Мақалада 2004–2014 жж. аралығындағы Қазақстандағы либералдық-оппозициялық бағыттағы газеттердің егемендік алған жылдардан күні бүгінге дейінгі атқарған рөлі, тəуелсіз ақпараттың ерекшелігі мен артықшылығы, жұртшылықтың көзқарасы, халыққа тигізген ықпалы, демократиялық сипаттары, ой еркіндігі, сөз бостандығы, қоғамға əсері қарастырылды. Авторлар егемендіктің алғашқы жылдарынан күні бүгінге дейін жарық көрген либералдық-оппозициялық газеттерге шолу жасап, саралау негізінде жазылған зерттеулерін қарастыра отырып, оның қоғам өміріне тигізген əсерін, демократияның даму деңгейін, отандық журналистика тарихында алар орнына талдау жасады. Сонымен қатар ғалымның осы кезеңдегі қазақ халқының өміріндегі елдегі өзгерістерге, оқиғаларға деген көзқарасын айқындады. Либералдық-оппозициялық басылымдардың қоғамдық-саяси орнын, мемлекеттік мүдде тұрғысындағы еңбегін зерттеуде «Заң», «Жас алаш», «Тасжарған», «Ұлт Таймс», «Алатау», «Общественная позиция» секілді қазақ, орыс тіліндегі баспасөз материалдарымен бірге, Т. Калееваның «Сөз бостандығы жəне ақпарат алу құқығы туралы сарапшы шолуы», Г. Ахметованың ICBCB: «Сөз бостандығы — ел болашағының кепілі» бола ала ма?» атты іргелі еңбектерін жəне Интернет ресурстарын зерттеу жұмысына кеңінен пайдалана отырып, Қазақстандағы журналистиканың даму деңгейін көрсетті.
Баспасөз — халық арасында əр түрлі ақпараттар тарата отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси жұмыстар жүргізуге, мемлекеттің, əлеуметтік топтардың не жекелеген тұлғалардың мүдделі мұраттарын танытуға қызмет етеді. Баспасөз бостандығы — мемлекеттегі конституция кепілдік беретін адам құқылары мен бостандықтарының бірі. Ол баршаға ортақ əлеуметтік еркіндіктің пікір айтып, сөз сөйлеу бостандығының құрамдас бөлігі ретінде саналған. 1789 ж. Францияда қабылданған Адам жəне азамат құқыларының бостандығы декларациясында (қара Француз революциясы) тұңғыш рет жарияланған. ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бен шығарма еркіндігіне кепілдік берілетінін, цензураға тыйым салынатынын, əркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тəсілмен еркін ақпарат алуға жəне таратуға қақылы екендігін атап көрсеткен. Сонымен қатар «республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» делінген [1]. Тəуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамда демократиялық бетбұрыс болды. Əсіресе ол бұқаралық ақпарат құралдарында айрықша байқалды. Егер кеңестік кезеңде газет-журналардың ұлттық, мемлекеттік тұрғындағы өзекті мəселелерді көтеруге жол берілмесе, егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары бұл сең жібіп, журналистер қауымы өз ойын ашық айта бастады. Осы тұста Қазақстанда түрлі ұлт-азаттық ұйымдардың мұң-мұқтажын, талап- тілегін жеткізуші БАҚ құралдарының рөлі арта түсті. Мəселен, «Невада-Семей» қозғалысын қолдаған тəуелсіз басылымдардың үні айқын шыға бастады. Соның нəтижесінде елімізде демократиялық принциптер қалыптаса бастады деуге толық негіз бар. Əйтсе де 90-жж. басында ел тұрмысы нашар, тіпті аса қиын жағдайда болды. Себебі енді ғана азаттыққа қол жеткізген Қазақстан мемлекетінің жағдайы қайта құрулардан тұрды. Кеңестік кезеңдегі заңдарды, қасаң қағидаларды түбегейлі өзгерту қажет болды. Соның ішінде БАҚ туралы заң да көп өзгеріске ұшырады. Осы тұста елдің көкейінде жүрген түйіткілді мəселелердің түйінін тарқатуға либералдық-оппозициялық газеттердің ықпалы ерекше болды. Тіпті күні бүгінге дейін осы бағыттағы басылымдардың халыққа етене жақын екені байқалады.
«Қазiр халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, мүмкiндiгiнше ақиқатын айтатын, халықтың көкейiнде жүрген дүниенi сарқып айтатын саусақпен санарлық газет болса, соның бiрi əрi бiрегейi — «Жас Алаш». Бұл газеттiң басында қазаққа белгiлi аяулы, танымал азаматтар болғаны белгiлi. Сондықтан «Жас Алашты» Қазақстанның əрбiр азаматы сыйлайды». Əлбетте, қазіргі қоғамда көзге көрінбейтін, ішкі бір цензура бар. Оған билікке қарсы шыққан оппозициялық газеттердің жаппай жабыла бастауы нақты дəлел. Қоғамда қазiр шындықты, ақиқатты айтқан, шындық туралы ойлаған адамды жау санайды. Өйткенi шындықтың ешкiмге керегi жоқ. Зиялыларды, ұлтшыл, мемлекетшiл азаматтарды, оларға жасалған қуғын-сүргiндi, əдiлетсiздiктi, халыққа жасалған қиянатты бiле бастадық. Кiмнiң кiм екенiн ұға бастадық. Зиялы деп аталып жүрген, бiрақ атына заты сай емес бiздiң ақын-жазушыларымызды да ажыратып алатындай дəрежеге жеттiк [2]. Бұл — қарапайым оқырман ойы. Əрине, оппозициялық газеттердің бəрі жабылып қалды деуге келмес, əйтсе де оларды саусақпен санауға да келмейді. Алайда саны аз болғанымен, олардың халықтың ой-өрісін кеңейтуге, дүниетанымын арттырғаны анық. Либералдық-оппозициялық газеттердің бір артықшылығы — билікке имидж жасайтын басылымдардан гөрі ақпаратты шынайы түрде береді. Тіпті, елімізге белгілі бір атышулы оқиғаға қатысты ақпарат оппозициялық газетте журналистік талдау жасалса, билікке жақтас газеттерден ақпарат ретінде де таба алмайсыз. Болмаса, оқиға себебін бұрмалап, елдің назарын басқаға аударып жіберуге тырысады. Қарапайым халық қай газетке сенерін білмей, екі ойлы болып қалады. Осы тұста екі жақтың пікірі мен көзқарасын сарапқа салып, шынайы ақпарат беруге либералдық газеттердің рөлі артуы тиіс еді. Əйтсе де, либералдық газеттер көбіне биліктің ықпалына жығылып, өз бет-бейнесін жоғалтып алып жатады. Мұны мемлекеттен алып отырған мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржының əсері, болмаса баспасөзге жазылуда биліктің механизмін пайдаланудың кесірі тиюде десе де болады. Сондықтан көптеген либералдық газеттердің айтар ойын ашық білдірмей, тұспалдап жеткізіп жататыны бар. Мемлекеттік басылымдардағы жалаң мақтаудан, жоқты бар етіп көрсету, болмашы жетістікті дабырайта əсірелеуден жалыққан жұрт оппозициялық газеттердің жазғанына иланады. Десек те, оппозициялық газеттер жиі қуғынға ұшырап жатады.
