Славян тайпаларының көне дəуірде «венед» деп аталып, кейін «склавин» жəне «ант» деп аталғанын мамандар біледі. Тарихшылар өз еңбектерінде «склавиндерді» ешбір түсіндірусіз «славян» деп атай береді. Гот тарихшысы Йордан венед, склавин жəне ант деген тайпаларды суреттегені белгілі [1].
VI ғ. аяғы – VII ғ. басында өмір сүрген император Маврикий мен Прокопий Кесарийский (VI ғ.) де «склавин жəне ант» деп өмір қалпы, салт-дəстүрлі, əдет-ғұрпы ұқсас тайпаларды атапты. Мəселен, император Маврийкийдің «склавин» деген сөзін кейінгі уақыттағы өмір сүрген тарихшылар өз еркінше «славян» деп атап кеткені байқалады [2].
«Славян» деген терминнің шығуы төңірегінде талас баршылық деп айтуға болады.
Жоғарыда атап өткен «склавин» терминімен қатар Ильмень көлі маңындағы «словендер» кенеттен славянин болып атала бастады. «Славян» деген сөзді XVIII ғ. басындағы орыс тарихшысы А.И.Манкиев жеті томнан тұратын «Ядро Российской истории» деген кітабында «Синопсис, или краткое описание...о начале славянского народа, о первых Киевских князях.. до царя Федора Алексеевича» атты қысқаша шолуда «Русь», «Москва» терминдеріне берген түсініктердің жалғасы ретінде славяндардың шығуын «слава» — даңқ деген ұғымнан шығарады: «славяне» — «славные» [3; 15].
Ал академик Б.А.Рыбаков «славные дела» («даңқты істер») деген ұғымнан шығарып осы ұғымға кірген тайпаларды «славян» деп атаған. XVII ғ. тарихшылары «славян» атын «даңқты істерден», ал «Россия» атын олардың «рассеянии» — бытыраңқы қоныстанғанымен шығарады [4].
Бұлай түсіндірудің əлсіз жағы бар, себебі славяндар бөтен елдерді өзінің жаулап алуымен, ғажап ерлігімен ешкімді таңғалдырған жоқ. Даңқты жорықтар жасамады. Готтар, ғұндар, көне түркілер сияқты тарихтың төрінен құтты орнын алған тайпалардың қатарынан славяндарға көне жəне ертеортағасырлық авторлар еш ауқытта орын бермеген. Керісінше, барлық дерлік авторлар славяндардың сыртқы жауларға қарсылық көрсетпей, жан-жаққа: оңтүстікке, батысқа жəне солтүстік- шығысқа, əсіресе бір тоқтамай Балқан жартыаралдарына, Адриат жəне Эгей теңіздеріне шашырай қашқаны жөнінде ғана айтады. Славяндардың өзінен күшті гот, ғұн, авар тайпаларының əскери құрамаларының құрамына кіріп, жорықтарға қатынасқандарын, оларға құл болғанын кейінгі кездерде «Русь», хазар, Еділ булгарларының шапқыншылығына душар болып, «əскери олжа», «тірі товар» ретінде кірістің қайнар бұлағы болғанын шетел деректері, соның ішінде Византия жəне мұсылман деректері жиі айтқаны белгілі.
VIII–IX ғғ. көп қолданылатын товарлар — славяндар, аң терісі, балық, балауыз, бал жəне т.б. болды деп көрсетеді А.П.Новосельцев [5;11].
Мəселен, Византия императоры Константин Багрянородный жəне басқа да авторлар славяндарды құл ретінде русь тайпаларының саудагерлерге сатқаны туралы хабарлаған.
