Қазіргі кезде қоғамымыздың əлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық жағдайында балаларға көптеген кері факторлар əсер етеді. Сондықтан да балалардың қорқыныш мəселесі ерекше орын алуда.
Қорқыныш — кішкентай бала атаулыға тəн нəрсе. Бала емусіздіктен, жазалау қауіпінен, айқайдан қорқады. Мұны аурудың əдеттегі көрінісі деп емес, дені сау балалардың əдеттегі қорқынышы деп қабылдауымыз керек. Алайда баланы қорқыта беру, оған қоқан-лоққы көрсету бірте- бірте қорқынышты сипат алуы мүмкін. Бала бөгде адамдардан, қараңғыдан қорқа бастайды, бөлмеде жалғыз қала алмайды, басқа адамдар арасында үрейленеді. Қорқыныш күйі басылуы да немесе қайтадан өрлеу де мүмкін. Баланы қорқынышты күйден құтқару үшін үлкен адамдар оның таяныш- тірексіз еместігіне, жақсы қарым-қатынаста өмір сүретініне сенімін арттыруы керек [1].
Осыған байланысты практикалық психология мен педагогика үшін балалар қорқынышының мазмұнын, негізін, себебін, оларды жеңудің тиімді жолдарын анықтау мəселесі өте өзекті болып табылады.
Зерттеу объектісі — тұлғаның эмоционалды аймағы. Зерттеу пəні — кіші оқушы жасындағы балалар қорқынышы.
Зерттеу жұмысымыздың мақсаты: кіші оқушы жасындағы балалардың қорқыныш сезімдерін зерттеу ерекшеліктерін анықтау.
Міндеттер:
- балалардағы қорқыныштағы зерттеу əдістерін сұрыптау;
- кіші оқушылар жасындағы балалардың қорқыныштарын эксперименталды тұрғыдан зерттеу;
- қорқыныш мəселесіне қатысты зерттеу нəтижелерін талдау.
Болжам: кіші оқушы жасындағы қорқыныш сезімі оқушылардың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты.
Зерттеу таңдамасы 60 адамнан құралған, 30 ер бала жəне 30 қыз бала. Сыналушылар 7–8 жас аралығындағы 2-сынып оқушылары.
Зерттеу жұмысы барысында келесі əдістемелерді қолдандық:
- Балалардың қорқыныштарын анықтайтын «Үйшіктегі қорқыныштар» əдістемесі (А.И.Захаров жəне М.Панфилова) [2];
- Үрейді анықтауға бағытталған Тэммл, Дорки, Амен тесті [3].
- Өзімізбен құрастырылған анкета.
Сонымен, біз өз зерттеуімізде үш əдістеме жүргіздік, олардың нəтижелерін талдауға тоқталып өтейік.
- Балалардың қорқыныштарын анықтайтын «Үйшіктегі қорқыныштар» əдістемесі. Берілген əдістеме бойынша зерттеу нəтижелерін біз келесідей кестеге толтырып шықтық.
Сыналушылардың «Үйшіктегі қорқыныштар» əдістемесі бойынша көрсеткіштері
Ұл балаларда ең жоғарғы көрсеткіштер келесі қорқыныштар бойынша анықталды: еретегілер кейіпкерлерін құрайтын қорқыныштар тобында сыналышылардың 100 % анықталған, қорқынышты түстерден сыналушылардың 80 % жəне жануарлардан сыналышылардың 80 % қорқады.
Қыз балалар арасында ең жоғарғы көрсеткіштер келесі қорқыныштар бойынша анықталды: еретегілер кейіпкерлерін құрайтын қорқыныштар тобында сыналышылардың 100 % анықталған, қараңғыдан сыналушылардың 100 % жəне жануарлардан сыналушылардың 98 %, сонымен бірге қаннан сыналышылардың 80 % қорқады.
Берілген нəтижелерді өзара салыстыратын болсақ, кіші оқушы жасындағы ұл жəне қыз балаларға ортақ еретегілер кейіпкерлерінен жəне жануарлардан қорқу тəн. Сонымен қоса, ер балалар (80 %) қорқынышты түстерден қыздармен (60 %) салыстырғанда көбірек қорқады. Қыз балалар ер балалармен салыстырғанда қараңғыдан (ұл балалар — 70 %, қыз балалар — 100 %) жəне қаннан (ұлдар мүлдем қорқпайды, қыз балалар — 80 %) қорқады.
