Аңдатпа
Мақалада белгілі қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Кәкімбек Салықовтың көркем де кең диапозонды лирикалық шығармаларына талдау жасалған. Ақынның суреткерлік даралығы, ұлттық поэзиямызға қосқан үлесі, ақындық мәдениеті, эстетикалық - көркемдік ізденістері талданады.
Қазақ поэзиясына жаңа жанрлық тур - «сонет шоғырын» (корона сонетов) - енгізе отырып, тың туындылар берген ақын. Қазақтың кең даласын суйген ақын дала келбетін танытар суреттерді сырласу күйінде бейнелеп, өзін қоршаған ортаның тағылымын кең ашады. Дала патриотының бейнесін жасайды. Кәкімбек Салықов әкелген «Сонет шоғыры» немесе «Сонеттен тізген гүлтәждер» (венок сонетов) тақырып жағынан да реттеліп, жүйеленді. Сонет шоғырының тақырыптық аясы да өте кең. Портреттік сонет, табиғат сонеті, махаббат сонеті, тарихи тақырыптағы сонеттер топтамасын ұлттық поэзиямызға тың үлгіде енгізді. Сонымен қатар мақалада ақынның жаңалығы - ғұмырнамалық-философиялық «Кеншілік пен ақындық» атты сонетіне талдау жасалған. Аталған сонет мазмұны жағынан да, кәркемдік ерекшелдігімен де дара тұрған туынды. Жалпы поэзияның ерекше жанрларының бірі сонет табиғатына терең бойлаған ақын К.Салықов - ұлттық әдебиетіміздегі ерекше тұлға. «Сонет шоғырын» қалыптастырып қана қойған жоқ, оның тақырып шеңберін де кеңейтті.
НЕПЗП БӨЛІМ
Белгілі қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын Кәкімбек Салықов шығармашылығы XX ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі әдебиетте жалпылама түрде ғана айтылып келеді. Қазіргі кезең әдебиетінің біртуар өкілдері жан-жақты зерделеніп, зерттеліп, жоғарғы оқу орындарындағы арнайы пәндерде ғана емес, орта мектеп оқулықтарына да енсе, бір сарынды материалдардың ауқымы да кеңейіп, жастар ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы туралы терең танысар еді. Ақын-жазушылардың оқулықтарда бірді-екілі әңгімелері мен повестері, болмаса бір-екі өлеңдері беріліп отырады. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде көркем әдебиеттің орны ерекше. Сондықтан да қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Оралхан Бөкеев т.б. шығармашылығы терең талдануы керек деп ойлаймыз. Екіншіден, ғылыми зерттеу нысанына айналуы керек. Сондай зерттеуді қажет етіп тұрған ақын Кәкімбек Салықовтың суреткерлік даралығы, ақындық әлемі.
Көркем поэзия - өнер туындысы ретінде қыр-сыры мол жанр. «Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Ол - айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей жалғас туады»,- деген еді Зэки Ахметов. [1,7] Сезімнен тыс поэзия болмайды. Оның ішінде лирика тікелей сезімдік туынды. Кәкімбек Салықов сезінгенін іркіп қала алмайтын, қуанышына да, ренішіне де оқырманын ортақтастырып отыратын шын сезім ақыны еді. Оның жырлары да өзі туған Көкшенің саф ауасындай таза, қайыңдары мен қарағайындай биік те әдемі, көлдеріндей айдын, бұлақтарындай мөлдір. Туған табиғаты сүйікті ұлына құйылып тұрған сұлу жыр сыйлаған. Оған Ақан әндерінің сұлулығы мен сыршылдығы, Ыбырайдың өрлігі, Мағжанның сезімталдығы дарыған. Қазақ даласын, табиғатын төгіле жырлаған «Дала» поэмасы - елін, қазақтың кең даласын сүйген ақынның көңіл-күйіне толы патриоттық туынды. Ол дала келбетін танытар суреттермен қоса, дала өмірі мен ондағы өзгерістерді сырласу күйінде бейнелеп, қоршаған ортаның тағылымын кең ашады. Жырларында ел сағынышы, туған өлкені аңсау ерекше байқалады. Ауылына деген сағынышын кең даланы желе жортқан жезкиікке, Қоскөлдегі қос аққуға балайды. Ол әр түрлі түске толы Ұлытаудың етегін, қарақат көзді қыздарын, кісінеген құлынының қоңырау дауысын, даланың көгін, жауыны мен орманының таза ауасын сағынып еске алады. «Адамдар аққуларды атпаңдаршы», «Жезкиік», «Жезкиікті көрсемші», «Көрдің бе, Жезқазғанның жезкиігін», «Жүрегімнің жүйіткіп өткен елігі» т.