Мақалада қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы мен дамуының кейбір тұстары қарастырылды. Мерзімді басылымдардың тарихи дерек ретіндегі қызметі айқындалып, олардың тарихтағы орны көрсетілді. Қазақ баспасөзінің тарихы ХІХ ғ. аяғында басталып, бүгінгі күнге дейін жеткендігі жəне тарихи дамудың əр кезеңдерінінен өткен отандық газет-журналдардың жалпы жағдайы туралы баяндалады. ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ.басында, кеңес кезеңінде жəне тəуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда басып шығарылған газеттер мен журналдарға салыстырмалы талдау жасалды. Мерзімді басылымдарды зерттеу барысында қосымша дерек ретінде цензура мен цензура құжаттарының рөлі талданды.
Тарихи деректердің бір түрі мезгіл-мезгіл шығып тұратын ұзақ мерзімді басылымдар болып табылады. Оның атқаратын қызметтері — қоғамдық ой-пікірді ұйымдастыру, мемлекетке идеологиялық тұрғыдан ықпал ету, экономикалық, саяси жəне мəдени ахуал бойынша ақпарат беру, басқару жүйесінде кері байланыс орнату.
Мерзімді басылымдар үш түрге бөлінеді: газеттер, журналдар жəне ғылыми қауымдастықтың мерзімді басылымдары. Түрлерін белгілеуге байланысты қолданатын терминдер қазіргі кездегі өз атауларына сəйкес келеді. Мерзімді басылымдарды олардың атқаратын қызметтеріне қарай жіктеуге болады. Мерзімді басылымдардың негізгі мақсаты — қоғамдық пікірді қалыптастыру.
Мерзімді басылымдардың маңызды сипаты олардың бір мезгілде шығатын санына байланысты, əсіресе олардың қалыптасуының бастапқы жəне қоғамдық күйзеліс кезеңдерінде жарық көрген басылымдардың көп бөлігі ұзақ уақытқа жетпеді. Сондықтан жиі қолданатын мерзімді басылымдардың жалпы саны газет жəне журналдардың жағдайына тең болмады. Келесі бір мерзімді басылымдардың сипаты оның таралымына байланысты болуында. Аталған сипаттар бір-бірімен тікелей байланысты. Мерзімді басылымдардың жеке немесе ресми екендігін ескеру қажет жəне оны қаржыландыру көзін де нақты білген дұрыс.
Мерзімді басылымдарды дерек ретінде қолдануда цензура мəселесіне де ден қою керек. Цензура тек газеттер мен журналдарға ғана емес, барлық басылымдарға ықпал етеді. Бірақ мерзімді басылымдарды қарастыруға байланысты цензура тарихына қатысты үш жағдай өзіне назар аудартады. Біріншіден, басылымдардың публицистикамен байланысы цензураның назарында болады. Екіншіден, мерзімді басылымдардың мезгіл-мезгіл шығып тұруы, олардың таралуы, оларға жазылу жəне жеке сатылымға түсу бағасы қаржылай тəуелділікке əкелетіндіктен де қатаң цензураға бағынады. Үшіншіден, мерзімді басылымдардың өзіне тəн маңыздылығы олардың кумулятивті эффектіге ие болуы, цензуралық қызметке қатысты қажетті есепті жүргізуде қиындық келтіреді.
Міне, осыларды айта отырып, мерзімді басылымдардың маңызды құрамдас бөлігі болып отырған газет пен журналдардың тарихи дерек көзі ретіндегі қызметіне жеке тоқталғанды дұрыс деп есептедік.
Газеттердің пайда болуын қарастыратын болсақ, оның үш себебін бөліп көрсетуге болады: көбінесе экономикалық сұранысқа қызмет ете алады, қоғамдық топтардың қызығушылық танытқан көпшілік пікірін қалыптастырады жəне мемлекетік идеологияны жүргізеді. Сол себепті өткен ХХ ғ. басында мерзімді басылым ретінде газеттің негізгі қызметі түбегейлі айқындалды — қоғамдық пікірмен бөлісу жəне қоғамды жүйелеу бүгінгі күнге дейін сақталып отыр.
