Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстандағы кеңестік тіл саясаты тарихының зерттелуі

Мақала бүгінгі күнгі өзекті мəселе тіл саясаты тарихының зерттелуіне арналған. Кеңестік дəуірде тіл мəселесі, кеңестік өкімет орнағаннан кейінгі жылдардағы пікірталастарды қоспағанда, тек 1989 ж. қыркүйек айындағы Пленумында ғана қаралды. 1990 ж. «КСРО халықтарының тілдері туралы» Заң қабылданды. Үкімет осындай шешімдерді Одақтағы ұлттық жағдайдың шиеленіскен кезінде ғана қолға алды. Қазақстанның тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарындағы қоғамның барлық салаларындағы өзгерістері тəуелсіз мемлекеттің жаңа бағытын қалыптастырып, дамыту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осындай маңызды мақсатты жүзеге асыру қазақ ұлты мен қазақ тілінің қоғамдағы орнын нақтылаумен тығыз байланысты. Кеңестік дəуірдегі Қазақстанда жүргізілген тіл саясатының тарихын зерттеу, оның мəн-мағынасын түсіну бүгінгі күні қоғамда туындап отырған мəселелердің шешімін табудың негізгі жолы болып табылады.

Кез келген қоғамның дамуындағы күрделі құбылыстардың бірі тіл мəселесі болып табылады. Қай уақытта болмасын, тіл құрлысының қоғамдық жəне мемлекеттік маңызы жоғары болған. Соған сəйкес, тіл — халықтың тұтастығының негізі. Тілдің адам өмірінің философиясы мен ойлау жүйесін қалыптастыратындығы белгілі.

Кеңес дəуірі кезіндегі коммунистік партияның ұлттардың қосылуы, тілдердің бірігуі сияқты міндеттері аз уақыт аралығында одақтағы жалғыз халық — кеңес халқын жасауға, соның негізінде ұлттық ерекшеліктерді жоюға бағытталды. Қазақ халқының тарихында кеңестік дəуір уақытындағы тіл саясатының əсері қазақ халқының, сонымен қатар республикада тұратын жəне көшірілген басқа да ұлттардың табиғи даму заңдылықтарының бұзылуына алып келді. Əрине, бұл жерде басқа ұлттармен салыстырғанда, қазақ халқының тілі, ұлттық тарихы мен мəдениетінен айырылу қауіпі басым болды.

Кеңестік жылдардағы саясат бойынша коммунизмге жету үшін барлық халықтың бір тілді болуы басты шартқа айналып, соның нəтижесінде орыс тіліне ерекше мүмкіндік беріліп, оны игерудің маңыздылығы жоғары тұрды. Нəтижесінде, сол дəуірдегі қазақ қоғамында халықтың дүниетанымы өзгерістерге ұшырап, қазақтардың өз тіліне, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпына немқұрайлы қарау құбылысы байқалды. Кеңестік дəуірдегі Қазақстанда жүргізілген тіл саясатының теріс салдары əлі де жойылған жоқ. Сондықтан тіл саясаты тарихын зерттеу, оның мəн-мағынасын түсіну бүгінгі күні қоғамда туындап отырған мəселелердің шешімін табуда бағыт-бағдар беретіндігі анық.

Ұлттың дамуындағы аталған ауытқушылықтар бүгінгі таңда мемлекеттің алдында ұлт жəне тіл саясаты бойынша ауқымды міндеттердің жүзеге асырылуын талап етеді. 2014 ж. 17 қаңтарында Елбасы Н.Ə. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында: «Қазақ тілі мəселесіне келетін болсақ, бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Одан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты жəне əлі де үйренеді. Былтырға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызы өсті. Бұл да біраз жайттан бізге хабар береді» [1], — деп тоқталды. Президенттің сөзіне қарағанда, тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 млрд теңге жұмсалған. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мəңгілік Елімізбен бірге Мəңгілік Тіл болды. Бұл мəселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек жəне осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» [1], — деді Елбасы Н.Ə. Назарбаев.

Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ бөліміне жатады жəне шамамен 8–8,3 млн адамның ана тілі болып табылады. Қазақстанда 2009 ж. жүргізілген санақ бойынша 9 982 276-дай қазақ ана тілі ретінде қазақ тілін белгілеген. Сонымен қатар республикада тұратын 1,8 млн жуық басқа халықтар да қазақ тілін белгілі бір деңгейде меңгерген. Қазақстанда 2025 ж. қарай жазуды латыншаға көшіру жоспарлануда [2].

1998 ж. 22 қыркүйегі Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың Жарлығына сəйкес Қазақстан Республикасының Тілдер күні болып жарияланды. Соңғы жылдары Қазақстанда республикада тұратын халықтардың ана тілін дамыту назарға алынып, əсіресе мемлекеттік тіл — қазақ тіліне ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл, шынында, өте маңызды мəселе. Кеңестік дəуірде Қазақстан толықтай орыстандыруға ұшырап, соның негізінде тəуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жылдан астам уақыт ішінде кеңестік тіл саясатының салдарын жою қиынға түсуде. Тəуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде қазақтардың 25 пайызы (кейбір мəліметтерде 40 пайыз) өзінің ана тілін білмейтіндігі айтылған болатын. Қазірдің өзінде қазақтарды өзара қазақ тілінде сөйлесуге шақырған өтініштер аз емес. Мысалы, Алматы қаласының бір демалыс орынында «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген жазуы бар тақтайшаны кездестіруге болады [2]. 1999 ж. 17 қарашадағы ЮНЕСКО Бас конференциясында қабылданған шешімге байланысты, 2000 ж. 21 ақпанынан бастап дүниежүзі Халықаралық ана тілі күнін атап өтеді (International Mother Language Day) [3].