«Қазақстанда тəуелсiз басылымдарды қалыптастыру, оны оқырманға жеткiзу, оны тарату iсi — оңайдан-оңай жүзеге асқан жоқ. ...талай қиындықты кешiп, талай ауыртпалықты көрiп келдiк. Қазiр Қазақстанда шығып жатқан газеттердiң екi ғана иесi бар. Бiрi — мемлекет, екiншiсi — олигархиялық топтар. Оппозициялық газеттердi үшiншi топқа жатқызуға болады. Бұлардың көбi мемлекеттiк немесе олигархиялық топтардың ықпалындағы газеттерге қарағанда, халыққа, оқырманға жақын. Себебi оларда айтылатын, қозғалатын мəселелердiң барлығы — əркiмнiң ас үйiнде айтылып, одан шығаруға қорқатын əңгiмелер. Сондықтан оппозициялық басылымдар алдыңғы екеуiмен салыстырғанда оқырманға бiр табан жақын болуы керек. «Дат»-қа дейiн де тəуелсiз газеттер болды. Бiрақ олардың өмiрi өте қысқа болды əрi əлдебiр саяси күштердiң ықпалында кетiп қалды. «Бiрлесу» деген газет болып едi, кейiн кəсiподақтардың ықпалында кетiп қалды. Одан кейiнгi тəуелсiз газеттер ұлттық қозғалыстардың ықпалында кеттi. Алайда олардың түптамыры Қазақстан қоғамындағы негiзгi мерез дүние, Қазақстан қоғамындағы саяси билiктi халықтандыру мəселесiнен ажырап кеттi. Сондықтан ұзақ өмiр сүре алмады. «Дат»-тың 10 жыл бойына көрмегенi жоқ. 12 рет атау ауыстырдық. Бiрақ, соған қарамастан, демократиялық үрдiстердi қалыптастыруға күш салу, Қазақстан халқын азаматтық қоғамға жəне еркiндiкке, нақты тəуелсiздiкке үйрету əрi оған түрткi болу мақсатын орындап келе жатыр. Билiк те, халық та бiр-бiрiмен аралас-құралас жүрiп демократияны жасауы керек. Демократияға халық тарапынан ынта бар, керiсiнше, билiк тарапынан оны тұншықтыру басым. Билiктiң жақсылықтарын насихаттайтын 5 мыңға жуық газет бар, билiктiң iстеп жатқан шараларының көлеңкелi тұсын жазатын 5-ақ газет бар. Егер билiк қандай да бiр жақсы iстерге бастамашыл боп жатса, ол оның iстеуге тиiстi жұмысы, мiндетi. Сол себептен бiз қоғамдық пiкiр тудыратын мəселелердi көбiрек жазуға тырысамыз [3]», — дейді Е. Бапид. Оның осы айқандарынан біз оппозициялық газеттерге қысым жасалатынын айқын аңғарамыз.
«Əділ сөз» Халықаралық қордың Президенті, сөз бостандығы жөніндегі сарапшы Тамара Калеева айтуынша, 2009–2010 жж. заңнамалық өзгертулердің қарқынына қарап, БАҚ қызметін реттейтін заңнаманың халықаралық құқықтық стандарттарға бір мəрте жақындағаны туралы кесіп айту қиын. 2009 жылы шілде айында Қазақстан Президенті Интернет желісіне қосымша қадағалау орнатқан «Ақпараттық-коммуникативті желілер туралы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заң бойынша кез келген БАҚ тоқтату мен жабудың жаңа негіздері енгізілген. Енді азаматтардың құқығын қорғау жөнінде мемлекет қандай шаралар қолданғанын тізбелеп көрейікші. Мəселен, 2009 ж. желтоқсан айында «Азаматтардың құқықтарын қорғау жəне жеке өмірлеріне қолсұқпаушылық мəселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Заң бойынша тұлғаның жеке өмірі туралы мəліметтерді заңсыз жинау жəне БАҚ арқылы тарату үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза енгізілген. 2010 ж. маусымында «Ұлт көшбасшысы туралы» Заң ҚР Қылмыстық кодексіне «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті — Ұлт көшбасшысына көпшілік алдында тіл тигізу жəне абыройы мен қадір-қасиетіне өзге де қолсұғушылық, Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті — Ұлт көшбасшысының суреттерін қорлау, Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті — Ұлт көшбасшысының заңды іс-əрекетіне кедергі жасау» туралы жаңадан 317–1-бап енгізілді. БАҚ көмегімен жасалатын аталған əрекеттер үшін ірі көлемді айыппұлдан (4 мың долл. бастап) үш жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалардың қолданылуы қарастырылған. Осындай барлық құқықтық жаңартпалар пікір білдіру еркіндігі мен ақпаратты шектеусіз алу жəне тарату қағидасына қайшы келеді. Сонымен қатар жағымды өзгертулердің де орын алғанын айта кеткен жөн. Осылайша, 2010 ж. желтоқсан айында Парламент ҚР Азаматтық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдады. Оған сəйкес, заңды тұлғалар ар-намыс пен қадір- қасиеттерін қорғау жөніндегі сот дауларында моральдік зиянның өтелуін талап ету құқығынан айырылады. 2010 ж. маусым айында Қазақстан əмбебап мерзімді шолудың аясында 2014 ж. дейін жала жабу мен қорлауды қылмыс санатына жатқызу жөніндегі ұлттық баяндама бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесімен жасалған ұсыныстарды қабылдады. Сондай-ақ бір уақытта «Қылмыстық заңнаманы бұдан əрі гуманизациялау жəне қылмыстық үдерістегі заңдылық кепілдемелерін күшейту туралы» Заңды қарастыру жұмыстарды басталды. Желтоқсан айында ҚР Парламенті осы заңды қабылдады. Тұлғаны жемқорлық қылмыс жасаған деп айыптаумен байланыссыз жала жабу мен қорлауға қатысты əкімшілік преюдиция институты жəне 129-бап (Жала жабу) пен 130-бапқа (Қорлау) өзгертулер енгізілген. Осылайша, 129-баптың 2 бөлігінде (БАҚ арқылы жала жабу) сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салудың орнына материалдық шығындарды екі еселі өтеу туралы ұсыныс жасалған, алты айға дейінгі мерзімге қамауға алу түрінде жазалау алып тасталынған. Қоғамдық жəне түзету жұмыстары, бас бостандығын шектеу жəне айыру түріндегі жазалаудың барлық қалған түрлері бұрынғы күйінде қалдырылған. Журналистік қауымдастықтың жала жабу мен қорлауды қылмыс санатына толық жатқызу туралы ұсыныстарын заңға енгізілмеді [4]. Иə, мұндай қатаң баптардың енгізілуі бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігін арттырып қана қоймайды, қайта сөз бостандығының аясын тарылта түседі. Осындай жағдайда тілшілер қауымының ақпараттық қолжетімділікке қол жеткізуі қиынға соғады.
