Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ұлытау өңірінің тарихи топонимикасы

Тарихи топонимдерге ерекше көңіл аудару бүгінгі күнгі еліміздегі ономастикалық ізденістерге деген сұраныстан туындап отыр. Топонимикалық атаулардың пайда болу тарихын анықтау, бір жағынан, отандық тарихымызды танып-білуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан — өлке тарихын да жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туғызады. Географиялық атаулардың жиынтығын топонимия деп атайды [1]. Топонимиканың тарихпен байланыстылығы сөзсіз, халықтар өмір сүреді,  қоныс аударады, ал олардың тау, өзен, көлдерге берген атаулары сақталып қалады. Бұл туралы белгілі орыс ғалымы С.Б.Веселовский былай деп жазады: «Топонимический материал, вследствие присущей ему живучести, «консервативности», как говорят ученые, является очень ценным, – более ценным, чем данные археологии, — материалом» [2]. Сол себептен де, кезкелген топонимикалық атаулар белгілі бір тарихи оқиғалармен немесе тарихи үрдіспен байланысты деп айта аламыз. Бірақ барлық топонимдердің тарихын анық көрсету мүмкін деу қателікке ұрындырады, олардың көбісінің пайда болуын тек жалпылама тарихи үрдістермен байланыстыруға болады. Осындай топонимдердің ішінде нақты тарихи оқиғаларға, тарихи тұлғаларға қатыстылары жəне т.б. болады, яғни ондай топонимдердің қалыптасуының нақты тарихи себептерін айта аламыз. Бұл тұрғыда топонимика тарих үшін құнды мəліметтер бере алады. Топонимикалық атаулар сол жерді мекендеген халық туралы, олардың тарихына байланысты түрлі фактілерді қалпына келтіруге, анықтауға мүмкіндік береді. Біздің мақаламызда топонимдерді зерттеу осы тұрғыда жүргізілмек.

Тіл ғылымы саласында топонимикалық зерттеулер де кеңінен орын алып, қоғамдағы қажеттіліктерді өтеуде өз қызметін атқарып отыр. Ал, бүгінгі күні топонимиканың қоғам үшін қажеттілігі сөзсіз. Тəуелсіздік алған Қазақстан Республикасы бұрынғы отаршылдық дəуірінің түрлі сарқыншақтарын бойынан сыпырып тастап, жаңа егеменді қоғам қалыптастыруда.

Барлық елдерде бұрынғы замандардан бері қоршаған ортадағы объектілерді сөз арқылы белгілеу əдісі қолданылып келеді. Сол сияқты, барлық халықтарда тарихи үрдістердің топонимикалық атауларда сақталу заңдылығы да қалыптасқан. Ондай топонимдерден белгілі бір тарихи оқиға туралы немесе тарихта белгілі болған тұлға туралы мəліметті кездестіруге болады.

Кез келген өңірдің тарихы қазақ тарихының құрамдас бөлігі болып табылады жəне осы территорияларда қалыптасқан топонимикалық жүйе өлке тарихы үшін де, отан тарихы үшін де өте мол тарихи ақпарат береді деп есептейміз. Бұл тұжырым кез келген өлкенің топонимикалық жүйесіне қатысты жəне отандық ономастиканы зерттеуші-мамандардың пікірі де осыған саяды: «Белгілі бір аймақтың топонимиконы тарихи қалыптасады. Онда өткен дəуір топонимдері сақталады, сондықтан топонимдердің  əр  қабаты  тарихи  дəуірге,  сол  аймақта  қоныстанған  халық  тарихына       қатысты «қаттамаға» теңейді» [3; 62].

Сонымен бірге тарихи топонимдерді зерттеу өлкетану саласымен байланысты болып табылады жəне топонимикалық мəліметтер өлкетанудағы мəліметтердің негізгі деректік қорын құрайды. Өлкетану саласының маңыздылығы, тарихшы Х.М.Əбжановтың пікірінше, бүгінгі күнде ерекше мəселе болып табылады: «Отан тарихының өлкелік ерекшеліктерінен экономикадағы, əлеуметтік құрылымдағы, тілдегі, ділдегі, салт-дəстүрдегі бұрын барша қоғам қастерлеген, қазір ішінара сақталып қалған құндылықтар мен ұстанымдарды байқай аламыз» [4; 142]. Өлкетану саласының дамуы мен қоғамдық ерекшелігі де зерттеушінің көзқарасында «өлке тарихын жаңаша, ұлттық реңкі қанық мазмұнда жазу керек» деген пікірге ұштасады жəне де «өлкетану тезге салынбай, ұмытылған есімдерді жаңғырту, бұрмаланған атауларды түзеу, ойрандалған ономастиканы қазақтандыру алға баспайды, жүйесіздікке ұрынады» деп осы саланың маңызды міндеттерін алға тартады [4; 142,143]. Тарихи топонимдерді зерттеудің де осы міндеттерді жүзеге асыруда өз үлесін қосары сөзсіз.

Тарихи топонимика дегеніміз не? Бұл ғылым саласы, біздің ойымызша, белгілі бір жерлерде немесе кез келген жерлерде адамдардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне маңызды оқиғалар болып, олар тарихқа айналады. Тарихи топонимика саласының басты мақсаты – сондай топонимдерді анықтап, ол жерлерде болған оқиғаларды сипаттау. Біріншіден, топонимдердің атауында тарихи оқиғаның болғандығы туралы мəлімет беріліп тұруы мүмкін. Қарапайым мысал келтірейік: «Қалмаққырылған», яғни осы арада қалмақ əскерлерінің соғыста жеңіліс табу оқиғасы туралы мəлімет сақталып тұр. Мұндай топоним атауы белгілі тарихи тұлғалардың атымен де аталуы мүмкін. Мысалы, «Ағыбай өткелі» — бұл жерде Кенесары көтерілісінің белді батыры Ағыбай туралы мəлімет сақталған   немесе «Құнанбай қонған» — мұнда белгілі тарихи тұлға Қарқаралы аға сұлтаны Құнанбай туралы мəлімет беріледі. Екіншіден, жер-су атауларынан тарихи оқиғалардың болғандығын анықтау мүмкін емес болады. Мұндай жағдайда əр түрлі тарихи деректерде кездесетін топонимдер мен сол жерде болған оқиғаларды анықтау қажеттігі туады. «Бұл үрдіс тарихи деректерді қайта сипаттауға айналып кетпей ме деген?» заңды сұрақ тудырады. Əрине, бұл осындай жағдайға алып келуі мүмкін. Бірақ, ол үшін тарихымыздың дерек қоры сұрыпталып, жан-жақты талдаудан өткізілген болса, онда тек аталмыш жер-су атауларын карта бетіне түсіру жəне тарихымызды картаның көмегімен түсіндіру мəселесі ғана зерттеушілерді толғандырар еді. Ал, əзірге Қазақстан тарихы тəуелсіз Республика болғаннан бері жаңадан жазылып жатқанын, Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың бастауымен «Мəдени мұра» бағдарламасы негізінде ел тарихының деректерін жинақтау жəне ғылыми айналымға енгізу мəселесін алға қойылғанын ескерсек, тарихи топонимдерді зерттеу арқылы қазақ тарихының əлі де болса белгісіз немесе түсініксіз тұстарын анықтауға болады деп есептейміз.

Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары — топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Осы себепті де жəне еліміздің басынан өткен «сан қилы» заманда көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына байланыста да жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мəселелердің біріне айналып отыр. Қазақ ономастикасының жетістіктері мен болашағын зерделеген бағдарламалық жинақта да осы ой алға тартылған: «Бір жағынан, төткүл дүние ел мен жер, мемлекетті ең алдымен оның белгілі тұлғаларының есімдері мен жаһанға əйгілі жер-су таулары арқылы танитын болса, сондай-ақ ғылым мен білімді байыту көзі болса, екіншіден, ономастикалық мағлұматтар халқымыздың, өсер ұрпақтың ел жандылығын, өз еліне деген мақтаныш сезімін тербейтін, тəрбиелік рухани, мəдени маңызы аса зор фактордың біріне саналады» [5].

Ұлытау өңірінің территориясы Орталық Қазақстан өңірінде ең үлкен болып есептеледі. Ал, мұншама ұланғайыр территорияларда мыңдаған топонимдер орналасқан жəне бұл аудандар ежелден бері көшпелі тұрмыс-тіршілікке байланысты пайдаланылғандықтан, топонимикалық жүйесі өте    бай жəне ауқымды. Ұлытау территориясында орналасқан топонимдердің жүйесін анықтау қажеттілігі осындай себептерден де туындайды. Соңғы жылдары Ұлытау өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Хан ордасы, Аяққамыр, Басқамыр, Болған-ана, Бескүмбез, Жұбан-ана, Ақ Мұстафа тағы басқа осы тəрізді тарихи-мəдени маңызы зор ескеркіштер Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымдары тарапынан зерттеліп келеді [6].

Қарағанды облысы бойынша жүргізіліп жатқан топонимикалық зерттеулердің негізінде 9 ауданның топонимикалық сөздігін құрастыру жүргізілді [7]. Сөздікті құрастыру барысында атаулардың классификациясы мен типологиясын жасау қажеттілігі туындап, əрбір аудан территориясындағы атауларды төменгідей түрде 4 бөлімге жүйеленді: 1) елді-мекен атаулары (ауыл- қыстау); 2) сулы жер атаулары (өзен-көл, бұлақ-құдық, тоған); 3) таулы жер атаулары (тау-тас, құз- шатқал, сай-сала, шың, биік, дөң, қырат, белес, адыр); 4) ғұрыптық ескерткіштер атаулары (бейіт, күмбез, мола, кесене, зират, қорым, құлпытас).

Тарихи топонимика саласында зерттеу жүргізуде бірінші кезекте топтастыру мəселесін айқындауды   қажет   етеді.   Қарағанды   облысының   топонимикасын   зерттеушісі      А.Жартыбаев: «Қарағанды өңірі топонимдерінің жүйесі күні бүгінге дейін өз алдына жеке зерттеу объектісі болмай келді», — деп жазады [8]. Топтастыру мəселесін анықтау арқылы тарихи топонимдерді жүйелеу мүмкіндігі туындайды жəне бұл зерттеу жұмысының толықтығы мен жан-жақтылығына жол ашады.

Қазақстан ғалымдары тарапынан түрлі топтастыру модельдері ұсынылып жəне қолданылып жүр. Бұл топтастырулардың негізігі принциптерін анықтап алмай, көтеріліп отырған мəселе өз шешімін таппақ емес.

Топонимика саласында алғашқы топтастыру нұсқасын жасаған А.Əбдірахманов болды. Оның топонимдік атауларды мазмұнына қарай бірнеше топқа біріктіріуі келесідей:

  1. Адам есімдері бойынша аталатын географиялық объектілер (антропонимдер).
  2. Ру атаулары бойынша аталатын топонимдер (генотопонимдер).
  3. Халықтың атауын көрсететін топонимдер (этнотопонимдер).
  4. Өсімдік атауы бойынша қойылған топонимдер (фитотопонимдер).
  5. Жануарлардың атауы бойынша қойылған топонимдер (зоотопонимдер).
  6. Географиялық объектілердің түр-түсін көрсететін топонимдер.
  7. Объектілердің санын көрсететін топонимдер.
  8. Белгілі бір уақыттарда болған оқиғалар бойынша аталған топонимдер.
  9. Ұқсастырылып қойылған топонимдер.
  10. Географиялық немесе басқа да терминдер арқылы қойылған топонимдер.
  11. Географиялық объектілердің сапасын, қасиетін жəне көлемін көрсететін топонимдер.
  12. Басқа тілдерден енген жəне көне сөздерден қалыптасқан топонимдер.
  13. Революциядан кейінгі əлеуметтік оқиғалармен байланысты қойылған топонимдер [9; 45–55]. Белгілі ғалым  Т.Жанұзақтың   ономастика   мəселелеріне   арналған   еңбегінде   Қазақстан топонимикасын топтастыру мəселесі айтылған. Онда автор атаулардың түрлерінің табиғи-тұрпаттық жəне территориалдық-əкімшілік географиямен байланысты деп көрсете отырып, жер-су атауларын келесідей ретпен топтастырады:
  • гидрографиялық: мұхит, теңіз, өзен, көл, тоған, арық, құдық атаулары;
  • орографиялық: тау, шың, биік, төбе, асу, жазық, орман, тоғай атаулары;
  • микротопонимдер: шалғын, батпақ, жайылым, төбешік жəне елді мекен, ауыл, тұрақтардың атаулары;
  • астионимдер: қала атаулары [10; 43].

Сонымен қатар Т.Жанұзақ республика топожүйесінен монғол-қалмақ, араб-иран жəне орыс тілінен енген атауларды ерекшелейді [10; 43].

Бұл жерде Т.Жанұзақтың Қазақстан топожүйесіндегі лингвистикалық топтастыру принципі тарихи кезеңдеу үрдісімен сəйкес келеді. Мысалға, араб-иран тілінен енген атаулар қазақ тарихының ежелгі дəуіріндегі сақ тайпалық қауымдастығы мен ортағасырлардағы араб басқыншылығының Орта Азия мен Қазақстан территориясына жетуі кезімен байланысты болса, монғол жəне қалмақ атаулары Алтын Орда мемлекетінің құрылыуы мен Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен алма-кезек соғыстарын қамтитын кезеңдерге келеді. Ал, орыс тілді атаулардың жоғарыда келтірілген кезеңдер кейін пайда бола бастағаны Қазақстан тарихынан белгілі. XVIII ғасырдың бірінші ширегінен бастап орыс тілді атаулар Қазақстан топожүйесінің ажырамас атрибуты бола бастайды.

Топонимика саласын зерттеуші Е. Қойшыбаев Қазақстан территориясындағы топонимдердің құрамын, құрылымын, компоненттердің тіркесуін жəне тілдік бітімін ескере отырып, келесідей бес түрлі қабаттарды атап өтеді: «1) ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар (санскрит, үнді-иран тілдері элементтері: тал, ар, бал, сар, гар, кан жəне -ын, -ін, -үн қосымша түрлері); 2) шартты түрдегі түркі-монғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе  жатқан  көне қабаттар (ал, ала, бала, қар, шар, чар, кöк, бай, тоғай жəне -ас, -ес, -аш қосымша түрлері); 3) түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (й-шыл, ч- шыл, ж- шыл, дь-шыл тілдер жəне -ты, -сы қосымша түрлері); 4) осы күнгі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (қазақ, қырғыз, алтай, қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түркімен, əзербайжан, өзбек жəне т.б.); 5) орыс тілі негізіндегі топонимикалық қабаттамалар, яғни, Э.М.Мурзаев айтуынша, «ең үстіңгі қабат» [11].

Бұл топтастырудан тарихи топонимикаға бірінші ұсынысты — ежелгі тілдер элементері бар көне қабатты қабылдауға болады. Себебі ежелгі дəуірлерде қалыптасқан атауларды тек тілдік белгісінен ғана анықтауға болары күмəнсіз. Қазіргі кездегі тарихи топонимдердің ішіндегі кейбір атауларды жазбаша деректер арқылы мүмкін емес, ал тілдік белгісі арқылы олардың көне заманның мұрасы екені анықталары сөзсіз. Екінші кезекте, топтастыру принципі ретінде бесінші ұсынысты – орыс тілінен енген жер-су атауларын алуға болады. Себебі орыс тілді топонимдерді белгілі бір тарихи кезеңмен байланыстыра аламыз. Сонымен қатар Е.Қойшыбаев ономастика ілімінің үш саласын көрсетеді: «1. Топонимика — жер бетіндегі объектілердің тілдік құрамын, мəн мағыналарын қарастыратын ілім; 2. Антропонимика — адам аттарының шығу тарихын қарастыратын ілім; 3. Этнонимика — ру, тайпа, ел аттарының шығу тарихын, құралу, ыдырау процестерін қарастыратын ілім» [11; 7,8]. Осы салалық көрсеткіштердегі антропонимика жəне этнонимика бөлімдері тарихи топонимикадағы топтастыру мəселесіне қолдануға болады деген ойдамыз. Мұндай  мүмкіндікті белгілі ғалым Т.Жанұзақтың тұжырымынан байқауға болады: «Этнонимиканың антропонимика жəне топонимикамен тығыз байланысты екенін нақтылы материалдардан көруге болады. Этнонимдердің басым көпшілігі — əуел бастағы антропонимдер (ру басы немесе сол рудағы беделді де белгілі адамдардың аттары). Топонимдерден, яғни жер-су аттарынан, ру, тайпа аттарының қойылуы сирек кездесетін құбылыс. Оған керісінше, жер-су аттарының ру, тайпа аттарынан қойылып отыруы жиі кездесетін, халық тарихына тəн оқиға» [12; 78,79]. Сонымен қатар автор этнонимдердің лексикалық- семантикалық классификациясын жүргізіп, келесідей сегіз топқа бөледі:

  • тағы жəне үй жануарлары мен құстардың атынан: киікші, бұғы, құлан (қыпшақ), шұбар айғыр, бұқа, кел бұқа, кет бұқа, бура, бұзау, тана, барақ, ителгі, күшік, бүркіт, қаз, қарға, қораз, торай жəне т.б.;
  • табиғат байлықтары мен ауа райы құбылыстарының атауынан: аспан, көктіңұлы, бораншы, қаржау, жаңбырлы, көкше, күн, танат, таңатар жəне т.б.;
  • өсімдік əлемінің атаулары бойынша: бидайшы, тарышы, бетеге, изен, шамбыл, орманшы, жаңғақбай, жидебай, қарағай, масақ жəне т.б.;
  • əскери лексикадан: жаулы, жорықшы, сүгірші, қарауыл, қырық мылтық, шанышқылы, батыр, балталы жəне т.б.;
  • лақап аттар бойынша: қосқұлақ, ошақты, арықтыным, қанжығалы, жарты, жетіру, қызылбөрік, қоңырбөрік, ожырай, ұзын, шимойын, шолақ жəне т.б.;
  • географиялық атаулар мен қымбат металдардың аты бойынша: жайық, еділ, сарытоғай, көкше, ақтас, қайнар, алтын, темір, болат, болатшы жəне т.б.;
  • ру басыларының, көсемдерінің аты бойынша (бұл топ этнонимдер жүйесінде саны жағынан ең үлкен болып табылады): абақ, айдабол, байғазы, байқұл жəне т.б.;
  • əр түрлі лексикалық категориялардан: базар, бозашы, екей, ерші, жетім, қазы, құл, құрама, қызай, молқы, олжашы, саба, тасжүрек, шегендік, мырза, жомарт жəне т.б. [12; 306].

Тарихи топонимика үшін этнонимдердің маңызы жоғары. Қазақ халқының құрамында ежелгі дəуірден кейінгі ортағасырларда қалыптасқан ру-тайпа, тайпалық одақ, халықтардың атаулары сақталған. Ал, этнонимдік атаулар Орталық Қазақстанның топожүйесінен орын алып отыр. Ұлытау өңірінде қазақ, арғын, найман тəрізді этникалық қауымдастықтардың атауымен қойылған этнотопонимдер сақталған. Сондықтан да этнонимдердің этимологиясын анықтау тарихи топонимика үшін құнды материал болып табылады.

Зерттеуші А.Жартыбаевтың Қарағанды облысы көлемінде топонимикалық атауларды топтастыруы     осы     тақырыпқа     тікелей     қатысты     жəне     ол     үлгі     тарихи топонимиканың классификациялық жүйесін қалыптастыру үшін маңызды болып табылады. Оның топтастыру жүйесі келесідей: «Біз ономаст-ғалымдардың классификациясына сүйене отырып, Қарағанды өңірі топонимдерін жалпы құрамы жағынан екі үлкен топқа бөлеміз:

1. Түркі тілдік топонимдік    қабаттар.

2. Басқа тілдік топонимдік қабаттар.

Түркі тілдік қабаттарды: а) көне түркі тілдік қабаттар; б) Байыр- ғы қазақ тіліне тəн қабаттастық (подпласт) деп жіктеп, басқа тілдік топонимдік қабаттарды ішінара төрт топқа бөліп қарадық: Иран тіліне тəн топонимдік қабаттар. 2. Араб тіліне тəн топонимдік қабаттар. 3. Монғол тіліне тəн топонимдік қабаттар. 4. Орыс тіліне тəн топонимдік қабаттар» [8; 29]. Сонымен қатар тарихи топонимикадағы топтастыру мəселесі үшін ең маңыздысы лингвистикалық классификациялауды нақтылы тарихи кеңзеңдермен байланыстыру үрдісі зерттеушінің назарынан тыс қалмаған: «Хронологиялық тұрғыда түркі тілдік қабаттан соң иран тілдік жəне араб тілдік қабаттар келеді. Одан соң монғол, орыс тілдік топонимдік қабаттар орын алады. Ал бұл өңірдегі топонимдерінің негізгісі де, басым тобы да қазақ тіліне тəн топонимдер. Облыс өңіріндегі монғол тілінен енген топонимдер негізінен орта ғасырға тəн. Ал осы топонимдік қабаттардың ішіндегі ең жас, кейінгі қабаттағы топонимдері – орыс тіліне тəн топонимдер. Қарағанды өңірі топонимдері құрамындағы топонимдік қабаттардың тарихи-хронологиялық тұрғыдан топтастырлуы негізінен осы тұрғыда қаралмақ» [8; 30].

А.Жартыбаевтың зерттеуі тарихи топонимика саласында топтастыру мəселесін біршама шешіп берді деуге болады. Тек тілдік топтастыру барысын хронологиялық принциппен байланыстыру барысында «түркі тілдік қабаттан соң иран тілдік жəне араб тілдік қабаттар келеді» деуі тарихшылар тарапынан едəуір күмəн тудырады. Зерттеушінің түркі жəне араб тілдік қабаттары тарихтың ортағасырларымен байланысты болса, иран тілдік қабат бойынша бұл жорамал күйінде деуімізге ғана болады. Себебі көптеген зерттеушілер тарихтың ежелгі дəуірінен белгілі Қазақстан территориясын мекендеген сақ тайпаларын иран тілді деп дəлелдейді. Қалай дегенмен де, «түркі тілдік қабаттан кейін иран тілдік қабат келеді» деуіміз даулы мəселе.

Қазақ ономастикасын саралауға арналған соңғы еңбектердің бірінде қазақ онимдерінің лексикалық құрамына талдау жасалып, келесідей жүйелеу келтіріледі:

  1. Орал-алтай тіл бірлестігіне тəн қабат.
  2. Араб-парсы тілдік қабаты.
  3. Монғол тілдік қабаты.
  4. Жалпы түркілік қабат.
  5. Орыс тілдік қабаты [13; 50].

Ономастиканың теориясы мен тəжірибелік маңызын анықтауға арналған Г.Б.Мəдиева мен С.Қ.Иманбердиеваның зерттеу мəселелерінде топонимика саласының бірнеше топтастырулары көрсетілген. Оның ішінде тарихи топонимика саласына қатысты келесідей бөліністерді көрсетуге болады:

  • Адам есімдері (антропонимдер, этнонимдер, генонимдер, əлеуметтік жағдайына қарай адамдарды атау).
  • Адамның рухани мəдениетін білдіретін атаулар (анимистік сенім, жергілікті рухты қасиет тұту, діни жəне мифологиялық көзқарастар).
  • Əр түрлі тарихи оқиғалар т.б. [3; 65].

Ұлытау өңірінің тарихи топонимикасын зерттеу барысында алға қойылатын бірінші мəселе топтастыру болып табылады. Арнайы тарихи топонимика саласына арналған зерттеулердің болмауынан жалпы топонимика саласындағы топтастыру үлгілеріне шолу жасауға мəжбүр болдық. Қарастырылып отырған топтастырулардан тарихи топонимика саласына қолдануға мүмкін нұсқаларды пайдалануға болады деп есептейміз.

Тарихи топонимика саласы бойынша топтастыруда бірінші кезекте хронологиялық принципті ұстануымыз қажет. Себебі тарих кеңістік бойынша бірнеше кезеңдерден тұратын оқиғалар тізбегі екендігін ескеруіміз керек. Бұл жағдайда хронологиялық топтастыруға топонимикадағы тілдік (лингвистикалық) топтастыру біршама сəйкес келеді деумізге болады. Мысалға, жоғарыда көрсеткендей, араб, парсы жəне моңғол тілінен енген топонимдер хронологиялық тұрғыдан ортағасырлық кезеңмен байланысты болып табылады. Ал, Қазақстан тарихының ежелгі дəуір тарихының кезеңіне шартты түрде үнді-иран тілдік элементтерін сақтап қалған топонимдерді немесе орал-алтай тіл бірлестігіне тəн атауларды жатқыза аламыз.

Екінші жағынан, топонимика саласындағы этнотопонимика жəне генотопонимдерді зерттеу тəжірибесі  де  тарихи  топонимика  үшін  маңызды.  Халықтың  немесе  ру-тайпалардың  атаулары да белгілі бір тарихи кезеңдермен байланысты жəне мұндай топонимдерді хронологиялық тұрғыдан да, түрлік сипатпен де топтастыруға мүмкіндік бар. Мысалға, Ұлытау өңірінде орын алып отырған қазақ немесе арғын атаулары этнотопонимдер ретінде тарихи талдау жасауға мүмкіндік береді.

Үшінші кезекте, бұл тарихи тұлғалардың есімдерімен байланысты атаулар. Мұндай антропонимдік атаулар Қазақстан тарихының жаңа заман кезеңіне жатады. Əрине, Ұлытау өңірінде ортағасырлар тарихынан белгілі тарихи тұлғалардың есімдерімен аталатын топонимдер де бар (Едіге, Барақ), бірақ көбінесе антропонимдік жер-су атаулары XVIII ғасырдың екінші жартысы — ХІХ ғасырда өмір сүрген адамдардың есімдері.

Қорытындылай келсек, тарихи топонимдерді топтастыруда бастысы хронологиялық принцип болмақ. Бұл тарихи зерттеулердің негізгі əдістемесі болғандықтан, кез келген тарихи зерттеулерде қолданылады. Топонимика саласында зерттеу жұмысын жүргізуде де осы принципті ұстану қажет. Отандық тарихмыздың өзекті мəселелерін зерделеуші-ғалым Х.Əбжанов Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында Қазақстан аумағындағы руханияттың соңғы алты мың жылғы дамуы 12 кезеңге бөлінгенін атап көрсетеді [14].

Осы кезеңдеу бағытымен Ұлытау өңірінің тарихи топонимдерін топтастырсақ, келесідей төрт үлкен кезеңге біріктіруге болады:

  1. Ежелгі дəуір топонимдері (б.э.д. І м.ж. – б.э. І ғ.): бұған орал-алтай, үнді-иран тілінен атауларды немесе сол заманның тарихынан мағлұмат беретін атауларды жатқызамыз.
  2. Ортағасырлар кезеңінің топонимдері (ІІ ғ. – XIV ғ.): бұған көне түркі тілінен сақталған, иран, моңғол тілінен енген жəне сол дəуірдің тарихи оқиғалары мен тарихи тұлғаларын айшықтайтын атауларды жатқызуға болады.
  3. Қазақ хандығы дəуірінің топонимдері (XV ғ. – XVIII ғ.): бұл топқа қазақ елінің қалыптасуы мен дамуының тарихынан мəлімет беретін, қазақ халқын қалыптастырушы ру-тайпалардың жəне көсемдердің атымен аталған атаулар кіреді.
  4. Жаңа заман топонимдері (XIX ғ.): мұнда қазақ тарихының Ресей империясына қол астына қарауынан бергі тарихымыздан көрініс беретін атаулар қарастырылады.

Ескіден келе жатқан жер-су атаулары — халық жадының, ұлттық, тарихи сананың жарқын көрінісі. Ұлытау өңірінің топонимикасы əр түрлілігімен ерекшеленеді. Өңірдің топонимикалық жүйесін талдау барысында атаулардың бірнеше түрлерін нақты көрсетуімізге болады.