«Славян» жəне «құл» деген сөздер Еуропада синоним болған. Латын тілінде «слейв» құл деген мағынаны берген. Олай болса, «славян» деген сөздің кіріптар, құл деген ұғымнан шығуы əбден мүмкін. «Славян» мен «Русь» синоним емес. Бір мағынаны бермейді. Шығыс Еуропаға IX ғасырда келген славяндар мен «Русь» тайпаларының арасы ашықтан-ашық дұшпандық жағдайда болған. А.Е.Ефименко келтірген, мұсылман географтарының мəліметі бойынша, Ибн-Руст, «Худуд ал- Алемнің» авторы Мукаддаси, Гардизи жəне Марвазидің айтуынша, «Русь» тайпалары «корабльдермен келіп славяндарға шабуыл жасайды», оларды тұтқындап, Хазарияға жəне Булгарияға апарып құлдыққа сатады екен [6;13].
Академик Б.А.Рыбаковтың айтуынша, «Русь» полян тайпаларының негізінде пайда болған ірі саяси бірлестік көрінеді. «Русь» деген ұғымға славяндардың бір бөлігі кіреді екен. «Русь» халқының «Рос» жəне «Рус» деген екі аты өте ертеден белгілі болыпты. Византийлықтар «Рос», ал араб-парсы авторлары IX–X ғасырларда «Русь» деп қолданыпты. Орыстардың ортағасырлық жазуында «Орыс жері» жəне «Орыс правдасы» атауы қатар қолданылады екен. Осы екі атауда біздің заманымызға дейін жетіп отыр: «Россия» жəне оның тұрғындары — орыстар. Ал, академик Б.А.Рыбаков «Рос» жəне «Русь» тайпалары б.з. IV ғ. белгілі славяндардың өз атаулары деген тұжырымды ұсынады [7].
«Русь» сөзінің шығуы төңірегіндегі талас көне авторлардың, жылнамашылардың түсінігінің жəне болжам-жорамалдарының молшылығынан болуы мүмкін. «Русь», «россы» сөздерін Днепрге құятын, Киевтен төменірек орналасқан Рось өзенінен шығаратындар да бар. Орыстың атақты ғалымы М.В.Ломоносов, Г.Ф.Миллердің варяг-рустардың скандинавиялық немесе германдық пікіріне, славяндардың Шығыс Еуропада ежелгі халық екендігін, славяндар мен рустардың этникалық тұтастығын «русь» атының Рюрикті шақырғанға дейін болған көне атау екенін дəлелдеуге тырысты [8]. В.Н.Татищев, XVIII ғ. II-ширегіндегі ірі дворян тарихшысы «Русь» тайпаларын варягтарға туыс тайпа ретінде сарматтарға жатқызып, Новгород жерінің көне тұрғындарының қатарына қосты. Рюрик-Гостомыслдың əулетін жалғастырушы, оның қызының күйеуі ретінде бейнеленеді. Сөйтіп, Татищев «Повесть временных лет» жылнамасындағы аңызды өзінше түсіндіріп, көне орыс мемлекетін құрудағы норманн-германдықтардың ролі жөніндегі Байердің теориясын алып тастайды [9].
А.И.Манкиев «Сказание о князьях Владимирских» жылнамасына сүйеніп, Рюрик бастап келген варягтардың, Рим императоры Августың туысы Прусстың атынан келгенін айтады. Прусстың мирасқоры, орыс князьдерінің əулетінің негізін құрған Рюрик көрінеді [3; 67].
Ал, шыққан тегі серб Юрий Крижанич «Политика» деген кітабында көне орыс мемлекетінің құрылуына байланысты айтылатын славяндардың «Августпен əулетті байланысы» бар екендігін ертегі деп санады. «Русь» сөзі, нормандықтардың пікірінше, алғашқыда, өз билігін, қол астындағы бағынышты славян халқына берген нормандарға байланысты шығыпты [10].