Журнал — мерзімділігі жағынан аптасына, 10 күнде, 2 аптада, айына, 2 айда, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет шығатын басылым. Мазмұны жағынан журнал, қоғамдық-саяси, əдеби-көркем, спорттық, сатиралық, өндірістік-техникалық, ғылыми-көпшілік, ғылыми-ақпараттық, библиографиялық журнал болып, оқырмандарына қарай бұқаралық жəне оқырмандардың белгілі бір категорияларына (балаларға, жасөспірімдерге) арналған болып бөлінеді. Бұқаралық, қоғамдық-саяси жəне əдеби көркем журналдарда ақпараттық, публицистикалық, көркем шығармалар, танымдық, сəндік, көркем өнер туындылары сипатындағы материалдар, фотосурет түрлері мен бейнелеу өнерінің туындылары; ғылыми-көпшілік, ғылыми-ақпараттық журналдарда ғылыми-зерттеулерде мақалалары, аннотациялар, ғылыми хабарлар, спорттық жəне өндірістік-техникалық журналдарда өзі арналған салаларға қатысты материалдар, ал сатиралық журналдарда сын-сықақтар, фельетондар, тағы басқалар басылады [1].
Мерзімді басылымдар тарихын, оның ішінде ұлттық баспасөз тарихын, бүгінгі күн талабына сай, ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау, төл тарихымызды толықтыра түсері сөзсіз. Оларды тарихи дерек көзі ретінде пайдалану өткен ғасырлардағы қазақ тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретіні анық. Өйткені бүгінгі отандық тарихтың жазба деректерінің бір тобын мерзімді басылымдар құрайды.
Белгілі деректанушы-ғалым Қ.Атабаев мерзімді басылымдарды дереккөз ретінде зерттей отырып, қазақ баспасөз тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруды ұсынады:
- «1870–1917 ж. наурызы, «Түркістан уалаяты газетінің» шыққан күнінен патша өкіметінің құлатылған күніне дейінгі қазақ баспасөзінің тарихы.
- 1917 ж. наурызы — 1918 ж. ортасы. Уақытша үкімет тұсындағы демократиялық бастамалар кезіндегі ұлттық баспасөз.
- 1918 ж. ортасы — 1920 ж. аяғы. Демократиялық күштердің большевиктік авантюраға қарсы жанталасқан күресі кезеңіндегі баспасөз.
- 1921 ж. — 1991 ж. аяғы. Кеңес өкіметі немесе большевиктік диктатураның толық орнауы, тоталитарлық жүйенің қалыптасуы жəне коммунистік партияның шексіз үстемдік етуі жылдарындағы мерзімді басылым.
- 1991 жылдың соңынан бүгінгі күнге дейінгі, тəуелсіз Қазақстан тұсындағы ұлттық баспасөз» [2; 58, 59]. Ғалым бұдан басқа кеңестік дəуірдегі баспасөз тарихының өзін шартты түрде кезеңдерге бөліп көрсете отырып [2; 59, 60], «ұлттық баспасөздің пайда болу, қалыптасу жəне даму тарихын еліміздің тəуелсіздік алуына байланысты қайта зерттеу, оның жүріп өткен жолын, қилы кезеңдерін айқын бейнелеу мерзімді басылымды халқымыздың ХХ ғ. тарихының дерегі ретінде пайдаланудың басты алғышарттарының бірі болып табылады» [2; 61], — деп жазғаны орынды.
Расында, Қазақстан тарихына байланысты мол əрі тың деректер жинақталған газет-журналдар ХІХ ғ. бастап пайда болды. Сол себепті ХІХ ғ. аяғы — ХХ ғ. басында жарық көрген газет-журналдар өзінің маңыздылығы бойынша мұрағат қорларымен теңесе алады, яғни мерзімді басылымдарға жарияланған мəліметтер мен мұрағат қорларында сақталып келген деректердің құндылық деңгейі бірдей.
Қазақ баспасөзінің тарихы 1870 ж. шыққан «Түркістан уалаяты газетінен» басталады. Газет сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы болған Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сəуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығып отырған. Бұл газеттен басқа да мерзімді басылымдардың бар екені баршаға аян. Олар ұзақ жылдар бойы ұлттық мерзімді басылымдардың тарихын зерттеуші, олардың мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін жасап, мəтіндерін қайта бастыру арқылы бүгінгі оқырманға жеткізуші ғалым Ү. Субханбердинаның еңбектері арқылы мəлім. Ғалымның «Айқап» энциклопедиясындағы «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты кіріспесін оқи отырып [2; 6–9], алғашқы басылымдарды жарық көрген мерзімдеріне байланысты былайша көрсетуге болады:
ХІХ ғасырда жарық көрген басылымдар — «Түркістан уалаятының газеті» (1870–1882), «Дала уалаятының газеті» (1888–1902); ХХ ғ. басындағы газет-журналдар — «Серке» (1907), «Бірлік туы» (1917), «Қазақ газеті» (1907), «Дала» (жылы белгісіз), «Қазақстан» (1911–1913), «Ешім даласы» (1913), «Қазақ» (1913– 1918), «Айқап» (1911–1915), «Алаш» (1916–1917), «Сарыарқа» (1917), «Ұран» (1917), «Үш жүз» (1917), «Тіршілік» (1917).
