Мақала аса көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының көсемі Əлихан Бөкейханға арналған. Автор Ə. Бөкейханның ХХ ғ. басындағы қоғамдық-ғылыми қызметіне жəне «Алашорда» ұлттық автономиялы үкіметінің төрағасы болған кезеңдеріне сараптама жасайды. Сонымен бірге оның ғалым, талантты публицист екенін сипаттайды. Ізденуші Əлихан Бөкейханды өзінің барлық ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен саяси тəуелсіздігі үшін күреске арнаған ұлы тұлға деген пікірге келеді.
Үстіміздегі жылдың 5 наурызында қазақтың нар тұлғасы ХХ ғ. басында ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі, қазіргі тəуелсіз Қазақстан Республикасының негізін жасаушы, экономист, тарихшы, этнограф, журналист, қоғам жəне саяси қайраткер, əдебиеттанушы, публицист, саяхатшы, географ жəне аудармашы Əлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толады.
Əлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып, ұлықталатын болды. Бұл қуанышты хабар ЮНЕСКО-ның 18 қарашасында Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілді.
Сүйінші сұрап сол күндері-ақ, бізге белгілі алаштанушы Ғалым Сұлтан Хан Аққұлы бəрімізге хабарлап жатты. Ұйымның қатысуымен аталып өтетін ағартушы тұлғаға арналған бұл еске алу- мерейтой шаралары біздер үшін мемлекеттік маңызы бар үлкен жеңіс. Бұл дегеніңіз қайраткердің жəне оның серіктерінің ғұмыр жолдарын зерттеп, ұлт мүддесі жолындағы еңбектерін паш етуде көптеген істерге мұрындық болатынына біздер кəміл сенімдіміз. Ə. Бөкейхан сол заманда-ақ қазақ елінің болашақ даму жолын анықтап, оның мемлекеттілігінің əлемдік деңгейдегі орнын даналықпен көрсете білді. Бүгінгі ұрпақ, біздер, оған шексіз қарыздармыз. Əлихан бабамыздың 150 жылдығын тойлау, өшпес істерін ұлықтау неге керек: 1-ден, осы іс-шаралар барысында «Алаш» тұжырымын (концепциясын) анықтап, ашып алу, тұлғалардың ерлік істерін дəріптеп, біржолата ақтау, 2-ден, «Алаш» ардақтылары алдындағы тікелей міндеттерімізді өтеу, «aруақтарға» тағзым ету, 3-ден, бұл мерейтой «Қазақ мемлекеттілігі», «Мəңгілік Ел» идеясын жандандыра беру үшін керек жəне кеше ғана тойланып, көп мəселеге жаңалық əкелген Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының заңды жалғасы болмақ. Оның үстіне бізді қуантатын жағдай, бұл іс-шара «Алаш» көсемдері, елімізге белгілі тұлғалар Ақбайдың Жақыбының 140 жылдығы, Ермек Əлімханның 125 жылдығы, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына сəйкес келіп отыр.
«...1927 жылы Ленинградтан шыққан «Казаки. Антропологические очерки» деген жинақта Əлиханның «Казаки Адаевского уезда» деген соңғы ғылыми зерттеуі жарияланды. Сонда ол өзін «Алихан Букейхан» деп көрсетеді. Сондықтан біз осыны басшылыққа алуымыз керек. Бірінші назар аударғым келетін мəселе осы», — дейді С.Аққұлы [1]. Ендеше, болашақ еңбектерде, мақалаларда түпкілікті Əлихан Бөкейхан десек, дұрыс болар еді.
Əлихан Нұрмұхамедұлы Омбыдан табылған құжаттар бойынша жəне тұтқында отырғанда өз қолымен толтырған анкетада туған жылы мен өскен ортасын көрсеткенде 5 наурыз 1866 ж. бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 ауылында дүниеге келгенін жазады [2].
