Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Хакім Абайдың «Қара сөздер» атты керемет философиялық мұрасы. Туғанына 170 жыл толуына орай

Абайдың «Қара сөздері» — оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына

XIX ғасыр ойшылдары мен зиялыларының, суреткерлерінің елдік, ұлттық қасиетті қастерлеген, қайтсек те ұлт боламыз, мемлекеттілікті нығайтамыз дескен еңбектері нақ осы кезде жазылып, кейін елтанудың құбылысты мұраларына айналды. Макс Вебердің, Михаил Бакуниннің, Карл Каутскийдің, Сунь Ятсеннің, Махатма Гандидің, Н. Карамзиннің, А. Радищевтің əйгілі саяси-əлеуметтік көзқарастары жарыққа шықты. Н. Алексеевтің «Мемлекеттілік теориясы», Н. Бердяевтің қоғамдық, діни психология, интеллигенцияның рухани күйзелісі жайлы толғамдары жазылды. Наполеон түзетулер қосқан Француздың азаматтық кодексі, Америка Құрама Штаттарының, Ресей патшалығының мемлекеттік хақындағы тарихи құжаттары қабылданды. Сол елдердегі ойшылдардың ел мен ұлт тағдырын талдаған, болашағын болжаған шығармалары жария болды. Түрлі саяси- танымдық ағымдағы алуан көзқарастардың, толғамдардың соншалық қайшылықты ағыстар тудыруы, бір ғана Еуразия кеңістігінің өзіндегі түрлі саяси-əлеуметтік иірімдер сол уақыттың өзгеше сипатын білдірсе керек. Дəл осы кезде Абай қаламынан даналық «Қара сөздері» түзілді. Хандық мемлекеттік жүйесі үзілген, елдік санасы сарсаңға түскен қазақ қауымының дəл осы кезінің ахуалы «Қара сөздердің» тууының басты алғышарты еді [1].

Абайдың  толық жинағында  1890  мен 1898 жж. арасында  жазылған  бір  алуан  шығармалары   —«Қара сөз» деп аталады. Бұл ақынның философиялық еңбегі. Барлығы 45 сөз жəне бұған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласы да [2; 226–234] қосылады.

Абайдың «Қара сөздерінің» соңғы нұсқасы Мүрсейіттің 1905, 1907 жəне 1910 жж. қолжазбалары бойынша жарияланып келген. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қара сөздердің» бұрын кеткен текстегі кемшіліктері түзетіліп, түпнұсқамен дəлдігі мүмкіндігінше қалпына келтірілген.

«Қара сөздер» деген атау өлең сөзден бөлек дүниелер мағынасын білдіреді. Өлең өнерін қазақ «Қара сөз» демейді. «Қара сөз» проза деген мағынада айтылған. Əдетте, адам ауызекі тілде өлеңді емес «Қара сөзді» қолданады.

«Қара сөз» дегеннің мағынасын белгілі ғалым жəне саясаткер Ғ. Есім: «...Абай ойына келген нəрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып əуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мəдениетінде өріс алмады. Сірə, оған кінəлі, Шəкəрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінəлі болған заманда, əрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дəстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді. Абай дəстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тəсілі...» [3], — деп сараптама жасап, талдап берді.

Бірінші жəне екінші сөздер

Ғұлама Абай «Қара сөзді» шешендік өнер мəнінде айтқан. Шаршы топқа шығып сөз айту əркімнің қолынан келе бермейтін іс. Абай осындай ниетпен айтқан сөздерін қағазға жазып қалдырады. Көрген-білгенін, таным-тəжірибесін, танып-түстегенін ақыл-көрігінде қорытып, таразыға салады. Қысқа ғұмырдың алдамшы, өткіншілігіне де қапа болады. Баянсыз, тұрлаусыз сиқына бас шайқап, іштен тынады. Оның мəн-мəнісін бірінші сөзінде былай білдіреді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, əйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — əурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бəрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын...» [2; 127].

Ақын алдағы өмірге барлау, талдау жасайды.

Адам мұраты, өмірі мен еңбегіне еркін енеді. Өмірдің бұралаң жолдарына, кəсіп-дағдыларға, тұрмыс-тірліктің мың сан арналы, тараулы жолдарына көңіл тоқтатып, көз жібереді. Əсіресе ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сынды сан салалы, алуан арналы бағыт-бағдарларға, өмір-тұрмыстың, уақыт-сынаптың сырлы сипаттарына ден қояды. Оның арасында білім-ғылым, кəсіп-қызмет, дəстүр-дін, тəлім-тəрбие иірімдеріне де көңіл бөліп, жіті назар аударады. Бəріне де мəн-маңыз береді. Басым бағыттарына еркін енеді. Сыр-сипаттарын ашады.    Нəтижесінде:

«Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [2; 128], — деген қағидалы көзқарастарын алға шығарады. Өмір мұратына ден қойып, тəлім-тəжірибесіне тоқтайды.

Ойшыл ақын екінші сөзінде бала күнінен қазақтардың сартты көрсе, «енеңді ұрайын,  кең қолтық, шүлдіреген тəжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде əке-үке десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, сарт-сұрт деген осы» десіп; ноғайды көрсе, оны да боқтап, «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе — демін алады, ноғай дегенше ноқай, қашқын ноғай, «башалшік» (ұсақ саудагер) ноғай десіп; орысқа «ауылды көрсе, шапқан, жаман сасыр бас орыс», орыс ойына келгенін қылады деген... Не айтса, соған нанады, «ұзын құлақты» тауып бер депті» десіп, күліп отыратынын есіне алып; сонда өзінің «бізден басқа халықтың бəрі антұрған, жаман келеді екен, ең тəуір халық біз екенбіз» [2; 128–129] ғой, деп ойлайтынын айтады.

Сөйтсе, сарттың егін егіп, өсірмейтін жемісі, жасамайтын шеберлігі жоқ, əрқайсысы өз жұмысын ғана біліп, бір-бірімен жауласпайды екен, орысқа қарамай тұрған кезімізде қазақ еліне киім-кешек жеткізіп тұрған да солар. Орысқа қараған соң орыстың өнерін бірінші үйреніп алған да солар. Араларында бай да, молда да, сыпайы, епті жандар да көп. Ноғай да солдатқа, кедейлікке шыдамды, молда, медресе ұстап, оны күте де білетін халық екен. Еңбек етіп, мал табудың да жолын біледі, өздері салтанатты, əсем. Оларға енді біріміз жалданып жұмыс істеп, біріміз еткен еңбегіне ризашылығымызды білдіріп жүр екенбіз. Біздің ең бай деген адамымыздың өзін «сəнің шақшы (лас, былғаныш), аяғың білəн пышыратырға қойған идəн түгіл, шық, сасық қазақ» [2; 129–130], — деп үйінен қуып шығатын жағдайға жетіпті дейді.

Абай бұл сөзді қазақ халқын кемсіту үшін емес, жанына тигізе, намысқа тигізе əдейі айтып отыр. Халықтың бойында бар қасиет бар, оны ешкім мансұқ етпек емес, ал жағымсыз жағымыз қайсы? Неге тəжік сияқты егін екпеске, неге ноғай сияқты дін бақпасқа, сауда жасамасқа, неге орыс білімін алып, олармен терезе теңестірмеске? Абайды қажап отырған осы ойлар. Қазақ бұл халден құтылу үшін не істеуі керек, алдымен өзіңе өзгелердің көзімен қара. Ондай дəрежеге көтерілу үшін шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болсаң, қорлықтан құтыласың. Тек сол жағдайда ғана өзге халықтар туралы да қазақтардың ұғымы өзгермек. Абай осы шағын сөзде ұлттық дамудың басты-басты бағыттарын таратқан.

Үшінші, төртінші, бесінші сөздер

Үшінші сөзінде ақын билік туралы əңгіме қозғаған.

Болыс болсам деп ағайындар жанжалдасып, партияласып əбден халықтың мазасын кетіретін пысықтарды көргенде Абай бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Əз- Тəукенің «Жеті жарғысын» білмек керек дейді. Əрине, Абай бұлардың бүгінгі өмірге келетінін алып, жарамсызын теріске шығарса деп армандай келіп, осыларды іске асыратын кісілердің жоқтығына қиналады.

Ғұлама өзінің үшінші қара сөзінде: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады», — деп. Оның мəнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен, дұрыс айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, əрбір болыс елден толымды-білімді үш- ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы əшкере білінгендікпенен түссе, əйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді делдалға сайлап алып біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді» [2; 133–134], — дейді. Ақын ережедегі дауды шешетін билер саны əр тараптан үштен артық болмасын деп көрсетеді. Билер көбейсе, дау ұлғайып қана қоймай, пара алушылық қоса қаулайтынын көрсетеді.

Ол заманда орыс əкімдері үшін қазақтардың болыстыққа таласуы, мінездерін ұсақтатып, азып- тозып, шапқылап келіп бір-біріне жала жауып, пара беруі өте пайдалы іс болатын. Осы халді Абай нақтылап қағазға түсірген.

Адам баласының бесіктен бейітке дейінгі ғұмыры өкініш болмас үшін қалай дұрыс өтуі абзал деген сауалға Абай анық ақыл береді. Төртінші сөзінде ол былай дейді: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», [2; 135], — дей келіп, Хакім Абай сөзін былай түйіндейді: «Əуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» [2; 135].

Адам деген тылсым табиғаты мəңгі жұмбақ болып қала берерлік құбылыс. Абай осы тылсым құдірет иесінің екі күйіне талдау берген. Олар Күлкі жəне Қайғы. Дүниеде күлмейтін не қайғыланбайтын жан бар ма? Бұл алма кезек болатын көңіл-күйлер. Адам өз қайратына сүйеніп харекет етсе, күлкінің де, қайғының да мəнісіне түсінбек.

Абай бесінші сөзінде қазақтардың: «Ə, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!» [2; 135], —

деген тілегін қалайша түсінуге болады дейді. Жас баладай болу деген не ұғым?

Ақынның пайымдауынша, қазақтың ғылым, білім, əділет үшін қам жемей тек мал  үшін қайғыруы жетімсіз іс. Ғылым, білім болмаса сана тұмшаланып, тұрмыста белең алған ұрлық, қулық- сұмдық, тіленшілік сияқты келеңсіз қылықтар жойылмақ емес. Бұлардан арылмасақ  жас баладан неміз артық дейді. Жас бала қызыл шоқтан қорқушы еді, ал бұлар тозақтан да қорықпайды. Ақын жас баладай қайғысыз болып ел бола алмаймыз, біздің аңсаған еліміз бұл емес деген түйін жасайды. [4; 334].

Абай заманында қазақтың «қарға тамырлы» халық болудан қалып, бодандыққа мықтап түскен кезі еді. Ел болу не болмау ісі орыс əкімдерінің қолында қалған. Қазақтар бықпырт тигендей бөлшектеніп, болыс-болыс болып өмір кешіп жатқан кез. Халық мінезіне ұсақ қылықтар еніп, ел дертке ұшыраған. Ел сөзін сөйлейін десе, бір орталыққа бағынған халқы жоқ, халқының еркі жоқ заманда асыл ойларын кімге бағыштарын білмеген Абай «іздеген еліміз сол ма?» демегенде не демек. Ақын қайғысы бодандыққа түскен елдің мұң-зары.

Алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы сөздер

Абай алтыншы сөзінде қазақтың: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалы төңірегінде философиялық мəнде ой өрбіткен.

Ақын мақалдың екінші жартысындағы «тірлік» деген ұғымды терең талдайды. Ол əншейін оғып- бұғып, қорқып-үркіп өмір сүргенді тірлік деп есептемейді: «...Ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың» [2; 137].

Иə, көкірегің өлі болса, көзіңнің барының қажеті қанша?! Көкірегі соқыр — өнерсіз, білімсіз, надан пенде, ішкені мен жегеніне мəз қуыс кеуде.

Алтыншы сөздегі ойын Абай жетінші сөзінде де қайталап: «Көкіректе сəуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» [2; 139–140], — деп жетілдіре түседі. Бұл — надандықтан сақтандырып, көкірекке білім, ғылым нұрын түсіруге шақыру.

Сегізінші сөз  де  осы  мазмұндас.  Ақын:  «Ақылды  кім  үйренеді,  насихатты  кім  тыңдайды» [2; 140], — деп өзіне-өзі сұрақ қойып алады да, болыс пен бидің тыңдамайтынын, өйткені өздерін ақылды санайтынын, сондықтан да сондай орындарға сайланып отырмыз деп ойлайтынын, ел түзеуге қолдары тие бермейтінін, тисе де шығынданып, шығынымыздың орнын толтыра алмай қаламыз деп қорытатынын айтады.

Байлардың да дүниенің жолында жүргендерін, өзінде жоқты малымен сатып алатындарын, ақылды да, ғылымды да, білімді де малдан қымбат санамайтынын қынжыла жеткізеді. Ұры-залым, сұм-сұрқиялардың да, «қой жүнді қоңыршалардың» да ақыл тыңдай қоймайтынын дəлел, сылтауларын келтіре отырып жеткізіп: «Аналар анадай болып тұрғанда білім, ғылым, ақылды не қылсын?» [2; 141], — деп сөзін мысқылдай түйіндейді.

Қазақ тұрмысында өлім туралы өшпес ойлар қалдыру дəстүрі болған. Сондықтан да Абай: «Бұ да жақсы, өлер кезде «əттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» [2; 142], — дейді.

Сонда өлімнің қайғысыз болуы, ол оның мəніне жеткендік емес пе? Бұл мəселенің бір қыры. Екінші қыры — өлімнің қайғысыз болуы өмірдің мəнсіздігін, өткінші екендігін де мойындау емес пе? Бұл сұрақтарға жауапты адамзат баласы əрқашанда қойып келеді. Нақтылы жауап жоқ, себебі — өмір мен өлім мəнін адам баласы ешқашан шешпек емес. Бұл табиғат құпиясы. Оны адамның мойындауынан өзге еш лажы жоқ. Абай қысқа тоғызыншы сөзінде осы бағытта ой өрбіткен.

Оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші сөздер

Оныншы сөз бала тəрбиесіне арналған.

Абай қазақтың Құдайдан бала тілеудегі мақсатының «өлсем орнымды бассын»,  «артымнан құран оқысын», «қартайған күнімде асырасын» деген тілектерден туатынын айта келе, осы тілек- мақсаттың əрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Қазақтың отбасы бала тəрбиесіне талдау жасайды.

