«Славяндар өздерінің тарихи территориясына кайдан жəне қашан келді?» деген сұраққа алғашқы жауап беруге талаптанған, XII ғ. өмір сүрген «Повесть временных лет» жылнамалар жинағының авторы Нестор болатын. Нестордың айтуынша, славяндардың ең көне территориясы төменгі Дунай мен Паннония болған көрінеді [1].
Славяндардың Дунайдан қоныс аударғаны туралы жылнама əңгімесі, славяндардың шығу тегін түсіндіретін Дунай (немесе Балқан) теориясының қалыптасуына негіз болады. Бұл көзқарасты ортағасырдағы авторлар (XIII–XV ғғ. поляк жəне чех хронистері) [2] жəне XVIII–XX ғасыр басында өмір сүрген дворян ғалымдары (С.М.Соловьев, В.О.Ключевский жəне т.б.) қолдайды.
Жылнамалардағы «славян тайпаларының Азиядан келгендерін, оларға ол жақтан алып келген көсемнің атын ұмытып қалса да, славяндардың Дунай жағалауында болғандарын есте сақтап қалған аңыздардың дұрыстығына» сенген С.М.Соловьев, славяндардың отанын сол жақта болған деп есептейді [3].
Славяндардың Еуропадағы ең көне отанын Н.М.Карамзин Дунай мен Карпат баурайынан іздестіреді [4].
Славяндардың шығу тегі проблемасын ғылыми түрде зерттеу XVIII ғ. 30-жылдары басталады. Алғашқының бірі болып бұл мəселеге мəн берген ғалым — П.И.Шафарик болатын. Оның тарихи ізденісіне негіз болған дерек көне антика авторларының венедтер туралы жəне Йорданның этногеографиялық мəліметтері болып есептеледі. Шафарик славяндардың Орталық Еуропада өте ерте кезден бастап мекендегенін дəлелдеуге тырысты. Карпаттың солтүстігі мен солтүстік-шығысында, басқаша айтқанда, Галлиция, Подолия жəне Волын территориясындағы, тайпалар славян тілінде сөйлеген көрінеді. XVIII ғасырда П.И.Шафарик құрастырған славяндардың шығуының Карпат маңы (Прикарпатье) теориясы пайда болады [5; 7–13].
XVIII–XIX ғғ. лингвистер мен тарихшылар славяндардың отанын алғашқыда Азиядан, Иран таулы үстірттерінен іздейді. Еуропа материгін үнді еуропалықтар игеру бірінен соң бірі іске асқан қоныс аударумен түсіндіріледі. Осы қоныс аудару кезінде үнді-еуропалықтар бірнеше тіл тобына бөлінеді. Солардың біреуі қазіргі славяндардың ата-бабаларының тілі көрінеді [6].
Көрнекті буржуазия тарихшысы А.А.Шахматов өзінің еңбектерінде славяндарды «үнді-еуропа» тіл қауымдастығынан шығарады. Оның айтуынша, үнді-еуропалық қауымдастық ыдырағаннан соң славяндар алғашқыда Неман мен Батыс Двинада қоныстанған, славян-литва тайпалар семьясының құрамына кіреді. Славяндар Балтық жағалауындағы литва тайпаларынан бөлініп шыққаннан соң Висла өзені бассейніне жылжып, сол жерде өздерінің жалпыславяндық тарихын бастан кешіреді. Ең ақырында, жаңа бөлінулердің нəтижесінде жəне батысқа, оңтүстікке жəне шығысқа қоныс аударуы барысында алдымен олар көне, сосын XX ғасыр басында славяндардың этникалық картасын жасайды [7].
А.А.Шахматовтың пайымдауынша, Шығыс Еуропа жазығына славян тайпалары шығыс славяндардың отаны — Карпат тауынан келеді. Бұл өте кеш уақытта I-мыңжылдықтың ортасында болған тəрізді. Шығысқа жəне солтүстік-шығысқа жылжыған славяндар алдымен Днестр жəне Днепрдің ортаңғы ағысын, сонан соң ғана тұрғылықты халықтарды (туземецтерді) ығыстыра отырып, солтүстік облыстарды да басып алады. Сөйтіп VIII–IX ғғ. славяндар Днепрдің, Волховтың жəне Еділдің жоғарғы ағысына жетеді.
Шамамен славяндардың шығу тегін басқа да буржуазия славистері, мəселен, А.Л.Погодин, украин тарихшысы М.С.Грушевский де бейнелейді [8]. Олардың А.А.Шахматовтан ерекшелігі, славяндардың Еуропадағы алғашқы қоныстарын кеңейтіп Висла жəне Волын территориясына дейін таратады. 1901 жылы А.Л.Погодин көне авторлардың өзен аттары жөніндегі мəліметтеріне сүйене отырып, славяндардың Польша, Подолия жəне Волынь территорияларында мекендегенін дəлелдейді.
Поляк-ғалымдар да барлық славяндардың отанын Висла бассейніне апарады.
