Қазақстанда жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 100 млн. тонна. Мұнда жыл сайын 5-6 млн тонна түзілуде. Сарапшылардың есептеуінше, 2025 жылға қарай бұл сан жылына 8 млн тонна дейін өсуі мүмкін. Мұнда осы қалдықтардың негізгі массасы қосымша өңдеусіз, залалсыздандырмай полигондарда жайғастырылуда. Аймақтар бойынша адам басына шаққандағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жинақталу мөлшері жылына 80-400 кг шамасында болуда[1,2].
Қала аумағындағы қатты тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдап, қайта өңдеумен, сұрыптаумен Абай ауданына қарасты Ақтас-1 елді-мекенінде орналасқан «Green Line қоқыс өңдеу зауыты» ЖШС-нің полигоны айналысады. Полигонға биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша полигонға әкелінген тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі – 173 мың тоннаны құраған. Оның 6 мыңдай тоннасы сұрыпталып, 126 мың тоннасы көмуге жіберілген, ал одан алынған шикізаттың көлемі 40 мыңдай тоннаны құраған.
Сонымен қатар, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырысымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ы республика аумағында бей-берекет жатқан қалдықтардың орындарын анықтау үшін ғарыштық түсірілімдерді жүргізуде. Бұл ғарыштық түсірілімдердің тиімділігі – жер бедерінде жатқан қалдық орындарының координаттық нүктелерін «GPS» навигациямен анықтау Департамент және аудан әкімдіктерінің мамандары үшін қолайлы. Айта кетсек, биылғы жылы қала аумағында қалдықтардың 47-і орыны анықталып, барлық қалдық орындарының көзі жойылған. Сондай-ақ статистика бойынша қала аумағында 2019 жылы қалдықтардың – 122, ал 2020 жылы – 88 орыны анықталған.
Шымкент қаласында жалпы 4 аудан бар. Соның ішінде ірі сауда орындары бар, мәдени орталықтар, беделді жоғарғы оқу орындары, әсем саябақтар мен қонақүйлердің негізгі бөлігі Аль-Фараби ауданында орналасқан. Халқының саны 218 865 адам. Ауданда жалпы 73 өндірістік мекемелер мен кәсіпорындар, 44 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, 672 көпқабатты және 15170 жеке тұрғынүйлер орналасқан. Осыған орай, Аль-Фараби ауданының тұрмыстық қатты қалдықтар алаңшалары бойынша мәліметтерді алып отырмыз.
Әл-Фараби ауданы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 192 контейнер алаңшалары және онда 749 қоқыс контейнерлері бар. Контейнердегі қоқыстарды тазалайтын 3 мекеме бар: 1) «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і (орталық аумақта), 2) «ЭкоСпецТранс» ЖШС-і (Отырар ш/а., Су ресурстары Маркетинг ЖШС аумағындағы үйлер), 3) жеке секторларда «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-і (Забадам, Сәуле, Ақтас, Текесу ш/а., ) тарапынан кестеге сәйкес, тәулігіне 1 рет, кей жерлерде (халық тығыз шоғырланған орталық аумақтарда) 2 реттен қоқыстар тазартылуда. Сонымен қатар, осы қоқыс алаңшаларының жанына 31 мекен-жайда пластикалық ыдыстарды бөлек жинау үшін жеке кәсіпкер «Абуов» тарапынан орнатылған сеткалы жәшік орындары бар.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта біздің Министрліктің бастамасымен жедел желісі іске қосылған. Мұнда тұрғындар айналаның қоқыстармен ластануы, аулалардағы қоқыс алаңшаларының уақытылы алынбауы сияқты бұзушылықтар бойынша шағымдануы үшін құрылған. Ағымдағы жылы жедел желісіне қала тұрғындарынан қоқыстарға қатысты 40-қа жуық шағым келіп түскен. Бұл шағымдарды Департамент шұғыл түрде қарастырып, жауапты мекемелерге тиісті шаралар қабылдау үшін жолдайды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында, барлық қоқыс алаңшаларға ескертпе белгілері жазылған қоқыс тасымалдайтын мекеменің байланыс нөмірі көрсетілген арнайы нұсқама тақтайшалар бар.
Егер, алаңшалардағы қоқыстар немесе бей-берекет қалдықтар тиісті деңгейде тазартылмаса, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің инспекторлары ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес кінәлі тұлғаларға әкімшілік айыппұлдар салады. (1 кесте) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Бұйрықтың 324 бабында санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың нормаларын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу бойынша айыппұл көлемі (бір айлық есептік көрсеткіш) 2021 жылы 2913 теңге құрайды[3].
1 кесте. Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегiсанитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғандағы айыппұл көлемі
Жеке тұлғаларға |
10 АЕК = 29 130 тг. |
Шағын кәсіпкерлік субъектілерге |
15 АЕК = 43 695 тг |
Орта кәсіпкерлік субъектілерге |
20 АЕК = 58 260 тг |
Ірі кәсіпкерлік субъектілерге |
100 АЕК = 291 300 тг |
Зерттеу мақсаты: Тұрғындар арасында қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуының алдын алуды және оларды азайтуды, сонымен қатар қоқыстарды сұрыптау жайында хабардарлығын анықтау.
Зерттеу әдістері: сауалнама жүргізу, статистикалық мәліметтер өңдеу.
Зерттеу нысаны: Адам денсаулығы және қоршаған орта
Зерттеу нәтижелері: Барлығы сауалнамаға 120 адам қатысты. Оның 80 әйелдер, 40 ерлер.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша, қала тұрғындарының 51%-ы қаланың тазалығына орташа деңгейде алаңдаулы, 14%-ын – аса қатты алаңдатады, ал 35%-ы мүлдем алаңдатпайды. Қоқысты арнайы контейнерлеріне тастайтындар саны 56 болса, тастамайтындар – 64. «Сіз қоқысты сұрыптайсызба?» деген сұраққа – 35%-ы «Иә» десе, 55%-ы «Жоқ» деп жауап қайтарса, ал 10%-ы «жауап беруге қиналады». Сонымен қатар, Қоқыс қалдықтарының адам денсаулығына әсер ететіндігіне 72 адам мақұлдап отыр.
Сондай-ақ, қоқыстарды сұрыптап, бөлек жинауға 82 адам дайын екендігін байқатты. Ал, бей-берекетсіз жатқан қоқыстар туралы тұрғындардың 10 пайызы ғана жедел желіге хабарлайтындығын айтты.
Бұл сауалнамалардың қорытындысынан мынадай ұсыныс туындайды: яғни қала халқы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға немесе бөлек жинауға дайын екендігін аңғартып отыр. Тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Сонымен бірге, Бұқаралық ақпарт құралдарынан түрлі бейнероликтер арқылы жеткізген тиімді деп санаймын. Халыққа мотивациялық іс-шаралар ұйымдастырылса, мысалы, балаларға арналған әртүрлі жанрдағы байқаулар, экочеллендждер, экомарафондар оң нәтижесін береді деген ойдамын. Тұрғындар дұрыс сұрыптауды үйрену үшін, жалпылама сұрыптау туралы қаулыға немесе кейбір жеке бұйрықтарға өзгеріс енгізу керек.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді басқару жүйесін ендіру маркетингтік зерттеулердің нәтижесі бойынша есеп. Зерттеу тобы. DAMU. – Алматы қ. 2018 ж. – 112 б.
- Концепция по переходу Республики Казахстан к "зеленой экономике" на 2013-2050 годы.
- Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Заңнама 2014 жыл 5 шілде № 235. қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар