Ұлытау өңірінің XVIII ғасырдағы тарихи географиясының толық сипаттамасын жасау қиын. Бұл тарихи деректердің аздығынан. Осы кезеңге байланысты Ұлытау аумағында болған оқиғалардың ең белгілері: Бұланты шайқасы жəне Барақ пен Абылай сұлтандардың іс-əрекеттері.
XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасының елеулі оқиғаларының бірі — 1727 жылғы Бұланты шайқасы. Қазақ халқының осы шайқастан бастау алған жеңістері аз уақыт болса да Жоңғар мемлекетіне деген тəуелділіктен азат етті. Бұланты шайқасы туралы деректер аз, тіпті жоқтың қасы. Бұл туралы тек қазақтардың ауызекі аңыз-əңгімелері сақталған.
17 ғасырдың соңынан бастап Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағы жоңғар билеушілерінің қол астында болды [1; 62]. XVIII ғасырда Жоңғар хандығы саяси белсенділік көрсете бастайды. Қоңтайшы Сыбан-Раптан Шығыс Түркістанға толық билігін орнатады. Қазақтарға қарсы 1710, 1714 жж. бірнеше жорықтар ұйымдастырылады. 1717 ж. Аягөз бойында қазақтар мен жоңғарлар арасында ірі шайқас өтеді [1; 68–70]. 1722 ж. Цин императоры Кансидің қайтыс болуына байланысты Пекиннің Жоңғар хандығымен арасындағы саясат өзгеріске ұшырап, екі арада келіссөздер басталады. Осы жағдайды пайдаланып, Сыбан-Раптан қазақ жерлерін басып алу үшін, жоңғар əскерлерін Шу, Талас өзендерінің бойына шоғырландыра бастайды. 1723 жылғы жоңғар əскерлерінің шабуылы қазақ халқы үшін үлкен соққы болды. Бұл оқиға қазақтардың жадында «Ақтабан шұбырынды» деген атпен сақталған. М.Тынышпаев бұл оқиғаны Кіші жүз қазақтарының «Сауран айналған», Ұлы жəне Орта жүз қазақтары «Алқакөл сұлама» деп атайтынын жазады [2; 189].
А.И.Левшин Ұлы жүз бен Орта жүздің аз бөлігі Ходжентке, Орта жүздің көп бөлігі Самарқандқа, ал Кіші жүз Хиуа мен Бұқараға қарай көше қашқанын жəне көп ауыртпалықтар əкелгенін, мал табындарының күн сайын кеміп, айырбас сауда тоқтап, қайыршылық пен қайғы- қасірет жалпыға ортақ болғанын жазады [3; 167]. Қазақ арасында «қайың сауған» сөз тіркесінің сақталуы осы кезеңге келеді жəне халықтың қорегі болмай, қайың ағашының қабығын аршып, сөлін ішкендігін көрсетеді [2; 189].
Қазақтардың жеңіліске ұшырауы ішкі саяси бытыраңқылықтың нəтижесінен туындаған еді. Тəуке ханның өлімінен кейін, Қазақ хандығы бөлшектеніп, сыртқы жаудан қорғана алмауы, жоңғарлардың ұрымтал сəтті пайдаланып, көктем уақытында тосыннан шабуыл жасауы осындай қырғынға алып келді. Бұл қазақ арасында өзара ауыз бірліктің қажет екендігін көрсетті. В.А.Моисеев 1724 жылдың өзінде осы үрдістің басталғанын жазады [1; 78].
1726 жылы Түркістан қаласына таяу Ордабасы деген жерде қазақтың үш жүзінің кеңесі өтеді. В.А.Моисеев бұл кеңесті қазақ батырларының қысымымен аға хан Болат шақыруы мүмкін деген жорамал жасайды [1; 78]. А.И.Левшиннің мəлімдеуінше, «Опасность примирила внутренние междоусобия, возродила общее согласие и направила всех к одному предмету» [3; 168]. Осы кеңес барысында сыртқы жауға бірлесе отырып соққы беруге, қазақ жерлерінен ығыстырып шығаруға шешім қабылданады. Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланып, ақ боз ат құрбандыққа шалынады. Осыдан кейін, А.И.Левшиннің жазуы бойынша, «Вооружившись таким образом, киргизы пошли вперед, напали на зюнгаров, выиграли у них несколько сражений» [3; 168].
