Аңдатпа
Мақалада бастауыш сыныбы оқушыларын оқыту дәстүріндегі халықтық педагогиканың алар орны ұлтымыздың ұлы тулғаларының пайымды пікірілерімен бірлестікте сипатталып беріледі. ¥лт тұлғаларының оралымды ойларына зер салсақ, бастауыш сынып оқушыларына бастау боларлық зерделі ойлар да жетегі мол. Кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының қалыптасып дамуына халықтық педагогиканың ұсынар ұлағаты да шексіз болмақ.
КІРІСПЕ
Адам ең алдымен айналасындағылардан тәрбиесімен бөлектеніп тұрады. Жаһандану заманы талай ақыл-ойды шарпып барады. Технологияны меңгеріп, тілді де білу қажет. Әйтсе де, бәрін игергенмен, оның ар жағында болашақтың жүгін көтеретін, аманатын арқалайтын ұрпақтың өз ұлтына берер дүниесі де болуы қажет. Оның басты жолы - ұлттық тәлім-тәрбиені «баланы жастан» дегендейін, жөргектегі, бесіктегі кезінен бастау. Елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени-этникалық өзгерістер халыққа білім беру мен тәрбие ісінің мазмұнын түбегейлі өзгертуді қажет етіп отыр. Бүгінгі елдің ертеңгі болашағы қоғамның өзінің келешегіне не ала алады?- деген сұраққа ел болып жауап іздестірілуде.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі басты міндет - ол баланы бейбітшілік рухта ынтымақтастыққа, руханилыққа тәрбиелеу. Екіншіден бала бойындағы адами құндылықтарды: қайырымдылықты, сүйіспеншілікті дамыту, сөйтіп тәрбиелей отырып оқыту. Үшіншіден, білім беру жүйесіндегі бұрынғы ағартушылық бағытты сақтай отырып, басым бағдарын жеке тұлғаның салауатты рухани - адамгершілік тұрғысынан дамуына назар аудару.
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру - бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуын, кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие мен оқытудың үздіксіз процесі» [1] деп атап өтіліп, болашақтың басты жетістігі білімде екенін бас көрсеткен.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тәрбие тұжырымдамасында да «Бастауыш мектептің өзінде баланың танымдық және психологиялық мүмкіндіктерін жетілдіріп, күнделікті өмірде білім алудың маңызына көзін жеткізу. Бастауыш мектепте бітірген бала айналадағы оқиғаларды жүйелі баяндап, жанындағы адамдармен қиындықсыз қарым-қатынас жасауды үйренуге, алған білімін түсініп, өмірде қолдана білуді талап ететіндағдыларды толық игеруі тиіс» [2] деген ойды ұстанған нұсқау бастауыш сынып мұғалімдеріне үлкен міндеттер жүктейді.
Бұл орайда ата-бабаларамыздың ағартушылық, адамгершілік саласында айтылған ізгі ойларына мән беріп, мақсатымызға нық қадам бассақ еш ұтылмасымыз анық. Оған Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес,рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» [3,115] деген пайымды пікірі жеке тұлғаны рухани-адамгепшілікке, салаутты өмір салтына үйретуге жол аша оқыту баланың мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап жүзеге асырылса, онда елдің ертеңгі болашағы білімді, салауатты, рухани бай тұлға қалыптасуына игі ықпал етеді.
Бастауыш мектеп-оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды қайталанбас кезең. Сондықтан бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Ұлт тұлғаларының еңбектеріне зер салсақ, бастауыш сынып оқушылары тәрбие үрдісінде өзіне қажетті жағдайларды мына тәрбие түрлерінен алады екен. Олар: дене тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, патриоттық тәрбиесі, құлық тәрбиесі Жалпы, аталған тәрбие түрлерімен адам аталмыш кезеңде толыққанды «тұңғиығына сүңги» алса, оның болашағы да зор болары анық.
Немесе ұлы ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаевша айтсақ: «Баланы тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білеьін адам шығару деген сөз. Қалса өзің, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұнғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білеьін, қысқасы адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару» [4,82].
Алдымызда осындай айқын мақсаттар қойып алғаннан кейін оқыту мен тәрбиені ұштастыра жүргізуге жұмыстану керек.
Оқыту дегеніміз не? Оқыту дегеніміз білімді, ептілікті, дағдыны меңгеруге, көзқарасты қалыптастыруға, оқушылардың ақыл-ой күші мен мүмкіншіліктерін дамытуға, алға қойған мақсаттармен сәйкес өздігінен білім алу дағдысын бекітуге бағытталған мұғалім мен шәкірттің өзара байланысының арнайы ұйымдасқан мақсаты және басқару үрдісі. Оқытудың негізін білім, ептілік, дағды құрайды.