Ə. Бөкейхан туралы бүгінде бірнеше том-том болып еңбектер жазылып, жүздеп мақалалар жариялануда жəне жазыла бермек. Ол тез өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп қандай билік келсе де олардың тарпынан қолдау таппаған жан. Алайда ол XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам жəне мемлекет қайраткерлері қатарындағы өз елі үшiн басын құрбан қылған аса ерекше тұлға. Оның арғы атасы Шыңғысханның ұрпағы əйгілі Барақ сұлтан ақтабан-шұбырынды заманында ешкімге де бас имеген. Ал ержеткен ортасы — Абайдың шығармалары, Мəди мен Нарманбет секілді күрескер əнші-композиторлардың азаттықты көксеген тамаша туындылармен сусындаған, Қоянды жəрмеңкесіне келген бүкіл Арқа қазағының басын қосқан айтулы Қарқаралы өлкесі. Жасынан зерек, алғыр өскен Əлиханды əкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879–1886 жж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886–1890 жж. Омбыдағы кəсіби-техникалық училищені бітіреді. 1890–1894 жж. Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатынасып, ХХ ғ. босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куə болды, өз ойын да шыңдай түсті. Бөкейхан туралы «Семипалатинский листок» газетінің 1906 ж. 5 маусымдағы санында: «Ол Орман институтының студенті болып жүрген кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, əсіресе солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарға экономикалық материализм қағидаларын дес бермей қорғайтын» делінген. Бөкейханның Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік 1892 жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынды» [3; 401–405]. Жалпы оның патшалық замандағы түрмеге жабылуын 1906 ж. алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы, 1908 ж. Семей түрмесіне түсуінен, 1908– 1916 жж. Самараға жер аударылуынан көрсек, кеңес дəуірінде «контрреволюциялық əрекеттері» үшін деп үш рет (1922, 1926 жəне 1937 жж.), он жыл (1927–1937) «үйдегі қамаудағы» кезеңдерінен байқаймыз.
XІX ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас кезінде қазақ қоғамында демократиялық азаттық бағыттағы қоғамдық қозғалыс өрістеді. Оның көш басында ресей оқу орындарында оқыған ұлт зиялылары тұрғаны белгілі. Зерттеушілер Ғ.Ахмедов, В.Григорьев М.Қойгелдінің мəліметтеріне сүйенсек, төңкеріске дейін мыңға тарта қазақ жастары Петербор, Мəскеу, Қазан, Киев, Саратов, Воронеж, Том, Омбы сияқты ірі қалаларда оқып білім алған. Осындай мəлімет 2014 ж. Алматы қаласында, «Сардар» баспасында шыққан Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анақтамасында да беріледі. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, «Алаш» қозғалысына қатысушы Əлімхан Ермектің деректеріне қарағанда, Ə.Бөкейхан Ленинмен бірге Петербор университетінің заң факультетін өз бетінше (экстерн түрінде) бітірген, бірнеше шетел тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғарғы білімі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған, керемет білімді жас, Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан [4]. Ал ресейлік ғалым Б.И. Николаевский, сонымен бірге кейбір қазақстандық ғалымдар, мысалы, М. Базарбаев, С. Аққұлы оның масондық ұйымға қатысы барын жазады. Филология ғылымдарының кандидаты С.А. Аққұлы қазақ жəне орыс тіліндегі 7 томдық жинағында Бөкейханның өмірінен өте құнды деректер береді.
Ə.Бөкейхан институтты бітіргеннен кейін Омбыға барады. Онда орман шаруашылығы училищесіне математика пəнінен оқытушы болып орналасты. Солшыл бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді.
Əлихан Бөкейхан академиктер С.П. Швецов, С.Ф. Ольденбург, А.Е. Ферсман, С.И. Руденко, С.Ф. Баранов секілді көптеген көрнекті ғалымдармен достық қарым-қатынаста болған. 1894–1926 жж. аралығында ол төрт түрлі ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысына қатысқан: «Тобыл» экспедициясы; В.А. Щербинаның жетекшілігімен жасалған экспедициялар (1896–1901); С.П. Швецов басқарған статистика-экономикалық экспедиция (1902–1903); сондай-ақ (1926) КСРО Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясы. Төңкеріске дейінгі экспедицияларда ол еліміздің жер-суын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын кең жəне терең зерттеп білуге мүмкіндік алды. Шербина жəне Швецов экспедициялары кезінде ол қазақ қоғамындағы ерекшеліктерді анық байқады. Бұл қоғамның əлеуметтік құрамы жағынан болсын, шаруашылық, мəдениет тұрғысынан болсын тап- тапқа, мысалы, езілуіші — еңбекші мен үстем тап өкілі капиталист-буржуазия деп жікке бөлуге болмайтындығына көз жеткізіп, марксизмнен біржола бас тартады. С.А.Аққұлы айтқандай, сөйтіп, «1910 ж. Санкт-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде атап көрсеткендей, өзі тəрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бастап Əлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды.
