Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы қызметке 90 жыл

ТҮЙІН

Мақсаты: Қазіргі таңда туберкулезге қарсы қызметінің атқарылған іс-шараларын және жетістіктерін талдау. Қорытынды: Туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайды жақсарту, яғни туберкулезбен сырқаттану және өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған нормативті актілердің негізінде Оңтүстік Қазақстан облысында туберкулезге қарсы бірнеше іс-шаралар атқарылды. Соның ішінде ең маңыздысы болып - 2009 жылдан басталған фтизиатриялық төсек қорын тиімді пайдалану мақсатында жасалған оңтайландыру және науқастарды эпидемиологиялық бейіне қарай орналастыру болып табылады. Осы шаралардың нәтижесінде облысымызда халық арасында туберкулезбен аурушандық көрсеткіші 100 мың тұрғынға есептелгенде 2014 жылы 56,5-ке, ал өлім көрсеткіші -3,8-ге тұрақтанып отыр (2009 ж. бұл көрсеткіштер 78,1 және 9,8 болған).

Кілт сөздероңтайландыру, көптеген дәрілерге төзімді туберкулез, сырқаттану көрсеткіші, өлім- жітім көрсеткіші.

Қазақ халқы революцияға дейінгі кезеңде экономикалық тұрғыдан алғанда ауыр, медициналық көмек қол жетімсіз жағдайда өмір сүрді. Бұл жағдай туберкулез дертінің кеңінен тарауына негіз болды. Туберкулезге қарсы мекемелер жоқтың қасы еді. Алғашқы туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастыру дәрігерлердің, маман-фтизиатрлардың жеткіліксіздігінен үлкен қиындықтар туғызған. Алайда денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік маңызды ауруларға Үкімет тарапынан көңіл бөлінуінен алғашқы туберкулезге қарсы мекемелер құрыла бастады. Сол кезеңнен бастап қиын 90 жыл өтті. Барлық қиыншылықтарды жеңіп, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облыстық фтизиятриялық қызмет саласының мамандары ерекше мақтанышпен және үлкен жетістіктермен 90 жылдық мерей тойын қарсы алуда.

Материал және тәсілдер: деректер облыстық және аудандық мұрағаттардан алынған. Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансер 1925 жылдың 1 қарашасында сол кездегі Сырдария губерниясының халқына арналып, 691 571 тұрғыны бар Шымкент қаласында шаңырақ көтерген бұл емдеу орталығы 25 төсек орынға ғана арналған еді. 1925-жылдан 1941 жыл аралығында Прошина В.В., Нечаева О.А., Лазаркевич К.А. осы саланың алғашқы ұйымдастырушылары болды. Сол кездері туберкулезден аурушаңдық көрсеткіштері 100 мың халық санына шаққанда 1000,0 құрады, ал ауруға шалдығу көрсеткіші 3000,0 құраған. Өлім көрсеткішінің жоғарылығы сонша, ол есепке алынбайтын. Бұл туберкулезге қарсы іс- шараларды жүргізудің ең ауыр кезеңдері болды. Туберкулезді ерте анықтау жоспары және анықтау мақсатында рентген бөлмелер болмады. Рентгендік тексеруден өткізу үшін науқастар Ташкент қаласына жолданды. Туберкулезге қарсы іс-шараларды жүйелендіруде және жақсартуда 1932 жылы Қазақ ғылыми зерттеу институтының құрылуы негіз болды. Институт туберкулезге қарсы іс-шараларды басқарушы және мамандар даярлайтын орталыққа айналды.

