Кіріспе. Дәрілік өсімдік шикізаттарын экстракциялау – өсімдік шикізатындағы ерімейтін материалдардан еритін заттарды бөлуге мүмкіндік беретін процесс. Экстракциялау процесі – бұл өсімдік шикізатын экстрагентпен өңдеу және сығындалатын заттар өсімдік шикізатынан экстрагентке өтуі арқылы жүреді.
Экстракциялау әдістерінің әртүрлілігіне қарамастан, олардың әрқайсысы өзінің артықшылықтары мен кемшіліктеріне ие. Экстракцияның дәстүрлі әдістері (перколяция және мацерация) өте ұзақ уақытты және күрделі қол еңбегін қажет етеді. Ультрадыбыстық экстракция әдісін қолдану перспективті әдістердің бірі болып табылады [1].
Зерттеу жұмысының мақсаты N.Tabacum L. дәндерін экстракциялау кезінде ультрадыбыстық экстракцияның оңтайлы параметрлерін анықтау болып табылады.
Өсімдік шикізатының құрамындағы биологиялық белсенді заттар компоненттерінің сұйық фазаға барынша шығуына және өзіндік нативтік құрылымын сақтауға қол жеткізу үшін ультрадыбыстық өңдеудің оңтайлы режимдерін таңдау қажет [2].
Басқа тәсілдермен салыстырғанда ультрадыбыстық экстракцияның қол еңбегін аз қолдану, технологиялық процесс уақытын қысқарту, зиянды қоспаларды жою, экстрактивті заттардың шығуын арттыру сияқты артықшылықтары бар.
Ультрадыбыстық тербелістердің әсерінен өсімдік шикізатының жасушаішілік ұлпаларының тез және белсенді бұзылуы орын алады, бұл экстракция процесінің қарқындылығына және сығындыдағы биологиялық белсенді қосылыстардың мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ішкі молекулалық диффузия коэффициентінің ұлғаюын экстракцияланатын материал бөлшектерінің мөлшерін төмендету есебінен қамтамасыз етуге болады [3]. N.Tabacum L. дәндерін майдалаудың оңтайлы дәрежесі 0,1-0,5 мм-ге дейін.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Экстракциялау үшін N.Tabacum L. дәндері қолданылды (Анықтама №64-02, 14.02.2019 ж.).
Экстрактілерді алу 20±2 ºС температурада, ультрадыбыстық диспергатордың көмегімен жүргізілді. Биологиялық белсенді заттарды сығындауда экстрагент ретінде кең ауқымы бар еріткіш - этил спирті қолданылды. Экстракциялау үшін шикізат пен экстрагент ара қатынасы таңдалды.
Сығындыларды ультрадыбыстық өңдеу УЗД1-0.063/22 ТВЧ қондырғысының көмегімен жүргізілді. Қатты өсімдік шикізатына ультрадыбыстық әсер 18-ден 32 кГц-ке дейінгі диапазонда 8-20 минут бойы қарқындықпен жүргізілді.
Өсімдік шикізатының нақты өлшемін (10 г) химиялық стақанға салып, үстінен 100 см3 этил спирті (70, 90, 96) құйылды, химиялық стакан ультрадыбысты қондырғының ішіне салынып, шикізатты өңдеу жүргізілді. Ультрадыбыстық өңдеу кезінде орта 32-37 °С дейін қыздырылғанын атап өткен жөн (ультрадыбыстық қуатына және әсер ету ұзақтығына байланысты), бұл полисахаридтердің инактивациясына соқтырмайды.
Өңдеу аяқталғаннан кейін сығынды персс - фильтр көмегімен фильтрленді. Содан кейін құрғақ қалдық анықталды.
Экстракцияланатын заттардың құрамы өңдеу ұзақтығына және ультрадыбыстық толқындардың жиілігіне байланысты, алайда 20 мин ішінде әсер еткенде, ең жоғары көрсеткіштер көрсетті. Ультрадыбыстық өңдеу ұзақтығын одан әрі арттыру сығындыдағы биологиялық белсенді заттардың мөлшерін арттыруға әкелмейді, керісінше олардың бұзылуы мен инактивациясын тудырады [3].
Зерттеу нәтижесінде N.Tabacum L. дәндерін экстрагирлеу 22 кГц жиілікпен 20 минут әсер ету кезінде сығындыда экстрактивтік заттардың максималды шығуын алуға мүмкіндік беретіні анықталды.
Қорытынды. Осылайша, N.Tabacum L. дәндерін экстракциялау кезінде ультрадыбыстық экстракцияның оңтайлы параметрлері анықталды, 22 кГц әсер ету жиілігі және 20 минут экстракциялау уақыты, сығындылау процесінің уақытын қысқартуға және экстрактивтік заттардың шығуын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті.
Әдебиеттер
Лысянский В. М. Экстрагирование в пищевой промышленности / В.М. Лысянский, С.М. Гребенюк. – М.:Агропромиздат, 1987. – 188 с.
Ковалев В.Н. Практикум по фармакогнозии. Изд-во НФаУ; Золотые страницы, 2003. – 512 с.
Хмелев В.Н., Применение ультразвука высокой интенсивности в промышленности / В.Н. Хмелев, А.Н. Сливин, Р.В. Барсуков, С.Н. Цыганок, А.В. Шалунов; Алт. гос. техн. ун-т, БТИ. – Бийск: Изд-во Алт. гос. техн. ун-та, 2010. – 203c.