Оның ойы бойынша, экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде халқы үшін ең зəру мəселеге айналған — жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді жəне отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады.
Əсіресе Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Ақмола облысының Омбы уезінде жүргізген жұмыстарына тікелей қатысып, алуан түрлі деректі материалдар жинастырды. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін, жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жасады. Экспедиция қорытындылары 1903–1905 жж. жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Экспедиция қатарындағы атқарған жұмысы оның жан-жақты дайындығын, терең білімін аңғартты [5]. Щербина экспедициясынан кейін ол С.П.Швецов бастаған Сібір темір жол бойында орналасқан Челябі мен Том қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясына атсалысты. Экспедиция жүктеген міндетке сай, қазақтың қой шаруашылығының жағдайын зерттеді. Қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып, сүбелі еңбек жазып шықты. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому об- следованию районов Сибирской железной дороги» деген 3 бөлімнен тұратын кітап болып 1904 ж. Том қаласында басылып шықты.
Осы жылдары Бөкейхан Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласып, 1896 ж. Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі, ал 1901 ж. оның басқару комитетіне сайланды. Алғашқы тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көп том- ды альманахтың 17-томына еніп, Петерборда жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дəуірінен бергі тарихы көрініс тапты.
Бүгінде Ə. Бөкейханды біздер қазақтың тұңғыш энциклопедисі деуімізге үлкен негіз бар. ХХ ғ. басында неміс Ф.А.Брокгауз бен орыс И.А.Эфрон секілді баспагерлер көптомдық «Жаңа энциклопедиялық сөздігін» шығарып тұрған. Бөкейхан осы баспа арқылы қазақ өлкесі жайлы «сөздікті» əзірлеуге қатысты. «Сөздікке» енген қазақтын тарихы, қазақтың хандықтары, Бөкей ордасы жайында (8-т.) жəне тағы басқа да материалдарды əзірледі. Энциклопедиялық сөздікті баспаға дайындаған қызметкерлердің тізімінде Ə.Бөкейханның аты 4 томнан 21 томына дейін көрсетілген екен.
Қазақ зиялыларының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне 1905 ж. орыс төңкерісі ерекше ықпал етті. Студенттік жəне омбылық өмірінің алғашқы кезеңінде маркстік бағытта тұрған Бөкейханның саяси көзқарасы өзгерді. Ол қазақ даласын отарлау саясатына белсене кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін əуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Атақты Қоянды жəрмеңкесінде 1905 ж. маусым айының 26 жұлдызында ол А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметов сияқты оқыған қазақ зиялыларымен патша өкіметінің атына империяның отарлық, орыстандыру саясатынан зардап шеккен қазақ халқының тілек-талаптарын білдіру мақсатында Санкт-Петербургке петиция жолдады. Петицияда қазақ жерінде адам құқығы аяққа тапталып, заңсыздық пен бассыздықтың шегіне шыққан орыс шенеуніктерінің озбырлық əрекеттері көрсетіліп, болашақта келісімге келу арқылы қазақ даласындағы саяси жəне ұлт мəселелерін шиеленістірмей шешудің шаралары белгіленген еді. Атап айтсақ, талаптарға мына мəселелер енді: дінге қысым жасамау, қазақша мектептер ашу, Орталық Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, «Даланы басқару Ережесіне» өзгертулер енгізу, мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ депутаттарының сайлануы сияқты мəселелер қойылды [6].
1905 ж. қарашада Мəскеуде өткен земство жəне қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтар мəселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 ж. оның ОК-інің құрамына енді. Осы партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынталы болып, 1906 ж. маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейхан «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Бөкейхан І Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ ол І Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Бөкейхан Дума өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Кереку, Омбы абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Петерборға жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Бөкейхан да солардың атынан аттанып Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Петербор сот палатасының төтенше мəжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды [7].
