Аңдатпа
Мақалада Хамит Ерғалиев дастандарындағы психологиялық иірімдер туралы баяндалады. Кейіпкерінің ішкі сезім-толғаныстары ақиық ақын Х.Ерғалиев дастандарынан көрініс табатыны атақты күйші Құрманғазы Сағырбаевқа арнаған поэмасымен алып қаралған.
КІРІСПЕ
«Әдебиеттегі психологизм - шығарманың эстетикалық әлемін құрайтын кейіпкердің ішкі ойын, толғанысын, рухани күйзелісін терең әрі детальді түрде бейнелеу», - деген сөз [1,1594].
Көркем прозадағы психологизм поэтикасы, жазушылардың рухани - эстетикалық құндылықтарын жетілдіру барысындағы суреткерлік ізденістері мен кәсіби шеберлігі бүгінгі күні басқа қырынан зерттеліп келеді. Психологиялық прозаның көркем прозаның басқа түрінен басты айырмашылығы - адам баласына тән жан құбылыстары, ішкі және тысқы сезім түзілістерін тереңдей зерттеп, ойға өң, көңілге күй түсіріп, толғай және толғана білуде болса керек. Бұл турасында көрнекті орыс әдебиеттанушысы Л.Гинзбург «О психологической прозе» атты монографиясында психологиялық романның көркемдік ерекшелігіне теориялық тұрғыдан мінездеме беріп, оның табиғатын қысқаша былай тұжырымдайды:
«Әдеби психологизм әдетте кейіпкердің іс-әрекеті оның ойымен сәйкес келе бермейтіндігімен ерекшеленеді. Ал, талдаудың мақсаты - логиканы іздеу мен байланыстың себебін анықтау. Психологиялық романның аналитикалық талдауға тәуелділігі бұрынғы біржақтылықтан гөрі көпқырлылықты, қарама-қайшылықты, алуан түрлі сапалылықты талап етеді...»[2, 286] Көрнекті қаламгерлер М.Дулатов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Х.Есенжанов шығармаларында тарихи оқиғалар, адамзат өміріндегі кезеңдік құбылыстарға мән берілсе, Ж.Аймауытов, М.Жұмабайұлы, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, Х.Ерғалиев сынды суреткерлер жеке адам тағдырына, олардың ой-санасындағы өзгерістерге, сезімдік, эмоциялық, психологиялық құбылыстарға терең мән береді. Көркем прозадағы психологизм мәселесін терең зерттеген ғалым, ф.ғ.д., Б.Майтанов: «...психологизм - психологиялық әдебиет ордасындағы тұрақты емшісі, көркемдік әлемінің жұлын- жүйесі», - дейді [1,10].
Көркем шығармадағы психологизмнің табиғатына талдау жасай отырып, ... «психологиялық талдаудың тәсілдері сан алуан. Атап айтсақ, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері - ым мен ишараттар, сыртқы қимыл көріністері т.б. бәрі автордың аналитикалық талдауы арқылы беріледі. Олардың ішінде кейіпкердің ішкі монологы, ішкі сөзі ерекше орын алады», - дейді Л.Гинзбург. [2, 33] Демек, автордың өз толғаныстары, кейіпкердің өз-өзін талдауы ішкі монолог, ішкі сөз, сана тасқыны, түс көру секілді аналитикалық принцип арқылы берілсе, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері-сыртқы қимыл көріністері, көркемдік деталь, заттық әлем, психологиялық орта т.б. динамикалық принцип ретінде көрінетінін ғалым Г.Пірәлиева өзінің монографиялық зерттеулерінде атап көрсетеді [3, 9].
Алайда осынау күрмеуі қиын күрделі мәселенің шешуі қай жазушының өз кейіпкерінің ішкі өміріне, рухани әлеміне қалай енуі арқылы суреттеледі. Олардың өзіндік, стильдік ерекшеліктері айқындалады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Хамит Ерғалиев тарихи тақырыппен қатар өнер әлеміне де қалам тартты. Ақынның «Құрманғазы», «Күй дастан» атты дастандары - жалпы қазақ поэзиясының өнер тақырыбындағы құнды жәдігерлері.
Ақынның шоқтығы биік дастандарының бірі - «Құрманғазы». Куй атасы атанған Құрманғазы бейнесін ақын өнеріне тән өзіндік әлемінде ашуы жаңашылдық, яғни Құрманғазы бейнесін қарапайым қоғамнан тыс асқақ күйлерімен қатар алып сипаттаған. Күйшінің жұтаң өскен балалық шағын «Ақсақ киік» күйімен болашағына сапар шектіріп, кейіпкер атынан сөйлейді.
Кел маған
Қарғамай кел!
Түнейік бір.
