ТҮЙІН
Мақалада Шымкент қаласының онкологиялық орталығының хирургиялық бөлімшесінде ем қабылдап, ота жасалған науқаста операция үстінде жүрек қызметінің тоқтап, реанимациялық іс әрекеттер нәтижесінде арадан 25 мин өткенде қайта іске қосылғандығы туралы баяндалған. Операция толық эндотрахеальды наркоз аясында жасалған, ота басталғаннан 95 мин өткенде (науқаста жабысқақ ауруы болуына байланысты техникалық қиындықтар кездесті) клиникалық өлім анықталып, реанимациялық әрекеттер басталған.
Кілт сөздер: клиникалық өлім, қалалық онкологиялық орталық, операция, жүрек өкпелік реанимация, наркоз, жабысқақ ауруы
Өзектілігі: Клиникалық өлім деген адамдар арасында сирек болса да кездесіп отыратын жағдай. Ол нағыз өлім мен өмір арасындағы қысқа уақытты, ауыспалы, қайтымды терминальды кезең. Клиникалық өлім кезінде организмде барлық өмірлік маңызды ағзалардың қызметі уақытшы тоқтайды, орталық жүйке жүйесі (бас миы) әрекеті қожырап, сыртқы ортамен байланыс үзіледі. Сыртқы көрінісі бойынша дене өлген, толық анабиозға кетеді деген сөз. Ешқандай тіршілік белгісі жоқ, тітіркенулерге биологиялық жауап болмайды. Тек клеткаларда анаэробты зат алмасу жалғаса береді, ол да қысқа уақытқа әр түрлі жағдайға байланысты 5-10 мин қана. Одан асқан жағдайда бас миында қайтымсыз өзгерістер туындайды да алдымен гипоксияға сезімтал бас миы өледі де, сонан соң біртіндеп, басқа тіндер де биологиялық өлімге ұшырайды.
Олар туралы әр түрлі ғылыми мақалалар, ғылыми ізденіс жұмыстары мен алып қашпа әңгімелер де жетерлік.
Әдеби берілімдерге назар аударсақ:
Клиникалық өлімге алғаш назар аударып, арнайы термин (клиникалық өлім) енгізіп, алғаш ғылыми ғылыми тұрғыда зертеулер бастаған америкалық дәрігер, психолог Реймонд Моуди болды. Ол өз зерттеулері (бақылау) нәтижесін тұжырымдап, 1976 ж. «Өлімнен кейінгі өмір» атты публицистикалық кітап жазып шықты. Өз жұмысында Моуди «клиникалық өлімде» болып, қайта қалыпқа келген адамдардың сол кездегі соматикалық, психикалық жай күйі жақсы сипатталады[1].
Осындай ғылыми тұрғыдағы зерттеулерді Ресей реаниматология мектебінің негізін қалаушы академик В.А. Неговскии де жүргізді. Зерттеулері нәтижесін қорытындылай келе ол «клиникалық өлім» кезінде адамда сыртқы ортамен ешқандай байланыс болмайтынын, ақпарат алу қабілеті мүлдем тоқтап, бас ми қыртысының толық үнсіздікте болатынын айтқан. Америкалық дәрігер Е.Роудин мен ресейлік дәрігер реаниматолог Н. Губин де осыған ұқсас пікір білдірген[2].
Ресейлік дәрігер Полушин Ю.С. де 2004 ж жарық көрген «Руководство по анестезиологии и реаниматологии» атты еңбегінде клиникалық өлім туралы жазған[3]. Клиникалық өлімге алып келетін факторлар, нәтижесінде организмде туындайтын патофизиологиялық өзгерістер мен ауытқулар туралы оның сырт көрінісін жақсы суреттеген. Сонымен қатар алғашқы және дәрігерлік көмек түрлері мен тәртібін баяндаған
Испаниялық дәрігер Healthy Walla барселоналық 34 жастағы әйел Одри Марш тың қатты аязды күні далада қалып қойып, суықтан тыныс алу мен жүрек қызметінің тоқтап қалғандығы туралы ақпарат берген[4]. Онда клиникалық өлімде (суықтан дене температурасы 18 С түсіп кеткен) болған әйелдің арадан 6 сағ өткеннен соң реанимациялық әрекеттер нәтижесінде жүрек, тыныс алу жүйесі қалып қа келіп, есін жиғаны туралы жазылған. Автор клиникалық өлімге себеп болған суық оның 6 сағ ішінде толық биологиялық өлімге ұласпауының да негізгі себебі (метаболизмнің баяулауы) болғанын айтқан.