Қазақтардың бірігіп, жоңғарларға соққы беруі Ұлытау өңірінде жүзеге асады. Мұның ішінде 1727 жылы Бұланты өзені бойындағы шайқас «Қалмаққырылған» деген атаумен сақталды [4; 38]. М.Тынышпаев Бұланты, Білеуті өзендерінің бойында, Қарасиыр деген жердегі алғашқы жеңіс Кіші жүз батырлары бастаған жасақтардың күшімен қол жеткізілгенін жазады [2; 166]. Ə.Диваев осы шайқасқа байланысты қазақ аңыздарын Кіші жүз жəне Ұлы жүздің аз бөлігінің қалмақтармен үш жылдай соғысып, Тайлақ батыр мен Саурық батыр Қарасиыр деген жерде толық жеңіске жетеді жəне осы жер «Қалмаққырылған» деген атқа ие болады [5; 143]. В.З.Ғалиев қазақ жасақтарының Ұлытау өңірін азат етуге күш жұмсауын Шу, Жетісу бағытында жоңғарлардың күші басым болуымен жəне Ұлытау өңірінің қазақтар үшін стратегиялық маңызы ерекше екендігімен түсіндіреді: «Қазақтар өздерін Алтын Орданың мұрагері санайды. Ал, Ұлытау бұрынғы мемлекеттік бірлестікпен рухани байланыстырушы жер болды, осында Алтын Орда дəуірінің құнды тарихи ескерткіштері де сақталған» деп жазады [6; 62].
Ұлытау өңіріндегі шабуылға қазақ жасақтары оңтүстіктен, Қаратау арқылы, Телікөл жанымен, Сарысу өзенінің төменгі ағысы арқылы шыққаны мəлім болып отыр. Қазақ атты əскері 250–300 шақырымға созылған жолды үш-төрт күн ішінде өтіп, 1727 жылдың көктемінде Қарасиыр деген жерде жау əскерлерімен шайқасады. Сонымен қатар осы шайқасқа Ырғыз жəне Торғай жағынан да қазақ жасақтары келген. Зерттеуші В.З.Ғалиев топонимикалық жəне картографиялық мəліметтерге сүйене отырып, шайқас барысын анықтайды [6; 62].
Бұланты шайқасына арналған зерттеуде: «Осы шешуші шайқас 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендерінің арасындағы кең жазықта болды. Сол жеңістен кейін майдан ортасындағы қара төбе Қалмаққырылған атанды. Қазақ жағы Бөгенбай батыр бастап соғыста шейіт болған ер азаматтарын таудың басына шығарып жерледі, оба үйді, таңбаларын салды», — деп жазады [4; 38]. Əрине, деректік материалдардың тапшылығы шайқас барысын толық қалпына келтіруге мүмкіндік бермейді. Жезқазған қаласының əкімшілігі осы арнайы зерттеуді ұйымдастыру барысында тарихи орынға белгі ретінде ескерткіш тас орнатқан. Ол тас осы күнге дейін Қалмаққырылған тарихи орнының белгісі болып тұр.
Бұланты шайқасының нəтижесінде стратегиялық маңызды жетістіктерге қол жеткізіліп, Оңтүстік Қазақстанда Сырдария бойы, Қаратау маңы, Орталық Қазақстанда Сарысу алқабы жəне Ұлытау жоңғарлардан азат етіледі. В.З.Ғалиев осы жеңіс Аңырақай шайқасының нəтижесін анықтап бергенін айтады [6; 64].
1727 ж. Бұланты өзенінің бойында жоңғар əскерінің жеңіліске ұшырауын В.А.Моисеев Жоңғариядағы саяси жағдайдың шиеленісуімен түсіндіреді. Сыбан-Раптанның кенеттен қайтыс болуы, тақ мұрагерлерінің арасындағы қантөгіс, үшінші жоңғар-цин соғысының басталуы жоңғарлардың Қазақстандағы ықпалының əлсіреуіне алып келеді [1; 79].