Б.А.Рыбаков алғашқы айтқан ойынан мүлт кетпей, бұрынғыдай, «Русь» терминін Днепрдің ортанғы ағысын бейнелейтін географиялық мəні бар ұғым деп түсіндіреді. «Русь» терминінің шығуы жөніндегі дау-дамай əлі күнге дейін басылған жоқ. Негізінде, ғалымдардың барлығы дерлік, «Русь» терминінің шығуын скандинавтар мен швед-герман тайпаларымен, Шығыс Еуропады қимыл жасаған нормандықтармен тығыз саяси қарым-қатынаста болған славяндардың олардан «Русь» атын алуы немесе жергілікті тайпалардың «Русь» деген атын нормандардың алуы мүмкіндігімен байланыстырады. «Русь» терминін Скандинавиядан келген нормандықтарға қатынасы бар деп санайтын ғалымдар, «Ruotsi», немесе «Roslagen», атымен байланыстырады. Ro(d)slagen — Ruotsi — русь — Rhos — бұл нормандықтардың классикалық формуласы. Швецияның Ruotsi деген финдер қойған аты тікелей Roslagen деген терминінен емес, осы территорияда тұратын халықтардың атынан шыққан көрінеді. Ал, осы жердегі халықтарды «ескекшілер», «теңізде жүзушілер» — Ruotsi деп атапты. Сөйтіп, «Ruotsi» термині «ескекпен есетін жауынгерлер» деген мағына береді. Сонда «Русь» шведтер болды ғой.
Шығыс славяндар, немесе Византия қызметіндегі шведтер, өздерін кейде «Рос» немесе «Русь» деп атапты. Ал шведтерді шығыс славяндар «свей» немесе көбінесе «варяг» деп атайды екен. Олай болса, Ильмень словендері, кривичтер жəне угро-финдер варягтарды «бізді билеңдер» деп шақырғаны, «Русь» атының Балтық жағалауына байланысты шыққаны Новгородта құрылған мемлекетті варягтардың көсемі викинг Рюрик құрғаны шынымен расталады. Бірақ «Русь» терминінің скандинавиялық екенін мойындағанның өзінде IX ғ. 30-шы жылдарында белгілі болған «Орыс қағанатын» құрған орыстар («русьтер») Киевке қалай келген? Сонда 882 жылы əскербасы Олег Киевке билікті кімдерден тартып алған? Варягтардың көсемі — Олегтың ұлты орыс, əлеуметтік жағынан варяг болғаны ғой. Біздің түсінігімізше, варяг жалдамалы əскер деген мағынаны береді. Англиядан Руське дейінгі орасан зор территорияда мемлекеттердің құрылып жатқан өзгерісті кезеніңде, варягтар (нормандар) ертеортағасырда Еуропаның аренасына шығып, əр түрлі елдердің тарихында маңызды роль атқарды. Мəселен, 1066 жылы варягтар Англияны жаулап алып, онда өзінің билеуші əулетін орнатады. Бірақ та ағылшындар бұл фактіні жасыру немесе мойындамау дегеннен аулақ, ол олардың абыройына дақ түсірмейді.
Византия жəне мүсылман авторларының сөз қылған «русь» тайпалары осы əңгіме болған «Скандинавия (норманн) тайпалары ма, əлде Қара теңіз жағалауында мекендеген, готтардың қалдықтары ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Қалыптасқан көзқарас бойынша, варягтар нормандарға жатады. Ал орыстар — Византияға славяндарды құлдыққа сатып, пайда табатын теңізшілер. Олар Қара теңіз, Тамань жартыаралында мекендеп, кейін қанатын кең жайып, Днепрдің ортаңғы ағысына дейін барып, хазарлармен бірігіп «Орыс» қағанатын» құрған, шыққан тегі солтүстік-германдық тайпа деп айтуға болады. IX–X ғғ. I-жартысындағы жылнамашылар «Русьті» «варяг» деп, славяндарға қарама-қарсы қояды да оларды оның жаулары варягтармен теңестіреді.
Ярослав Мудрыйдың «Орыс правдасында»... кісі өлтірген адамнан, басқаша айтқанда, орыс (варяг) тайпасынан немесе славяниннан 40 гривен штраф алу керек деп белгілеген [11].
