Қазақ тарихындағы бұрындық ханның ролі

Аңдатпа

Қазақ хандығы тарихында оны құруға көш бастаған Керей хан және нығайтуға күш салған Қасым хандар айтылады да, алғашқы қазақ мемлекеттілігінің іргесін бекітіп, тұңғыш Астанасын белгілеген 30 жылдың үстінде дербес билік иесі болған Бұрындық хан елеусіздеу қалып келеді. Мақала осы олқылықты толықтыруға арналған.

Қазақ хандығының дербес шаңырақ көтеруіне белсене араласқан тарихи тұлғалар туралы бүгінге дейін жаңсақ пікірлер жиі кездеседі. Мысалы, көш басқарған Керей мен Жәнібек сұлтандарды «хан» - деп, атайды. Әрине, Керей хан Шыңғыс хан өсиеттеріне сүйене отыра, ағаның баласы және жасы ұлкен болғандықтан тұңғыш қазақ хандығының тағына отырғанды. Одан кейін таққа мақалада көрсетілгендей тұңғыш ұлы – Бұрындық хан отырды.

Алтын Орданың ыдырауы – Қазақ халқының бірігуіне жол ашса, Әбілхайыр хандығының ыдырауы мен Моғолстанның әлсіреуі – Қазақ халқының қалыптасу процесін біржолата аяқтауды шапшаңдатып, халықтың саяси бірлігінің негізі – мемлекеттігінің де құрылуын тездете түсті. Өйткені, бұған дейін-ақ көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік және қала шаруашылықтары қалыптасқан аумақтардың өзара экономикалық байланыстарының қоғамдық өмірде тұрақты орнығуы қазақ тайпаларының біртұтас саяси құрылымға бірігуіне мемлекет қана халықтың этникалық бірігу барысындағы әртүрлі ықпалдардың әсерін жойып, халықтың этнос ретіндегі мәдени, шаруашылық дамуын қамтамасыз ете алар еді. Мысалы, «Қазақ қоғамы дамуының бүкіл барысындағы ұзаққа созылған ішкі соғыстар мен талас-тартыстар және қазақ билеушілерінің көршілес Орта Азия, Шығыс Түркістан, Сібір, Жоңғария аумақтарындағы ерікті-еріксіз жүргізген сыртқы соғыстары сияқты факторлардың да теріс ықпал жасағаны аз болған жоқ. Бұл факторлар объективті түрде пайда болған шаруашылық, мәдени және этникалық байланыстарды қайта-қайта үзіп отырды» [1, 323].

Осыған орай XV ғасырдың екінші жартысында көшпелілердің, яғни, бүгінгі Қазақстан аумақтарындағы ру-тайпалардың мемлекеттілігі туралы мәселе – болашақтың кепілі ретіндегі мәнге ие бола бастады. Өйткені, бұл кезең – Қазақтың жаны мен Ұлттық мінезінің және Рухының қалыптасу дәуірі болды. Себебі, қазақ халқының біртұтас саяси құрылымға ұмтылуына сол кезеңдегі Шығыс Дешті-Қыпшақ пен оған іргелес аймақтардағы геосаяси ахуалдар да айтарлықтай ықпал ете бастады. Мысалы, қалыптасқан қазақ халқының онан әрмен қалыпты дамуына моңғол ұлыстарының күйреген орындарында пайда болған бірнеше саяси құрылым- мемлекеттерге – Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Сібір хандығы бөлшектенуі – халық санының азайып, экономикалық құлдырауға ең бастысы – туыстас этникалық топтардың өзара алшақтай түсуіне, саяси және шаруашылық байланыстарының үзілуіне әкеп соқтырған дұшпандық әрекеттері үздіксіз созылған соғыстарға ұласа бастады.

Қазақ хандығының пайда болуының дәл уақыты жөніндегі зерттеушілердің пайымдаулары әртүрлі. Мысалы, белгілі тарихшылардың бір тобы – қазақ мемлекеттілігінің негізі Орыс хан тұсындағы Ақ Ордада қаланды деп тұжырымдайды. Зерттеушілердің екінші тобы – хандық Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуімен басталды десе, үшіншілері хандықтың құрылуын XV-i ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастайды, төртіншілері Қазақ хандығы XVI-i ғасырдың өларасынан бастау алады дейді. Ал, бесіншілері тіпті кейінірек, XVI ғасырдың 30-40 жылдарына шегереді.

Бұл пайымдаулардың барлығы да Қазақ халқының тарихында елеулі ізі бар тарихи құбылыстарға негізделгендігі белгілі.

Алайда, белгілі тарихшы Т.И. Сұлтановтың пайымдаулары көңілге қонымдырақ, өйткені ол «Қазақ хандығының құрылуы бір мезгілде жүзеге асқан бір сәттік акты емес, ұзақ уақытқа созылған процес» – деген пікір айтады [2. 238]

Еліміз үшін бүгінгі таңдағы аса жауапты жаһандану дәуірі тұсында Қазақ хандығының құрылуы сияқты өте өзекті мәселеде ғалымдар арасында сан түрлі көзқарастардың орын алуы заңдылық та болар. Дегенменде, тарихтың нақты деректерге ғана сүйенетіндігін ескерсек, әзірге қолда бар орта ғасырлық жазба деректерде Қазақ хандығы туралы мәліметтер – ханзадалардың Моғолстанға көшу дәуірінен бергі кезеңдерді ғана қамтитындығын мойындауға тура келеді.