1906 ж. Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» жəне «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жж. Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1912–1917 жж. кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамының саяси жəне рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда жəне оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейхан зор еңбек сіңірді. Сонымен бірге сол жылдары оның «Киргизы» деген еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақта 1910 ж. Петерборда басылып шықты. Бұл еңбек қазақ халқының отаршылдық саясатқа деген көзқарасын, ұлт-азаттық күресінің бағытын, мақсат-мүддесін ашып көрсеткен. Бөкейхан Қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның əр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов»,
«Из переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомков» жəне «Из бумаг султана Боль- шой Киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куə бола алады. Бөкейхан назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі де тыс қалмаған. Ол бұл тақырыпты кейін 1923 ж. да жалғастырғаны белгілі. Ташкентте «Материалы к истории султана К.Касымова» ат- ты кітапшасы шыққан. Бөкейхан халықтың ауыз əдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық əдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол сол жылдары ауыз əдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ Бөкейхан тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның ты- нысы деп түсініп, қалыптасып келе жатқан жаңа ұлттық əдебиеттің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға атсалысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, 1909 ж. Петерборда басылып шығуына қол ұшын берді. 1914 ж. мау- сымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүше болды [3; 403]. Əлихан Бөкейханның газет-журналдардағы көп мақалалары лақап атпен берілген. «Қыр ба- ласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» деп қол қойып отырған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек т.б. шығыс елдері азаматтарына қажетті түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады. Осы мақсатта 1917 ж. 15 ақпанда Минскдегі земство жəне қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін Бөкейхан атқарды.
1917 ж. 20 наурызда Уақытша өкіметтің Торғай облысы комиссары жəне Түркістан комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейхан ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дəрежесіне көтерілген алғашқы қазақ. Ұлттық мемлекет құру Бөкейханның түпкі мақсаты болды. Ол Уақытша үкіметке, сондай-ақ кадет партиясына үлкен үмітпен қарады. Бірақ оның бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл Бөкейханның кадет партиясынан шығуына алып келді. Оның жетекшілігімен 1917 ж. шілдеде Бірінші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейхан 1917 ж. күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Н.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Міне, осындай жағдайда Бөкейхан мен Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 1917 ж. 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мəселе қараған Екінші жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тəртібінде тұрған ең негізгі мəселе — кеңестік билікке қатынас жөнінде ба- яндаманы Бөкейхан жасады. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл өкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ə. Бөкейхан сайланды [3; 402–403; 8].
Қазан төңкерісінен кейін көптеген ұлттық аймақтарда ұлттық автономияларды қалыптастыру үдерісі жүріп жатты. Кеңестік Ресей Польшаның, Финляндия мен Украинаның егемендігін мойындауға мəжбүр болды. Балтық елдерінде, Татарстан, Башқұртстан, Сібір жəне басқалары автономияларын жариялады. Ресей империясының күшпен жинаған жерлерінің ыдырау үдерісі басталды. 1917 жылғы 2 қарашада В.И. Ленин мен И.В. Сталин қол қойған Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында «ұлттардың өз даму жолын өзі анықтауын, Ресейден бөлініп шығып, тəуелсіз мемлекет құру құқығы» бекітілгенмен де, большевиктер ұлттық аймақтардан айрылғысы келмеді. Кеңестік Ресей басшылығы халықтардың өз алдына бөлініп, ұлттық автономия құруына жол бермеді. Ресейде кеңестік федеративтік республика құрылғандығы туралы жариялағанмен де, большевиктер іс жүзінде патша үкіметінің саясатын одан əрі жалғастырды.
Большевиктердің 1918 ж. 10 қаңтарда Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтайды күшпен қуып таратуы Алашорда үкіметінің жағдайын одан əрі нашарлатты. Қызыл гвардияшылар отряды Орынбор қаласын басып алды. Қазақ автономиясын толық құрып үлгере алмаған Алашорда үкіметі қаладан кетуге мəжбүр болды. Байланыстың нашарлығы мен бүкіл қазақ даласына бір орталықтан басшылық жасаудың қиындығынан Алашорда үкіметі үшке бөлінді. Оның Ə.Бөкейханов Семей бөлімін басқарды, Жанша жəне Халел Досмұхамедовтар Батыс бөлігін (Ойыл уəлаяты) жəне А.Байтұрсынов үшінші бөлімін (Торғай бөлімін) басқарды. Алашорда үкіметінің алғашқы əрекеттері Кеңес мемлекеті басшыларымен келіссөздер жүргізуге жəне Алаш мемлекетін қорғау үшін халықтық милиция жасақтарын құруға бағытталды.