Ойшыл ақын халықты оқу-білімге үндейді: «Малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды» [2; 144–145], — дейді.

Адамзат қоғамы пайда болғалы — ұрлық, бұзақылық жойылмай келе жатқан жат қылықтар. Абай заманында осындай жолсыздықтар жаңбырдан кейін қаулап шығатын саңырауқұлақ сияқты қаптап кетті. Сондықтан ақын он бірінші сөзінде осы мəселеге ерекше көңіл бөледі.

Ертеде ұрлықты, бұзақылықты елдің есті кісілері тыюшы еді. Енді билік орыс əкімдерінде болғандықтан, соларға жағынам деп ұрлық, бұзақылық дертіне байлар да душар болған. Олар нені болсын малмен сатып алам дейді де жиған-терген дəулетін талан-таражға салып елдің де қадірін кетіріп, өз басын да дауға салып далбаса тіршілікпен күй кешуде. Абай осы екі жат  қылықты жұрттың бəріне ортақ дейді. Бұдан сау адам қалмаса, сонда елді кім түземек? Ел ішінде ант, серт, адалдық, ұят дегеңдер əлсіреп барады. Осыны дұрыс жолға салатын қолында малы, пұлы, аузында сөзі бар қазақ байлары десек, олардың өзі бұзақылардың сөзін сөйлеп, жөнін жөндеуде. Өз бас билігі өз қолынан кеткен жұрттың халі қалай болмақ? Абайды жегідей жеп отырған ел басына түскен осы дерт, содан құтқарудың жолын таппағаннан туған шарасыздық.

Қазақ даласында «иман» деген сөз Ар білімінің (Этиканың) басты ұғымына айналған. Халқымыздың жақсы жанды иман жүзді дейтіні де содан. Он екінші сөзінде Абай иман арқылы адамгершілік табиғатын ашуға талпынған. Иманды Абай діни сенім мағынасында ғана емес, өзге мəнде қолданған. Мұнда ақын дүниетанымына зор ықпалын тигізген сопылық философияның əсері айқын аңғарылады. Иманды сенім емес таным тұрғысында талдау ислам философиясындағы дəстүр. Абай бұл жерде осы қағиданы тек қайталап қоймай, халық түсінігіне орай айта келіп, қазақтардың тұрмыстағы, харекетіндегі салғырттықтың дінінде де орын алып отырғанын көріп қынжылғандықтан туған ойларын ортаға салған.

Он үшінші сөзде: Иман деген не деген сауалға жауап беріледі. Абай бұл түсінікті өзінің төл мұсылмандық контексінде анықтап береді: «Иман деген — Алла Табарака уа тағаланың шəриксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына уа һəр неге бізге пайғамбарымыз салалаhү ғалайһи уəсəллəм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ» дей келіп: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен» [2; 147], — дейді.

Адамның сеніміне зорлық болмағаны лəзім. Яки иман келтіру үшін логикалық  тəсілмен Алланың барлығын ақылмен жоққа шығара алуға шамаң жетсе, иман келтірудің еш қажеті жоқ. Ал, оған ақылың жетпесе, дəлелің болмаса, Аллаға сенгеннен басқа не бар. Міне, Абайдың иман туралы тұжырымы.

Он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші сөздер

Он төртінші сөзінде ақын өмір мұраттарына ден қояды. Тұрмыс-тіршілік тынысына назар аударады. Нəтижесінде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп  кеткен  соң,  бойын  жиып  алып  кетерлік  қайрат  қазақта  кем  болады» [2; 149], — дегенді анық айтады.

Ал, «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек  ұмыт қалады» [2; 148], — дегенінен «жүрек таразы» екенін алға тартады.

Он бесінші сөзінде Абай адам өміріне философиялық ой жүгіртіп, терең топшылау жасайды. Ақын ел басқаратын, көпке өнеге көрсететін адам алдымен өзін-өзі жөнге салып алуы керектігін ескертеді. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мəрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақіретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» —  деген сауал қояды.

Он алтыншы сөзінде Абай өзі тұстас қазақтардың ішінде кезігіп қалатын Құдайға құлшылық ету тəсілін мінейді. Олардың Алла жолына түсіп, беріліп қызмет етпей, тек жұрт қатарлы дін жолын сырттай қуаттаған болып жалған əрекеттер жасап, əміршінің өзін алдайтынын айтады. Елдегі жалаңаяқ саудагерлермен істес болғаны сияқты өзін-өзі алдап, Құдайды, оның жолын дұрыс ұстанбайтынын, жасым ұлғайды, тілім келмейді деген дəлел айтатынын, тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп əлек болмайтынын сынайды. Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене алайын дегенді сылтау ететінін баса көрсетеді. Сондықтан Абай мұсылманшылық жолын парыз тұтып, таза, пəк жүріп, иман-инабаттылықты тура танып, оған шын беріліп, адал ниетімен əбден беріліп құлшылық етуді талап етеді. Дін мұсылмандық парыздарын  тануға, ой-өрісін кеңейтуге, білімін жетілдіруге үндейді. Жатпай-тұрмай, ерінбей талаптанып, оқып білім алуға, Құдайын тануға шақырады. Жалқаулық, еріншектік сияқты пəлелерден сақтандырады.

Данышпан Абай он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуін айтыстырып, əрқайсысының қадір-қасиетін өз ауыздарымен жеткізеді. Еңбек дүниеде лайықты өнер, мал табу, абырой  мен мансап, бойды таза сақтап, көрсеқызар, жеңілтектіктен, нəпсі мен шайтанның азғыруынан құтқаратынын, адасқанды түзу жолға салатынын; Ақыл бұл дүниеде де, о дүниеде де не пайдалы, не залалды, бəрін білетінін, онсыз ғылымды игеру мүмкін еместігін; Жүрек адам денесіне қан тарататынын, онсыз Тіршілік жоқ екенін; Ғылым үшеуінің де айтқандарының дұрыстығын айтып:

«...Үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім, — депті. Бірақ сонда билеуші, əмірші жүрек болса жарайды. Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқаныңа жаны- діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.

– Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бəрін жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен» [2; 153]. Осы үшеуі тең табылған кісі — қасиетті адам.

Он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші сөздер

Он сегізінші сөзінде Абай кербездікті қатты сынға алған. Кербездік жұмысы жоқтықтан туады. Бұл халықтың азып-тозып жүргендігінің бір көрінісі. Бай елдерде кербездік деген оғаш қылық жоқ, киім киінудің талғамы бар. Кербездіктің тағы бір жағымсыз жағы — менмендік, боскеуделік сияқты жат мінезділік.

Кербездікке салынып, оны əдетке, мақтанға айналдыру — ақымақтың ісі. Сондықтан да болашақты болжай білген ақын: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ. Онан басқа нəрселерменен оздым ғой демектің бəрі де — ақымақтық» [2; 154], — екенін айтады.

Он тоғызыншы сөздің басты ойы: білімді адам кім деген сұраққа жауап табу. Абайдың пайымдауынша: «Адам ата–анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Əрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нəрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» [2; 155].