Облыстық туберкулезге қарсы қызметті Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Республикалық Жоғарғы Советтің депутаты М. А. Кислицина басқарды. Онымен бірге қызметтің әрі қарай өрлеуіне үлкен күш-жігерін жұмсаған дәрігер фтизиатрлар - Виноградова Л.К., Кузнецова Е. П., Гохберг В. П., Колпакчи М.И., Крышень В.В. және т.б. болды. 1952 жылдан 1962 жыл аралығында туберкулезге қарсы төсек орын қоры 5 есе көбейтілді.Алғашында медициналық мекемелер негізінде бірнеше төсек орынға арналған тубкабинеттер ұйымдастырыла бастады. Осы ретте, Ленгір, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Алгабас, Ленин аудандарында тубдиспансерлер құрылды. 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы қызмет 225 төсек орындық диспансерлерден, 15 төсек орындық 6 тубкабинеттен, 200 төсек орындық 2 облыстық санаторийден, 820 орындық Республикалық деңгейдегі («Балыкшы», «Ванновка», «Шымған») 3 санаторийді құрады.

Республика бойынша туберкулезге қарсы қызметті қалыптастыруда, туберкулезді анықтау мен емдеудің жаңа тәсілдерін ендіруде Шымкент облысы алдыңғы қатарда болды.1959 жылдан бастап обыстық туберкулезге қарсы диспансерде туберкулездің созылмалы түрлерін хирургиялық жолмен емдеу қолға алына бастады.Алғаш рет дәрігер хирург В. Малобродский интубациялық наркозды пайдаланып өкпе туберкулезіне ота жасады. 1964 жылы туберкулезді хирургиялық жолмен емдеу, еңбекке қабілеттілігін оңалдыру арқылы емнің тиімділігі 85,5 пайыз жағдайға қол жеткізілді. Осы жылы балалар бөлімшесі ашылды. 1964 жылы туберкулез ошағындағы балалар мен жасөспірімдерді оқшаулау мен химиопрофилакти- калық еммен қамту және жыл бойы болатын бала бақшалар мен мектеп интернаттарға орналастыру басталды.

Денсаулық сақтау саласының тәжірибелі ұйымдастырушылары Н. Ф. Маринич, Т.О. Оразалиев туберкулезге қарсы іс шараларды одан ары жандандырды. 1963-1966 жылдары алғаш рет жылжымалы флюороқондырғылардың көмегімен тұрғындарды профилактикалық тексерулер ұйымдастырылды.

Т.О. Оразалиевтың қатысуымен туберкулезге қарсы көмекті интенсификациялау жүргізілді. Интенсификациялаудың мақсаты: 1) жыл сайын тұрғындарды жаппай профилактикалық тексерумен қамту; 2) БЦЖ вакқинасынан кейін тыртық дамымаған балаларға қайталап егу; 3) науқастардың емін орталықтан бақылау; 4) химиопрофилак-тиканы және амбулаторлық емді тікелей бақылаумен жүргізуді кеңейту; 5) туберкулез ошағындағы жұмыстарды күшейту; Интенсификация нәтижесінде 1966-1975 жылы туберкулезден аурушаңдық көрсеткіштерін, әсіресе балалар арасында төмендетуге қол жеткізілді. Республикада бірінші рет тікелей бақылаумен амбулаторлық емдеу тәсілі ендірілді. Амбулаторлық химиотерапияны ендіруде Б. А. Скребцов үлкен үлес қосты.

1989-2001 жылдары туберкулезге қарсы қызметті облыстық маслихаттың депутаты, медицина ғылымдарының кандидаты С.Қалдыбайұлы басқарды. Бұл Одақ Үкіметінің тараған, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенген, одақтық Республика-лармен байланыстың үзілуінен туберкулин, БЦЖ вакцинасы, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің нашарлаған кезеңі болатын.

1998 жылы Қазақстанда жаңа ДОТС бағдарламасы ендірілді. ДОТС бағдарлама-сымен науқастарды құнарлы тағаммен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қолға алын-ды. Химиорезистентті туберкулезді диагностикалау жүйелендіріле бастады. Туберкулез-ге қарсы бірінші қатардағы дәрілерге сезімталдық тестін қою ендіріле бастады. С.Қалдыбайұлы қатысуымен Бәйдібек, Ордабасы аудандарында 1997-2002 жылдары «Шекарасыз дәрігерлер» атты халықаралық ұйым ашылып, қайырымдылық, және тәжірибелік көмек көрсетті. С.Қалдыбайұлының ісін денсаулық сақтау саласының тәжірибелі ұйымдастырушылары Б.Торгаутов, Д.Төлепбергенов, С.Сақыбаева, Ж.Спанкулов, П.Бердалиевтар жалғастырды.

