Жер бетінде түрлі-түрлі қаншама халық (ұлт) бар екендігі белгілі. Əр халықтың өзін қоршаған əлемге деген көзқарасының болуы заңды құбылыс. Халық тек өзін қоршаған əлемді түсінуге ұмтылып қана қоймай, əлемдегі адамның орны, тіршіліктің мəн-мағынасы туралы, «адам» жəне«əлем» ұғымдары арасындағы қатынастарды да түсінуге, тануға тырысады. Халықтың дүниені тануға, оның қыр-сырларын біліп, түсіндіруге деген талпынысы, құлшынысы сол халықтың дүниетанымын құрайды. Халықты халық қылатын — адамдардың дүниетанымының ұқсастығының, бірлігінің көрінісі. Дүниетанымына қарай халықты жекелеп, басқа халықтан ерекшелеп атаймыз, мəселен, «қазақ» халқы, немесе дүниетанымы ұқсас халықтарды бір топқа біріктіріп, жалпы атау береміз, мəселен, «түркі тектес» халықтар. Сол ерекшеленіп аталған халықтың төл санасы, тілі, ойлау жүйесі, ділі (менталитеті), салт-дəстүрі, мəдениеті жиылып келіп халықтың сана болмысын көрсетеді. Бұл мақалада қамтылатын негізгі мəселе қазақ халқының сана болмысын, оның тарихи негіздерін анықтау болмақ.
Қазақ халқының сана болмысының тарихи негіздері дегенде əңгіме басы сонау замандағы қазақ жеріндегі түркі тілдес тайпалар мен тайпалық одақтардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымына келіп тіреледі. Кез келген халықтың ойлау мəдени кеңістігі болатыны белгілі. Білетініміз, қазақ халқы этнос ретінде тарих сахнасына ХІV–XV ғасырларда шықты. Бірақ бұл бұған дейін қазақ жерінде халықтар болмады деген сөз емес. Халық болған, қазақтың арғы ата-бабалары мемлекет болып қазақ жерінде өмір сүрген. Көшпелілер өркениетін жасаған. Белгілі философ Ғ.Есімнің айтуынша, қазақ халқының ойлау мəдени кеңістігінің екі тарихи өлшеммен анықталмақ. Бірінші, «алғашқы мəдени тарихи, бүгінгі қазақ этносын құраушы ру, тайпалардың тарихына, тұрмысына, мəдениетіне қатысты анықталмақ, тарихқа белгілі Ғұндар империясы, Түрік қағанаты, Үйсін мемлекеті, Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда мемлекеті, одан беріде Ақ Орда, Көк Орда құрамындағы тайпалардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымы» [1].
Екінші, «қазақ ойлау мəдени кеңістігі Қазақстан территориясына ислам діні мен мəдениеті арқылы енген араб тіліндегі философиядан нəр алған. Ислам философиясы арқылы Қазақстанға Сократ, Платон, Аристотель ілімдері тарай бастады. Еліміздің даналары грек философиясымен араб тілі арқылы танысты» [1; 3]. Қазақтың ойлау мəдениетінің қалыптасуына негіз болатын рухани қайнарлар осылар.
Дүниетанымсыз халық болмайды дедік. Қазақ халқының дүниетанымы ұлттық тілінің ерекшелігіне, тəлім-тəрбиелік даналығына, ұлттық рухы көрініс табатын сөз өнеріне тікелей байланысты. «Қазақ халқының даналық рухын халықтың аңыз əңгімелері мен ертегілерінен, жыр, қисса дастандары, мақал-мəтелдерінен көруге болады. Бұлар халық дүниетанымының көне заманнан келе жатқан іргетасы іспетті. Бұнда халықтың ғасырлар бойы жинаған бай тəжірибе мен тағылымы, адамгершілік, дүниетанымдық көзқарастары қалыптасқан» [2].
Қазақ халқының дүниетанымының көне жанрының, рухани арналарының бірі — ертегілер.