Алайда, Қазақ хандығының құрылуы – бір мезгілде жүзеге асқан бір сәттілік акты емес, ұзақ уақытқа созылған өте күрделі процес екендігі айқын. Себебі, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуі – Қазақ хандығының құрылғандығын білдіретін жалпы Ұлттық ауқымдағы оқиға емес екендігі байқалады, өйткені, батыс Моғолстанға көшкен Керей мен Жәнібек сұлтандарға бастапқыда Қазақ тайпалаларының мардымсыз аз ғана бөлігі ерген. Егер де Дешті-Қыпшақ тайпаларының елеулі бөлегі қолдаса, билікқұмар және тақтан үміткер ханзадалардың басқа елге қоныс аударып, басқа елдің билеушілеріне тәуелді болуы мүмкін бе? Екіншіден, билікқұмар Есен-Бұға мен Жүніс хандар билеген Моғолстан мемлекетінің аумағында жаңа мемлекеттің ірге көтеруі ойға да қонымсыз және жоғарыдағы хандардың жол беруге де реті жоқ оқиға. Үшіншіден, ең бастысы мұндай аса маңызды геосаяси мәні бар оқиға жөнінде ешбір деректің сақталмауы немесе тұтас бір жаңа халықтың жаңа мемлекетінің құрылуы – орта ғасырлық тарихшылардың, шежірешілердің, ақын-жыраулардың назарларынан тыс қалуы мүмкін емес.

Қазақ тайпаларының батыс Моғолстанға қоныс аударулары да бір сәттік құбылыс емес еді, яғни, Керей мен Жәнібек сұлтандар көшкен 1459-1460 жылдардан басталып, Моғолстан ханы Есен-Бұғаның және Әбілхайыр ханның өлімінен кейінгі кезеңдерге дейін созылып, шын мәнісінде, он жылды қамтыған. Бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати былай дейді: «Әбілхайыр өлімінен кейін өзбектер ұлысында берекесіздік, алауыздықтар орын алып, көптеген адамдар Керей мен Жәнібекке кетті, олардың саны 200000-ға жетіп, өзбек-қазақтар деп атала бастады» [3, 108].

Сондықтан да Қазақ хандығының құрылуына сөз жоқ, Жәнібек сұлтанмен оның көптеген ұлдарының көмегіне сүйенген Керейдің алғашқы хан ретіндегі рөлі айрықша екендігіне күмән жоқ. Алайда, хандықтың бағынышты жерлері мен адамдарының өлшеусіз өсе түсуіне, яғни, Қазақ хандығының біржолата орнығып, едәуір қуаттануы – Бұрындық ханның билігі кезеңінен басталады. Мысалы, бұл тұралы Фазлаллах ибн Рузбихан: «Хандық билік Бұрындықта болды, ол Ұлыс ұлыларының бірі және даңқты хандар ұрпақтарынан шыққан болатын» [4, 96] — десе, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Дешті-Қыпшақтағы Жошы ұлысында Бұрындық хан болды. Барлық ханзадалар мен Жошы ұрпақтары оның билігіне бас иді, олардың әскерлерінің көптігі жөнінен жауын тамшыларымен тайталаса алатын» — деп жазады [5, 184].

Сонымен, Қазақ хандығының құрылуына көшбасшылық атқарған сұлтандардың тек-тұқымдарына назар аударсақ. Қазақ хандарының шығу тегі туралы екі түрлі пікір-таластар бар, яғни, Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнен тарайды деушілер дерек көзі ретінде XV ғасырдың 20-шы жылдары Парсыда жарияланған Муин ад-Дин Натанзидың «Мұнтағаб ат-тауарих-и Муни» не «Ескендір анонимі», осы еңбектерге сүйенген Қазы Ахмед ибн Мұхаммед Гаффаридің (XV ғ. 60 жж.) «Нусах-и ужетенара», Хайдар ибн Али Хусейн Разидың (ХУІІ ғ. басы) «Тауарих- и Хайдари» атты еңбектерге сүйенеді.

Екінші пікірді, яғни, Тоқай Темірден тарайды деушілер XVI ғасырдың басында Мауераннахрда жарияланған авторы белгісіз «Тауарих-и гузида-ий Нусрат нама» атты шығарма мен Әбілғазы баһадүрдың «Шаджарат-и Түрік» — атты еңбегіне сүйенеді [6, 127].

Қалай болғанда да Керей мен Жәнібек сұлтандардың Шығыс Дешті- Қыпшақтан батыс Моғолстанға көшуі — Қазақ халқының тарихында жалпы Ұлттық деңгейдегі соны бетбұрысқа біржолата ауқымды алғы шарт әзірлеген өте маңызды кезеңді бастап берді.