БАҚ өкілдерін қызықтыратын жауабы табыла бермейтін осындай сауалдар күнделікті өзекті мəселелерден де көп. Егер оппозициялық баспасөзге қарасақ, барлығы да элиталар күресіне жəне компромат табуға тіреледі, ал, мемлекеттік басылымдарда не жазылып жатқаны ешкімді де қызықтырмайды. Жеке тəжірибемдегі соңғы оқиға көрсеткендей, нақты өмір мен Қазақстандағы БАҚ бетіндегі жарияланымдар арасында ортақ ештеңе жоқ, солай болып келе жатыр. Ал, ақпарат ағыны Қазақстанның болашағы, постназарбаевтық кезең жəне ішкі элиталық күрес туралы фантастикалық теорияларды оңды-солды бұрқыратып жатқанда, провинциялар мен жергілікті жерлерде адамдар əдеттегідей үнемі күнкөріс қамымен жанталасады. Соның бір белгісі мынада, республикалық басылымдарға қарағанда тұрғындар арасында жергілікті газеттер үлкен беделге ие. Өйткені олар ауқымды мəселелерге қолды бір сілтейді, өзгелерден жергілікті элита мен олардың өзара тартысы айтарлықтай қызықты, себебі ауыл адамдарының тұрмыс-ахуалы жергілікті билікке тікелей байланысты. Бүгінде халықты табыс пен жетістік туралы құрғақ мадақтаулар, ешқандай саяси ойындар қызықтырмайды, өйткені адамдар газет оқымайды. Еліміз кезекті дағдарыс алдында бəр сəт тыныс алып, оны қиналмай өткізуге батыл ынта-ықылас танытуға мүдделі. Жəне солай өткізеді де. Қандай да бір элита жеңіп жатса да, сөзсіз бірігу үрдісі жүзеге асады [5] дейді И. Хен «Алуан түрлі Қазақстан» атты мақаласында. Бір сөзбен айтқанда, автор Қазақстандағы өмірдің өзгешелігін дəл суреттеген деуге келісуге болады. Өйткені жұрт мемлекеттік газеттің нені, қалай жазатынын бес саусағындай біліп алған. Əлбетте жұрттың бəрі газет оқымайды деуге болмайды, дегенмен халық арасында либералдық-оппозициялық бағыттағы газеттердің алар орны ерекше. Себебі олар елімізде не болып жатқанын білгісі келеді, еретеңгі күнгі болашағына алаңдайды. Десек те, бұқара халыққа шынайы ақпарат жеткізу тілшілер арына сын ғана емес, міндет екенін біледі.
Халық жазушысы, көрнекті публицист Мұхтар Мағауин өзінің зарлы толғау деп атаған «Ұлтсыздану ұраны» атты мақаласының «Қазақ тілді баспасөз» деген бөлімінде: «Қазақ тілді журналистеріміз ап-анық нəрсенің өзін бұлдыратып жібереді, көркемдеймін, өрнектеймін деп, мүлде бүлдіреді». Түптеп келгенде, осының бəрі əдепкі сауаттың төмендігінен... Еркін сөздің парасатты, өткір, мəн-маңызды, бүгінді тереңінен қамтып, болашақты нақты бағдарлаған игі қасиеттеріне ұмтылудың орнына, батыста саржағал аталатын басылымдардың былғаныш əдеттеріне бейімделіп кетті. Нəтижесінде, ұлттың көкейкесті мəселелерінен тысқары қалып отыр. Тəуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап теріске ойысып, ақыр түбі бүгінгі, əрі дəрменсіз, əрі қатерлі қалпын тапты», — деп мəселеге басқаша қырынан келеді. Профессордың пайымдауынша, он үш жыл бойғы қазақ баспасөзіндегі ең негізгі сарын — бір жағынан, жылымшы мадақ, жөреуке жағымпаздық жəне оған, керісінше, балағат, сөгіс. Мадақталатын — билік басында отырғандар, деп ой түйеді. Əрине, ағамыз айтқандай, қазақ газеттерінде ондай кемшіліктердің əлі де бары рас. Алайда ол жекелеген шығармашылық иелерінің бəріне тəн емес. Мұндай пайымның туындауына себепкер болып отырған мəселенің өзі айналып келгенде, шынайы тəуелсіз, бейтарап баспасөздің қалыптаспауында болса керек [6].
СДУ «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі Есенгүл Кəпқызы қазіргі журналистикадағы өзекті проблемаларды сөз ете отырып, «баспасөзі мықты болмаған елдің өзі де мықты болмайтындығын» тілге тиек етті. «Бүгінгі баспасөздің негізгі бағыты журналистік емес, үгіт- насихатқа айналып барады. Біз осы тығырықтан шығудың жолдарын іздеуіміз керек», деді ол.
«Біз жаңа медианы болашақ журналистерге қалай қолдану керек екендігін үйретіп жатырмыз. Ал не үшін қолданатынын журналист өзі шешу керек. Өкінішке орай, барлығы дұрыс қолдана бермейді. Міне, осыны мен медиадағы адасушылық дер едім. Екіншіден, желілердің пайда болуы, жалған «лидерлердің», жалған ақпараттың пайда болуына алып келді. Ақпаратты тексермей бере салу, біреудің жазғанын сəл өзгертіп, өз атынан жариялау белең алып кетті. Əлеуметтік желілердің келуімен тіл проблемасы алдыңғы кезекке шығып отыр. Тілдің ережесі, заңдылығы, грамматикасы артқа шегеріліп, əркім өзінше жазатынды шығарған. Осы ретте журналистерді сауатты, мұқият болуға шақырғым келеді. Қате жазған журналист, біріншіден, өзін, екіншіден, оқырманды сыйламағаны дегім келеді. Ал оқырман журналистің өзін сыйламағанын байқаса, онда журналистиканың қадірінің кеткені» [7]. Əлбетте, көп жағдайда белгілі бір мəселеге сан қырынан келуге журналисттің кəсіби шеберлігі жетіспей жатады. Сөз бостандығын əркім əрқалай түсінетіні жəне бар.
Қалай десек те, Қазақстан тəуелсіздік алып, демократиялық журналистиканың негізі қаланған кезден бастап баспасөз бостандығы көрініс тапты. Марат Қабанбай, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Сейдахмет Құттықадам, Сапа Мекебаев, Шəріп Құрақбаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Тұрсынжан Шапай, Мырзан Кенжебай, Ермұрат Бапи, Əміржан Қосанов, Ақас Тəжутов, Дəурен Қуат, Ораз Əлімбеков, Бақытжан Қосбармақов, Жұлдыз Əбілда, Еренғайып Қуатайұлы сынды еркін ойлы тəуелсіз журналисттердің жазу шеберліктерінде пайда болған еркіндік пен сапалық ілгерілеушілік жанрлардың айырмашылықтарын мейлінше азайтып, олардың бір-біріне сіңіп кетуіне жол ашты. Əрине, тəуелсіз бақтарға жұртшылықтың көзқарасы алуан түрлі. Ең бастысы, қарапайым жұртшылық оппозициялық басылымдарды шындықты жеткізуші бірден бір құрал деп түсінеді. Əсіресе сараптамалық мақалалар мен жүйелі талдаулар халық көңілінен шығып отырды. Тоталитарлық тəртіптің күйреуі қазақ қоғамының барлық саласында, əсіресе баспасөз нарығында елеулі өзгерістердің енуіне ықпал етті. Коммунистік идеологиядан босаған кеңістікті пікір алуандығы мен жариялылық жайлап, цензураның орнын БАҚ дербестігінің басуына мүмкіндік туды. Бұл үрдісте Қазақстан Орта Азия елдері арасында ғана көшбасшыға айналды. Алайда жаңа ақпараттық сананы қалыптастыру үрдісі күрделі жағдайға, қиындық пен кедергілерге тап болып отырғанын қазіргі Қазақстан журналистикасының өмірі айғақтауда. Бұрынғы позициялары мен бағыт-бағдарларына біржолата көз жазған тəуелсіз елдердің барлығының журналистикасы үшін ортақ мəселелер мыналар болды: 1) ақпарат нарығын тиімді əрі оңтайлы үйлестіру; 2) тəуелсіз баспасөзді шынайы мазмұнына сай құру; 3) ақпарат құралдарының дербестігін қамтамасыз ету; 4) БАҚ жүйесінің құқықтық ахуалын дұрыс қалыптастыру; 5) ақпарат құралдарын журналист мамандармен қамтамасыз ету.