Ер балалар мен қыз балалар мүлдем қорықпайтын қорқыныштар тізімінен шабуыл, сырқаттанып қалу немесе бір ауруды жұқтырып алу, табиғи апаттарды, тереңдіктен, жабық кеңістіктерден, соғыстар, үлкен көшелер мен алаңдардан, ауырсынулардан (ауратын кезде) жəне мектепке кешігіп барудан қорқуды жатқызуға болады.
Сонымен, балалардың қорқыныштарын зерттейтін «Үйшіктегі қорқыныштар» əдістемесі (А.И.Захаров жəне М.Панфилова) бойынша сыналушыларда анықталған қорқыныштар көрсеткіштері əдістеменің қалыпты көрсеткіштерімен сəйкес келеді, яғни кіші оқушы жасындағы қорқыныштар нормасына сəйкес. Сондай-ақ бұл жастағы ер жəне қыз балаларда бірдей ертегі еретегілер кейіпкерлерінен жəне жануарлардан қорқу тəн. Дегенмен, қорқыныштардың бар болуына байланысты ер балалар мен қыз балалар арасында айырмашылықтар байқалды, қыз балаларда ер балалармен салыстырғанда қорқыныштар көбірек анықталды.
- Үрейді анықтауға бағытталған Тэммл, Дорки, Амен тесті.
Баланың жауабына сəйкес келетін бетті таңдау жəне оның айтқан ойлары арнайы хаттама қағазына тіркелді. Əрбір баладан алынған хаттамалар сандық жəне сапалық тұрғыда талданады.
Сапалық талдау барысында əрбір сұраққа сыналушылардың берілген жауаптары жеке талданады.
Егер балаларда үрей индексі (ҮИ) жоғары болса, онда 6–7 жасар балалар үшін фрустрациялық жағдайлар негативті реакция көрсетеді.
Зерттеу нəтижелері бойынша ер (100 %) жəне қыз (78 %) балалардың басым бөлігі жағымды эмоционалды қатынас танытты, яғни ер жəне қыз балалар басқа балалармен қатынас орната алатындығын көрсетеді.
Ер балалар 70 % нейтралды қатынас танытса, қыз балалардың 40 % ғана нейтралды қатынас танытып, 50 % кері эмоционалды қатынас танытты, яғни, бұл сыналушылар категориясына аналар тарапынан аз уақыт бөлінетіндігін көрсетеді немесе олардың арасында жалғыз балалы отбасыдан шыққан балалар бар. Бала агрессия объектісі ретінде ер (82 %) жəне қыз (100 %) балалардың басым бөлігі кері эмоционалды қатынас танытты. Киіну, жууну, тамақтану, нейтралды тұрмыстық жағдайлар ер балалардың 90 % жəне қыз балалардың 97 % нейтралды қатынас танытты. Бала анасымен ойнап жатыр, эмоционалды жағымды жағдай бойынша сыналушылардың басым бөлігі жағымды қатынас танытты (ер балалар 89 % жəне қыз балалар 95 %). Бала жалғыз ойнап отыр, нейтралды жағдай, бұл жағдайға ер балалар (75 %) жағымды эмоционалды баға берді, қыз балалардың (63 %) кері қатынас танытты, бұл жауап нəтижелері 1-суреттің нəтижелерімен сəйкес келеді. Ана баласына ұрсып жатыр, эмоционалды жағымсыз жағдай, осы жағдайға сыналушылардың басым бөлігі кері эмоционалды қатынас танытты (ер балалар 83 % жəне қыз балалар 90 %). Бала жəне кішкентай баламен ойнап жатқан əке, нейтралды жағдай. Сыналушылардың басым бөлігі осы жағдайға жағымды қатынас танытты (ер балалар 96 % жəне қыз балалар 71 %). Бəсекел с жағдайы, кері эмоционалды жағдай. Ер балалардың 60 % жағымды қатынас танытты, қыз балалардың 76 % жағымды қатынас танытты. Бала ойнап жатыр, нейтралды жағдай. Ер балалардың 54 % кері баға берді, қыз балалар 73 % жағымды баға берді. Оқшауландыру, басқа балардың баланы елемеу — кері эмоционалды жағдай. Бұл жағдайға қатысты ер балалардың 77 % жағымды қатынас танытты, ал қыз балалардың тек 55 % ғана жағымды баға берді. Бала ата-анасымен, эмоционалды жағымды жағдай.