Сонымен, Қазақ хандығының құрылу кезеңін анықтаумен қатар, жаңа мемлекетті ең алғаш кімнің басқарғандығын анықтаудың да маңызы ерекше. Бұл сөз жоқ, сол дәуірдегі тарихи деректерге сүйену арқылы ғана мүмкін болмақ.

Ұрыс хан ұрпақтарының батыс Моғолстанға көшуі кезеңінде көш тізгіні - Керейде болғанын бізге белгілі орта ғасыр дерктері де және сол дәуірді зерттеген тарихшылар да жақтайды. Мысалы, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Керей ханнан кейін қазақтарды Бұрындық хан биледі» — деп жазады [7, 108]. Демек, Керей ханның билігі — қазақ тайпаларының батыс Моғолстанға топталып бірігуінен басталып қайтыс болуына дейін, яғни, 1473-1474 жылдарға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати: «Хандық билікті Бұрындық әкесінен, яғни, Керей ханнан еншілеген» — дейді [8, 323].

Сонымен, Керейдің хандық дәрежесі орта ғасыр деректері бойынша Шу, Қозыбасы өңірлеріне Дешті Қыпшақ тайпаларының көптеп жиналған дәуірінен ғана басталады. Өйткені, Махмұд ибн Уәлидің мәлімдеуінде батыс Моғолстанға көшудің алғашқы кезеңінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың ешқайсысын ешбір ерекшеліксіз, екеуінде қатарынан «Мәртебелі ханзадалар» — деп атайды [9, 352353].

Демек, бұдан шығатын қорытынды — батыс Моғолстанға көшудің алғашқы кезеңінде Керейдің де, Жәнібектің де хандық биліктерінің болмағандығының ақиқаттығын дәлелдеумен қатар, ежелден көшпелі мемлекет билеушісінің қуаты мен билігі оған бағынышты жер аумағымен ғана өлшенбей, қарамағындағы нақты адам санына және әскери күшін құрайтын тұрғындарға тәуелділігімен бағалағандығын айқындай көрсетуі болып табылады.

Сондай-ақ, белгілі тарихшы-ғалым Т.И. Сұлтанов: «Қазақ хандығының құрылуы — В.В. Бартольдтың: көшпелілердің саяси бірігуі — әдетте ұзаққа созылған қиян-кескі қанды күрестер арқылы жүзеге асады - деген пікірінің дұрыстығын дәлелдейді», - деп жазған [10, 241].

Расында да, сол дәуірдегі тарихи деректермен хабарламалар бізге бітіспес күрестер XV ғасырдың 70-жылдарының ортасына қарай Керей ханның үлкен ұлы Бұрындық пен Әбілхайыр ханның үлкен баласы Шайх-Хайдар шемесе Шахбұдах- Бурудж арасында болған. Өзбек ұлысында тақты иеленген Шайх-Хайдар хандық билігін әкесі тұсындағыдай орнықтыра, нығайта алмады. Себебі, дарынсыз, қабілетсіз адам еді. Сондықтан да жергілікті тайпа, ру көсемдері мен батырлар Шайх-Хайдар ханды қолдамады. Сөйтіп, бұл жағдай Әбілхайырдан кейін өзбек ұлысының біраз жылдар бойы өте ауыр кезеңді бастан кешіруне себеп болды. Мысалы, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Әбілхайыр өлгеннен кейін Керей және Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр балаларының арасында әуелден қалыптасқан үлкен дұшпандық өршіп кетті. Бұл дұшпандық қазақтарға көмектескен моғол ханына да қарсы бағытталды. Бірден екі дұшпанға қарсы күресу де ақылдылық емес еді. Әбілхайыр ұлдары өздерінің үлкені Бурудж оғлан маңына топталып, күшейе бастаған қазақтардан қашығырақ Түркістан төңірегіне бекінді» - деп мәлімдейді [4, 118].

Өзбек ұлысындағы берекесіздік осы кездегі Моғолстан ханы – Жүністің де Түркістан аймағына назар аударғаны себеп болған сияқты. Сөйтіп, аң аулауды сылтау еткен Жүніс хан Сырдария өңіріне келіп, серуен құрады. Шайх-Хайдар бастаған өзбектер 20000 әскерімен Жүніс ханнан масқара жеңіліске ұшырап, осы шайқаста Шайх-Хайдар қаза тапты.

Осылайша, өзбек ұлысындағы билік Шайх-Хайдардың тұңғышы – Мұхаммад Шейбани ханның қолына көшіп, екі хандық арасындағы күрес өте ұзаққа және қиян- кескі бітіспес сипатты иеленді.

Бұрындық хан тұсында Қазақ хандығының күшеюіне ықпал еткен аса маңызды жағдай, маңғыт тайпаларымен одақтасу арқылы Еділге дейінгі Шығыс Дешті-Қыпшақ аймағын біріктіру болатын.