«Аңырақай шайқасына» арналған арнайы зерттеуде де, 1727–1730 жж. аралығында Əбілқайыр басшылық еткен қазақ əскерлерінің жоңғарларды бірнеше ірі шайқастарда жеңіліске ұшыратып, 1730 жылғы Аңырақай шайқасының нəтижесінде қазақтар оңтүстік-батыс Балқаш бойынан жəне Шу-Талас өзендерінің төменгі ағысынан ойраттарды ығыстырып шығарғандығын айтады [7; 23]. 1730 жылғы башқұрт батырлары Алдар Есенгелдин мен Таймас Шаимовтың Сыртқы істер коллегиясына мəлімдемесінде: «А кочуют они, по реке Сыр, и по реке Сарысу, и по реке Торгай, и по горам Улутав и Кичитав и на степи Каракум. А кочуют оные касаки от российских городов росстоянием недель шесть, а от них, башкирцев, месяц конскою ездою» [8; 373]. Бұл құжат бойынша Аңырақай шайқасынан кейін қазақтардың біршама аумақтарды қайтарып алғандығын көрсетеді.
Алайда Əбілқайыр мен Сəмеке хандардың арасындағы келіспеушілік қазақ əскерлерінің жеңісін жоққа шығарды. Жоңғарлар қазақтарға қайта шабуыл жасап, Орта жүз Ұлытау өңіріне шегінуге, ал Ұлы жүз жоңғар билігін мойындауға мəжбүр болды [2; 181].
Ал, 1739 жылы жоңғар билеушісі Ғалдан-Серен қазақтың үш жүзінің территориясына ірі жорық ұйымдастырып, жоғалтқан территорияларын қайтарып алады. Нəтижесінде, Сарысу өзені мен Балқаш көлі қайтадан XVIII ғ. 50-ші жылдарына дейін екі халықтың арасындағы шекаралық меже болып қалады [7; 24–25].
Ұлытау өңірінің тарихи географиясының саяси аспектілерінің бірі Барақ сұлтанмен байланысты. XVIII ғасырдағы Барақ сұлтан туралы алғашқы мəліметтер Əбілқайыр ханның Ресей қарамағына өтуіне байланысты іс-құжаттарында кездеседі. 1730 жылғы Мəскеуге Əбілқайыр ханның елшілерінің келуі барысында, олар «Ресей иелігінде болуларын қалайтындарын» білдіріп, ауызша əңгімеде:
«Оных кайсацких кочевых народов 40000 кибиток и, кроме помянутого хана Абалхаира (который в той орде главной), есть еще 2 хана — Барак да Аболмамет. Кочюют они по горам Улутов и Кичитов, по рекам Сыр, Сарысу и Торгай, на степи Каракум разстоянием от башкирцов (как башкирцы сказали) месяц езды» [9; 35–36], — дейді.
Барақ сұлтанның Ұлытау өңірінің мекендегені жайлы 1748 жылғы Орынбор губернаторы И.Неплюевтің Сыртқы істер коллегиясына жазған мəлімдемесінен көре аламыз: «А впротчем, об нем, Бараке, часто помянутый переводчик, быв орде, слышал, что он находится в трех тысячах кибиток по реке Сарасу, которая киргискую степь от зюнгорской разделяет и будто послал к зюнгорскому владельцу объявит, акибы киргисцы намерились иттить на них войною и он за то, тако ж и за грабительство кашкарского их каравана Абулхаир-хана убил и просит от зюнгорцов защищения» [9; 424].
