Кіріспе
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати — ХVІ ғасырда ғұмыр кешкен көрнекті мемлекет қайраткері, əскери қолбасшы, атақты тарихшы, əдебиет майталманы. Ол өмірін Орта Азия, Шығыс Түркістан, Тибет, Үндістан елдерінде өткізген. М.Х. Дулати тарихшы жəне қаламгер ретінде екі шығармасымен зерттеуші-ғалымдар арасында кеңінен танымал тұлға атанды. Бірі – бұл кісінің сəулетті даңқын дүние жүзіне əлпештеп таратқан, оның парсы тілінде жазылған «Тарих-и Рашиди» деген кітабы. Осы энциклопедиялық шығармада ұлттық тарихқа, мəдениетке қатысты түйінді ой-пікірлер, терең толғамдар, парасатты пайымдаулар мол. Мұхаммед Хайдар өз еңбегінде тек тарихты ғана жазып қоймаған. Сонымен қатар адамзат құндылықтары, өмірдің мəні мен мағынасы туралы пəлсапалық ойларын түйіндеген. Өмірдің баянсыздығын, оның өтпелі екендігін айта келе бабамыз ұрпақтарын ізгілікке шақырған. Шығарма көркем ойлармен, өлең жолдарымен өрілген. Екіншісі — «Жаһаннаме» атты шығыстық үлгідегі, түркілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айтатын классикалық жыр-дастаны. «Жаһаннаменің» негізгі тақырыбы махаббатқа деген адалдық, адам- гершілік, адамды сүю, қастерлеу, əділдікті ардақтау болып келеді. Шығармада басты тақырып — сүйіс-пеншілік, махаббат тақырыбы болғанымен, осы арнада Хайдар Дулати өз уақытының, өз заманының, өз қоғамының сан алуан тарихи оқиғаларын да айналып өтпейді. Мансап, билік жолын- дағы əмірлер мен сұлтандардың, бектер мен мырзалардың əрқилы тағдыры, мінез-құлқы, іс-əрекет- тері де дастанда желі тартады. Осы арқылы автор тарих таразысына жақсылық пен жамандықты, əділдік пен əділетсіздікті, қиянат пен рақымшылықты қатар қойып, адам болмысындағы қасиеттер құндылығын адамгершілік тұрғыдан ой талқысына салады. Өз үкімін айтады [1].
М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты классикалық тарихы шығармасы мен «Жаһаннаме» дастаны дүниежүзілік əдеби мұраға енді. Шығыс тарихшыларының дүлдүлі, текті атаның ұрпағы М.Х. Дулатидің өмір жолынан бір үзік сыр Тарихшы, ақын, көркем сөз шебері, майталман шешен, этнограф, философ, географ, оң саусағынан өнер тамған шебер, мəлімгер дипломат, əскери қолбасшы Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген.
Оның ата-бабалары Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағыңда, Моғолстан мемлекетінің құрамындағы Қырғызстан мен Шығыс Түркістан жеріңде беделді саяси кайраткерлер болған. Олар ұлұсбектер, тархандар бола отырып, өздерінің мұрагерлік иелігі Маңғлай-Сүбенге билік жүргізген. Əмір Болатшы (Пуладчи) XV ғасырдың орта шенінде Шағатай мемлекетінің күйреу кезеңіңде Тұғылық-Темірді осы мемлекеттің шығыс бөлігінің ханы етіп тағайыңдаған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің тағы бір атасы — Əмір Хұдайдат ұлұсбек болған кезде Моголстан тағында алты ханды ауыстырған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің арғы атасы Мұхаммед Хайдар мырза 1480 жылға дейін Қашғарияда билік жүргізген [2].
Моғолстан билеушісі Жүніс хан (1415–1486) өлгеннен кейін үлкен ұлы Сұлтан Махмұд (1463– 1508) хандық таққа отырады. Сұлтан Махмұд хан 1493 жылы жас күнінде бірге өскен досы, əкесінің бас əмірі Мұхаммед Хайдардың ұлы Мұхаммед Құсайынға (1468–1508) əпкесі Хұбнигар (Хұб Нигар) ханымды атастырады. Əрі Ташкенттің түстігі, Самарқанд пен Ходженд аралығындағы Ұратөбе уəлаятын басқару билігін береді. Хұбнигар ханым Əбиба ханым жəне Гау Харша бегім атты екі қыздан кейін дүниеге бір ұлды əкеледі. Мұхаммед Құсайын ұлына Мұхаммед Хайдар деп əкесінің атын қояды. Екінші ұлының аты — Мұхаммед Шах [3; 191].
Мұхаммед Хайдардың шешесімен туысқан, Жүністің бірнеше парасатты қыздары болған. Оның бірі Құтлығ Нигар ханым — Үндістанды билеген Ұлы Моғолдар əулетінің негізін қалаушы Захир-ад- дин Мұхаммед Бабырдың шешесі. Тағы бір қызы Сұлтан Нигар ханым — қазақ ханы Əдіктің бəйбішесі. Демек, бұл қарым-қатынастың барлығы Мұхаммед Хайдарға бала күнінен таныс болмаса, ол «Тарих-и Рашиди» кітабында мұның барлығын сондай жылы, сондай ашық жаза алмас та еді.
Мұхаммед Хайдар халық ортасында көбінесе Мырза Хайдар деген атпен даңқы шығады. Оған қосымша лақап аты Көреген, Мырза Хайдар болған. «Көреген» ескі моңғол-түрік тілдерінде күйеу деген сөз. Орта ғасырларда хан қызын алып, ел басқарған би-батырларға «көреген» деген лақап ат берілетін болған. Мағынасы ел басқаратын ханның күйеуі, бірақ ханның өзі емес. Бұл лақап атты Хайдардың əкесі — Құсайын да, Əмір Темір де жəне тағы басқалар да таққан. Сонымен қатар ол жазған кітаптарында өзінің қай рудан шыққанын білдіру үшін ресми атын Мұхаммед Хайдар Дұғлати (Дулати, Доғлати) деп қолданған [4; 92].
Хайдар Мырза шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тағдыр тауқыметін көп тартқан. 1501 жылы ол екі жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Жəне оның балалық шағы Мұхаммед Шайбанидің Орта Азияның қалалары мен қоныстарын, елді мекендерін басып алып, Əмір Темір ұрпақтарын қуа бастаған кезге тұспа тұс келді.
Тарихтан біз Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін көзі тірісінде ұлдарына бөліп бергенде, Алтайдан Атырауға дейінгі өлкенің Шағатайға тигенін білеміз. ХVІ ғасырдың ортасына таман Шағатай мемлекеті екіге бөлініп, Орта Азияны Əмір Темір (1336–1405) иемденді де, Моғолстан (Жетісу мен Шығыс Түркістан) жағы, қазіргі Қырғызстан мен Қазақстанның біраз жерін қоса, Шағатай ұрпақтарының қолында қала берді.
