Аңдатпа
Мақалада Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты құжаттарының негізінде Гурьев округындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу шаралары сөз болады. Республика бойынша және Гурьев округына қатысты фактілер келтірілген. Әртүрлі әлеуметтік топтардың (интеллигенция, орташалар т.б.) тәркілеу шараларына көзқарасы нақты фактілермен суреттелген. Тәркілеуге қарсы байлардың қарсылығы, тәркілеуден құтылу амалдары, әлеуметтік-экономикалық қырлары мен саяси зардаптары көрсетілген.
20-жылдардағы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу қазіргі уақытта төл тарихымызда алуан пікірлер туғызып отырған мәселелердің бірі болып отыр. Байлардың қазақ ауылындағы үлес салмағы өте аз бола тұрса да малдың дені осылардың қолында болды деген пікірді жаңа зерттеулер, атап айтқанда Т.Омарбековтің, Ж.Абылхожинның еңбектері нақты фактілермен жоққа шығарды.
1928 жылға қарай қазақ ауылындағы кедей мен батырақ халықтың 60 пайызына жуығы болған. 50 бастан жоғары малы бар ауқаттылар қазақтар арасында бір проценттен сәл ғана асып түседі [1, 82-83 66].
1926-1927 жылдары қырық бастан асатын малы бар қожалықтар Қазақстанда барлық малдың 14,8 пайызына иелікеткен [2, С.134-135].
Қазақта ірі байлардың көп болмағанын 1928 жылы жүргізілген тәркілеу нәтижелері де дәлелдейді. Республика көлемінде барлығы 696 бай-феодалдар тәркіленді. Гурьев округінде 24 адам тәркіленді. Яғни, қазақ қоғамы сол кездегі елдердің арасында ең гуманистік қоғам болды. Большевиктер қақсағандай ешқандай таптар да, тап күресі де болған жоқ.
Атырау облыстық мұрағатында 1928 жылы округте жүргізілген ірі байларды тәркілеу шаралары туралы мәліметтер сақталған. Гурьев округінде бай- феодалдарды кәмпескелеу шаралары 1928 жылдың 6 қазанында округте кәмпеске шараларын өткізу жөнінде комиссиянын құрылуымен басталды.
Оның құрамы 6 адамнан тұрды:
- Округтің төрағасы - Мыңбаев Ж., комиссия төрағасы.
- МСБ-нің ұйымдастыру бөлімі бастығы - Мартынов, мүше
- Округтік жер басқармасының бастығы - Жиенбаев.
- Қосшы одағының бастығы - Сағындықов.
- Рабземлес Қоғамының төрағасы -Төрешов.
- Округтік прокурор - Дауылбаев, кеңестік дауыс беру құқығымен [3].
Мұрағат деректеріне сүйене отырып бұл мақалада біз әртүрлі әлеуметтік топтардың тәркілеуге көзқарасын көрсетуге тырыстық.
Ауыл интеллигенциясы, атап айтқанда мұғалімдер кәмпескелеу шарасына түсіністікпен қарады, кей жағдайда өздерінің көмектерін көрсетті.
Мәселен, Есбол жетіжылдық мектебінің 30 қыркүйекте өткен мұғалімдер жиналысында 7 мұғалім қатысып, төмендегі мәселелерді талқылады:
1. Кәмпескелеу туралы
2. Партия мен үкіметтің ауылдағы кезекті міндеттері. Жиналыс қаулысында олар үкімет пен партияның байларға қарсы күресін қолдай отырып, өздерінің көмегін аямайтынын атап көрсетті.