Бұл жағдай бойынша сыналушылардың басым бөлігі жағымды баға берді (98 % ер балала қыз балалар). Сандық талдау барысында келесідей анықталды:
сыналушыларға ортақ топтық үрей индексі есептелді. Ер балаларда ҮИ = 18 % жəне қыз балаларда ҮИ = 32 % көрсеткішті көрсетті. Яғни ер балалрда үрей индексінің төменгі деңгейі анықталды, қыз балаларда үрей индексі орташа деңгейде.
Сыналушылар арасындағы айырмашылықты келесі диаграмма арқылы көруге болады (1-сур.).
Сонымен, үрейді анықтауға бағытталған Тэммл, Дорки, Амен тесті бойынша нəтижелерді қорытындылай келе, біз сыналушылардың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтар бар екені байқадық, ер балаларда үрей индексі төмен деңгейде екенін, ал қыз балаларда орташа деңгейде екенін анықтадық.
Өзімізбен құрастырылған анкета.
Зерттеу əдістесмесі бойынша сыналушылардың жауаптарының нəтижелерін 2-кестеден көруге болады.
Алынған жауаптардың сапалық талдау бойынша ер балаларда қыз балалармен салыстырғанда мектеп саласына байланысты қорқыныштар аз деңгейде байқалды.
2-суретте ер балалар мен қыз балалар арасындағы үрей индексі бойынша айрмашылықтары көрсетілген.
Көптеген авторлардың пікірінше, кіші оқушы жасында мектептегі оқу басты іс-əрекеттерінің бірі болғандықтан, бала үшін өте маңызды. Сол себептен бұл қорқыныштар бала үшін өзекті, сол жастық нормасына сəйкес келеді.
Ер балаларда ең көп кездесетін қорқыныштар — жаман баға алуға қорқу (28 %), бақылау жұмысын немесе диктант жазудан қорқу (15 %). Ал тақта алдында мектепке кешігіп қалудан, жауап беруге, үй тапсырмасын орындамай келуден, мұғалімнен жəне сыныптастарынан қорқу мүлдем анықталған жоқ.
Қыз балаларда да ер балалардағыдай жаман баға алуға қорқу (60 %), бақылау жұмысын немесе диктант жазудан қорқу (34 %). Ал мектепке кешігіп қалудан, тақта алдында жауап беруге қорқу жəне сыныптастарынан қорқу мүлдем анықталған жоқ.
Ер жəне қыз балалардың жауаптары салыстырмалы түрде 1-суреттен көруге болады.
Сонымен, біз құрастырған анкета бойынша ер балалар мен қыз балалардың мектепке қатысты қорқыныштарының көрсеткіштер деңгейлері бойынша ғана айырмашылықтар анықталды. Сонымен қоса, ер жəне қыз балаларда кейбір қорқыныштар тізімі мүлдем анықталмаған.
Жүргізілген зерттеуіміз бойынша біз келесідей қорытындыға келдік.
Балалардың қорқыныштарын зерттейтін «Үйшіктегі қорқыныштар» əдістемесі (А.И.Захаров жəне М.Панфилова) бойынша сыналушыларда анықталған қорқыныштар көрсеткештері əдістеменің қалыпты көрсеткіштерімен сəйкес келеді, яғни кіші оқушы жасындағы қорқыныштар нормасына сəйкес. Сонымен бірге бұл жастағы ер жəне қыз балаларда бірдей еретегілер кейіпкерлерінен жəне жануарлардан қорқу тəн. Дегенмен, қорқыныштардың бар болуына байланысты ер жəне қыз балалар арасында айырмашылықтар байқалды, қыз балаларда ер балалармен салыстырғанда қорқыныштар көбірек анықталды.