Біріншіден, тарихи өткеніміздің белгісі болып табылатын 120 астам діни-ғұрыптық сипаттағы архитектуралық ескерткіштер белгілі бір жерге орналаскандықтан, топонимдік қызмет атқарып тұр. Мұндай ескерткіштердің хронологиялық шеңбері ерте ортағасырлардан ХХ ғасырдың бастапқы кезіне дейінгі аралықты қамтиды. Олардың ішінде ерте ортағасырлық дəуірге  жататындары Домбауыл дыңы, Қара дың, Қосүйтас атаулары мазмұны жағынан аталмыш дəуірдің ескерткіштеріне жатқызылып отыр. Ə.Марғұланның жазуы бойынша, «тастан өріп жасаған биік дың архитектурасының жиі кездесетін жері — Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау ауданы. Бұл өлкеде онға тарта не бүтін, не бұзылып жатқан ескерткіш іргелері көрінеді» [15; 204]. Мұндай ескерткіштердің жасалу уақытына байланысты ғалым келесідей тұжырым жасайды: «Тастан дөңгелек үйлер, мұнаралар жасау Ғұн, Түрік қағанаты кезінде ерекше орын алған» жəне де бұл атаулардың өзі де сол ортағасырлар дəуірінен сақталып келе жатқаны да белгілі болып отыр: «Қыпшақ пен оғыздар төбесінде күмбезі бар ондай дөңгелек тас үйлерді «дың», «діңгек», «үй тас» деп атаған, ол сөздер қазақ пен түркімен тілдерінде сақталған» [15; 202]. Сонымен қатар оғыз-қыпшақ дəуірінің ескерткіштері де Ұлытау өңірінің топонимикалық жүйесін құрайды. Олардың ішінде ең белгілері Болған ана, Белең ана, Талмас ата болып табылады. Мысалға, Талмас ата кесенесі ескерткіш ретінде өмір сүруін тоқтатып, қазіргі күнде тек топоним ретінде сақталып отыр. Бұдан басқа,  Ұлытау өңірінде монғол дəуірінен сақталып қалған тарихи ескерткіштер де орын алып отыр. Олардың ішінде ең маңыздылары Жошы хан кесенесі, Келінтам кесенесі.

Екіншіден, Ұлытау өңірінде этнонимдік жəне генонимдік негіздегі 20 астам топонимикалық атаулар сақталған. Бұл топонимдердің қалыптасу кезеңі кейінгі ортағасырлардан XIX ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Демек, бұл топонимикалық атаулар Ұлытау өңірі аталмыш кезеңдеріне сəйкес тарихи мəліметтердің дерек көзі бола алады.

Ұлытау өңірінде этнонимдік тұрғыда қалыптасқан топонимдер кездеседі. Топонимикалық зерттеу жүйесіне сəйкес мұндай атауларды этнотопонимдер деп атайды [9]. Белгілі ғалым А.Əбді- рахмановтың «Қазақстан этнотопонимикасы» зерттеуі бүгінгі күнге дейін топонимдерден көрініс табатын этнонимдерді зерттеудің үлгісі болып табылады. Автор топонимикалық зерттеулердегі    бұл бағыттың негізін қалап, оның мəн-мағынасын да ашып берді: «Топонимиканың кесек бір саласы – этнотопонимика, яғни ру, тайпа, халық аттарынан қойылған географиялық атауларды зерттеу бөлімі. Ал, этнонимдерден қойылған жер-су аттары этнотопонимдер делінеді» [16].

Ғылымда кезкелген халықтың этнонимін зерттеу маңыздылығы анық көрсетілген жəне де бұл ізденістердің нəтижесі халықтың этникалық құрамының шығу тегін, этногенез мəселесін анықтауға мүмкіншілік береді. Этнонимдер — тарих қатпарларының ажырамас бөлігі, халықтың пайда болуы, қалыптасуы тұрғысынан, түрлі тарихи үрдістерден мағлұмат беретін дерек. Сонымен қатар этноним халықтың дамуының түрлі сатысындағы қоғамдық қарым-қатынастарын немесе жекелей идеологиялық түсініктерін көрсетеді [17].

Этнолог-ғалым Я.В. Чеснов «этноним халықтың сипаты емес, атауы» деп тұжырымдап, этнонимді ғылыми зерттеуде терминнің жалпы есімнен жалқы есімге ауысын анықтау тарихи тұрғыдан басты міндет болып табылады деген қорытындыға келеді [18].

Топонимикалық мəліметтердің негізінде Вл.Гордлевский Кіші Азиядағы оғыз тайпаларының қоныстану ауқымын анықтау тəжірибесі тарихи тұрғыдан топонимдерді зерттеудегі  əдістемесі ретінде қолдануға болатынын көрсетіп берді [19]. Бұл кез келген территориялардағы топонимдердің құрамындағы этнонимдік атаулардың негізінде осы өңірдегі ру-тайпалардың қоныстануын немесе орын ауыстыруының тарихын анықтауға мүмкіндік беретінін дəлелдейді.

Ұлытау өңірінде қазақ халқының құрамындағы белгілі ру-тайпалардың атымен аталатын жəне жалпы  түркі-монғол  ру-тайпаларының аттарымен аталатын жер-су атаулары  бар [20; 38, 40–41,   69, 147–148, 122, 135, 151, 159, 198, 204, 207]. Этнотопонимдердің жүйесін қалыптастыратын болсақ, оларды бірнеше категорияларға бөліп қарастыруға болады:

  • бірінші топқа — ірі этникалық қауымдастықтардың атауларынан қалыптасқан жер-су атауларын жатқыза аламыз (қазақ, қалмақ, маңғыт, ноғай, сарт);
  • екінші топқа — қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың аттарынан қалыптасқан этнотопонимдерді жатқызуымызға болады (арғын, алшын, жаппас, қанжығалы, қыпшақ, қоңырат, тама, шекті, шөмекей);
  • үшінші топқа — ұсақ ру атауларынан қалыптасқан топонимдерді біріктіруге болады (бағаналы, балта, жүзбан, малқара жəне т.б.).