Бұл басылымдарды ұстанған бағыттарына байланысты ресми жəне бейресми газет-журналдар деп жіктеуге де болады. Ресми бағытты ұстанған газет-журналдарға «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» басылымдары жатады. Өйткені бұл газеттер патша үкіметінің ресми органы еді. Оған дəлел бұл басылымдарда барлық патшалық губерниялық газеттердегідей ресми жəне ресми емес бөлімдері болды. Ресми бөлімінде үкімет жəне əкімшілік органдардың жаңалықтарымен қатар, олардың жарлықтары, түрлі нұсқаулары мен бұйрықтары басылып отырған. Сонымен бірге «ақ патшаға» арналған немесе оған деген адал берілгендікті білдіретін мақалалар да жарияланған.
Бейресми бағыт ұстанған мерзімді басылымдар «Үш жүз», «Тіршілік» тəрізді газеттер болды. Бұл басылымдардың барлығы да жалпы халыққа өз заманының саяси ахуалы, əлеуметтік- экономикалық дамуы, оқу-ағарту жайлы мағлұматтар беріп отырды. Сонымен бірге қазақтың жазба əдеби тілінің дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Аттары аталған мерзімді басылымдардың беттерінде жарияланған материалдар əр түрлі тақырыптарды қамтыған. Ендеше газет беттеріне жарияланған мақалалардың авторлары кім болды екен? деген сұрақ туындайды. Оған жауап беру үшін осы мерзімді басылымдарды қарастырып шығу керек.
Отандық ғалымдардың ерен еңбектерінің арқасында «Дала уалаятының газеті» (1994), «Қазақ» газеті (1998) жəне «Айқап» журналы (1995) жеке-жеке жинақ болып құрастырылып шыққан болатын. Ал 2014 ж. Орал қаласында «Ұран газеті. 1917–1918 жыл» жинағы бысылып шықты. Осы жинақтармен танысу барысында мерзімді баспасөз беттеріне жарияланған мақалалар авторларының басым бөлігі қазақ зиялыларының өкілдері екені бірден байқалады.
ХХ ғ. басында қаулап өсіп жетілген ұлттың зиялы тобының арасынан бөлініп шыққан шоғыры өз халқының келешегі мен алдағы даму бағдарын айқындауда үлкен еңбек сіңірді. Өкінішке орай, кейбір басылымдарда əр жылдары редакторлық қызмет атқарған адамдар жайлы материалдар өте аз немесе мүлдем кездеспейді. Айталық «Дала уалаятының газетінің» қазақ тілінде жарық көруіне себепші болған Ешмұхамед Аблайханов, Дінмұхамет Сұлтанғазин, Рахымжан Дүйсенбаев екенін көпшілік біле бермейді. Ешмұхамед Аблайханов туралы қандайда бір болмасын мағлұматтар жоқтың қасы. Ал Дінмұхамет Сұлтанғазин туралы шағын мəліметті «Творцы и свидетели истории Каркаралинска» деген монографияда жəне «Арыстары алаштың: тарихи очерктер» деген кітаптардан кездестіруге болады. Мұнда авторлар мұрағат құжаттарына сүйене отырып, Д. Сұлтанғазиннің ағартушы, ғалым адам ретінде қалыптасу жолдары туралы шағын бейнелерді қалпына келтіруге тырысқан [3; 235–243, 33–47]. Ол Санкт-Петербург университетінің шығыстану жəне заң факультеттерін бітірген, өз заманында екі мамандық бойынша қос университеттік білім алған бірінші қазақ. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, кітап жəне мерзімді басылымдарды сол тілдерде еркін оқыған білімді азамат болған. «Дала уалаятының газетінің» редакторы жəне осы газетте аудармашы болып жұмыс істеген ол, сонымен бірге бірқатар мақалалардың авторы да болды. «Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл» (1894, № 12), «Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы» (1888, № 51) мақалалары арқылы қазақ елінде демократиялық институттары жетілген мемлекет құру үшін ел арасында білім мен ғылымды жан-жақты дамыту қажеттігін, сонда ғана қазақ халқы қанау мен ұлттық езгіге қарсы тұра алатындығын айтқан. Қазақтың билер сотындағы демократиялық принциптердің көшпелі қоғамның ұлттық ерекшеліктеріне сай келетіні жайлы өзінің ойларын заңгер ретінде «Дала уалаяты» газеті арқылы ұсынады. Ал Рақымжан Дүйсенбаев туралы айтып кетсек, ол 1917 ж. жарық көрген «Тіршілік» газетінің редакторы болған адам. Өкінішке орай, Р. Дүйсенбаевқа қатысты деректер мұрағат қорларында да өте жұтаң.
