Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзілік білім әлеміне кіру мақсатында Қазақcтанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар жүргізіледі. Елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру саласына жаңаша қарауда: мұғалімнің оқу–тәрбие үрдісін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды, білім алушылардан танымдық, шығармашылық потенциялдық дамытуды талап етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстандық педагог ғалымдар: Ә.Жүнісбек, А. Таубаева, Ж.Қараев,
М.Жанпейісовалардың еңбектері білім беру үрдісінде кең қолданылады [1].
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Амантұрұлы Қараевтың деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясының мақсаты – жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру.
Мұнда баланың таным қабілетіне сай төрт деңгейлік тапсырмалар даярлауда жеке тұлғаны жаңалыққа ұмтылуға итермелейтін жаңа қабілеттерін ашуға болатындығы ескеріледі.
Деңгейлік тапсырмалар - жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын жұмыстар жүйесі. Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту білім алушылардың қазақ тіл білімінің барлық саласы бойынша алған білімін тереңдете түсу мақсатында қолданылады. Сонымен қатар тілді меңгерту сабағында білім алушылардың білімін терендетудің бір жолы - оқу процесінде жаңа технологияны ұтымды пайдалана білу.
Сол себепті зерттеу жұмысымыздың мәнділігі Ж.А.Қаревтың деңгейлеп оқыту технологиясындағы білім алушылардың білім деңгейіне қарай жұмысты ғылыми түрде қалыптастыру қажеттілігіне назар аудару болып табылады[2].
Деңгейлік тапсырмаларды орындағанда мұғалім–бақылаушы, кеңесші. Деңгейлік тапсырмаларды қолдануда білім алушылардың ақыл-ой еңбегін жетілдіру талабы қойылады. Білім алушыларға деңгейлік тапсырмалар оны орындау әдістемелік кешенімен ұсынылады. Бұл технологияда жұмыс міндеті үш деңгейлік және қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады.
1-деңгей: міндетті, білім алушылық; 2-деңгей: алгоритмдік; 3-деңгей: эвристикалық материалды саналы түрде меңгеру; 4-денгей: шығармашылық – өз бетімен ауқымды оқу материалын меңгеру.
1-деңгейдегі тапсырмаларға:
- Жаттап алуға лайықталған болуы керек;
- Алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілген білімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік беру тиіс;
- Тапсырмалар жаңа тақырып үшін тиімді және өмірмен байланысты болуы керек. Мұндай тапсырмаларды құрастырған кезде олардың танымдылығы мен қызығушылық жақтарына көңіл аударған жөн.
2-деңгейлі тапсырмаларға:
1) Өтіп кеткен материалды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар;
2) Білім алушылардың ойлау қабілетін жетілдіруге берілетін тапсырмалар. Бұлар: логикалық жаттығулар, ребустер мен сөз жұмбақтар.
3-деңгейлік тапсырмаларға:
- Танымдық – ізденім түрдегі тапсырмаларды орындау барысында білім алушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімділігін жетілдіріп, тереңдетумен қатар, ол тағы да жаңа білімді меңгеріп, өзі үшін жаңалық ашуы тиіс.
Мұндай жұмыс – анализ бен синтез және салыстыру арқылы негізгісін анықтау, қорытындылау сияқты ой жұмыстарын қажет етеді.
- Әртүрлі әдіс-тәсілдермен шешілетін тапсырмалар.
- Өздігімен мысалдар мен тапсырмалар құрастыру және оны өздігімен шығару, өмірден алынған мәліметтер диаграмма, графиктер салу, жергілікті жағдайда өлшеу жұмыстарын жүргізу, көрнекі құралдар дайындауға берілетін тапсырмалар, ой қорытуға арналған, дағды қалыптастыратын тапсырмалар.
4-деңгей шығармашылық деңгей тапсырмалары:
- Білім алушылардың жинаған өмірлік тәжірибесі мен қалыптастырған ұғым, түсініктердің қиялы мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмаған, белгілі бір дәрежеде олардың басының икемділігін байқататын дүние жасап шығуына негізделген.
- Олимпиада тапсырмаларын орындау.
- Берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, ғылыми жобалар қорғау.
Демек, бұл тапсырмалар - білім алушылардың біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады.
Барлық білім алушылар жұмысын бір мезгілде бастап әрқайсысы білім игерудегі өз қабілетіне қарай өз биігіне жетеді. Әр білім алушының әр пәннен 100% үлгеріміне қол жеткізудің кепілі болады және әр оқу пәнінің барлық тақырыбы бойынша ең болмағанда міндетті 1-деңгейді игеруін толық жүзеге асырады. Әр деңгейдің барлық тапсырмаларын дұрыс орындағаны үшін білім алушылар сол деңгейді игергеніне сәйкес 12-балдық жүйемен ерекше бағаланады. Бұл жағдайда білім алушы мұғалімнің көмегінсіз өз бетімен білім алып, өзін-өзі басқару арқылы өз бетімен дами алатын тұлғаға айнала бастайды деп табылады.
Қорытындылай келе, деңгейлеп оқыту әдісі өте тиімді деп санаймын. Неге? Өйткені барлық баланың қабылдау қабілеті бірдей емес. Мұғалім әр баламен жеке-жеке жұмыс істей алмайды. Сондықтан да оларға деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олармен бірдей жұмыс жасауға мүмкіндік ала алады. Сонымен қоса сыныпта деңгейлік тапсырмаларды енгізгендегі басты ерекшелігі – сынып білім алушыларын «қабілетті» және «қабілетсіз» деп жасанды түрде әртүрлі топтарға бөлуді болдырмау. Бұл да қазіргі күндегі назар аударатын мәселердің бірі. Себебі тапсырманың жауабын біле тұрып айта алмайтын тұйық білім алушылар да болады. Бұл басқа білім алушылардың ойында “қабілетсіз” деген ойдың қалыптасуына себеп болады. Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту білім алушылардың қазақ тіл білімінің барлық саласы бойынша алған білімін тереңдете түсу мақсатында қолданылады. Деңгейлік тапсырмалармен жұмыс 62
жүргізу, біріншіден, білім алушының жеке қабілетін ашуға, екіншіден, өзіне деген сенімін жетілдіруге, үшіншіден, пәнге деген қызығушылығын арттыруға, төртіншіден, сабақтың тиімді, сапалы әрі қызықты өтуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар тілді меңгерту сабағында білім алушылардың білімін терендетудің бір жолы - оқу процесінде жаңа технологияны ұтымды пайдалана білу. Осындай жақсы жақтарының негізінде деңгейлеп оқыту әдісін пайдаланған дұрыс деп ойлаймын.
Әдебиеттер
1. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. - Алматы: Арыс, 2009. - 321 б.
2. Әбдіжәділқызы Ж. «Медицинадағы мемлекеттік тіл ахуалының негізгі аспектілері» Алматы, 2018