Жұртшылықтың көңіл-күйі үкімет шараларын қабылдауға сай болса да, кейде байларға араша түсу фактілері де болды. Новобогат ауданының Бегайдар ауылында кәмпескелеуге жататындарды талқылау кезінде жиналыс Жанқожин Жұмағалиға араша түскен. Себебі ол елде сыйлы адам, жұртшылыққа пайда келтіреді, бандаға қарсы күресті, зиянды элемент қатарына жатқызуға болмайды деп оны кәмпескелейтіндер тізімінен шығарып тастау керек деген шешім қабылданды. Сол аудан бойынша 67 кедей қол қойған отінішке орай, бай Бисалиев Арыстанғалиды кәмпескелеуден босату жөнінде комиссия шешім қабылдады. Қызылқоға ауданындағы кедейлер жиналысына қатысушылар №4 ауылдың байы Жанайысов және басқалардың халыққа тигізген пайдасын көрсете отырып, оларды кәмпескелеу тізімінен шығарып тастауды сұрады. Осындай фактілерді ескере отырып, аудандық комитеті ауылдарға кәмпескелеудің мән жайын ұғындыру үшін үгітшілерді аттандырды. Есбол ауданының №7 ауылында өткен жиналыста қатысушылар өз байларын жасырып, көрші ауылдың байларын көрсетумен шектелді.
Доссор ауданы бойынша: Округтік орталықтан келген Қосшы одағының өкілі 118 адамның қолы қойылған өтініш арқылы кәмпескелеудің 1-тобына жататын бай Бекмурзин Қазбекті жұртшылыққа көмектесті деген сылтаумен тәркілеуден босатуға тырысты. Өтініш аудандық комиссияға жолданды. Тексеру өтініштің жалған екенін анықтады. Бұлардан өзге байларды жақтау фактілері анықталған жоқ. Көптеген ұжымдық арыздарда қойылған қолдар жалған болып шықты.
Байлар кәмпескелеу науқанына дұшпандық ниетте болды (Округтік комиссияның төрағасының есебінде ссылай жазылған).
Өзінің жеті атасынан бері жинақтаған ақ адал малын үкіметке тегіннен тегін бере салу кім-кімге де оңай тимейтіні айтпаса да түсінікті. Бірақ үкімет шараларына ашықтан ашық қарсылық көрсету фактілері өте аз кездесті. Байлар орташаларды өз жақтарына тартуға тырысты. Оларға ендігі кезек сендерде деген сияқты әңгімелермен өз жағдайларын түзетуге тырысқанымен, байлардың ондай әрекеттерінен ештеңе шықпады. Кейбір жерлерде байлар ауылдарға келген уәкілдерге қонақасы беру арқылы немесе олардан жүріс тұрысына қажетті ат-көлік беру арқылы ықпал жасауға тырысты. Бұлардан басқа жекелеген байлар әртүрлі әрекеттерге барды (қашу, жасырынып кәмпескелеуден құтылу).
Новобогат ауданы бойынша: а) Бай Жармағанбетов 100 қойын сатты, бірақ онысы қажетті шара арқылы анықталды. Сонымен қатар ол өзінің шаруашылығын үшке бөліп, кәмпескелеуден құтылуға тырысты, бірақ онысы әшкерленіп, шешімі сол күйінде қалды.
Байлар Омаров пен Смағұловтар өз малдарын ағайындарына беріп бөлшектегені үшін жазаға тартылды. Бай Мәмеков Орал қаласындағы изоляторда отырып, Округтік комиссияға өзінің ақтығын дәлелдеуге тырысып бірнеше рет арыз жолдады. Өзінің аудан орталығынан қашықта тұратынын пайдаланып, малының бір бөлігін сатып үлгерді. Қызылқоға ауданы бойынша: а) Мендалиев Демеудің баласы өз арызында әкесінен бөлек шаруашылығы бар деп көрсеткен (тексеру кезінде анықталмады).
Доссор ауданы бойынша: Нуржанова Саржан шаруашылығын жалған турде екіге бөлген (әрқайсын әр жаққа көшіріп жіберген). Оның үстіне ауылдық Советтен анықтама алып, өлген күйеуінің малын өзіне және екінші әйіліне бөліп жаздырған, сондай-ақ 77 қойы мен бір жылқысын Шыңғырлау ауданына уақытша сақтауға салып жіберген.
Тексеру барысында шаруашылықтардың тұтас екендігі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылды.
Теңіз ауданы бойынша: Байлар дайындалып үлгірген, кейбіреулері малдарын ағайындарына, таныстарына үлестіріп жіберген, сондай-ақ шаруашылықтарын жасанды түрде бөлшектеген. Мысалы, бай Танашев малын бөлшектеп, бір бөлігін тоқалына жаздырған, Құрманбаев балаларына бөліп жіберген. Бұлардың бәрі заңсыз болып бағаланды. Сол дұрыс па? Әрине дұрыс емес еді ғой, бірақ Кеңес үкіметі ойына келгенін істеп бақты.
Дайындық жұмысының нәтижесінде аудандық комиссияның ұсынысымен округтік комиссия Новобогат ауданының екі байын Жармағанбетов пен Жанқожинді кәмпескелеуге зиян келтіретіндер ретінде оқшаулады. Сол ауданның екі байы Омаров пен Смағұлов шаруашылықтарын бөлшектегені үшін сотқа тартылып, әрқайсысы сотқа тартылды. Бұлардан басқа комиссия мүшелерінің салғырттығынан Қызылқоға ауданының 3 байы кәмпескеге малдарын бермеу үшін өзге аймақтарға қашып үлгерген.
Бай Игіліков Әлжан ауыл өкілдерінің қылмыстық ашық ауыздығының кесірінен мал-мүлкімен бірге Адай округіне қашып кеткен.
Елеубаев Бақабас деген бай аудандық Комиссия өкілінің көмегімен бір әйелін және малын алып Адай округіне қашып үлгерген. 2-ші топқа жататын Жұлдызов та Адай округіне жасырынған.
Адай округіне аталған байларды ұстап кейін қайтаруға әдейі барған Ж.Мыңбаевтың қырағылығының арқасында байлар тиісті жазасын алды деп жазады округтік комиссия төрағасы өз есебінде. Бұл деректі талқылап жату артық болар. Совет үкіметінің сол кездегі қазақ байларына қарсы жүргізген саясатын барын салып, асқан ыждағаттылықпен жүргізген округтік комиссия төрағасы Ж.Мыңбаев ол адамдардың тағдыры қалай болады, бала-шағасы қалай күн көреді деп өзінің басын көп ауыртпаған болар. Өйткені ол кісі сол кездегі саясаттың сойылын соғушы болды ғой.
Ал қазір заман өзгерді. Біз тәуелсіз елміз. Қазіргі тарих ғылымының ұстанымы сол кездегі байларға қарсы ұр да жық саясатты айыптау болып табылады. Теңіз ауданы бойынша:
1) Бай Танашев қашып кетуге тырысты, бірақ ұсталды.
2) Құрманбаев Москваға барып Калининге дейін арызданды бірақ одан еш нәтиже шықпай, елге келген бойында аудандық комиссияның қолына түсті.
Алғашқыда Өлкелік орталықтың жоспары бойынша Гурьев округінде 40 шаруашылық, 35- бірінші топ, 5-екінші топ кәмпескеленуге тиісті болды.
Округтік комиссия 49 шаруашылықты өлкеге бекітуге ұсынды. Өлкелік комиссия 25 шаруашылықты 19-ын 1-топқа, 6-ын 2-топқа бөлген, яғни бұрынғыдан 18 шаруашылыққа аз етіп бекіткен. Бірақ бұл тізім соңғы емес еді.
Кәмпескелеу басталғанда бірқатар жерлерде шаруашылықтардағы мал саны көбейтіліп көрсеткен болып шықты. Байлардың шын мәніндегі малының дұрыс көрсетілмеуінің бірнеше себебі бар. Округ бойынша тәркілеуге дайындықтың кеш басталуы, қажетті үгіт материалдарының жеткіліксіздігі, округтің территорияларының бір-бірінен қашықта орналасуы, ірі байлардың көрші округтерге (Астрахан, Ақтөбе) көшіп кетулері, өкілдердің кей жағдайларда мал санын дұрыс анықтай алмаулары т.б. себептер еді.
Барлық округ бойынша 24 шаруашылық анықталды. Бұрынғы тізімнен төмендегі байлар алынып тасталды.
