Аңдатпа
Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тану керек. Олар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - халықаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға кірігу тілі.
Мақалада көптілді білім берудің мақсаты - әлем бірлестігінің жағдайында бәсекеге түсе алатын көптілді тұлғаны қалыптастыру, әр оқушының жеке қабілеттерін дамытуды жүзеге асыруға жағдай жасау, әр түрлі деңгейдегі мәселелерді шешу жолдары айтылған.
Көп тіл білу-заман талабы. Елбасы өзінің сөзінде «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі- мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі»-деген болатын.
Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің өзгеден өресі биік, түсінігі кең болатыны белгілі. Бірақ қазақ баласы әуелі отбасында қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі М.Әуезов, Қ.Сәтпаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден Ресей топырағында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. [1, 38 - 39 б.]
Тіл үйретуде ең алдымен мектеп жасына дейінгі баланың даму кезеңдерін, ойлау мен сөйлеу сатысына жаңа қадам басқан кезеңдегі баланың бойындағы психологиялық және физиологиялық өзгерістерге ерекше тоқталып өткен атақты педагогтардың ғылыми тұжырымдарын ескеруге тиіспіз.Психологтардың айтуы бойынша, мектеп жасына дейінгі балалар ойын іс-әрекетінен оқу іс-әрекетіне көшеді. Алты-жеті жастағы балалардың қызығушылығы жоғары болады, жаңа нәрсені тез қабылдауға бейім келеді.
Психологиялық тұрғыдан баланың даму сатысының аталған кезеңі тез бейімделгіштік пен қабылдағыштыққа жақын болатынын ғалымдар дәлелдеген. Сондықтан да осы жастағы балаларға тілді үйретуде тиімді жолдарды таңдай білудің мәні зор.
Бұл кезеңде ойыннан оқу іс-әрекетіне көшу үшін ойыншықтардан суреттеуге көшу әдісін қолданған тиімді. Негізінен алты-жеті жастағы балалар жалпы жасалған нұсқауларды қабылдамайтындықтан, тапсырма беру үшін әр балаға жеке ескерту жасаған тиімді. Мектепке дейінгі балаларда жазу дағдысы болмағандықтан, олар қайталап, жаттап, бейнелеу арқылы әртүрлі ақпараттарды игереді.[2, 76.]
Бала алғаш мектепке аяқ басқанда өзінің өмірлік жинайтын білімінің біразын игеріп үлгереді екен. Ал қалған өмірінде осы ұққан дүниелерін жетілдіріп, әрі қарай қорытуға жұмсайды екен. Демек біз осы аралықты ең маңызды кезең деп алып, үштілділікті ұғындыруда тиімді қолдануға мүмкіндік аламыз. Осы кезге дейінгі педагогтер мен психологтардың, білім саласындағы ғалымдардың тұжырымдарын жүйелей отырып үштілділікті түсіндіруді мынадай үш бөлікке жіктеуге болады:
І.Отбасы институты(жалпы)
2. Ерте жастан оқыту, дамыту орталықтары (арнайы)
З.Жеке даму, өз бетімен тілді үйрену(негізгі)
Ең маңыздысы отбасы институты болмақ. Бала енді жетіліп, өмірге деген, айнала қоршаған ортасына деген пікірінің қалыптасуында ата - ана шешуші рөл атқаратыны белгілі. Ақиқат пен жалғандықтың алғашқы ажыратушысы да осы институт. Үштілділікті дамытуда балаға жігер беретін, қажеттілігін сезіндіретін отбасы болмақ.
Ерте жастан дамыту орталықтары коммерциялық орын болғандықтан тілді үйреуді түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып өз ісінің мамандары жүргізеді. Бұл өз кезегінде сапалық көрсеткіштерді анықтайды. Баланың мұндағы алар білімі отбасына қарағанда кәсіби дағдыға, кәсіби біліктілікке икемделе түседі. Мұндағы білім алу мен тіл үйрену екі еселенген түрде жүреді.
Өз бетінше даму мен үйрену баланың білім жолындағы алғашқы, әрі ең негізгі белесі. Мектеп алды даярлық топтарындағы тілді үйрету негізгі білім орташа кәсіби біліктілікке негізделеді. Мұндай топтардың көпшілігі дерлік мемлекеттік мекеме статусында болғандықтан балаға тілді үйретуде және жалпы білім мен таным түйсіктерін қалыптастыруда ерте жастан дамыту орталықтарына қарағанда жұмсақтық кестені пайдаланса, отбасындағы тәрбиеден күрделірек форманы қолданады. Яғни, отбасы институты мен арнайы даярлық орындарының арасындағы аумақты қамтумен ерекшеленеді. Өз бетінше дамуға бет алған баланың тілді үйрену қарқыны өзгелерден анағұрлым өнімді болмақ.
Шет тілін үйретуде балалардын коммун и кати втік, танымдық және басқа да белсенділіктерін арттыру, баланың еркіндігімен, өзін-өзі шығармашылық тұрғысынан көрсетуге деген қабілеттілігін дамыту жолдарына да баса назар аударуымыз қажет. Бұл ең алдымен балалардың бойында шығармашылық тәуелсіздікті, белсенділік қабілетінің, орындалып жатқан әрекетке деген оң көзқарасы мен тәрбиесін қалыптастыру болып табылады. Шет тілі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде балалардын коммуникативтік, танымдық және басқада белсенділіктерін арттыру басты мәнге ие.