Осындай жан-жақты қолайлы мүмкіндіктерді пайдаланған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-і жылдарында Түркістан өлкесі үшін, Өзбек хандығымен қанды қырғындарды бастады, себебі аймақ өркениет орталықтары – қалалар егіншілік мәдениетке өте бай болғандықтан ежелден қазақ тайпалары үшін экономикалық, стратгегиялық өмірлік маңызы өте жоғары болатын. Өйткені, Отырар, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Созақ, Аркөк қалаларын Моңғол шапқыншылығы тұсындағы жаппай күйреуден біртіндеп қалпына келтіріліп, Қазақ хандығының экономикалық, мәдени және саяси өмірінің орталығы болуға аса қолайлы еді. Ал, Жетісуда бұл кезде қала тұрмысы өте әлсіз, болған жоқ деуге келетін және егіншілікте аса ауқымды емес.

Түркістан өңірі, қалалары көшпелі және жартылай көшпелі Шығыс Дешті- Қыпшақ тұрғындары тарапынан қол өнер бұйымдары мен егіншілік өнімдері үшін және бұл аймақтарда мал шаруашылығы өнімдерінде өткізу мүмкіндігі артты. Сөйтіп, өзара айырбас сауда күшейді. Сыр өңірінің төменгі және жоғары ағысындағы жерлер құнарлы қысқы жайылым ретінде де аса қажет еді. Түркістан өлкесіндегі жоғарыдағы тұрмыстық маңызы Қазақ хандығының басты қарсыласы Шайбанидтер мен Моғолстан хандарында күреске тартты. Сөйтіп, бұл күрес бірнеше кезеңдерге бөлініп, қиян-кескі табанды сипат алды.

Бірінші кезең 1469-1470 жылдарды қамтып, Әбілхайырдың ұлы Шайх-Хайдар ханмен қазақ және маңғыт тайпаларының арасында өтіп, Мухаммед Шайбани Сығанақ әмірі, Әмір Темірдің ұрпағы Мұхаммед Мазит Тарханмен уағдаласып, күш жинауға тырысты. Алайда, Түркістанға Керей хан шабуыл жасап, 1470 жылдың қысында Түркістанның өлкесінің біраз бөлігін қазақтарға, яғни, Созақты Жәнібектің үлкен ұлы Махмұд сұлтан, Сауранды Жәнібектің екінші ұлы Еренші сұлтан басып алып, Мухаммед Шайбани Маураннахрға, яғни, Бұхараға қашуға мәжбүр болды.

Екінші кезең - 1472 жылы Мухаммед Шайбани Маураннахрдағы Әмір Темір ұрпақтарынан аздаған көмек алып, Түркістан өлкесіне қайтып оралды және Аркөк бекінісін бағындырып, оны негізгі тірек пункті ете отыра, Дешті-Қыпшаққа беттеп Сығанақты басып алды. Осы кезеңде Мухаммед Шайбани қазақтарға қарсы тек күш қолдану саясатын ғана емес, мәмлегерлік тәсілдерді де қолдана бастады, яғни, қазақтармен одақтас маңғыт тайпаларына іріткі салып, маңғыттардың беделді мырзаларының бірі Муса бимен құдандаласып, онымен қазақтарға қарсы күш біріктіруге тырысты. Алайда, Муса мырзаның бұл қадамын басқа маңғыт билері мен мырзалары қолдамады. Сондықтан да, маңғыт тайпалары көпшілігінің және тұтасқа жуық қазақ тайпаларының қолдауымен Бұрындық хан және Қасым сұлтан Мухаммед Шайбаниға ашық шабуыл жасап, Сығанақты өзбектерден босатып, Созақ жағындағы Қаратаудың Соғындық асуында Мухаммед Шайбаниға күйрете соққы беріп, оны Түркістан өңірінен тағы да абыройсыз кетуіне мәжбүр етті.

Осы кезеңде әбден күшейе бастаған Қазақ хандығы Мухаммед Щайбаниға тілектес Әмір Темір ұрпақтарымен Моғолстан хандарына да бірнеше қазақтар үшін жеңісті қақтығыстар өткізіп, елеулі беделге ие болды.

Үшінші кезең - XV ғасырдың 80-і жылдарын қамтып, соғыс қимылдары барынша табандылығы мен қаталдылығымен ерекшеленеді. Мухаммед Шайбани Түркістан өлкесі үшін күресін тағы да өңірдің ең оңтүстігіндегі, яғни, Маураннахрмен шекаралас Аркөк бекінісін алудан бастап, сәл кейінірек Сығанақ қаласын алып, оған қарсы Бұрындық хан маңғыттармен біріге отыра, Сығанақты үш айдай қоршап, бағындырды. Бұл кезеңдерде де Мухаммед Шайбанидің жолы болмады, яғни, қалың Дешті-Қыпшақ тайпаларынан қолдау таба алмай Бұрындық ханнан үсті-үстіне бірнеше соққа жеп, ақыры 1486 жылы Түркістаннан қайта кетуге мәжбүр болды.

