Уақтар — Орта жүздегі саны аз тайпа
Орта жүз құрамына кіретін Уақтың шығу тегі туралы пікірлер əр түрлі.
Уақ бір атадан емес, əр елден аз-аздап жиналған ел, сондықтан Уақ деп аталады. Ол елдер негізінен Керей, Найман тайпасынан құралған, кейінірек Үйсін, Қырғыздар араласқан.
Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша, Уақ Керей тайпасымен туыстас. Уақтың арғы атасының анасы, ері Жаубасар өлген соң, бір жылдан кейін əмеңгерлік əдет бойынша оның ағасы Ойшыбайға (Керейдің əкесі) тиеді. Сондықтан да Уақ Керейдің інісі болып есептеледі.
Тарихи деректер негізінде де Уақ Керейлермен іргелес болып қана қоймай, өзара соғыс одағын құрып, соғыс кезінде əрқашан əскери қолдың оң қанатында болған. Керей мен Уақтың аталастығының тағы бір айғағы, олардың рулық таңбасының ұқсастығы, яғни «Ашамай таңба» екеуіне де ортақ.
Уақтардың алғашқы атамекені Қазақстанның солтүстік-шығысы мен Монғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан Уақтар өзінің атамекенінен ығысып, солтүстікте Тобыл жəне Үй өзендеріне, батыста Торғай өлкесіне, ал оңтүстікте Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына дейін жеткен. XVIII ғасырдың ортасында Жоңғар шапқыншылығынан Уақтардың негізгі бөлігі Керейлермен қоса өзінің шығыстағы жəне солтүстік-шығыстағы атамекеніне қарай ойысқан. Уақтардың жайлауы — Есіл өзені мен Жайылма көлінің жағасында, қыстауы — Ертіс бойы [1].
Академик Ə. Марғұлан ежелгі «Оңғыт тайпасы» Уақ деп көрсетеді [2; 36]. Бұл пікір атақты шежіреші Əбілғазының: «Қытай билеушілері түрік халқының ішінен бірнеше жамағатқа: «Сіздер қорғанның қақпаларын сақтасаңыздар, біз сіздерге жыл сайын керек-жарақтарыңызды беріп тұрайық», — деп ұсыныс жасады. Ол түріктер мұны қабыл алып, қақпаны күзететін болды. Бұл жұмысқа ұлдарын да, қыздарын да жекті. Бұл күзетшілерді оңкүт деп атады. Монғол тілінде оңқұт дегендегі т-ның мағынасы түрік тіліндегі шы- мен мағыналас, яғни өркенші, табақшы, есікші дегендегідей. Қақпаны қорғаған кісілерді оңқұт деді, қақпашы дегені болар» [3], — дегеніне үндес жатқан сияқты.
Оңғыт (оңқұт, онқұт) — түркі тілдес тайпа. Олар – Керей, Найман тайпаларымен қатар өмір сүрген əйгілі ұлыс. Оңғыттардың аты қытай тілінде «Уақ-гу», яки «Ун-гу», парсы тілінде «оңқғұт», монғол тілінде «унхуд». Олар қытайдың ұлы қорғанының солтүстігін мекендеген [4; 368].
Шыңғыс ханнан бұрын Оңғыттар (Уақтар) өз алдына жеке ұлыс болып өмір сүрген. Шыңғыс хан күшейген кезінде Оңғыт (Оңғұт, Онқұт) ұлысын қиратып, халқын өзіне бағындырған.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Уақтар отырықшылдыққа көше бастады. Олардың өмірінде егіншілік пен пішен шабудың, сауда-саттық жəне қолөнердің маңызы арта түсті. Уақтардың ұрандары — Жаубасар, Бармақ.
Уақ тайпасының шежіресі
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы Уақты Қасымқожадан туғызып, таратады [5].
Уақты таратудағы жан-жақты кесте Жарылқап Бейсенбайұлының зерттеуінде бар [6; 133]. Ол Уақтан — Беткені, Беткеден — Айдарды, Айдардан Қамбар батырды таратады (кестені қараңыздар).