Жошы ханның Батыс Сібірді мекен еткен кіші ұлы Шайбанидің əулеті Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы алауыздықты пайдаланып, олардан Орта Азияны тартып алуға əрекеттене бастаған тарих- тан белгілі. Бұл іс Шайбани тұқымынан шыққан Əбілқайыр хан (1412–1468) тұсында басталғанымен, оны ханның немересі Мұхаммед Шайбани ғана жүзеге асыра алды. XV ғасырдың соңына таман Дешті- Қыпшақ елінің басын құрап, үлкен күшке айналдырған ол, енді ат басын Мəуераннаһрға қарай бұрды.
Мұхаммед Шайбани аз ғана уақыт ішінде, яғни, 1500 жылы — Бұхара, 1501 жылы — Самарқан, 1503 жылы — Ахсикент пен Ташкент, 1504 жылы — Əндіжан, 1505 жылы — Хорезм, 1507 жылы Герат, Астрабад, Гурганға да ту тігіп үлгерді. Басқыншының тегеурініне шыдай алмаған Бабыр соғыса-соғыса Кабулға кетуге мəжбүр болды.
1508 жылы осындай аласапыран кездері Хайдар Мырзаның əкесі Мұхаммед Шайбани кісілерінің қолынан қаза табады. Жетім қалған Хайдар мен əпкесін туыстары əуелде Бұхараға паналатқызады. Соңынан тəрбиешісі екеуін Бадахшанға аттандырады [5].
Хайдар Дулатидің өмірі мен есею, ер жету жолында Бабырдың орны бөлек. Əсіресе Мырза Хайдарға жасаған қамқорлығы туған əкесінің қамқорлығынан кем болмады. Жетімдіктің тауқыметін Бабырдың арқасыңда мүлде ұмытты. Ол Зафар қамалына Мырза ханға хат жазып, Мырза Хайдардың қауіпсіздігін ойлап Кабулға алдыртты. Болашақ қайраткер Бабырдың Кабулдағы сарайында үш-төрт жыл тұрып, сол замандағы ең үздік ұстаздардан білім алды. Бабыр тіпті мұғалімдердің қалай оқытып, білімді игертіп жатқанын назардан тыс қалдырмай, арнайы тексеріп, біліп, көз жеткізіп отырады. Өміріне өзек, ғұмырына азық, болашағына берік негіз қалаған білім негіздерін болашақ ғалым, міне, осы Бабырдың тікелей қамқорлығының арқасында алды [6].
Мырза Хайдар Кабулде, патшаның қасында жүргеніне үш-төрт жылдай болғанда, Жүніс ханның немересі Саид хан Бабырдан оны қайта-қайта өзіне сұрайды. Мырза Хайдардың да ханға ықыласы ауады. Ал Бабыр болса бөлесінің бұл əрекетіне ренжиді. Ренжіп тұрып рұқсатын береді. Бұл жайында Мырза Хайдардың өзі: «Саид хан бірнеше мəрте мені сұрап, патшаға адам жіберді. Ақырында патша қамығып, ренжіп тұрып, маған рұқсатын берді. Патшаның көңіліне қарауға тиіс болсам да балалық жасап оны аяқ асты еттім» [7; 302], — деп жазады.
Сұлтан Саид хан Қашқар елінің билік тағына отырған кезде, дəлірек айтсақ, 1514 жылы Хайдар Дулати осында келіп Қашқар билеушілерінің бірі болады. Сондай-ақ ол ханның мұрагері Əбу ар- Рашидтің ұстаз-тəрбиешісі болып тағайындалады.
Хайдар Мырзаның жасы отызға келгенде Саид хан оған орда мəжілісінде ұсыныс – пікір айтуына рұқсат етеді. Оның əр реткі мəжілістерде алға қойған ұсыныс əдіс-амалдарының ойламды, орынды əрі сенімді екеніне көзі жеткен хан бұйрық беріп, Мұхаммед Хайдарды бүкіл əскерлердің маңызды жұмыстарын басқаруға тағайындайды. Осы заман атауымен атағанда М.Х. Дулати қорғаныс министрі болады [3; 203].
«Тарих-и Рашидиде»: «Осылайша біршама уақыт өткен соң хан: «Сенің пікіріңе менде толық сенім пайда болды», — деді. Содан кейін барлық əскери істер мен мемлекет істерін маған сеніп тапсырды һəм бүкіл істерде менің қолыма шексіз билік, еркіндік берді жəне ханның жарлықтары мен үкімдері (пəрмендері) менің атыма жіберіліп отыратын. Сондай-ақ менің өз атыма ханның жеке хаты да келіп тұратын. Кашмир жорығынан қайта оралғанымда Тибетте ханның құзырына бардым. Мені ол оңашада да, көпшіліктің көзінше де «бауырым» деп атайтын» [7; 304] — дейді».
1533 жылы Саид хан қайтыс болды. Хан тағына отырған Əбу ар-Рашид (Əбдірашид) Дулат тайпаларының басшыларынан қауіптеніп, оларды қатты қуғынға ұшыратты. М.Х.Дулатидің немере ағасы Саид Мұхаммед мырза Дулатты өлтірді [8; 591–592].
Бұған өте ренжіген Хайдар Дулати алдымен Бадахшанға, сосын Үнді елінің əміршісі Бабырдың баласы Қамранға барып, 1539–1540 жылдары Аграда тұратын Бабырдың үлкен ұлы Құмайынмен бірге болады. 1541 жылы ол Бабыр ұрпақтарының көмегімен Кашмир елін жаулап алып, сонда дербес мемлекетіне өзі жеке дара билік жүргізеді. 1551 жылы М.Х.Дулати сондағы тағы тайпалардың бірімен шайқас кезінде мерт болады [9; 397–398].
Даңқты Бабырдың айтуынша [8; 592], М.Х.Дулати жан-жақты білімді адам болған. Сол кездегі саяси оқиғалар мен қайраткерлерді, сондай-ақ Қазақстан мен Орта Азия, Моғолстанның өткен тарихын, əсіресе Дулат тайпасының тарихын жақсы білген. 1541–1546 жылдары Кашмирде «Тарих-и Рашидиді» жазған. Ол хатқа түспеген дүниенің бəрі көмескіленіп, естен шығып, ұрпақ ауысқан сайын ұмытылып, мүлдем тарихи санадан өшіп кететінін өте жетік байқаған.