Төртінші кезең - 1488 жылы Моғолстанның Махмуд ханы елеулі әскери күшпен Отырардан Мухаммед Мазит Тарханды қуып шығып, Әмір Темірдің ұрпағы Сұлтан Ахмед мырзаға қарсы моңғолдарды қолданғаны үшін Отырарды Махмуд Шайбаниға тарту етті. Махмуд ханның бұл әрекеті Бұрындық хан бастаған қазақ хандығының Моғолстанмен ара-қатынасын шиеленістіріп, екі рет 1489-1490 жылдары қарулы қақтығыстар орын алып, екеуінде де Сұлтан Махмуд хан жеңіліске ұшырады. Бұл кезең Мухаммед Шайбани ханның Түркстан өлкесіндегі билігіне жол ашты. [12, 145-147]. Осылайша, Моғолстан ханның көмегіне сүйене отыра, Мухаммед Шайбани Сауран мен Йасыны (Түркіста н) бағындырды. Мухаммед Шайбани ханның бұл табыстары Қазақ хандығы мен Моғолстан қайшылығының ушыға түсуімен тұстас болған еді. Бұл қайшылықтар Моғолстан ханы Махмуд пен оның інісі Сұлтан Ахмадтың жағдайларын қиындатып жіберді.

Сөйтіп, XV ғасырдың соңғы он жылында Түркістан өлкесі үшін бақталастық күресте екі қарсылас, яғни Бұрындық хан басқарған Қазақ хандығы мен Мухаммед Шайбани хан билеген өзбек хандығы ғана қалды. Сондықтан да, бұл екі қарсылас жүргізген соғыстары - сипаты жағынан өзгеріп, тақ үшін тартыс емес, барынша күрделі және үзіліссіз, яғни екі этникалық ұлттың болашағы үшін саяси, экономикалық тұрақты бітіспес күреске ұласты. Бұлайша, жүргізілген соғыстар нәтижесінде Түркістан, Сыр өңірінің отырықшы аймақтарының бөлшектенуі күшейді. Мысалы, шайбанидтер - Отырар, Йасы (Түркістан), Аркөк және Үзкентті иеленсе; Ташкент пен Сайрамды Моғолстан ханы Сұлтан Махмудтың ықпалына түсті; ал

Сығанақ пен Сауранға және Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңіріне Қазақ хандығы орнықты.

Осылайша, XV ғасырдың аяғында Бұрындық хан басқарған Қазақ хандығы көршілеріне елеулі қаһары бар Шығыс Дешті-Қыпшақтағы бірден-бір мемлекетке айналды.

XV ғасырда да Қазақ және Өзбек хандықтарының бірін-бірі әлсірету жолы және негізгі күрес нысанасы болып, бұрынғысынша Сырдария алқабы мен Түркістан өлкесін иелену мақсаты қала берді. Осы мақсатты орындау жолындағы Түркістан өлкесі мен Сырдария алқабы үшін жүргізілген үздіксіз соғыстар XV ғасырдың 70- жылдарынан басталып XVI ғасырға ұласуы - біржолата мемлекет болып қалыптасқан Қазақ хандығына бұл аймақта тұрақты саяси-әкімшілік, әскери- стратегиялық, мәдени-идеологиялық және әлеуметтік-экономикалық орталық боларлықтай қауіпсіз қаланы - астана ретінде қалыптастыруға жол бермеді. Қазақ хандығына бағынышты Жетісу аймақтарында қалалық тұрмыстың әлсіздігін жоғарыда айтқанбыз.

Сондықтан да, Қазақ хандығын едәуір күшейтіп, біржолата негізін қалаған Бұрындық ханның ел ордасы үшін Шығыс Дешті-Қыпшақтың ертеден шартарапқа жан-жақты өзіндік ерекшеліктерімен даңқын жайған Жалқы қаласы - Сарайшықты таңдап орналасуы ел билеушісінің көреген қайраткерлігі - деп тұжырымдауға мәжбүрлейді. Бұл туралы кезінде Мухаммед Хайдар Дулати: «Бұрындық хан Сарайшыққа орналасты. Ал, Қасым одан қашыққа Моғолстанға жақын Балқашқа құятын Қаратау өзенін қыстап, келесі көктемде Қасым туған өлкеге қайтып оралуды жоспарлады» - дейді [4, 324].

Біз үшін бұл деректің маңыздылығы өлшеусіз, яғни, біріншіден, Қасымның Сарайшық қаласы ірге жайған шығыс Дешті Қыпшақты туған өлке деп құрмет тұтуы болса, екіншіден, қазақ тарихында көреген қайраткер ретінде орын алған Қасымның қайтып оралуды жоспарлауы - Сарайшықты Қазақ хандығының орталығы-астанасы, тірек қазығы дәрежесінде жоғары бағалағаны - деп түсінуге, пайымдауға еріксіз итермелейді.

Сонымен, алғашқы Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде өмір сүруін тарихшылар мен зиялылар ғылыми негізде түйсінгенімен, алғашқы Қазақ мемлекетінің тарихи деректерінің нұсқауына қарамастан алғашқы астанасы, Шығыс Дешті-Қыпшақтың орта ғасырдағы далалық Жалқы қаласы - Сарайшық екендігі нақты сараланбай келеді. Ал, бұл сан сапырылысты бастан кешкен халқымыздың бүгінгі санаты түзеліп келе жатқан тұста тарихымыздың терең қойнауында қалған айқұлақ деректердің арқасында Сарайшық шаһарының алғашқы Астана ретінде мән- мәйегі нақтыланса, үшінші мыңжылдық бастауындағы Тәуелсіз мемлекетіміздің ширек ғасырлық әлемдік мәртебесі мен халқымыздың киелі қадір-қасиеттерін биіктете түсері хақ. Өйткені, «кие дарымай - ел көсегесі көгермейді», - дейді халқымыздың даналығы.