Қамбардан екеу: Ермен, Жусан. Ерменнен — Еркөкше, одан — Ерқосай, одан — Алшағыр, одан Қылдыбатыр. Қылдыбатырдан төртеу: Жантелі (Жандалы), Сарыбағыс, Əлімбет, Байназар. Жантеліден (Жандалыдан) үшеу: Сибанқазы (Сыбанқазы), Сіргелі, Тоқтамыс. Сибанқазыдан (Сабанқазыдан) — Бəймен, одан — Еренші, Шоға, Сарман.
Жусаннан төрт ата «Ергенекті Уақ» тарайды (Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шəйкөз).
Уақ тайпасының ру дəрежесіне жеткен тармақтар
Шежіре деректерінде көрсетілгендей, Уақ тайпасының ру дəрежесіне жеткен тармақтарына мыналар жатады:
- Ереншіден (Еренші батырдан) үшеу: Былғаншы, Сейіткен, Жайылмыс.
Былғаншыдан төртеу: Есен, Қазы, Малақ, Серек. Сейіткеннен — Боқай, Бөкен. Жайылмыстан –
Бəшен, Тілеке аталары өрбиді [4; 350].
- Шоғадан – Алдаберген, одан — Айдархан, одан — Қамбархан. Қамбарханнан — Бəйімбет, Қасым. Бəйімбет ататек таралымын қытай елінде тұрған Дəйімбек Бұрханбайұлы, ал Қасым таралымын Иісхан Ырғабайұлы ел ішінен жинап, теріп қағазға түсірген [7].
Ж. Бейсенбайұлының еңбегінде көрсетілгендей [6; 133], Шоғаның бірінші баласы Бейімбеттен бесеу: Елкіс, Мүлкіс, Бердібай, Жолшора, Жиенқұл. Шоғаның екінші баласы Қасымнан — Сары, Шақай, Жомарт, Өтеп, Ыдық, Шапанай.
- Сарманнан, шежіре деректері бойынша, Қарақойлы (Қарақойшы) мен Көкен рулары тараған. Сарманның ұрпақтары Ертіс бойын мекендеген. Олар мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқан [8; 33].
- Сарыбағыс — қырғыздың Сарыбағышымен байланысты екендігі əбден кəміл. Сарыбағыстан Қарабас, Қарақай, Шоқа [9].
- Байназар. Абырай жəне Əжібек болып екіге бөлінеді. Кезінде олар Павлодар уезінің солтүстік- батысындағы Құлынды даласын мекен еткен [10; 93].
- Сіргелі — Ұлы жүздегі Сіргелімен байланысты деген дерек бар. Шежіре бойынша, Мəтен, Меңдіғара, Елібай, Оразай, Қазанқап, Əлібек, Жанқошқар, Байболат деген аталарға бөлінеді [4; 349].
Сіргелі Уақтар ертеректе Петропавл уезін, Көлденең Есілдің күнгей бетін, қазіргі Қостанай облысының Семиозер ауданын, Құсмұрын темір жол стансасын мекендеген [8; 502].
7. Əлімбет ұрпақтары бұрын негізінен Павлодар уезінде тұрып, Ертіс жағасын мекендеген. Қазір де сол арада тұрады [10; 37].
Еренші, Шоға, Сарман, Байназар, Əлімбет аталарын кейде «Уақ-Керей» деп атайды. Бұлардан басқа қырғыздың Сарыбағышынан (Сарыбағыс руы), Үйсіннің Сіргелісінен (Сіргелі Уақтар) бөлінген елдер Уақ ішінде қалып, сіңісіп кеткен.
Ергенекті Уақтар
Уақ құрамында Найманның Сарыжомарт (Ергенекті) атасынан ауысқандар бар. Олар: Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шəйкөз. Бұларды «Ергенекті Уақ» деп атайды [2; 36]:
- Бидалы — Орта жүз Уақ ішіндегі Ерқосай руынан тараған ата. Бидалының шешесі Ергенекті- Найман қызы болғандықтан, оның ұрпағы басқа үш туысының (Жансары, Баржақсы, Шəйкөз) ұрпағымен қоса «Ергенекті Уақ» атанған. Ертеде Петропавл уъезінде Есіл өзенінің бойын мекендеген. Ұраны (Жаубасар) мен таңбасы Уақ тайпасына ортақ [10; 326].