Газет алғашқыда Ревкомның, кейіннен Совдептің органы болған. Біраз уақыттан соң «Тіршілік» революцияшыл демократиялық бағыт ұстанған газетке айналады. Оған Сəкен Сейфуллин ықпал ет- кен. С. Сейфуллин «Тіршілік» газеті арқылы қарапайым халықты Совет өкіметі жолындағы күреске жұмылдарды, яғни газеттің бетіне саяси бостандық, ұлт мүддесіне байланысты жəне сол кездегі басқа да өзекті мəселелерге арналған материалдар жарияланып отырған.
«Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерімен қатар зор маңызға ие болған басылым — «Айқап» журналы. Журнал 1911–1915 жылдардың аралығында жарық көрген. Ол туралы Ү. Субханбердина былай деп жазды: «Троицк қаласындағы «Энергия» баспасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың əлеуметтік, саяси өмірінде, əдебиет пен мəдениетімізді насихаттап, таратуда елеулі роль атқарды» [2; 24]. Бұл «Айқап» журналына байланы- сты айтылған шынайы пікір.
«Айқап» журналының шығарушысы жəне оның редакторы танымал жазушы, белгілі журналист Мұхамеджан Сералин. Зерттеуші-ғалымдар М. Сералинді қазақ журналистикасының негізін салушылардың бірі деп есептейді. Оған дəлел М. Сералиннің қазақ халқының ауыз əдебиетін зерттей отырып, өзінің де өлеңдер жаза бастауында. Орыс, парсы, татар тілдерін жетік меңгере отырып, «Топжарған» жəне «Гүлһашима» поэмаларын жазып, көпшілікке танымал болады. «Айқап» журна- лында М. Сералин алдымен қолға алған, көп жазған негізгі, маңызды тақырып — жер мəселесі, отырықшы болу, егін кəсібімен айналасу, қала салу мəселелері болды. Бұл мəселелер жөнінде М. Сералин өзінің «Жер мəселесі», «Ескі жыр», «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген мақалаларын жазып, оны «Айқап» журналының беттерінде жариялайды. Мұхамеджан Сералин тек журнал шығарып қана қоймай, ел арасындағы ағарту мəселесіне де көңіл бөледі. Журнал жабылып қалғаннан кейін ол 1919–1920 жж. «Ұшқын» газетінде де қызмет атқарады.
1913 ж. шыққан «Қазақ» газеті ел арасына ресми түрде ұлттық идеяны насихаттауда үлкен қызмет атқарды. Қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым — ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының ұйымдасуына ұйытқы болған да осы «Қазақ» газеті. Газеттің № 1 санында «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік...», — деп өз оқырмандарына ой тастауында үлкен философиялық мəн бар.
Мерзімді басылымдар қазақ жерінің бірқатар өңірлерінде жарық көре бастады. Айталық, Семей- де «Сарыарқа», Ордада «Ұран», Ташкентте «Алаш» газеттері шықты. Бұлардан басқа Өскеменде «Голос Алтая», Орынборда «Қазақ мұңы», Қостанайда «Вольное слово», Верныйда «Мұхбір» жəне басқа да газеттер жарық көрді.