Қазақ хандығының алғашқы астанасы - Сарайшық қаласы болғандығын арғы-бергі тарихшылар мен ұлт зиялылары да еліміздің тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізген еркіндік жылдарында ұлт тарихының «ақ таңдықтарының» айқындала түсуіне сәйкес мойындайды және бас иеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Атырау аймағы - тәңір шарапатымен құт қонған, қыдыр дарыған еліміздің қасиетті бір өлкесі. Біздің ардақты ата- бабаларымыз ұзақ тарихымыздың бір кезеңінде дәл осы жерде еліміздің туын тігіп, өзгелермен терезесін теңестірген», - деген болатын [10, 7].

Демек, Қазақ хандығы тұсында Сарайшықтың жалпы ұлттық деңгейдегі мәні мен маңызының орнығуына, біріншіден, шығыс Дешті-Қыпшақта XV ғасырдың 60- жылдары қалыптасқан геосаяси ахуал айтарлықтай ықпал етті, екіншіден, Қазақ хандығы тарихының қалыптасу кезеңінде ең қолайлы тірек пункті ретінде Сарайшықтың маңызын Бұрындық пен Қасым хандардың жете бағалауы себеп болды, үшіншіден, Сарайшық қаласының ғасырларға созылған даңқы мен абыройының да өлшеусіз әсер еткені де даусыз.

Сонымен Сарайшық тарихының жаңа Астаналық кезеңі – Қазақ хандығының құрылуымен басталады. Өйткені, Қазақ хандығының құрылуына және едәуір күшейтуіне айтарлықтай қайраткерлігі мен бүкіл күш-жігерін жұмсаған Керей ханнан кейін мемлекетті билеген Бұрындық хан ежелден Дешті-Қыпшақ тайпалары кіндік қаны тамып, мамыражай көшіп-қонып, атамекен еткен сары даланың төсіндегі Сарайшықты ел ордасы етіп таңдаған. Бұл жөнінде Қазақстанның орта ғасыр тарихының білгір маманы, әйгілі шығыстанушы В.В. Вельяминов-Зернов былай деді: «Сарайшықты Қазақ ханы Бұрындық бағындырып, алғашқы астана етті» [11, 154].

Сарайшық шаһарын Қазақ хандығының астанасы етуінің сол дәуірлік сыры сан алуан. Сол сырдың бірі – біздіңше, Қазақ хандығы құрылуының бастапқы ауыр кезінде Бұрындық ханның Шығыс Дешті-Қыпшақтағы түрлі тайпалардың күнделікті тұрмыстық байланыстары ертеден орныққан Сарайшықты бағындыруы және астана деп, ту тігуі, жергілікті тұрғындардың мәртебесін арттыруымен қатар, қыпшақ- маңғыт тайпаларының Қазақ хандығына бағыныштылығы мен берілгендігін нығайтып, өз еліне деген ел жандылық, ұлтжандылық рухының қалыптасуына пәрменді ықпалы болғаны сөзсіз. Мысалы, Шығыс Дешті Қыпшақта XV ғасырдың соңғы ширегі мен XVI ғасырда қыпшақ этникалық қауымдастығына біріккен 24 ірі тайпалардың қауымдастығы негізінде айтарлықтай әскери-стратегиялық күш жинақталғандығы. Атап айтқанда, елбөрілі, тоқсоба, жетіоба, дурут, әларс, буржоғлы, маңқұтоғлы, имек, тағ, башғұрт, куманлы, базанақ, бажна, қарабөріклі, ұз, жартан, ұрандар, баят, азкиши, тургеш, қаңлы, қарлұқ, жікіл және қай тайпаларымен қатар, бұл өңірге жаулаушылық кезінде келген моңғолдық маңғыт, үйсін, қият, дулат, барлас және қоңырат тайпаларында жергілікті қыпшақтармен бауырласып орныққанын ескерсек, Бұрындық ханның Сарайшықты астана етуінің алысты болжаған ел болашағы үшін аса маңызды көрегендік саясат жасағанына көзіміз жетеді.

Өйткені, жоғарыда аты аталған 30 тайпалық бірлестіктердің жүздеген мың мүшелері Шығыс Дешті-Қыпшақты алғашқы қазақ хандығына мықты тірек аймағына айналдырумен қатар, Бұрындық ханның өз дұшпандарына қарсы қаһарлы айбарының орнығуына шешуші ықпал еткені даусыз.