Мұхаммед Хайдар Дулати мемлекет қайраткері, қолбасшы болғандықтан, балаң жастан бастап өмірінің соңына дейін ұрыс, майдан алаңында атой салды. Ол бозбала шақта шайқасқа қатысып ерте есейсе, əскерге қолбасшылық етіп, соғыс өнерінің, əскери ғылымның, жауынгерлерге басшылық етудің, ұрыс жүргізудің қыр-сырын, сарбаздардың ұрыс жағдайындағы психологиясын соншама терең зерттеп, саралай білді [10].
Хайдар Мырза сурет салу ісімен айналысады, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Шеберлік ісінде ол бармағынан бал тамған ісмер сұлулық дүниесін жанымен сүйетін хас шебердің өзі болады. Қырнау, безеу, ою-өрнек өнерін тіпті асқаралы түріне жеткізіп, оны шын мағынасында сұлулық қазынасы — өнерге айналдырған. Онымен бірге Хайдар өзінің ойға жүйрік, майталман, сөзге шебер, ерекше саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болады [11].
Мұхаммед Хайдарды оқыған Күншығыс ғалымдарының ол туралы жылы сөз айтпай қалған бірде бірі жоқ.
«Тарих – и Рашиди» – Хайдар Дулатидің есімін əлемге мəшһүр еткен ең басты шығармасы
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих–и Рашиди» («Рашидтің тарихы») атты еңбегі екі дəптерден тұрады.
Бірінші дəптерде (кітапта) Моғолстанды жəне Қашқар елін билеген Шағатай ұрпақтарының əулеті тарихы баяндалады. Мұнда автор Тоғлық — Темір билік жүргізген кезден (1347–1348) бастап хан тағына Əбу ар-Рашид (Əбдірашид хан) отырған кезеңге дейінгі тарихи мерзімді қамтыған.
Екінші дəптердің (кітаптың) көлемі, біріншісіне қарағанда, төрт еседей көп. Бұл дəптер көбінесе дерлік ақынның өз көзімен көрген оқиғалар бойынша жазылған. Екінші дəптерді ғұмырнамалық шығарма деуге болады.
Екінші дəптер мемуарлық сипат ұстағанмен, онда сұлтан Саид ханның Моғолстандағы өкімет үшін күресі, оның 1514 жылы Дулат əмірлерінен жаулап алып, Моғолстан мемлекетін құрғаны, Шағатай əулетінің Моғолстанның бұрынғы аймағы — Жетісу мен Тянь — Шаньдағы өкімет билігін өз қолдарына алмақ болған əрекеттері, моғол хандарының Шайбани əулетімен жəне қазақ хандарының қарым-қатынастары əңгімеленеді. Шығарма ХV–XVI ғасырларда Орта Азия, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістанда болған тарихи оқиғаларды да қамтиды. Автор еңбегіне моғолдар арасына кең тараған Дулат əмірлерінің аңыз-əңгімелерін, мемлекеттік ресми құжаттарды, əсіресе тарихшылар: Йакут, Жамал Қарши, Жувейни, Рашид əд-Дин, Казвини, Абд əр-Раззақ Самарқанди, Шараф əд-Дин Əли Йездидің еңбектерін арқау еткен [8; 681–682].
Автордың айтуынша, шығарманы «Тарих-и Рашиди» деп атауға үш себеп басшылыққа алынған:
«...Біріншісі, Тоғлық–Темір хан ислам дінін маулана Аршададдиннің ықпалымен қабылдады... Екінші себебі, Тоғлық–Темірге дейін-ақ исламды Барақ хан, одан кейін Кебек хан қабылдаған еді. Алайда осы хандар дəуірінде моғол ұлыстары ислам дінінен дұрыс жол таба алмады. Ал құдіретті де мəртебелі Тоғлық–Темір хан мен бақытты моғол ұлысы исламнан дұрыс жол тауып, ұлылыққа бет бұрды. Үшіншіден, қазіргі уақытта моғол ханы Əбдірашид хан болғандықтан, бұл тарих соған арналып, оның құрметіне құрастырылып отыр. Осы үш себептен бұл тарих «Тарих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы») деп аталынды» [7; 41].
ХVІ ғасырдың соңынан бері Батыс жəне Шығыс елдерінің ғалымдары бірегей түпнұсқа ретінде пайдаланып келе жатқан «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде ғұлама ғалым көптеген бай мағлұматтармен қатар, Моғолстан туралы толық жəне нақты деректер қалдырған: «... Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен ені жеті-сегіз айлық жол болады. Оның шығыс шекарасы қалмақтардың жері — Барыскөл, Еміл жəне Ертіске тіреледі. Солтүстігінде Көкше теңіз, Бум Лиш жəне Қараталмен; батыс шекарасы Түркістан мен Ташкент жəне оңтүстігінде Фергана, Қашқар, Ақсу, Чалыш, Тұрфанмен шектеседі. Осы төрт шекаралас аймақтардың ішінен мен [Моғолстанның] оңтүстік аймағын көрдім. Ташкенттен Əндіжанға дейін он күндік жол. Əндіжаннан Қашқарға дейін жиырма күн, ал ол жерден Ақсуға шейін он бес күндік жол. Ақсудан Чалышқа дейін жиырма күндік, Чалыштан Тұрфанға дейін он күндік, Тұрфаннан Барыскөлге шейін он бес күндік жол. Барыскөл Моғолстанның шығыс шекарасы, барлық оңтүстік шекарасы салт атпен орташа жүріп отырғанда үш айлық жол. Жол бойында тоқсан бекет бар. Қалған үш жағын көрген жоқпын. Сол жаққа барып-келіп жүргендерден естідім, олардың айтуынша, ол шекаралар ұзындығы бұл айтылғаннан əлдеқайда үлкен əрі жеті-сегіз айлық жол құрайтын аумақтың көп бөлігі таулы өңір мен сайын дала болып келеді. Табиғатының көріктілігі мен əдемілігі соншама оны сипаттап жазуға менің шамам келмейді. Оның тауы мен даласында сансыз гүлдер өседі, олардың атауын да ешкім білмейді. Бұл гүлдер Моғолстаннан басқа жерлерде кездеспейді, сондықтан оларды ешкім жазбаған. Оның көптеген аймақтарында жаз айларында ауа райы қоңыр салқын болады. Адамдар бір-ақ көйлекпен жүре береді, оған басқа киімнің керегі болмайды, егер оның үстінен жəне киім киер болса, ыстық болмайды. Бірақ Моғолстанның кейбір аймақтарында ауа райы қоңыр салқыннан суықтыққа қарай ауысады.