Адам əрбір естіген сөзінің мазмұнына ой жүгірте тыңдап, еске сақтап, ұғайын деп тұшынса ғана, ғибрат алады. Ал əрбір естіген сөзге мəн беріп, оның астарын ұғуға тырыспаса ол далаға кеткен, босқа  айтылған сөзбен  пара-пар.  Ұқпас  құлаққа айтқан  сөз  далаға,  желге кеткенмен  бірдей дейді.

«Сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы» [2; 155], — деген ой тоқтамына келеді. Абайдың бұл пікірі «жаңбыр жаумаса жер жетім, бастаушысыз ел жетім, тыңдаусыз кеткен сөз жетім» деген халық даналығына саяды.

«Қара сөздер» — өмір, тəжірибеден алынған, əрі білім-біліктің жиынтығы, əрі көркемдік- эстетикалық, мəдени-рухани қуаты мен қадір-қасиеті жоғары, тағылымы мол қымбат қазыналар қатарына жатады.

Ақынның бұл бағыттағы ой-сөз жүйесі қоғамның барша саласын қамтып, оның өзі көбінде ел өмірі, дəстүр мен дін, тəлім-тəрбие, тұрмыс-тіршілік баянын айқындай түседі. Айталық, оның қайсібір тұстары — жалығу (жиырмасыншы сөз), мақтан (жиырма бірінші сөз) төңірегінде  өріс алады.

Алдымен — жалығуға қатысты: «Ол тағдырда адаммен бірге жаратылған нəрсе, оны адам өзі жора тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласының құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның бір баласы байқаса осы адам баласының жалықпайтұғын нəрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңілі аз ба, көп пе жалығады...

Бірақ осы жалығу деген əр нені көрем деген, көп көрген, дəмін, бағасын, бəрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады» [2; 155–156].

Шынында, дүниені танып, топшылау терең ойға түсіп толғану екінің біріне тəн емес, зиялыларға тəн. Сондықтан өмірден өз орнын тауып тіршілікті қадірлей білу, оның мəн-мағынасын терең тану қажет деп біледі Абай.

Абайдың мақтан төңірегінде де өзіндік өзгешелігі байқалады. Ол адамдарға тəн «Мақтан» мəселесіне түсінік беріп, оның екі түрін айтады. Бірі ақылдылардың іштей түшіркенуі есепті ақылдыларға тəн — зиянсыз мақтан, екіншісі надандықтың туындысы — мақтаншақтық мінез. Абай жетесіздерге тəн соңғы жат мінезден сақтандырады. Ол мақтануға бүтіндей қарсы емес. Оны адам баласына тəн қасиеттердің біріне санайды. Дүниедегі адамдардың мақтаннан құр болмайтынын ескертіп, ол мінездің адам бойында болу заңдылығын мойындайды. Адамдар табысы мен жетістігіне тебіренбей тұрмайды.

Жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші сөздер

Жиырма екінші сөзінде Абай халық тұрмысындағы əркімнің орнын анықтап, соған сай кімді жақтап, кімді қадірлемекпін деген ойға түседі: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ...

Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп.

Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр...

Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бəрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті  кісіні  тауып  құрметтейін  десең,  əділет, ұят,  нысапқа  есті  кісі елде жоқ.  Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бəрі де есті.

Ғарып-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.

Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жə, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік?» [2; 157–158] — дейді ғұлама.

«Ырыс баққан, дау бақпас» деген мақалға тоқтап, Абай өз байлығына өзі ие бола алмай, қу, сұмға, ұры-қарыға, болыс, биге, орыс əкіміне жем болып жүрген қазақтың момын байларын аяп, соның тілеуін тілегенді жөн көрген.

Ақынның жалығу мен мақтанға қатысты көзқарастары — «бір қуаныш, бір жұбаныш» төңірегінде кең өріс алады (жиырма үшінші сөз).

Халқымызда, өмір-тұрмыста жиі ұшырасатын — жақсы-жаман, дос-дұшпан, надан-залымның əрекет-қимылдары, «көппен көрген — ұлы той» дегенге табан тіреу сынды ерекшеліктердің қыр- сыры ашылады. Өмір-тұрмыстың мысал-дерегі де, түйткіл тұстары да сұрақ-жауап үлгісінде алға шығады. Қисынды тұстары, күдікті мезеттері де көрсетіледі. Сайып келгенде, ақын оны əуел баста- ақ: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар.

Оның қуанышы елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: Құдай пəленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сəулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? — деп...

Енді жұбаныш жалғыз біз бе, елдің бəрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады» [2; 159], — деп түйін жасайды. Өмір — мұратын, тəлім тəжірибе-тағылымын үлгі етеді.

Жиырма төртінші сөзінде: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мол іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» [2; 160–161], — дейді Абай.

Сонда қазақтар несімен ерекше? Бірін-бірі аңдыған, ұрлыққа əуестенген өңкей ұсақ тірліктің құлдары. Жүз адамның соңында екі жүз кісі пəле іздеп жүргені. Осылай бола берсе бірін-бірі құртып тынбақ. Одан кім пайда табады, кім ұтады, оны ақылға салатын жан жəне де жоқ.

Ақын: «...Жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе?» — деген сұрақты келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Қазақтың мұндай халге түсуіне басты себеп, — оның ұлттық мүддесінің қалыптаспағанында. Жұрт қайткенде де сол бір құзғын өңештің қамында. Қазақ өркениетті халық болсын деген ой патша əкімдеріне жат, ал ел ішінен бел шешіп сыбанып ұлт болуға шақырған азамат жəне де жоқ. Есті, мықты дегендер болыс, би болсам екен дейді. Ел қамын жеген пенде жоқ деп ақынның қапа болуы сондықтан.

Абайдың педагогтық көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасып, дамыды. Ол қоғамдағы барлық жағдаяттарға терең əрі пəлсапалық (философиялық) көзқараспен қарады. Олардың барлығына сараптамалар жасап отырды. Ақынның жиырма бесінші сөзіндегі: «Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма! Əйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, яки жұртқа рахат көрсете ме?» [2; 163], — деген ащы ақиқатқа толы өткір ойлары, əрбір жүрісі дұрыс, санасы ояу адамның түйсігіне  ой салары сөзсіз.

Жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы сөздер

Ақынның жиырма алтыншы сөзі былай басталады:  «Біздің  қазақтың  қосқан  аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен?» [2; 163]. Автор мысқылдап, озса хайуан озды, жықса баласы не өзі емес, бөтен адам жықты, мұнда сонша мақтанарлық не бар? Мұның бəрі өзгелерді ызаландырмақ ниетпен, түймедейді түйедей етіп көрсететін қазақтың даңғойлығы дей келе, Абай сол мақтаншақтықты, біреуге ор қазуды əшкерелейді. «Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс» [2; 164], — деп біреуді ыза қылғанға сонша қуанарлық ештеңе жоқтығын, оған ызаланып жер болып, қорланудың да бекершілік екенін айтады.

Жиырма жетінші жəне жиырма сегізінші қара сөздердің Абайдың дүниеге көзқарасын түсіну үшін ерекше мəні бар.

Ежелден шешуін күткен мəнді мəселелер — Құдай мен дүниенің байланысын, табиғат пен адамның, тəн мен жанның байланысын ұғу, түсіну. Əсіресе, Абай өмір сүрген кезеңде дүниенің сыры мен сипатын білуді аңсаған қазақ халқы бұл мəселеге жауап беруді, шешім айтуды өзінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты перзенттерінің ақыл-парасатына міндет еткен.