«Алаш» партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының балама жолын ұсынды. Сол арқылы Алаш қозғалысы буржуазиялық-демократиялық, ұлт-азаттық төңкерісті аяқтауға бағытталған реформаторлық жолды нұсқады. Алаштықтар Құрылтай жиналысына шақырылып, онда Қазақ автономиясын мойындау туралы шешім қабылданады деп үміттенді. Алайда төңкерістің осы бір тарихи қиын кезеңінде билеуші партияға айналған большевиктер Алашордамен тіл табысқысы келген жоқ. Қазақ халқына дербес мемлекет құруға мүмкіндік берілмеді. Кейін Қазақстанда РКСФР құрамындағы кеңестік автономия ғана құрылды.
Осылайша, 1917 ж. қараша-желтоқсан айларында Қазақстан мен Түркістанда, Түркістан автономиясы мен қазақ облыстарының «Алаш» автономиясы құрылып, олар РКСФСР құрамынан бөлініп шығатындығын мəлімдеді. Бірақ оларды Кеңестік Ресей үкіметі қабыл алмай, бірден олармен күрес жүргізуге көшкен болатын.
Кеңес өкіметі 1919–1920 жж. Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімнен кейінгі уақытта да Бөкейхан өз принципіне сенімді күйде қалды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 ж. Қазақ АКСР егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 ж. Ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның, 1926–1927 жж. Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Осы жылдары оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарынан жиі көрініп тұрды [3; 403; 9].
Өкінішке орай, Сталин басқарған жоғары билік төңкеріске дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Бөкейханға сенімсіздік танытты, қоғамдық қызметін теріс бағалап, шектеп отырды. Кеңес билігінің қуғын-сүргініне ұшыраған Əлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылы Мəскеуде өтті, арнаулы жазалаушы ұйымдардың жіті бақылауында болды.
1925 ж. Қазақстандағы саяси биліккке Ф.Голощекин келгеннен кейін жүргізген оның қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО ҒА жанынан профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф.Голощекинге жəне орталық мекемелерге ұнай қойған жақ. Бөкейханды 1926 ж. Мəскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбеде тұтқынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. Бірақ оны 15 күннен соң шығарып жіберуге мəжбүр болады. Келесі 1927 ж. Одақтың Егіншілік комиссариатында ол Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді əшкерелеп сынға алды. Бөкейхан 1927 жылдың 1-қазанынан бастап Мəскеуде, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне рұқсат сұрап орталыққа жасаған өтініштерінен нəтиже шықпады. 1928–1930 жж. екі мəрте Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып, сотталғанда, ОГПУ орындары Бөкейханды бір-ақ рет шақырып түсінік алумен шектелді. ОГПУ орындарының оны ол жылдары қамауға алмауы олардың қоғамдық пікір алдында өз істерін тым айғақтап алудан қаймығуынан деп түсінген дұрыс.
1927 жылдың 1-қазанынан 1937 жылдың шілдесіне дейінгі уақытта Бөкейхан барлық қызметтен «штаттың қысқаруы» деген сылтаумен босатылып, Мəскеуде бақылаушы орындардың қатаң бақылауымен кезінде граф Шереметьев тұрған үйде тұрып жатты. 1937 ж. шілдеде тұтқындалып, 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Соты Əскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы əрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейхан ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мəжбүрмін» деп мəлімдеді. Халқын отаршылдықтың құлдық қамытынан босату үшін күрескен өз заманының аса білімді де білгір, парасатты, терең ойлы, ірі қайраткері, Шығыстың шын мəніндегі ұлы тұлғасы 1955 ж. 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 ж. 14 мамырда КСРО Жоғары Сотының Қаулысы бойынша əрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп толық ақтады [3; 405; 6; 40].
