыстыра тігетін. Қыздардың мұндай киімдеріне түрлі күміс әшекейлер қадалып сәнді күміс қапсырмалар тағылатын. Қысқа қарай қыздар көбінесе өздерінің бауырларының немесе шешелерінің шапандары мен тондарын киетін. Ауқаттырақ жанұяның әйелдері матамен тысталған жағасыз ішіктер киетін, әсіресе түлкі ішіктер жиі кездесетін. Шамасы келген байлар қымбат ішіктердің жағасын, өңірін, етегін, жең ұштарын құндызбен жиектейтін. Ф.А.Михайловтың айтуынша қыздарға қой терісінен ұзын жеңді тон тігілетін [3,11-6.]. Әйелдерге арнап әдетте тон тікпейтін, ал керек болған уақытта ерлердің тонын пайдаланатын. Той мейрамдарына киілетін әйел киімінің ең көне түрінің бірі-белдемше немесе белшалғы. Белдемшенің алды етегіне дейін тігілмейді де ышқырына тігілген жалпақ белдік алдынан түймеленіп қаусырылады. Оны өте қымбат маталардан, көбінесе қара барқыттан тігетін де шет- шетіне құндыз ұстап, жібек жіппен кестелейтін не болмаса әр түрлі оқалар жапсырылатын. Белбеуінің негізін киізден жасайтын да сыртынан түсті матамен тыстайтын, кейде күміс әшекейлер де қадалатын. Белдемше той киімі есебінде жаңа түскен келінге тігілетін.
Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береді. Бірақ олар қыздардай аң терісінен шошақ бөрік, тақия кимейді, төбесіне үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Олардың бас киімдері шаршы сарала жақ, торғын шәлі, қызға қарағанда әшекей заттары аздау болып келеді. Орта жастағы әйелдер құбатөбел киінеді. Олардың көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартады. Жақтарын оқаламайды, жәй кестелейді. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы әшекейлерінің көбі тана, түйме, тіс шұқуыш, қапсырма, оқалы өңір сияқты заттар болған. Маңғыстау әйелдері өзбектің жартылай жібегінен және басқа да маталардан түрлі белбеу тіккен. [10; 103-6.]. Ф.А. Михайловша қызыл күрең жүн белбеу буынған [3,18-6.].
Батыс өңірі қазақ әйелдерінің бас киімінде де ерекшеліктердің бары байқалады. Бас киімдер бірнеше түрге бөлінеді. Олар: телпек (тақия), бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, шәлі т.б. Қазақ ғұрпында ердің де, әйелдің де бас киімсіз жүруі ерсі саналған. Әсіресе әйелдер жалаңбас жүрмейтін. Қыздардың киімдерін әйелдерден тек басындағы қызыл түсті шәлі орамал арқылы ажыратылған [5,34-6; 21,19-6.]. Әйелдер екі бұрым етіп өретін. Ал қыздардың бұрымы ондаған тарамға бөлінетін. Маңғыстауда бой жеткен қыздар мен жас келіншектер шаштарына шашқап киетін болған [6,106-6.]. Шашқапты қыз-келіншектер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, жүк арту, үй тігу, мал сауу, жұмыстарына араласқан кезде киген. Шашқап, шолпы, шашбау, алқа, өңір сияқтылар бой түзеу бұйымдары болумен қатар, шашты күнге күйіп сынудан, шаң-тозаңнан сақтау үшін де өте қолайлы.
Шашқап көк, жасыл, қызыл, қара түсті мақпалдардан жасалады. Оның оң жақ бетіндегі мақпалдың шеті, екі жақ басы алтын-күміспен зерленеді. Мақпалдың ортасына ою-өрнектің ұнасымды түрін пайдаланып, ақ меруерт тізеді [8,150-6].
Қыздар жазда төбесіне үкі, жағалай моншақтар қадалған, телпек киіп немесе қызыл орамалдар тартса, қыста түлкі бөрік киетін. Бөріктің негізін киізден, астары мен тысын матадан жасайтын. Төбесі дөңгеленіп бөлек пішіледі де жалпақтығы төрт елідей киіз цилиндрдің бір жағына жапсыра тігілетін. Мұндай бөріктің жазық төбесі түсті матамен тысталатын да іші астарланатын, ал етегі сырт жағынан түгелдей құндыз яки сусар немесе түлкі терісімен қапталатын да, «құндыз бөрік» немесе «сусар бөрік» деп аталатын.
Жаңа түскен жас келіншектің бас киімдерінің ішіндегі ең әшекейлісі де, күрделісі де сәукеле. Сәукеле киіп келген жас келін оны той өткенше киіп, одан соң алғашқы баласын туғанша той-думанда, көш-қон кезінде киетін. Сәукеле ХІХғ. ортасында сирей бастаған.
Сәукеле - ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып оның сыртына алтын, күміс, інжу, маржан, меруерт, ақық, лағыл, тағы сол сияқты асыл тастардан жаслған моншақ, тағамдар түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Матасына әшекей, шашақ, оқа тағылады, жиегіне бұлғын, құндыз терілерінен жұрын ұсталады. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады. Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киетін.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақбай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін жіберіп, «басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды»-депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре әлгі сәукеленің бағасы «бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын» деп кескен екен.