Қазақстанның тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарындағы қоғамның барлық салаларындағы өзгерістері тəуелсіз мемлекеттің жаңа бағытын қалыптастырып, дамыту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осындай маңызды мақсатты жүзеге асыру қазақ ұлты мен қазақ тілінің қоғамдағы орнын нақтылаумен тығыз байланысты. Бүгінде Қазақстандағы тілдер арасындағы коммуникативтік қызметтің орындалу көлемі мына ретте бейнеленеді: қазақ тілі — 20–25 %; орыс тілі — 75–80 %; басқа тілдер 5%-дан көп емес [4]. Осы келтірілген көрсеткіштерде кеңестік тіл саясатының ізі жатқандығы белгілі. Қазіргі уақытта қазақ тілінің мəртебесін көтеруде қазақтардың ауызбіршілігінің болуы маңызды. Себебі кеңестік дəуірде насихатталған бір ұлт, ортақ тіл саясатының салдары қазақ ұлтының арасында əлі де жойылмай отыр. Оны Х.М. Əбжановтың сөзімен айтсақ: «Ең ауыры — барша қазаққа тəн дүниетанымдық, менталитеттік, рухани, этникалық сəйкестік бұзылып, «біз» жəне «олар» ұғым-түсінігінің аражігін ажырата алмайтын халге жеттік. Біріміз — орысшыл, екіншіміз — батысшыл, үшіншіміз — исламға жат діншіл, төртіншіміз — қытайдың (монғолдың, өзбектің, түркіменнің...) ықпалы бойынан тарқамаған оралман, бесіншіміз — рулық-тайпалық психологияда қалған трайбалист, алтыншымыз — жекешелендірудің арқасында жеті атасынан бері бітпеген байлықтың буына піскен «жаңа қазақ», жетіншіміз ғана — нағыз қазақпыз» [5; 240]. Қазақ халқының аталған жіктерге бөлінуін біртұтас ұлттық идеологияның болмауымен, ана тілінің əлі де мемлекеттік деңгейде өз орын ала алмай отыруымен байланыстыруға болады. Ол туралы Г. Бельгер де мынадай пікір білдірген болатын: «Одно время я отчаянно искал национальную идею. В чем ее суть? Чтобы объединить народ, сберечь. Я думал и пришел к выводу, что наша национальная идея — это казахский язык. Сейчас, честно говоря, в этом весьма сомневаюсь, язык национальной идеей стать не смог. Мы живем без национальной идеи, смотрим то на американцев, то на россиян, то на китайцев не знаем, к кому приладиться» [6].

ХХІ ғ. Қазақстанның тіл мəселесі өзінің өзектілігімен ерекшеленеді. Қазіргі уақыттағы қазақ тіліне байланысты туындап жатқан мəселелердің себеп-салдары тікелей кеңестік дəуірмен ұштасатындығы сөзсіз. ХХ ғ. кеңестік жүйенің ұстанған ұлт саясаты Одақ құрамындағы ұлттардың даму заңдылықтарына əсер етіп, олардың ұлттық тілі, тарихы мен мəдениетінде көптеген өзгерістер туғызды. Сондықтан, қазіргі қоғамдағы тіл мəселесін түсіну үшін, кеңестік басқару жүйесі жағдайындағы тіл саясатының тарихын терең меңгеру маңызды болып табылады.

Қазақстандағы кеңестік тіл саясаты тарихының зерттелуін үш топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Кеңестік тарихнама. 2. Отандық тарихнама. 3. Шетелдік тарихнама.

Осы үш топтың ішінде кеңестік тарихнама өзінің көлемділігімен жəне күрделілігімен ерекшеленеді. Оның себебі де түсінікті, кеңестік дəуірдегі тіл жəне ұлттық саясат мəселесі ХХ ғ. 20-жж. кеңестік биліктің басты назарында болып келді. Бұл мəселе бойынша көптеген пікірлер айтылып, зерттеулер шығарылды. Əсіресе тіл мəселесі қамтылған ұлттық мəдениеттің формалары мен мазмұны мəселелерінің мағынасының отандық тарихнамасы көптеген онжылдықтар бойында қалыптасты.

Ұлттық-мəдени даму мəселелері партияішілік ортада да даулы мəселелердің пəніне айналады. 1917 ж. кейін ұлттық өмірге қарай ұмтылған Ресейдің көптеген халықтары үшін ағарту мен мəдениет ұлттық дамудың басым міндеттері болып табылды. Мұны И.В. Сталин айқын түсінді: «Сол себепті ол 1925 ж. ұлттық мəдениет ұғымын ақтады». Ол мұнда сонымен қатар ұлттық мəдениетте ұлттық шеткі аймақтарды кеңестендірудің құралын көрді. 1925 ж. 29 мамырда Қазақстанның басты партиялық комитетінің органы — «Ақ жол» газеті туралы өзінің хатында жазды: «Мен партиялық емес интеллигенттер қырғыз (қазақ. — авт.) жастарын саяси жəне идеологиялық тəрбиелеумен айналысуына қарсымын. Біз билікті жастарды саяси жəне идеологиялық тəрбиелеуді буржуазиялық партиялық емес интеллигенттерге беру үшін қолға алған жоқпыз. Бұл майдан толығымен коммунистерде қалу керек» [7; 2].