«Ертегі дегеніміз ерте замандарда болған, бірақ халықтың ойлау дəрежесіне, өмір сүру салты мен ой- армандарына орай байытылып, өзіне тəн формаға ие болған, бəлкім, өмірде мүлде болмаған, қиялға құрылған оқиғалар десек те болады» [1;19]. Ертегінің функциясы кең, ол əрі тəрбиелік, əрі көркем- эстетикалық рөл атқарады. Ертегі адамның тұрмыстағы ермегін де, ертеңіне деген тілегін де əңгімеге арқау етеді. Ол халықтың ауызша айтатын көркем əңгімесі. Ертегі жай ғана көркем əңгіме емес, оның негізінде идея, ой бар. Ол ой ертегіде тегін жайды айтпайды, қоғамдық, өмірлік мағыналы сырларды танытады. М. Əуезов ертегінің маңызын былайша көрсетеді: «Ертегілердің бəрінде адам қандай, адамды қоршап тұрған дүние қандай? Ол дүниенің жаратылыс сыры туралы сол күндегі адамның ең алғашқы ұғым-нанымы, түсінік-қиялы қандай? Қандайлық мифтік түсінік жасап еді? Адам жаратылысы мен қуатының өзі адам үшін қандай жұмбақ еді. Жəне сол адамның күшіне сену, нану қаншалық дəрежеде биік, берік еді? Осының бəрін халықтың ой-қиялын тудырған ғажайып ертегілер, неше алуан түрде өзінше шешіп, ашып береді» [3].
«Қазақтың ертегілері мен аңыздарында дала диалектикасы айрықша орын алған. Сондықтан да бұл аңыздар мен ертегілерде табиғаттағы бар тіршілік көздері адамдармен араласып, біресе олар адамдармен достасса, кейде олардың қас жауы болып шыға келеді. Сондықтан да қазақтың ертегілері өз мазмұны жағынан өмірді суреттегенде оның шындығын əрі батыл, əрі айқын бейнелегенде таң қаласыз. Мысалы, «Еділ мен Жайық» деген ертегіде жалмауыз, жезтырнақ деген залымдар ағайынды екеуін бөліп, біреуін (Жайықты) өлтіреді. Еділ түбінде осы сиқырдың, жалмауыздардың көзін жояды. Содан кейін халық тыныш болып, мал құрап, ел болады. Міне, осы ертегінің саяси астары бар екені өзінен-өзі көрініп тұр. Қазақтың үлкен екі өзені Жайық пен Еділдің бір-бірінен ажырасып басқа жат жұртқа қолды болуы, яғни жалмауыз əйелдің (ол əйел орыс патшасы Екатерина екінші) аузына түсуі, ол өз есінен айрылып Орал атануы тегін емес еді» [2; 17,18].
Қазақ халқының төл сана болмысының қалыптасқан уақытын Ғ.Есім XV ғасырдан бастауды ұсынады. Бұл ойға қонымды көзқарас. Себебі осы ғасыр қазақ этносы əлем халықтары тарихына енген мезгіл.
