Көп конфессиялы, көп ұлтты болғанына қарамастан, қазіргі ұлтаралық жəне конфессияаралық келісім мен бейбітшілікті сақтап келе жатқан Қазақстанда ұлт мəселесі, ұлтаралық қатынастар, діни бірлестіктераралық төзімділік мəселелері мемлекеттік қана емес, халықаралық қауіпсіздік мəселесіне тікелей қатысты. Сонымен бірге қазіргі таңда діни бірлестіктердің конфессиялараралық жауапкершілігі мəселесі халықаралық қауіпсіздік бағдарламаларының сапынан елеулі орын алуда.
Қазақстанның діни саласы бойынша жүргізіп жатқан секулярлы саясат мемлекеттің сыртқы саясатында да көрініс тапты. Қазақстан əр түрлі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Оның ішінде еуропалық (ЕҚЫҰ) жəне азиялық (ОЭС) ұйымдардың толыққұқылы мүшесі болып келеді. Тəуелсіздік алғаннан бастап, республиканың көпбағытты, көпполюсті сыртқы саясаты бекітіліп, «Батыс пен Шығысқа бағдар алыну керек» деп жарияланды. Соның ішінде Елбасы Н.Ə.Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқына жолдауында: «Біз үшін мұсылман əлемі елдерімен халықаралық ынтымақтастық пен мəдени алмасулар құрылымдарына белсене қатысу мейлінше табиғи нəрсе. Біз сондай-ақ Ислам жəне Араб Шығысы елдерінің көпшілігімен өзара тиімді жəне өзара байытатын екі жақты қарым-қатынастарды белсене дамытып келеміз», — деп атап көрсеткен болатын [1; 200].
Халықаралық қатынастарда көпвекторлы саясатты ұстанған Қазақстан 1995 жылы Біріккен Ислам Конференциясының (БИК) мүшесі болып аталынды [2; 1]. Сыртқы саясаттағы бұл қадам идеологиялық емес, прагматикалық ұмтылыстарға байланысты жасалынды. Жалпы Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) 1969 жылы құрылды [3; 1]. Мақсаты — əлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда ислам елдерінің ынтымақтастығын қамтамасыз ету, отарлау мен нəсілшілдікке қарсы күрес, Палестинаны азат ету ұйымына қолдау көрсету болып табылады. Бүгінде ИКҰ-ға 57 мемлекет мүше. Ұйымның қысқаша қағидалары: тұтастай теңдік, əр халықтың өзін-өзі айқындай құқығына құрметпен қарау, ішкі ісіне араласпау, мемлекеттердің егемендігін, тəуелсіздігін жəне аумақтық тұтастығын құрметтеу, ИКҰ-ға мүше елдер арасында туындаған проблемалық мəселелерді келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу т.б. Бұл ұйыммен арадағы қарым-қатынас БИК-ның құрамында қызмет атқарып жүрген Ислам даму банкының қаржылай көмек көрсетудің шеңберінде экономикалық сипат алды. Ислам конференциясы ұйымының Бас хатшысы Абдулвахид Белкезиз Қазақстанның осы мұсылман қауымдастығының беделді ұйымына мүше болып қабылдануына орай: «Қазақстан өзінің табиғи, экономикалық, мəдени жəне интеллектуалдық əлеуетімен, салиқалы ішкі жəне сыртқы саясатымен мұсылман халықтарының, ислам қауымдастығының қазынасына енген аса бағалы үлес болып табылады», — деген еді [2; 1]. Қазақстан мұсылман қоғамдастығында серпінді экономикасы жəне əлемдік аренадағы мықты ұстанымы бар күшті де тұрақты өңірлік держава ретінде қабылданады. Мұсылман елдері Қазақстан басшылығының барлық ішкі жəне сыртқы саяси акцияларына қолдау білдіріп келеді. Мəселен, 2000 жылғы Дохададағы ИКҰ-ның IX саммитінде жəне
2002 жылғы Хартумдағы ИКҰ СІМК-нің 29-Кеңесінде Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары жөнінде Кеңес шақыру туралы бастамасын қолдау тұрғысында қарар қабылданды. ИКҰ СІМК-тің 34-сессиясында (Пəкістан, 2007 ж. мамыр) Қазақстанның Мұсылман əлемі мен Батыстың арасындағы үндестік орнату жəне осы тұрғыда 2008 жылы Қазақстан министрлер деңгейіндегі форум шақыру жөніндегі ұсынысы қабыл болды.
ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 2006 жылы Бакуде өткен 33- сессиясында қатысушылар өркениеттердің үнқатысуы жөнінде Бүкілəлемдік декларация туралы қарар мақұлдады. Онда Қазақстан Президентінің Əлемдік жəне дəстүрлі лидерлер съезін шақыру жөніндегі бастамасын қолдау туралы жеке тармақ болып енгізілген. Қазақстанның ИКҰ жұмысына толыққанды қатысуы мен еліміздің мұсылман қоғамдастығындағы оң имиджі қарым-қатынастарды одан əрі нығайта тусуде маңызды алғышарт. Бүгінгі күні Қазақстан 1,5 миллиардтық мұсылман əлемінде үлкен беделге ие бола бастады. Бұл орайда ИКҰ Бас Хатшысы, Түркия өкілі Э.Ихсаноғлының 2007 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтқаны дəлел. Сол сапарында ол: «Қазақстанның ИКҰ жұмысына қатысуы ұйымның əлемдегі рөлінің одан əрі нығаюына жəне мұсылман əлемі мемлекеттерінің арасындағы көпқырлы байланыстардың дамуына оң ықпал етеді», — деген сөздерді айтқан болатын [3; 1].
Ал Э.Ихсаноғлының Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевқа жолдаған ризашылық хатында: «Сіздің шебер басшылығыныздың арқасындағы Қазақстанның даму деңгейі мен серпіні мені үлкен əсерге бөледі. Қазақстанның мұсылман əлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды дамытуға бағытталған көзқарас деңгейі мен ұстанымы да тек мадақтауға лайық», — деді [3; 1].
ИКҰ-ның шеңберінде Қазақстан Мысыр, Малайзия, Оман, Сенегал, Филиппин, Иран, Ирак, Түркия, Палестина, Марокко, Катар, Сауд Арабиясы, Индонезия, Иордания сияқты т.б. да мұсылман елдерімен халықаралық қарым-қатынастар жүргізіп жатыр.
Елбасы Н.Ə.Назарбаев: «Біз өзіміздің сыртқы саясатымызда барлық мемлекеттермен, оның ішінде мұсылман əлемі, түркі дүниесімен де белсенді ынтымақтастықты қамтамасыз етуді көздейміз. Қазақстан тəуелсіздігін жариялаған соң мұсылман əлемі Қазақстан мемлекетінің нығайып өркендеуіне саяси жағынан болсын, əлеуметтік-экономикалық тұрғыдан болсын елеулі көмек көрсетті. Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары мұсылман əлемі жəне түркі дүниесі тарапынан əрдайым қолдау тауып келеді. 1995 жылдан бастап Ислам Конференциясы Ұйымының мүшесі ретінде Қазақстан мұсылман мемлекеттері мен ұйымдары ұсынған жəрдемді, еліміздің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларын, Астана қаласының дамуын қаржыландыруға жаратты», — деп атап көрсетті [1; 198].