«Əулие» Владимирдің (Владимир Святославич. — Б.Қ.) тұсында, X ғ. басында, орыс пен славянин бірігіп кетті деген пайымдаудың қате екенін айтқымыз келеді. Жоғарыдағы мəтіннен орыстар мен славянин, əлі де болса, бөлек халықтардың өкілі екендігі айқын байқалады. Оның есесіне русьтер (немесе орыстар) мен хазарлардың арасы алғашқыда тату-тəтті болған. Парсы дерегі «Русь» пен Хазар бір əке, бір шешеден туған. Русь өскен соң, оған ұнаған жер болмаған соң Хазарға хат жазып, оның елінің бір бөлігін беруін жəне өзінің сонда қоныстанатыны туралы айтады. Сосын Русь Неаполь Скифский деп аталатын Симферопольдің қасындағы Қырымға орналасады. Осы деректерге үңілсек, «Русь» тайпасының Шығыс Еуропада мекендеген көне «варвар» тайпасы болғанын, олардың Болгар (Кама) жағында, «Сакалиба» арасында, Еділ өзенінде тұрғанын, «Куябаның», мүмкін, Киевтің Русьтердің қаласы емес екендігін түсінуге болады. Осы мəтіндегі «Сакалиба» жөніндегі талас ұзақ уақытқа созылған. Кейбір авторлар оларды түркі тілдес-буртас жерінде тұратын түркі-финнің қоспасы деп санаса, ортағасырлық əл-Куфи бұл «Сакалиба» деген ұғымға Шығыс Еуропадағы барлық «кəпірлерді» кіргізеді. Ал Хорезми 836–847 жж. «Германия Сакалибаның елі» деп жазыпты. Əл-Масуди Сакалибаға «немістер мен түріктерді» (венгрлерді) кіргізіпті. Əрине, славяндар да сатылатын құлдардың қатарында болған. Бірақ əл-Масуди славяндарды «волыньдар» деп атап, славяндар мен сакалибаның бір ұғым емес екендігін дəлелдейді [5; 137].
А.П.Новосельцев Киев қаласы ол кезде волынь славяндарын — дулебтердің қарамағында болуы мүмкін, ал олардың патшасы — Дир болуы ықтимал деген жорамал жасайды. Осыдан ол «русьтердің аралы», дұрысында — елі, Шығыс Еуропаның солтүстік бөлігінде орналасқан деп қорытынды жасайды. Кейінірек Киевті алдымен Аскольд, сосын Олег жаулап алды дегенді де айтады. IX ғасырда русь пен славяндардың ешқандай ұқсастығы да болмаған. Тіпті олар қатар өмір сүрмеген. Олардың арасында немесе Балтық теңізі немесе түркі тайпалары (Солтүстік Қара теңіз жағалауы. — Б.Қ.) орналасқан. Бұлай дейтініміз, 370 жылы ғұндардан жеңілген русьтердің Тьмутараканьда тұрып қалған, готтардың бір бөлігі дейтіндер де бар. Олардың Қырымға Дон-Донец аралынан келгені, Сурожда (Судак) жеткенше Қырымның жағалауларын, Корсунь (Херсонес) мен Керчке дейінгі жерді тонағанын, əсіресе шіркеулерге көп зиян келтіргенін Сурожда (Судакта) русьтің көсемінің шоқынып, сосын тартып алған олжаларын шіркеулерге қайтарғанын Г.В. Вернадский айтқан болатын. Русь тайпалары сан жағынан шамалы, бірақ та жігерлі, батыл, кейде көпес, кейде теңіз қарақшылары болып та суреттеледі. Қай жақтан да алып қарамасаңда орыстардың əйтеуір гот тайпасынан шығатыны анық. Русь тайпаларының жыртылған жері болмайды, славяндардан тартып алынған азық- түлікпен қоректенеді деп жазыпты X ғасырдың I-жартысында өмір сүрген шығыс ғалымы Ибн-Рус [5; 140–143].