Моғолстанда Жейһун сияқты, не соған жақын үлкен өзендер көп болған. Мысалы, Іле, Еміл, Ертіс, Шолақ жəне Нарын сияқты. Бұл өзендердің Жейһун мен Сейһуннан еш кемдігі жоқ. Олардың көпшілігі Көкше теңізге құяды. Көкше теңіз Моғолстан мен Өзбекстан арасын бөліп тұрған көл. Ұзындығы сегіз айлық жол, енінің кейбір жерлері шамамен отыз фарсах болатын. Қыс мезгілінде Көкше теңізде мұз қататын. Өзбектер мұздың үстінен өтіп, Моғолстанға баратын. Олар екі тəулік бойы жылдам жүріп отырып мұздың үстінен басып өтетін. Қыстың аяғында қайтқан кезде де дəл сондай жылдамдықпен мұздың үстінен жүріп өтетін. Бірақ қыстың аяғында бұл қауіпті болатын. Өйткені, көбіне мұз жарылып, жүз-екі жүз отбасы, одан да көп адам мұзға батып кететін. Оның суы тұщы болатын. Көкше теңізге құятын өзендер көп те, одан ағатын өзен аз. Ағатын өзеннің мөлшері оған құйылатын судың бір бөлігіндей ғана. Ағатын өзен Өзбекстан аумағынан ағып өтіп, Құлзумға құяды. Бұл өзеннің аты Атил деп аталады, тарихи кітаптарда [Атил, ал өзбектер арасында Идил деген атпен белгілі].
Моғолстанның тағы бір ғажайыбы — Ыстықкөл. Оған шамамен Көкше теңізге құйылатындай су құйылады. Ыстық көлдің айналасы жиырма күндік жол болады. Оның суы ешқайда тарамдалып кетпейді. Оның айналасын тау қоршаған. Оған құйылатын сулардың бəрі тұщы əрі тəтті болып келеді де, көлге қосылғасын ащы əрі кермектеніп кетеді. Онымен дəрет алудың да өзі қолайсыз. Егер суы көз бен ауызға тисе, ашытып күйдіреді. Тілге тисе, жағымсыз жағдай туғызады. Суы жағымсыздау болса да сондай таза əрі мөлдір болады. Мысалы, оны бір шыны кесеге құйсаңыз, оның түбінде ешқандай шөгінді тұнбайды. Ал, оның айналасындағы суларға келер болсақ, олар өте таза əрі тұщы. Маңында жұпар иісті шөптер, гүлдер, жеміс ағаштары өссе, оның даласында киік пен құстар жыртылып айырылатын. Моғолстанда мұндай табиғаты əсем, ауа райы керемет жерлер сирек кездеседі» [7; 402-403].
«Тарих–и Рашидидің» басқа мағлұматтардан ерекшелігі, мұндағы оқиғаның көбін автор өз көзімен көріп жазған. Жəне мұнда басқа түрлі тарихи жазулар сияқты ешбір шұбалаңдық жоқ, бұл тек белгілі бір дəуірді алып, соны əдемі тілмен айқын суреттеген.
Шығарманың екінші қасиеті — бұл қазақ тарихы туралы жазылған бірінші кітап. «Тарих – и Рашиди» негізінде жүз жыл ішінде (1450–1546) болған оқиғаны суреттейді. Бұл кез бұрынғы Алтын орда мен Шағатай ұлысының əбден ыдырап, оның орнына жеке хандықтар құрыла бастаған кез. Мұ- хаммед Хайдар «Тарих– и Рашиди» кітабында осы Шағатай ұлысы мен Алтын орданың қалай азып- тозғанын суреттеп, ол екеуінен тарап шыққан қазақ халқының саяси тіршілігін баяндайды [4; 95].
М.Х. Дулати қазақ қауымының ең алғаш ұйымдасуы туралы былай деп жазады: «Əбілқайыр хан Дешті–Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы əулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пəленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды. Керей хан, Жəнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Əбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келеді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді.
Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп, тыныш өмір сүріп жатты.
Əбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Əркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һəм дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жəнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып əрі сергелдеңде болғандықтан, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды» [7; 305–306].
«Тарих-и Рашидиде» қазақтың алғашқы хандарының көрші елдермен қарым-қатынасы кең көлемде сөз болады. Сондай-ақ мұнда Керей ханның баласы — Бұрындық хан, Жəнібек ханның баласы — Қасым хан, т.б. туралы құнды деректер бар: «Керей хан қайтыс болғаннан кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды... Қасым хан Жəнібек ханның баласы болатын əрі əкесі сияқты барлық іс жағынан Бұрындық ханды тыңдап, соған бағынатын еді. Керей ханның Бұрындық ханнан басқа да көптеген ұлдары болған. Жəнібек ханның да Қасым ханнан басқа балалары бар-ды. Соның бірі Əдік сұлтан-тын. Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды Мырза Сұлтан Махмұд бин Сұлтан Əбу Саид мырза қайтыс болған соң, Əдік сұлтанға берді. Ташкент ойрандалған кезде Əдік сұлтан Шаһибек ханның əскерінен қашып шығып, қазақтарға кірді. Сұлтан Нигар ханым да оның соңынан ілесті. Əдік сұлтан көп ұзамай дүние салды. Содан Сұлтан Нигар ханымды Қасым хан некелеп алды. Əдік сұлтаннан кейін Қасым хан билікке қол жеткізді. Сөйтіп, Бұрындық ханға хандықтың атынан басқа ештеме қалған жоқ. Ең ақырында Қасым хан Бұрындық ханды қуып жібереді. Сонымен, Бұрындық Самарқанға кетіп, жат өлкеде өлді» [7;306].
«Тарих-и Рашидиде» ой бөлетін нəрсенің бірі — Қасым хан дəуіріндегі (1443–1520) қазақ халқының əлеуметтік шаруашылық күйі. Бұл мəселені Мұхаммед Хайдар көбінесе Қасым хан атымен байланыстыра айтады. Өйткені ол қазақ халқының өсіп-өнуіне үлкен қамқорлық еткен адамдардың бірі болды. Бұл жөнінде Хайдар Дулати былай дейді: «Саид хан да Ахсиге оралды əрі Фергана уəлаятының қамалдарын бекемдеп, қазақтарға қарай бет алды. Ондағы ойы Ташкентті алуға тағы да қазақтарды көтеру болатын. Мен ол сапардан сырқаттануыма байланысты қалып қойдым.