Русьтің тарихын В.О.Ключевский «варягтарды шақырудан» бастамайды. Орасан зор шығыс еуропалық жазықты славян тайпаларының игеруін, олардың VIII ғ. Дунай жағалауынан қоныс аударып келуінен бастайды. Ол: «Орыс халқына жататын славяндардың шығыс бұтағы, орыс жазығына оның бір пұшпағы оңтүстік-батыстан, Карпат баурайынан келген», — деген қорытынды жасаған [9].
Славяндардың Шығыс Еуропа жазығына келімсектер ретінде келді деген теорияға қарсы болғандар антинорманистер еді. Славяндардың «нағыз» отанын нақты дəлелдеуге тырысқан «норманистерге» қарсы олар өздерінің көзқарастарын білдіру үшін грек жəне латын авторларының мəліметтеріне сүйенеді. Антинорманистердің айтуынша, славяндар біздің заманның алғашқы жылдарында Балтық жағалауы мен Висла өзені бойын, сондай-ақ Карпат жəне Днепр бойының едəуір жеріне қоныстаныпты [10; 11].
Антинорманистердің алғашқы толқынын бастаған адам — орыстың атақты ғалымы М.В.Ломоносов болды. Орыс қызметіндегі белгілі тарихшы, неміс Г.Ф.Миллердің «Диссертациясына» пікір...» деген мақаласында, Ломоносов Шығыс Еуропа халықтарының, əсіресе славян-рустардың шығу тегі (этногенез) туралы өзінің ілімін жасайды [11].
Шығыс Еуропа территориясында екі этникалық тіл топтары — сарматтар мен скифтер өмір сүрген. Сарматтарға Ломоносов славяндарды жəне Балтық жағалауы халықтарын жатқызады. Алғашқыдағы славяндардың орналасқан жеріне Таяу Шығысты жатқызып, шығыс, оңтүстік жəне батыс славяндардың негізгі территорияларының көлемін белгілейді. Шығыста сарматтар- славяндарға, Кавказдағы аландармен байланыста болған роксолана тайпаларын енгізеді. Сонымен қатар ол славян тайпаларының үнемі Шығыстан Батысқа жылжуын қалпына келтіруге күш салады. Осыған байланысты ол варягтар-рустар туралы мəселені жаңаша шешуге кіріседі. Ол варяг-рустарды летто-литва тобындағы сармат-славян тайпаларына жатқызып, олардан прусстарды-«порустарды» шығарады. Сөйтіп Ломоносов орыс халқының жəне көне Орыс мемлекетінің славяндардан шыққаны туралы ілімді қалыптастыруға тырысқанын байқаймыз.
XIX ғасырдағы бірден бір антинорманист С.Гедеонов саналды. Ол норманистер сүйенген барлық деректерді сынға алып, Нестор жазба айғақтарға емес, «халық аңыздарына» сүйеніп, өзінің жорамалдарын ғана баяндаған деген тұжырымды ұсынады [12].
20-шы ғасыр аяғында славяндардың байырғы жерлерін Орталық жəне Шығыс Еуропаның орасан зор кеңістігіне апаратын ғалымдар да болды. XX ғасырда чех ғалымы Л.Нидерле топонимикалық материалдардың көмегімен славяндардың отанының шекарасын Припять өзенінің тармағына жəне батысында Эльбаға, шығыста Днепрдің жоғарғы ағысына дейін апарады [5; 10].
Көптеген тіл мамандары сол кезде үнді-еуропалықтар Еуропаға Азиядан Ұлы Қоныс аудару арқылы келді деген аңызды жоққа шығарады.
Славяндардың арғы ата-бабалары — үнді-еуропа тіл қауымдастығы тайпаларының б.з.д. III–II- мыңжылдықтарда, Таяу Шығыста, Тигр мен Ефрат өзені арасында жəне Кіші Азияда түркі тілдес тайпалармен, соның ішінде шумерлермен көршілес тұрғанын, сол кезде үнді-еуропа (славян) тілдеріне түркі тілдес халықтардың көптеген сөздерінің (оны лингвист-ғалым Олжас Сүлейменов көзге көрінбейтін түркі сөздері» («невидимые тюркизмы») деп атаған енгенін білеміз [13; 48–60].
Олай болса, славяндардың атамекені Таяу Шығысқа, Кіші Азияға жатқызу аңыздан гөрі шындыққа көбірек ұқсайтынын айтуымыз керек.
Славяндар мен түркілердің көне дəуірде, өте ертеде тіл жағынан байланысты болғанын поляк тарихшысы жəне этнографы К.Мошинскийдің ғылыми жорамалынан да байқауға болады [10; 13].