Аталмыш проблемада қарқынды болмаса да белгілі деңгейде алға жылжу бар. Қысқа мерзім ішінде ақпарат құралдарының саны күрт өсті, бүгінде ресми тіркелген 7000-ға жуық БАҚ-тың 2500-ге жуығы тұрақты жұмыс істеп отыр. Оның 80 % мемлекеттік емес нысанда болуы ақпарат құралдарының дербестігі шынайы көрініске айналғандығының белгісі деуге негіз бар. Олардың арасындағы «Жас Алаш», «Дат» жобасы бойынша жарыққа шыққан жəне шығып келе жатқан газеттер, «Қазақстан», «Свобода слова», «Время» секілді тəуелсіз ойлы, оппозициялық ұстанымдағы газеттер жұрт назарын көбірек аударатыны жасырын емес. Сондай-ақ «Түркістан», «Алтын Орда» (М. Ақдəулетұлы, Д. Қуат басқарған тұстағы), «Жас қазақ» (Т.Ешенұлы, Д. Қуат басқарған тұстағы), «Айқын» (журналист А.Көшкенова, К.Тасболат т.с.с.) сынды газеттер жекелеген журналистерінің өз деңгейіндегі дербестігімен, бейтарап бағыттағы еркін ойларымен, салмақты салиқалы пікірлерімен оқырмандардың ықыласына бөленіп келді [8]. Осыдан біз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қазақ журналистикасы еркін тыныстап, қаламгерлердің азат ойлы, көкейдегісін қорықпай тап басып жазатын майталман мамандық иесі атанғанын байқаймыз.
Қазақстандағы еркін ақпарат ағынындағы жалпы үрдіс БАҚ-тың ішкі мазмұнынан бұрын сыртқы келбетіне басымдық беруге əуестеніп барады. Сан жағынан бір-біріне дес бермеген баспасөз енді өзге елдермен бірлесіп қазақ-орыс, қазақ-түрік сипатындағы («Известия-Қазақстан», «АиФ-Қазақстан», «Қазақстан-Zaman») үлгіге көшті. Электрондық ақпарат құралдар («Еуразия», «31-СТС», «Интерфакс-Қазақстан», «Русское радио-Азия») арасында да осындай үрдіс еніп, ақпараттық қарым- қатынастың жаңа нарығын қалыптастырды жəне оның өзі бүгінге дейін бірнеше кезең бойынша дамыды. Дегенмен, мұның өзі орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға, ресейлік неоотарлаудың жымысқы əрекетін қалыптастыруға əсер етіп отыр.
Өздерінің байырғы саясаттары мен бағыттарынан үзілді-кесілді бас тартқан газет, журналдар нарық экономикасына, жаңа жағдайға, заман талабына бейімделіп, іс қызметтерін жаңалауға белсенді қадам жасады. БАҚ жүйесіндегі аумалы-төкпелі жағдай журналист мамандарын іріктеу саясатына да елеулі ықпал етті. Жаңа жағдайға лайық тың серпінмен, озық идеямен, жаңаша тəсілмен жұмыс істейтін, тəуелсіз баспасөз мамандары талап етіле бастады. Журналист даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 26-ға жеткен кезі болды. Кейін азайғанның өзінде бұл сан 17–18-ден түспеді. Барлық облыс орталықтары мен кейбір шағын қалалардағы оқу орындарының өзі журналист даярлауға тырысуларының салдарынан сапасыз, қазіргі журналистиканың талаптарына жауап бере алмайтын БАҚ қызметкерлерінің көбеюіне əсер етіп отыр.
Нарықтық экономика қатынасының жетістігі мен кемшілігі БАҚ мазмұнымен тікелей байланысты екендігін ерекше атап айтқан жөн. Ол үшін өткеннен сабақ алудың артықтығы жоқ. Айталық, тоталитарлық қоғамдағы БАҚ сұрғылт мадақ пен құрғақ ақпаратпен жұртты мезі етіп, жоқшылықты, кедейшілікті мағынасыз насихаттауының салдарынан журналистиканың беделін түсіргені белгілі. Олай болса, халық арасында «аш та жап» деп аталып кеткен бірер ірі таралымды газет тура сол тоқырау кезеңіндегі жүрісінен жаңылмай брежневтік қалпына қайта түсті. Олардың жағымпаздана дəріптеуге сөз таппай «сіз біреу, қалғанымыз тіреу» деп жырлаған əуендері бүгіннің өзінде əзіл əңгіменің тұздығына айналып үлгерді. Ондай жарамсақ газеттің билікке қандай ықпалы болмақ. Бүгінгі таңда кейбір тəуелсіз басылымдар бұқараның санасына мемлекеттік жəне ірі саяси партиялардың газеттерінен артық ықпал ете алатынын аңғару қиын емес. БАҚ-тың саны артып, олардың 80 % мемлекеттік емес нысанда болуы азат журналистика жайында оптимистік ойға жетелегенімен, оның тек сандық көрсеткіш ғана екендігін естен шығармауымыз қажет. Егер оған БАҚ қызметін, мақалалар мен эфир бағдарламаларының мазмұнына үкімет тарапынан жəне саяси, бизнес топтарынан көрсетілетін тікелей, жанама түрдегі қысымдарды қоссақ, мүлде басқаша көрініске тап боламыз. Балама ақпарат таратқан баспасөздің журналистері түрлі қысымдарға ұшырап келгені жасырын емес. Олардың арасында соққыға жығылғандары, тұтқынға алынып, қылмыс іс қозғалғандары, бас бостандықтарынан айырылғандары бар [8].