Русь тайпаларын ортағасырдағы Византия жəне Еуропа географтары жақсы білген, ал славяндарды оларға түсіндіру қажет болыпты. Басқа деректерде, арабтар мен византиялықтар оңтүстік-шығыста тұратын бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі халықты біліпті: біреуі — славяндар оларды византиялықтар анттар деп атайды, екіншісі — русьтар. Соның ішінде арабтар мен византиялықтар славяндардан гөрі русьтарды жақынырақ біледі екен. Олардың суреттеуінше русьтар теңізде жүзетін халық жəне өте-мөте пысық: өз кемелерімен тонау мақсатымен біресе Кіші Азия жағалауларына, біресе Константинопольге, тіпті, ең ақырында Каспий жағалауларына да барады. Сонымен қатар бұл халық — саудагерлер, көбінесе құлдар мен аң терісін сататын халық. Русьтарды, оларға жеткен хабар бойынша, қаған титулы бар адам басқарады екен, хазарлардың да билеушісін де қаған деп атайтыны белгілі. Бірақ осы теңізде жүзетін, демек, теңіз бойында тұратын Русь қай жерде мекендеген екен? Мүмкін, Қара теңіз жағалауында мекендеген шығар, оны бостан-бос сол кезде Орыс теңізі деп атамады ғой?! Нақты қай жерде орналасқан екен? Алғашқы орыс жылнамасы жиі-жиі жəне жұмбақ түрде былай деп жазады: «Бір жер бар, нақ, осы жерде, нақты белгілі болғандай, готтардың, византиялықтар айтатын, тераксит, немесе тмектрасита (Таматарка, Тмутаракань), деп аталған қалдықтары уақытында кідіріп қалып қалған көрінеді».
Ол жөнінде араб жазушысы Ибн-Руст былай деп жазыпты: «Русь көл қоршаған аралда тұрады. Оның көлемі орман мен балшықтардан тұрады, үш күндік жерге тең келеді». Шамасы, осы суреттеуге Тамань жарты аралы дəл келеді. Қалай болса да, IX ғ. ортасында хазарлардың шешімі бойынша Константинопольге шабуыл жасаған Русь Балтық немесе Варяг теңізінде емес, Қара теңіз немесе Орыс теңізінде болуы əбден ықтимал. Константин Багрянородныйдың айтуынша, сол кезде, тіпті кейініректе, Русь тайпалары славяндар арасында тұрғанда да өз тілінде сөйлеген. Император Днепр табалдырықтарының аттарын екі тілде (славян жəне «орыс», яғни герман тілінде) келтіреді. Гректер, Олег пен Игорь қол қойған елшілермен қонақтардың аты бүтіндей немісше естіледі, əрине, олар славян емес еді, олар «русь руынан еді»: Карл, Фарлаф, Рулав, Роалд, Игельд, Либпарь» [6; 34,35].
Не дегенмен де, Русь терминімен «Руг» деген терминді византиялықтар шатыстырып алған да кездері болған. Мəселен, 959 ж. епископ Адальберт, Ольганы ругтердің королевасы, ал Англияның принці Эдуард (989–1017 жж.) Ярослав Мудрыйды «Руссия деп атайтын, руг жерінің королі» деп атапты [12].
Мұндағы «ругтар» кім? II–V ғасырлардағы готтарға қарсы соғысқан тайпалар екендігі ғана белгілі екен. Осыдан олардың германдық емес, готтарға қарсы тұрған «солтүстік иллириецтер» болуы мүмкін [13].
IX–X ғғ. өмір сүрген авторлар русь пен славяндардың екі түрлі этнос екендігін хабарлаған. Русь тайпаларының славяндардың дұшпаны, хазарлардың вассалдары жəне варягтардың достары ретінде суреттеген. Сонымен қатар скандинавиялық варягтарды жергілікті русьтермен теңестіру, ұқсатуға негіз жоқ. Бірақ орыс мемлекеттігінің шығуына бір-біріне жақын, туыс екі элементтердің қатысқанын айту қажет. Қара теңіз жанындағы русь пен скандинавиялық нормандар (варягтар) араларындағы болған қақтығысуларды орыс жылнамалары хабарлайды. Мəселен, варягтардың көсемі Хельге (Олег. — Б.Қ.) Киевке келіп, сол жерде билік еткен славян князьдерін Аскольд пен Дирді өлтіріп, билікті өз қолына алып, Киевте варягтардың үстемдігіне қол жеткізеді. Сөйтіп, Рюрик əулеті Киев қаласында өз билігін орнатады. Бұл бір вариант. Екінші вариантта Аскольд пен Дир славян князьдері емес, уақытында викинг Рюриктің (Константинопольге əлде жорыққа, əлде елшілікке жіберген) өзі жіберген воеводалары, жалдамалы əскерлері (варягтары) болыпты, Киевке келіп, өз биліктерін орнатқан екен. Осы суреттерде Русь пен варягтарды бір этнос ретінде біріктіріп жіберу бар.