Жаратылыстың заңдылықтарын білуге, өз білгенін халқына білдіруге ұмтылған Абай жиырма жетінші сөзінде айтылған проблемаларға шешім іздестіреді. Өзінше жауап тауып, оларды халыққа түсіндірмек болады. Сол іздену жолында ұлы грек философы Сократпен пікір жарыстырады. Екі авторға тəн ортақ ой — екеуі де адамды алғаш жаратқан Құдай, адамға ақыл беріп, қол бітіріп, тік жүргізерлік етіп, оны басқа жануарлардан ерекше, өзгеше жасаған Құдай деп түсінеді. Сезім мүшелерінің атқаратын қызметтерін түсінуде, түсіндіруде екеуінде  де теологизм  бар. Олар дүние мен  адамды  алғаш   жаратқан  Құдай  деп  түсінсе  де,  жаратылғаннан  кейінгі   Құдай  мен адамның «арақатынасын» екеуі екі басқа ұғады.

Грек ойшылының түсінігінде барлық іс-əрекетті жасаушы да, жасатушы да Құдай, бəрін біліп, сезіп тұрғандықтан, адам одан сескенуі керек, сондықтан да жамандықтан аулақ, жақсылыққа бейім болу қажет. Ал Абайша, Құдай жақсылық пен жамандықтың  жасаушысы, бірақ жасатушысы  емес, ол адамның күнделік өміріне қатыспайды, не іс істесе де адам өзі істейді, сондықтан да өз қылығы үшін өз ары алдында жауап беруі керек. Адам біреуден қорыққандықтан, сескенгендіктен емес, адам болғандықтан, оған сай ақыл, ары болғандықтан жақсылық пен игілікке үйір болып, жамандық пен зұлымдықтан қашуы керек.

Абай дін мəселелерін адамгершілікпен тікелей ұштастыра тексереді. Қазақ ағартушының грек философынан тағы да бір ерекшелігі осында. «Адам бол» деген этикалық принцип ұсынып, діннің өзін адам тəрбиелеудің құралына айналдырмақ болады. Сондықтан да Абай «Құдайды» адамгершілік, əділеттілік, шындық, тəрбие, махаббат, бір сөзбен айтқанда, мораль мəселесімен, байланыстырады. Дінді адамгершілікке бағындырмақ болады [4; 343].

Жиырма сегізінші сөзінде Абай адам баласын жігерсіздікке, дəрменсіздікке жетелейтін қате түсініктерді сынайды. Адам өз өмірінің тағдырын өзі шешуге тиіс екенін айтады. Ол үшін еңбектеніп, ізденіп, ақылға салып, сақтанып қарекет қылуға тиісті екенін ескертеді. Ақын адамның ақылына сенеді. Оған үлкен сенім артады: «Əрбір ақылы бар кісіге иман парыз, əрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Жəне де əрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек» [2; 170], — дейді ақын.

Хакім Абай жиырма тоғызыншы сөзде қазақтың кейбір мақалдарының мазмұнына ғылыми талдау жасайды. Ақын қазақтың «жарлы болсаң, арлы болма!» деген мақалының мəн-мағынасына тоқтала келіп, жалға жүріп мал табудың несі ар?, «адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі», дейді. «Атың шықпаса, жер ерте» деген мақалды талдай келе, жер өртеп, ел бүлдіріп, бұзық болып ат шығару мұрат па? деп мінейді. «Алтын көрсе, періште жолдан шығады» деген мақалдың өз құлқынын құптап шығарған қулардың арам ойынан туғанын айтады. «Ата-анадан мал тəтті, алтынды үйден жан тəтті» деген мақалдың да мəн-мағынасын əшкерелей келе, ата-анасын малға сатқан, ант атқан арсызды айыптайды: «Ата-анадан мал тəтті, алтын үйден жан тəтті» дейді. Ата-анасынан мал тəтті көрінетұғын антұрғанның тəтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» [2; 172], дейді.

Отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, отыз үшінші, отыз төртінші, отыз бесінші сөздер

Адамның «Бес дұшпанының» бірі — мақтаншақтық деп есептеген  Абай,  отызыншы сөзінде өзіне де, өзгеге де түк пайдасы жоқ, құр кеудемсоқ, «қырт мақтан» дегенді сынап өтеді. Шынында да, қазақ арасында «кімнен кім артық» деп біреуді менсінбеушілік, «Əйтеуір бір өлім» деп көкіп, қолдан келмес іске бас тіккенсіп, босқа бөсетіндер қай заманда да баршылық болған. Ақын осындайлардың бəрін де əшейін күпілдеп, біреуге қыр көрсетіп, айдындыру үшін қажет екенін айтады.

Сөзінің соңында мұндай қырт мақтаншақтарды: «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы» [2; 173], — деп бағалайды.

Отыз бірінші сөз ақынның педагогтық, ұстаздық ойларының жемісі. Бұл сөз бір  абзацтан тұрады: «Естіген нəрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: əуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нəрсені естігенде я көргенде ғибрəтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нəрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: төртінші — ой кеселді нəрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нəрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нəрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыра-тұғын нəрселер» [2; 173–174].

Отыз екінші сөзі отыз бірінші сөздің жалғасы іспеттес. Ақын шын мерейленіп, ықылас-жігермен ізденген адам ғана ғылымға жетеді, оның түпкі рахатына кезігеді дейді. Бастапқы тұста білім-ғылым ісіне қадам басу үшін талаптың керегін, оның біраз шарттары барын еске салады. Білім-ғылымға құштарлық арман-аңсарлармен шектелмейді. Оның үстіне біліп-көріп, көңілге тоқығанның мəнi зор. Мақсат айқын, бағыт белгілі болу керектігі көрсетіледі. Əр ілімі үлгі етіледі. Ғылымды, ақылды сақтай-тұғын — мінез жөнінде мынандай байыпты байламдар жасалады: «Ғылымды, ақылды сақтай- тұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» [2; 176].

Отыз үшінші сөзінде қазақтың қолы өнерлі адамын Абай əулие санайды. Мал — бір жұттық, ал өнер — мəңгілік. Бірақ Құдайдың берген аз-мұз өнерлі жандарының өзінде де қазақтық кеселдері болады. Оларды Абай санап береді: 1. Талапсыздық. Қолынан келгенге мəз, ал Құдайдың берген қасиетін əрмен қарай жетілдіру, ұштауға қыры жоқ. Осы білгеніміз де жетер деп, соған мақтанып, алыстан өнер іздеп, менен де артық бар-ау, солардан үйренсем деген ой жоқ. 2. Еріншектік. Қолына бірер қара біте қалса, тоқмейілсіп, байлыққа бөккен кісімсіп, бойкүйездікке салыну. Мұндай адам бойындағы қасиетті жойып, жадағай болып қалады. 3. Тамыршылдық. Сəл нəрсеге алданып, «жоғары шыққа» мəз болып, тамырым, досым десе ішкен асын жерге қойып, соның ісімен жүріп, өзінің алданғанын білмей, далбасамен өмір өткізу. Сөйтіп жүріп біреуге борышты болып, басы дауға қалып жүргені. Сірə, мұндайлар тамыршылдау адамгершілігін əрі іскерлік деп түсінетін болуы керек. Абай өнерлі жандарға сүйсіне отырып, олардың іс-əрекетіндегі жоғарыда айтылған қазақтың кеселдерінен жойылатын жолдарын көрсеткен [4; 144].

