ТҮЙІН
Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының репродуктивтік денсаулығының қалыптасу заңдылықтары мен оған зияндылығын тигізетін себептердің қатерлілік қуатын анықтау нәтижелері ғылыми тұрғыда негізделген басқару жүйесін ұсынуға негіз болды.
Кілт сөздер: Репродуктік денсаулық, қалыптасуы, қауіп-қатер, ұсыныстар.
Зерттеудің өзектілігі. Репродуктивті денсаулықты сақтаудың мемлекеттік саясатын орындау барысында бірқатар қиындықтарды жеңу қажеттігі туындады. Олардың бірі медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нашарлығына және мамандар біліктілігінің төмендігіне байланысты. Бірақ бұл жағдай репродуктивтік денсаулықты сақтау саласындағы кез-келген алға қарай жылжу өте қымбат техниканы және осы салаға білікті мамандарды тартуды талап етеді дегенді білдірмейді. Қазіргі таңда, Қазақстан үшін шығынды барынша аз қажет ететін, бірақ жоғары нәтижелерге қол жеткізуге жол ашатын технологияларды ендіру өзекті мәселеге айналып отырғандығын атап өтпеуге болмайды.
Осы тұрғыда қарастырғанда, Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесінде инновациялық технологияларды ендіру механизмі жетілдірілмеген, репродуктивтік денсаулықты сақтау жүйесін басқарудың бірыңғай тұжырымдамасы мен ғылыми тұрғыда негізделген ұйымдастырушылық-экономикалық жүйесі жасалмаған.
Зерттеу мақсатын - әйелдердің репродуктивтік денсаулығын сақтауды ұйымдастыру мен басқару жүйесін жетілдіру ісін заманауй талаптарға сай ғылыми тұрғыда негіздеу деп алдық.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Қойылған мақсат пен міндеттерді орындау үшін әйелдердің репродуктивтік қызметіне әлеуметтік-гигиеналық қауіп-қатер себептерінің әсер ету заңдылықтарын зерттеу бағдарламасы жасалды. Оның негізін гигиеналық, клиникалық - статистикалық, зертханалық және статистикалық зерттеу әдістері құрады.
Негізгі нәтижелер. Тәуелсіздік алған жылдары, әсіресе соңғы 10 жылда Оңтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық көрсеткіштердің динамикалық сипаты туылу көрсеткішінің өсуімен, некесіз туылғандар санының төмендеуімен, түсік тастаудың азаюымен және туылған нәрестелер салмағының бірте-бірте артуымен сипатталады. Жүкті әйелдердің арасында анемияның деңгейі 32,4%- дан 21,7%-ға дейін төмендеді. Гестоздың деңгейі 1,4 есеге, қалқанша безінің аурулары 3,2 есеге, зәр жыныс жүйесі патологиялары 2,5 есеге, қант диабеті 2,1 есеге төмендеп отыр. Алайда, жүкті әйелдердің денсаулық индексі соңғы жылдары 27,9% ғана құрады. 2014 жылы нәрестелер арасындағы аурушаңдықтың деңгейі 273,6%о0 құрады және 2005 жылғы оның деңгейінен (379,8%о0) айтарлықтай төмендеп отыр. Салмағы төмен нәрестелер санының (2500гр төмен) азаюы тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы мен тамақтану сапасының жақсаруын көрсетеді (2 сурет). 2004 жылдан (6,82%) 2014 жылға дейіңгі (5,75%) аралықта салмағы төмен нәрестелердің туылу жиілігі 1000 нәрестеге балап есептегенде 1,07% төмендеді. Репродуктивтік денсаулықтың жақсаруына бірінші кезекте фертильдік жастағы аналар арасындағы патологиялардың азаюы себеп болып отыр.