Орынборда шыққан «Қазақ мұңы» газеті Торғай облыстық Совдепінің басылымы болды. Оның редакторы Нəзір Төреқұлов кейіннен танымал қоғам қайраткері болды. Ол 1923 ж. Мəскеуге шақырылып, КСРО Орталық атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы етіп тағайындалады, Шығыс халықтары институты ректорының орынбасары қызметін қоса атқарады. Міне, осы кезеңде жоғарғы партия басшылығында Н.Төреқұловтың бай білімі мен тəжірибесін дипломатиялық қызметте пайдалану туралы əңгімелер жүреді. Ал 1927 ж. 15 желтоқсанда КСРО ОАК Президиумының Қаулысымен Н.Төреқұловты Джиддадағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті өкілі етіп тағайындау туралы жарлық шығады. Сауд Арабиясында ол сегіз жыл елшілік қызмет атқарған кезінде КСРО мен Сауд Арабиясының арақатынасын, бүгінгі тілмен айтқанда, стратегиялық əріптес елдерге айналдырды. Шығыс халықтарының білгірі ретінде ол Кеңестер Одағының Арабия түбегінде өз саясатын жүргізуде достастық қарым-қатынас орнатуда король отба- сымен, оның ішінде корольдің өзі Абдель Азиз аль Сауд жəне оның мұрагері ханзада Фейсалмен тікелей қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін түсінді. Сөйтіп, ол мұрагер ханзада Фейсалмен достасу арқылы король отбасының сеніміне ие болды. КСРО-ның бұл өңірде кең ауқымда өз саяса- тын жүргізумен қатар, сауда-саттық мəселесін шешуде де маңызды рөл атқарды. Өз қызметін жоғары дəрежеде атқару үшін Н.Төреқұлов бірнеше тілді меңгерді. Ол тілдердің санатында қазақ, орыс, өзбек, татар, түрік, неміс, француз тілдері бар. Аз ғана уақытта араб тілін де үйреніп алады. Осылай- ша қазақтан шыққан тұңғыш дипломат алғашқыда мерзімді баспасөзге де қызмет ете білді.
Өңірлерде шыққан мерзімді басылымдар өздерінің аттары айтып тұрғандай, қазақ тілімен қатар татар, ұйғыр, орыс тілдерімен араласып жарық көрді. Мысалы, орыс тілінде шыққан Өскеменнің
«Голос Алтая» газеті, оның редакторы В.А. Куратов болса, Қостанайдан шыққан «Вольное слово» газетінің редакторы Н.И. Романов еді. Бұған сол кезде жүргізілген саясаттың əсері тиді.
ХХ ғ. басында жарық көрген қазақ басылымдарының арасында мəдени-ағартушылықпен қоса ел ішінде орын алып отырған кемшіліктерді ашып, оларды түзетуге бағытталған журналдар шыға баста- ды. Солардың бірі 1917 ж. жарық көрген «Садақ» журналы. Бұл журналдың редакторы Ə. Басиров болса, оған идеялық жағынан белгілі мемлекеттік қайраткер Ораз Жандосов жетелік жасады [4; 56]. Газет-журналдардың редакторлары жəне олардың негізгі авторлары жайлы осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ бұл мақалада қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы мен дамуының кейбір мəселелерін ғана қарастыруды мақсат еткендіктен, осылайша шектеліп, редакторлар мен ав- торлар жайлы мақаланы алдағы уақыт еншісіне қалдырдық.
1919 ж. шыққан «Мұғалім» журналы қоғамдық-саяси, ғылыми педагогикалық жəне əдеби бағыттағы қызметімен танымал болды. Оның беттеріне ел ішіндегі өзекті мəселелер көтерілген мақалалармен бірге К. Марк, Ф. Энгельстің қысқаша өмірбаяндары басылып шығады. Ал журналдың 1919 ж. 15 шілдесінде № 7 санының бірінші бетті ұлы Абайдың өлеңімен ашылғандығы туралы зерттеуші Х. Бекхожин жазған болатын [4; 78].
Қазақ баспасөзінің даму тарихы Қазан төңкерілісінен кейін дами түсті. Төңкеріліс жылдарынан кейінгі басылымдар да бұрынғысынша ресми жəне ресми емес бағытты ұстанып қалды. Ресми бағыт ұстанған басылымдардың бірі, Кирревкомның органы болған 1919 ж. шыққан «Ұшқын» жəне 1920 ж. шыққан «Известия Киргизского края» газеттері. Осы екі газеттен «Социалистік Қазақстан» мен «Ка- захстанская правда» газеттері бастау алып, бүгінгі тəуелсіз Қазақстанның республикалық басылым- дары — «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері арқылы жалғасын тауып отыр.
