Білім беруді жетілдіруде сабақтың тиімділігі мен өнімділігін арттыру жолдары

Аңдатпа

Бұл мақалада ХХІ ғасыр информатика ғасыры, яғни ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету үшін мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап ететіндігі қарастырылған. Сондықтан жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияларды оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы өте зор екендігі айтылған.

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»

Н.Ә. Назарбаев

Қазіргі ғаламдану және техниканың қарқынды даму кезеңінде оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру - жеке тұлғаның еркін дамуы үшін оның бойында жалпы азаматтық құндылықтардың қалыптасуын қамтамасыз ететін дидактикалық ұстаным ретінде басшылыққа алынуы тиіс.

Қай салада болмасын, жұмыстың нәтижесі сапасымен өлшенеді. Мектептегі сан-саналы жұмыстың құйылатын арнасы да білімнің сапасында болатыны даусыз. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Мұғалім - тікелей оқыту мен тәрбиелеу үрдісіне жаңалықты енгізуші, оқушымен бірлесе жұмыс жасап, белсенді әрекет етуші.

Оқыту процесінің табысты болуы: біріншіден, мұғалімнің өз пәнінен теориялық және практикалық дайындығына, оқу процесін ұйымдастыра және басқара білуіне; екіншіден, білім дағдысына, жоғары мәдениеттілігіне, ғылым мен техника жетістіктерін пайдалана білуіне; үшіншіден, мұғалім мен оқушылар арасындағы адамгершілік өзара қатынас және бірлікке байланысты. Жаңашыл экспериментшіл мұғалімдердін идеяларын сабақ үстінде шығармашылықпен пайдалану окыту процесін жақсартудың шешуші жолдарының бірі.

Дидактик-ғалымдар арнайы зерттеулер нәтижесінде оқушылардың танымдық белсенділігі олардың игеретін білімінің сапасына тікелей әсер ететінін анықтап отыр. Мысалы, өздігінен оқу немесе дәріс тыңдау барысында ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтаудың көрсеткіші 10 пайыздан аспаса, әр түрлі танымдық ойындар мен белсенді оқыту әдістерін пайдалану барысында ол көрсеткіш 90 пайызға дейін жетеді екен. Бұл "жағада тұрып жүзуді үйрену мүмкін еместігін” дәлелдейді.

Орыс академигі В. Беспальконың айтуынша, игеру деңгейі 70 пайызға жетпеген білім, біртіндеп кеми береді екен, тек 70 пайыздан асқан кезде ғана оны өздігінен толықтыру мүмкіндігі пайда болады екен. Ал ғалымдардың зерттеулері оқыту барысында балалар өзара талқылау жасап, алған білімді өз тәжірибесімен ұштастырып және өз білгенін өзгеге үйреткенде ғана бұл деңгейден асуға болатынын көрсетіп отыр.

Шығыс даналығы: «Естігенің естен шықса, көрген қалар көңіліңде, бір нәрсені жасап, ұқсаң, ұмытылмас өміріңде», - дейді. Қазіргі ғылыми зерттеулер бұл даналықтың астарында терең мағына жатқандығын байқатады. Орыс ғалымы Л. Фридманның айтуынша, бала білім игеру барысында төрт түрлі позицияда болады екен:

  1. Тыңдау арқылы дайын білімді алу;
  2. Өздігінен жаңалық ашу;
  3. Түрлі әсерді сезіну;
  4. Бұйым немесе өнім жасау.

Осы позициялардың соңғы үшеуі ғана шын мәнінде өнімді оқуға жағдай жасайды. Сондықтан сабақты жоспарлау мен ұйымдастыруда оның өнімділігін арттыратын оқытудың белсенді әдіс-формалары мен танымдық ойындарды тиімді пайдаланудың маңызы зор.