Барлық БАҚ-тың 80 % мемлекеттік емес нысанда деген ресми деректі мойындауға болар еді, егер олар дербес тіршілік етіп жатса. Алайда оның ірі саяси, бизнес топтарының иелігінде, яғни, мемлекет қарауынан шығып қалталы, əл-ауқаты мықты, қолында билігі бар адамдардың құзырына өткен БАҚ екендіктерін ескеруге тиіспіз. Қазақстандағы ірі бизнес үкіметпен тығыз байланысты ғана жасалатыны ешкімге құпия емес. Олай болса, мемлекеттік емес БАҚ дегеніміздің өзі шын мəнінде үкіметтің бақылауындағылардан еш айырмасы жоқ нысан болып шығады. Облыстарда тəуелсіз баспасөз атаулы қалмаған. Павлодар, Қарағанды қалаларында бұрын шығарылып келген тəуелсіз бағытындағы газеттер бүгінде түгелдей жабылған. Ол аз болғандай Қарағандыдағы «Сана», «Сорока» секілді тəуелсіз газеттерге жергілікті биліктен бұрын облыстық газеттегі өз əріптестері шүйлігіп, тезірек жабылуына мүдделі болған. Бүгінде іс жүзінде жергілікті билік иелері меншік нысанына қарамастан, барлық баспасөзді қатаң бақылайды. Ондағы журналистердің шығармашылық бостандығы мүлде сын көтермейді. Ал, Астана мен Алматыдағы жағдай көш ілгері. Онда өзгелермен салыстырғанда БАҚ сан жағынан көп. Бизнес, экономикалық əр түрлі топтардың баспасөз саласына қаржы құюға кең мүмкіндіктері бар. Тағы бір назар аударарлық жайт — қазақ журналистері өздерін қорғауға дəрменсіз жəне оның құқықтық негіздерін, жай-жапсарын біле бермейді. Сондай-ақ журналистер күш біріктіріп, ынтымақтаса алмай отыр. Осының өзі ресми биліктің астамшылдығына, білгенін істеулеріне мүмкіндік берумен қатар, журналистиканы, əсіресе тəуелсіз баспасөзді менсінбеуіне жол ашатын бірден бір фактор. Журналистердің əлеуметтік жағдайлары төмен, жалақылары аз болғандықтан, қалталыларға кіріптарлығы басым, тіпті байлардың сойылын соғуға дейін итермелейтін жайы бар.
Оппозициялық газеттер Қазақстанда саяси жүйе қаталданды, бір отбасы билігі шектен шығып барады деп сынға алуда. Қалай болғанда да, ең бастысы, журналистердің санасын ояту арқылы тəуелсіз баспасөздің маңыздылығын, аса құнды рухани байлық екенін жалпы жұртқа түсіндірудің мəні зор болмақ. Оған журналистердің кəсіби біліктілігі, шығармашылық қабілеттіліктері мен тəжірибелерінің рөлі айтарлықтай. Өкінішке қарай, қазақ журналистерінің шеберліктері, тың көріністерді сезіну, жаңаша ойлау қабілеттері талапқа сай келмей отыр. Тəуелсіз баспасөзді дамытуға тұсау болып отырған тағы бір фактор осы [9]. Қалай десек те, белгілі бір топтың, партияның емес, ұлттың мүддесін ойлаған, өз халқына жани ашитын патриот журналистер ақиқат үшін күресті тоқтатқан емес. Рас, билік көп жағдайда олардың үнін шығармауға, қолдағы механизмдерді пайдаланып, сес көрсетуге, тіпті үркітіп, қорқыту ғана емес, жеке өмірлеріне қауіп төндірмек болған жағдайлар аз болмаған.
«Тасжарғанда» жүріп қоғамның ала-құла болатынын: елде жарлы-жақпайдың көп, əділетсіздіктің үстем, парақорлық пен жеке мүдденің биік, заңның солқылдақ болатынын тереңірек ұғынғандай болдық. Еңірегенде етегі жасқа толған талай қаракөздің мұңын қаузадық. Бұл басылымдағы бір қиыншылық — сұхбат алатын «жаңа» кейіпкердің табылмауы. Өйткені халық қамын күйттеп, шындықты айтатындар қазір де санаулы ғана. Олардың бəрі бұл тəуелсіз БАҚ-пен о бастан дос-тұғын. Біз облыс-облыстарға дейін қоңырау шалып, айтары бар деген, оқшау-оқшау ақын-жазушы, ғылым-білім, қоғам қайраткерлерін талай іздедік. Бірақ ондай көсеген ойлар табыла бермейді. «ДАТ»-та тілші болу, бір жағынан, мəртебе саналады. Ал, екіншіден, қауіпті. Бұлай дейтін себебім, мен жұмыс істеген 5 жылдың ішінде редакцияға бірнеше рет құқай көрсеткендер болды. Мəселен, біреулер Жібек жолы көшесінің бойындағы офистің терезесін атып кетті. Журналистердің көлігіне жарылғыш зат қойып, өздерін пышақтап кету де сол жылдары қылаң берді. Осындай қауіп- қатерді естіген кейбір ағаларым жаны ашып, жұмыстан кетуіме үгіттеді. Алайда өздері жаза алмаса да, біздің жазғанымызды айызы қанып оқығылары келетінін сөз-қалпеттерінен байқатып жүрді. Мəртебе санайтыным — сол. «Дат»-тың басқа ұжымдарға ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі — онда басшылық, бағыныштылық деген болмайды. Бəрі бірдей. Еркін сөз, еркін пікір-талас өрбіп жатады. Талай басылымның төрін болмаса да, босағасын көзбен көрдік: бастығы — бір дүниеде, тілшілері — басқа əлемде өмір сүреді. Ол аз десеңіз, «Дат»-тан басқа бір газеттің есігін қағып, мұң шағып, зар айтып келген қарашаны естіген емеспіз. Содан таразылайсың — қай басылымның халыққа, қоғамға қажетті, қай газеттің керексіз екенін! Жуырда бір досым: «Бұрын оқырмандар редакцияға хат жазады дейді, сол рас па екен?» деп сұрайды сөз арасында. Үндемедім. Өйткені ол болған басылымдардың бірде-біреуінде оқырман хат жазатын баспасөз процесі атымен жоқ. Досымның аңыздай еске алып отырғаны — оқырман хаты, газет пен оқырман қатынасы дегендер «Дат»-та о бастан бар дүние [9]. Иə, осыдан-ақ жұрт басына, отбасына қауіп-қатер төніп жүрсе де, шындықты шырылдатып жазатын, мұң-мұқтажына құлақ асатын басылымға хат жазуы — еркін ойлы тəуелсіз газеттердің халық арасында зор беделге ие екенін байқаймыз.
Оппозициялық басылымдар ше? Мысалы, «Республика», «Общественная позиция: Тасжарған», «Дат» сынды жанкешті газеттер биліктен қанша теперіш көрсе де, жарыққа шығуды тоқтатпады. Бір жабылды, бір ашылды. Тіпті, кезінде «Тасжарған» газеті бір шенеуікті «бейшара латифундист» дегені үшін, сол кісіге орасан зор мөлшерде айыппұл төлегені бар. «Мысалы, газет шығар үшін ең бірінші оны тіркейді. Тіркейтін кезде, белгілі бір мөлшерде АЕК (айлық есептік көрсеткіш) төлейді. Тіркелу ақысы — ғылыми, балаларға арналған газет-журналдарға 2 АЕК төлесе, басқа бағыттағы газет-журналдарға 5 АЕК төлейді, бұл оппозициялық газеттерге де қатысты. Бірақ оларды тіркеу қиынға соғатыны тағы бар. Газет тіркелген соң, халық арасында танымалдыққа ие болуы үшін көп шығындалады. Содан соң газет өзін-өзі толық ақтауы, ары қарай пайда табуы үшін шамамен 3–5 жыл керек. Бұл газетке құйылған инвестиция көлеміне байланысты, — дейді М.Саудабаев [10]. Иə, көп жағдайда оппозициялық газеттердің халықты өзіне аударып, аяғын тəй-тəй басып келе жатқанда жабылып қалатыны тегін емес. Өйткені билік жұрттың оппозициялық бағыттарды газеттерді оқып, өздерінің кемшілігі жазылған мақаланы оқуды қаламайды. Əсіресе саяси науқан кезінде оппозициялық басылымдар санының арта түсіп, халық арасына кең аталатыны бар. Бір өкініштісі, цензура болған кеңес өкіметі кезінің өзінде газетке шыққан мақала саяси бюрода талқыланып, сын садағына ілінген адамның кінəлі, кінəсіздігі қаралатын. Егер ол жауапты тұлғаның кінəсі дəлелденсе, қарапайым сөгістен бастап қызметтен қуылу секілді жаза қолданылатын. Қазіргі таңда билік басында отырған бір шенеуікті мың жерден сынап жатсаң да, еш шара қолданылмайды. Себебі механизм жоқ. Кеңес өкіметінде ішкі цензура болса да, мəселен, қызмет бабын асыра пайдаланған шенеуік газетттің қырына іліксе, жауапсыз қалмайтын. Сондықтан билік өкілдері газеттен сынына ілікпеуге тырысып жүретін. Ал кеңестік кезеңде партия тəртібі бəріне бірдей заң болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы айтқанда саяси партиялардың ықпалын бөле жара алмаймыз. Себебі сайлауда билік орындарынан үмітті мемлекет пен оппозицияның айтыс-тартысы, бағдарламасы осы газет арқылы жүзеге асып жатады.