Фертильдік жастағы әйелдердің денсаулығын тексеру, ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығының қала әйелдері арасындағы денсаулық көрсеткішінен төмен екендігін көрсетті. Ауылдық жердегі фертильдік жастағы әйелдердің экстрагениталдық аурушаңдығы 1000 осы топтағы әйелдерге балап есептегенде 906,3% болса, қалалық фертильдік жастағы әйелдердің экстрагениталдық патологиялармен аурушаңдығы 870,1% құрап отыр немесе ауылдық жердің әйелдері арасындағы аурушаңдық 4,16 жоғары болып шықты. Бұл жағдайдың қалыптасуына ауыл тұрғындары арасындағы барлық экстрагениталдық патологиялардың қосқан үлесі жоғары. Ауылдық жердегі әйелдер арасындағы анемияның деңгейі қалалық әйелдердің арасындағы анемиядан 3,09%-ға (+12,9%) жүрек- қан тамыр жүйесі аурулары бойынша 1,97%-ға (2,4%), зәр-жыныс органдары аурулары бойынша 6,23%-ға (11,1%), тыныс алу органдары аурулары бойынша 3,85%-ға (3,8%) эндокриндік жүйе аурулары бойынша 15,32%-ға (1,9%), өзге аурулар бойынша 9,62%-ға (4,1%) жоғары болып шықты. Бұл жағдайдың осылайша қалыптасуына ауылдық жердегі әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау, медициналық көмекпен қамтамасыз ету қалалық елді мекендегі әйелдерге көрсетілетін осындай әлеуметтік-медициналық көмектен ана ғұрлым төмен екендігінде жатыр.
Енді фертильдік жастағы әйелдер арасында экстрагениталдық патологиялардың жастық топтар бойынша таралуына көңіл бөлсек, онда әйелдердің жасы ұлғайған сайын бұл патологиялардың таралу деңгейі де арта түсетіндігін көрсетіп отыр (сурет). Экстрагениталдық аурулардың құрамын зерттеу, фертильдік жастағы әйелдер арасында анемия ауруының өте екінші рангалық орында зәр-жыныс органдарының аурулары орналасқан (184,3%). Жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларының таралу жиілігі жоғары (122,8). Облыс бойынша 1000 балап есептегенде әрбір 12,4 әйелде кездессе, ауылдық жерде 12,6 фертильдік жастағы әйелде ұшырасып отыр. Осы үш патология, экстрагениталдық патологиялар ішіндегі репродуктивтік денсаулыққа және нәрестелер өміріне аса күшті қауіп-қатер туғызатындықтан әйелдерді диспансерлік бақылауға алу шараларын күшейтіп, мониторлық тексеруге дұрыс көңіл бөлу қажет. Тыныс органдары мен эндокриндік жүйе аурулары (100,4 және 12,9%) да өз кезегінде дәрігерлердің жіті бақылауын және диспансеризациялауын белсенді ұйымдастырылуын талап етеді. Әйелдердің репродуктивтік қызметіне айтарлықтай кері әсерін тигізетін экстрагениталдық аурулардың таралу жиілігі фертильдік жастағы әйелдердің жастық тобына тікелей байланысты екендігі анықталып отыр. 15-18 жастағы фертильдік жастағы әйелдердің арасындағы анемияның таралу жиілігі 14,7% жетсе, 20-29 жастағылар арасында 27,4%, 30-35 жастағылар арасында 31,2%, 35 жастан асқандарда
30,4% дейін артып отыр. Фертильдік жастағы әйелдер арасында жастық топтарға қарай жүрек-қан тамыр жүйесі патологиялары жылдам өсіп 15-19 жаста 2,9% болса, 35 жастан асқан әйелдер арасында 42,5% дейін өседі. Дәл осындай жағдай зәр-жыныс жүйесі органдары аурулары бойынша да қалыптасып отыр. 15-19 жастағы фертильдік әйелдерде оның деңгейі 17,3% болса, 35 жастағылар арасында 43,8% дейін жетіп отыр. Репродуктивтік қызметтің дұрыс жұмыс атқаруы үшін гинекологияның аурушаңдықтың деңгейі мен таралу динамикасы ерекше роль атқарады.