Сен өлмей жүрегімде шошы да жүр! Бұйырсын жайлауыңа менің жаным, Кел, менің құшағыма күй болып кір! Атының ащы термен көзін жуып, Сағымнан жұтып қойса қайта туып, Үстінде құстай ұшып жадағайы Кетті ол көз ұшында күйді қуып.
Автор үлкен шығарма жазар алдында көп ізденіп, көп толғанып, үлкен әзірлік жасайды. Ол «Құрманғазы» дастанын жазу үшін де оның кім екендігін жете зерттеп, көңіліне тоқып, санасына құйып алды деуге болады. Құрманғазы - өзіне қарсы соққан дүлей боранға бой бермеген, қатал заманның заңына қасқая қарап тұрған, қайсар да дарынды адам. Таусылмайтын кектен, буырқанған ызадан оның құдіретті күйлері туған. Сан тұлғаны шындық күйінде шынайы жеткізу үшін ақын көп ойланды, көп толғанды, ұзақ жыл бойы жан-жақты зерттеп, ойы бір арнаға тоғысқанда барып, шығармасын жазуға кірісті.
Хамит Ерғалиевтің «Кұрманғазы» дастаны-қазақ әдебиеті тарихында өте жоғары бағаға ие болған дастандардың бірі. Автор дастанды оңай жаза алған жоқ. Себебі күйші өмір сүрген кезеңнен мәлімет аз еді де, халық арасында, ол жөнінде әңгімелер әр түрлі болатын. Тіпті кейбіреулері бір-біріне қайшы келіп жататын. Алайда қаламгер Құрманғазы Сағырбаев өмірінен жақсы хабардар болған. Балалық шағынан күйші туралы көп естіген Хамит Ерғалиев «Жақсыдан шарапат» кітабында сол кезді еске алады: «Туып-ескен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлдеқайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайлап болған соң жиналған қанаттас ауыл адамдары есік-төрі үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп сыртқа да тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі - мен ғана аспалы шамның астында, Құрекең шәкірті кәрі Қабыланның қарсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы - осы кісі. Қабылан Кұрекеңнің қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағына созылған қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын» - дей келіп, балалық шағындағы естеліктерімен тоқталып қалмай, одан әрі күйші өміріне тереңдей ізденеді: «Шайтани аралында жерленді деп жүрген Құрманғазы зиратын мен 1952 жылғы сапарымда қалмақша Күрлік, қазақша Албасты төбе деп аталатын биік жотаның басындағы көне қорымнан тауып қайттым. Оған мені Құрекеңнің көзінің тірісінде көріп қалған Ыбыр аға Досәлиев бастап апарып, құлыптасын көрсеткен». Одан әрі күйші зиратының қасындағы үлкен жолдан өтіп бара жатқан жолаушылардың тоқтап, аттан түсіп, жаяулатып жүретінін, және зират басындағы діңгекке байлаулы ақша салынған түйіншектер көргенін айтады. Оның үстіне топырақ арасынан түрлі нәрселер - құран сүресі жазылған қағаздар, ескі ақшалар тапқанын да әңгімелейді. Miне, осындай жағдайларды басынан өткеріп, барлығын ой елегінен өткізіп, шындықты шыңдай түскен автор, өте құнды шығарманы халыққа ұсынды. Байқап отырғанымыздай, кейіпкердің көңіл-күйі, ішкі толғанысы асқан шеберлікпен берілген.
Шығарманың арнауы, прологы мен эпилогы «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік», «Ерегіс», «Келін жолы». «Тұтқын», «Сот алдында», «Қайран шешем», «Бұрқасын», «Айжан қыз», «Құтқару», «Ұстаз», «Абақтының алдында», «Қызыл қайың қонағы», «Жатақтағы жақсы кеш», «Арман ағысы», «Шалғайдағы шапқын», «Сарыарқаға сапар», «Көбік шашқан» деген жеке-жеке тараулардан тұрады. Олардың барлығында да күй атасы Құрманғазының бастан өткізген, өзі куә болған оқиғалар шынайы, кейіпкерінің көңіл-күй, ішкі сезім иірімдерімен үлкен толғаныспен баяндалады.
Дастан барысында халық өкілі Құрманғазы бала кезден бастап, өмірінің ақырына дейін қалың бұқараның басындағы қиындықтың бәрін көреді. Автор «Пролог орнына» тарауында уақыт тынысымен таныстырса, «Ақсақ киік», «Қозыбақ» тарауларында алдағы қилы тағдырлар мен түрлі тартыстарға жол ашады. Бай малын бағып жүрген бала Құрманғазы «Ұзақ» күйін аңсары ауып, қурай ызыңына құлақ түріп, өз басының халін түсінгендей болады. Аяғына оқ тиіп, ақсаған киіктің де өз тағдырына ұқсастығын сезеді.