Сабақтың тиімділігін арттыруды жүзеге асыру үшін қазіргі сабаққа қойылатын талаптарды сақтау керек:

  1. Әрбір сабақта білім беру, даму және тәрбиелеу мақсаттарының бірлігі сақталуы, әрбір сабақ оқыту процесінің басты заңдылықтарын жүзеге асыруға ықпал етуі керек.
  2. Әрбір сабақ дидактиканың барлық принциптеріне және бәрінен бұрын оқыту мен өмірдің ғылымилығы мен байланысына жауап беруі керек.
  3. Әрбір сабақ, ең алдымен, сабақтың тақырыбымен жиі ауыстырылатын айқын дидактикалық мақсатымен сипатталуы керек.
  4. Сабақтың барлық кезеңдерінде оқушылардың танымдық қызметін жандандыру мақсатында оқытудың әр алуан әдістері мен тәсілдерін па йдалану.
  5. Сабаққа қойылатын талаптардың бірі – оның эмоционалдығы. Ол оқушыларды сабақтағы маңызды қызметті – жаңа білімді игеруді атқаруға итермелейді. Ол сырттай ғана байқалуы мүмкін (мұғалімнің қатты дауысы, қол сілтеуі және т.б.), эмоционалдық мұғалімнің сабақтағы оқыту процесіне, оқылатын тақырыпқа қатысты байқалуы мүмкін.
  6. Әрбір сабақта оқушылардың білімін үздіксіз есеп арқылы жүргізілуі керек.
  7. Әрбір сабақ өзінің ұйымдастырушылық заңдылықтарымен, оң нәтижелерді сезінгіштігімен ерекшеленуі керек.
  8. Әрбір сабақта жүйелі қайталаудың элементтері қатысуы тиіс.
  9. Әрбір сабақ техникалық оңтайлы және дидактикалық жарақтандырылған болуы керек.
  10. Кез келген пән бойынша әрбір сабақтың өткен және алдағымен байланысы.
  11. Сабақтың барлық уақытын үлкен табыстылықпен пайдалану. 12.Оқушылардың бүкіл сабақ бойы оқу еңбегін қамтамасыз ету.
  12. Сабаққа қойылатын талаптардың бірі оның құрылымдық икемділігі болып табылады.
  13. Сабақтың кәсіби бағыттылығы.
  14. Үй тапсырмасының тиімділігі және оны міндетті тексерілуі.
  15. Қолайлы моральды-психологиялық және санитарлық-гигиеналық жағдайлар туғызу.

Мұның бәрі тек бір ғана жағдайда мүмкін болады, егер сабақтың өнімділігі мен балалардың белсенділігі жоғары болса.

Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану [2]. Білім беруде ақпараттық технологияларды пайдалану мен оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологияларды, электронды оқулықтарды және Интернет ресурстарын пайдалану – оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді [3].

Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практика тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электронды оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың құштарлығы оянады деп есептеймін. Соңғы жылдары заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электронды оқулық, интерактивті тақта қолдану жақсы нәтиже беруде [3].

Білім беру жүйесі электрондық байланыс, ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, телеконференция, On-line сабақтар арқылы іске асырылуда. Жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі – бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік береді.

Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды.

Бүгінгі таңдағы ақпараттық қоғам аймағындағы оқушылардың ойлау қабілетін қалыптастыратын және компьютерлік оқыту ісін дамытатын жалпы заңдылықтардан тарайтын педагогикалық технологиялардың тиімділігі жоғары деп есептеймін [4].

Сондықтан, ХХІ ғасыр информатика ғасыры, яғни ақпараттандыру технологиялары дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді.

«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияларды оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы өте зор.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Білім заңы. Алматы, 2011.
  2. Мұхаметжанова С.Т. Жартынова Ж.Ә. Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008.
  3. Иманбаева 3.А. Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру білгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2000.
  4. Орта мектеп жаршысы. Республикалық оқу-әдістемелік журнал, № 2, 2011.
  5. Оқыту - тәрбиелеу технологиясы Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал, №3, 2010.
Жыл: 2016
Қала: Атырау
Категория: Педагогика