Кіріспе. Қазіргі уақытта паллиативті көмек-медициналық және әлеуметтік қызметтің маңызды бағыты. Бүгінгі таңда, паллиативті медициналық көмек көрсетуде оңтайлы жағдай жасалуда. Көптеген елдерде денсаулық сақтау саласы бюджетінің үлкен бөлігі өмірінің соңғы жылдарында адамдарға медициналық көмек көрсету үшін жұмсалатына қарамастан, олар өз қажеттіліктеріне қарай тиісті көмекті әрдайым ала алмайды. Оларға күтім жасаумен, медициналық қызмет көрсетумен, көптеген препараттардың тапшылығымен немесе қымбаттығымен, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жеткіліксіздігімен, үйге көмек көрсету үшін көліктің жетіспеуімен байланысты қиындықтар туындайды. Емделушілердің өздерінің уайым-қайғысымен қатар, олардың туыстарының да қайғы-қасіреті қатар жүреді. Күшейген созылмалы сырқаттың соңғы сатысындағы емделушілердің өмір сүру сапасын жақсарту қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың маңызды медициналық-әлеуметтік мәселелерінің бірі болып табылады, ал көмек көрсету шешімі паллиативті медицинада маңызды [1].
Инкурабельдік науқастар өмірінің соңғы уақытында апталап немесе айлап зардап шегеді. Жиі ауырсыну белгілері осы науқастардың 70-80% кездеседі [2].
Заманауи мейіргерлік тәжірибе, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, науқасқа бағытталған мейіргерлік күтім принциптерін дамытуды талап етеді. Науқасқа бағытталған мейіргерлік күтім науқастың пікірін есепке ала отырып нәтижелі әріптестік орнату және шешім қабылдау, жұмыстарды келісу концепциясына негізделген. Бұл технология әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне қарқынды түрде енгізілуде және науқастардың қанағаттануына, мәселелердің нақты айқындалуына, коммуникативті дағдылардың қалыптасуы нәтижесінде науқаспен толық байланыс орнату үшін қажет. Жан-жақты көмек көрсету үшін және науқасты қуаттап қолдау үшін мейірбикеге коммуникативтік және кәсіптік білім қажет, ол тыңдап, сұрақ қойып, бірге уайымдап, қамқорлық жасауды білуі керек [3].
Қазақстан Республикасының үмітсіз науқастарға өмір сүру сапасын жақсарту үшін біріншіден, ең үздік халықаралық тәжірибе негізінде паллиативтік көмекті дамыту, екіншіден, опиоидты анальгетиктер қол жетімділігін қамтамасыз ету, үшіншіден, медициналық және медициналық емес даярлаудың жоғары деңгейлі жүйесін құру қажет болып табылады [4].
Зерттеу мақсаты. Науқастармен дұрыс қарым-қатынас орнату және олардың ішкі жан-күйзелісін сезіне білу. Өмір сапасын арттыру.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу Шымкент қаласы, Т.О.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында «Паллиативті көмек және мейірбикелік күтім» бөлімшесінде жүргізілді. Бөлімше 40 төсек орынмен қамтылған. Науқастарың 85% - 50 жастан жоғары, 15% - 50 жастан төмен науқастар. Науқастардың шағымы барысында олардың көпшілігі мазасыз, ашуланшақ, ұйқысыздық, жалпы әлсіздік, бас ауруы,бас айналуы, тәбеттің болмауы, т.б. Науқастармен қарым-қатынас барысында коммуникативті дағдыларды сақтай отырып,ең алдымен сәлемдесіп, қал-жағдайын, шағымдарын сұрап, көңіл бөліп отыру маңызды.
Нәтижелері және талқылау. И.М.Юсупованың «Эмпатия деңгейінің диагностикасы» әдісі бойынша бөлімше дәрігерлерімен сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері: екі дәрігер эмпатияның жоғары деңгейі, бірі 74, бірі 78 балл, үшінші дәрігер 58 балл эмпатияның орта деңгейін көрсетті.
Қорытынды. Палииативті көмектің негізгі міндеттері:1)Талапқа сай ауырсынуды басу және басқа физикалық симптомдарды тоқтату. 2)Науқастарға және оларға күтім жасап жүрген туыстарына психологиялық қолдау көрсету. 3)Адамның өмір жолындағы қалыпты кезең ретінде өлімге деген қатынастарын қалыптастыру. 4)Науқастың және оның жақындарының рухани қажеттілігін қанағаттандыру. 5)Әлеуметтік және заңды сұрақтарды, медициналық биоэтика сұрақтарын шешуболып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Игликова А., Мұсабаев Б.С. Паллиативті көмек: ем қонбайтын науқастардың өмірін жақсарту. Журн. Медицина. -2015ж. - №2 (152). С. -2-4.
- Турарбекова Т.Г. Паллиативная помощь инкурабельным больным с хранической болью. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының хабаршысы 4(73)-2015ж. С. -49.
- Сақтағанова А.А. Мейірбикелік істегі қарым-қатыныс. Журн. Мейірбике ісі. -2016ж. С. -9-10.
- Кайдарова Д.Р., Кунирова Г.Ж. Паллиативная помощь в Казахстане: этапы развития и текущие вызовы.