«Ерегес», «Келін жолында», «Тұтқында» тарауларында оқиға ширыға дамиды. Құрманғазы елді зар илеткен Әбубәкір Ақбаевтан өзінің сүйген жары Әуесті арашалап алады. Бірақ Дөңбай қажының қарадойыр тобы Құрманғазының үйін ойрандатып кетеді. Ал, Құрманғазының қатты күйінген ағасы Бейғазы қажының бір үйір қысырағын айдап әкетіп, кедейлерге береді. Дастанның одан әрі қарайғы оқиға желісінде осы қақтығыста үстем тап өкілдерінің кісі өлтіргені Құрманғазы мен Бейғазының қолға түсуі, Ақбаев үйіндегі сот ширыққан оқиға желісімен беріледі. Тағдыр талқысына шираған ағалы-інілі екеу соттан именбей, халықтың қолдауымен негізсіз жаладан босанып шығады. Өздерінің жеңіліс тапқанынан өшіккен қанышерлер Құрманғазыны Астрахань түрмесіне айдайды. Атақты күйші түрмеден қашып шығып, адай елінде атақты Мамырайдың Айжан қызы ауылында боп, ат мініп, шапан киіп қайтады. Енді оқиға қайта өрши түседі. Келсе, інгендей боздап анасы жалғыз қалған, алты айлық ұлы менсүйікті жары Әуесті патша шабармандары алып кеткен. Осындай жағдайларды көп көрген Құрманғазы шын күреске ұмтылады. Осы тұста күйшінің «Қайран шешем» күйі дүниеге келеді.
Содан бала-шағасын тұтқыннан босатып алған Кұрманғазы Жиделіден хан ордасына қарай ығысады. Бұл жерде ауқатты адамдар тұқымымыз деп бүркеншік жалған атпен жүреді. Мұның астарында үлкен сыр бар еді. Жас жігіт бұрын жеңіліс тапқан көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбеттің ерлігін елге жария етіп, халықты сұлтандармен күреске шақыратын «Кішкентай» деген күйін шығарып, өлең арнап, оларды елге жариялағаннан соң, үлкен думанда өзін сездіріп қойып, ұлықтар қолына түсіп, қайта қамауға алынады.
Дастанда тараулар өзара тығыз байланыста дамиды. Қайрат, жігер қайтадан қамауға алынған күйшінің еңсесін баса алмайды, керісінше, кеудедегі ыза мен ашу күй болып жатады. Ақын кейіпкерінің бірбеткейлігін, сөзге беріктігін, өжеттігін суреттеу арқылы оның өз маңындағы адамдардан ерекше екенін аша түседі. Құрманғазы жауларының алдында жартастай биіктұр.
Автор күйші портретін жасауда асыра сілтеп, орынсыз дәріптемейді. Адамға тән қасиеттер арқылы ғана оның мүсінін шебер бейнелейді, «сом жігіт», «жебелі қара мұрты, қара сақай», «мұзбалақ, дөң қыраны», «ала көз, алпамсадай, қабақты жан» деп қана бет пішінін суреттеген. Күйші тұлғасын жасауда ақын адамдық қасиеттерден алыс кетпейді. Құрманғазы - құшағы ашық, елжіреп тұратын, қағылез, достыққа әзір, бауырмал жан. Ал керегінде қатал да бола алады.Айбарлы да сұсты, өнеріне сай қайраты бар, тұлғасына батырлық, ерлігіне серілігі сай кесек адамды көреміз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы автор кейіпкер тіршілігін өз бейнелік қадір-қасиетіне, мінез-құлқына, үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай бір қою оқиға қомында бейнелеуге бейім. Адам психологиясы, толқу-тебірену, өмір жолындағы бұралаң-бұлтарыстарының логикалық құбылыстары, сананың үздіксіз күресі т.б. мұнда үлкен шеберлікпен суреттелген. Кез келген психологиялық шығармада оның табиғатын ашатын тәсілдер қолданылады. Адамның психологиялық құбылыстарын, жан дүниесін ашып, характер сомдауға сүбелі үлес қосарлық, іс-әрекеттің нанымдылығын да дәлелдерлік логикалық шешімдері ширықтыратын көркемдік компонеттер арқылы жүзеге асады.
Қорыта келгенде, көркем әдебиеттегі психологизм көріністерін ақиық ақын Хамит Ерғалиев шығармаларынан байланыстыра алып қарастырдық.
Әдебиеттер тізімі
- Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. - Алматы: «Санат», 1996. Б.10.
- О психологической прозе. Гинзбург Л.О. - Ленинград. Художественная литература. 1977. С.286.
- Пірәлиева Г. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм және оның бейнелеу құралдары. - Алматы, 2007. - Б.9.
- Литературная энциклопедия терминов и понятий. M., НПК. Интелвак, 2003. - С.1954.