Р/с |
Аудандар |
Аты-жөні |
тобы |
Мал саны |
|
Алғашқы мәлімет |
Соңғы мәлімет |
||||
1 |
Қызылқоға |
Есболғанов Бисенбай |
1 |
420 |
138 |
2 |
Жанисов Ізбасар |
1 |
410 |
102 |
|
3 |
Мырзағалиев Жақсығали |
1 |
340 |
100 |
|
4 |
Теңіз |
Алиев Өтеп |
1 |
400 |
46 |
5 |
Доссор |
Қарағұлов Шоқан |
1 |
457 |
224 |
6 |
Жақсыбаев Жақсығали |
1 |
534 |
190 |
Шығарылғандар орнына енгізілді.
Р/с |
Аудандар |
Аты-жөні |
тобы |
Мал саны |
|
1928 |
бары |
||||
1 |
Жұмағазиев Қалу |
Доссор |
1 |
368 |
230,5 |
2 |
Ақжігітов Аман |
1 |
356 |
238,5 |
|
3 |
Сатиев Тайжан |
Теңіз |
2 |
170 |
110,5 |
4 |
Қожағұлов Аман |
Доссор |
1 |
315 |
128,1 |
Кәмпескеге ұшыраған байлар
Р/с |
Аудандар |
1928 |
Мал жөніндегі мәлімет |
|
Тексерудегі анығы |
Кәмпескеленгені |
|||
1 |
Жаманңала Биғалиев Сыралы |
440 |
309 |
216 |
2 |
Есбол Мәмешов Майқы |
310 |
389 |
350 |
3 |
Новобогат Исмагулов Смадияр |
320 |
325 |
192 |
Бисалиев Арыстан |
350 |
223 |
169 |
|
Мамеков Қажығали |
305 |
311 |
98 |
|
Жармағанбетов |
290 |
350 |
202 |
|
Ерғали Омаров Майран |
160 |
233 |
149 |
|
4 |
Кызыл ңоға Кемесаев Байтілеу |
950 |
730 |
610 |
Мендалиев Демеу |
348 |
356 |
287 |
|
Жұмабаев Дауыл |
686 |
624 |
684 |
Игіліков Алжан |
225 |
50 |
40 |
|
Жұлдызов Жұма |
90 |
92 |
62 |
|
Елеубаев Бабас |
750 |
277 |
115 |
|
5 |
Доссор Нұржанов Ержан |
433 |
435 |
384 |
Бекмурзин Қазбек |
300 |
307 |
153 |
|
Үмбеткалиев Жакен |
419 |
301 |
238 |
|
Бастов Ермаған |
392 |
141 |
99 |
|
Жұбаниязов Қапу |
368 |
230 |
||
Айжігітов Аманша |
355 |
238 |
||
Қожағұлов Аман |
304 |
132 |
||
6 |
Теңіз Танашев Құсаин |
170 |
70 |
49 |
Құрманбаев Қайырлы Салиев Жұмағали |
130 |
60 |
51 |
|
170 |
110 |
[3].
Кәмпескеге ұшыраған байларды жер аудару Қазақ Совет халық комиссариаты Инструкциясына сай жүргізіледі. Округтік комиссия алдын-ала округтік атқару комитетіне дайындаған куәліктерді жер аударылатын байларға табыс етті. Жергілікті органдарға байларды орталықтың көрсеткен мерзімінен кешіктірмей жер аудару қатаң тапсырылды. Барлық округ бойынша 24 шаруашылық, оның ішінде Петропавловск округіне 20, Қазақстаннан тыс жерлерге төртеуін таңдаған жеріне көшіру жоспарланған. Қазіргі уақытқа дейін (10 қарашаға дейін) округтен 18 шаруашылық аттанды: Олардан 16-сы өз еркімен, уақытында әкімшілік күштеу әдісімен -2 (Омаров пен Исмагулов) әлі 6 шаруашылық жер аударылған жоқ.
Қызылқоға ауданы бойынша: Игіліков, Жұлдызов, Елубаевтың отбасы, Теңіз ауданынан Танашев, Салиев және Құрманбаевтың отбасы. Соңғыларды жер аударудың кешеуілдеуінің себебі: үшеуі Жұлдызов, Танашев және Құрманбаевтар Республикадан тыс жерлерге жер аударуға кесілген еді.