Хан жолға шығып, Моғолстанның мəшһүр жері — Шуға (Жудке) келіп жетті. Қасым ханның сол уақытта жасы алпыстан асып, жетпіске таяп қалған кезі. Ал ханның қылшылдаған шағы болатын — жасы отызға жете қойған жоқ еді. Əзірше талай қажет деген жерге жаяу жүріп жететін. Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы ала алмайтынына кешірім өтініп, Жошы əулетінен тараған кейбіреулерінің жасы елу мен алпысты алқымдап қалған отыз-қырық сұлтанды, солардың ішінде Жаныш хан, Таныш хан, Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қарыш сұлтан жəне тағы басқаларға тізе бүгіп құрметпен қарсы алсын деп бұйырды. Соның ішінде Жаныш хан мен Таныш хан жас жағынан [Саид] ханнан көп үлкен болатын. Олар тізе бүккен кезде хан орнынан тұрды. Қалған сұлтандардың бəрі де тізе бүккен уақытта хан өз орнына отырып, сəлемін қабылдады. Қасым хан [Саид] хан алдына келгенде жылы жүздесіп құрметтегені сондай, хан өмірінің соңғы сəтіне шейін оның кішіпейілділігін ұмытқан емес. Əрқашан сырласа қалғанда хан оны еске алып, «Алланың нұры жаусын оған»: Қасым хан асқан мəрт адам болған деп отыратын жəне онымен қалай танысқанын баян ететін-ді» [7; 308–309].
Мұхаммед Хайдар Қасым ханның тəрбие беретін кемеңгерлік ісін суреттеумен бірге, оның саясатқа жүйрік адам болғанын да баяндайды: «Қасым хан Дешті–Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес. Мысалы, əскерінің саны мың-мыңнан (миллион) асатын еді» [7; 306].
Мұхаммед Хайдардың айтуынша, Қасым ханнан кейін қазақ қауымы зор апатқа ұшырайды. Бұларды, бір жағынан өзбектер мен Рашид ханның бірлескен күші əлсіретсе, екінші жағынан — халық бұқарасы Тайыр мен Мамаш сияқты тоғышар хандардың басшылығына разы болмай, тоз-тоз бола бастайды.
Белгілі ғалым Немат Келімбетовтың пайымдауынша [9; 404], жанрлық тұрғыдан келгенде«Тарих-и Рашидиді» ғылыми еңбек əрі түркі тілдес халықтардың шынайы шежіресі, сондай-ақ тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды деуге болады:
- «Тарих-и Рашиди — көне түркі, шағатай, араб, парсы, латын, ежелгі грек, үнді тілдерінде жазылған, есімдері əлемге мəшһүр Шығыс пен Батыс ғұламаларының тарихи зерттеулеріне негізделіп жазылған нағыз ғылыми еңбек.
- Хайдар Дулати еңбегі сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ауызша айтылып келген тарихи деректерді, аңыз-əфсаналарды, хандар мен сұлтандардың генеалогиясын (ататегін) өз ішіне қамтыған шынайы шежіре кітап деуге болады.
- Қазақ зиялылары шежіре кітаптарды тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды ретінде таныған. Тіпті алғашқы ресми тарих ретінде жазылған шежіренің өзін айтушы жыршы-жыраулар оған көркем теңеулер қосып, бірте-бірте шежіре мəтінін тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындыға айналдырып жіберетін болған.
Міне, Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін жазу барысында осы жайттарды мықтап ескере отырып, оны жоғарыда айтылған үш талапқа да жауап беретіндей етіп жазған.
«Тарих-и Рашиди» кітабын зерттеу, басқа тілдерге тəржіма жасау жайында бірер сөз
М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін тұңғыш рет Англияның аса көрнекті тарихшысы Э.Денисон Росс (1871–1940) ағылшын тіліне аударып, оны 1895 жылы Лондонда бастырып шығарған. Осы кітап сол күйінде ешбір өзгеріссіз қайтадан 1972 жылы Лондонда жарық көрді.
Орыс ғалымы В.В.Вельяминов-Зернов 1864 жылы Санкт-Петерборда шыққан «Қасым хандары мен ханзадалары жайлы зерттеу» атты кітабының екінші томының Ораз-Мұхаммедке арнаған он екінші тарауында XV ғасырда өмір сүрген Жəнібек пен Əдік хандар тарихын жазғанда, Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» туралы: «Жəнібек пен Əдік хан туралы тапқан деректердің ең нақтысы — «Тарих-и Рашиди». Оны Мұхаммед Хайдар-гурган 948 (1541–42) жəне 953 (1546–47) жылдар аралығында парсы тілінде жазған. Екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі Тоғылық–Темірден бастап шағатайлықтар жерінің тарихын қамтитын очерктен құралған. Ол Тоғылық–Темір ұрпағының бірі, Жүніс ханның немересі, əйгілі Əбілхайыр ханның немересі, Бұхаралық шейбанилер əулетінің негізін қалаған Шайбани ханмен соғысқан Сұлтан Ахмет ханның (Алаша хан) баласы Саид хан (939 жылдың зульхиджа айында қайтыс болған. Маусым, 1533 ж.) өліміне дейінгі уақытты қамтиды. Осы бөлімнің аяқ жағында Сұлтан Саид ханның баласы жəне мұрагері, былайша айтқанда, бұл еңбек соған арналып
«Тарих-и Рашиди» деп аталған. Екінші бөлімі «Тарих-и Рашиди» авторының өмірбаянын жəне оның кезінде болған, ол қатысқан немесе куəсі болған оқиғаларды қамтиды. «Тарих-и Рашиди», əсіресе, оның екінші бөлімі өте керемет. Бұл шағатайлықтардың кейінгі тарихын баяндайтын жалғыз дерек. Мұхаммед Хайдар жазғанының барлығы дерлік жоғарғы тұрғыдан жаңа жəне қызықты. Оның əңгімесі барлық жерде адал жəне анық. Осыны «Тарих-и Рашиди» авторынан күту керек еді. Оның қоғамдағы орны бұл оқиғаларды білуге жəне шын мəнінде қағазға түсіруге қолайлы болды. Мұхаммед Хайдар Шыңғыс хан кезінде аты шыққан, беделі жоғары, ал шағатайлықтар кезінде одан да жоғары көтерілген Дулат руына жататын. Бұл ру мүшелері көп уақыт Қашқар, Жаркент, Ақсу жəне сол төңіректегі басқа да жерлерге əкім болған. Олардың [Шағатай] хандарымен тығыз қарым- қатынастары мен некелік байланыстары нығайды, бұған дəлел ретінде көптеген Дулаттардың гурган титулын иемденгенін айтуға болады», — деп жазады. Одан əрі ғалым «Тарих-и Рашидиден» Темірмен соғысқан Қамараддин жəне оның ағалары жайлы қысқаша айта келе, Мырза Хайдар өміріне тоқталады, Мырза Хайдардың балалық шағынан бастап Кашмирді екінші рет жаулап алу кезеңіне дейін баяндайды.