Бұл жүйедегі бірінші топқа жататын этнотопонимдердің қалыптасуының хронологиялық қабаттары нақтылы анықталмаған. Мұндай жағдайда этнотопонимдердің қалыптасу кезеңдерін тек жорамал ретінде көрсету мүмкін деп ойлаймыз. Мысалға, «қазақ» этнонимімен байланысты топонимикалық атаулар шамамен XV ғасырдан кейін қалыптасуы тиіс. Себебі «қазақ» терминінің халықтың атауы ретінде қолданылуы XV ғасырдың соңғы ширегінде XVI ғасырдың бас кезінде екені белгілі. Сол сияқты «қалмақ» этнонимімен байланысты жер-су атаулары XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығымен тікелей байланысты деген тұжырым жасауға болады. Жəне де бұған тарихи негіз де бар. Мысалға, Ұлытау өңіріндегі «Қалмаққырылған» топонимі сол дəуірдегі қайғылы оқиғаның куəсі. Сонымен қатар, академик Ə.Х.Марғұланның пікірі бойынша, «XVI ғасырдан бері қарай исламнан бұрынғы мəдениет мұраларын, оның ішінде тас мүсіндерді, тастан соққан сəулет істерін, халық эпосындағы ежелгі батырлардың аттарын ислам дінінің шеңберіне сыйғыза алмай, оларды «дінсіздіктің белгісі» деп, тек қалмаққа жаба беру əдет болғандықтан, шыққан нəрсе. Міне, осының нəтижесінде ислам дініне қиғаш келетін, тарих заманнан келе жатқан ежелгі кісі аттарын, исламнан бұрынғы мəдениет белгілерін тегісімен қалмаққа тапсырып, «қалмақ», «қалмақ тас», «қалмақ оба» деп атау халық ортасында əдетке айналған» [15; 449].

Сонымен қатар жазба деректер «қалмақ» терминінің Алтын Орда мемлекетінде Өзбек хан мен оның баласы Əз Жəнібек тұсында Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің ислам дінін қабылдауы барысында қалыптасқанын да көрсетеді: «Бұл Сұлтан-Мұхаммед Өзбек хан өзінің елімен, ұлысымен құдайдың рахымы арқасында бақытқа жеткен уақытта, əулие Сейіт ата оларды жаратушының құпия жарлығымен жəне күдіксіз белгісі бойынша Мəуераннахр аймағына ертіп келді, ал əулие Сейіт атаға сенім білдірмей, адалдықтан бас тартқандар — сол жерде қалып, «қалмақ» деп атала бастады, бұл сөздің мағынасы «қалуға бұйырылған». Сол уақыттан бастап осы себеппен келген адамдар өзбектер деп, ал сонда қалғандары қалмақтар деп аталды» [21]. Сондай-ақ Жəнібек ханның бұйрығымен елдегі барлық пұтханалар қиратылса керек.

Бұл мəліметтерді ескерсек, Ұлытау өңіріндегі «қалмақ» сөзімен байланысты топонимдердің барлығы «қалмақ» этнонимінен туындаған деп айталмаймыз жəне олардың қалыптасу уақыт шеңбері де ауқымды болмақ.

Сол тəрізді «Маңғыт», «Ноғай», «Сарт» этнотопонимдерінің Ұлытау өңірінен орын алуы, олардың қалыптасу кезеңдері мен пайда болу себептерін анықтауды қажет етеді. Мысалға, «Ноғай» этнонимімен байланысты жер-су атауларын анықтауда М.Ж.Көпейұлының шежіре жинақтарында қызғылықты мəліметтер кездеседі. Автор бұрынғы уақыттарда Сарыарқа өңірін ноғайлар  мекен еткені туралы: «Күн шығыс жағы ашық намаз оқитұғын, құбылаға төрі тура дəл келетін тас қорғандар бар, ол ноғайлының қалмақ қамаған күнге намаз оқу жасаған, тастан жасаған қорғаны екен деп айтады. Сарыарқада жары терең, суы аз өзендер сол заманда ноғайлардың егін салу үшін қазған арығы екен. Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген жер бар, ноғайлылардың кент салып, тақ құрған Бұқар, Қоқан хандары сықылды орда жасатқан жері екен», — деп жазады [22]. Мүмкін, бұл ортағасырлардағы Алтын Орда дəуірін сипаттайтын аңыз болса, онда «Ноғай» атауы топоним ретінде сол уақыттарда қалыптасты деп жорамалдауға болады.

Ұлытау өңірінде таза қазақ руларының атаулары: «Арғын», «Алшын», «Тама», «Қанжығалы», «Қоңырат», «Қыпшақ», «Шекті», «Шөмекей» этнонимдерімен байланысты топонимдер бар. Бұл этнотопонимдердің ішінде «Арғын», «Қыпшақ» атауларымен байланыстыларының қалыптасуы негізінен Қазақ хандығының құрылуынан кейін жүрді деген жорамал жасауға болады. Себебі аталмыш рулар нақтылы осы территорияны Қазақ хандығының құрамында көшуіне дейін «Көшпелі өзбектердің мемлекетінде» немесе Əбілқайыр хандығының құрамында да мекен еткен болатын. Кіші жүз руларының аттарымен байланысты топонимдер XIX ғасырдың бірінші жартысында қалыптасуы мүмкін деп болжауға болады. Осы уақыттарда Кіші жүз руларының Ресей əкімшілігімен қарама- қайшылығы басталып, олардың көпшілігінің Орта жүз территориясына қарай ығысуы басталды. Бұл арадағы «Қанжығалы», «Қоңырат» этнонимдерімен байланысты топонимдерінің қалыптасуы туралы нақтылы пікір айту қиын.