Ұлттық мəдениетті И.В. Сталиннің көзқарасымен көруін Т.Ю. Красовицкая өз түсініктемесінде Сталиннің 2 категорияны — форма мен мазмұнын қолдануымен негіздейді. Оның жазуынша, ол социализм жағдайында ұлттық мəдениеттің мазмұны өзгереді: буржуазиялық жəне буржуазияға дейінгі — социалистікпен шегеріледі жəне алмастырылады, ал ұлттық мəдениеттің тек формасы ғана қалады деп ойлаған [8; 284]. Одан əрі қарай ұлттық мəдениет ұранының трансформациясы ашылады:

«ұлттық мəдениет ұраны, бұрын ұлтшылдықпен байланыстырылып келген, енді қолданбалы болып табылады, себебі кеңес билігі туы астында ұлттық мəдениет пролетарлық мазмұнмен толықтырылады (социалистік, интернационалдық, жалпы адамзаттық — Сталин үшін мұның барлығы бір болды). Басқаша айтқанда, Сталин үшін жаңа жағдайларда ұлттық мəдениеттің дамуы мазмұны бойына бірігу болып көрінді. Сталин барынша терең іс жүзінде саяси міндетті шешті — оған «пролетарлық мəдениетті» жақтаушылардың көбеюі қажет болды, олар Сталинмен жасалғанды партияның атынан ұлттық орта мазмұнына жеткізетін еді» [8; 355]. Т.Ю. Красовицкаяның еңбегі қазіргі тарихнамада 1925 ж. жалпы партиялыққа айналған сталиндік формуланы іс жүзінде алғашқылардың бірі болып талдауға ұмтылғандардың бірі екендігін атап өту керек. Бұл талдау сонымен қатар жалпы теориялық пікірталасты да, сол уақыттағы фракциялық қарама-қайшылық жағдайын да көрсету негізінде жасалған.

Ұлттық мəдениеттің басты тасымалдаушысы тіл болып табылды, алайда мəдениеттің ұлттық формасын тек тілге ғана қатыстыру мүмкін еместігі айқын болды. Ұлттық тіл əдетте көркем əдебиеттің ұлттық формасының бастапқы негізі болып есептелді. Алайда тек бір ғана тіл əдебиеттің ұлттық спецификасын айқындау үшін жеткіліксіз екендігіне 1938 ж. А.А. Фадеев назар аударды [9; 51]. Ұлы Отан соғысынан кейін əдебиеттанушы Д.Д. Благой əдебиеттің ұлттық ерекшелігі тек қана тілден ғана құралмайтындығына, оның ұлттық тақырыпта көрінетіндігін, ұлттық өмір, ұлттық болмыста көрінетіндігін атап өтті. Əдебиеттің ұлттық спецификасын ол «берілген ұлттың психикалық мінез- құлқының өзіндік болмысымен, бұл оның мəдениетінің өзіндік келбетінде көрінеді, демек, оның көркем əдебиетінің өзіндік келбетінде де көрініс табатындығымен» байланыстырды [10; 36].

Ұлттық мəдениеттің мазмұнын ашу бойынша жалпыодақтық тарихнамада іргелі теориялық немесе нақтылы тарихи еңбектер 1920, 1930, 1940, 1950 жж. жазылмады. Ұлттық мəдениетті дамыту іс жүзіндегі мəдени теңсіздікті жоюдың партия мен мемлекеттің бағыты, əдетте, Қазақстандағы партия басшыларының сөздерінде, насихаттаушылық жетістікке теңгерілген 1929 ж. И.В. Сталиннің айтқан «ұлттық мəдениеттердің өркендеуі» формуласына сайып келді. Алайда ұлттық республикаларда мəдениеттің дамуының өзі, пісіп-жетілген ғылыми-теориялық ой елегінен өткізу оны өзекті мəселеге айналдырды, бұл ұлттық мəдениеттің формуласы мен мазмұны туралы формуланың тұрақтанған түсіндірмелерін туғызды. «Мəдениет» ұғымының өзі рухани құндылықтардың жиынтығы ретінде ғана түсіндірілді, бұл, əрине, ұлттық мəдениеттің формуласы мен мазмұны мəселелерін өңдеу мүмкіндіктерін шектеді.

1961 ж. қабылданған партияның жаңа бағдарламасының адамдардың санасына əсер еткен уақыты болды. Біз ұлттардың бірігуі қарсаңында тұрмыз, ұлттық тіл жойылады жəне ұлттық мəдениеттер бірігеді деген көзқарастар пайда болды жəне насихатталды. Ұлттық мəдениет мазмұны мен формасы бойынша бірегей деп бекітілді. Мəдениеттің «ұлттық формасы» ұғымы формасынан бастартып, оны «интернационалдық форма» түсінігімен алмастыру қажет болды.

Ұлттық мəдениеттің мəселелері туралы пікірталас жəне «социализмнен коммунизмге өту жағдайында» ұлттық қатынастарды дамытуды талқылауға арналған конференция барысында да көтерілді. 9–12 қазанда «Социализмнің дамуы мен коммунизмге өтудің заңдылықтары» кешенді мəселесі бойынша Фрунзеде КСРО ҒА жанындағы Ғылыми Кеңеспен шақырылған жиналыс өтті. Онда ұлттардың мəдени жақындасуы «социализм мен коммунизм құрылысының объективті заңдылығы» ретінде жарияланды. М.Д. Каммаридің баяндамасында «СОКП XXII съезіне дейін КСРО халықтары мəдениетінің интернационалдық негіздері жеткіліксіз зерттелгендігі жəне ұлттық белгілері салыстырмалы жағдайлармен қарастырылмағаны көрсетілді. Бұл қисынды түрде ұлттық форманың гипертрофиясына əкелді жəне КСРО халықтары мəдениетін жалпы адамзаттық үдерістерден, ұлтаралық қатынастар мен ықпалынан бөлек», — делінді [11; 211]. М.С. Джунусов өзінің баяндамасында ұлттардың астасуы күрделі жəне ұзақ үдеріс екендігін жəне «ұлттардың бірігуі жекелеген халықтармен жинақталған барлық нəрсенің толықтай терістеу ретінде қарастыруға болмайтындығын» көрсетті [11; 212].

Ұлттық мəдениеттердің мазмұнымен формасы мəселесін нақтылы тарихи шешу туралы Н. Джусойттың айтқан ойы қызығушылық тудырады. Ол мəдениеттің тарихын «оның қиғаш бөлігінде басқа ұлттық мəдениеттермен салыстырумен қатар» қарастыруға мүмкіндік беретін салыстырмалы-тарихи талдауды қолдануды ұсынды [12; 253]. Дегенмен, мұндай көзқарас ұзақ жылдар бойы іске асырылмады, бұл туралы 1984 ж. В.Т. Ермаковтың мақаласында айтылды [13; 90].