В.В.Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашиди» көшірмесін Шығыстан, соның ішінде Үндістаннан табуға болатыны туралы: «Жалпы, Шығыста «Тарих-и Рашиди» жəне оның авторы көпшілікке белгілі. Азиялық жазушылар Мұхаммед Хайдарды адам жəне қолбасшы ретінде мақтайды, тіпті реті келсе, оның кітабына сілтемелер жасайды», — дейді. Сонымен қатар дəлел ретінде Бабырдың «Бабырнамеде» Мырза Хайдар жайлы жазғандары мен оған арнаған өлеңін келтіреді [12].
Ресей жəне кеңес шығыстанушылары, тарихшыларынан Мырза Хайдар еңбегін жоғары бағалаған академик Василий Владимирович Бартольд (1869–1930). Ол «Шығармаларының» ІІІ–то- мында Хайдар Дулатиге мақала арнаған. Оның атын «Хайдер Мырза» деп қойған. Ал өзінің аса құнды «Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии» (жалпы аты «Тюрки») атты кітабында Мырза Хайдарға қатысты мынадай деректер келтіреді: «Мұхаммед Хайдер считал моголов и киргизов одним и тем же народом и видел всю разницу между ними в том, что моголы приняли ислам, тогда как киргизы оставались в то время язычниками. Потомки Ахмед-хана, во всяком случае, были по языку турками; уже сын Ахмед-хана, Саид-хан, умерший в 1533 г., писал стихи по- персидски и по-турецки. Мухаммед-Хайдер отличает моголов от коренного населения Восточного Туркестана и понимает под Моголистаном преимущественно степи от Балхаша, составлявшего границу между Моголистаном и Узбекистаном, на западе и до страны калмыков на востоке; на севере границу составляли Эмиль и Иртыш, на юге — Фергана и области Восточного Туркестана от Кашгара до Баркуля (собственно, Барс-куль). В XVI в. моголы были вытеснены оттуда калмыками и киргизами, но оставались в Кашгарии, где их, по словам Мухаммед-Хайдера, считалось около 30 000. Условия в Кашгарии неблагоприятны для сохранения кочевой жизни, и после изчезновения, в конце XVII в., ханской династии моголы должны были скоро слиться с местным оседлым населением и утратить свое название» [13].
Қырғызстан ғалымы Н.Н. Туманович (1928–2003) ХV–XVI ғасырлардағы қырғыз тарихын толық көрсету үшін «Тарих-и Рашиди» түпнұсқасымен жұмыс істей отырып, В.В.Бартольдтың қырғыздар тарихына арналған зерттеулерін, Хафизи Абрудың «Зубд ат-тауарихын», Б.Я.Владимирцовтың
«Моғолдардың қоғамдық құрылысын» жəне Петрушевскийдің «XIII–XIV ғасырлардағы Ирандағы егін шаруашылығы жəне аграрлық қатынастарын» пайдаланған. Өз еңбегіне Н.Н.Туманович ең басты дерек ретінде Дэнисон Росстың «Тарих-и Рашидиінің» аудармасын пайдаланған. Бірақ В.В.Бартольд секілді ол да Д.Росс аудармасына қанағаттанбаған.
Н.Н.Туманович басқа да шығыстанушы-ғалымдар секілді «Тарих-и Рашидиді»: «Бұл шығарма — түркі халықтарының тарихын зерттеуде аса бағалы дерек. Басқа деректердің арасынан оның ерекше орын алатынының себебі мынада. Біріншіден, Мұхаммед Хайдардың еңбегі — тек Моғолстан тарихына бағышталған бүгінгі күні бізге мəлім шығармалардың жалғызы ғана. Моғолстан XV–XVI ғасырларда Шығыс Түркістан аймағына кірген. Екіншіден, «Тарих-и Рашидиде» қырғыздар жайлы жəне олардың қоныс тепкен жерлері туралы басқалар бұрынырақ айтпаған деректер келтіріледі. Үшіншіден, көлемі жəне деректерінің ауқымдылығымен ортағасырлық шығармалардың ешқайсысы да «Тарих-и Рашидимен» теңесе алмайды», — деп жоғары бағалаған [14; 10].
Санкт-Петербор университетінің профессоры, шығу тегі бойынша қазақстандық Т.И. Сұлтанов Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиін» зерттеп, оған қысқаша тарихнамалық талдау жасаған. Жыл сайын шығатын «Шығыстың жазба ескерткіштері» атты тарихи-филологиялық зерттеулер жинағында ол «Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» («Ескерткіштің əдеби тарихы») атты ауқымды мақала жариялаған. Онда «Тарих-и Рашидидің» Əлламиден, яғни XVI ғасырдың екінші жартысынан, зерттеле бастауы жəне кейінгі жүз жылдықта оның Орта Азия, Иран, Үндістан, Еуропа, Кеңес Одағы ғалымдарының еңбектеріне жасаған ықпалына тоқталған.
Т.И.Сұлтанов мақаласында: «XVI ғасырдың парсы тілді тарихи əдебиеті қатарында Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі» мазмұнының шынайылығы жəне əдеби тағдырына орай едəуір қызықты еңбек болып табылады. «Тарих-и Рашидидің» мəдени-тарихи жəне деректанымдық мағынасы еуропалық жəне үнділік шығыстанушылардың шығармаларында дүркін-дүркін айтылып келген. Əйтсе де бұл күнге дейін тақырыбы осы əдеби тарихи ескерткішке бағышталған басылым жоқ», — деп жазады, яғни мұндай классикалық еңбектің филологтар тарапынан аз зерттелгеніне өкініш білдіреді [14; 11].
Қазақстан тарихы библиографиясында «Тарих-и Рашиди» атты М.Х.Дулатидің кітабын зерттеу Ш.Уəлихановтан басталған еді. Шоқан бастаған игілікті істен соң Қазақстан тарихшылары «Тарих-и Рашидидің» қазақ елі тарихына қатысты бөліктеріне ХХ ғасырдың басында көңіл бөле бастады. Мысалы, сонау 30-жылдары Қазақстан тарихын жан-жақты жазуға алғаш рет құлшына кіріскен профессор Санжар Асфендияров бұл кітапқа көп көңіл бөлген еді. Сонымен қатар 40-жылдары В.Вяткин өзінің зерттеулерінде «Тарих-и Рашиди» атты кітапты кеңінен пайдаланған.
Дулати туралы əйгілі ғалым Əлкей Марғұланда қалам тартып, оған қазақтың тұңғыш тарихшысы деген атақ беруі де тегін емес.
Мырза Махмұд Жарас атты тарихшы, əдебиетші қаламгер Мырза Хайдардың еңбегін оқығаннан кейін, Саид ханның (1515–1685) 170 жылға жуық Жаркент қаласын астана етіп, Шығыс Түркістанда билік құрған дəуірдің оқиғаларын жазып, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруға бел буып «Тарих-и Рашиди зейли» («Тарих-и Рашиди жалғасы») атты шығармасын жазды [15].