Гинекологиялық аурулардың жастық топтар бойынша таралуын сараптау, аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі 35 тен асқан әйелдерде қалыптасқандығын көрсетсе (771,5%), ал оның ең төменгі деңгейі 15-19 жастағы әйелдерде қалыптасып отыр (78,89%). Әйелдердің жасына қарай, олардың арасында қалыптасатын гинекологиялық аурулардың құрамы да әртүрлі болып шықты. 15-19 жастағы әйелдерде жыныс жолдары арқылы тарайтын инфекция мен менструалдық циклдың бұзылыстарының үлес салмағы басым болса, 20-29 жастағыларда - жатыр мойны эрозиясы, сальпингоофорит және кольпит (71,4%) жиі ұшырасады. 30-39 жастағыларда сальпингоофорит пен кольпит (68,9%) жиі кездессе, 40-49 жастағы әйелдерде сальпингоофорит (46,2%) пен кольпиттің (17,9%) үлесі жоғары. 50- ден асқан әйелдерде миомасы (35,64%), жатыр мойнының эрозиясы (23,1%) және овариалды- менструальдың циклдің бұзылыстары басым келеді.
Ал гинекологиялық аурулар мен түсік тастау оқиғалары санының арасында тікелей корреляциялық байланыс бар екендігі анықталды. (сурет) 1 рет аборт жасаған фертильдік жастағы әйелдер арасындағы гинекологиялық аурулардың таралу жиілігі 679,2% болса, 2 рет түсік жасаған әйелдерде 803,7%, ал 3 және одан көп аборт жасағандарда гинекологиялық аурулардың таралу деңгейі 968,9% дейін жетті. Анықталған корреляциялық байланыстың дәрежесі сатылап өседі, оның ішінде 1 рет түсік жасатқандар мен гинекологиялық аурушаңдықтың арасындағы корреляциялық детерминация r=+0,62 болса, екі рет түсік тастағандар мен гинекологиялық аурушаңдықтың байланысы r=+0,79, ал үш және одан көп аборт жасағандар мен гинекологиялық аурушаңдықтың корреляциялық байланысы r=+0,96 тең болып шықты (сурет).
Айта кету керек, аборт жасалмаған фертильдік жастағы әйелдердегі гинекологиялық аурушаңдықтың деңгейі 212,3%-ді ғана құрап отыр. Репродуктивтік жүйенің қызметін бұзатын қатерлі себептердің арасында жыныс жолдары арқылы тарайтын инфекциялардың маңызы өте үлкен.Фертильдік жастағы әйелдердің арасында жыныстық қатынас арқылы тарайтын инфекцияның облыс аумағында таралуы әртүрлі деңгейде болып шықты. Жалпы облыс бойынша оның деңгейі 73,4% болса, оның ең жоғары тарау деңгейі Шымкент қаласында орын алған (102,5%), ал оның ең төмеңгі деңгейі шалғай жатқан Отырар ауданында (56,4%) қалыптасып отыр. Аудандардың ішіндегі фертильдік жастағы әйелдер арасында қалыптасқан жыныстық қатынас арқылы тарайтын инфекцияның деңгейі әсіресе Шымкент қаласына жақын орналасқан Қазығұрт (79,7%), Ордабасы (72,8%), Сайрам (69,2%) аудандары мен аудан орталықтары ірі Сары-ағаш (69,0%), Шардара (74,5%) аудандарында эпидемиологиялық жағдай аса жақсы емес. Сонымен қалада тұратын фертильдік жастағы әйелдер ауылдық әйелдеріне қарағанда жыныстық қатынас арқылы таралатын инфекцияларға 1,5-2,0 есеге артық шалдығатын болып шықты. Бұл жағдайды, қалалық елді мекендерде кеңінен орын алған коммерциялық секс, норкомания, алкоголизм сияқты індеттердің фертильдік жастағы әйелдер арасында жиі кездесетіндігімен түсіндіруге болады. Ал ауылды жерде бұл диагноздың аса сирек қойылуына диагностиканың нашарлығы де өзінің әсерін тигізуде деп айтуға болады. Дәл осы жағдайлар, қала тұрғындары арасында хламидиоз (Шымкентте 19,2%, Кентауда - 16,7%, Түркістанда 16,5%), сифилис (Шымкентте 4,9%, Түркістанда 3,4%, Кентауда -3,6%), гонорея (Шымкентте 16,2%, Кентауда -14,9%, Түркістанда 14,3%) сияқты аса қауіпті инфекциялардың, ауылдағы әйелдер арасында қарағанда жоғары деңгейде таралғандығын (хламидиоз - 10,7-14,3%-ге дейін, сифилис - 1,6-дан 2,6%- ге дейін) айта кеткен жөн деп есептейміз. Фертильдік жастағы әйелдер арасындағы жүзеге асырылған социологиялық зерттеу жұмысы Оңтүстік Қазақстан облысындағы орташа жүктілік санын анықтауға жағдай туғызды (сурет).