БАҚ пен саяси партиялардың салмағы қандай? Билікке ықпалды ма, қоғамның қозғаушысы есебіндегі осы екі құрылымның өзіндік құндылықтары қаншалықты, артықшылығы мен айырмасы неде? Жақында Германия президенті қызмет бабын асыра пайдаланып, жеңілдікпен несие алғаны үшін өз еркімен отставкаға кетті. Бұл ақпарат журналистер арқылы анықталып, неміс қоғамына жария болды. Бірақ ел басшысын орнынан тайдырған бір ғана БАҚ-тың сыны емес еді. Олардағы дамыған партиялық жүйе президенттің орынтағынан өз еркімен бастартуына ықпал етті. Рас, журналист сыны да оған себепші, түрткі болды. Кез келген дамушы елдегі саяси партиялардың пəрменділігі осыдан көрінеді. Германия президенті де сол елдегі беделді бір партияның мүшесі бо- лып табылады. Демек, ол сол партияның ел алдындағы беделіне нұқсан келтірді. Дамыған жəне да- мушы ел партиялары үшін бедел маңызды. Сондықтан да ол партия өзіне мүше президентін заңсыз жолмен несие алғаны үшін айыпқа тартып, жаза кеспесе, ертең елдің соңынан ермейтініне сенеді. Яғни, оларда тұлға идеясы мəңгілік емес. Ертең ол тұлға өмірден өтеді, партиялық идея өлмейді. Партия үшін өзінің өмір сүру принципі маңызды. Өйткені ол идеяны əрі қарай жалғастыратын лек бар. Адамзатқа тəн үлкен құндылық — білім, денсаулық, экологиялық тазалық, лаңкестікпен күрес сияқты өміршең бағдарламаларды өзек ететін бұл жүйе сол бағыттар бойынша өзінің соңынан еріп келе жатқан мыңдаған, миллиондаған халқы бар екендігін сезеді. Сондықтан да ол партия — өміршең. Сондықтан да ол елде демократияны құлату мүмкін емес. Ал, бұл жерде тəуелсіз БАҚ-тың көмегі зор. Дамыған елдердің баспасөзді еркін жіберу себебі де осында [11].
Ұлыбританиядағы шенеуніктердің мемлекет қаржысы есебінен жекеменшік бассейнін тазалатып немесе итіне азық алуы сияқты артық шығындарға жол беруі де өткен жылы əлемдік БАҚ бетінде əжептəуір шуға негіз болды. Ол құпияны заңсыз жолмен телефон тыңдаулары арқылы анықтаған «Телеграф» газеті, яғни, британдық журналистер болатын. Ашық азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктерді де, журналистік зерттеуі барысында кəсібін артық пайдаланып, заңдық-нормативтік қалыптардан асып кеткені үшін газет басшылығын да жауапкершілікке тартты. Тəуелсіз құрылым заңның алдында бəрінің бірдей екендігін көрсетті. Бұның бəрі демократияға қадам басуға талпыныс жасап жатқан жас мемлекеттер үшін үлкен сабақ, озық үлгі. Алайда кейде біздегі билеуші жүйенің мемлекеттің заңдық нормаларын сақтамайтыны, сыбайлас жемқорлыққа көз жұма қарайтыны, БАҚ-тың сынын бағаламайтыны, шенеунікке астамшылық беретіні өтірік емес. Сондай-ақ қоғамда саяси партиялар да ешқандай рөлге ие емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын «мемлекеттік құпияны жария етті» деген айыппен Рамазан Есіргепов қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал, оның сол хатты жариялауына себепкер болған ҰҚК қызметкерлерін анықтауға əрекет жасалған жоқ. Яғни бір бағытты айыптау, əлдінің мүддесі үшін əлсізге əлімжеттік жасау біздегі демократияның бейнесін айшықтайды. Сол секілді «Тасжарған» газетінің тікелей жабылуына себепкер болған Ромин Мəдиновтің «латифундист» немесе «латифундист емес» екендігі құзырлы орындарды қызықтырған да жоқ. Журналист күн сайын кездесіп жүрген мұндай кедергілер мемлекеттік делінетін БАҚ тілшілерінің де басындағы нəубет. Осы жай «журналистиканың пəрменділігі халыққа жетуінде, қоғамға жария болуында» деген ұстанымды жоққа шығарады. Демек, шенеунікке немесе күштік құрылымдарға ықпалды болудың бір тетігі тəуелсіз партиялық жүйенің дамуында. Бұл бүкіл БАҚ партияға тəуелді болу деген сөз емес. Өзіміз көп мысалға келтіріп, озық дүниелерін үлгі ететін дамыған елдерде саяси партиялардың жекеменшік БАҚ-қа иелік етуі ең тиімсіз шешім есебінде қабылданады. Мəселен, республикашылдар мен демократтар партиясы ғана бар алпауыт Америкада бүкіл БАҚ қаржы мəселесінде тəуелсіз. Осы бір тұста кейбір сарапшылар тəуелсіз болғысы келетін БАҚ-тың өзін-өзі қаржыландырарлық қауқары болуы қажет екендігін алға тартады. Алайда «шетелде барлық басылым өзінің өнімін өзі сатып, өзіне- өзі жарнама тартып, тираж жинаумен ғана алып монополияға айналып отыр» деу негізсіз. Теориялық тұрғыда да, өндірісте де БАҚ-тың өзін-өзі қамтамасыз етуі шарт емес. Мəселе сол БАҚ-қа қаржы бөліп, оған қамқорлық жасаған мемлекет болсын, жеке саяси күштер болсын, қаржы бөлінгеннен кейінгі арғы процесте редакциялық саясатқа араласпау жөніндегі ортақ меморандумға келуінде.
Батыстағы азаматтық қоғам, демократияшыл орта осы мəселеде ортақ мəмілеге келе алды. Ашық қоғам осындай ұстанымда ғана БАҚ-тың дамитынын сезінді [11].