1740 жылы Ресей бодандығын қабылдауға ант беруге Орынбор қаласына келген Кіші жəне Орта жүз өкілдерімен генерал-лейтенант князь В.Урусовтың кездесуінің журналдық жазбасында да Орта жүздің бірталай белгілі жəне беделді адамдарының есімдері аталады [9; 167, 297]. Би-батырлар бастаған бір топ алтай-арғын тайпа елінің азаматтарының Орта жүз ханы Əбілмəмбет жəне Абылай сұлтан жасағының құрамында Орынборда болғаны сөзсіз. Себебі журналдық жазба бойынша 1 қыркүйек күні генерал-лейтенант Əбілмəмбет хан жəне Абылай сұлтанмен жолығады. Бұл кездесуде қазақтар өз тарапынан орыс қамауындағы тұтқындарды босатуды сұраса, олар өз кезегінде Ташкент кереуенінің тоналуын сөз етеді [9; 167, 297]. Хан ол адамдардан қазақтың салты бойынша төрт жылқы алынғанын, яғни бұл олардың қалғанын төлеуге міндетті екенін, көрсетеді жəне хан өз тарапынан бұл мəселені қадағалайтынын айтып, осы адамдарға мөр басып, тонаушыларға жіберетін болады. Нияз-батыр генерал-лейтенанттың алдында бұл істің мəн-жайын түсіндіруге тонаушылар қатарынан осында келген төртеуін шақырады, олар: Алтай-арғын руынан — Қожамберді Нəурізеков, Қазы Тоқбурабиев; Атығай руынан — Арлағал Дюсенов; Сарыжетім руынан — Өмірзақ Атдиев. Оларды көрген генерал-лейтенант тонаушылық үшін үлкен айып төленетінін айта келіп, кешірім жариялайды. Хан, сұлтан жəне аталмыш қазақтар алғыстарын білдіреді. Ханның сұрауы бойынша тонауға қатынасқан қалған адамдардың аттары аталады: Алтай руынан — Олжакелді Қарекебиев, Икбай Белгіайдаров, Баба Белгіайдаров, Өтеулі Құлмурзин жəне қосшы Үмбетей Биганев; Уақ руынан — Қарабас Оразов; Қозған руынан — Орыс Ижиюнбетев; Телеу руынан — Өтеулі Абдеев; Төртуыл руынан — Сатай Мурзазлин; Таз руынан — Юрлыгат Кутуков, Базигит Чатыров; Қаракесек руынан — Базаргелді Көбеков, ағасы Байболат 7 адаммен; Керей руынан — Кудашугур Кутлугадаков; Тарақты руынан — Өтеп, əкесінің аты белгісіз [9; 166–167]. Бұл туралы П.И.Рычков дерегінде «бұл отырыста бөтен əңгіме болған жоқ, тек қазақтар тонаған көпестер керуенін табудың амалдары ғана сөз болды, тонауға қатысқандар аталып, олардан төлемге бірнеше жылқы алынғаны айтылады жəне ханның ұ.м.п-нан (ұлы мəртебелі патшайымнан. — Ж.Ж.) өтінуі себепті, оның атынан олардың кінəсі кешірілді» делінеді [10; 39].
1747 жылғы 26 мауысымда Барақ сұлтанның елшілеріне жолсерік болып Орта жүзге барып қайтқан М.Араповтың айтқандарынан Барақ сұлтан туралы біршама мəліметтер алуға болады [11; 159–163]. Барақ сұлтанның інісі Ескендір сұлтан 1746 жылы 21 қарашада Санкт-Петербургке патша сарайына барып қайтады. Жолай, қайтарында Неплюев Ескендір сұлтанның қасына казак Матвей Араповты қосып, Барақ сұлтанның ауылына аттандырады. Қорғалжын көліне құятын Керей өзенінде отырған Барақ сұлтанның ауылында М.Арапов 20 күн жатып, «қазақтар жағында ешқандай бүліншілік жоқ екенін, Ресейге бөтен көзқарас білінбейтіндігін» анықтайды [11; 161]. Барақ сұлтан Араповқа Ескендір сұлтанды қосып, оның жанына бұл жақтағы белгілі жəне құрметті адамдардың бірі Тоғалақ батырды қосып, жанына Боқаш, Сұлтанғұл, Есдəулет, Бердіғүл, Құлымбет жəне Саржан деген адамдарды қосшыларымен Орынборға қайта аттандырды. Неплюевке хат жазып, түйеге теңдеп ақ киіз үй жіберді [11; 161]. Барақ сұлтанның ақ киіз үй жіберуі қазақта «ақ үйлі» деген атаумен белгілі ырым. Бұл олардың басыбайлы толығымен Ресей құзырына тəуелдіміз деген белгісі еді. Бұл туралы зерттеуші М.С.Жакин былай деп жазады: «Қитұрқы Неплюев беделді Барақты өз жағына тартып, одан ру көсемдерінің дүниетанымындағы мемлекеттіліктің символы — өз ошағын беруді талап етеді» [12; 73]. Барақтың бұл іс-əрекеті жүзеге аспай қалады. Бұған бөгет болған Қазыбек бидің баласы Бекболат болды.