Кезінде Аққұлы «Алаш» қозғалысының көсемі Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына арналған мақаласында Смахан төренің естеліктерін келтіріп, Əлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына əрдайым қайталап отыратыны жайында жазады. Алайда Əлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мəскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жж. ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сəдуақасов денесінің күлі Мəскеуден Астанаға əкелінді. Бірақ əлі күнге дейін оны қайда жерлеу мəселесі шешілмей отыр [10]. Бұл мəселе бүгінде Астана қаласынның ең көрікті жерінің бірінде, кезінде жазықсыз құрбан болған «Алаш» қайраткерлеріне арналған Ұлттық пантеон ашуға итермелейді емес пе? Ал, ол жер біртіндеп біздің халқымыздың ең қасиетті жеріне айналатынына ешкім күмəн келтірмес. Осындай кезде біздерді бір əдемі ойлар түрпектейді. Мысалы, Ташкентте Науаи көшесінде «Шайырлар соқпағы», немесе басқаша айтқанда «Ақындар аллеясы», бар. Онда ұлы Науаи бастаған белгілі тұлғалардың мүсін-бейнелері қатар-қатар орналасқан екен. Неге осындай өзіміздің ұлы адамдарымызға тағзым ететін «Алыптарымызға» арналған саябақты жай — аллеяны бізге де жасамасқа? Оның бір жағында Абай, Жамбыл, Шəкəрім бабаларымыз, бір жағында Əлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды асқар тұлғаларымыз жараса бой түзеп тұрса. Ал бұл жерге келген қонақ-меймандарымыз «қазақтардың мына кісілердей ғұлама ақын-жазушылыры, отжүректі ғажап тұлғалары бар екен-ау» деп сүйсіне тағзым етіп, ал жастарымыз олардың тұғырларына гүл шоқтарын қойып жатса, қандай жарасымды болар еді. Бұл да ойланатын мəселе.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» əдеби сыйлықтарының, Т. Айбергенов атындағы республикалық əдеби сыйлықтың, «Ильхам» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Қасымхан Бегманов «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық (2012–2013) көлемді тарихи зерттеу кітабын жариялап жəне осындай атаумен төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмді көпшілікке ұсынған болатын. Өкініштісі сол, ұлт тəуелсіздігі үшін күрестің символына айналған Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды сол кезде «фашистермен сыбайлас» деп қаралап, өскемендік «Флэш» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен Сергей Михеев екі бірдей мақала жариялаған еді. Қ. Бегманов сол газетті алғашында сотқа бергенімен өскемендік сот əуелде осы екі авторды ақтап шықты. Алайда Бегманов заң жолымен əрі қарай жоғарғы инстанцияларға шағымданып, Мұстафа Шоқайды сол күндері заңсыз тағылған жалалардан арашалап алды. Бұл туралы көрнекті тарихшы Мəмбет Қойгелді: «Ел тəуелсіздігінің осынау жиырма жылында жеке басы үшін соттасқандар арамызда көп болды. Ал ұлт қайраткері үшін соттасқан арамызда жалғыз-ақ қазақ бар. Ол осы кітап пен деректі фильмнің авторы ақын Қасымхан Бегманов», — деп жазды. Сондықтан бүкіл қазақтың атынан Қасымхан замандасымызға мыңда бір алғыс.
Сол кездегі көпшіліктің ойлайтыны Мұстафа Шоқайға тіл тигізгендер ертең Əлихан Бөкейханға, арғы күндері басқа да зиялыларымызға зияндарын тигізбесіне кім кепілдік береді деуші едік. Одан əрі барсаң жер дауы да сондайдан шықпай ма?! Айтпақшы, осындай дау 2006 ж. біздің өңірде де бой көрсеткен болатын. Оны біреу білсе, енді бірі білмеуі мүмкін. Бірақ тарихта болған дүниені өшіріп тастай алмаймыз ғой. Сол күндері Қарағандының бір топ азаматтары Қарағанды облысының 70 жылдығы мерейтойына орай Əлихан бабамыздың есімін Ленин көшесіне беру мəселесін жан- жақты көтерді. Ленин көшесінің таңдалғанын бұл істі ұйымдастырушылар коммунистердің көсемінің орнына, ұлт көсемінің келуі рухани жеңіс болады деген ойдан туған еді. Сөйтіп, қоғамдық сананы өзгертуге үлкен талпыныс жасалды. Өкініштісі, бұл көтерілген іс сол кезде не билік тарапынан, не ономастикалық комиссия тарапынан қолдау таппады. Қайта «Центральная газета» басылымында тілші Анастасия Мезенцова (2006 ж. 18 қараша, № 9) Əлихан атамызға «черносотенец», «террорист» деп жала жауып, «Ленинский скандал» атты мақаласын жариялап үлгерді. Сол кезде осы мəселеге қарсы қазақ тіліндегі газет-журналдарда бірлі-жарым мақалалар жарияланды. Соның бірі сол жылғы өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінің 5-ші желтоқсанында Қ. Ахметовтың «Ұлт көсеміне жала жабылды» деген атпен жарияланған мақаласы жұрттың көңілінен шыққан еді.
Ендеше, бүгінде ашықтан-ашық ұлт мақтанатын Əлихан Бөкейхан сияқты тұлғаның істеген істері мен қызметін əлемдік деңгейде атап өту ұлт мүддесі жолындағы істелетін істерге жаңа құлшыныс пен мүмкіндіктер беретініне біздер сенеміз. Ең бастысы, қазақ зиялыларының еңбектерін жоққа шығаратындардың үндері біржолата өшеді емес пе?