Ақынның отыз төртінші сөзі өмір мен өлім философиясы хақында. Жұрт өлімнің хақ екендігін, оның əманда адам əбден қалжырап қартайғанында ғана емес, кенеттен де кездесетінін жəне Алла жанын бір алған пенденің о жақтан қайтып келмейтіндігін біледі, соған нанады. Ал бірақ ақылына салып, ой елегінен өткізіп барып нанбайды, амалсыздықтан, шарасыздықтан көнеді. Абай  осы сұраққа жауап іздеген.

Адамның болмысы баршаға ортақ, көрер қызығы, қайғысы осы екі дүние аралығында. Өмір мен өлім бəрімізге бір. Олай болса, адамға керегі мұсылмандық, имандылық. Бірақ оған адам қалай жетпек? Бұл сұраққа жауап жоқ. Себебі, нағыз мұсылман дүние қуанышын, дүние қайғысын ақырет қуанышынан, ақырет қайғысынан артық қоя алмайды. Олай болғанда ол мұсылман емес. Адам енді не істемек? Адамға керегі — дүниеге қонақ екенін сезіну, өзінің мəңгілік еместігін ұғыну,  сондықтан «бес күндік» ғұмыр үшін бір-бірімен қырқыспайтын істер жасауға дағдылану. Міне, Абай ұсынған жол. Бірақ Абай бұл жолға түскендерді таба алмай, дүние қызығын тозаққа айналдырғандарды көріп, «оның несі адам?» деп күйінеді. Сөйтіп, адамның рухани болмысы, өмір философиясы туралы Абай тереңнен сыр қозғаған. Бұл əлемдік философияның мəңгілік тақырыптары, олардың шешімі аса күрделі, əзірше бұл мəселелерге айқын жауаптар жоқ. Бұлар адамның рухын қозғайтын, жетілдіретін мəңгілік философиялық мəселелер.

Отыз бесінші сөзде адамдардың өлгеннен кейін махшарға баруы, ондағы жауаптастықтар туралы ой толғанған. Тірлікте өзі үшін өмір сүргендердің махшардағы жағдайлары жақсы  болмасын ескертіп, бір Құдайды риза етерлік адамгершілік, қайырымдылық, адал істер істеп өтсе, ол адам ақыретте қадірлі, шарапатты болады деген түйіндер жасайды. Жалпы бұл сөзде Абай тірлікте ізгі істер істеп өтуге, кемтарларға көмектесуге шақырады.

Отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы сөздер

Ақын отыз алтыншы сөзде иман, ұят деген ұғымдардың бірлігін, ар-ұятсыз иман-инабатының жоқтығын айтып, «ұят» деген ұғымға тоқталады: «Ұят деген адамның өз бойындағы, адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнəрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар» [2; 182].

Абай: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да» [2; 182], — деп қынжылады.

Қара сөздердің үздік үлгісі, өрнекті өнегесі — отыз жетінші сөзде жинақты, жүйелі беріледі. Кемеңгер ақын мұнда өмірдің өрнекті тағылымдарын, тəлімді тəжірибелерін барынша қонымды, қысқа-ңұсқа үлгіде жеткізеді.

Абайдың ойынша, білім, ғылым, ізгілік, сезім, махаббат, ақыл мəселелерінің барлығы мінезге келіп тіреледі. Бұл жөнінде ол отыз жетінші сөзінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» [2; 183], — деп ой түйеді.

Отыз сегізінші сөздің негізгі идеясы туралы Абай: «Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кəмəлат жоқ» [2; 199], — дейді. Нақтылы ой. Бар мəселенің кілті — ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана, өзге нəрселер туралы мазмұнды əңгіме жасауға болады.

Абай қай өлеңінде немесе қай қара сөзінде болсын қулықты, зұлымдықты, арамдықты дəріптемеген. Керісінше, сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа, имандылыққа тəрбиелеген. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің.

Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі осыдан шығады.

Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» [2; 207].

Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты — Алла, ғылым — Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Оның пайым түсінігі бойынша, оқыған жастардың өз Отанына пайдасы тиюі үшін, олардың бойында басты адамгершілік сапа имандылық болуы шарт. Бұл шығармасында ақын: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, əр нəрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлəн табылады. Ол — Алланың ғылымы емес, һəмманы біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамдық өзіндік ғылым береді. Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық  өзі де хақлық һəм адамдық дүр.

Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нəрселердің махаббаты бірлəн ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды. Мал, мақтан ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һəм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады», — деген тұжырымға келеді. Осы отыз сегізінші сөзінде біршама ғылым салаларын жүйелеу желісі де ұшырасады.

Абайдың қара сөздерінен байқайтынымыз: қазақтың арғы бабалары есте жоқ ескі заманда, сонау түркі-монғол тайпаларының бірлігі кезінде этностық ұлт болып қалыптасқан да, түркі дəуірінде мемлекеттік ұлтқа айналған. Бірақ сол мемлекеттік ұлт мəртебесін үнемі сақтап тұра алмаған. Бір мемлекетті екінші мемлекет басып алып, оның еркіндігін жоғалтқан сайын ұлт та біресе біреуге тəуелді болып, біресе өзінше дербес өмір сүріп отырған. Сөйтіп, қазақтың өз атымен жеке мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт болуы Қазақ хандығы тұсына дөп келген. Бұл — құба қалмақтың басқыншылығын жойып, қазақ ұлтының шарықтаған шағы.

Ақынның отыз тоғызыншы сөзі осы бір кезеңді суреттейді: «Рас, бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Ол екі мінезі қайсы десең, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен... Екіншісі — намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ  шақырылған  жерде  ағайынға  өкпе,  араздыққа  қарамайды  екен,  жанын  салысады  екен...» [2; 212–213].

Осы сөзінде Абайдың айтып отырған екі қасиеті мемлекеттік ұлт болған жұртқа тəн. Алғашқысы — халық түгелімен ел басына бағынған, яғни мемлекетті басқарған қайраткерге толық билік берген. Халық соны тыңдаған, соның бұйрығын орындаған. Ал, сол ел басының билігі топ басылары арқылы жүзеге асып отырған.

Абайдың айтып отырған екінші қасиеті — қазақ жеке мемлекет болғанда ешкімге намысын жібермеуші еді, елдің бірлігі күшті еді. Аруақ шақырып, мемлекетті қорғауға барлық қазақ күш салушы еді — деген идея [5].

Қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші сөздер

Қырқыншы сөзінде Абай пендешілік түрлерін, оның себептерін тізіп береді. Бұл сөзін ол өз замандастарына қойылған сұрақ түрінде жазған. Сұрақ бере отырып ойланту, сол заманның келеңсіз көріністеріне философиялық астар беру мақсатын ұстанған.

Абайды қатты қинаған мəселе: қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Ол оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды. Ақыл айтты. Болмаған соң қырық бірінші сөзінде мынандай ойға келді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нəрсе керек.

Əуелі — бек зор үкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол əрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хəтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.

Екінші — ол адам есепсіз бай боларға керек» [2; 216].