18 ғ. орыс деректерінде осы оқиғаның барысы толық сипатталған: «Барақ сұлтанның елінен қайтып келе жатып, олар Қаракесек руының ауылдарына соғады. Кешке қонып жатқан жерінде Қазыбек бидің ұлы Бекболат, жанында 40 кісісі бар, бұларға қатты өшігіп, шауып алмақ болып, Ескендір сұлтан мен Арапов жатқан киіз үйді қоршап алады. Бекболат бірнеше адаммен киіз үйге кіріп келіп, Ескендір сұлтанды танып тұрса да, қатты ашумен: «Кімсіңдер, неге келдіңдер, кім жіберді, қайда барасыңдар!»,— деп өрескел қылықтар көрсетті. Ескендір сұлтан: «Барақ сұлтаннан келеміз, тайный советник Неплюевке бара жатырмыз, ақ үй апарамыз»,— деді. Бекболат: «Ескендір, Барақ сұлтан екеуің де ұры-қарысыңдар, ақ үйін берген адам, басын да береді, ырымға жаман», — деп тілдеді. Одан соң, Бекболат Араповқа қарап, тайный советникті де тілдеп, сөкті. Араповқа: «Сен менің əкем, Қазыбек биге, жіберген хаттар мен сый-сияпатты бергізбей, Барақ сұлтанға тапсырып келдің. Жүр, Қазыбек биге апарамын», деп алып кетпек болды, қол жұмсамақ болды. Арапов өзін ұрғызған жоқ, сүйрегеніне барған жоқ, күшпен əкетпек болып еді, жалынып құтылды. Бекболат Барақты балағаттады: «Ол өзіне емес, менің əкеме жіберілген хат пен сыйлықтарды жолдан алып қойды»,— деді.
Содан кейін Бекболат тағы да дауыс көтеріп, ұрысты да, Барақ сұлтанның атынан С.- Петербургке бара жатқан қазақ Рысмұхамметті, айтатын сөзім бар деп, далаға оңаша шақырып шығып, тұлдырдай шешіндіріп алып, жалаңаш тастап, өздері кетіп қалды» [11; 162].
Осы оқиғадан кейін Барақ сұлтанның елшілігі жолдарынан кері қайтып оқиға барысы басқаша өрбиді: «Рысмұхаммет қасындағы серігі Тілеуберді батыр екеуі жəне Арапов, бара жатқан жолынан тыйылып, еріксіз Бараққа қайтып кетуге мəжбүр болды. Ал, Ескендір сұлтан Орынборға жүріп кетті. Бұл жағдайларды естіген Барақ сұлтан, Қазыбек бидің мұндай өрескел қылығы мен Рысмұхамметті тонап алғаны үшін, кек алып, қазақтарды жинап соғыспаққа аттанбақ болды. Ал, Рысмұхамметті Ресейге жібермей, алып қалды. Оның орнына Тілеубердіні елшілік басшысы етіп тағайындады. Сол арқылы С.-Петербургке арнайы хат дайындады, яғни Рысмұхамметке берген хатты қайта көшіріп жазды. Арапов, сөйтіп Барақ сұлтаннан Тілеуберді батырға еріп қайтты, ал Ескендір сұлтан 15 күннен кейін Орынборда болды» [11; 163]. Бұл мəліметтерге қарағанда тархан атағына ие болған Тілеуберді батыр Барақ сұлтанның сенімді серіктерінің бірі болған тəрізді. Ал, Орта жүзде бір жағы Абылай сұлтан – Қазыбек би бастаған саяси күштері шоғыры анық болса, екінші жағынан, Əбілмəмбет хан – Нияз батыр, үшінші жағынан Барақ сұлтан – арғын-алтай руының беделді адамдары Тілеуберді, Əлгөшек батырлар жеке дара саяси күштер екені аңғарылады [9; 297].
Ұлытау өңірі Абылай заманында да саяси орталық қызметін атқарғанын жоңғар нойандары — Даваци, Əмірсана жəне Баньчжурдың қазақ еліне қашып келуіне, оларды жоңғар қоңтайшысының қайтарылуын талап етуіне байланысты өткізілген үлкен кеңестен байқауға болады.