Оларды қайда жіберу мәселесі шешілмегендіктен орталықтың нұсқауы күтілуде. Қашып жүрген бай Елеубаев іздестірілуде, оның түр-түсі жөніндегі мәліметтер Адай округіне жіберілді.
Бай Игіліков қамауға алынып, оның соты жуық арада өткізілмек.
Салиев кәмпескелеу тізіміне қосымша енгізілгендіктен оның құжаттары дайындалып жатыр. Байлардың малдарын тартып алғаннан кейін, өздерін жер аудару жөнінде шешім шығарылғаннан соң, олардың әйелдері күйеулерінен айырылысты.
Себебі істі болған күйеулерімен бірге бөтен жерлерге барғысы келмеді.
Сондықтан тиісті орындар 10 әйелді күйеулерінен айыру туралы шешім қабылдаған. Бұл жерде коммунистердің адамдарды арбауға барғанына таңданбасқа амал жоқ. Байғұс қазақ әйелдері өздерін өмір бойы бағып қаққан, асыраған күйелерін бір күнде сатып кетіп отыр ғой. Бұған қазақ әйелдерін біреулер мықтап үгіттеген болу керек.
Өлкелік орталықтың округте совхоз ұйымдастыру жөніндегі директивасын мұқият талқылай отырып, комиссия оған лайықты шаруашылықтарды іздестіруге кірісті.
Сонымен қатар колхоздарды ұйымдастыру мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Алғашқыда бұндай коллективтердің жұмысына жұртшылық сенімсіздікпен қарады. Кейін, екінші рет тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде бұл жұмыс жақсы жүре бастады.
Барлығы 25 колхоз құрылып, оларға 437 шаруашылық енді. Колхоздарды құруға басшылық ету үшін Округтік жер басқармасы жанынан 5 адамнан тұратын ұйымдастыру бюросы құрылып, оған 1 агроном бөлінді.
Кәмпескелеу кезінде шараға тікелей қарсылық көрсету фактілері де, оны жүргізушілер тарапынан байларға көмектесу фактілері де кездесті. Сондай-ақ комиссия өкілдері мен мүшелері тарапынан заңсыздықтар мен әділетсіздік, өздерін- өздері ұстай алмаушылық орын алды.
Округтік комиссия барлық жағдайларда келеңсіздіктерге қарамастан әділ шешім қабылдады. Нәтижесінде: 8 адам сотқа берілді, 2 адамның ісі партия ұйымдарына қарауға жіберілді, 3 адамға сөгіс жарияланды.
(Әбдешов, Бримов, Жиенбаев).
- Қызылқоға ауданы бойынша, партия мүшесі, халық тергеушісі Әбдешов бай Игіліковтің малын тәркілеуге іс сапарға барғанда, сол байдың жақын туысқанының үйіне түсіп, өзінің қандай мақсатпен келгенін айтқаны өз алдына, жұртпен бірге ала қағаз ойнаған. Осыны пайдаланған Игіліков өз малымен бірге қашып үлгерген. Әбдешов жауапқа тартылды.
- Қызылқоға ауданының №3 ауыл советінің төрағасы Аманов бай Игіліковтің қашып кетуіне ықпал еткені үшін жауапқа тартылды. Онымен бірге Қосшы одағының төрағасы Игіліковтың туысқаны Жақыпов Ақтай және сол аудандық Советтің хатшысы Сұлтанғалиев №2 ауыл кедейлерінің басын біріктіріп, оларға кәмпескелеуге және байларды жер аударуға қарсы үгіт жүргізіп, соңына 103 адамның қолы қойылған хатты аудандық комиссияның атына жолдатқан. Осы жағдайға байланысты Қызылқоға ауданына әдейі барған Мыңбаев барлық ауылдардың өкілдерін жинап, 500 адам қатысқан жалпы жиналыс өткізді. Бұл жиналыста комиссияға жазылған хаттың жалған екендігі анықталды. Көптеген қолдар жалған қойылған, бірқатар кедейлер хаттың мәнін түсінбей, қой дегесін бас бармақтарын батырып, таңбаларын берген, бірқатарының қолдарын сыртынан қойып жіберген. Барлық жиналысқа қатысқандардың атынан (3-еуі қарсы болды) әдейі резолюция қабылданды. Онда былай делінген: «Игіліков Әлжанды жақтап 103 адамның қолы қойылған хатты талқылай отырып, ол құжаттың жалған екендігі анықталды. Жалған арызды дайындауға Қосшы одағының төрағасы, Игілковтың туысқаны Ақтай Жақыпов және оның жақтастары мұрындық болған. Округтік ұйымның алдына аталған зиянкестерге қатаң шара қолдану сұралсын» Амелов, Жақыпов және Сұлтанғалиев тұтқындалып, сотқа берілді.
