Азаматтық құқықтарды өзін-өзі қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады, себебі, бұл құқықтық конструкцияның өзге түрлерінің көлеңкесінде қалып қояды. Сонымен қатар отандық азаматтық құқықтық заңнаманың тиісті нормаларын мұқият зерделеу арқылы олардың құқықтар мен бостандықтарды қорғау кепілдемелері туралы конституциялық ережелеріне қарама-қайшылықтарын анықтауға мүмкіндік береді [1]. Азаматтық құқық саласындағы өзін-өзі қорғау институтын зерттеуші ғалымдардың азаматтық құқық нормаларының кемшіліктері туралы қорытындыларға келіп отыр, атап айтқанда азаматтық құқықты қорғау құралдарының жүйесінде өзін- өзі қорғаудың орнына назар аудару [2, 45].
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 9 бабында көрсетілген заң шығарушының позициясы нақты айқындалмаған, ондағы өзін-өзі қорғау әлі де болса нақты анықталмаған. Әдіс - бір қорытындыға жетуге бағытталған нақты іс- әрекет немесе әрекеттер жүйесі ретінде қарастырылады. Аталған заңнаманың осы көрсетілген бабында мұндай қорғанудың нақты әдісін емес, тек қана құқықтарды қорғауды жүзеге асырудың белгілі бір тәртібін көрсетеді. Өзін-өзі қорғау әр түрлі тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін және неғұрлым жалпы ұғым болып саналады. Ресейдің белгілі құқықтанушы ғалымы А.М. Эрделевскийдің ғылыми көзқарастарына сәйкес, мынадай қорытынды жасауға болады, атап айтқанда, «қорғанудың нақты әдісін орнату осы әрекеттерді кім қалай жүзеге асырады деген емес, қандай әрекеттерді қолдану негізінде өорғау іске асады деген сұраққа жауап беруі керек. Азаматтық заңнамадағы өзін-өзі қорғау мәселесі туралы сөз қозғаудың өзі құқықтары бұзылған субъектіге - жәбірленушіге өзінің құқығын қорғаушы ретінде шығуға рұқсат беретіндігі жөнінде айтылған» [3, 90]. М.С. Кораблеваның пікіріне сүйенетін болсақ, құқықты өзін-өзі қорғауды азаматтық құқықты қорғаудың өзге тәсілдерімен бір қатарға қою мүмкін емес, себебі, олар әртүрлі деңгейдегі заңдық категориялар болып табылады. Ресейдің белгілі ғалымы А.П. Сергеев құқықтарды қорғау тәсілі ретінде өзін-өзі қорғаудың квалификациясымен келіспейтін тұжырым білдірді, себебі бір қарағанда олар жақын болып көрінгенімен, түптеп келгенде, олар, азаматтық құқықтарды қорғау әдісі мен нысаны ұқсас ұғымдар емес.
Теориялық позициядан азаматтық құқықтарды өзі-өзі қорғау - сот немесе өзге де құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінбей-ақ, құқық бұзушыға құқықтық ықпал ету мүмкіндіктерін қолдана отырып, жәбірленушінің заңға сәйкес іс- әрекеттерін іске асырудың нысаны» [4, 270]. Г.А. Свердлык және Э.Л. Страунинг өзін-өзі қорғауды «азаматтық құқықты қорғаудың дербес әрі өзіндік нысаны» ретінде қарастырады [5,168].
Азаматтық құқықтарды өзін-өзі қорғау немесе құқық жүйесінде оның алатын орны туралы мәселені кейінге қалдыра тұрып, Қазақстан Республикасының Конституциясы [6] мен Азаматтық Кодексінің нормаларына сараптама жасау керек, сондай-ақ ҚР АК-нің 9 бабынан өзін-өзі қорғауды алып тастаған жағдайда қандай салдар тудыртатындығы туралы зерттеулер керек. Айта кететін жайт, ҚР АК-нің 9- бабына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, баптың соңы «сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады» деп аяқталады.
Осылайша, қарастырылып отырған баптағы азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдерінің тізімі, бір жағынан ашық болғанымен, екінші жағынан, заңда көзделген түрлерімен ғана шектелген болып табылады. Заңда көрсетілген өзін-өзі қорғаудың барлық тәсілдерін қарастыру өмірлік түрлі жағдайлардың алуан түрлілігіне байланысты мүмкін емес болып табылады. М.С. Кораблеваның әділ тұжырымына сүйенетін болсақ, бүгінгі күні осы әдістердің кейбіреулері қолданыстағы құқықтық тәртіпке белгісіз және алдағы уақытта экономика мен құқықтың даму қарқынына байланысты қолданылуы мүмкін [3, 97]. Еліміздің Ата заңының 13 бабының 1 тармағына сәйкес, мынадай норманы көреміз: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы» [7]. Бұл норманы азаматтық заңнаманың 9-бабындағы «сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады» деген қорытындымен салыстырып қарайтын болсақ, елеулі айырмашылықты көруге болады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай қорытындыға келуге болады- егер азаматтық құқықтың қорғану әдістерінің тізімінен өзін-өзі қорғануды шығарып тастайтын болсақ, еліміздің азаматтық заңнамасы Ата заңымыздың нормаларына сәйкес келмейтіндігінің дәлелі болып табылады. ҚР АҚ-нің-бабына сәйкес, бұл әдісті қолдануға байланысты үш жағдай жиынтығының болуына талап етеді:
- құқықтың бұзылуы немесе оны бұзу қауіпінің;
- құқық бұзушылықты алдын-алуды кесу қажеттілігі;
- құқық бұзушылықтың сипаты мен мамұнына сәйкесінше шараларды қабылдау.
Қорытындылайкеле, өзін-өзі қорғану азаматтық құқықтарды қорғаудың құралы болып табылады. Оған тән қасиет- азаматтық құқықтың субъектісі өзін-өзі заңға қайшы келмейтін іс-әрекеттермен қорғай алады.
Әдебиеттер тізімі:
- Гражданский кодекс Республики Казахстан. - Алматы: Юрист, 2012.
- Эрделевский А.М. Самозащита гражданских прав //Юридический мир. 1998. №8.
- Защита гражданских прав: новые аспекты // В _Н.: Актуальные проблемы гражданского прав / Под ред. Брагинского М.И. - M.: 1998.
- Гражданское право. Учебник. Часть 1 / Под ред. Сергеева А.П., Толстого Ю.К. - M.: 1997.
- Свердлык Г.А. Страунинг Э.Л. Защита и самозащита гражданских прав: Учеб. Пособие. - M., 2002.
- Конституция Республики Казахстан. - Алматы: Юрист, 2012.
- Грибанов В.П. Пределы осуществления и защиты гражданских прав / В _Н.: Осуществление и защита гражданских прав. - M., 2000.