Ең анығы, біріншіден, «Русь» солтүстік-германдық тайпаларға жатады, ал екіншіден, ол Киевке халық немесе тайпа ретінде емес, жасақшылар мен жалдамалы топ (шайка) ретінде келді деген кейбір авторлардың көзқарастары да бар. Русь санымен күшті болмады, саны көп болса, олар аз уақыт ішінде өздерінің ұлттық ерекшеліктерін, тілін жəне тұрмысын жоғалтып, славян элементтеріне сіңісіп кетпес еді. Русь əскер жəне сауда саласындағы тəжірибесімен, əскери ұйыммен, теңіз жəне Балтық жағалауындағы варягтармен туыстық байланысымен ерекшеленеді. Сөйтіп, ат төбеліндей, аздаған келімсектер тоғыз жолдың торабы, Днепрдің ортаңғы ағысында орналасқан Киев қаласы арқылы, жергілікті адамдарға (туземецтерге. — Б.Қ.), соның ішінде славян, угро-финн т.б. тайпаларға өз үстемдігін орнатып, билігін Днепр жəне оның құйылыстарында орналасқан тайпаларға оңай таратты деп айтуға əбден болады. Оның үстіне солтүстік-батыс славяндар тұрғысында келімсектердің табысының нəтижелі болуына жергілікті славян, угро-финн тайпаларының жағдайы да себеп болды. Шығыстан оларға өздерінің қанатын, Еділ өзенінен, Дон бойынан Днепрге дейінгі зор аймаққа кең жайған мықты түркі тілдес хазар тайпалары қауіп төңдіріп тұрды [14].
Ол кезде хазарлар ең мықты, дамуы, қабілеті жағынан басқа славян тайпаларынан, ілгері тұрған поляндардан, радимичтерден, северяндардан, вятичтерден (егіс өнімімен, аң терісін, бал т.б. өнімдерден. — Б.Қ.) алым-салық ретінде алып тұрған болатын.
Билік басына келген варягтар (русь тайпаларымен бірге) тек хазарлар жағынан төнген қауіпті ғана жойған жоқ, сондай-ақ көршілес жатқан славян жəне угро-финн тайпалары территориясы тұрғысынан орыс мемлекетінің шекарасын кеңейтуді де ойлайды. Жаңадан құрылып тарихи сахнаға шыққан орыс мемлекетіне жалғыз хазарлар жағынан ғана қауіп төнген жоқ. Мадьяр, печенег, торкі, қара бөріктілер жəне басқа да үлкенді-кішілі түркі тайпаларынан төнген қауіп орыс мемлекетінің тағдырының қалай болатынын күн тəртібіне қойды. Керісінше, X ғ. таман жеңіске қол жеткізген орыстар мен Киев жəне Новгород славяндары арасында қарқынды қан араласуы (метисация) болып, сонымен бірге сан жағынан едəуір көп славяндардың əдет-ғұрыптары, салт-дəстүрі мен тілі салтанат құрды. Олай болса, ертеортағасырлық Орыс мемлекеті, түпкі нəтижесіне, славяндық болды деп айтуға болады. Киев Русі, орыстардың атын жəне Рюрик əулетін алады, бұл əулет 882–1598 жылға дейін Иван IV баласы, Федор Иванович, өлгенге дейін өмір сүреді.
Алғашқы жүзжылдықта этноним «Русь» мемлекетінің жəне сол мемлекетті құрған, негізгі халықтың атына айналады. Осыдан 100 жыл бұрын атақты орыс тарихшысы В.О.Ключевский «Русь» термині жөнінде: «Əлі күнге дейін осы құпия сөздің не шығу тарихы, не этимологиялық мəні қанағаттанарлық түсіндірілмеді» деген екен [15].