- Сол аудан бойынша аудандық комиссия уәкілі Бримов аудандық милиция бөлімі, БКП (б) мүшесі бай Елеубаевтың малын тартып алуға барып, сол байдың үйіне түскен. Сол ауылда 3-4 күн болып, байды кәмпескеге жатпайтындығын дәлелдейтін куәлік бергеннен кейін, өзінің зиянкестік әрекетін бай қарулы қарсылық көрсетті деп ақталғанымен, кейін оның айтқандарының жалған екендігі анықталды. Бримов қамауға алынды.
- Қызылқоға ауданының №3 ауылы Советінің төрағасы Дәуітжанов бай Кенесовтың баласына батырақ деген анықтама беріп, кәмпескелеу үлесін иеленуге яғни правасын алып бергісі келген. Сол үшін ол жауапқа тартылды.
- Қаңбақты ауыл Советінің төрағасы Ыхыласов пен аудандық комиссия уәкілі Алдоңғаров байлар Омаров пен Смағұловтың малдарын әдейі бөлшектегені үшін жұмыстарынан алынып, сотқа берілді.
- Доссор ауданы №10 ауылдық Советінің төрағасы Жұмағазиев, Шоқпаровтардың малдарын бөлшектеуге ықпал еткені үшін сотқа берілді.
- Теңіз ауданы бойынша а) №3 бөлімшенің хатшысы Оразбаев, ауылдық Совет хатшысы Әлекешев, №14 балық тресі кәсіподақ төрағасы Нұғманов байлар Салиевті, Құрманбаевты және басқаларын анықтап ашық жақтап, оларды кәмпескелеуден босатуды талап етті.
Тәркілеу кезіндегі әділетсіздігі үшін қатаң ескертілді.
Аталған тұлғаларға байланысты мынандай шаралар қабылданды:
Оразбаев пен Әлекешев жұмыстан босатылып, істері тиісті орындарға жіберілді. Нұғмановтың мәселесін «май шаммен» қарау аудандық партия комитетіне тапсырылды.
- Новобогат ауданына жіберілген уәкілдер Махамбетовке, Байболовқа және Дүйсекеновке жұмыстан тыс жағдайда 20-30 адамды жинап, 2-3 мал сойғызып қонақ болғаны үшін қатаң сөгіс жарияланды.
- Партия мүшесі Округтік комиссия мүшесі Измайлов Новобогат ауданына іс сапарынан қайта шақырылып, сол ауданның байы Мәмековті кәмпескелеу кезіндегі солқылдақтығы үшін партиялық линиядан жазаға тартылды.
- Теңіз ауданының уәкілі Орынтаев сол ауданның байы Әлиевтің малын Қызылқоға ауданының уәкілі Жиенбаевқа, Доссор ауданының уәкілі Ақжановқа және оның көмекшісі Хангереевке кейбір байлардың малының санын уақытында анықтамағаны үшін қатаң сөгіс берілді.
- Әртүрлі себептерге қарамастан (дайындық жұмыстарының кеш басталуы, округ территориясының үлкендігі, байлардың көпшілігінің аудандардан алыс жерлерге көшіп кетуі) кәмпескелеу кампаниясы қанағаттанарлық деңгейде өтті.