2011 жылға дейін облыстық туберкулезге қарсы қызмет 1790 төсектік диспансерлерден, 500 төсектік шипажайлардан, 400 төсектік «Қазығұрт» мектеп-интернатынан, 180 төсектік 2 арнайы балабақщадан, 165 төсектік бала бақшадағы сауықтыру топтарынан құралған болатын.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2011 жылы облыстық туберкулезге қарсы қызметті реструктуризациялау басталды. Материалдық-техникалық базасы нашар, төсек қоры тиімсіз пайдаланылған диспансерлер қысқартылды. Облысымызда туберкулезге қарсы төсек орын қорын тиімді пайдалану мақсатында кезең-кезеңімен өткізілген реструктуризация нәтижесінде 1790-нан 970-ке дейін қысқартылып, ал санаторлық сауықтыру төсек орындар 500-ден 730- дейін көбейтілді, 8 ауданаралық диспансерлер құрылып, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 8 диспансер стационарсыз диспансерлік бөлімшелер болып қалыптастырылды. Науқастар ағымын инфекциялық статусына сәйкес бөлу мақсатында Республика бойынша алғашқылар қатарында тамбур- шлюздер орнатылды. Бүгінгі күні науқастар ағымы бір стационарға бір ғана инфекциялық статуспен жатқызылады.

Туберкулез ошағындағы балаларды сауықтыруға 690 орындық 17 топ ашылды. Республикалық қордан туберкулезге қарсы жаңа диспансерлердің ашылуы (Сайрам, Арыс, Отырар, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласында) үлкен жетістік болып табылады.

Облыс бойынша туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатында қосымша жаңа 6 микроскопиялық зертханалар ашылды. Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы туберкулезге қарсы мекемелерде 18 бактериоскопиялық зертхана, жалпы емдеу саласында 26 зертхана қызмет атқарады.Химиялық резистентті туберкулездің бактериологиялық диагностикасы бір жүйеге келтіріліп, жолға қойылды. Жеделдетілген диагностикалаудың екі Бактек аппаратының көмегімен туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдық тестін қою әдісі, рифампицин препаратына сезімталдықты 2 сағатта анықтайтын малекулярлы- генетикалық G-Xpert экспресс әдісі ендірілді. Туберкулезге қарсы қызметтің рентгенфлюорографиялық қоры күшейтілді. Облыс бойынша 98 көпқызметті стационарлық диагностикалық рентген аппараты, 38 жылжымалы флюорография-лық қондырғылар алынды.

Атқарылған туберкулезге қарсы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша туберкулезден эпидемиологиялық жағдай соңғы жылдарда тұрақтанып келеді.Соңғы он жылда туберкулез бойынша аурушаңдық халықтың 100 мың тұрғынына шаққанда 46,5 пайызға :105,8-ден 56,6-ға дейін, өлім көрсеткіші 3 есе: 11,7-ден 3,8-ге төмендеді. Үлкен жетістіктердің бірі балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық көрсеткіші 5 есе 21,4-тен,5,5-ке 100 мың халық санына шаққанда , жасөспірімдер арасында 2 есе 100 мың халық санына шаққанда 66,2-ден 35,8-ге дейін төмендеді. Балалар арасында 2014 жылы алғаш рет туберкулезді ерте диагностикалаудың мақсатында 6,5 млн тенгеге 463 флакон Диаскинтест алынып, 4004 балаға жасалды.

Жыл сайын жүргізілетін флюорорграфиялық тексерулердің нәтижесінде анықталған туберкулездің клиникалық структурасы жақсарды. Соңғы 3 жыл көлемінде туберкулездің асқынған түрлері тіркелген жоқ.