Торқалы той барысында ұлы тұлғаның ұлағатты мұрасын асқақ өресіне сай етіп, халыққа жеткізу ісі кең қанат жаюы тиіс. Қазақстан тəуелсіздік алғалы бергі уақытта Ə. Бөкейханның сан түрлі баспалардан шыққан үлкенді-кішілі жинақтарын, еңбектерін, белгісіз жатқан немесе ашылмаған дүниелерін, ол туралы жазылған еңбектерді, мақалаларды таразыдан қайта өткізіп, көп томдық жинақ қылып шығару. Бұл жинақтар көрген жанды сүйсінтетіндей баспадан шығарылып, тікелей республикамыздың барлық кітапханаларына тарту етіп таратылуы тиіс.
Сонымен, Əлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің маңызды кезеңдерін ескере отырып, ресми мемлекеттік органдардың жəне шығармашылық интеллигенцияның назарына келесі 2016 жылы аса назар аудара атқаратын төмендегідей ұсыныстарымызды білдіреміз:
- қазақтың зиялылары жайлы деректі фильмдерді, Алаш қозғалысына қатысты мұрағат құжаттарының жинақтарын шығара беруді жалғастыру. Əсіресе «Алаш ісі», «Алаш соты» атты құжаттар жинағына үлкен мəн беру. Бұл жұмысқа тарихшылармен бірге мəселенің құқықтық жағын жан-жақты ашу үшін заңгер-ғалымдар, құқық қорғаушылар тартылуға тиіс;
- Əлихан Бөкейханды жете тану үшін əр түрлі шаралардың ішінде республикалық, аймақтық ғылыми-тəжірибелік конференцияларды жер-жерлерде ұйымдастыру;
- Əлихан Бөкейханның шығармаларын толықтырып, тұлғалық энциклопедияны шығаруды ойластыру;
- Əлихан Бөкейханның 150 жəне Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларын мемлекеттік жəне жалпыұлттық дəрежеде атап өту 2 жыл мерзімді (2016 жəне 2017 жж.) қамту керек;
- Əлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойы аясында оның жақын серіктері де ұлықталуы қажет. Елімізге белгілі тұлғалар Жақып Ақбайдың 140 жылдығы, Əлімхан Ермектің 125 жылдығы т.б.;
- Қарағанды қаласында Əлихан Бөкейханның атымен аталатын көше беру жəне сол көшеде оған лайықты ескерткіш орнату;
- Қазақстандағы жоғары оқу орындардың біріне (мысалы, Қарағандыдағы Қазтұтыну одағының экономикалық университетіне) Ə. Бөкейхан есімін беру, гуманитарлық бағытта оқитын студенттерге арналған «Алаш қозғалысы» атты элективті курсты енгізу;
- Əлихан бабамыздың атымен əр түрлі салада білім алып жатқан студенттер немесе еңбек жасап жатқан жастар үшін (оның көп жақты тұлға болғанын ескеріп) оның есімімен аталатын стипендиялар тағайындау;
- Əлихан Бөкейхан тұрған, қызмет еткен жерлерге ескерткіш тақталар, мүсіндерін орнату;
- басқа да облыс орталықтарында үлкен көшелерге жəне кіші қалалар мен елді мекендерде Əлихан Бөкейханға арналған ескерткіштер орнату, атын беру;
- алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы ұсынғандай, Ə.Бөкейханның бейнесі бар монеталар шығаруды Ұлттық банкке тапсыру, «Қазпоштаның» тұлға бейнесі бар маркаларын шығару;
- Қарағанды қаласында жəне көсем туып-өскен орта Ақтоғай, алғашқы саяси жұмыстармен араласқан Қарақаралы аудан орталықтарында облыстық жəне аудандық əкімдіктерімен, ғылыми жəне қоғамдық мекемелермен бірлесіп Əлихан Бөкейхан тарихына қатысты жерлерге экспедициялар жəне арнаулы іс-шаралар ұйымдастыру, нəтижелерін жариялау;
- барлық оқу орындарында, мұрағаттар мен кітапханаларда «Əлихан тағылымдары» тақырыбына бұқаралық лекциялар, сабақтар, дəрістер, дөңгелек үстелдер, көрмелер т.б. шаралар өткізу;
- мұражайларда, кітапханаларда Əлихан Бөкейханға жəне оның серіктестеріне, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларына арналған «ХХ ғасырдың қыран ұлдары» т.б. атаумен көрмелерді кеңейтілген түрде жаңа технологияны пайдалана отырып ұйымдастыру;
- Əлихан Бөкейханның өмірінен қысқаша жəне түсінікті мəліметтер беретін кішкентай бүлдіршіндерге арналған, арнайы түрлі-түсті иллюстрацияланған, əсемделген, сапалы түрде түптелген кітапшалар шығару;
- Ə. Бөкейханның өміріне арналған фотокітапты жарыққа шығару;
- «Алаш қозғалысына» оның тарихына байланысты мəліметтерді, оның кейіпкерлерін елімізге белгілі Ұлттық теледидар каналдары бағдарламалары арқылы көрсету, БАҚ-ына мақалалар жариялау, сонымен бірге оқулықтың ішінде ғана емес, сыртынан, тіпті көшедегі билбордтан жəне т.б. көрсе бірден танып айтып беретіндей деңгейге жетуіміз үшін жұмыстар жүргізу.