Үгіт жұмыстары барлық ауылдарды, жұмысшы поселкесін, орыс селоларын қамтыды.
- Кәмпескелеу халық арасында үлкен белсенділік тудырып, төмендегі қабаттың революциялық санасын оятты. Соның нәтижесінде партияға деген ынта артты.
Орташа әуелі сенімсіздікпен қараса да, кейін сабырлы, «нейтралитет» ұстап, бертін келе кампанияның жүрісіне белсене қатысты. Ауыл интелигенциясы мұғалімдер кампанияға жанашырлық танытып, кейбір жерлерде белсенділік көрсетті. Сонымен қатар Қосшы одағы өкілдерінің бұл шараға нашар көмектескенін атап өткен жөн.
- Байлар кәмпескелеуге тікелей қарсылық көрсетпесе де әртүрлі құйтырқы әрекеттерге (мал мүлікті ағайындарына бөліп беру, қашу, малдың санын дұрыс көрсетпеу т.с.с) барды.
Бірақ совет үкіметі қызметкерлерінің қырағылығының арқасында (Мыңбаев және т.б.) ондай әрекеттер кезінде дереу тоқтатылды.
- Кәмпескеленген малды кедейлер мен шаруашылықтарға бөліп беру өзінің оңды нәтижесін берді. Бұл іс қортындысында округ бойынша 1217 кедей шаруашылықтарын құруға мүмкіндік берді. Мал алудан бас тарту болған жоқ.
- Кәмпескелеу компартияның ең ерекше пайдалы нәтижесі деп ауылдағы таптық жіктеудің жойылуымен қатар кедей-батырақ жұртшылығы мен орташалардың санасына ұжымдастыру идеяларының ене бастағанын айтуға болады. (оның 3-4 жылдан кейін қандай қайғылы жағдайға әкелгенін, осы жолдардың авторлары, қызыл шенеуніктер сезді ме екен?).
- Кәмпескелеудің нәтижесінде 437 шағын шаруашылықтарды біріктірген 25 колхоз құрылды.
1928 жыл, 10 қазан Гурьев қаласы.
Округтік атқару
Комитеті төрағасы: Жалау Мыңбаев [3].
Міне, 1928 жылы Гурьев округінде бай-феодалдарды тәркілеу осылай жүргізілген екен. Бұл туралы Атырау облыстық мұрағаттың №3 қоры, №4 тізімі, «Гурьев округінде бай феодалдардың малын тәркілеу туралы» №8 ісінде толық баяндаған іспен танысқан зерттеушінің көз алдына сол қилы заманның ауыр оқиғалары келеді.
1928 жыл Қазан төңкерісінен кейін небәрі 11 жыл уақыт өткен. Қалың жұртшылықтың жағдайы өте нашар болды. Совет үкіметінің ауылды кеңестендіру саясатының нәтижесі халықты аштыққа, жалаңаштыққа алып келді.
1920-21 жылдарғы ашаршылықтан Қазақстан бір миллион адамнан айырылды. 1928 жылғы кәмпескелеу кезіндегі мәліметтерден көрсететініміз 400 бас малы болған байлардың өзі біздің округте саусақпен санағандай болды. Бұл не деген сөз?
Қазан төңкерісіне дейін Қазақстан 40 млн. бас мал болды ғой, сонда сонша мал қайда жойылып кетті? Бұл сұрақты әрине сол большевиктерге беру керек еді. Өкінішке орай, енді оған ешкім де жауап бере алмайды.
Қазақстанда байлардың мал-мүлкін тәркілеу Коммунистік партия мен Кеңес өкіметінің қате саясаты болды. Оларды басқаша экономикалық әдістермен тежеуге үкіметтің басы ауырған жоқ, құлқы да болмады.
Әдебиеттер тізімі:
- Т. Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы: Санат, -1997.- 318 6.
- Ж.Абылхожин. Традиционная структура Казахстана. Социально- экономические аспекты функционирования и трансфармации (1920-1930-е гг.). - Алматы: 1991.- 238 с.
- Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты. №3 қор; №4 тізім, 8-і іс.