К.Мошинскийдің айтуынша, б.з.д. VII–V ғғ. славяндар Азияның бір жерінде өмір сүрген, шығыста олардың көршілері түркі тілдес халықтар, батысында — угорлар, оңтүстігінде скифтер болған. Мошинскийдің жорамалы ғалымдар тұрғысынан қатаң сынға душар болады. Олар славяндар мен түркілердің қандайда болмасын байланыстарына күмəн келтіреді. Не дегенменде батыс еуропа ғалымдарының пайымдауларының қате екендігіне Олжас Сүлейменовтың «Тюрки в доистории» атты еңбегінде келтірілген славян тілдеріндегі «көзге көрінбейтін түркі сөздері» дəлел бола алады.
Мəселен: утро, явь, ярко, осень, весна, буран, пурга, ураган, туман, овраг, бархан, капкан, собака, коза, кабан, волк, барс, барсук, шакал, суслик, саранча, орел, беркут, осина, сено, пшено, табун, косяк, лошадь, карий, чубарый, саврасый, алый, багровый, вор, улика, пахан, кореш, тюрьма, палач, башка, коса, кулак, кукиш, кадык, щека, рот, уста, ус, темя, кишка, ягодица, грязь, кирпич, язва жəне т.б. көне түркі сөздері өте ертеде үнді-еуропа халықтарының, соның ішінде славяндардың сөздік қорына кіргені талас тудырмайды [13; 10, 11].
Жоғарыда келтірілген «көзге көрінбейтін түркі сөздері» түркілер мен славяндардың нəрестелік жəне жасөспірім шақтарында кездескендерінің куəсі екендігіне күмəн келтіруге болмайды.
Олжас Сүлейменов айтқандай, көптеген еуропа халықтарының тілдері түркі тілдеріндегі қолданудан ертеде шығып қалған түркі сөздерін тамаша сақтайтын орны болып саналады екен [13; 18].
Еуропаға жойқын күш ретінде басып кірген түркі тілдес сақ (скиф), ғұн, сармат, авар, болгар, печенег, оғыз (қазіргі Дағыстан территориясында ұлы мемлекет құрған хазарларды да міндетті түрде осылардың қатарына жатқызуымыз керек. — Б.Қ.), қыпшақ (половецтер мен кумандар), ең соңында түркі-монғол (Алтын Орданың негізін құрған түркі халықтары. — Б.Қ.) тайпаларының славян жəне тағы да басқа үнді-еуропа халықтарына ықпалы б.з.д. VIII ғғ. – б.з. XIII–XV ғғ. дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды.
Ал «көзге көрінбейтін түркі сөздері» үнді-еуропа халықтарына соның ішінде славяндарға б.з.д. III-II мыңжылдықтарда Азияның бір түкпірінде, мүмкін, Таяу Шығыс, Кіші Азия аймағында немесе, Исмаил Мизиевтің пайымдауынша [14], Еділ мен Жайық өзендері арасындағы, қорған мəдениетін таратушы — үңгір, шұңқыр, қималы археологиялық мəдениет тайпаларының көршілерімен қарым- қатынасы нəтижесінде славяндарға түркі сөздерінің енуінің əбден мүмкін екендігін айтуымыз керек.
20 -шы ғасырдың 50-жылдарында археологияның мəліметтері негізінде славяндардың шығу тегі мəселесін М.И.Артамонов пен П.Т.Третьяков шешуге тырысады. М.И.Артамоновтың айтуынша, лужицк, теңіз бойы (помор) жəне пшевор мəдениеттерін көне славяндар қалдырыпты. Бірақ та славяндардың территориясы Висла-Одер аймағымен шектелмепті, ежелгі дəуірден славяндар Днепрге дейінгі жерді алып жатыпты. Геродоттың неврлері, гелондары жəне будиндері, М.И.Артамоновтың айтуынша, славяндар болған. Оның айтуынша, славян тілі Висла жəне Днепр бойында энеолиттің соңында — қола дəуірінің басында үстем болыпты. Днепр бойындағы зарубинец жəне черняков мəдениеттері славяндардікі көрінеді [15].
П.Т.Третьяковтың айтуынша, Эльбадан Днепрге дейін қоныстанған «баулықталған керамика» («шнуровая керамика») тайпалары (б.з.д. II-мыңжылдық) прославяндар болыпты [5; 19].
Славяндардың тарихын, соның ішінде, Русьтің тарихын жан-жақты зерттеген белгілі кеңес тарихшысы, академик Б.А.Рыбаковтың айтуынша, б.з.д. II мыңжылдықтың арасы жалпы үнді- еуропалық массивтен славян тілдері семьясының бөлініп шыққан кезеңі көрінеді. Ол сол кездегі славяндардың ата-бабасын «праславяндар» деп атаған. Славяндар алғашқы қоғамдық құрылыс денгейінен бастап барлық тарихи дəуірді басынан кешіріпті. Кейінірек бірыңғай праславян əлемі біртіндеп ыдырауға ұшырап əр түрлі этникалық тайпалардан жаңа қауымдастықтар құрала бастайды. Праславяндардың осындай бір жаңа қауымдастыққа кіруі олардың бірыңғай мəдениетін бұзады. Бірақ та, Б.А.Рыбаков атап өткендей, ол жалпы праславян тіліне əсерін тигізбейді [16; 12].
Шығыс славяндардың сол кездегі мекендеген жерін Б.А.Рыбаков кейін Киев Русінің ядросына айналған Днепр өзенінің ортаңғы бөлігіне орналастырады. Ол жерде олардың шаруалығы тез дами бастаған. Днепрдің ортаңғы бөлігіндегі егінші славяндар бидай, сұлы, қара бидай, тары өсіріпті. Рим империясына астықты экспортқа шығару үшін егін шаруашылығының дамуына көп көңіл бөліпті. Шығыс славяндардың халықаралық жағдайы бүкіл Еуропада тарихи процесті анықтап тұрған Рим империясының тағдырымен тығыз байланысты болыпты. Катализаторы Рим болғандықтан, жүздеген варвар тайпалары, соның ішінде славяндар да бар, тез қарқынды даму жағдайында болған көрінеді. Сауда-саттықтың дамуы, көсемдерді сатып алып, жалдамалы əскерлерді шақыру, жерлерді жаулап алу, міндеттіктер тағайындау — осының бəрі тайпалар арасында жіктелуді жеңілдетіп, тайпа жасақшыларын (дружиналарды) Рим билігінен босануға жəне Рим қалаларындағы байлықтарды тартып алуға итермелепті. Ішінде славян тайпалары да бар, «варварлар» бірнеше жаулап алу жорықтарын ұйымдастырыпты. Осы кездегі соғыстар славяндардың болашақтағы тарихи дамуына өз ізін қалдырыпты.
370 жылғы ғұндардың Солтүстік Қара теңіз жағалауларындағы гректердің құл иеленуші қала мемлекеттерін талқандауы, ортаңғы Днепр бойында өмір сүрген славяндардың гүлденуіне кері əсерін тигізді деп санайтын тарихшыларды бар.
Олардың айтуынша, жаулап алу процесінде ғұндар орманды-далалық славяндардың күл- талқанын шығарғанмен ортаңғы Днепрді өздерінің билік жүйесіне қоса алмапты (сонда «егінші- скифтер» кімге салық төлеп тұрған екен? — Б.Қ.) [17].
Енді осы жəне жоғарыда көрсетілген фактілерге тереңірек үңілсек, көп шикіліктің бар екендігіне көзіміз жетеді. Ең бастысы, славяндардың ата-бабаларының — орманды-далалық славяндардың тым ерте уақыттан бастап, Днепрдің ортаңғы ағысында мекендегені жөнінде жазылғандардың шындыққа жанаспайтындығын айтуға тиіспіз. Кейбір авторлар украиндік жəне поляктық бағыттарды біріктіретін компромисті шешімдерді іздестіруге тырысады. Жалпы түрде бұл идеяны 1978 жылыVIII Халықаралық славистер съезінде академик Б.А.Рыбаков ұсынған болатын.
Поляк жəне украина археологтарының еңбегіне сүйенген Б.А.Рыбаков славяндардың атамекенін анықтаудың екі варианты бар екендігін айтқан болатын. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, праславяндардың алғашқы мекені 1) батыста Висла мен Одер өзендері бассейнінде орналасыпты (Қазіргі Польша территориясы. — Б.Қ.); 2) келесі бір зерттеушілер олардың атамекенін орманды- далалық жəне Киев орталығы болған орталық Днепр орман алқабына апарады [18].
Славяндарды Шығыс Еуропадағы автохонды халық екенін көрсеткісі келген орыс-кеңес тарихшылары осы екі вариантты біріктіріп қарауды ұсынады да, оларды қола дəуірінің гүлденген кезінен бастап, Орталық жəне Шығыс Еуропаның арасындағы кең алқапты орналастырады. Поляк жəне Украина археологтары б.з.д. XV–XII ғғ. жататын Тшинецк мəдениетін осы праславяндар қалдырды деп санайтындары белгілі.
Б.А.Рыбаков өзінің басқа да еңбектерінде, оның ішінде славяндардың пұтқа табынушылығы (язычество) жөнінде жазғанында осы позицияға сүйенеді [19].
Барша жұртқа белгілі болғандай, Б.А.Рыбаковтың ықпалының нəтижесінде қалың көпшіліктің əдеттегі санасына ғылыми кітаптарда, оқулықтарда, аксиомаға айналған славяндардың шығу тегі туралы қазіргі көзқарас қалыптасты. Б.А.Рыбаковтың концепциясы өте қарапайым жəне оның мəні төмендегіге саяды. Барлық уақытта Одер мен Днепрдің арасында белгілі бір «славяндық» біртұтас мəдениет: қола дəуіріне жататын Тшинецк — Комаров, темір дəуірінің басындағы лужицк-скифтік ғасыр шегіндегі пшевор-зарубинец кезеңі жəне Рим дəуіріндегі пшевор-черняков мəдениеттері өмір сүрген. Пшеворлық та, зарубинец жəне черняков мəдениеттері, шын мəнінде, құрылымы бойынша ұқсас. Бəрінде де үлкен қабірлер кездеседі, өлікті жерлеген жерден көптеген жəне əр түрлі фибулдер, жылтыратылған қыш құмыралар жəне т.б. табылады. Бұлардың барлығы, шын мəнінде, біртұтас «мəдени əлемді» құрастырады. Ал Одер өзені оның ешқандай да батыс шекарасы болып табылмайды екен. Оның артында осы «əлемге» жататын германдықтардың ясторф мəдениеті жатқан көрінеді. Пшевор мəдениетінің ескерткіштерінің батысында орналасқан, зарубинец жəне черняков мəдениеттеріне қарағанда айырмашылығы тым айқын байқалады екен. Олай болса, тек мəдениеттерінің ұқсастығына ғана қарап, славяндарды Рейнге жəне Оңтүстік Скандинавияға шейін «орналастыру» қажет көрінеді.
Б.з.д. VII–IV ғғ. скиф дəуіріндегі Орталық жəне Шығыс Еуропаның мəдени айырмашылығын Б.А.Рыбаков жорта айтпай, жасырын қойыпты. Осы жерлерде ешқандай Одер-Днепр мəдени біртұтастығы болмаған көрінеді. Нағыз скифтердің жəне олардың милоград, юхнов мəдениеттерін таратушы солтүстік көршілерінің ескерткіштері, синхронды теңіз бойындағы Польшаның мəдениеті мен жеке элементтері жағынан да, құрылымы жағынан да мүлдем ұқсамайды екен. Олар əр түрлі «мəдени əлемдерге» жататын көрінеді. Осы жорамалдан ертеславяндық мəдениет пен оның алдында болып өткен мəдениеттің айырмашылығын түсіндіру қиынға соғады [16; 12].
Археологияға жүгінсек, Шығыс Еуропаның оңтүстік-шығысында алғашқы далалық мəдениет ол — «үңгірлік» («катокомбная». — Б.Қ.), олай аталу себебі молалардың түріне байланысты болған. Ол археологиялық мəдениеттің гүлденген шағы б.з.д. II-мыңжылдықтың I-жартысына дəл келеді. Б.з.д. II-мыңжылдықтың екінші жартысында «үңгірлік» мəдениетті қималы («срубная») мəдениеті ығыстырып шығарады.
Шығыста ол б.з.д. XVII–XII ғасырларға жататын Тарбағатай мен Минусинск шұңқырына дейін созылып жатқан «андронов» мəдениетімен қиылысты. Осы орасан зор территорияда кейіңірек (б.з.д. XI–III ғғ.) қорған мəдениетін таратушылар (носители. — Б.Қ.) кимерліктер мен сақ-скиф тайпалары мекендеді. Олардың қай тілде сөйлейтінін бірден айтып кетуге болады — олар көне түркі тілінде сөйлеген!
Б.А.Рыбаков праславяндарды Шығыс Еуропаның, соның ішінде Днепрдің ортаңғы ағысына дейінгі жерлерде, тіпті тас дəуірінен бері мекендегенін айтады. Еуропада қола болмағандықтан, скиф шапқыншылығы кезінде праславяндар тас дəуірінен темір дəуіріне бірден аттап өткен. Ал молаларда табылған қоладан жасалған əшекей заттарды өздері шығармаса, қайдан əкелді деген сұраққа ашық жауап бермесе де, тас дəуіріндегі адамдар сауда-саттықты дамытуы арқылы — қола өндірілетін жерлерден əкелді деген ой сезіліп тұрады. Ол кезде сауда калай жүргізіледі екен? Славяндар қоланы қай аймақтан əкелді екен? Əрине, бұл сұрақтарға жауапты еш жерден кездестіре алмаймыз.
Б.з.д. II мыңжылдықтарда лужицк мəдениеті деп аталған аймаққа, қазіргі Польша территориясында, батыс славяндармен көршілес осы жердегі үлкен тайпа бірлестігінің көшбасшысы болған, кельт тайпалары да орналасқаны белгілі. Осы аталған қауымдастыққа алғашқыда əр түрлі тілде сөйлеген қырық құрақ (конгломерат) тайпалары кірген. Кельт жəне герман тайпалары жеке бөлініп шыққанда «венеттер» («венедтер») деген ат сол батыс славяндардың атауы ретінде сақталынған. Көне авторлар (Плиний, Тацит) венед деген атпен славян тайпаларын атапты. Плинийдің, Тациттің жəне Птоломейдің мəліметтеріне сүйенсек, біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында венедтер (славяндардың ата-бабасы боп есептеледі. — Б.Қ.) Балтық теңізі мен Карпат аралығында, Висла өзені бассейінінде мекендеген.
Ал б.з. I-мыңжылдығының ортасында славяндар туралы мəліметтер молырақ жəне əр түрлі. Славян этнонимінен басқа «ант» тайпалары аталады, Йордан олардың бұрынғы аты венедтер деп санаған. Византия авторлары (Прокопий Кесарийский, Агафий, Менандр Протектор, Феофилакт Симокатт, Маврикий) негізінде Дунай мен Балқан жартыаралығындағы славяндар туралы жазған [20].
Йорданның айтуынша, славяндардың батыстағы көршілері герман тайпалары, оңтүстік- шығысында — фракиялықтар, шығысында — түркі тайпалары (болгар тайпалары: кутугор жəне отугорлар. — Б.Қ.), ал солтүстік-шығыста — эст (балт) тайпалары орналасыпты [21].
Еуроцентристік теорияны қолдайтын ғалымдар славян əлемінің шығысында, Шығыс Еуропаның даласында скифтер келгенге дейін жергілікті славяндар прогрессивті даму жағдайында болғанын сөзге тірек етеді.
Б.з.д II–I-мыңжылдықтың арасында соқалы егіншілік пайда болды, ол шаруашылықтың барлық жүйесін шұғыл көтереді. Б.з.д. VI–V ғғ. жүйелі түрде Грецияға, Қара теңіздегі Ольвия арқылы праславяндар (скифтердің билігі кезінде? — Б.Қ.) астық шығарып тұрыпты. Осыған байланысты заңды сұрақ туады. Егінші славяндар «көшпелі-скифтерге» жəне «патша-скифтерге» бағынышты құл жағдайында бола тұрып, Скифияның территориясынан аттап өтіп, Грецияға сауда-саттық мақсатымен астықты қалай шығарып тұрған екен?» Сауда-саттық болсын, басқада дипломатиялық қатынастар тек үстемдік еткен халықтардың функциясы, солар ғана ондай нəрселермен шұғылданады. Мəселен, Алтын Орда үстемдігі кезінде орыстар көршілес елдермен сауда-саттықпен тек ханның рұқсатымен ғана шұғылдануға міндетті болған. Олай болса, бұл схема барлық бағынышты халықтарға тəн болуы керек. Астық өнімдерін славяндар емес, тек скифтер ғана Ольвия жəне басқа қалалар арқылы Грецияға үнемі шығырып тұрған десек, ол ақиқат болар еді.
Б.А.Рыбаковтың айтуынша, қола мен темір ғасырында Орталық Днепрдегі «чернолес» археологиялық мəдениетін таратушылардың (носители. — Б.Қ.) славяндық сипатын кеңес лингвисті О.Н.Трубачев дəлелдеп беріпті. Академик Б.А.Рыбаков Днепрдің орта ағысында орналасқан егінші тайпалары славяндардың арғы ата-бабасы деген тұжырым жасайды. Скифтер келу қарсаңында славяндар бұл жерде үлкен тарихи жолды өткен көрінеді. Сол кезең туралы мифтер (аңыздар), батырлар эпосы сақталыныпты-мыс. Нақты осы кезде өмір сүрген тарих атасы Геродот, славяндардың бақытына славяндардың аты-тегі туралы естеліктер қалдырып кетіпті. Үш патшалық туралы жазыпты. Соның біреуі алтын патшалық. Скифия деп шартты түрде аталған үлкен аймақта əр түрлі тілде сөйлейтін халықтар тұрыпты. Оларды Геродот «жер жыртушы-скифтер», «егінші- скифтер», «эллин-скифтер», «көшпелі-скифтер», «патша-скифтер» деп бөледі. Осы жерде мекендеген егінші тайпалар көшпелі скифтерге егін өнімінен алым-салық төлеп тұрған. Сол егінші-скифтерді, Геродоттың пікіріне сүйене отырып, академик Б.А.Рыбаков «сколоттар» деп атайды. Рыбаковтың айтуынша, Геродот қателесіп оларды «скифтерге» қосып жіберіпті. Шындап келсек, скифтер Геродот «сколоттар» деп атағанын біз білеміз. Егінші-славяндар, немесе «егінші-борисфениттер» (Борисфен— Днепрдің ескіше аты. — Б.Қ.), басқаша айтқанда, «сколоттар», немесе «егінші-скифтер», скиф заманында иран тілдес скифтерден көп сөздерді үйреніпті деп отырып, мысал ретінде екі сөзді келтіреді: топор и собака [13; 26,27]. Олардың түркі сөздері екендігін О.Сүлейменов баяғыда дəлелдеп берген. Металдан («жез», «қалайы» жəне «қола») жəне темірден жасалған қару-жарақтарды, құрал-жабдықтарды түркі тектес халықтардың жасағаны жөнінде айтылып та, мақалаларда, кітаптарда жазылып та жүр [22].
Академик Блэрдің айтуынша, металдан жасалған бұйымдардың бəрі түркіше аталған. Оған «топор», «акинак», «молот», «секира» жəне т.б. қару-жарақтардың аты жəне үй жануарлардың аттары, мəселен, «собака» — «ит» дəлел бола алады. «Собака» түркілердің «із бақ», «ізді ал» деген сөзінен шыққан. Олжас Сүлейменовтың «Азия», «Тюрки в доистории» деген кітаптарын қараңыздар.
