Сасық қурай сұйық экстрактысын алуда шикізаттың ұнтақталу дәрежесі мен экстрагент әсерін зерттеу

Түйін

Соңғы жылдарда Ферула тұқымдас өсімдіктерге зерттеуші мамандар көп көңіл бөлуде, өйткені Ferula asafоetida l. биологиялық белсенді заттардың көзі болып табылады. Мақалада Ferula asafоetida l. өсімдік шикізаты тамырынан сұйық экстракт алуда экстрактивті заттардың шығымына әсер ететін факторлар зерттелген. Сұйық экстракт алу үшін, ұнтақталу дәрежесі 2-4, 4-6, 6-8 мм өсімдік тамырлары, 40, 70, 90%-ды этил спирті және реперколяция тәсілі қолданылды.

Кілт сөздер: Ferula asafоetida l., ұнтақталу дәрежесі, реперколяция, сұйық экстракт.

Кіріспе. Галенді препараттарды дайындауда шикізатты ұнтақтау, алдын-ала сулау және экстракциялау өсімдік текті дәрілік түрлерді алудың негізгі кезеңі болып табылады [1].

Экстракциялау сатысы – фитопрепараттар технологиясын оптимизациялау мақсатында өсімдік шикізатынан алынатын заттардың шығымына әр түрлі факторлардың әсерін зерттеуде одан әрі қызығушылық тудыратын күрделі үрдіс. Экстракциялауға өсімдік шикізатының ұнтақталу дәрежесі мен оларды ұнтақтау сипаты, экстракциялау уақыты, өсімдік материалының морфологиялық құрылымы, экстрагенттің табиғаты мен шикізат және экстрагенттің арақатынасы факторлары әсер етеді [2].

Жұмыстың мақсаты: Сасық қурай (Ferula asafоetida L.) тамырынан сұйық экстракт алуда экстрактивті заттардың шығымына әсер ететін факторларды зерттеу.

Материалдар және әдістер. Кептірілген және ұнтақталған затты экстракциялау қиын физика-химиялық үрдіс. Экстракциялаудың тиімділігі көптеген факторларға байланысты, сондықтан экстракциялау кезінде бірнеше факторлар ескеріледі. Біздің зерттеумізде қарастырылған факторлар: экстрагент түрі және шикізаттың ұнтақталу дәрежесі. Экстрактивті және биологиялық белсенді заттардың максималды шығымына қол жеткізу үшін оңтайлы экстрагент таңдау керек. Шикізатты экстракциялаудың тиімді параметрлерін таңдау экстрактивті заттардың шығымы бойынша бақыланды (ҚР МФ әдісі бойынша).

Сасық қурай (Ferula asafоetida l.) өсімдік шикізаты тамырынан сұйық экстракт алу үшін реперколяция әдісі таңдалды. Сұйық экстракт алу үшін бұл әдісті таңдауымызға мына жағдай себеп: бұл әдіс кіші сериялары сұйық экстрактылар өндірісінде кеңінен қолданылады, өсімдік шикізатын мүмкіндігінше толығымен сығындылауға және жоғарғы концентрациялы сұйық экстракт алуға мүмкіндік береді [3].

Экстракциялау реперколяция әдісімен, соның ішінде Босин тәсілімен бөлме температурасында жүргізілді.

Экстрагентті іздеу көбінесе әсер етуші заттардың химиялық құрамы мен фармакологиялық белсенділігіне тәуелді. Яғни, экстрагент биологиялық белсенді заттарды экстракциялауды қажет ететін іріктеушілік қасиетке ие болуы керек. Концентрациясына байланысты этил спирті әр түрлі іріктеушілік қабілетке ие [4]. Экстрагент ретінде этил спиртінің әртүрлі концентрациялары алынды (40, 70, 90%). Тиімді экстрагентті таңдауды зерттеу нәтижесі 1- кестеде берілген.