Облыста барлық қалалық, аудандық туберкулезге қарсы қызметтің туберкулезбен ауырғандарды бақылау үшін республикалық компьютерлік бақылау бағдарламасы қосылған.Диспансерлік бақылаудағы тұлғаларға 2009 жылдан «Туберкулез науқасының Ұлттық регистрі» құрылып, компьютерлік база мәліметі бар. Барлық туберкулезге қарсы мекемелердің әдістемелік - ұйымдастыру бөлімдері, бактериологиялық зертханалары, дәріхана қоймалары 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етілген.

Амбулаторлық емді науқастардың үзіліссіз қабылдауын бақылау мақсатында бастапқы медициналық санитарлық көмек жүйесінде емді тікелей бақылау кабинеттері ашылды. Науқастарды емдеу тиімділігі 2012жылмен салыстырғанда 81,7 пайыздан 2013 жылы 88,7 пайызды құрап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған стандарты (85%) орындалды.

2015 жылы облыстық туберкулезге қарсы «Балыкшы» санаторийінің негізінде туберкулезден кейінгі қалдықты өзгерістері бар және өкпе-бронх ауруларына арналып 30 төсек-орындық оңалдыру бөлімшесі ашылды.

Туберкулезге қарсы шаралардың мониторингін жүргізу үшін облыстық туберкулезге қарсы диспансерде арнайы оқу дайындықтан өткен 6 маманнан тұратын мониторинг және бақылау тобы құрылды.Облыстық туберкулезге қарсы барлық 10 мекемеде ведомстводан тыс күзет пен видеобақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық туберкулезге қарсы мекемелерде «Пациент мектебі» ұйымдастырылған, арнайы дайындықтан өткен медицина қызметкерлері бекітілген тақырыптарға сабақ өтеді. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер негізінде бастапқы медициналық санитарлық көмек жүйесінің, қылмыстық-атқару жүйесінің мамандарына арналған семинар-тренингтер үнемі өткізіледі.

Бүгінгі күні туберкулезге қарсы қызмет саласында 228-дәрігер фтизиатрлар, соның ішінде 72- фтизиопедиатр, 4-фтизиохирургтар, 4-өкпеден тыс туберкулез мамандары, бактериологтар, рентгенологтар қызмет атқарады. Оның ішінде 2-медицина ғылымының кандидаттары, 22-денсаулық сақтау ісінің үздіктері, 42-жоғары санатты дәрігерлер, 150-бірінші санатты, 36-екінші санатты мамандар.

Бүгінгі таңда облыстық туберкулезге қарсы іс-шараларды үйлестіру міндеті жүктелген облыстық туберкулезге қарсы диспансерді медицина ғылымдарының кандидаты Б.С. Сагимбеков басқарады.

Оңтүстік Қазақстан облысының фтизиатрлары ерекше мақтанышпен 90 жылдық мерей тойын қарсы алуда және 2014 жылдың 31-мамырындағы Қазақстан Үкіметінің туберкулезга қарсы іс шараларды жетілдіру бойынша 2014-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыруға атсалысуда.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Абилдаев Т.Ш. Меры по улучшению оказания противотуберкулезной помощи населению Республики Казахстан //Фтизиопульмонология. 2012. -№2 (21). - С. 4-7.
  2. Абилдаев Т.Ш. Приотитетные задачи усиления борьбы с туберкулезом в РК // Фтизиопульмонология. - 2012.-№1 (20). С. 4-6.
  3. Скребцов Б.А., Дауитов Т.Б., Култасова С.С., Шегелов Д.К., Абдирова С.Ж., Бектимир Т.К. Причины инвалидности вследствие туберкулеза и резервы ее снижения// Фтизиопульмонология. - 2012.-№ 2 (21). С.27-29.
  4. Бекмуратов Е.Б., Скребцов Б.А., Ержанов О.Ш. Култасова С.С., Сергазина А.О., Шегелов Д.К. Клинико-эпидемиологические особенности патоморфоза инфильтративного туберкулеза. Фтизиопульмонология.-2012- №1(20) С.53-54.
Жыл: 2015
Қала: Шымкент
Категория: Медицина