Әсіресе, Қазақ хандығы тұсында нығаюына экономикалық және стратегиялық жағынан қалалардың рөлінің өмірлік мәні артты. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Сығанақты Дешті қыпшақтың сауда аймағы деп атай келе, былай деп хабарлайды: «бұл елге Дешті жағынан, Хажы Тарханнан көптеген игіліктер, семіз қойлар және аң терісінен, яғни, бұлғын мен тиін терілерінен тігілген тондар, берік садақтар, ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар сияқты бағалы тауарлар және өзге де асыл бұйымдар жеткізіледі» [13, 116-117]. Ал, Хажы Тархан мен Сығанақты байланыстырған игілікті сауда жолы Сарайшық арқылы ғана жүргендігі күмәнсыз.

Сөйтіп, сауда-экономикалық байланыстардың маңызы арыта түсті. Алайда, қазақтардың күш-қуатын әлсіретуді көздеген Мұхаммед Шайбанидың қазақтардың қалаларда сауда жасауына тиым салуға тырысуы кездейсоқ емес. Демек, тұрақты сауда байланысы үшін күрес қазақ және өзбек хандарының XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдағы өзара шиеленістерінің күрмеуі қиын қайшылықтарының біріне айналдырды.

Сондықтан да, Қазақ хандығының алғашқы орныққан, нығайған кезеңінде Сарайшық қаласы далалық өңірдегі Жалқы ірі шаһар болғандықтан да орны айрықша екендігін мойындауға тура келеді. Өйткені, Сырдария бойындағы қалаларды иелену Орта Азиялық түрлі ұлттар мен мемлекеттер мен ұзаққа созылған азапты да, қасіретті қантөгістер мен үздіксіз жүргізілген соғыстарға киліктірді. Себебі, бұл аймақтағы қалалардың экономикалық-әлеуметтік және саяси- стратегиялық маңызы ежелгі замандардан-ақ баршаға аян болатын.

Ал, Сарайшық қаласы орналасқан аймақ Қазақ хандығы құрылған дәуірде, ең бастысы қарулы қақтығыстардан тыныш, қоғамдық дамуға ең қолайлы өлке болғандығы айқын. Өйткені, Алтын Орда кезеңінен бастап, батыс пен шығысты байланыстырушы – Ұлы Жібек жолының аса маңызды бір тармағы осы өңір және оның бірден-бір ірі шаһары Сарайшық арқылы өтіп, Дешті-Қыпшақтың даңқын шартарапқа жайғандығы белгілі.

Оның үстіне, Қазақ хандығы нығаюының алғашқы кезеңінде бұл аймақта стратегиялық түпкі мақсатқа кедергі келтіріп, қарсы тұратындай саяси күштер де жоқ еді, яғни, Маңғыт жұрты құрған Ноғай ордасы әлсіреп, ыдырап кеткен болатын. Екіншіден, Ресей патшалығы да әлі де өте әлсіз еді.

Демек, Сарайшықтың Қазақ хандығының, алғашқы астанасы болғанына күмәндану шын мәнісінде, күні кешегі тәуелсіздікке дейінгі ұлттық тарихымыздың бұрмалануымен әдейі күңгірттендірілген ықпалынан шыға алмау болып табылады.

Өз тағдырына – өзің ие болу үшін – «Жаныңның – азығы, санаңның – қазығы болғаны ләзім» - демей ме? Олай болса, орта ғасырлық Сарайшық қаласы – ұлттық санамыздың баға жетпес асыл қазықтарының бірі.

Қазақ хандығына әкесі Керей ханмен бірге негіз қалаған Бұрындық хан мен Қазақ хандығын барынша кеңейтіп, нығайтқан хан Қасым неліктен Сарайшықты алғашқы Қазақ мемлекетінің астанасы етті? Бұл сауалға жауапты төмендегі тұжырымдауларымыздан шығаруға болады:

  • біріншіден, Сарайшық шаһарының жайқалған жұғымды жайылымдары мен шәрбәттай дәмді, мөлдір сулы, өмірге қолайлы Жайық өзенінің бойына орналасуы;
  • екіншіден, Еуразияның ең төте, сондықтан да ең тиімді байланыстырушы шебіне ірге орнықтыруы;
  • үшіншіден, теңіздей толқыған, сан ғасырлар бойы ұрпақ үшін, ел үшін, жер үшін қиян-кескі арпалыспен күн кешкен көшпелілердің шаруашылық- тұрмыстық мүдделеріне сай;
  • төртіншіден, халықаралық мәнге, яғни, еуразиялық сауданың дамуы тек Қазақ халқына ғана емес, барша осы құрлықтарды мекендеушілердің экономикалық мүдделіктеріне орай;
  • бесіншіден, Сарайшық шаһары – Қазақ хандығына дейін-ақ, Алтын Орда мен Маңғыт жұртының даңқты хандары мен билерінің, мәңгіге топырақ бұйырып, жергілікті тайпалар мен рулардың имандылығы мен ата-баба аруағына бас иер қасиетті орталығы болуы.