- Жансары — Ергенекті Уақ руынан тараған атаның бірі. А. Левшиннің көрсетуінше, Жансарының таңбасы жалпы Уақ руларының таңбасымен бірдей, ал ұраны — Жаубасар. Ертеде Жансарының ұрпақтары Павлодар, Омбы уъездерін мекендеген [11; 268–269].
- Баржақсының ұрпақтары бұрынғы Петропавл уъезінің Есіл өзені бойын мекендеген. Ұраны — Жаубасар [10; 167].
- Шəйкөзден, шежіре деректеріне қарағанда, Жолымбет, Шайқара, Қашымқұл, Қосай аталары тараған. Ертеде Шəйкөздің ұрпақтары: жазда Тобыл, Үй өзендері алаптарында; қыста Жаңакөл, Тоқсан, Сақалы, Кішкенекөл, Ыстықкөл, Төрекөл, Жыланды, Көшербай, Жарқайың, Байқотан көлдері алқаптарында көшіп-қонып жүрген. Шəйкөздер жартылай отырықшылықта болып мал өсіріп, егін салған [12].
Т.Қ.Сəдуақастың еңбегінде келтірілген деректерге [4; 368–371] сүйенсек, Ергенекті Уақтан Қарағыз жəне Қантай туған. Жоғарыда келтірілген кестеге қарасақ, Қантайдан – Баржақсы, Шəйкөз; Қарағыздан — Бидалы (Бидалы Уақ), Жансары (Жансары Уақ).
Бидалы Уақтан — Амантай, Қожантай, Қараман, Қайдауыл, Өтей, Дəуіш.
Жансары Уақтан бесеу: Тоқай, Самай, Қурай, Қытай, Кіндікей. Тоқайдан — Түгел, одан — Жаманай, Жақсығұл, Тоқтаболат, Тотау. Жаманайдан (Жамайдан) — Есет, Көрпе, Байкісі, Жанкісі. Жақсығұлдан — Байгүшік, Оңғар. Тоқтаболаттан — Бабы, Жұматан. Тотаудан — Дүйінбай, Жанықбай.
Самайдан — Қосет, Тоқымбет, Қортай. Қосеттен – Айтқұл, Қозыбай, Жамбай, Есенбай.
Тоқымбеттен — Байқоңыр, Жанқоңыр. Қортайдан — Тынысбек, Өтеген, Үмбетай, Амандық.
Қурай, Қытай тараған ел. Олар Пресногорков (Қостанай облысы) маңында Баржақсы, Шəйкөз елдерімен қоныстас отырады.
Кіндікейден туған əулеттер бұрынғы Семей, Павлодар облысында (Ертіс өзенінің бойында) мекендеген.
Баржақсыдан үш ата өрбиді: Баубек, Сəдібек, Жəнібек. Баубектен – Бақтыбай, Нəпібек.
Сəдібектен — Өтей, одан – Бəйімбет, Мырзамбет, Малай, Жиенбет. Жəнібектен – Мəмбет, Тортай.
«Жаубасар» деп жауға шапқан Уақ тайпасының атақты батырлары Уақ руынан шыққан, қазақ қауымына өте танымал батырлар: Еркөкше, Ерқосай, Сары (Ерсары), Баян. Бұл тұлғалар — ел тарихында іздері сайрап жатқан батырлар:
- Ер Көкше (Еркөкше) — тарихта болған адам. Ерлігімен ел аузында аңызға айналып, дастан- жырға арқау болған. Халық шежіресінде Ер Көкше мен Ер Қосай бір туысқан кісі болып айтылады. Олардың арғы атасы «Манас» жырында айтылатын Қамбар, бергі атасы Айдархан болып аталады.
«Манас» жырында Ер Көкшеге арналған мынандай жолдар бар [13]:
Гүрілдеп жатқан көк Ертіс,
Толқыны сұлу көрікті,
Алыстан аңсап Алмамбет,
Ата суға келіпті.