Ғалдан-Сереннің өлімінен кейін Жоңғарияда саяси дағдарыс басталады. 1746 жылы қоңтайшы болып Цеван-Доржи сайланады. Цеван-Доржиді 1750 жылы Лама-Доржы өлтіріп, Жоңғариядағы билікті басып алады [1; 178]. 1751 жылы Жоңғариядағы ішкі тартыс-таластың нəтижесінде қазақ даласын паналап, Даваци, Əмірсана жəне Баньчжур нойондар қашып келеді [13; 95]. Бұл жағдайды Абылай сұлтан қазақ елінің мүддесіне пайдалану ниетімен, оларды жылы қарсы алып, Давациді Бəсентиін, Əмірсананы Уақ-Керей, ал Баньчжурды Найман руларының арасына қоныстандырады.
Осы уақытта жоңғар қоңтайшысы Лама Доржыдан елшілер келіп, қашқын нойандарды қайтарып беруді талап етеді. Абылай жоңғар билеушісінің бұл талабын талқылау үшін Ұлытауда үш жүздің би, батыр, ел ағаларының басын қосады [13; 98]. Бұл кеңеске Нұралы хан да шақырылады. Бірақ, ол Неплюевтің нұсқауынан аса алмай, кеңеске інісі Ералы сұлтанды жібереді.
Ұлытаудағы кеңеске арғын, найман, уақ-керей, бəсентиін жəне т.б. қазақ руларының 70-тен астам ел ағалары қатысады. Түркістаннан арнайы Əбілмəмбет хан келеді. Ол жоңғардың адамдарын қайтару керектігін айтады. Абылай бастаған ел ағалары Даваци мен басқаларын Лама-Доржыға қайтарып бермеу керектігін қолдап шығады. Абылай сұлтан жоңғарларда тұтқында болған, Даваци көп жақсылық жасағаны бар жəне де оны Жоңғариядағы билікке таласта пайдалануға болатынын ескеріп, қазақ жағы оған қолдау көрсетуге дайын екендерін мəлімдейді. Əбілмəмбет ханның ұсынысы қабылданбайды. Əбілмəмбет ханның ұстанымын зерттеуші В.В.Вельяминов-Зернов оның Жоңғар билеушісіне тəуелділігінен деп түсіндіреді. Ол басқарып отырған Түркістан қаласы жоңғарларға тəуелді болғандықтан, ол Лама-Доржының вассалы ретінде жоңғар қашқындарын қайтарып беруін талап етуі түсінікті деп жазады [13; 101]. Бірақ Ұлытаудағы кеңесте тек Əбілмəмбет хан ғана емес, оған Жапақ батыр жəне ең бастысы Орта жүздегі беделді батыр Малайсары да қосылып, Даваци мен оның жақтастарын қайтаруды ұсынады. В.В.Вельяминов-Зернов Жапақ батырдың жоңғар қоңтайшысы Лама-Доржының адам екенін, тіпті оның қоңтайшыдан тархан атағын алғандығында жазады [13; 102]. Абылайдың осы кеңесте қазақтың ел ағаларын өз айтқанына көндіруі оңайға түспегендігі байқалады. Тек оның беделі, саяси көрегендігі дұрыс шешім қабылдауға, кеңестегілерді сол шешімге көндіруге мүмкіндік береді.
Əрине, Абылай сұлтан Давациді болашақ Жоңғарияның билеушісі ретінде қарап, қазақ елінің мүддесіне пайдалану мүмкіндігін ойлағаны сөзсіз. А.И.Левшин өз зерттеуінде Абылай сұлтан жоңғар билеушілерінің арасындағы қақтығыстарды пайдаланғанын, осы мақсатта Əмірсана мен Давациді өз ауылында паналатып, тіптен олар үшін шайқасқанын айтады [3; 230]. Ұлытауда өткен кеңестен кейін, Ұлы жүздің сол уақыттағы басшысы Төле би де Абылайдың шешімін қолдап хат жолдайды. Осының алдында ғана ол Жоңғарияда болғандығын, ол жақта Давацидің қолдаушыларының көптігін айтады. Сонымен қатар Жоңғарияны аштық жайлағанын, қазақтарға еш қорқыныш жоқтығын жазады [13; 102]. Əрине, Жоңғария қаншалықты əлсірегенімен, Лама-Доржы қазақ даласына бір жорық жасайды. Орта жүздің Найман жəне Керей руларының ауылдарын тонап, үш мыңға жуық тұтқын əкетеді. А.И.Левшин Ғалдан-Сереннің өмірінің соңғы жылдары қазақтармен бітімге келді деп жазады. Алайда, 1751 жылы оның баласы бұл тəртіпті бұзып, Орта жүзге шабуыл жасағанын айтады:
«Средняя орда особенно пострадала от него в 1751 году около гор Улу» [3; 225]. Бірақ 1753 жылы көктемде Даваци шағын əскермен Лама-Доржының ордасын басып алып, оны өлтіреді [14; 174].