б. өлеңдерінде сұлулық суреті ғана емес, сұлулықтың сырын ұғуға ұмтылған адам арманы да бейнеленген. Туған өлке сұлулығын ақын оның аққуынан, жезкиігінен, ақ маралынан таниды. Бұлар сұлулықтың символдары, қаламгер бейнелеуінде әсемдік көріністер. Өлеңдерінің өрнегі, ақындық оркестировкасы, сөз бояуы бірсарынды емес, әрқалай ойнақы. Көңіл құбылысын дөп басар өлең формаларын еркін қолданады. «Шын жүректен» атты таңдамалы шығармалар жинағы өмірдің әр құбылысына айрықша мән беріп, үлкен ой түйіндеуге ұмтылғандығы және оның өзін жалаң баяндамай, көзге көрінерліктей суреттегенімен оқырманын тәнті етті. Кәкімбек Салықовтың қазақ әдебиетіне әкелген соны жаңалығы - сонет шоғырын қалыптастыруы және тақырып аясын молықтыруы. Ақынның дүниеге экелген сонет шоғырының ішінде ғұмырнамалық-философиялық «Кеншілік пен ақындық» атты сонеті тақырыбына сай сөз өнері мен кеншілік мамандығының өз бойында қатар өмір сүруі, сүйікті мамандығы мен жан дүниесінің үндесуін көрсетеді. «Кеңшілігім - әкеме», «ақындығым - анама» деп келетін жолдары символдық көркем деталь түрінде алынып, қос қанатына соншалық жауапкершілікпен, үлкен махаббатпен қарайды. Ақын сонеттерінің тақырыбы әр алуан, әрі ауқымды, бірақ ортақ үндестік те жоқ емес. Отан, туған жер, жеке тұлға - барлығына арналған сонеттердің ортақ арқауы- ақын сүйіспеншілігі, үлкен жүректің лүпілі сезіледі. Кәкімбек Салықов - қазақ поэзиясына алғаш рет «Сонет шоғырын» ғана емес, «қос сонет» жазған тұңғыш ақын. «Күй әсері» деп аталатын сонеті көз алдыңа қазақтың кең даласын әкеліп, сол далада еркін өмір сүрген бейбіт халықтың шат-шадыман көңіл-күйі, күмбірлеген күй еріксіз елеңдетіп, ерекше бір әдемі күйге енгізеді. Лирикалық тұлға ұлттық характерімен көз алдыңа келеді. Ақынның туған жері туралы ұғымы кең, бұл ұғым контексінде бүкіл елін, Қазақстанын қамтып сөйлейді. Жалпы қазақ поэзиясында сонет жанрының қалыптасуын жанрлар дамуының контексінде қараған жөн. Жанр даму, өсу, өзгеру процесінде болады. Ол - заңдылық. Бұл жөнінде академик З.Қабдолов: «Жанр - даму үстіндегі ұғым. Жанрлық дамудың өзі тірі процесс. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді»,- дейді. [2, 3116.]
Сонет - қазіргі қазақ поэзиясында кең таралған жанр, бірақ соған қарамастан, лириканың ең қиын жанры екені белгілі. Поэзияның осы қиын формасына батыл баруы Кәкімбек ақынның ізденімпаздығын, даралығын танытады. «Сонеттен тізген гүлтәждері» - қазақ поэзиясындағы тұңғыш туындылардың бірі. Ақынның тіл құнарлығы, ойды жеткізу мәнері, сонет шоғырына тән құрылымдық композициялық заңдылықтардың сақталуы Кәкімбек Салықовтың сонеттің күрделі формасын еркін меңгергенін байқатады. Бұл жөнінде Т.Әбдірахманқызы: «Есімнен кетпес бір мезет», «Сонеттен тізген гүлтәждер» топтамасына кірген сонеттерде алаулап-жалаулап, ақтарылып, алып-ұшып бара жатқан немесе отқа түсе қалардай ұшқалақ мінез жоқ. Қайта тереңде қалған көңіл қалтарысын, айтылмай келген немесе айта алмай жатқан бір түйіндерді елік сезім, қағілез құлақ қағып алардай сыр айтылды»,-дейді. Ол әдебиетке өмірдің өзінен, қайнаған өндірістің ортасынан, халық ішінен келген. Сондықтан да оның шығармаларының негізі мазмұны мен пафосын ақын жырлаған өмір құбылыстарына деген халықтық көзқарас деп білеміз. Өйткені Кәкімбек ақын өлеңдерін оқыған сайын халыққа тән дарқан мінезді, кең пейілді, жан сұлулығын көреміз. Қазақстанның халық жазушысы, филолгия ғылымдарының докторы Т.Әбдірахманқызы «Қазақ поэзиясындағы сонеттер хақында» деген мақаласында К.Салықов сонеттеріне тоқтала келіп: «Кеңшілік пен ақындық» сонеті атының өзі айтып тұрғандай кең зерттеу мен сөз әрлеу тәрізді тұлпар тізгінін қатар игерген ақынның қилы-қилы сезім толқынын баяндайтын сәттерге өрілген. Ақын «Ақындық-қанатым, кеншілік - тірегім. Біреуі - қаламым, біреуі - күрегім, бақыт қой сондайды сезген» деп,- мерейлі еңбек қуанышына бөленіп, одан тапқан рухани ләззатын паш етеді»,- деп бағасын береді [3].
Ақынның «Сыр», «Жезкиік», «Нұрлы күндер», «Жұлдызды жылдар тынысы», «Мәңгі шырақ», «Парасат сыры», «Шын жүректен» т.б. ондаған жыр кітаптары поэзия жанрының сол тұстағы тынысынан мол хабар береді. Оқиғалы өлеңдері, қысқа лирикадағы таза тебіреністері, сонет жанрындағы өзгеден оқшау интеллектуалдық ізденістері, қазақ поэзиясының палитрасын құнарландыра түскені анық. Лирикалық толғанысқа толы сонеттері өзінің көркемдік қуатымен, бейнелік бояуымен өзгеше сипатын танытады.
Қорытынды. Сонет ерекше жетілген поэтикалық мәдениетке ие, жоғары сатыдағы өлеңдік тур. Ал «Сонет шоғыры» суреткерден асқан шеберлікті талап етеді. Онда поэтикалық принцип жоғары тәртіпке негізделеді. Қазақ әдебиетінде «Сонет шоғырын» қалыптастыра отырып, оның тақырып аясын да молықтырғант ақын Кәкімбек Салықов.
ГІайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Қабдолов 3. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы.: Мектеп, 1970. - 57 б.
- Ахметов 3. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973 ж. - 311 С.
- Қазақ поэзиясындағы сонеттер хақында. Алматы: /Қазақ әдебиеті №18 (2596) 1999., 30.04,- 4 б.