Бізде тəуелсіз БАҚ жоқ дей алмаймыз, бар. Бірақ ұсынған кемшіліктер арқылы мемлекетке, билікке, құзырлы орындарға ықпал ету тетіктері жоқ. Бұл — біздегі саяси партияларға артылатын сын. Қай кезде, қай жерде болса да, озық елдердің демократиялық жолын үлгі етумен жүретін Ермұхамбет Ертісбаевтың өзі Байланыс жəне ақпарат министрі болып тұрған кезінде елдегі БАҚ-ты медиахолдингтерге топтастыру үрдісімен тікелей айналысып кетті. Яғни, тəуелсіз БАҚ ұстанымын қазақстандық журналистикадан əжептəуір алыстатып тастады. Бұл топтастыруды «ілдəлап отырған баспасөздерге əжептəуір əл болды» дескендер де болды. Алайда бұл азаматтық қоғамды дамытуға əрекет ететін отандық журналистикадағы алғашқы қадамдарды биліктің дауыс ұлғайтқыш ұраншысына айналдырды.
Елдегі үлкен авторитетке ие «Нұр Отан» партиясының аясына топтасқан «Нұрмедиа» ақпарат кеңістігін «əжуалаймыз» деп жүріп, елдегі оппозиция да өз басылымдарын шығару арқылы шағын «Нұрмедианың» модулін қалай жасағандарын сезбей де қалды. Яғни, бұл жерде де отандық БАҚ кейбірі оппозицияның «бұлбұлына» айналып шыға келді. Мəселен, тарихы тоқсан жылдан асатын «Жас Алашқа» «Азаттың» немесе «ЖСДП-ның» айғайшысына айналу жарасымды ма еді? Шындап келгенде, кез келген БАҚ-тың өзі дербес тəуелсіздікке ұмтылғаны дұрыс. Демократия заңдылығы осында. Сол кезде ғана əділеттілік прициптері орын алады. Кез келген саясаткер, саяси сахна өкілі «əділеттілік» деген ұрандар арқылы ғана халыққа өтеді. Ол, мейлі, билеуші «Нұр Отан» болсын, ол мейлі, «ЖСДП» болсын немесе кез келген қоғамдық ұйым болсын, қарапайым қалың бұқара алдында серт беруге мəжбүр. Уəде бере алмаса, оған халық сенбейді. Бұл БАҚ-қа да тəн ұстаным. Ал əділеттілік деген тек қана біржақты пікір айтып, тек қана билікті жерден алып жерге сала беру емес. Рас, күштіні сынап қара халықтың жоқшысы ретінде көріну кез келген БАҚ үшін аса ұтымды тəсіл. Алайда əділеттілік принципін ұстанған екенсің, ақиқаттың астарына да үңілу — парыз. Біздегі оппозициялық бағыттағы басылымдар осы үдеден шыға алмай жүр. «Неге билікті жерден алып жерге сала бересіңдер, оппозицияның да кемшіліктері бар емес пе? Биліктің игілікті істерін неге көрмейсіңдер?» деген сауалға айтар уəждары да айқын. «Бізсіз де биліктің мақтауын асырып жатқан басылымдар жетеді. Өзіміздің азғантай аудиторияны неге оған алаңдатамыз?» дейді. Оппозициялық басылымдардың ақпараттық соғыста ұтылар тұсы да осы екені белгілі. «Əділеттің жаршысы» болуға серттесе тұра олар оппозицияның саяси қателері мен ұтылған тұстарын əйгілеуге құлықсыз. Осыдан келіп, ол басылымдардың да, оппозициялық партиялардың да одан бөлек, осы ұстанымдағы мемлекеттік БАҚ-тың да беделі кемиді. Мəселен, «guljan.org» сайты екі жақты да тең таразыласа, оқырманын өз ақиқатына əлдеқайда сендірген болар еді. Өзіне өзі сын көзбен қарай алған құрылым ғана идеяға берік, əділетке адал екендігін көрсетеді.
Журналистердің жай-күйін жақсы түсінуге тиіс. Біздің Мəдениет жəне ақпарат министрлігі БАҚ- ты өміршең етудің жаңаша бір үлгісін жасауға міндетті болатын. Тəуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік орган мүшелері, қарапайым оқырмандардан алынған сауалнамалар мен əлеуметтік зерттеулер арқылы оқылымды отыз немесе одан да көп БАҚ-ты анықтап, билік оның əрі қарайғы тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қаржыны (тікелей бақылау арқылы, əрине) бөлсе, баспасөздің де өтімді болары сөзсіз еді. Тағы бір мүмкіндік — мұнай саласы. Біздегі экономикалық ерекше басымдыққа ие мұнай саласында халықтың тікелей үлесі бар десек, осы саладан түсетін қаражаттың бір пайыздық бөлінісінен-ақ отандық БАҚ-тың бағын жандыруға болатыны тағы ескерілмеді. Бұл жерде тек қазақстандық журналистикаға бергенін міндетсімейтін, азаматтық қоғамның беталысын түсінетін, онсыз демократияның ауылы алыстығын сезінетін, ал, демократияның алғы шарттарынсыз еш өркениетті қоғамның қалыптаспайтынын түйсінетін жүйенің ауадай қажеттігі анық [11]. Иə, бұл журналист Ш. Қараеваның қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына ара салмағын саралап көргенде айтқан ойы. Десек те, əр адамда бір қиял болатыны секілді, қазақстандық тəуелсіз баспасөз жайында көрнекті тұлғалар ойы да қызықты.
Мəселен, саясаттанушы Сайын Борбасов «Тек қана халыққа қарсы саясатты жақтайтын ақпарат құралдары қауіпті» дейді. Саясаткер өз ойын былайша өрбітеді: «БАҚ пен саяси партиялардың байланысы тығыз болуы керек. Оның себебі, саяси партиялар өздерінің бағдарламаларын БАҚ арқылы халыққа жеткізе алады. Өздерінің əлеуметтік базасын құру үшін бірге жұмыс істеуге ерекше мүдделі болуы керек. Өкінішке қарай, саяси партиялардың көбісінің өз газеттері жоқ. Ал, негізі саяси партия жұмысты газет шығарудан бастайды. Дəстүрлі, мықты партиялардың барлығының өз газеттері бар. Газеті жоқ партия ол нашар партия деп есептейді. Бұл жердегі мəселе БАҚ өздерінің демократиялық құндылықтарын сақтай білуіне байланысты. Олар Конституцияда берілген бостандықтарды қолдану керек. Оны неге пайдаланбасқа? Шындықты айта алмаса, бұл БАҚ-тың кемшілігі, редакторлардың нашарлығы. Ал, нағыз мықты БАҚ саяси партиялардың, тіпті, өз партиясының қателігін айтып көрсетіп отыруы тиіс. Халыққа қарсы саясатты жақтайтын ақпарат құралдарынан пайда жоқ. Біздегі кемшіліктер əлі де сөз бостандығының жетілмей жатқандығының көрінісін көрсетеді». Əйтсе де, ЖСДП-ның бас хатшысы, саясаткер, журналист Əміржан Қосанов
«əлі журналистік ұжымдардың тəуелсіздігіне жеткен жоқпыз» дегенді алға тартады: «Баспасөз деген ұғымды біз дұрыс түсінбейміз. Мəселен, кез келген билікке сын айтатын БАҚ-ты біз тəуелсіз деп айтуға үйреніп кеттік. Меніңше, баспасөз құралының құрылтайшысы сол редакция немесе журнали- стер ұжымы, сол күнделікті ақпарат беретін адамдар болса, жүз пайыз тəуелсіз басылым бола алатын еді. Сонда журналистерге «Əй дейтін əже, қой дейтін қожа» болмай, олар нағыз сыншыға айналатын еді. Ал, бізде тəуелділіктің формасы көп. Мемлекеттік БАҚ тек билікті мақтайды, сын-пікірді жаз- байды. Сондай-ақ əр түрлі олигархтардың, қаржылық топтардың түрлі формадағы (жасырын, құпия немесе жария түрде) басылымдары бар. Оны ешкім көп айта бермейді, бірақ оның артында белгілі бір қожайын тұрады. Ол қожайынға ешкім сын айтпайды. Мен өз басым ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болдым. Негізінен, əрбір партия өзінің атқарып жатқан тірлігі туралы халыққа айтуы керек. Бізде кейбір партиялар басылымға құрылтайшы болып, соның бас редакторын тағайындап, редакциялық саясатқа əсер еткісі келеді. Бұл дұрыс емес. Билік жағынан да, оппозиция жағынан да. Тəуелсіздіктің 20 жылдығында журналистік ұжымдардың тəуелсіздігіне жеткен жоқпыз. Кезінде «Аргументы и фак- ты» деген газет болған. Бұл газет тарап кеткен соң редакциялық ұжым өзі құрылтайшы болды. Сол уақытта бұл ең танымал газеттердің бірі болды. Биліктің де, кез келген партияның да журналистерге цензура жасауға құқығы жоқ», дейді.