«Қазақ» сөзі — этностың, халықтың атауы. Қазақ халқының қалыптасуы турасында айтылған ғалымдардың пікірі сан алуан. Тарихтан білетініміз, «қазақ халқының негізгі этникалық топтары мен оның этникалық аймағының XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырда мемлекет болып бірігуі халықтың шоғырлану процесінің аяқталуын тездетті. Əбілқайыр мен Ақ Орда хандықтарындағыдай, сондай-ақ Моғолстандағыдай емес, Қазақ хандығының неғұрлым берік этникалық негізі қалыптасып қалған қазақ халқы болды. Шығыс Дешті Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың барлық түрік рулары мен тайпалары дерлік монғол шапқыншылықтарынан кейін тұнғыш рет бір мемлекетке бірікті» [4]. Қазақ халқының қалыптасу үрдісі ұзақ уақыттарды алып жатыр. «Қарға тамырлы қазақ» деген түсінік бар. Таулы жерде өсетін қарға деген өсімдік бар көрінеді, өзі аса биік болмаса да, тамыры тереңге жəне жан-жаққа таралып өседі екен. Қазақ халқының тамыры да қарға өсімдігінің тамыры сияқты тереңде жатыр. Қазақтың тамырына үңілсек, шығу тегінің күрделілігін көреміз. Қазақ халқы көктен түскен жоқ, қазақ халқы қалыптасқанға дейін Қазақстан территориясында байырғы ру- тайпалар, ірі-ірі мемлекеттер өмір сүрген. Қазақ хандығының, яғни Мырза Хайдар Дулатидің «Тарих- и Рашиди» еңбегінде атап көрсетілгендей, Қазақ хандығы 1456 жылы Шу өзені бойында Қозыбасы деген қоныста ту көтеріп, мемлекет атанғаннан кейін ұзаққа созылған қазақ этносының құрылуы аяқталған. Қарап отырсақ, мемлекеттің пайда болуы этностың пайда болуына əкеліп тұр. Қазақ хандығына дейін қазақ деген атау атала бастаса да, нақты қазақ этносы болмаған. «Туыстас тайпалар азаматтық сана мен əскери одақ ретінде бөлектеніп қазақ деген атауға ие болып, жаңа этнос құраған. Бұл жағдайда мемлекет этнос құрушы фактор болып тұр» [1; 65].
«Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіздер бар. Зерттеушілердің айтуы бойынша, «қазақ» атауының бастапқы таралған жері Шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. «Жазба деректерде «қазақ» термині 1245 жылы мамлюктік Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірінші рет қолданылған деп саналып жүр. Онда «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген мəн беріледі» [4; 304]. Өз зерттеулерінде осы көзқарасты Шоқан Уəлиханов та растайды. Қазақтың еркін, кезбелігі көшпелі өмір салтын ұстанғандығынан болар. Ертіс пен Қараталдан Сырдария мен Жайыққа, Алтай мен Тянь-Шаньнан Каспий мен Аралға дейінгі аралықта емін-еркін, көшіп-қонып өмір сүрген.
Көшпелілік — бұл қазақ халқы рухани мұрагері болып отырған түркітілдес тайпалар мен тайпалық одақтардың дəстүрлі өмір сүру салты. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшу — мал- жанымен бірге тұрып, бірге жүрген қазақ үшін табиғатқа бейімделу, онымен үйлесімділікте өмір сүру. Қазақ халқы ешқашанда табиғатты өзгертуге, оны игеруге, табиғатқа үстемдігін жүргізуге тырыспаған халық. Бұл түркі дүниетанымынан нəр алған барлық халықтар үшін ортақ қасиет. Табиғаттың мезгілдеріне сай жанға қолайлы, малға қолайлы жерлерге көшу қазақ үшін заңдылық, ата-бабадан келе жатқан дəстүр. Адам мен табиғат арасындағы қалыптасқан дəстүрлі қатынасты алып қаралық. Қазақ қашанда өзін табиғатпен бірлікте санаған жəне өзін табиғатқа қарсы қоймаған. Себебі қазақ үшін табиғат оның анасы, ал ол табиғаттың төл баласы. Табиғатқа деген балалық көңіл əрқашанда əр түрлі наным-сенімдер, ырымдар арқылы реттеліп отырған. Олар табиғаттың сұлулығына тəнті болып, əнге, жырға, күйге қосып отырған.
Адам табиғатсыз өмір сүре алмайтындықтан, ол табиғатпен қатынасқа түспей отыра алмайды. Табиғат өте қасиетті ұғым, сондықтан адамның табиғатқа қатынасы дұрыс болуы керек. Осы дұрыс қатынасты сақтап тұруда қазақтың дүниетанымындағы «обал», «сауап» деген ұғымдардың орны ерекше. Табиғатпен етене өскен қазақ үшін обал дегеніміз не? Сауап дегеніміз не? «Обал — өзіңді айнала қоршаған ортаның табиғи болмысына зиян келтіруге, жамандық жасауға, жандыны жəбірлеуге не өлтіруге, жансызды бүлдіруге не құртуға тыйым салынатын ұғымдар жиынтығы. Мысалы, жəндікті өлтірме, обал болады. Көкті жұлма, обал болады. Ақты төкпе, ағашты сындырма, тағы тағылар. Сауап — өзіңді қоршаған ортадағы жанды-жансыздың бəріне бірдей жақсылық жасауға, қамқорлық көрсетуге үндейтін ұғымдар жиынтығы. Мысалы, құстың бұзылған ұясын түзе, сауап болады. Тал ек, сауап болады. Шөлдеген малға уақытылы су бер, сауап болады, тағы тағылар» [5]. Жастайынан обал мен сауаптың не екенін біліп өскен қазақ табиғатқа, адамға, жанды-жансызға жамандық жасаудан, зиян келтіруден бойын аулақ салып, оған қамқорлық танытуға бейім тұратыны хақ.