Бүгінде «Русь» терминінің шығуы туралы мəселе ақырына дейін шешілген жоқ. Ұзақ уақыт тарихнамада «Русь» терминінің шығуына байланысты бірі «сырттық импульс» (норманн), екіншісі автохондық (славяндық) бағытқа бейімделген екі көзқарас орын алды.
«Повесть временных лет» жылнамалар жинағында шығыс славяндарда мемлекеттің шығуының варяг (Новгородтың. — Б.Қ.) концепциясымен қатар, славяндық (Киевтік. — Б.Қ.) концепциясы да əңгіме болады. Нестордың («Повесть временных лет» жылнамалар жинағының авторы. — Б.Қ.) варягтардың кезеңіне дейінгі дəуірді қамтитын əңгімесінде славяндардан шыққан ағайынды үш адам: Кий, Щек жəне Хорив жөнінде мəлімет келтіріледі. Жылнамашының айтуынша, ағайындылардың үлкені Кий, кейбіреулер ойлайтындай Днепрден кісілер таситын ескекші емес, Царьградқа (Константинопольге. — Б.Қ.) жорықпен барған славян князі ретінде суреттеледі. Кий князьдердің славян əулетінің негізін салушы, ал Киев полян тайпа бірлестігінің əкімшілік орталығы ретінде бейнеленеді [6; 65].
Византия, араб деректерінде «Русь» термині тек IX ғ. айтыла бастаған. Сондай-ақ славяндар туралы мəліметтер грек-латын əлемінде кейініректе пайда болған. Венедтер туралы Римде тек б.з. I ғ. айтылады немесе жазылады (Плиний, Тацит); грек жəне латын деректерінде славян аты тек VI ғ. белгілі болады.
Византия деректері VII ғасырдан бастап аттары аталмайтын анты тайпаларынан басқа шығыс славяндардың ертеортағасырлық этнонимдерін білмеген, тек X ғ. ортасында Константин Багрянородный олардың біразының тізімін береді [16].
Славяндар туралы мəліметтердің тым аз болуын Византия мен шығыс славяндардың арасындағы саяси байланыстардың болмауымен, сауда байланыстарының дамымағанымен, сондай-ақ, ең бастысы, Византия мен шығыс славяндар арасында, Солтүстік Қара теңіз жағаларында құдіретті көшпелі: хазар, авар, печенег, оғыз тайпаларының кең орналасуымен түсіндіруге болады. Сондықтан да византия жəне араб деректерінде «Славян» жəне «Русь» терминдерінің тым кеш белгілі болуына таңғалуға болмайды. Днепрдің құйылысы — Рось өзенімен байланыстырып, оның бассейнінде русь (орыс) этносының тайпалық орталығын — поляндар мекендеді дегенде көзқарас бар. Бірақ та лингвистер «Русь» терминінің «Росьтен» шыққанын жоққа шығарады. Олардың дəлелдеуінше, орыс тілінің даму тарихында сөйлемдегі сөздердің дағдылы тəртібін өзгеру, алмастыру (инверсия) мүмкін емес көрінеді.
Кейбір тарихи əдебиеттерде, сондай-ақ академик Б.А.Рыбаков қолдайтын, Русь — бұл славян тайпаларының бірі деген версияны да кездестіруге болады. Тіл мамандарының кейбіреуінің айтуынша, «Русь» термині оңтүстікке солтүстіктен келген. Олардың пайымдауынша, этимологиялық жағынан бұл термин финдердің шведтерді Ruotsi деп атағанынан шыққан. «Русь» финн сөзі «Ruotsi» деп шықса, ол өз кезегімен шведтің «Roods» («ескекшілер») сөзінен шыққан деген «нормандар» мен «антинорманистердің» нəтижесіз таластары «Русь» терминінің шығуы туралы мəселеге мүлдем ғылыми сипаты жоқ түсініктерді енгізу өзінің белгісін қалдырады. Бұл ұғымда таза славянизмді көруге тырысу XVIII–XIX ғғ. ғылыми ортада болса, ол түсінікті еді, бірақ та қазіргі кезеңде этникалық «Русь» терминін əуел бастан ежелгі славяндық деп жобалау (априорлық) негізсіз жобалау, негіздеу болып табылады. Себебі осы гипотезаны дəлелдейтін бірде-бір дерек өмірде жоқ тайпалардың, халықтардың, өзінің атын сырттан, көршілерінен алатыны тарихта көптеп кездеседі, мұның ұлттық намысты қорлайтындай түгі жоқ.