Усенко Л.В. әріптестерімен 2011 ж дайындаған «Сердечно-легочная и церебральная реанимация» атты практикалық оқу құралында клиникалық өлімнің негізгі себептері, клиникалық көрінісі мен шұғыл көрсетілуі тиіс медициналық көмек шараларын келтірген. Реанимациялық көмекті барлық медициналық сала мамандары білуі тиіс екендігін айтқан[5].
Әдеби берілімдерді сараптай келе, халық арасында әр түрлі жарақаттар, қоршаған ортаның әсерлері т.б.да төтенше жағдайларда және клиникалық медицинада әр түрлі медициналық (араласулар) диагностикалық, емдік көмек беру кезінде осындай күрделі өзгерістер болуы сирек емес екендігіне көз жеткіздік. Клиникалық өлім себептерінің де алуан түрлі екендігін білдік.
Жұмыс мақсаты: Клиникалық өлім жағдайында дағдылы болып есептелген реанимациялық әрекеттің уақытын созудың кейде нәтижелі болатындығын дәлелдеу, және жүректің көк ет арқылы ашық массажының нәтижелілігін дәріптеу.
Жұмыс материалдары мен тәсілдері: Жұмыс материалы ретінде клиникалық өлімге душар болып, жүрек өкпе реанимациялық әрекеттері арқасында қалыпқа келген науқас жағдайы алында. Жағдай Шымкент қалалық онкологиялық орталықта да орын алды. Бауыр ісігі диагнозымен ота жасалу үстінде жүрек соғысы тоқтап, клиникалық өлімге душар болған науқас жүрегі арадан 25 мин өткенде ғана қайта соға бастады.
Толығырақ: Науқас әйел С. 72 жас ауруханға түскен кездегі диагнозы:
Бауыр сол бөлігінің обыры. T4NxM0. St III. II клиникалық топ. Қосалқы диагноз: III дәрежелі артериалды гипертензия. Риск III. ЖЖФС I. Созылмалы билиарлы тәуелді панкреатит, толық емес ремиссия. Созылмалы тубулоинтерстициалды нефрит, белсенді емес фаза. Бүйректер қуыстанулары. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай.
Өмір анамнезі: Өсіп-дамуында ерекшеліктер жоқ. Туберкулезбен, вирусты гепатитпен,
венерологиялық аурулармен ауырмаған. Гемотрансфузия қабылдамаған. Ампициллинге аллергиясы бар. Бұған дейін бірнеше рет оталар жасалынған: 1998 ж. “Эндобейнелапароскопиялық холецистэктомия”, “Лапаротомия, Ру ілмегінде холедохоэнтероанас-томоз”, 2002 ж. отадан кейінгі вентралды жарық бойынша, 2006 ж. жабыспалы ішек өтімсіздігі бойынша, 2011 ж. көкеттің өңештік саңылауының жарығы бойынша оталар жасалынған. Терапевтте артериалды гипертония бойынша диспансерлік тіркеуде тұр.
Лабораториялық зерттеу нәтижелері қалыпты деңгей шегінде.
Отаалды дайындықтан кейін науқасқа 30.10.2019 ж. 10.00-13.10 сағ. “Лапаротомия, жабыспаларды ажырату, бауыр сол бөлігінің цитопункциясы, құрсақ қуысының дренаждалуы” отасы жасалынды. Ота интубациялық, миорелаксация аясында жасалынды. Құрсақ қуысы ағзаларына бұған дейін бірнеше рет ота жасалуына (жабысқақтардың көп болуы салдарынан) байланысты бауырға дейін жету техникалық қиындықтармен ұзақ уақытта жүзеге асты. Нәтижесінде отаның бауырға жету барысында, (95 мин) жасанды тыныс алумен эндотрахеальды наркоз аясында науқастың қан қысымы күрт төмендеп, жүрек соғуы тоқтады. Перифериялық қан тамырларымен қатар, құрсақ аортасы және пальпаторлы жүрек соғысы білінбеді. Монитордағы жүрек биотогы сызығы бір деңгейде.
Науқас клиникалық өлім жағдайына түсті.