Енді ептілікпен білім бере отырып, дағдыны қалыптастырсақ, ойлаған ортақ мақсатымызға жетуге мүмкіндіктер туар еді.
Қазіргі кезде білімді ұрпақ жоқ емес, бар. Бірақ білімді болу бір бағытта кетіп қалған сияқты. Бір кездерде үш тілді білу, шет елде оқу - жастардың бойындағы мансапқорлық, өзінен төмендеу адамды менсінбеушілік яғни адам бойындағы жағымсыз әрекеттердің дамуына мүмкіндік берген сияқты. Жақсы оқыпр, дүние жүзінің білімін меңгерген жастардың кейбірі шет елде қалып қойса, енді бірін «іштен шыққан жау жаман» дегендей түрлі бағыттағы діни секталар әрбір мүмкіндікті қалып жібермей өз қатарларын көбейтуде.
Сонда біз қай жерде қателестік?! Баланы мектепке әкелген кезден бастап оқуға үйрете бастаймыз: A - дауысты - жуан. Алфавитті жаттатамыз. Менің ойымша осы жерде ұлттық тәрбие бірге басталуы керек. Аузы дуалы Қашаған биден «Кімді пір тұтасыз?» дегенде: «Анам мен әкемді, елім мен жұртымды» деген екен. Осы сөзді қазақтың әр баласы қанымен, жанымен беріле айтса мұғалім атаулының еңбегі ақталар еді.
Жазушы әрі психолог Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мінезінің ақыл қайратының әр түрлі болуы тәрбиенің түрлі болуынан. Адам баласы теріс әрекет істеуі, мінез көрсетіп, дөрекі сөйлеуі тәрбиенің жетіспегендігінен» [5,75] деп атап көрсетіп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың орнын басты орынға қояды.
Оқушыларды саналы тәртіп пен мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу бүкіл педагогикалық ұжымның міндеті. Саналы тәрьіп болмаған жерде сапалы білім де болмайды.
Саналы тәртіп - мақсатты тәртіп. Ол қоғамның мақсатымен ұштасады. Саналы тәртіпке тән сипат - өз мақсатын қоғам мақсатына, жеке бастың мүддесін, оқушылар ұжымының мүддесіне бағындыра білу. Оқушыларды саналы тәрьіпке тәрбиелеудегі негізгі міндет - білім алу мен оқу әрекетінің сапасын үнемі арттырып, олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру қажет.
Мектеп оқушыларында, сонымен бірге төменгі сынып оқушыларының бойында негізінен орындаушылық сипаттағы іскерліктер мен дағдыларды тәрбиелеуге, оларды мектепте, үйде, қоғамдық орындарда түрліше қарапайым ережелерді сақтай білуге үйретуге бағытталған. Сана - сезімді дамыту жөніндегі міндеттер де педагогтың қызметін оқушылардың бойында оқушылық және қоғамдық міндеттерді мүлтіксіз орындау рухында өзіне және жолдастарына қоятын талапты тәрбиелеу, арсыздық, өсекшілік , дөрекілік, немқұрайлылық және т.б. фактілерге деген теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатын көздейді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Тағы да ағартушыларымызға кезек берейік, «Қазақтың бас ақыны» Абай бала мінезінің қалыптасуы жөргектен басталатынын айта келіп, бұл жөнінде «Жетінші қара сөзінде» былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем,жесем, ұйыктасам деп тұрады ... . Біреуі - білсем екем демекші ... . Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [6,42], тұжырымнан жақсы байқалады. Абай бала психологиясының басты ерекшелігі - білуге құштарлық және әр адамның адам болуы жасында алған тәрбиеге байланысты және әр адамның серігі ақыл, жетелеуші ғалым, көңіліне сәуле шашар жарығы - ар, мінез болса, одан өткен жақсы адам болмайды дейді. Олай болса баланы кішіпейілдікке үйрету, қарапайымдылыққа үндеу халық педагогикасының құдіретті қаруы.
Қорыта келгенде, тарих төріндегі ата-бабаларымыз - өздері өмір сүрген дәуірдің болмыс-шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырды, Бүгінгі таңда білімді ұрпақ дайындау жолында мектептің бастауыш сыныбында халықтық әдебиет үлгілерден бастау алып, уақыт талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген ұлттық рухты бетке ұстасақ, қазақ елінің болашағын нық дамытатын жас ұрпаққа сарабдал жол салынатыны хақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Білім туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі N 319-ІП Заңы. «Егемен Қазақстан», 2007., 27 шілде.
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тәрбие тұжырымдамасы, 2015, Астана.-12 б.
- Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар A., Ғылым, 1975.- 675 б.
- Жұмабаев М. Шығармалары Т.2. А.,Жазушы, 1989. - 250 б.
- Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. Т.5. A., Жібек жолы, 2003.- 312 б.
- Абай. Слово назидания. А., Жазушы. 1970.-127 б.