Міне, осындай Қазақ болмысы үшін аса мәнді Сарайшық қаласы Қазақ хандығының – алғашқы астанасы болды – деген қорытынды жасауымызға әбден болады. Өйткені, қандай мемлекет болмасын, қай дәуірде де өз басшылары мен сыйлы тұлғаларына мәңгілік орынды астанасынан, яғни, мемлекеттің орталығынан әзірлеген. Бұған дәлел ретінде, сол дәуірдегі тарихшылар пікірлерін ескере отыра, кейіннен XVI ғасырдың аяғында Түркістанның Қазақ хандығының астанасы болғанынан кейін, Есім ханнан бастап Қазақ хандары мен зиялы билері, сұлтандарын Түркістанға, Ел ордаға жерлегендігін айтуымыз керек.

Мысалы, Фазлаллах ибн Рузбихан: «Қазақтар қысты Сауран мен Сығанақтың солтүстігінде, яғни, Сырдарияның Аралға құяр сағасына жақын маңда, ал көктем мен жазды Еділ мен Жайықтың арасындағы тамаша жайылым жерде өткізеді» - деп мәлімдейді [13, 101-119]. Бұл пікірді белгілі шығыстанушы ғалымдар да дәлелдеген.

Бұрындық ханның Қазақ хандығында беделінің төмендеуі XVI ғасырдың басынан бастап, Мұхаммад Шейбани ханмен арадағы Сырдария өңірімен, әсіресе, Түркістан қалалары үшін жүргізілген қиян-кескі соғыстарға байланысты болатын, яғни, ұзақ жылдар бойы үздіксіз жүргізілген соғыстар халықты күйзелтіп, шексіз қайғы-қасіреттерге ұрындырып еді. Бұл оқиғалар жөнінде белгілі орта ғасырлық тарихшы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани нақты деректер келтірумен қатар, Мухаммед Шайбани хан өз иелігінің терістігіндегі Қазақ хандығына байланысты ұстанған сыртқы саясатының мақсаттылығын айқын дәлелдей жазады. Мысалы, «Құдіретті ханның Қазақтардың оның иелігіне аяқ басуына қатал тиым салуының негізгі себебі: өзбектердің тұрмыс артықшылықтары мен молшылығын қазақтар өз көздерімен көрсе, құдай сақтасын, оларды – бұл соғыс пен тонау жолына итермелеп, қынабынан қылышын суырып, дұшпандық жолға түсіреді, онда қазақтарды тойтару өте қиынға соғады деп есептеді» - дейді [13, 102]. Демек, бұл деректе алғашқы қазақ хандығының Шығыс Дешті-Қыпшаққа орналасқандығын тағы да айғақтайды.

Ал, белгілі шығыстанушы ғалым Т.И. Сұлтанов: «Мухаммед Шайбани хан билігі Мауераннахр мен Орта Азияға әбден күшейген кезеңде, яғни, 1504-1510 жылдар аралығында Қазақ хандығын әлсірету мақсатында төрт рет ірі тонаушылық жорықтарын ұйымдастырды», - дейді [14, 263-271].

Алайда, бұл жорықтар Шайбани хан күткендей нәтиже бермейді, тек қана үшінші жорық, яғни, 1509 жылы Жаныш сұлтан, оның баласы Ахмад сұлтан мен інісі Таныш сұлтан ұлыстарына елеулі шығындар әкеліп, ең бастысы Қазақ хандығының құрамындағы тайпалар мен рулар арасында Бұрындық ханның беделінің жойылуына негізгі себеп болды. Ал, бұл жағдайды Қасым сұлтан дереу өө мүддесіне пайдаланған деп жорамалдауға болады. Сөйтіп, хандық беделден айырылған Бұрындық Қасым жақтаушылардың ықпалымен 1511 жылы Самархандқа кетіп, саяси аренадан біржолата ығыстырылады.

Соған қарамастан, копшілік жағдайда қазақ хандығының тарихи бастауында Керей хан айтыладыда Бұрындық ханның ролі елеусіздеу калумен келеді. Мақала тарихи деректерге сүйене отыра, Бұрындық ханның баға жетпес қоғамдық, қолбасшылық қайраткерлігін айшықтауға арналған.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Алматы: "Санат", 1996 г., 656 стр.
  2. Қазақстан тарихы. т.2. А., «Ата мұра» 1998.
  3. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячелетий. Алматы., 1992.-378 стр
  4. Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. А., «Санат» 1999.
  5. Махмуд ибн Уали. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар. МИКХ. А., 1969.
  6. Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. А., «Санат» 1999.
  7. Махмуд ибн Уали. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар. МИКХ. А., 1969.
  8. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячелетий. Алматы., 1992.-378 стр
  9. Әбілғазы Баһадүр. Түрік шежіресі. Алматы.1992.
  10. Н.Ә. Назарбаев. Сарайшық – мемориалдық кешенін ашу салтанатындағы сөзі. 3.ІХ.1999, И. Тасмағамбетов, З.С. Самашев, Сарайшық А., «Ата мұра» 2000.
  11. Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. СПб., 1863, т.1.
  12. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-ии Бухара (Записки Бухарского гостя). М., 1976.
  13. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-ии Бухара (Записки Бухарского гостя). М., 1976.
  14. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячелетий. Алматы., 1992.-378 стр
Жыл: 2016
Қала: Атырау
Категория: Тарих