КСРО халықтарының ұлттық мəдениетінің тарихы бойынша зерттеулерде салыстырмалы талдау əдісі Ю.В. Арутюнян мен Л.М. Дробижеваның «Многообразие культурной жизни народов СССР» деген кітабында табысты қолданылды [14]. Сол жылдардағы оқырмандардың əдеби-көркем талғамдарындағы ана тіліндегі жəне орыс тіліндегі көркем əдебиеттердің арақатынасы, өмірлік ұстанымдар жүйесіндегі білімнің орны мен мағынасы, кеңестік халықтардың өмірлік салтына урбанизацияның ықпалы бұл еңбекте көрініс тапты. Этноəлеуметтік сауалнамалардың берілгендігіне халық санағының материалдарын терең талдауға негізделген бұндай зерттеулер қазақстандық тарихнамада жүргізілген жоқ.

1970–1980 жж. тарихнамада көбінесе декларативті, КСРО халықтарының ұлттық мəдениетінің мазмұны мен формасы мəселелерінің «болымсыздығы» туралы мəселелер қарастырылды. Ұлттық мəдениеттердің мазмұнында ұлттық құрамдас туралы мəселенің қойылуының өзі мəдениеттегі идеялық құрушыны төмендетуге жетектейтін, таптықтың ұлттыққа айналуы ретінде қарастырылды [15; 72].

1960 жж. ортасындағы пікірталастың жауабы болмағанына қарамастан, мəселеге деген қызығушылықты арттырды. Əдебиетте «мəдениет мазмұны бойынша — социалистік, формасы бойынша — ұлттық» формуласының бұрынғы түсініктемесін толықтай қабылдаудан бастарту бағыты барынша анық байқалды. Оның тек мəселенің бір аспектісін ғана білдіретіні анық болды: ұлттық- таптық, таптық жəне ұлттық қатынастардың үйлесімділігіне ұмтылу. Бұл формуланы пайдалану тек ұлттық мəдени құрылыстың шынайы үдерісін көрсететін басқа теориялық ережелермен сəйкестендіріліп, пайдалану мүмкін еді. Академик Н.И. Конрад пен əдебиеттанушы Л.И. Тимофеев бұл формуладағы ішкі əлсіздік пен нақты анықтаманың жоқтығын көрсетіп берді [16, 17; 215].

«Социалистік мазмұн — ұлттық форма» формуласының қарама-қайшылығын жою үшін М.П. Ким КСРО халықтарының көпұлтты мəдениетіне жалпы сипаттама беру үшін «интернационалдық мазмұн — ұлттық форма» формуласын қолдануды ұсынды [18; 22]. Алғашқыда «интернационалдық» ұғымына «ұлттық» ұғымы нақты жауап берді. Алайда уақыт өте келе «интернационалдық» ұғымы екі мағынаға ие болды:

  • жалпы, халықаралық, ұлтаралық;
  • интернационалистік.

1980 жж. ортасында социализм жағдайында ұлттық мəдениеттің формасы мен мазмұны мəселесінің бұрынғы түсіндірмесі көптеген қарама-қайшылықтарға толы болды. Оларға, ең алдымен, форманың мазмұннан алшақтауы жəне мазмұнның формадан алшақтауын жатқызу керек, бұл туралы В.Т. Ермаков: «Егер мəдениеттің мазмұнында ешқандай ұлттық белгі болмаса, онда ол формада қайдан болады?» — деп, жазды [19; 92].

1980 жж. этностардың рухани, материалдық өміріндегі этномəдени белгілердің тұрақтылығын көрсететін зерттеулер жарық көрді [20, 21]. «Социально-культурный облик советских наций» кітабында жарық көрген этноəлеуметтік зерттеулердің нəтижелері [22] кеңестік халықтардың мəдени білім беру ландшафтындағы түбегейлі алға жылжулар туралы, бұл үдерістегі мəдениеттің белсенді рөлі мен этникалық сана-сезімнің өсуін көрсетіп берді. Ұлттық мəдениет мəселелерін зерттеу ғылыми ізденісті саяси тəртіптілігін күшейтуді талап етті, бұл КСРО халықтарының ұлттық мəдениеттерінің тарихи динамикасы туралы біздің түсінігімізді біршама кеңейтуге мүмкіндік беретін еді. Сонымен қатар ғылыми басылымдардың беттерінде ұлттық-дəстүрлі жəне интернационалдық-заманауи (дəстүрлі мəдениет пен жаңғыртудың өзара əрекеттестігі) мəдениетті сақтау арақатынасы мəселелерін ғылыми зерделеудің шетелдік тəжірибесі мүлдем көрініс таппады [23].

Кеңестік ғылымда тіл саясаты кеңестік идеология тұрғысынан зерттелді. М. Исаевтың «Языковое строительство в СССР...» [24], М. Губоглоның «Современные этноязыковые процессы в СССР...» [25], К. Ханазаровтың «Решение национально-языковой проблемы в СССР» [26],  Ю. Дешериевтің «Закономерности развития литературных языков народов СССР в советскую эпоху»

[27] еңбектері осындай мақсатта дүниеге келген еді.