Кең байтақ далада, табиғат аясында емін-еркін көшіп жүріп табиғаттың бөлек жерлерін жақсы біліп қана қоймай, оны толық сезіне алған қазақтар жерлерге сырлы, мəнді, қайталанбас атаулар таба білген халық. «Біздің қазақ жер аты, тау атын əманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мəн-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады».
Бір тауда сұлу қыздың бөркі қалған,
Мөлтектеп терең көлде көркі қалған,
Бір тауда моншағы мен домбырасы,
Бірінде ел-жұртының реңкі қылған.
Бір суды жасы тамған «Ақкөл» депті,
Бір тауды камзол қалған «Мақпал» депті.
Бір көлді «Қанжығалы» деп атапты.
Бір суды «Терісаққан» өзен депті [3; 29].
Жердің қасиетіне, ерекшелігіне, сол жерде болып өткен оқиғаларға қатысты жерге атаулар берілген. Мəселен, «Оқжетпес», «Бурабай», «Шідерті», «Орбұлақ», «Аңырақай» деген сияқты жер аттары. Атаулардың көп болуына кеңістіктегі мал шаруашылығы басым ықпал етті. Көшпелі өмір салты халыққа пана болатын, жері құнарлы, суы тұнық, шөбі шүйгін, жазы жайлы, қысы қолайлы, мал күтіміне сай жердің қыр-сырларын білуді талап етті. Жердің қыр-сырларын білу үшін оны мəтін ретінде оқу керек. Қазақта жерді мəтін ретінде оқыған, əр жерлерге мінездеме берген Асан Қайғыдан асқан адам жоқ. Асан Қайғы жерді жақсы таниды, ол дала төсінде өскен данышпан. Оның Қаратауға, Сайрамға, Сыр бойына, Шуға, Нұраға, Есілге, Ертіске, Баян тауына, Шыңғыс тауына, Алатауға тағы да басқа жерлерге сипаттама бергенін бəріміз де білеміз. Ертіске келгенде Асан ата былай деген екен:
Көрем деп ұлы Ертісті тура келді,
Байқастап жағасында біраз жүрді.
Күйдім деп бала қарап отырмайтын,
Жер-ау, деп алдын ойлап болжап тұрды.
Сиырдың мүйізіндей тікірейіп,
Көпірдің құлағындай тұр үрпиіп.
Күнінде сол кəпірдің жылайды-ау деп,
Кейін бұрды маясын іші кейіп [6].
Шідерті өзеніне келгенде:
Көргенде тоқтап тұрды Шідертіні,
Жер екен топырағы асыл, суы шыны.
Бір айда майға бітер арық аттар,
Тоқтатар тұсағандай бос жылқыны.
Маясын тұсап біраз жатқан екен,
Шідерті деп атанды сонан, міне [6; 168].
Сыр бойын көргенде:
Секілді мынау Сырдың басы байпақ,
Аяғы жайылыңқы болар тайпақ.
Боларлық екі ауылға қонысы бар,
Жер еді бұрында өзі жүрген байқап,
Керек екен деп тұрды басын шайқап [6; 166].
Бұлар сияқты жерге берілген мінездемелер қазақта жетерлік. Көріп отырғанымыздай, өзін табиғаттың баласы санайтын қазақ халқы анасын құрметтеген, қастерлеген, оның халық үшін маңыздылығын түсіне білген.