Фертильдік жастағы әйелдердің 24,3% бір рет жүкті болса, 27,1% екі рет, 22,2% үш рет, 12,7% 4 рет, ал 13,7% 5 рет және одан да көп жүктілікті көтерген. Жалпы фертильдік жастағы әйелдердің жасы ұлғайған сайын оның жүкті болу саны арта түскен 15-19 жас аралығындағы әйелдерде жүктіліктің орташа саны 1,72 құраса, 20-24 жаста 2,38 оқиғаны, 25-29 жаста 2,82 оқиғаны, 30-34 жаста 3,59 оқиғаны, 35-39 жаста 4,38 оқиғаны, 40-44 жаста 5,28 оқиғаны және 45-49 жаста -5,32 оқиғаны құрады. Көптеген зерттеулердің нәтижелері жүктіліктің барысы мен әйелдердің білімі арасында тығыз байланыстың бар екендігін көрсетті. Біздің зерттеуіміз тірі туылған нәрестелердің 46,9%, білімі жоғары әйелдердің дүниеге алып келгендігі белгілі болды.
Соңғы жылдары қол жеткізген ғылыми нәтижелер түсік тастау мәселесінің репродуктивтік денсаулыққа аса күшті әсерін тигізетіндігін көрсетеді. Түсік тастау оқиғалары қалалық әйелдерде (462,7%о), ауылдық жердің фертильдік жастағы әйелдеріне қарағанда жиі (356, 7%), орын алады (сурет).
Орта есеппен облыстың әрбір 1000 фертильдік жастағы әйеліне балап есептегенде 409,7 аборт жасау оқиғасы тура келеді екен. Басқаша айтқанда әрбір екінші фертильдік жастағы әйел түсік тастаған екен. Аборт жасау жиілігі төмендегідей болып шықты. Жалпы аборт жасағандардың ішіндегі 48,2% бір рет, 29,1% екі рет, 10,2% үш рет, 12,5% төрт рет және одан да артық әйелдер түсік жасауға ұмтылған екен.
Сонымен,түсік тастаудың фертильдік жастағы әйелдердің жастық ерекшелігіне қарай таралуын зерттеу, оның ең жиі қолданысы 35 жастан асқан әйелдерде қалыптасқандығын көрсетті (29,9). Репродуктивтік денсаулықты жақсарту мақсатында, оған кері әсерін тигізетін әлеуметтік- медициналық, тұрмыстық себептерді үнемі мониторлап, қажетті профилактикалық шараларды белсенді ұйымдастыру қажет.
Әрбір әкімшілік аумаққа бағытталған профилактикалық бағдарлама жергілікті репродуктивтік көрсеткіштердің деңгейі мен қатерлі себептерін нақты есепке ала отырып жүзеге асырылуы тиіс.
Тұжырым:
- Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының репродуктивтік денсаулығы олардың әлеуметтік- эканомикалық, тұрмыстық, білім, медициналық көмек сапасы мен тұрғын аумақ сияқты маңызды себептерге тікелей тәуелді.
- Репродуктивтік денсаулыққа үлес қосатын себептердің ішінде ең маңызды роль атқаратындары гинекологиялық аурушаңдық, анемия түсік тастау және өмір сүру салты себептері болып табылады.
- Түсік тастау оқиғаларының репродуктивтік денсаулыққа алып келетін зияндылық қуаты фертильдік жастағы әйелдердің некеге тұрмауына, жұмысбастылығына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының және отбасындағы арақатынастың нашарлығына, үймен қамтамасыз етілудің төмендігіне тікелей байланысты.