Қайта құру жылдары публицистер, ұлттық қозғалыстың идеологтары кеңестік кезеңдегі ұлттық тіл саясаты сұрақтары туралы сөз қозғады. Осы жағдайда ондаған жылдар бойы «тілдердің өркендеуі», «лениндік ұлттық саясаттың салтанаты», «жазудың латынға, кейін орыс əліпбиіне дер уақытында ауысуы» туралы жазған тарихшы-ғалымдар жəне социолингвистер бірқатар тығырыққа тірелді. Маман-ғалымдар 74 жылдың ішінде түрлі кезеңде бірегей болмаған биліктің тілдік саясатын дəлелді түрде баяндаған бірлі-екілі басылымдар жарық көрді [28]. Публицистер мен ұлттық қозғалыстың идеологтары бұл саясатты ешбір жіктеусіз, негізінен, орыс тілін нығайту деңгейі бойынша революцияға дейінгі биліктен асып түскен билеушілердің зұлым еркімен туындаған ұлттық тілдік қанау саясаты ретінде қарастырды. Бұндай көзқарастардың пайда болу себептері көп, оларды дəлелдейтін фактілер де аз емес. Бірақ дегенмен эмоциялар мен конъюнктурадан бастартып, ұлттық тіл саясатының тарихи даму мəселесін, оны жүргізудегі объективті жəне субъективті жақтарының арақатынасын талдау негізінде қарастыру қажет болды. Қазіргі уақытта Қазақстанға көршілес Өзбекстанда, сонымен қатар Əзербайжанда жазудың латын əліпбиіне көшуі орын алғанда, Қазақстанда да латын əліпбиіне көшу туралы сұрақ, араб əліпбиі негізіндегі жазудың латынға, кейін орыс əліпбиіне көшу тарихы мəселелері талқылануда, бұл ғылыми орталар мен барлық қауымдастықтың күмəнсіз қызығушылығын тудырды.

КСРО халықтарының мəдениетінің мазмұнын тек бірегей идеялық-таптық негізге жатқызу мəліметінің бұрыстығы жəне мəдениеттің ұлттық формасын тек көркем, тілдік жəне тұрмыстық мəдениет саласында бекіту мойындалды. Ұлттық мəдениет мəселесінің тарихнамасының маңызды қорытындысы болып ұлттық мəдениетке деген нигилистік көзқарастан ғылыми-теориялық ойлардың бастартуы, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда барынша ауқымды жəне терең, берілген халықпен жасалған рухани құндылықтардың жиынтығы ретінде ұлттық мəдениетті анықтау деп білу керек. Қайта құру жылдарында ұлттық қатынастардың шешімін таппауы мен шиеленісуімен байланысты билік «ұлттық мəдениеттің гүлденуі» туралы насихаттау ұранынан бастартып, ұлттық мəселелердің бар екендігін жəне ұлттық мəдени дамудағы қиындықтарды мойындады.

Отандық тарихнамада Қазақстандағы тілдік қатынастардың даму тарихы толық қарастырылмаған. Қайта құру жылдарында бұл мəселелерге қазақстандық тарихнама баяу қарады. Соғысқа дейінгі кезеңде мəдени-тарихи дəстүрлердің сабақтастығында жағымсыз əсер еткен қазақтардың жазуын екі рет ауыстыру тек сирек жағдайда ғылыми талдаудың нысанына айналды. Ғылыми мерзімдік баспасөз жəне публицистика барынша белсенді түрде соғыстан кейнгі кезеңді, тың игеру аудандарында қазақ тілді оқытуы бар 700-ден астам мектептер жабылған тың жəне тыңайған жерлерді игеру кезеңін талдады. Салдарынан бұл сан өсті [29], бірақ одан əрі қарай бұл тақырып басылып шықпады. 1950–1960 жж. қазақ мектептерінің санының азаюы мəселесі басқа қызығушылыққа толы тақырыппен жанама қарастырылды, бұл елді Н.С. Хрущев басқарған кезеңді бағалаумен байланысты болды. Қазақстандықтар үшін бұл кезең тек тың жерлерді игеру кезеңі болып қана қоймады. Елді Н.С. Хрущев басқарған жылдары Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар жерлер көршілес Өзбекстанның құрамына берілді, көршілес Астрахань облысына батыстағы мұнай-газы бар аудандарды беру туралы шешім дайындалды. Тың өлкесін құрумен байланысты шекараны белгілеу жоспарларымен, халшаркомдарды ұйымдастырумен байланысты əкімшілік бөлу реформасы да болды.

Республиканың басшылары мен зиялы қауымы Н.С. Хрущевтың «орыс емес халықтардың КСРО халықтары үшін іс жүзінде екінші ана тіліне айналған орыс тілін меңгеруге деген қарқынды талпынысы», «Біз орысша неғұрлым тезірек сөйлесе білетін болсақ, соғұрлым коммунизм орнайтыны» туралы мəлімдемелерінің салдарынан қауіптенді [30]. Осындай басылымдардың көптігі шегінде соғысқа дейінгі кезеңнің ұлттық тіл саясаты мəселелерінің қазақстандық тарихнамасы көп жылдар бойы «қазақ жазуының латын негізіне дер уақытында көшуі», «арабқа қарағанда латын əліпбиі барынша заманауи болғандығы», оның «мəдениетке мұсылман басшылығы мен буржуазиялық ұлтшылдардың ықпалын бұзуына əсер еткендігі» жəне «қазақ тілінің табиғатына орыс əліпбиінің барынша сəйкестігі» туралы айтып келді [31; 365]. Əліпбиді реформалау мəселелері қазақстандық тарихнамада мəдени құрылыс тарихы бойынша жалпылама еңбектерде қарастырылды [32, 33]. Бұл жұмыстардың барлығы үшін бір жалпыға ортақ белгі тəн — авторлардың «əліпбиді іс жүзінде унификациялауға əкелген» реформалардың прогрессивтілігін дəлелдеуге жəне осы унификацияның негізінде «социалистік ұлттық мəдениеттердің» сатылап басымды дамуы көрсетуге талпынуы тəн [8; 354], — деп Т.Ю. Красовицкая атап өтеді. Тарихнамадағы ұлттық тіл саясатының мəселелеріне біржақты апологетикалық көзқарас жазу графикасын жаңғыртудың негізгі бағыттарының айналасындағы саяси күресті шиеленістіре түсуге əкелді.