Сонымен қатар Ұлытау өңірінде кездесетін кейбір топонимикалық атаулардың этнонимдік негіздері бар екендігі туралы жорамалдар бар. Мысалға, С.М.Ахинжановтың қыпшақтардың тарихына арналған зерттеуінде «қимақ» тайпасының тағы бір қосымша атауы уранкай деген пікір білдіре отырып, осы жорамалды дəлелдеу барысында қимақтардың мекендеген территорияларындағы топонимдер – Уранкай тауы, Уранхай өзені, Урунг-Чакыл өңірі жəне т.б. қимақ тайпасының екінші атауы негізінде қалыптасқан деген пікір білдіреді [23; 123–131]. Ұлытау өңіріндегі Жыланшық өзенінің атауы да қимақ тайпасымен байланысты екендігін автор атап көрсетеді [23, 127, 128].

Жалпы алғанда, Ұлытау өңіріндегі этнотопонимдердің қалыптасу кезеңдері əр түрлі уақыт шеңберлерін қамтиды. Этнотопонимдердің қалыптасуылары да түрлі себептермен байланысты. Бұл мəселелер аталмыш өңірдің этнотопонимикасын əлі де болса жан-жақты зерттеуді қажет екендігін айқындайды.

Ұлытау өңірінің тарихи топонимдерінің зерттелуі бойынша бірнеше қорытындылар жасауға болады:

  1. Ұлытау өңірінің тарихы, географиясын сипаттайтын негізінен əр түрлі мəселелерге арналған ресейлік зерттеулер мен деректерден орын алып келді (Кэстль, Назаров, Шмидт тағы басқалар);
  2. Ұлытау өңірінің тарихи топонимикасы отандық тарихшылардың Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері мен мəселелеріне арналған зерттеулерден кездестіруге болады (Марғұлан, Көмеков, Ахинжанов тағы басқалар);
  3. Ұлытау өңірінің тарихи топонимдері қазақстандық топонимика саласының зерттеушілерінің еңбектерінде орын алып, көбінесе топонимдердің анықтамасы лингвистикалық жəне этимологиялық түрінде берілген (Əбдірахманов, Қойшыбаев, Жартыбаев, Омарбекова тағы басқалар);
  4. Ұлытау өңірінің тарихи топонимдері туралы өлкетанушылық ізденістерден таба аламыз (Сейдімбек, Əмірқызы, Ахметов). Бірақ мəліметтер көбінесе естеліктер, шежіре деректерінің негізінде жазылып, жазбаша жəне мұрағат деректерімен салыстыруды немесе талдауды қажет етеді.

  

Əдебиеттер тізімі

  1. Суперанская А.В. Что такое топонимика. — М.: Наука, 1984. — С.
  2. Веселовский С.Б. Топонимика на службе у истории // Исторические записки / Отв. ред. акад. Б.Д.Греков. — М.: Изд- во АН СССР, 1945. — Т. 17. — С.
  3. Мəдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мəселелері. — Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2004. — 240 б.
  4. Əбжанов Х. Қазақстан: тарих, тіл, ұлт. — Астана: «Ана тіл — Ата тарих» баспа-зерттеу орталығы ЖШС, — 272 б.
  5. Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. — І-т. — Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2006. — 3-б.
  6. Муравьев А.В., Самаркин В.В. Историческая география эпохи феодализма (Западная Европа и Россия в V–XVII вв.). Учеб. пособие для студентов ист. фак-тов пед. ин-тов. — М.: Просвещение, 1973. — 144 с.
  7. Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в XIII–XIV вв. — М.: Наука, 1985. — 246 с.
  8. Жартыбаев А. Қарағанды өңірінің топонимдерінің мағыналық жəне құрылымдық сипаты. — Қарағанды: Болашақ- Баспа, 1998. — 68-б.
  9. Əбдірахманов А. Қазақстанның жер-су аттары. — Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, — 206 б.
  10. Джанузаков Т. Очерки казахской ономастики. — Алма–Ата: Наука, 1982. — 176 с.
  11. Қойшыбаев Е. Қазақстанның жер–су аттары сөздігі. — Алматы: Мектеп, 1985. — 24-б.
  12. Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. — І-т. — Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2006. — 400 б.
  13. Жанұзақ Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы. — Алматы: «Азия» баспасы, — 50-б.
  14. Назарбаев Н. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 114-б.
  15. Марғұлан Ə. Шығармалары. — Алматы: «Алатау» баспасы, 2007. — 608 б.
  16. Əбдірахманов А. Қазақстан этнотопонимикасы (зерттелу тарихынан). — Алматы: Ғылым, — 3-б.
  17. Атаниязов С. Этнонимы в туркменском языке / Под ред. П. Азимова. — Ашхабад: Ылым, — 3-б.
  18. Чеснов Я.В. Лекции по исторической этнологии: Учеб. пособие. — М.: Гардарика, — 101-б.
  19. Гордлевский Вл. Государство сельджукидов Малой Азии. — М.-Л.: Изд-во АН СССР, — С. 44, 45.
  20. Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы / Жауап. ред. ф.ғ.д. Т.Жанұзақов. — Алматы: Ғылым, 1990. — 294 б.
  21. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. — М.-Л.: Изд-во АН СССР, — Т. 2. — С. 128.
  22. Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. — 8-т. — 452 б.
  23. Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. — Алматы: Ғылым, 1999. — 296 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.