Көшпелілікті қазақтардың тек мал шаруашылығын жүргізу салтына қатысты түсіндірумен қатар, көшпелілік өмір сүру салты негізінде қазақтың дүниені түсінудегі ерекшелігі арқылы да түсіндіруге болады. Қазақ дүниетанымында «көш» деген ұғым бар. Бұл ұғымды халықтың танымындағы «дүние» ұғымына қатысты түсіндіріп көрейік.
Қазақта «дүние» ұғымына байланысты «жалған дүние», «опасыз дүние», «сұм дүние», «баянсыз дүние», «жарық дүние», «қиянатшыл дүние», «қу дүние», «мəңгі дүние» деген ұғымдар бар. «Дүние» ұғымы «бұ дүние» жəне «о дүние» деп екіге бөлінеді. «Бұ дүниенің» қызығы, сəн-салтанаты, той думаны, махаббаты мен лəззаты, рахаты мол дүние. Бірақ «бұ дүние» жалған, алдамшы, опасыз, сұм, қиянатшыл, шектеулі. Шектеулі болатыны «бұ дүние» адам үшін туылғаннан кеудесіндегі жаны ұшып кеткенге дейінгі, яғни жаны «о дүниеге» көшіп кеткенге дейінгі, аралықты ғана қамтиды. Адамның өлуі — оның жанының «бұ дүниеден» «о дүниеге» көшуі. «О дүниені» қазақтар мəңгілік, шексіз деп түсінген. «О дүниеге» кеткен адамды «мəңгілік сапарға аттанды», немесе «бақилық болды», дейді. «О дүниелік» болған адамдардың қайтып оралмайтынын, қайта тірілмейтінін қазақтар ертеден білген. «Өтпейтін өмір жоқ, Сынбайтын темір жоқ», «Өткен қайтіп оралмас, Өлген қайтып келмес» немесе «Тумақ бар да өлмек бар», дейді қазақ халқы.
Шалкиіз жырау дүние туралы былай жырлайды:
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған,
Саздауға біткен қара ағаш
Кімдерге сайғақ болмаған,
Жағына жалаң жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған...
...Сақалына сары шіркей ұялап,
Миығына қара шыбын балалап,
Жазыда мал іздеген қазақтың
Басы қайда қалмаған.
Күлелік те, ойналық, Киелік те,
ішелік, Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған [7]!
Жалған дүние жалғандығын қылдырмай қоймайды. Адамның көзін түрлі-түрлі жылтыраған əдемілігімен, əсемдігімен қызықтырып алып, соңында ұшып өткен құстай жоқ болады.
Дүние қызықтырған қызыл киік,
Бар адам соны қуған көңілі сүйіп.
Көпшілігі далақтап жете алмай жүр,
Азшылығы кенелген қолға тиіп [8].
Адамды қызықтырған «қызыл киік» көпшілігінің уысына түспесе, кейбірінің қолына түсуі де мүмкін. Бірақ ол адамның қолында тұрақтап тұра алмайды, себебі ол жалған жəне уақытша ғана, өзеннің суындай əп-сəтте ағып кетеді. Абай айтпақшы:
Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең у екен [9].
Жалған дүние бір қалыпта тұрмайды, үнемі өзгерісте, біресе қарлы, біресе боранды, өлім мен өмір, қуаныш пен реніш, адалдық пен арамдық қатар жүреді дегенді аңғартады. Абайдың дүние ағып жатқан су деуі содан.
Біздерді алдап келер дүние ғаяр,
Сөйтіп жүріп адамға уын жаяр.
Қолыңды жарты сағат босатпайды,
Бірін тапсаң, тұрады бірі даяр [7; 163].