Социализм жағдайында революцияға дейінгі ұлттық мəдениеттің прогрессивтік элементтерімен не болып жатыр? деген сұраққа жауап болмады. Егер жалпыодақтық əдебиетте мəдени мұрада тұрақты дəстүрлерді сақтау туралы сөз қозғалса, қазақстандық тарихнамада ол сақталған мұраның шеңберінен шықпады (ғылыми ойлар, ауыз əдебиеті, Абайдың əдеби мұрасы мен музыкалық шығармашылық) [31; 489].

Қазақстандағы тілдердің дамуына байланысты зерттеулер ХХ ғ. 80-жж. соңынан бастап неғұрлым белсенді жүргізілді. Ұлттық тілдердің республикадағы дамуына байланысты Б.Х. Хасанов [34], О.Б. Алтынбековалардың [35] ғылыми зерттеулерінде қарастырылды. Соның ішінде О.Б. Алтынбекова Орта Азия республикаларындағы тіл саясаты мəселесін қарастыра отырып, Қазақстандағы көші-қон үрдістері жəне оның республиканың аймақтарындағы тілдік ортаға ықпал етуі, халықтың этникалық құрамындағы өзгерістерін қарастырады. Сонымен қатар алғашқылардың бірі болып Г.В. Канның [36] Қазақстандағы корейлер туралы еңбегі жарық көрді.

Қазақтың ұлттық мəдениеті, тіліне байланысты өзекті мəселелер Х.М. Əбжановтың зерттеулерінің басты нысаны болып табылады. Ол тілдің қоғамдағы немесе нақты мемлекеттегі саяси-идеологиялық, экономикалық, демографиялық, тағы да басқа ахуалмен өсетіндігін немесе өшетіндігін айта келе, əлеуметтік дамудың жалпы екі моделінің болатындығына тоқталады. Бірі — халықтың өз мемлекеттілігін, шаруашылық-мəдени типін, идеологиясын, болмыс — бітімін диалектикалық байланыс жəне қатынастар желесінде айқындауы, екіншісі — өзінен күштінің қармағына ілігіп, тəуелді, отар халық ретінде өмір сүруі. Х.М. Əбжанов қазақ халқының аталған баламалардың екеуін де басынан өткергендігін атап өтеді [37; 320].

Мəдениет тарихын зерттеуші Р.М. Жұмашев 1917–1991 жж. Қазақстан мəдениетінің тарихнамасын қарастыру барысында кеңестік тіл саясатына байланысты 1930 ж. ортасынан тіл саясатындағы ұрандар сақталып, ал шынайы саясаттың өзгергендігін атап өтеді. Саясаттағы өзгерісті жазудың кириллицаға ауысқанын көрсетті. Жаңа тіл саясатының түпкілікті рəсімделуіне БК(б)П Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1938 ж. 13 наурызындағы «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» Жарлығы нүкте қойды. Бұл шара мектептердегі тілдердің арақатынасының өзгеруіне əсер етті. Р.М. Жұмашевтың ойынша, сол жылдардағы тіл саясатының революцияға дейінгі кезеңге ұқсап кеткендігін жазады. Сонымен қатар ол барлық халықтардың ұлтаралық байланысқа түскендігін, соған сəйкес көпшіліктің орыс тілін меңгерудің қажеттілігін түсінгендіктерін атап өтеді. Ал, 1940 ж. 10 қарашасындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің V Сессиясында қабылданған «Қазақ жазуын орыс графикасының негізіндегі жаңа алфавит латыншаға көшіру туралы» Заңын тіл саясатының логикалық аяқталуы деп бағалайды [38].

Қазақстандағы тіл тарихын Н.Т. Жанақова [39] өз зерттеуінің негізгі нысаны етіп алды. Ол кеңестік кезеңде қазақ тілінің өркендеуіне кері ықпал еткен мынадай ішкі жəне сыртқы əлеуметтік-демографиялық процестерді атап көрсетеді: ұжымдастыру, немесе қолдан жасалған ашаршылық, зардаптары; Кеңес Одағы бойынша, əсіресе Қазақстандағы жаппай индустрияландыру; Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей мен Украинадан ірі өнеркəсіп орындарының Қазақстанға көшірілуі; Кеңес Одағын басқарған Н.С. Хрущевтің тың игеру саясаты. Оның пікірінше, ұжымдастыру жылдарында жіберілген қателіктер мен ашаршылық салдары Қазақстандағы демографиялық процестердің қалыпты арнасын бұзып, қазақ тілінің дамуына орасан зор зиян келтірді.

Тіл саясатын меңгеруде өз үлесін қосатын Э.Д. Сүлейменованың тілдік үрдістер мен саясат мəселесіне арналған монографиясын атап өтуге болады. Аталған еңбекте автор тілдік идеология, тіл саясаты, тілдік жоспарлау сияқты ұғымдарға түсініктер бере отырып, əр түрлі мысалдардың негізінде тілдік идеология мен тіл саясатының түрлерін сипаттайды. Сонымен қатар Қазақстандағы орыстандыру жəне қазақтандыру үрдістеріне талдаулар жүргізеді [40]. ХХ ғ. ортасына дейінгі кеңестік биліктің Қазақстанда жүргізген тіл саясатының қалыптасуын, барысын тарихи құжаттардың негізінде Д. Махат зерттеді [41]. Зерттеуші республикадағы жергіліктендіру үдерісіне, латын əліпбиін енгізуге байланысты туындаған ахуалға, жалпы қазақ тілінің кеңес дəуіріндегі жағдайына жан-жақты талдаулар жасайды. Осы ретте латын əліпбиіне көшу мəселесі С.О. Смағұлованың зерттеуінің басты нысаны болып, ол ХХ ғ. 20–30 жж. латын əліпбиіне ауысу себептеріне, барысына өз көзқарасын білдіреді [42].

Кеңестік дəуірдегі тілдік ахуал, тілдік идеология жəне саясатын саяси факторлар тұрғысынан қарастырған еңбектер де жазылды. Оларда 1946–1960 жж. Қазақстандағы ұлттық-тіл құрылысындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары [43], тіл саясатының жағдайы мен болашақтағы даму жолдары [44] қарастырылды.

Тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тілдік даму, ұлт мəселесіне байланысты ғылыми зерттеулердің көлемі ұлғайды. Олардың ішінде республикадағы ұлттық-мəдени орталықтардың қалыптасуы мен дамуы мəселелеріне [45], 1956–1991 жж. Қазақстандағы ұлттық мəселенің тарихнамасына [46], 1975–1995 жж. қазақ ұлттық мектептерінің дамуына [47], 1980–1994 жж. Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мəселесіне [48], 1985–1995 жж. республикадағы көпұлтты білім беру жүйесінің дамуына [49] арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жарық көрді. Сонымен қатар Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу жəне даму жолдары А.Ə. Рамазанның зерттеуінде қарастырылды [50]. Ол кеңестік тіл саясатын қазақ баспасөзінің дамуымен байланыстыра отырып, қарастырады.

Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін тіл саясатын жаңаша тұрғыда зерттеуге алыс жəне жақын шетел ғалымдары тарапынан көңіл бөліне бастады. В. Алпатовтың «150 языков и политика 1917– 2000. Социолингвистические проблемы СССР и постсоветского пространства» [51] еңбегі тіл саясаты тарихына байланысты қалыптасқан көзқарастарға үлкен өзгерістер енгізді. Кеңестік жүйенің қуғынына ұшыраған А. Авторхановтың «Империя Кремля» [52] еңбегінің Одақтың құрамында болған ұлттардың тілін дамытуға байланысты шектеулерді анықтауда маңызы зор. КСРО-дан тəуелсіздік алған республика ғалымдары кеңестік тіл саясатының жергілікті ұлт тіліне əкелген зардаптарын терең талдай бастады. Г. Асатованың «Языковая политика в Узбекистане в ХХ веке: суть, последствия и уроки» [53], В. Заблоцкийдің «Языковая политика в Украине: состояние и направление оптимизации» [54] тақырыбындағы кандидаттық диссертацияларында кеңестік тіл саясатының салдарлары ашып көрсетілді.