Ата-аналары пара беріп, балаларын тағлым жолына салу үшін, бүкіл қазақты паралап алу қай кісінің қолынан келмек. Ондай дəулет қайда. Міне, тұйыққа тірелу. Осы тұйықтан қалайша шығуға болады, оның жолын таппаған Абай: «Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық əлдеқашан адамшылықтан кетірген» [2; 216], — деп налиды. Бұл амалы таусылған адамның сөзі.

Тегінде, Хакім Абай айтқан билік пен байлық ұлттық мүддеге құрылған мемлекеттің қызметі, ондай мемлекеті жоқ, басы бостандыққа түскен саяси еркіндігінен, өзін-өзі басқарудан аластатылған қазақтың надандықтан шыға алмауы түсінікті. Осыны жанымен ұға келе Абай: «Енді не қылдық, не болдық?» [2; 217], — дейді.

Қырық екінші сөздің басты мазмұны: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының жоқтығы» [2; 217]. Бұл шығармасында: «...Шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға  пысық  ол  өнерлі  кісіге  қосылмайды,  я  өзі  пəле  шығаруға  пысық,  я  сондайлардың   сөзін «естігенім, білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық  өнерлілерге  қосылғандай көрінеді» [2; 217], — деп ұлы ақын жаны ауыра қынжылады.

Ғұлама ғалым қырық үшінші сөзінде дүниені тануға болады деп қана қоймай, оны білу жолдарын, тану əдістерін көрсетеді. Адам өз еркінен тыс тұрған сыртқы құбылыстарды, дүниені, затты белгілі жолдармен танып жете алады деп қарайды.

Осы еңбегінде Абай ақыл мен ғылымның да неше түрлі тигізер кесел кесапаттары барын айтқан. Оны білмесең, жақсылықтан қайыр жоқ. Абайдың айтары əрбір нəрсенің өз өлшемі бар, одан асуға болмайды. Өлшеу білмек — бір үлкен керек іс. Бұл өте терең пікір. Жақсылықтың өзі өлшемнен асса, жамандыққа өтеді.

Осы ойға орай ақын бұрынғы ғалымдар айтты деген мақал келтірген: «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» [2; 222]. Ал осы өлшеуді кім анықтамақ дегенге келгенде Абай пайда, залалды айыратын қуаттың аты ақыл дейді. Бірақ жалғыз ақыл аздық етеді, ол қайратпен қосылуы керек. Осы екеуі кімде болса, жан қуаты мен тəн қуаты тең болғаны. Егер бірі болып, бірі болмаса басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма – Құдай білсін, — дейді Абай.

Қырық төртінші сөзінде ақын «талап» атауына философиялық категория түрінде талдау жасайды: «Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һəм талаптың өзі де түрлі-түрлі» [2; 223]:

  1. Сараңдықпен, арамдықпен əйтеуір мал тапсам, «мал тапқан ердің жазығы жоқ дейтұғын» талап.
  2. «Ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке, біреу білгіш, қу, сұм атанамын» деп сол харекетте, «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппен жүргендер де бар.
  1. Енді бір талап бар — ол қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарап, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп қазақтың бетінен оқып, ізденген талап». Мұның бəрі кітаптың бетінен оқып іздеген талап емес.

Данышпан ақынның түсінігінше, көкірек таза болмаған жердегі талаптың өзгеге шапағат нұрын төкпейтіні лəзім. Осыдан келіп, Абай рухани тазалық, жан мəдениеттілігі жоқ жердегі талаптың тоғышарлық сипатын терең ашып береді.

Мейлі əкесі Құнанбай қажының ықпалына ұшырасын, мейлі дін оқытқан молдалардың əсерін қабылдасын, Абай Ислам дініне құрмет ете білген əрі өзі де «Жаратушы бір Аллаһтың» барлығына жүрегімен табынып келген. Қырық бесінші сөзінде оның: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дəлелі — неше мың жылдан бері əркім əр түрлі сөйлесе де, бəрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уа һəм неше мың түрлі діннің бəрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» [2; 225], — деуі мен оны «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде [6]:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөзі айрылмас.

 Амантү оқымаған кісі бар ма?

Уəктүбиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлықпен ол сіздерге, сіз де оларға... —

деуінің өзі осы ойымыздың шындығына көз жеткізеді. Бұл ғана емес, ақын отыз шақты өлеңінде Алланы ауызға алады.

Сонымен, бір жағынан, қарасаңыз, Абай дінге табынды. Енді бір қырынан қарасаңыз — діннің ғылым екенін ортаға қойып, өз мəнінде түсіну қажеттігін айтты. Сөйтіп, Абай дінді түсінді, оған құрмет етті. Ғылымды маңдай алды орынға қойды. Адамдар арасындағы алуан қайшылықтың қатпарына үңілді. Жат құбылысты сын тезіне алды. Осы арқылы Абайша дін тануды қалыптастырды.

Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты мақаласы

Бұл шығарма — Хакім Абайдың тарихи танымының өресі мен өрісін танытатын қазақ халқының түп негізінен деректер беретін зерттеу. Жанрлық жағынан алып қарағанда тарихи очерк, арнайы зерттеу, мақала деуге болады. Абай бұл еңбегін жазғанда оның қолында халқымыздың түп негізінің шығу шежіресіне жол сілтейтін орыс, қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған əдебиеттер болған. Сондықтан да ол өзі сөз еткен мəселе төңірегінде ой тарқатқанда, əдеттегідей, «мен бұл жөнінде бұдан басқаны естімедім» демейді, «көрмедім» дейді.

Ғұлама ғалымның осы мақаласы — халқымыздың тарихын ғылыми жолға салу бағытында жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Сондықтан да оның төл тарихымыз үшін алар орны ерекше. Мұндағы Абай айтқан ойлар мен тұжырымдардың ғылымдық құндылығымен бірге саяси-əлеуметтік мəні де зор [4; 171–172].

Халқымыздың шығу тегі жөніндегі бұл туындысында ақын кеңірек тоқтап, молырақ орын беретіні арабтардың басқыншылық жорықтары, олардың Орта Азия  мен  Шығыс  Түркістанды жаулап алып, жергілікті халықтарды ислам дініне күштеп кіргізуі, олардың ежелден қалыптасқан салт-дəстүрін, əдет-ғұрпын зорлықпен бұзып, өздерінің салт-дəстүрін, əдет-ғұрпын ендіруі секілді мəселелер. Орта Азия халықтарының өмірінде шешуші рөл атқарған осынау мəселелер жайлы тарихи дəлдікпен шындық негізде түйінді ой айту үшін ақынның жазба деректерге сүйенгені анық.

Осы тарихи очеркінде: «Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп əскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті» [2; 229], — деп, араб елінің жаулаушылық саясатын жүзеге асырушылардың бірі əскери қолбасшы Құтайба дегеннің есімін нақты айтуының өзі Абайдың бүкіл Орта Азияны мұсылмандандыру кезеңінің тарихын жақсы білетіндігін анық аңғартады.