Үрейді анықтауға бағытталған Тэммл, Дорки, Амен тесті бойынша біз сыналушылардың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтар бар екені байқадық, ер балаларда үрей индексі төмен деңгейде екенін, ал қыз балаларда орташа деңгейде екенін анықтадық. Жəне біз құрастырған анкета бойынша ер балалар мен қыз балалардың мектепке қатысты қорқыныштарының көрсеткіштер деңгейлері бойынша ғана айырмашылықтар белгілі болды.
Зерттеу нəтижелері алдымызға қойған болжамызды растады, кіші оқушы жасындағы қорқыныш сезімі оқушылардың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты, яғни ер балалар мен қыз балалардың қорқыныштары бойынша айырмашылықтар байқалды.
Кіші оқушылардың қорқыныш сезімдерін жоюға арналған ата-аналар мен мұғалімдерге ұсыныстар:
- Қорқыныштардан қашпау, оларды баламен талқылап көру, бала неден жəне қандай себептен қорқады анықтап білуге тырысу қажет.
- Ата-ана немесе мұғалім, біріншіден, өз өзін қолда ұстау керек, жақсы ойларды ойлап, балаға қатысты шыдамдылық танытып, жағымды, позитивті ойларды балаларға да жеткізуі тиіс (бəрі жақсы болады, сен мықтысын, сен ештенеден қорықпайсын т.с.с.).
- Баланы қорқынышқа тіке қарауға үйрету қажет, бірақ тым асып кетпеу керек, қорқыныш —бұл адамның қиялы екенін балаға түсіндіріп көру қажет.
- Баланың ерік-жігерін жаттықтыруға тырысу керек.
- Əрдайым балаға тірек болуыңыз тиіс.
Баланың өз өзіне сенімділігін келесі ойындар арқылы арттыру мүмкін:
«Айтыңыз» ойыны. Балалар шеңберге тұрады, біреу шеңбердің ортасында тұрады. Шеңберде тұрған балалар шеңберді тарлатып, ішінде тұрған балаңы «езуге» тырысады. Ортадағы бала қолдарын кең жайып, алды-артынан қорғалады. Шеңбер ішіндегі бала қоршағандарға қолдарын тигізген бетте, олар артқа шегінеді. Содан соң шеңберді қайта тарылтады, шеңбердегі бала қайта қорғанады.
Бұл жаттығу арқылы бала өз өзіне тұра алатынын көрсетіп, өз жайында жағымды баға қалыптастырады.
«Өту» ойыны. Тар кеңістіктің қорқынышын жеңуге бағытталған. Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ кедергілер қатарынан, мысалы, орындықтар мен үстелден өтеді, екінші топ оларды қуады. Қашып үлгергендер өз қорқыныштарын жеңді деп есептеуге болады.
Қорқынышқа тұрақтай алу мақсатында балаларға əңгімелерді құрастыруға ұсынуға болады. Егер бала биіктіктен қорықса, онда ол осы қорқынышты қай жерде жеңе алатындығы туралы əңгіме құрастыра алады.
Зерттеу барысында алынған мəліметтер ғылыми жəне тəжрибелік мағынаға ие.
Теориялық мəні қорқыныш пен үрей қалпы туралы білімдерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында алынған мəліметтер бойынша бастауыш сынып оқушыларында басым кездесетін қорқыныштардың ішінен ертегілер кейіпкерлерінен, жануарлардан, жаман баға алудан қорқатындығы анықталды.
Практикалық маңыздылығы — зерттеу барысында алынған мəліметтерді бастауыш сынып оқушыларын оқыту мен тəрбиелеу процесі барысында мектеп оқытушыларына, əлеуметтік педагогтарға, ата-аналарға пайдалы бола алады. Сонымен бірге зерттеу жұмыстың нəтижелерін тəжрибелік психологтар психологиялық кеңес беру, коррекционды жұмыс немесе тренингтер жүргізу барысында қолдана алады.
Əдебиеттер тізімі
- Захаров А.И. Неврозы у детей и подростков. — СПб.: Союз; Лениздат, 1998. — 201 с.
- Громова Т.В. Страна эмоций: Методика как инструмент диагностической и коррекционной работы с эмоционально- волевой сферой ребёнка. — М.: Перспектива, 2002. — 48 с.
- Хрестоматия по детской психологии / Сост. Г.В.Бурменская. — М.: Ин-т практ. психологии, 1996. — С.