Сәукеле - тек бас киім емес, ол қазақ халқының байлығы мен сән- салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол қазақтың қыздарына деген өз көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын, қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, әзірше кие тұруға беруге болмайды [9,82-83-66]. Тұрмыстағы әйелдің негізгі бас киімі кимешек және шаршы жаулық (күндік). Ру-ұлыстық ерекшеліктер кимешектің пішілуінде, әшекейленуінде және шаршыны басқа орау әдісінде де байқалады. Мәселен, адай кимешегі мен жаулығының әлімдерден т.б. жердегі қазақ әйелдерінікінен айырықша бөлектігін көптеген зерттеушілер де байқаған [2,34-6].
Р.Карутцтың айтуынша кимешек ХХғ. Басындағы Маңғыстауда сирек көрінгендіктен оны тек екі адамнан ғана кездестірген. Ғалымның байқауынша кимешек тым көне заманның қалдығы ретінде бір кездегі әйелдің шашын көрсетпеуге қатал тәртіп енгізу әдетінің салдарынан туған болу керек дегенді қолдайды. Осы сияқты бас киім ертеректегі жазушылардың суреттерінен, оның ішінде қазақ әйелдері де кигендігі айтылған [2,34-6.]. Осыған қарағанда Р.Д.Ходжаева мен И.В.Захарова «Маңғыстау әйелдері бұрын кимешек кимеген, кейіннен олар көршілерінен қабылдаған болу керек» деген болжамына қосылуға болмайды [7,115-б].Маңғыстау әйелдері кимешек кимеген кезде қос жаулық астыңғы және үстіңгі бұрмама жаулық киген. Бұрама жаулықты тек қысты күнгі суықтарда тартатын [7,125-6.]. Мұнда басқа жердегіден ерекше бүрмелі жаулық та киетін [7,147-6.]. Әйел бас киімінің, әсіресе 30 жасқа дейінгілерінің бәрі де шамасына қарай әшекейленетін. Сонымен 30-40 жастағы әйелдерінің бас киімі, кесте төгілген, кимешек болды. Ал бірнеше балаға ана болған орта жастағы әйелдер, көзге түсердей әшекейі жоқ, жаулық тартты. Жасы келген әйелдер көбінесе күндік тартатын.
Сөйтіп, Батыс қазақтары дәстүрлі киім-кешегінің басқа жердегі қазақтармен жалпы бір тетелес болғанына қарамастан жергілікті ерекшеліктері де бар. Мұнда ұлттық киімінің ең көне түрлері көбірек сақталған. Ал басқа аудандарда XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында киім-кешектің жаңа түрлері кең тарай бастаса, әсіресе Маңғыстауда бұл кезде де киімінің көне үлгілерінің бір қыдыруы орын алып келді. Өйткені мәдени орталықтардан оқшаулау тұрған Батыс қазақтары кеңес өкіметінің алғашқы жылдарына дейін негізінен өздерінің байырғы киімдерінен қол үзбей, оның ұлттық ерекшеліктері көбірек сақталған.
Қазақтың дәстүрлі киімдерін, әшекейлерін зерттеу халқымыздың тарихы мен мәдениетінің маңызды мәселелерін зерделеумен тығыз байланысты. Киімде архаикалық элементтер, безендірулер берік сақталғандықтан, оларды анықтау қазақ этногенезінің кейбір мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарды.
Киімнен тайпалық және аумақтық айырмашылықтар көрініп тұратындықтан, басқа деректермен бірге қазақ этносының құрамына кірген этникалық топтар анықталып әрі қазақтың өзге халықтармен ежелгі замандардағы этникалық және мәдени байланысы айқындалады. Қазақ киімін зерттеу оның көне түрлерін анықтау материалдық мәдениеттің басқа да саласы сияқты халықтың тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызды мәселелерді шешуге жол ашады.
Әдебиеттер тізімі:
- Руденко С. Очерк быта казахов бассейна рек Уйла и Сагиза; Антропологические очерки. Материалы ОКИСАР // Сб. «Казаки», Л. 1927, вып.3,с.17.
- Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПБ., 1910
- Михаилов Ф.А. Туземцы Закаспийской области к их жизнь. Этнографический очерк. Ашхабад, 1900.
- Фиельструп Ф. Скотоводство и кочевание в части степей Западного Казахстана Ц Сб. «Казаки»...Л., 1927, вып.З, с.78.
- Қыдыралин Y. Маңғыстау қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы. Ақтау, 1995.
- Востров В.В. Новые материалы по этнографии казахов адаевцев // ТИИАЭ АН Каз ССР, A-A., 1960. Т.ҮІІІ.
- Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда XIX - нач.ХХв., A-A., 1964
- Ахметжанов К.С. Жараған темір кигендер. Алматы, 2007, 202-6.
- Кенжеахметұлы Сейт. Жеті қазына. Жиған-терген. Алматы, 2000, 82-83-66.
- Виников Я.Р. Хозяйство, культура и быт сельского населения Туркменской ССР, M., 1969,220-6.