Абайдың «Қара сөздеріне» зиялы қауым мен зертеушілердің назар аударуы

Жинақтап айтқанда, Хакім Абайдың «Қара сөздері» поэзиялық туындыларынан өзіндік өзгешелігі бар, өмір тағылымы мен тəлімдік қырлары басым еңбектер қатарына жатады. Оның көпке ортақ ұнамды тұстары əркез-ақ зиялы қауым мен зерттеушілер назарын аударғаны белгілі:

  • кезінде Алаш көсемі Əлихан Бөкейхан Абай əлемінің қыр-сырына еркін енген;
  • атақты жазушылар М. Əуезов пен Ж. Аймауытұлы «Абайдың өмірі һəм қызметі» атты мақалада кемеңгер ақын мұраты мен мирасына, абайтанудың өзекті мəселелеріне ден қойған;
  • белгілі ғалым-тілші Р. Сыздықованың Абайдың «Қара сөздеріне» қатысты көзқарас-ұстанымы берік, оқып-бағалауы мəнді, танып-талдауы нəрлі;
  • академик С. Қасқабасов қазақ руханиятындағы Абай дəстүрі назар аударарлық деңгейде болғанын жіті танып, байыпты бағалаған;
  • зерттеуші Р. Тұрысбек «Абайдың мұраты» атты құнды мақаласында: «Тұтастай алғанда, Абайдың «Қара сөздері» ондағы кеңінен айтылып, терең қозғалған мəселелер — «ел мінезінен» өзге: адам əлемі, қоғам, өмір, тұрмыс-тіршілік түйткілдері, даңқ пен даңқпырт, жалқаулық пен талапсыздық, салғырттық пен немқұрайдылық, жамандық пен зұлымдық, «дүние рақаты», ағартушылық һəм адамгершілік мұраттары, ақыл-парасат, білім-ғылым, тарих пен тағдыр, дəстүр мен дін, əдет-дағды, жан-жүрек, мінез-құлық, намыс пен сенім, сыр мен сипат, тəлім-тəрбие т.б. болып табылады» [7], — деп қорытындылаған.

Көрнекті ғалым, профессор Х. Сүйіншəлиев Абайдың «Қара сөздерін» өте жоғары бағалай келе, өз ойын былай тұжырымдайды: а) Абайдың қара сөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек; б) Абайдың қара сөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар деп білу керек [8]:

  1. Өсиет-ғақлияға Абайдың адамгершілік, мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері жəне діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «Отыз сегізінші» сөздері деуге болады.
  2. Тастих, немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз», «Он жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».
  1. Бұдан басқа «Жиырма жетініші сөзі» мен «Отыз сегізінші сөзі» де трактат үлгісіне ұқсайды. Бірақ олар терең ойлылығы жағынан жақын болса да, түрі жағынан біраз алшағырақ. Соңдықтан бұл сөздерді өсиет ретіндегі диалог-кеңес сөз үлгісіне жатқызған жөн.
  2. Нақыл тұспал сөз (афоризм). Қара сөздердің ішінде «Отыз жетінші сөзде» афоризмдер көп. Олар əр жерде шашылып жатыр, өлеңінде де, қара сөздерінде де, əркімнің еске алған сөздерінде де кездеседі. Оларды өз алдына тізсе, мол дүние болып шығады.
  3. Əңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Кейде өзі əңгіме-дүкен құрып, тыңдаушысымен не өзімен-өзі кеңесіп отырады. Біреуге сұрау қойып, жауап күтеді, не өзі екінші кісінің рөлінде толғанады. Жауабы өзінен- өзі белгілі сұрақтар қояды. Мысалы: «Төртінші», «Бесінші», «Сегізінші», «Тоғызыншы», «Оныншы», «Он екінші», «Он алтыншы», «Он тоғызыншы», «Жиырма бесінші», «Жиырма жетінші», «Отыз бірінші», «Отыз екінші», «Қырқыншы» сөздері.
  1. Публицистикалары: «Бірінші», «Екінші», «Үшінші», «Он төртінші», «Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма тоғызыншы», «Отыз үшінші», «Отыз тоғызыншы», «Қырық бірінші», «Қырық екінші» сөздер жəне «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.
  1. Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, «Алтыншы», «Он бірінші», «Он төртінші». «Жиырма екінші», «Жиырма тоғызыншы», «Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын- сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын əдебиетке əкелді. Памфлетте ирониялы күлкінің, сатираның элементтері басым болады. Памфлет адамшылыққа жат  қылықтарды  мұқату, халықты оған қарсы қою, жақсылыққа шақыру мақсатын көздейтін публицистика. Əсіресе «Алтыншы», «Он бірінші», «Жиырма екінші», «Қырық бірінші» сөздері памфлетке ұқсайды.
  1. Абайдың «Он бесінші», «Он жетінші», «Он сегізінші», «Жиырма үшінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма жетінші», «Отызыншы», «Отыз бесінші», «Отыз алтыншы», «Қырық төртінші» сөздерінің көркемдік сипаты басым; əсіресе мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі əдемі шыққан. Аталған əңгімелердің бір тобы көркем дидактика, шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қабысады. Кейбіреулері таза диалогты əңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау, толғана сөйлеу ретіндегі монолог. Бəрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білдірерлік шебер, шешен туындылар.

Сөз соңы

Қорыта келе айтарымыз, Абайдың қара сөздері — оның өнертанымының өзегін құрайтын өзгеше өнер түрі. Олардың ішкі мазмұны бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі ашып, бірте-бірте  ауқымды кеңейе түсетін, Күннің нұрындай жарыса тарап жатқан ой сəулелері секілді. Адамның дүние есігін ашқанынан бастап, ақыретке кеткенге дейінгі аралықтағы өмір сырын жік-жікке бөліп, жүйелеп түсіндіреді. Онда нəпсі мен қанағаттың, бай мен кедейдің, ақ пен қараның, адал мен арамның көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын нəзік пернелері рентгенмен түсіргендей аса бір дəлдікпен дөп басып ажыратылып отырады.

Сөзінің басында елді жайлаған ауыр дерттің тамырын басып, нақ айтқан Абай, келесі кезекте сол аурудың қайдан, неден пайда болғанын, себебін анықтайды. Ал одан кейінгі сөздерінде оның емін өзі де ұсынатындай.

Сондықтан да біз осы қара сөздердің мəнісін түсініп, оны тура мағынасында тани білуіміз керек. Егер де ұлы ақынның «Қара сөздері» əрбір қазақтың төрінен орын алса, егеменді еліміздің ертеңгі болашағы əлдеқайда сапалы азамат болып қалыптасатындығына сенім мол.

 

 Əдебиеттер тізімі

 

  1. Егеубай А. Ұлттық сананың ұлы құбылыстары (Асан Қайғы мен Абай) // Егемен Қазақстан. — — 2 шілде — 4-б.
  2. Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық жинағы: ІІ т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, — 312 б.
  3. Советханқызы Р. Абайдың «Қара сөздері» — білім мен тəрбиенің қайнар бұлағы // Ел. — — № 40 (116). — 2 қазан. — 4-б.
  4. Абай. Энциклопедия / Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас ред.; Атамұра, 1995. — 720 б.
  5. Қасқабасов С. Абай жəне ұлттық идея // Егемен Қазақстан. — 2005. — 2 шілде. — 4-б.
  6. Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық жинақ жинағы. І т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы,— 303-б.
  7. Тұрысбек Р. Абайдың мұраты // Жұлдыз. — 2013. — № 9. — 195 б.
  8. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 914–921-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.