Шынында да, Абылайдың ұстанған саясаты өз жемісін беріп, қазақтардан қолдауға ие болған Даваци, одан кейін Əмірсана Жоңғария билеушілеріне айналады. Əрине, Жоңғариядағы саяси талас- тартыс көшпелі мемлекеттің күйреуіне алып келді. Қытай императоры Цянь-Лунь жоңғарлардың жерін басып алып, қазақ даласына екі жорық жасатады. Қытай экспансиясынан қазақтарды Абылай саясаты аман алып қалады. Ал, Абылайдың Ұлытауда өткізген қазақ ел ағаларының кеңесінің нəтижелері үлкен халықаралық саясатқа ұласады.
Ұлытау өңіріне қатысты əскери жорықтардың бірі — 1771 ж. Убашы тайшының бастауымен Еділ қалмақтарының Жоңғарияға кетуімен байланысты. Əрине, торғауыт-қалмақтар патшалық отарлау саясатының əсерінен, бұрынғы азат өмірді ата қоныстарынан табамыз деген оймен, үдере көшкендері белгілі. Қазақ халқының тарихи жадында бұл оқиға «шаңды жорық» деген атпен сақталған. Қалмақтардың Жоңғарияға көші жəне оларды қуғындаушы əскерлер Ұлытау арқылы өткені мəлім болып отыр. Бұл туралы Н.Рычковтың жол жазбасында орыс қарулы əскерлерінің қалмақтардың соңынан қуғындауы жəне олардың жүріп өткен маршруттары берілген [15]. Ор бекінісінен шыққан қуғыншы отряд Кіші жүз ханы Нұралының əскерлерімен қосылып, қалмақ қостарын Ұлытауға дейін соңына түседі. Орыс əскерлері осы арадан кейін қайтуға мəжбүр болады. 1771 жылдың мамыр айында орыс əскерлері Ұлытау өңірінің солтүстік-батыс жағынан, Қараторғай өзені арқылы Ұлытау өңіріне келіп кіреді. 10–11 мамыр күндері орыс əскерлері Ұлытау тауларына жетіп, Терісаққан өзенінің бойында дамылдайды [15; 72–73]. Осы арада екі күнге жуық барлаушыларын тосып бөгелген əскер, олардан қалмақтардың алысқа ұзап кеткені туралы хабары естігеннен соң жəне жауынгерлердің ұзақ жолдан арып-ашып, аурудан өле бастағанын ескеріп, одан əрі қууға дəрменсіз болғандықтан, осы араға ең жақын Усть-Уй бекінісе қайтуға шешім қабылдайды [15; 76–77]. Орыс əскерлерінің кейін қайтуына Абылай бастаған қазақ жасақтарының Балқаш маңында қалмақтарға жойқын соққы беруі де себеп болған тəрізді. Бұл туралы И.Г.Андреев «Да в 1771-м году разбил шедших из России калмыков и получил их множества в плен», — деп жазады [16].
Ұлытау өңірінің XVIII ғасырдағы тарихи географиясы туралы ойымызды қорытындылай келсек, Бұланты шайқасының нəтижесінде Ұлытау өңірі жоңғарлардан азат етіліп, «Сарысу өзені қазақтар мен жоңғарларды бөліп тұратын шекара» болып табылды.