Ғаяр дүниенің алдауына түсіп, уын судай сіміріп, адамның нəпсісін оятатын сұм дүниенің берген лəззаты мен құмарлығының баянсыз екенін түсінбей жүрген пақырлар қаншама. Өзінің тəн құмарлықтарын қанағаттандыру жолында «əділеттілікті, арлылықты, махаббатты» ұмытып, түрлі сұмдықтар мен айла-шарғыларды жасауға дейін баратын пенделер де жетіп артылады. Сөйтіп жүріп тапқан «қызыл киіктерінің» адамға ажал жеткенде біреуінің де арашашы бола алмайтындығын жəне жиған дүниелерінің бірінде «о дүниеге» алып кете алмайтынын түсінбейтін адамдар да бар. Кеудеден жан кеткенде жиған-тергенінді тастап өзің де о дүниеге аттанасың. Себебі адам өмірге «жалаңаш» келеді, «жалаңаш» кетеді. «Жалаңаш» келген адамның өзімен бірге «бұ дүниенің» заттарын «о дү- ниеге» алып кетуі мүмкін емес, заттар əлемінен адам үшін бұйырылатыны тек төрт қары бөз ахирет қана.
Дүниеге қызығамыз несін біліп,
Аз күнгі қызығына есерленіп,
Жалаңаш кеп жалаңаш қайтамыз ғой,
Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп [7; 179].
Жан — кеудеге қонақ. Қонақ жанның кеудеден əйтеуір бір күні ұшып кететіні анық. Тіпті, адам дүние жинау, ойнап-күлу, тəннің лəззаты мен рахатын сезіну, тағы тағылар үшін емес, өлу үшін туған. Мейлі жарлы болсын, мейлі дəулеті асқан бай болсын, мейлі ғалым болсын, мейлі сауатсыз надан болсын — барлығының да баратын жері біреу-ақ. Адамдар туылу мен өлудің арасындағы өмірде əр түрлі болса, өлгеннен соң барлығы «топыраққа» айналып теңеседі.
Адамзат – бүгін адам, ертең – топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.
Ертең өзін қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! [9; 48]
Дүние — жалған, өткінші. Дүниенің жалғандығын түсіне білген қазақ халқы күнбе күнгі «қамшының сабындай қысқа» өмірді бағалап, дүние жолын қумай, «руластарымен бірге у ішуге» дайын тұрған халық. Байлықтан, мал-мүліктен гөрі ар-намысты жоғары ұстаған, «қанағат қарын тойғызады» деп барға қанағат қылған халық. Ата-ананы, үлкенді сыйлауды «баланың əке алдындағы, кішінің үлкен алдындағы парызы» деп түсінген халық. Əр қазақ жеке мүддесінен туған қызығушылықтарын ұжымдық мүддеден жоғары қоймағандықтан, əрдайым қиналғандарға қол ұшын беріп отырған халық. «Бір сырлы, сегіз қырлы» болуды қалаған қазақ өзін шешен сөзбен, даналықпен, тапқырлықпен көрсете білген халық.
Қазақ халқы XIV–XV ғасырларда этнос болып тарих есігін ашты. Осы ғасырларда қазақ халқының төл сана болмысы қалыптасты. Төл санасының қалыптасуына байырғы тайпалардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымы жəне ислам діні мен мəдениеті арқылы енген араб тіліндегі философия əсер еткен. Қазақтың ойлау мəдениетінің қалыптасуына негіз болатын рухани қайнарлар осылар.
Əдебиеттер тізімі
- Ғарифолла Есім. Қазақ философиясының тарихы. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2006. — 3-б.
- Əбжанов Т.Ы. Қазақ философиясының рухы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. — 9-б.
- Қазақ халық əдебиеті. Ертегілер. — I-т. — Алматы: Жазушы, 1988. — 16 б.
- Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. — ІІ-т. — Алматы: Атамұра, 1998. — 301 б.
- Қойшығара Салғараұлы. Ойлан, қазақ! — Астана, 2009. — 142 б.
- Толысбай Кенжалы. Асан Қайғы. — Алматы: Дайк — Пресс, 2006. — 169 б.
- Мұхтар Мағауин. Алдаспан. — Алматы: Атамұра, 2006. — 71 б.
- Торайғыров С. Қамар сұлу. — Астана: Елорда, 1999. — 20 б.
- Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. — Алматы: Жібек жолы, 2005. — 143 б.