Кесте 1 – Экстрактивті заттардың шығымына экстрагенттің әсері

Экстрагент, Этил спирті

Экстрактивті заттардың шығымы, %

90 %

21,20 ± 1,10

70 %

17,60 ± 1,00

40 %

15,80 ± 0,80

Кестеден көріп тұрғанымыздай, экстрактивті заттардың көп мөлшері 90 % этил спиртімен сығымдалды. Сасық қурай тамырынан экстрактивті заттардың максималды шығуын ескеріп, тиімді экстрагент ретінде 90 % этил спирті таңдалды.

Экстракциялау процесіне әсер ететін тағы да бір маңызды фактор дәрілік өсімдік шикізатының ұнтақталу дәрежесі мен ұнтақталу сипаты саналады. Ұнтақтау дәрілік өсімдік шикізатының сапасына өте зор ықпалын тигізеді. Өсімдік шикізатының ұнтақталған бөлшектерінің өлшемі фазалардың жанасу бетін анықтайды. Ол қаншалықты үлкен болса, диффузия соншалықты тез жүреді [5]. Шикізатты тиімді ұнтақтауды таңдау үшін, ұнтақталу дәрежесі 2-4, 4-6, 6-8 мм өсімдік шикізаты тамырынан экстрактивті заттардың шығымын зерттедік. Нәтижесі 2-кестеде берілген.

Кесте 2 – Экстрактивті заттардың шығымына шикізаттың ұнтақталу дәрежесінің әсері

Ұнтақталу дәрежесі, мм

Экстрактивті заттардың шығымы, %

2 – 4

21,50 ± 1,00

4 – 6

20,10 ± 1,20

6 – 8

19,00 ± 1,10

Кестеде берілгендей, экстрактивтік заттардың максималды шығымы болатын ұнтақталу дәрежесі – 2- 4 мм болды.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес экстрагент ретінде 90 % этил спирті таңдалды және 1:1 қатынаста сұйық экстракт алынды.

Нәтиже. Ұнтақталу дәрежесінің тиімді мөлшері 2-4 мм, ал этил спирттің тиімді концентрациясы 90% екендігі анықталды.

Қорытынды. Сасық қурай дәрілік өсімдік шикізатынан сұйық экстракт алуда экстрактивті заттардың максимальды шығымына қол жеткізу үшін әсер ететін факторлар, атап айтқанда, шикізаттың ұнтақталу дәрежесі мен экстрагенттің концентрациясының әсері зерттелді.

Әдебиеттер

  1. Гужва, Н. Н. Технология жидкого экстракта астрагала серпоплодного [Текст] / Н. Н. Гужва. - Фармация. - 2008. - № 6. - С. 40-42.
  2. Минина, С. А. Химия и технология фитопрепаратов [Текст] / С. А. Минина, И. Е Каухова. - М: Гэотар- мед, 2004. - 560 с.
  3. Способ экстрагирования лекарственного растительного сырья [Текст] / М. В. Швырев, А. Ю. Прошин, Е. В. Иванов [и др.] // Разработка, исследование и маркетинг новой фармацевтической промышленности : сб. науч. тр. - Вып. 60. - Пятигорск, 2005. - С. 164-166.
  4. Верещагина, В. В. Выбор оптимального растворителя для экстракции активных веществ коры березы [Текст] / В. В. Верещагина, Л. В. Погребняк, Е. В. Юшко // Разработка, исследование и маркетинг новой фармацевтической продукции : сб. науч. тр. - Вып. 61. - Пятигорск, 2006. - С. 77-78.
  5. Хазиев, Р. Ш. Влияние технологических факторов на изготовление настоев из цветков ромашки Текст. / Р. Ш. Хазиев, Ю. В. Бусыгина, Р. А. Юсупов // Фармация. 2005. - № 5. - С.26-28.
Жыл: 2018
Қала: Шымкент
Категория: Медицина