Жұмыс нәтижесі: Операция тоқтатылып, шұғыл жүрек реанимациясы басталды. Бастапқыда тікелей емес массаж, төс сыртынан үздіксіз жасалынды. Талапқа сай бұғана асты венасына, операция алдында қойылған катетер арқылы қажет дәрі, дәрмектер ендірілді
Кардиоэлектродефибриллятор арқылы арасын 5 мин үзіп 3 рет дефибрилляция жасалды.
Нәтижесі теріс, жүрек қызметі қалпына келе қоймаған. Әрекеттердің барлығы оттегі қосылған, аппаратты жасанды тыныс алу мен тікелей емес жүрек массажы аясында жасалып жатқан. Реанимациялық топтың әрекетінің нәтижесіз болуынан операция залына жиналған дәрігерлердің үміті азайып, реанимациялық әрекетті тоқтату жөнінде ұсыныстар түсе бастады. Соңғы талпыныс қарбаластың 23 мин да жүрек массажын бимануальды, бір қол төс етегінен екінші қолмен құрсақ көк еті арқылы жүректі сығымдау арқылы жалғастырылды. Осы тәсілмен жұмыс жасағаннан соң ғана жүректің оқта – текте бір соғып, жұмыс істей бастағаны білінді. Ол арнайы мониторда көрініс тапса, құрсақ аортасы арқылы пульстің пайда болғаны білініп тұрды. Біртіндеп жүректің қызметі дұрыстала келе реанимациялық әрекеттің 25 минутында толық қалыпқа келді, қан қысымы да операцияға дейінгі межеге жетті. Науқас терісінің түсі дұрысталып, көрінетін кілегей қабаты қалыпты түске енді. Көз қарашығы біршама кеңіген қалыпта. Жүрек қызметінің медикаментозды сақталуы және жасанды аппаратты тыныс жалғастырыла берді. 10 мин үзілістен кейін ота жалғасын тапты. Интраоперациялық консилиум, операция үстінде өрбіген клиникалық өлім жағдайын және науқастың басқа да ілеспелі ауруларын ескере отырып, оталық ем бауыр ісігінің цитопункциясымен шектеуді жөн деп тапты. Бауырдан биопсиялық материал алынып, құрсақ қуысы қабатталып тігілді. Құрсақ қуысына бауыр астына және бүйірлік каналға дренаж түтіктері қалдырылды. Асептикалық таңғышпен ота аяқталды.
Наркоздан ояну екі сағаттан кейін. Екі тәуліктен соң науқас палатаға ауыстырылды. Түтіктер 4-5-ші тәуліктерде алынып тасталды, тігістері 10 тәулікте алынып, үйіне екі аптадан соң шығарылды.
Цитология №5619-2: материал шыныға қалың қабатпен салынған. Жағындыларда кілең қан элементтері, жасушалар анық көрінбейді және олардың табиғаты туралы айту мүмкін емес.
PS. Есін жиғаннан кейін сұрастыру барысында, науқас клиникалық өлім кезеңінде оған ешқандай дауыстық немесе көріністер әсер етпегендігін айтты. Яғни ешнәрсе сезбеген, көрмеген.
Қорытынды және ұсыныстар: мақала нәтижесін қорыта келе, анықталғаны:
операция үстінде толық наркоз аясында да клиникалық өлім туындау қаупі барлық уақытта бар.
Клиникалық өлім кезінде реанимациялық әрекеттер комплексті болуы жақсы нәтиже беретіндігі дәлелденді, жасанды аппаратты тыныс алу, жүрек массажымен жалғастырылуы керек.
Тиісінше медикаментозды және деффибрилляторлы демеу қажет.
Жүрек уқалау (массажын) көк ет арқылы бимануальды жалғастыру тікелей емес массажға қарағанда жақсы нәтиже береді.
Реанимациялық әрекет уақытын максимальды (адекватты) созу ұсынылады
Әдебиеттер
- Жизнь после жизни. Рэймонд Муди. – Лениздат – 1991.
- Неговский В.А. Клиническая смерть глазами реаниматолога//Человек. - М., 1991
- Полушин Ю.С. Руководство по анестезиологии и реаниматологии, 2004.
- https://healthy.walla.co.il/item/3328232 Healthy Walla
- Усенко Л.В., Царев А.В., Кобеляцкии Ю.Ю. Сердечно-легочная и церебральная реанимация. - 2011.