КСРО көлеміндегі тіл саясаты тарихы батыс зерттеушілерінің тарапынан да қарастырылды. Француз академиясының президенті Элен Каррер д'Анкосс «Алфавитный развод» тақырыбында мақала жариялап, онда зерттеуші И.В. Сталиннің барлық КСРО халықтарына бір ғана алфавитті қабылдатып, ұлттардың тілдік жəне мəдени дамуын біртіндеп тоқтатуды жоспарлағанын жазады. Оның ойынша, бұл ең айлакер шешім болып табылды. Модернизацияны жүзеге асыру қолға алынғанымен (түрік реформаторы М. Кемальдың үлгісінде), бірақ негізгі мақсат жазу деңгейінде тілдерді орыстандыру болып табылды. Элен Каррер д'Анкосстың пікірінше, осы жан-жақты ойластырылған операция 1939 ж., яғни орыс тілінің алфавиті барлық КСРО халықтарының міндетті жазуы ретінде белгіленген уақытта, аяқталды [55]. 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http:// akorda.kz.
  2. Амирхамзин А. Языковая политика в Казахстане. — [ЭР]. Режим доступа: http://ru.wikipedia.org/wiki.
  3. Международный день родного языка. — [ЭР]. Режим доступа: http:// www.calend.u/holidays/0/0/ 1860/.
  4. Жангазы Р. Системный подход в реализации государственной языковой политики Республики Казахстан до 2020года: анализ, стратегия, политика, прогнозы. — [ЭР]. Режим доступа: http://zhangazy.yvision.kz/post/190934.
  5. Мүсіреп Ғ. Рухыңды түсірме, ұлым! — Алматы: Азия-Арна, 2010. — 240 б.
  6. Бельгер Г. Мы страшно скудеем умственно. — [ЭР]. Режим доступа: http:// www.caravan.kz.
  7. Сталин против Казахстана // Казахстанская правда. — 1991. — 31 мая.
  8. Красовицкая Т.Ю. Модернизация России. Национально-культурная политика 20-х годов. — М.: Наука, — 284 с.
  9. Фадеев А. Литература и жизнь: ст. и речи. — М.: Сов. писатель, 1939. — 168 с.
  10. Благой Д.Д. О национальной специфике литературы (к постановке вопроса) // Большевик. — — № 18. — 36 с.
  11. Развитие национальных отношений в условиях перехода от социализма к коммунизму // Народы Азии и Африки. — 1964. — № 2. — С.
  12. Национальное и интернациональное // Дружба народов. — — № 1. — С. 253.
  13. Культура в общественной системе социализма. Теоретические и методологические проблемы. — М.: Наука, 1984. — 220 с. 
  14. Арутюнян Ю.В. Многообразие культурной жизни народов СССР: науч. изд. / Ю.В. Арутюнян, Л.М. Дробижева. — М.: Мысль, 1987. — 304 с.
  15. Головнев А.И. Интернациональное и национальное в развитии социалистической культуры. — Минск: Беларусь, 1974. — 208 с.
  16. Конрад Н.И. Октябрь и филологические науки // Новый мир. — 1971. — № 1. — С.
  17. Тимофеев Л.И. К проблеме формы и содержания // Современные проблемы литературоведения и языкознания. — М., 1974. — 494 с.
  18. Ким М.П. Проблемы развития социалистической культуры // Культура развитого социализма: некоторые вопросы теории и истории. — М., 1978. — С. 17–28.
  19. Ермаков В.Т. К вопросу о содержании и форме национальных социалистических культур // Культура в общественной системе социализма.Теоретичекие и методологические проблемы. — М.: Наука, — 220 с.
  20. Арутюнян Ю.В. Развитие социально-профессиональной структуры и устойчивость этнокультурных черт в советском обществе // Советская культура. 70 лет развития. К 80-летию академика М.П.Кима. — М.: Наука, — 398 с.
  21. Арутюнян Ю.В. Социально-культурное развитие и сближение наций в СССР на современном этапе /Ю.В. Арутюнян, Л.М. Дробижева. — М.: Знание, 1972. — 32 c.
  22. Социально-культурный облик советских наций: по результатам этносоциологического исследования: учебник. —М.: Наука, 1986. — 453 с.
  23. Взаимодействие традиционных культур и модернизации // Народы Азии и Африки. — — № 1. — С. 82.
  24. Исаев М.И. Языковое строительство в СССР: процессы создания письменностей народов СССР. — М.: Наука,— 349 с.
  25. Губогло М.Н. Современные этноязыковые процессы в СССР: основные факторы и тенденции развития национально- русского двуязычия. — М.: Наука, 1984. — 288 с.
  26. Ханазаров К.Х. Решение национально-языковой проблемы в СССР: науч. изд. — 2-е изд., доп. — М.: Политиздат, 1982. — 224 с.
  27. Дешериев Ю.Д. Закономерности развития литературных языков народов СССР в советскую эпоху. — М.: Наука, 1976. — 418 с.
  28. Алпатов В.М. Языковая политика в СССР в 20–30-е годы: утопии и реальность // Восток. — — № 5. — С. 113–127.
  29. Абжанов Х.М. «Белые пятна» культурного строительства // Казак тарихы. — 1993. — № 3. — С. 47–50.
  30. Воспоминания. Мемуары Никиты Сергеевича Хрущева // Вопросы истории КПСС. — — № 3. — С. 96.
  31. Сулейменов Р.Б. Ленинские идеи культурной революции и их осуществление в Казахстане. — Алма-Ата: Наука, 1972. — 494 c.
  32. История советской школы в Казахстане. — Алма-Ата: Казахское гос. учеб.-пед. изд-во, 1962. — 365 с.
  33. Канапин А.К. Расцвет культуры казахского народа: Общие проблемы культуры. Закономерности, тенденции, осо- бенности культурного строительства в Казахстане после Великой Октябрьской революции / А.К. Канапин, А.Д. Яндаров. — Алма-Ата: Казахстан, 1977. — 254 с.
  34. Хасанов Б.Х. Национальные языки, двуязычие и многоязычие: поиски и перспективы: науч. изд. — Алма-Ата: Казах- стан, 1989. — 135 с.
  35. Алтынбекова О.Б. Этноязыковые процессы в Казахстане: монография. — Алматы: Экономика, — 415 с.
  36. Кан Г.В. История корейцев Казахстана. — Алматы: Ғылым, 1994. — 208 с.
  37. Абжанов Х.М. Түркі əлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих жəне методология. — Петропавл: Полиграфия, 2011. — 364 с.
  38. Жумашев Р.М. Очерки истории культуры Казахстана (1917–1991 гг.). — Караганда: Изд-во КарГУ, — 147 с.
  39. Жанақова Н.Т. Қазақстандағы тiл тарихы: оқу құралы / ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігi. Тiл комитетi. —
  40. Сулейменова Э.Д. Языковые процессы и политика: монография. — Алматы: Қазақ ун-ті, — 117 с.
  41. Махат Д. Тіл мен діл тағдыры: Тарихи деректер, уақыт бедері жəне ақиқат: мақалалар мен зерттеулер. — Астана: Ана тілі – Ата тарих, 2007. — 192 б.
  42. Смагулова С.О. ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы латын əліпбесіне көшу мəселесі тарихынан // Отан тарихы. — 2007. — № 1. — 120–130-б.
  43. Кудайбергенова Ж.А. Национально-языковое строительство в Казахстане (1946–1960 гг.). Исторический аспект. —Алматы, 1999. — 140 с.
  44. Абдыгалиев Б. Языковая политика в Казахстане: состояние и перспективы // Казахская миссия: сб. ст. — Алматы: Дайк-Пресс, 2007. — 313 с.
  45. Тлепина Ш.В. Национально-культурные центры Республики Казахстан: становление, деятельность, проблемы (1985– 1995 гг.): дис. ... канд. ист. наук. — Алматы, 1997. — 207 с.
  46. Батпенова З.С. Историография национального вопроса в Казахстане (1956–1991 гг): дис. ... канд. ист. наук. —Алматы, 1999. — 178 с.
  47. Джумалиева Л.Т. 1975–1995 жылдардағы қазақ мектептері (даму тарихы жəне тағлымы): тарих ғыл. канд. ... дис. —Алматы, 1987. — 159 б.
  48. Құттыбаева Р.С. Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мəселесі (1980–1994 жж): тарих ғыл. канд. ... дис. —Алматы, 1985. — 164 б.
  49. Кадысова Р.Ж. История развития системы многонационального образования в Казахстане: опыт и проблемы (1985– 1995 гг.): автореф. дис. ... канд. ист. наук. — Алматы, 1999. — 30 с. 
  50. Рамазан А.Ə. Қазақ баспасөзі жəне Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары: филол. ғыл. д-ры дис. — Алматы, 2010. — 242 б.
  51. Алпатов В. 150 языков и политика. 1917–2000. Социолингвистические проблемы СССР и постсоветского пространства. — М.: Институт востоковедения РАН, 2000. — 224 с.
  52. Авторханов А. Империя Кремля (журнальный вариант). — М.: Полифакт – Дружба народов, — 112 с.
  53. Асатова Г.Р. Языковая политика в Узбекистане в ХХ веке: суть, последствия и уроки: автореф. дис. ... канд. ист. наук. — Ташкент, 2004. — 29 с.
  54. Заблоцкий В. Языковая политика в Украине: состояние и направление оптимизации: автореф. дис. ... канд. полит. наук. — Харьков, 2007. — 16 с.
  55. Культура. Еженедельная газета интеллигенции. — — № 42 (7202). — 23 ноября. — [ЭР]. Режим доступа: http:// www. Kultura - portal. ru/tree _new/ cultpaper /article. Jsp ?numbe r=94&rubric_id=200

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.