Алақанға мөлдірін
Аймалатып көріпті,
Суынан ұрттап алады,
Сағым басқан далаға
Сағынышпен қарады.
Қыл-Ертістің сайында
Көк майсалы жер көрді,
Қонған қалың ел көрді.
Ел шетінде самсаған,
Ереуілді аңсаған,
Қайнаған қалың қол көрді,
Сол бір топтың ішінен,
Жан шошырлық түсінен,
Көк жамылғы жамылған,
Көк аласы сабылған
Көкіректі ер көрді.
Көріп соған жөнелді.
Алмамбет жетіп келеді,
Қалмақша тұрып қасқиып,
Соған сəлем береді.
Айбаты бар ерекше,
Тұлғасы да бөлекше,
Сəлемін алды алшайып,
Айбаты бар Ер Көкше.
Қыл тақия, қызыл шоқ,
Қылымда мұндай батыр жоқ,
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Көзінде жанып жатыр от.
Қазақ арасында Ер Көкше мен Ер Қосайға арналған дастанның бірнеше нұсқасы бар. Қазақ халқы арасында кең тараған нұсқасында Орманбет хан өліп, он сан ноғай жұрты бөлінген кездегі Ер Көкше ерлігі суреттеледі. Жырдың оқиғасы қызық, тілі шұрайлы. Дастан мазмұнында ерлік, отаншылдық мадақталады [11; 162].
- Ер Қосай (Ерқосай) — Ер Көкшенің баласы. Бұлар — XIV–XV ғасырларда өмір сүрген тарихи адамдар. Уақ тайпасына кіретін барлық рулар Ер Көкше мен Ер Қосайды өздерінің түп атасы етіп, тарихи шежірелерін содан бастайды.
Ер Қосай — Уақтар көне Керейлермен өз алдына бөлініп шыққаннан кейін ру басы болған [11;164]. «Ер Қосай» — халық аузында ертеден келе жатқан дастан-жыр. Жырда Ер Қосай сияқты батырдың туған елін сыртқы жаудан қорғауда көрсеткен ерлігі былай дəріптеледі [14]:
... Ер Қосай,
Тартып-тартып жіберді Сарғыш атты бауырға.
Қарасын ба ер төбе?
Ұмтыла түсіп шаншыпты,
Түсірем деп қалмақты,
О да найза салады,
Бұ да найза салады,
Екеуінің найзасы,
Қармақ болып қалады.
Найза қанға майысты,
Қылыш қанға қайысты.
Ат тізесін бүгісті, Бүге-бүге тұрысты.
О да салды шеңгелді,
Бұ да салды шеңгелді,
Екеуінің қайраты
Бір-біріне тең келді.
О да бұған ұмтылды,
Бұ да оған ұмтылды,
Екеуі киген ақ сауыт
Бояқтай дыр-дыр жыртылды.
Найзаларын сермеді,
Екеуінің назары Ештемені көрмеді,
Үстіне киген ақ сауыт.
Ілгегі сыймай кернеді,
«Мынау жетім қалай?» — деп.
Найза салды жүректен,
Күші кетті білектен,
Ырғай-ырғай ендірді,
Қалмақты аттан төндірді,
Шұбар аттың үстінен
Сауырсына міндірді.
Салған жерден переді,
Менменсінген төреңді,
Сегіз жасар Ер Қосай,
Балықтай түйреп түсірді.
Аттан түсе қалады,
Кеудеге мініп алады,
Қорқыратып шалады.
Сары (Ерсары) Уақ руының белгілі батырларының бірі болған. Онымен жорықта бірге болған Тəттіқара ақынның [15; 75]:
Қамыстың бас майда, түбі сайда,
Жəнібек Шақшақұлы болат найза,
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Деріпсəлі, Маңдайды айт қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт уақтағы, —дегені бар.
Үмбетей жырау да Сары батырдың ерлігін көзімен көрген адам [15; 88]:
Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай,
Сары, Баян мен Сағынбай,
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны,
Абылай! Дүние кезек, Абылай!
Қаласың əлі-ақ сен былай,
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а құдай!