Ұлытау өңірі тарихының бірнеше мəселелері XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қарым- қатынастарымен тығыз байланысты. Ұлытау өңіріне байланысты жəне тарихи тұлғалардың (Барақ сұлтан, Абылай хан) осы өңірдегі іс-əрекеттеріне қатысты мəліметтер қазақ-орыс қарым-қатынастары бойынша іс-құжаттарында сақталған. Ұлытау өңірінде 1748 жылға дейін Барақ сұлтанның иелік еткенін көруімізге болады. Осы өңірде мекендеген найман тайпалары сұлтанның ұлысын құраған болса керек. Əбілқайырдың өлімінен кейін Барақ сұлтан оңтүстікке ығысып, Ұлытау өңірін тастап кетуге мəжбүр болады. Бірақ та, тарихи деректерге сүйенсек, бұрынғы өзі иелік еткен найман тайпаларына ықпалын жоғалтпайды. Ал, Барақ сұлтанның өлімінен кейін Ұлытау өңірі Орта жүздің шын мəніндегі билеушісіне айналған Абылай сұлтанның иеліктерінің құрамында болғанымен, нақтылы кімнің иелігіне берілгені айқын емес. Сонымен бірге Ұлытау өңірі Абылай заманында саяси маңызы жоғары болғанын байқауымызға болады. Абылай үш жүздің ел ағаларын бас қосып, Ұлытауда кеңес өткізуі соның дəлелі бола алады. Бұл кеңесте қазақ елінің тағдырына қатысты маңызды мəселелер талқыланып, ұтымды шешімдер қабылданады. Мұндай ірі кеңесті өткізу орны ретінде Ұлытаудың таңдалуы тегін емес. Абылай қалыптасқан дəстүрге сүйеніп, Ұлытаудың көшпелілер үшін далалық саяси орталық ретіндегі маңызына жəне үш жүздің басын біріктіруге қолайлы географиялық орналасуына көңіл бөлген болуы керек.
Əдебиеттер тізімі
- Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи в XVII–XVIII вв. — Алматы: Ғылым, 1991. — 238 с.
- Тынышпаев М. История казахского народа / Сост. и авт. предисл. проф. А.С.Такенов и Б.Байгалиев. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1993. — 224 с.
- Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. — Алматы: Санат, 1996. — 656 с.
- Бұланты шайқасы / Ред. Ж.О. Артықбаев. — Қарағанды: Полиграфия, 1998. — 63 б.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): Бес томдық. — 3-т. — Алматы: Атамұра, 2002. — 768 б.
- Галиев В. Битва при Буланты // Мысль. — 2000. — № 6. — С. 61–65.
- Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения / И.В.Ерофеева, Б.Ж.Аубекеров и др. — Алматы: Дайк-Пресс, 2008. — 276 с. илл. + 56 с.вкл.
- История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков. Русские летописи и официальные материалы XVI — первой трети XVIII в. о народах Казахстана / Сост., транскрип., коммент., вступ. ст. И.В.Ерофеевой. — Т. II. — Алматы: Дайк- Пресс, 2005. — 448 с.
- Казахско-русские отношения в XVII–XVIII вв.: Сб. документов и материалов. — Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, — 746 с.
- Рычков П.И., Рычков Н.П. Капитан жазбалары. — Астана: Аударма, 2002. — 124 б.
- Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы / Құраст., қазақшаға ауд., көрсеткіштерін түзген, түсініктерін жазғ. З.С.Тайшыбай. — Петропавл: «Астана» баспасы ЖШС, 2005. — 498 б.
- Жакин М.С. Институт «ру» и власть в кочевом обществе: сравнительный анализ деятельности лидеров «ру» и ханов в сфере власти (по материалам истории казахов XVIII в.) // Этнос жəне қоғам (тарихи этнологиядағы əдіс, дерек, этноəлеуметтік институттар мəселелері): Ғыл. еңб. жин. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. — 171 б.
- Вельяминов-Зернов В.В. Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России с Средней Азией со времени кончины Абул-Хайр хана (1748–1765 гг.). — Т. 1. — Уфа: Губернская типография, 1853.— 231 с.
- Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР с древнейших времен до 1870 г. — Т. 1. — Алматы: ОГИЗ. Госполитиз- дат, 1941.— 367 с.
- Дневные записки путешествия капитана Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году. — СПб.: Императорская академия наук, 1772. — 105 с.
- Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. — Алматы: Ғылым, 1998. — С.37