Профессор Əбсаттар Дербісəлі М.Х. Дулати туралы библиографиялық көрсеткіш құрастырып, ғұламаның «Жаһаннаме» дастанын қазақ тіліне аударып бастырды. Тараз мемлекеттік университетіндегі «Дулаттану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Ислам Жеменей 2007 жылы Мұхаммед Хайдар мұрасының əдеби, тарихи саласынан докторлық диссертация қорғады [16; 30].
М.Х.Дулати еңбегінің қазақ тарихына қатысты жерлері 1969 жылы орыс тілінде жарық көрді. Өзбек ғалымдары «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен орыс тіліне аударып, 1996 жылы Ташкентте бастырып шығарды.
2003 жылы «Тарих-и Рашиди» парсы тілінен қазақ тіліне тікелей қотарылды, кітап Алматыда басылып шықты. Бұны жүзеге асырған ирандық қазақ шығыстанушы Ислам Жеменей еді. Ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар Алматы, Тараз қалаларында өткізілді. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша М.Х. Дулатидің Отанына оралуы тəуелсіз мемлекетіміздің мəдени өміріндегі аса бір ірі уақиға еді. Ежелгі, ескі заманның ғұламалары энциклопедист–ғалымдар болған ғой. Сол шоқ жұлдыздың біреуі М.Х. Дулати екені айдан анық.
Ш. Уəлиханов Дулатидің еңбектерін алғаш рет ресей ғылымында зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген ғалым
Тарихта өзіндік орны бар «Тарих-и Рашиди» атты туындыны XVIII ғасырда Үндістанды басып алған ағылшындар тауып, Лондонда екі рет ағылшын тілінде басып шығарса, ал өзімізден алғаш рет қол созған адам Шоқан Уəлиханов болыпты. Ол Қашғарияға барған сапарында «Тарих-и Рашидидің» ұйғыр тіліне аударылған нұсқасын қолына түсіріп, оның он шақты бетін орыс тіліне аударыпты.
Ш.Уəлихановтың белгілі ғылыми еңбегі «Очерки Джунгарии» («Жоңғария очерктері») Петербордағы ОГҚМ-ның (Записки Русского Географического Общества) 1861 жылы бірінші кітабында 184-200 беттерде, екінші кітабында 35–58 беттерде басылып шыққан [17].
Осындай аса құнды ғылыми басылымның бірнеше беттері М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабына арналған. Онда Шоқан тарихи еңбектің сол уақытқа дейін Ресей ғылымында белгісіз болып келгенін айтады. Сол кезде Ғылым академиясының мұражайында оның түрікше аудармасы, ал Петербор университетінде түпнұсқасы, яғни парсы тіліндегі нұсқасының, сақтаулы екенін көрсетеді де: «Ғылым академиясының мұражайында бұл кітаптың түрікше аудармасы бар, ал С-Петербор университетінің кітапханасында – парсыша түпнұсқасы сақталған. Өкінішке орай, академиядағы кітап толық емес, ал университеттегі кітаптың қатесі көп, соған қарағанда, оны парсы тілін білмейтін адам көшірген» [18; 352], — деп сол қолжазбалардың кемшіліктерінің көп екенін атап айтады. Осындай жағдайлар қазақ ғалымы Ш.Уəлиханов Петербордағы М. Хайдар кітабының нұсқасымен өте жақсы таныс болғанын жəне жан-жақты зерттегенін көрсетеді.
Одан əрі қарай қазақ ғалымы «Тарих-и Рашиди» кітабын қысқаша талдап, оның екі бөлімнен тұратынын, бірінші бөлім Қашғар хандығы Тоғылық-Темірден, яғни 1362 жылы Шыңғыс хан ұрпағынан Рашид ханға дейінгі (1554 ж.) тарихты қамтитынын, ал екінші бөлім мемуар түрінде автор естеліктерінен тұратынын көрсетеді. М.Хайдар өз басындағы қиын-қыстау жағдайларды жаза отырып, оған қоса аса қажетті географиялық (Тянь-Шань, Болор, Тибет, Куэн-Лун, т.б. жерлер туралы) жəне тарихи мəліметтер бергенін Ш.Уəлиханов тебірене жазыпты. Ал автор туралы: «...Өзі атақты Доғлат əулетінен шыққан, оның ата-бабасы, ұлысбектер деген атпен Моғұл ұлысында франктердің Меровинг мажордомдарының рөлінен кем емес рөл атқарған» [18; 353], — деп М.Хайдардың хан тұқымына жатпайтын Дулат руының адамы болса да, əкесінің Моғолстан мемлекетінде шешуші рөл атқарған тарихи тұлға екенін көрсетіп, оларды V–VII ғасырлардағы Францияда шексіз билікке ие болған Меровингтермен салыстырады.
Ш.Уəлиханов «Жоңғария очерктерінде» 1554 жылға дейін Орталық Азия тарихынан көп мəлімет беретін осынау аса құнды кітап Еуропада тек аты ғана белгілі екенін айта келіп, Санкт-Петербордағы оның қолжазбаларының əлі күнге дейін игерілмегенін қынжыла жазыпты.
Қазақстанда дулаттану саласында тұңғыш үн көтерген — Шоқан Уəлиханов «Тарих-и Рашиди» кітабын оқып шығып, «Из Тарих-и Рашиди» («Тарих-и Рашиди» — ден) деп аталатын құнды зерттеу жасап жарыққа шығарған. Аталған зерттеу Шоқан қолымен жазылған 22 беттен тұрады. Мұнда «Тарих-и Рашиди» кітабының қысқаша мазмұны былайша берілген: «Тарих-и Рашиди» түпнұсқасының авторы Мұхаммед Хусейынның ұлы Мұхаммед Хайдар көбінесе Хайдар Куркан (гурган – монғол тілінде «күйеу бала» мағынасын білдіреді) мырза атымен белгілі жəне ол қашғарлық хан Абдул-Рашидтің уəзірі болған. Ол хандармен туыстығы бар Дұғлат əулетінің Бұлашы əмірінен шыққан. Хандар əйелдерін осы əулеттен алатын болған. Жетімдіктің ауыр зардабын тартқан автор 13 жасында Сағидхан сұлтанның тəрбиесіне алынған. Ханның оған деген ерекше ықыласы ханның балалары мен ағайындарының қызғанышын оятады. Ол 24 жыл бойы ханның қасында болып, оның бұйрығымен көркемсөз шығармашылығымен, поэзиямен, сондай-ақ кітап жазумен де, сурет салумен де, ісмер жұмыстар шеберлігімен де айналысып, халықты таң қалдырады, темір жону өнерінің, ұсталықтың, дипломатияның шебері болады. «[Егер] не білетінімді айтар болсам, [онда] [əңгіменің] шегі алысқа кетеді. Жай қарым- қатынаста, сұхбатта, соғыста, садақ ату кезінде, аңшылықта жəне сондай-ақ басқару істерінде – осының барлығында мен ханның шəкірті болдым. Алайда мен оның балаларынан көп жаманшылық көрдім», — [деп өзі туралы Мұхаммед Хайдар жазады].