Геродот Днепр өзенін (Борисфен) Скифияның басты өзені деп атап, сол өзенмен скифтердің шығу тегі туралы аңызын байланыстырады. Зевс — басты Құдай — «Борисфеннің» (Днепрдің) күйеу баласы. Осы Днепр өзенін Б.А.Рыбаков славяндардың арғы ата-бабаларының өзені етіп көрсеткісі келген. Сол өзен бойындағы егіншілікпен шұғылданған тайпаларды — «сколоттар» деп, оның тек славяндардың ата-тегі етіп көрсеткісі келгеніне таң қалмауға болмайды. Өзінің мақсатына жету үшін академик Б.А.Рыбаков фактілерді ашықтан ашық бұрмалауға барып отыр.
Академик Б.А.Рыбаковтың «сколот» деген скифтердің өз атын, нағыз атын «егінші- борисфениттерге» теліп жүрген нағыз сөздің мағынасын бұрмалау болып табылады. Геродот еш уақытта сколот деп егінші-скифтерді атамаған. Ол академик Б.А.Рыбаковтың ақиқатқа балта шапқаны. Геродоттың «Тарихының» төртінші томын ашып, оның сколот деп кімді атағанын білгіңіз келсе, шындықтың беті ашылады. Онда былай деп жазылған: «Сколоты — это самоназвание скифов».
«Сколоттар — бұл скифтердің өз аты» [23]. Бұдан артық не керек? Рыбаковтың тарихи фактіні өзінше түсіндірудің артында бір-ақ нəрсе жатыр. Көне славяндардың арғы ата-бабалары атам заманнан Днепрдің ортаңғы ағысында мекендегенін дəлелдеудің амалы ғана. Сондықтан да егіншілікпен шұғылданған тайпаларды славяндардың арғы ата-бабасы деп көрсеткісі келген славяндарды Шығыс Еуропаның аборигені етіп көрсетуі тарихи шындыққа қарсы келеді. Славяндар Днепрдің ортаңғы ағысында өмірі тұрмаған, сол жерде тұрған үнді-еуропалық тайпаларға жататын халықтардың мəдени ескерткіштерін біздікі деп айтып, сол ескерткіштерді қалдырған халықтарды жойылып кеткен халықтардың қатарына қосу орыс-кеңес тарихшылары үшін əдетке айналған шаруа. Мəселен, Ш.М.Мунчаев, В.М.Устиновтың «История России» атты оқулығында «Ұлы Болгарияның» кімдердің мемлекеті екендегін түсіндірмейді. Ол ол ма, Аспарух ханның Балқан түбегінде құрған мемлекетін славян мемлекеті деп көрсетеді. Жергілікті славяндарға болгарлар өз атын беріп, өздері славянданып кетті деп жазылған. Сол сияқты Еділ Булгариясын кімдер құрғанын атамай, көптеген себептер арқылы кейініректе ыдырап кетті деп, немқұрайлы түрде жазыпты. Шынын айтсақ, Еділ Булгариясы алдымен Хазар қағанатының құрамында болып, 922 жылы мұсылман дінін қабылдағаннан кейін, Шығыс Еуропадағы ертефеодалдық мемлекет — дербес «Еділ Булгариясын» құрғаны белгілі. Бұл ертефеодалдық түркі мемлекеті 1237 жылға дейін толыққанды өмір сүрді. Тоғыз жолдың торабында тұрған бұл мемлекет Батыстан, Солтүстіктен əлемнің əр бағытына баратын сауда жолында орналасты. Қолөнер, сауда дамыды. Өте бай мемлекет болғаны белгілі. Осы мемлекетті құрыла салып тез құрып кетті деу барып тұрған қылмыс. Неліктен осылай бұлыңғыр сөздермен, ешқандай мəнін ашпай оқулықтарда түркілердің мемлекеті туралы дұрыс мəлімет бермеуді түсіну қиын. Оқулық студенттердің алғаш оқып, өмір сүрген тайпалардың, халықтардың шығу тегін, пайда болуын, қалай дамығанын, кімдермен араласқанын білуге көмектесетін құрал ғой. Еділ булгарлары жөнінде, сол сияқты алғаш Орыс мемлекетін құрған хазарлар жөнінде де мардымды түк айтылмайды. Еділ Булгариясын Аспарух ханның бауыры — Котраг хан бастап келген көне түркілердің құрғанын неге айтпасқа?! Еділ булгарлардың Шыңғыс ханның қолбасшылары Сүбедей баһадүр мен Жебе ноян бастаған түркі-монғол əскерлеріне алғаш соққы бергенін айтпай-ақ қойсын, олардың қазіргі Қазан татарларының арғы ата-бабасы болғанын айтып кетсе, нағыз парасаттылық болар еді. Шығыс Еуропада үш жүз жыл үстемдік еткен ертефеодалдық Хазар қағанатының Ашын əулетінен шыққан көне түріктердің мемлекеті екендігін айтса, студенттерге арналған оқулықтың құндылығы төмендеп кетпейтіні ақиқат.
Сөйтіп, біз ертеортағасырлық Орыс мемлекетін құру тақырыбына байланысты айтылған пікірлерге сын көзбен қарауға мəжбүр болдық.
Осыған байланысты тағы да айтпауға болмайтын нəрсе, ол «Көнеорыс мемлекеті», «көне орыс халқы» деген сөз тіркестерінің кеңінен пайдалануы. Көне дəуір мен ортағасырдың айырмашылығы бар емес пе? Еуропа үшін ортағасырды дəстүрлі дəуірге бөлу схемасы Рим империясының екіге бөлінуіне сəйкес (V ғ.) басталатынын бəріміз білеміз. Олай болса, неге орыс-кеңес тарихшылары табанды түрде Көнеорыс мемлекеті деп IX ғасыр аяғында құрылған мемлекетті айтатынына таң қаласың. Шығыс Еуропада славяндардың, орыстардың көне тарихи болмағанынан кейін, мүмкін, алғашқы пайда болған славян-орыс мемлекетін көне мемлекет, оның халқын көне деп көрсеткісі келген ойдан шыққан болар. Алтайда VI ғ. ортасында құралған Ұлы Түркі қағанатын ғалымдар ертеортағасырлық мемлекет деп жазып жүр ғой. Одан 300 жылдан кейін пайда болған мемлекетті «көне мемлекет» деу адам күлерлік нəрсе ғой. Айтпақшы, VIII ғасырдың ортасында (657 ж.) құрылған Хазар қағанатын да біз ортағасырға жатқызып жүрміз.
Əдебиеттер тізімі
- Повесть временных лет / Под ред. А.А.Шахматова. — Ч. 1. — М.: Изд-во АН СССР, 1950. — С.
- Седов В.В. Восточные славяне VI–XIII вв. — М.: Наука, 1982. — С. 133–140.
- Соловьев С.М. История России с древнейших времен / Отв. ред. И.Д.Ковальченко, С.С.Дмитриев. — М.: Мысль, — Кн. I. — Т. 1. — 798 с.; Ключевский В.О. Курс русской истории. — Ч. 1. — М.: Гос. соц.-экон. изд-во, 1937. — С. 42.
- Карамзин Н.М. История государства Российского. — Изд. — Кн. I. — СПб.: Изд-во Евг. Евдокимова, 1982. — С. 37–53.
- Шафарик П.И. Славянская взаимность с древнейших времен до XVIII в. — СПб.: Универ. типография,1874. — 387 с.
- Третьяков П.Т. Восточно-славянские племена. — М.: Изд-во АН СССР, 1953. — С. 88–92.
- Шахматов А.А. Древнейшие судьбы русского племени. — Л.: Изд-во АПН РСФСР, 1908. — С. 303–317.
- Погодин А.Л. Из истории славянских передвижений. — СПб.: Универ. типография, — 396 с.; Грушевский М.С. Очерки истории украинского народа. — СПб.: Универ. типография, 1904. — С. 10–40.
- Ключевский В.О. Курс истории: В 9 т. — Соч. 6. — Т. 1. — Ч. 1. — М.: Наука, 1987. — С. 49,
- Седов В.В. Происхождение и ранняя история славян. — М.: Наука, 1979. — 297 с.
- Ломоносов М.В. Полное собрание сочинений. — Т. 6. — М.: АН СССР, 1955. — С. 35,
- Гедеонов С. Варяги и Русь. Историческое исследование. — Ч. 1, — СПб.: Типограф. Императорской акад. науки, 1876. — С. 446.
- Сулейменов О. Тюрки в доистории. — Алматы: Қайнар, 2003. — 237 с.
- Мизиев И. Шаги к истокам этнической истории племен Центрального Кавказа. — Нальчик: Эльбрус, 1986. — С. 10–53.
- Артамонов М.И. Происхождение славян. — М.: Политиздат, 1950. — С.
- Рыбаков Б.А. Киевская Русь и Русские княжества. — М.: Наука, 1982. — 187 с.
- Мунчаев Ш.М., Устинов В.М. История России: Учеб. для вузов. — 2-е изд., изм. и доп. — М.: Норма-Инфра, — С. 12.
- Щукин М.Б. Рождение славян. — СПб.: Наука, 1994. — С. 14–16.
- Рыбаков Б.А. Язычество Древней Руси. — М.: Наука, 1987. — С.
- Мишулин А.В. Древние славяне в отрывках греко-римских и византийских писателей по VII в. н.э. // ВДИ. — № 1. — С. 230–284.
- Иордан. О происхождении и деяниях готов. Комментарии. — М.: АН СССР, 1960. — С. 71, 72,
- Қыздарбеков Б. Көне Русь (Ежелгі жəне ертеортағасырлық тарихы): Монография. — Қарағанды: «Санат-Полиграфия» ЖШС, 2004. — 89-б.
- Геродот. История: В 9 т. — Т. IV. — М.: Наука, 1988. — С.143