Уақыт өте мерзімді басылымдардың идеялық мазмұны мен материалдық сапасы жоғарылап отырды. Газеттер мен журналдар бірнеше рубрикалармен берілетін болды. Бірақ олардың басым көпшілігі 1991 ж. дейін кеңестік идеологияға сəйкес жұмыс істеді. Тіпті атауларының өзі кеңестік идеологияға тəн болды. Мысалы, «Коммунист», «Қызыл Қазақстан», «Қазақстан коммунисі» жур- налдары, «Правда», «Известия», «Социалистік Қазақстан», «Советтік Қарағанды», «Лениншіл жас», «Коммунизм таңы» газеттері т.с.с.
1920–1930 жж. жарық көрген газет-журналдардың барлығы да халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа экономикалық саясат тəрізді мəселелер көтерген мақалалар мен жаңалықтарды жария- лауда коммунистік партияның лениндік ұлт саясатына сəйкес жүргізді. Мысалы, 1931 ж. бастап шыққан Қарағандыдағы қазақ тіліндегі «Қарағанды пролетариаты» жəне орыс тіліндегі «Большевист- ская кочегарка» газеттері сол саясат негізінде жарық көрді. Екі газет те 1936 ж. бастап облыстық басылымға айналды, ал 1963 ж. бері бүгінгі атауы, яғни «Орталық Қазақстан» деген атпен белгілі.
Барлық газет-журналдар «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран аясында жарық көрді. Сол себепті қазақ еңбекшілері мен жұмысшыларына, интеллигенция өкілдеріне кеңес өкіметінің нағыз халықтық өкімет екенін, оның жұмысшы-шаруа одағы жəне халықтар ынтымағы негізінде құрылғанын, пролетарлық интернационализм идеясын түсіндіруге арналған мақалалар көп болды.
Мерзімді басылымдардың барлығына тəн ортақ идеология — лениндік ұлт саясаты, социализм жəне коммунизм идеяларын насихаттау болды. Бұл дəстүр келесі онжылдықтарда да өз жалғасын тапты. 1940 жж. баспасөз соғыс уақытының талаптарына сай тəртіпке келтірілді. Соғыс жылдарындағы ең маңызды іс — Советинформбюросының құрылуы болды. Бұл үкіметтік орган майдандағы жəне тылдағы аса маңызды оқиғалар туралы хабармен газеттерді жəне радионы қамтамасыз етіп отырды. Соғыс жағдайында Қазақстандағы газет-журналдардың біразы уақытша тоқтатылды, сол арқылы қаржы үнемделді. Керісінше, əскери басылымдардың жүйесі өрістеді.
«Барлығы майдан үшін!», «Барлығы Жеңіс үшін!» деген ұран арқылы халықтың күш-жігерін жұмылдыруға шақырған, патриоттық рухтағы басылымдары арқылы газет-журналдар соғыс жағдайына бейімделді. Майдандық газеттер қазақ тілінде да жарық көрді. Олардың беттерінде соғыс барысында ерлік көрсеткен жерлестеріміз жайлы, майдан даласындағы жаңалықтар туралы жазылды. Осы жылдарғы Қазақстан баспасөзі туралы зерттеуші Х. Бекхожинның кітабында біршама жақсы жазылған [4; 187–217].
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қазақ баспасөзі халық шаруашылығын қалпына келтіру, ел экономикасын одан əрі дамыту мен мəдени өмірдегі айтулы оқиғаларға арналған материалдарды жариялауға көшті. Бұл үрдіс 1990 жж. дейін жетті. Сондай-ақ газет-журналдардың беттеріне бұрынғысынша коммунистік партия съездерінің қарарлары мен шешімдері де жарияланып отырды. Оқырмандардың белгілі бір категорияларына арналған мерзімді басылымдар көбейе түсті. Əсіресе мектеп оқушылары мен жастардың сүйіп оқитын «Балдырған», «Пионер», «Білім жəне еңбек» жур- налдары, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттері ерекше сұранысқа ие болды. Ағарту сала- сында «Қазақстан мұғалімі» газетінің алған орны ерекше. Əрине, аталған бұл басылымдардан басқа да газет-журналдар көп жəне олар белгілі бір салаға байланысты да шығатын болды. Жалпы кеңестік дəуірдің мерзімді басылымдары туралы қысқаша шолу жасай отырып, қазақ баспасөзі осы дəуірдің тарихи оқиғалары — азамат жəне Отан соғысы жылдарына, халық шаруашылығын қалпына келтіру мен экономиканы индустрияландыруға, ауыл шаруашылығын алғашқыда ұжымдастыру, кейінірек кеңестік шаруашылық орталықтарына айналдыруға байланысты мəселелерді көтерді деп айтуға бо- лады.