Тілдерді үйрету кезінде музыканың ықпалы өте зор. Ән тілдік қарым- қатынас құралы ретінде жаңа сөздер мен сөз тіркестері құралып баланың сөздік қорының көбеюіне ықпал етеді. Ән, өлең тыңдау кезінде таныс лексика бала есінде тез жатталады. Шет тілінде ән айтып үйрену барысында бала дыбыстарды дұрыс атап үйренеді, сөйлемге дұрыс екпін қояды. Әнмен жұмыс барысында баланың көңіл күйі көтеріліп, тілге деген қызығушылығы арта түседі. Оқу іс-әрекеті барысындағы әндер мұқият жас ерекшелігі ескеріліп таңдап алынуы керек.
Балаға үштілділікті үйрету барысында негізгі жауапкершіліктер жүктелетін жақтар:
- Басқарушы - жаңа әдістер мен инновациялар енгізуде өзін ең жауапты сезінуі тиіс.
- Мұғалім- балаға үйретуде шынайы ынта мен жігерін сарқа пайдалану, жан дүниесімен беріле түсіндіре жүріп нағыз кәсіби маман ретінде көрсете білуі керек.
- Ата - анасы балаға мұның маңыздылығы мен қажеттілігін ұғындыра білуі тиіс және отбасында жағдай жасалуы керек.
Осы үш жауапкершіліктің қайсысы болмасын маңыздылығы жоғары. Бірақ ең ерекшесі және аса көп жүкті арқалайтыны педагог болмақ. Оның жанкештілігінің арқасында баланың білім жолындағы қадамында түбегейлі бетбұрыс болуы әбден мүмкін. Себебі мектеп жасына дейінгі бала енді ғана көктеп шығып келе жатқан тал шыбық деп есептесек, мұндағы бағбан мұғалім. [3, 336 б.] [4,73 б.]
Атақты педагог Ушинский өзінің "Балалар әлемі және хрестоматия" атты еңбегінде тіл үйренудің өзіндік артықшылықтарын ерекше атап өтті. Ол кездегі орыс дворяндары орыс тілімен қатар француз (әдебиетте ықпалды), ағылшын (іскерлік қатынаста), неміс (мемлекеттік қызметте) және италян (көркем өнерде) тілдерінде еркін сөйлей білген. Бұл өз кезегінде өзге елдің жаңа технологиясы мен өнер табыстарын тез арада игеруге, өндірісте іске қосуға орасан эсер етті. Ушинскийдің ана тілі мен шет тілін игеруде нені басшылыққа алу керектігі туралы құнды пікірлері әлі күнге дейін өз бағасын жойған жоқ. Ғалымның айтуы бойынша бала ең алдымен отбасы мектебінде өзінің ана тілімен еркін сусындап өсуі тиіс. Өз ана тіліне жүйрік болмай жатып өзге тілдің етегіне жармасқан ұрпақтан ұлттың жанашыры шықпайды деген еді. [5,38 - 39 б.]
Сонымен қатар үштілділікті үйретуде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану педагогке жеке тұлғаға бейімделу көзқарасын қолдануға, көрнекі-безендіру материалын түрлендіруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде балаларға ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Шет тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені - балалардың білімін жетілдіру, сөздік қорын байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Сондай-ақоқыту процесінде мультимедия бағдарламасының көмегімен, ғаламторданалынған әлемдік жағдайлар, педагогикалық технологиялардың түрлі әдіс-тәсілдері, комуникативтік бағыттағы оқыту элементтері кең қолданылады. Үнтаспаны пайдалану арқылы аңдардың, құстардың, табиғат құбылыстарын т.б. дыбыстарды ажырата білуге мүмкіндік береді.[6, 45 б.]
Қорытындылай үштұғырлы тіл саясаты еліміздің дамуының ең негізгі факторы екенін және болашақта мұның білім саласындағы алар орны ерекше болатыны күн сайын дәлелденіп келеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлауы мен санасы тұнық, әрі ақпаратты тез қабылдауға бейім болуы үштілділікті тез , әрі сапалы түрде үйретуге зор мүмкіндік тудырады. Ең бастысы енді ғана өсіп келе жатқан жас буындар әлемдік деңгейге көтерілу үшін тілдік құралдың артықшылықтарын жан дүниесімен сезінсе болғаны.
Әдебиеттер тізімі:
- СадықоваА.Н. «Көп тілді білім беру: мәселелері мен болашағы». 12 жылдық білім. ғылыми әдістемелік, ақпараттық-сараптамалық журнал, №3 2008 ж. 13 б.
- Әбдуәли Т. Үштұғырлы тілден түңілмейік // «Жетісу» журналы, №31. 2008 ж.7-6.
- Жұмабекова Ф. Мектепке дейінгі педагогика: Оқу құралы. - Астана: Фолиант, 2008. - 336 б.
- Баймуратова Б.Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы. - А, 199ІЖ.73 б.
- СүттібаевН.Ә. «Бүгінгі таңдағы шетел тілдерін жан-жақты оқытудың қажеттіліктері» 18.06.2014 http:// ipksko.kz/
- Баймуратова Б. "Біздің кітап" "Алматы кітап" "Балбөбек" баспаханасы бағдарламасы. 38-39 б.