Киев дəуірінде «Русь» алғашқыда əулеттік ат болады, кейіннен бұл термин славян, чуд жəне варяг элементтерінен тұратын жоғарғы билеуші таптарға тарайды. Тек XII ғасырда ғана русьтер мен славяндар түпкілікті бірігіп кетеді де бір этносты — орыстарды құрады деп қорытынды жасауға болады. Осы кезде варягтардың «Рюрик» əулеті, шамасы славянданып кетеді де, «Русь» термині этникалық атқа, этнонимге айналады. Сонымен қатар «Русь» термині территориялық бөлік ретінде де қолданыла бастайды. Егер де IX ғ. аяғында Русь Днепрдің оң жағалауындағы кішкене ғана орталығы Киев жəне оңтүстіктегі шекарасы Рось өзенімен шектелетін территорияны иемденген болса, XII ғ.
«Русь» ұғымы оңтүстік-орыс жері деп аталатын территорияны біріктіреді. Сол кезде Русь жөнінде мемлекет ретінде көзқарастар қалыптаса бастайды.
Русьте де, мəселен, Францияда болған жағдай қайталанады. Онда алғашқыда «франк» деген этникалық атты кішкентай ғана Иль-де-Франс облысы («Франк аралы») алды, ол кейін дамып келе жатқан Францияның орталық ядросына айналады.
Əдебиеттер тізімі
- Йордан. О происхождении и деяниях готов. Комментарии. — М.: АН СССР, 1960. — С. 17–78.
- Прокопий Кесарийский. Война с готами / Пер. с греч. С.П.Кондратьева. — СПб.: Алетейя, 2001. — С.
- Манкиев А.И. Ядро Российской истории. — М.: Сенатская типография, 1784. — 392 с.
- Рыбаков Б.А. Древняя Русь. Сказания, былины, летописи. — М.: Изд-во АН СССР, 1963. — С.
- Новосельцев А.П. Восточные источники о восточных славянах и Руси VI–IX вв. // Древнее русское государство и его международное значение. — М.: Наука, 1965. — 931 с.
- Повесть временных лет / Под ред. А.А.Шахматова. — Ч. 1. — М.: Изд-во АН СССР, 1950. — 555 с.
- Рыбаков Б.А. Мир истории. Начальные века русской истории. — М.: Молодая гвардия, 1984. — С. 36,
- Ломоносов М.В. Полное собрание сочинений. — Т. 6. — М.: Сов. Россия, 1955. — С. 35,
- Татищев В.Н. История Российская с самых древних времен. — Т. — М.; Л.: Император. Москов. ун-т, 1962. — С. 223.
- Историография истории СССР. С древнейших времен до Великой Октябрьской социалистической революции / Под ред. В.Е.Иллерицкого, И.А.Кудрявцева. — М.: Высш. шк., 1971. — С.
- Юшков С.В. Русская правда. Присхождение, источники и ее значение. — М.: Гос. изд-во период. лит., 1950. — С. 136, 137.
- Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая Степь. — М.: Наука, 2001. — С.
- Кузьмин А.Г. Падение Перуна. Становление христианства на Руси. — М.: Наука, 1988. — С.
- Ефименко А. История украинского народа. — Вып.1. — СПб.: Акц. общ-во Брокгаузъ – Ефронъ, 1906. — С.
- Ключевский В.О. Сочинения. — Т. 2. — М.: Политиздат, 1957. — С.
- Ловмяньский Х. Русь и норманны / Пер. с польск. Общ. ред. члена-корр. АН СССР В.Т.Пашуто, В.Л.Янина. — М.: Прогресс, 1985. — С.