Хайдар монғол хандары қимыл-əрекетінің аңыздардан мəлімдігін айтады, алайда оның уақытында аңыздардың ауызша жеткен үлгісін білетін жəне оларды сақтай алған адамдар да болмаған. Ол өз тарихын Шараф-ад-диннің «Зафарнамесі» баяндауын үлгіге ала отырып, хижраның 951 ж. бастайды. Тарих Моғол ұлысының негізін салушы, əрі исламды бірінші қабылдаушы Тұғлық-Темір ханнан басталады; өйткені Шыңғыс ханнан бастап Тұғлық-Темірге дейінгі жайды барлық тарихшылар жақсы айтады да, солардан кейінгі хандардың тарихы белгілі болмаған. «Тарих-и Рашиди» екі бөлімге бөлінеді: біріншісіне [Тұғлық– Темірден тарайтын Шағатайлықтар тарихы] енеді. Екінші бөлімде автордың өзінің [өмірлік] жағдайынан мəліметтер қамтылады: Шағатай хандары мен сұлтандары туралы не естіді, не көрді; өзбектер жайлы жəне өз туысқандарының – хандар тарапынан көрген қолайсыздықтар. Сондықтан автор осы хандық алдындағы жəне басқа тарихшылардан белгілі оқиғаларды қайталауды да ұлы өзен Ефраттың жағалауынан құдық қазғандай жөнсіз деп есептеп, [өз тарихын] Рашид ханмен аяқтайды, соның атымен жылнама «Рашиди» деп аталған. Тарих 962 ж. (1554 ж.) аяқталған, ол өз бойында негізін салушысы Есенбұға болған Шағатай ұлысының шығыс бөлігін иеленген хандар тарихын қамтиды, олар Ақсу, Қашғар мен Яркендті мекен еткен. Автор бұл хандарды монғол (моғол) хандары деп, олардың иелігін Моғолстан, Моғол ұлысы, ал халқын, олар мұсылман болса да монғол деп атайды (яғни, ұйғырлар, дулаттар мен қырғыздар)» [19].
«Тарих-и Рашиди» деректері бойынша Ш.Уəлиханов «Тоғылық-Темір хан, Жүніс хан шежірелерін жасаумен қатар аса құнды XVI ғасыр карталарын жасапты. М.Хайдар кітабының материалдары Ш.Уəлиханов жасаған «Моғолстан картасы» жəне Моғолстанның батыс бөлігінің картасы аса бағалы дүниелер болғандықтан, Санкт-Петербор ғалымдары, соның ішінде Орыс Географиялық Қоғамы жəне өзі қызмет атқарған Азия Департаментінде жоғары дəрежеде бағаланған [17].
Ш.Уəлиханов «Тарих-и Рашиди»-ден туралы зерттеуін 1860 жылы жазған. Сол Шоқан жазған қолжазба 1860 жылдан бері талай ғалымдардың қолынан өткен екен. Бірақ дəл осы күйінде жарыққа шықпай қалған. Оған негізгі себеп ғұлама ғалымның қатты ауырып 1865 жылы қайтыс болуы.
Сонымен, қалай айтсақ та, М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығармасын алғаш зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақтың кемеңгер ғалымы Шоқан Уəлиханов екені бұл күнде баршаға аян.
Əдебиеттер тізімі
- Əбдезұлы Қ. «Жаһаннаме» дастаны əсіресе түркілік рухтағы халықтардың жан дүниесіне терең əсер етеді // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551). — 2003. — № 5 (65). — 38-б.
- Қазақтар. — ІІ-т.: Тарихи тұлғалар. — Алматы: «Білік» баспа үйі, 2003. — 56-б.
- Жалбағай Ə., Рамазан Т. Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) // Əлем əдебиеті. — 2013. — № 3. — 191–213-б.
- Мұсылман ғалымдары / Баспаға əзірл. Д. Тоқмырза. — Алматы: «Шапағат–Нұр», 2006. — 104-б.
- Дербісалиев Ə. Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-филологиялық зерттеу). — Алматы: Рауан, 1995. — 179-б.
- Қазыбек М. Мұхаммед Хайдар Дулати // Ана тілі. — 2012. — № 24 (1125). — 14–20 маусым. — 6–7-б.
- Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. — Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003. — 616-б.
- Қазақстан тарихы: Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС, 2006. — 768-б.
- Келімбетов Н. Түркі халықтарының ежелгі əдеби жəдігерліктері. — Алматы: Раритет, 2011. — 432-б.
- Қазыбек М. Тарихи сабақтастық арналары (Төле би Мұхаммед Хайдар Дулатиді білген бе?) // Түркістан. — 2013. — 12 желт. — 14-б.
- Ұмытылмас есімдер / Құраст. Б. Ысқақов. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 94–б.
- Қалиекова М.М. Х.Дулат жəне оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі (Ресей жəне Орта Азия ғалымдарының еңбектерінде) // Қазақ тарихы. — 2009. — №3 (96). — 7–9-б.
- Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. — Алматы: Жалын, 1993. —С. 166.
- Қалиекова М. М.Х.Дулат жəне оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі (Ресей жəне Орта Азия ғалымдарының еңбектерінде)// Қазақ тарихы. — 2009. — № 4 (97). — 10–13-б.
- Жеменей И., Əбдіуəлі А. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тарихи əлемі // Қазақ тарихы. — 2009. — № 6 (99). — 13–16-б.
- Мырзахметұлы М. Қазақстанда дулаттану саласында тұңғыш үн көтерген Шоқан Уəлиханов // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551). — 2013. — № 5 (65). — 52 б.
- Өтениязов С. Шоқан Уəлиханов жəне «Тарих-и Рашиди» // Ана тілі. — 2014. — № 35 (1241). — 4–10 қырк. — 9-б.
- Уəлиханов Ш.Ш. Жоңғария очерктері: Көп томдық шығармалар жинағы. — 3-т. (341–371-б.). — 2-бас. — Алматы:«Толағай групп», 2010. — 424 б.
- Уəлиханов Ш.Ш. «Тарих-и Рашиди»-ден: Көп томдық шығармалар жинағы. — 4-т. (15–29-б). — 2-бас. — Алматы:«Толағай групп», 2010. — 15–29–б.