Көзсіз ерлігіне риза болған жұрт Сары батырды «Ерсары» деп құрметтеген. Кейбір əңгімелерде осы атымен белгілі. Ерсары ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі адам болыпты. Оның жорыққа мінетін тортөбелі есік пен төрдей, басқа аттар тортөбелдің қасында тайдай ғана болып көрінеді екен. Қару-жарағы да өзіне сай болса керек. Беліне қыстырып жүретін шоқпарын екі кісі көтере алмаған.
Сары батыр жау көргенде екі көзі қанталап, жоңғар əскерінің қалың тобына кіріп кететінін өзі де білмей қалатын болса керек. Ержетіп қалған батыр Баян жауға жақындағанда ағасының тортөбелін шылбырынан ұстап алып, дұшпан əскерінің бір шетінен ұрысқа кіргізетін көрінеді. Содан тізе айырмай тиіскен қос батыр қойға шапқан қос бөрідей қалмақтарды жапыра қуып отырса керек. Ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» атты поэмасында [16; 236]:
Баянның ер ағасы батыр Сары,
Қос қыран тізе қосып жауын қуған, —дейтіні содан.
Қалмақтармен кескілескен бір ұрыста (шылбырынан ұстап, тізерлесе соғысар Баян батыр жоқ) Сары батыр көзі қанталап, жау тобының ортасында қалып қояды. Қалмақтармен болған осы соғыста ауыр жараланған Сары (Ерсары) батыр еліне жеткенімен, жарадан сауыға алмай 1771 жылы қайтыс болады.
Баян батыр Қасаболатұлы (шамамен 1710/1715–1757) — бүкіл өмірін қазақ жұртының тəуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек ардагерлердің бірі. Алғырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып «батыр Баян» атанған [17].
Баян Уақтың Шоға деген атасынан тарайды. Шоға баласы Бəйімбеттің (Бейімбеттің) екі ұлы болған: Елкіс, Мүлкіс [6; 133]. Елкістен — Қозымерік, одан — Сары батыр тарайды. Мүлкістен — Қырғызəлі — одан Баян. Батыр Баянның əкесі — Қасаболат. Оның əкесі Қарабас та Уақ елінің ноқта ағасы Шоғаға өте сыйлы адам болған деседі [18].
Жұрттың көбін Баян есімін М. Жұмабаевтың көркемдік қуаттылығы ғажап «Батыр Баян» поэмасынан [16; 232–254] біледі. Ұлы ақынның туған əжесі Баян батырдың немересі екен. Оның үстіне, ұрпақтарының айтуына қарағанда, бала Мағжан батырдың немересі Байтоқа бидің əңгімесін тыңдап өскен көрінеді.
Поэмада Мағжан Батыр Баянның шығу тегін, өскен жерін айтуды ұмытпаған:
Арқада бір өзенді дер Обаған,
Сол жерде аз ғана
Уақ қоныс қылған.
Уақтың ерте күнде өжет-қайсар,
Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің,Ер Көкшенің,
Нəсілінен қайтпас алмас Баян туған.
От-жалынға толы Мағжан жырларының құнын арттыратын, биік белеске көтеріп, ақындық қуатын танытатын бұл дастан — батырлық пен ерлік, өлім мен махаббат, ел тағдыры, сонымен қоса, адамның ішкі сезімі мен жан күйзелісінің бір сəттік пенделік қалпын аңғартатын шығарма.
Поэмада Көкшенің сұлу табиғаты мен тарихи оқиға қатар беріледі. Əу баста, Абылай ордасына «Жиылды өңшең ноян ығай-сығай» деп жиналған қауымды тізбелеп, ішінен шоқтығы биік Баян батыр бейнесі дара көрсетіледі:
Жиналған өңшең бөрі Бурабайға
Алаштың кебесіндей ізгі жайға.
Міне, осы топты көп күттірген Баян батырды:
Қанайым, ойың ұдай, тілің шаян,
Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.
Көп жаудың албастысы, ел еркесі,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның аруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ ноян?
Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат,
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан
Абылай, Келмесе қандыбалақ батыр Баян, — деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқайсыз. Тарихи деректерден, Мағжан дастанында айтылғандай, батыр Баянның қазақ елін қалмақ соғысынан қорғауда жасаған ерлігін білеміз. Абылай ханның батырларының ішіндегі ең бір шоқтығы биігі болғанын көреміз. Қандыбалақ батыр Баян жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте қазақ жасақтарының абыройы мен рухы болғандығы тарихи шындық [19].
«Батыр бір оқтық» дегендей, талай шайқаста «жауларын қойдай қырған» батыр Баян бір ұрыста ауыр жараланады. Сол кезде шартарапқа аты шыққан Еруəлі деген емші болған екен, батырдың сарбаздары найзаға салып майдан шебінен Қарқаралы өңіріне қарай жолға шығады. Бірақ еңбектері еш болып, жолда батыр көз жұмады. Батырдың жерленген жері — Шекшек ( Қаракесек) бейітінде.
Ел тəуелсіздігін, жерін сақтап қалу үшін, басқыншыларға қарсы толассыз күрес жүргізген қазақ батырларының есімі, тарихтан іргелі орнын алуға лайықты. Өткен бабалардың елсүйгіштік, бейбіт тіршілікті аңсау, сол үшін жан аямай күрескен саясаты бүгінгі ұрпаққа қымбат мұра, тарихи үлгі.
Қазақ елін, жерін сүюдің үлгісі болар, ел қорғауға үйрететін, тəрбиелейтін тұлғалар қазақ тарихында көп. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Райымбек ... тізе берсең, лек-легімен қастерлі есімдерді атай беруге болады. Міне, осындай батырлардың жанкешті ерлігінің арқасында қазақ халқы тағдыры мен келешегін қорғап қалды. Олардың ерлік істерін қастерлеу, уағыздау келер ұрпақ рухының тірегіне айналдыру — міндетіміз.
Осыған орай бүгінгі ұрпақ өзінің асыл ұлдары Шоқан мен Мағжан қалам тартып, халық жадында жаңғыртқан батыр Баян есімін қастерлеп есте қалдыру шараларын қолға алу қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 11-т. / Бас ред. М.Қ. Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 271, 272-б.
- Жалмұханбетов К. Ғасырлар белесі. — Астана: «Ақарман-медиа» ЖШС, 2010. — 278 б.
- Əбілғазы. Түрік шежіресі. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 37-б.
- Сəдуақас Т.Қ. Ел мен жыр (тарихи-танымдық жинақ). — Алматы: Дайк-Пресс, 2003. — 566-б.
- Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. — Алматы: Жалын, 1993. — 14-б.
- Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. — Алматы: «Ана тілі» апталығы — «Атамұра», 1994. — 160-б.
- Үсенбаев Т. Қазақ шежіресі. 2-т. Орта жүз — Жан Арыс. — Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС, — 191–215-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 10-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 648 б.
- Қазақ шежіресі (үш тараудан құралған жинақ). — Целиноград: «Қаламгер» шығармашылық алқасы, 1991. — 22-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 2-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 640-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 4-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 672 б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — 12-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 206-б.
- Манас. Қырғыз халқының батырлық жыры. Бірінші кітап. — Алматы: Қазмемкөркеммəдеббас, 1961. — 211-б.
- Ер Қосай / Ақсауыт. Батырлық дастандар: Екі томдық. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 1977. — 37, 38-б.
- Сөйле, тілім, жосылып. (Жыраулар мұрасы) / Құраст. əрі ред. Төрəлі Қыдыр. – Алматы: «Олжас кітапханасы» баспа үйі, 2012. — 156 б.
- Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер / Құраст. Х.Абдуллин, Б.Дəрімбетов, З.Жұмабаева. — Алматы: Жазушы, 1989. — 448-б.
- Қазақстан: Ұлттық энцикл. — 2-т. / Бас ред. Ə. Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1999. — 213-б.
- Асқаров Е. «Батыр Баян» туралы бірер дерек // Жұлдыз. — 1989. — № 8. — 124–125-б.
- Ізтілеуова С. Алаштың ардагері батыр Баян... // Қазақ əдебиеті. — 2004. — 2 сəуір. — № 13 (2851). — 13-б.