Ал Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталған алып империя ыдырағаннан кейін, оның орнында пайда болған тəуелсіз мемлекеттерге төл тарихтарын жаңаша жазатын кез келді. Тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, Қазан төңкерісіне дейінгі, тоталитарлық билік жылдарындағы отандық тарихтың көкейкесті мəселелерін көтеруде жəне оны барша халыққа жеткізуде іргелі ғылыми зерттеулермен бірге, тағы да қазақ баспасөзі өзінің қызметін көрсете бастады. Мерзімді баспасөз халыққа қай уақытта да қоғамдық өмірдің айнасы бола отырып, қазіргі өзгермелі заманда, жаһандану кезеңінде Қазақстанның саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне рухани-мəдени дамуын көрсетуде үлкен рөл атқаруда. Егемендікке қол жеткізгенімізге 24 жыл ғана болғанына қарамастан, Қазақстанның тəуелсіздік жылдарындағы баспасөзі жайлы жинақ жарық көрді [5–7]. Мұнда 1991–2008 жж. аралығындағы баспасөз мəселесі біршама қарастырылды. Дегенмен, 1991 жж. пайда болған жəне бұрыннан келіп жеткен мерзімді басылымдарға жəне жаңадан қосылып отырған газет-журналдарға сыни тұрғыдан қарай отырып, оларды да ресми жəне бейресми деп жіктеуге болады. Мысалы, 1919 ж. бүгінгі күнге дейін жетіп, жалпыұлттық республикалық газет сипатына ие болып отырған «Егемен Қазақстан» ресми басылымға жатса, ал оппозициялық сипатқа ие «Дат», «Свобода слова» газеттері бейресми бағыт ұстанатындығын айту керек. Сонымен бірге бүгінгі газет-журналдар заманға лайық қызмет атқарып отырғандығын атап өткен дұрыс. Қазір экономика, нарық заманы болғандықтан, га- зет-журналдардың басым бөлігі ақпараттық, танымдық, тəрбиелік сипатқа ие болып қоймай, жарнамалық қызметтің түрін қоса атқарып отыр. Қалай болған күннің өзінде газет-журналдарды де- рек ретінде қолдану əлі де өзекті.
Сонымен, ХХ ғ. мерзімді баспасөздің қатары бұқаралық ақпараттық құралдардың түрлері радио жəне телевидениемен, ал ХХ–ХХІ ғ. тоғысы ғаламтормен (интернет) толықтырылды. Заманауи бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын жетіле түсуде, саны көбеюде. Олардың сапасы артып, үйлестірілуі мен белсенділігі анағұрлым тез дамуда. Соған қарамастан, газет-журналдар бұқаралық ақпарат құралдарының бастауы, қайнар көзі болып қалуын жалғастыруда. Газет-журналдардың сандық форматы ғаламтор арқылы өз оқырмандарына ғана емес, əлемнің кез келген нүктесіндегі қызығушылық танытқан адамдардың танысуына мүмкіндік беруде. Сондықтан қазақтың мерзімді баспасөзі өз халқына əлі де ұзақ уақыт қызмет ететіні сөзсіз.
Əдебиеттер тізімі
- [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D1%83%D1%80%D0%BD%D0%B0%D0%BB (дата обращения: 17.12.2015)
- Атабаев Қ. Мерзімді басылым ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде: монография. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1998. — 192 б.
- «Айқап» Энциклопедиясы / Бас ред. Р. Нұрғалиев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1995. — 368 б.
- Попов Ю.Г., Шотбакова Л.К., Смагулова Г.М. Творцы и свидетели истории Каркаралинска: монография. — Кара- ганда: Изд-во КарГУ, 2014. — 354 с.
- Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың: тарихи очерктер. — Алматы: Жеті жарғы, 1998. — 192 б.
- Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860–1958). — Алматы: Мектеп, 1981. — 239 б.
- Сейдуманов Ж.Т. Қазақстан тəуелсіздік жылдарындағы баспасөзі (1991–2008): ақпараттық-аналитикалық жин. — Алматы, 2010. — 534 б.