Ал, «Абай.KZ» интернет-порталының бас редакторы Дəурен Қуат «біз көп жағдайда оқырманды алдаймыз» дегені ойлантады. Ол «Біздің тəжірибемізде баспасөзге бақылау жасап отырған екі құрылым бар. Біреуі — таза билік. Екіншісі — саяси партиялар. Саяси партиялардың газеттерін жақсы білеміз. Сайлау науқанында «Жас қазақ үні» газеті «Ақ жол» партиясының жақтасы болды. Бірақ биліктің бақылауындағы газеттер саяси партияларға қандай ашық болса, саяси партиялардың газеттері де билікке солай ашық болуы керек. Бізде осы екі тарап бір-біріне қарама-қарсы жұмыс істеп, бір-бірін тұйықтап, шектеп отыр. Мысалы, сіз «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен Жалпыұлттық социалистік демократиялық партиясының іс-əрекеттері туралы мақаланы оқи алмайсыз. Олардың талаптары, наразылықтары, үкіметтің жасап отырған жұмыстарына балама көзқарастары бұл газет бетінен көрінбейді. Сол сияқты, Е. Бапидің «Дат» жобасынан, Рысбек Сəрсенбайұлы басқарып отырған «Жас Алаш» газетінен биліктің игілікті қадамдары, жақсы істері, осы қоғамда болып жатқан жақсы өзгерістерді таба алмайсыз. Мысалы, «Жас Алаш» газеті мейлінше сыншы, мейлінше радикалды позиция ұстанады. Осы екі тарап баррикаданың екі жағына шығып алып, баспасөздің дамудың даңғыл жолына түсуін тежеп отыр. Керек болса, өздерін «демократтар- мыз» деп санайтындар демократияны өздерінен бастасын. Яғни, объективтілік қажет. «Жолдауға қолдау білдірсін» деп отырған жоқпын. Неғұрлым объективті, жан-жақты ақпарат беретін болса, оның оқырманы да көбейе түседі. Біз көп жағдайда оқырманды алдаймыз. Халықты екіге бөліп алғанбыз» дегені құптарлық.
«Жас қазақ» газеті редакторының орынбасары Шадияр Өстемірұлы: «Біздің БАҚ нарықтық жағдайға бейімделмеген. Салыстырмалы түрде айтсақ, Батыс газеттері мемлекеттен ақша алмайды. Əрбір газеттің өз иесі бар. Мысалы, неміс газеттері акциясының 40 %-ы қожайындікі, қалған 60 %-ы журналистерге таратылып беріледі. Яғни, бұл газет журналистердің жекеменшігі. Ешбір саяси ұйымға тəуелді емес. Оның себебі онда халық саны көп. Жəне де біздегідей қаржы қиындығы жоқ. Біздегі БАҚ саяси партиялардан ақша алуға, оларға тəуелді болуға мəжбүр. Батыс газеттері «қоғамның сөзін ғана сөйлейміз» деген ұстанымда. Олар белгілі бір саяси топтың сойылын соғатын болса, оқырманын жоғалтып алатынын біледі. Біз əлі бұл деңгейге жеткен жоқпыз. Болашақта біз де «соған жетеміз» деп ойлаймын. Қазіргі кезде тəуелсіз газеттер деп оппозициялық газеттерді атап жүр. Бірақ олардың өзі де белгілі бір ұйымдарға, партияларға тəуелді. Шынайы тəуелсіз БАҚ бізде өте аз» [12]. Расында, оппозициялық газеттердің өзі белгілі бір партияның сойылын соқса, тəуелсіз деп айту қисынға келмес. Бұл биліктік БАҚ пен оппозицияның БАҚ-тың əркім өз көрпесін тартып жатқанын білдіреді. Ал белгілі бір оқиғаға объективті баға беретін тəуелсіз газеттер некен-саяқ. Осыдан біз əлі де болса Қазақстандағы тəуелсіз газеттердің саны жағынан да, сапасы жағынан да халық көңілінен шығатындай шынайы ақпарат таратуға дəрменсіз екенін аңғарамыз.
Əдебиеттер тізімі
- Баспасөз бостандығы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: wikipedia.org
- Үсенхан Д. Жүйенi ауыстыру қажет // Жас Алаш. — 2012. — № 59 (15725). — 12-б.
- Бапи Е. «Тасжарған» газетінің бас оқырманы: билікті мадақтайтын 5 мың газет бар, ал, оның көлеңкелі тұстарын айтатын 5-ақ газет...» // 29.12.2014. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: turkystan.kz
- Калеева Т. Сөз бостандығы жəне ақпарат алу құқығы туралы сарапшы шолуы. MediaNet халықаралық журналистика орталығы. 2012. 27 қырқ. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: medianet. кz
- Хен И. Алуан түрлі Қазақстан // Ұлт Times апталығы. — 2012. — 13 шілде.
- Баспасөз жəне сөз бостандығы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: myunivercity.ru
- Ахметова Г. ICBCB: «Сөз бостандығы — ел болашағының кепілі» бола ала ма? 04.2015. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: sdumedia.kz
- Шамахайұлы Қ. Билікке ықпалы бар баспасөз ғана тəуелсіз. 05 наур. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: old.abai.kz.
- Кемелжан Ж. «Общественная позиция» проект // Dat. — № 13 (189).
- Есімбай А. Қазақстанда медиабизнес бар ма? — 2014. — 7 қаңт. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: kz.
- Қараева Ш., Сембиева Г. Ақпарат алаңында кім күшті? // Заң газеті. — 2012. — 4-б.
- Боқан С. Қазақ баспасөзінде еркіндік бар ма? // Алатау. — 2011. — 29 қырк.