Əлихан атамыздың мерейтойын ұлықтауда, əсіресе, атамекені — біздің Орталық Қазақстан облысының жұртшылығы үшін үлкен сын болары сөзсіз, сондықтан біздер бұл істе алдыңғы қатардан көрінуіміз керек.
Əлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі қазақ халқының тұтас ұрпақтарын отан сүйгіштікке, азаматтыққа жəне абзал қасиеттерге баулуға негіз бола алады. Ескере келгенде, көтеріп отырған бастамаларымыз жұмсалатын шығынды рухани ақтайды деп санаймыз. Бұл жұмыстар елімізге белгілі жеке тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге жəне болашақ тарих ғылымында «əлихантану» деген бағыттың берік орнығуына, еліміздің рухани өркендеуіне ықпал етіп, жол ашары сөзсіз.
Бұл ұсыныстардың барлығы көпшілік халық арасынан қолдау табары сөзсіз, тек ұйымдастырушылар мен жоғары билік тарапынан батыл талпыныс пен нақтылы істер қажет. Себебі Əлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойланайын деп жатқанда енді бұғып қалу, үнсіздік білдіру — əлсіздіктің белгісі. Ендігісі, Бөкейханның мерейтойы еліміздің барша аймақтарында атап өтілуі тиіс. Ардақтап атап өту, мейлі, ол мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме болсын, əр түрлі саладағы оқу орындары болсын ардақты да, қасиетті іс. Бұл бүкіл Алаш елінің руханиаты мен мəдениетінің асқақтаған тойы.
Əдебиеттер тізімі
- Аққұлы С. Əлихан мерейтойына бір жыл қалды. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://old.qasym.kz/index.php?option=com_content&view=a (Қасым Аманжолов сайты)
- Букейханов С. Нельзя о прошлом позабыть / Букейханов С. — 2-е изд., доп. — Алматы, 2005. — 185 с.
- Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — 1-т. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы бас ред., — 720 б.; Қойгелдиев М. Əлихан Бөкейханов: Саяси портреттер // Ақиқат. — 1992. — № 6; Қойшыбаев Б. Əлихан Бокейханов // Қазақ əдебиеті. — 1989. — 9 маус.
- Назарбаев Н.А. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 296-б.
- Бөкейханов Ə. Шығармалар. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 10–12-б.
- Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың: тарихи очерктер. — Алматы: Жеті жарғы, 1998. — 192 б.; Тайшыбай З., Дулатбе- ков Н. Жақып Ақбаев: монография. — Алматы: Жеті жарғы, 1997. — 10–20-б.
- Григорьев В.К., Джафаров Н.Р., Осипов В.П. Идейно-политическая работа партийных организаций Казахстана (1917–1925 гг.). — Алматы, 1989. — С. 99.
- Нұрпейісов К. Алаш həм Алашорда. — Алматы: Ататек, 1995. — 115–133-б.
- Қойгелдиев М. Əлихан Бөкейханов: Саяси портреттер // Ақиқат. — 1992. — № 6. — 6–13-б.
- Аккуулы С.А. Алихану Букейхану, лидеру движения «Алаш», исполнилось 145 лет. — [ЭР]. Режим доступа: https://ru.wikipedia.org/wiki.