Дегенмен, діни фактор республиканың жүргізіп жатқан сыртқы саясатында өзіндік жанама ықпалын тигізіп жатыр. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның «ислам əлеміне» жататын шетелдік елдермен қарым-қатынаста көрініс тапты. Ислам мен оның символикасы сол елдердің əр түрлі əлеуметтік-саяси салалары мен халықаралық қатынастарда дəстүрлі көрініске ие болып келеді. Бұл Қазақстанның мұсылман елдерімен байланыстарда өз ықпалын тигізді. Қоғам ішіндегі діни өмірге тікелей қатысты құбылыстар ресми мемлекетаралық келіссөздер мен келісімдердің талқыланған мəселелеріне айналды. Мəселен, 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мысыр еліне алғашқы ресми сапары кезінде Мысыр жағы бір топ қазақ студенттерін Əл-Азхар университетіне оқуға жіберілуін жəне Алматы қаласында Ислам діни орталығының салынуына 10 млн. долл. көлемінде қаржылай көмек көрсетуге ұсыныс жасады [4]. Бұл тұрғыда кейбір зерттеушілер бір конфессияға ғана қатысты діни кешенді салғанша, бірнеше мəдениеттер, оның ішінде ежелгі мысыр, христиан (копттық), ислам, тағы басқа мəдениеттер үшін өркениет негізі болып табылатын Араб мəдениетіне байланысты орталықтың салынуы — Қазақстанның көпконфессиялы саясаты үшін өте тиімді қадам болушы еді деген пікірлер білдіріп жатыр.
Біздің уақытымыз қарама-қайшылықтарға толы заманның ықпалында болып отырғаны анық. Бір жағынан, орталықтандырылған əрекеттерге сай күштердің жүйеленуі белсенді түрде — діни, мəдени, интеллектуалдық, экономикалық, саяси бірлестіктер, халықаралық конгрестер, форумдар, кездесулер кеңеюде. Əлемді мекендеген халықтардың басым көпшілігінің өзара түсіністікке ұмтылыстары арта түсуде. Екінші жағынан, өз бетінше жекешеленген тұрпаттағы ыдыратушы күштер — фанатизмдік, сепаратистік, экстремистік, террористік, шектелушілік белсенділіктерін жетілдіре түсуде.
«Терроризм» термині ғасырлар тереңіне кететін түсінік болғанмен, бұл сөздің ұғымдық тұрпаты өткен ғасырдың 90-жылдары ғана біздің тілімізге енді. Шешен жауынгерлерінің Ресей территориясында жүргізген бірнеше террористік актілерінен кейін, оған экстремизм деген тіркес қосылды. Терроризм мен экстремизм Орта Азия халықтарының арасында, біріншіден, сыртқы ақпараттық əрекеттердің əсерінен, екіншіден, діни біліктіліктің төмендігінің салдарынан оған діни өң беру түпкілікті түрде қалыптасып үлгерді. Соған орай, көптеген жағдайларда терроризм мен экстремизм мұсылмандық қозғалыстардың мүшелеріне қатысты жиі қолданылады. Мəселен, Өзбекстанның мұсылмандық қозғалысы мүшелерін «діни экстремистер» деп атау дағдыға айналған. Кашмирлік, филиппиндік, палестиналық, шешендік террористер мен экстремистер, сонымен бірге ұйғыр сепаратистерінің іс-əрекеттерін исламдық фактор анықтайды деген ұғым саналық қалыптасып үлгерді. АҚШ-та 11-қыркүйекте болған террористік актілерді ұйымдастырушылары мен орындаушыларын да көпшілік ислам террористері деп тікелей атай бастаған.
Бірақ терроризм мен экстремизмнің ислам дініне ешқандай қатысы жоқ. Мəселен, терроризм — жеке тұлғалардың немесе ұйымдасқан топтардың, тұрғындардың нақтылы топтарына немесе мемлекеттік органдарға заңды түрде шешілуге мүмкіндік болмаған жағдайда қысым көрсету арқылы өз мақсаттарына жету үшін саналы түрде қолданылатын, бірақ ешқандай əскери мақсатсыз күш көрсету. Экстремизм өз алдына анықтамалық нұсқауларда қалыптасқан қоғамдық нормалар мен мемлекеттік ережелерге қатысты радикалды түрде терістеу арқылы əрекет жасайтын топтар мен немесе жеке тұлғалар ісі ретінде қарастырылады [5]. Жоғарыда түсінік берілген екі ұғым — терроризм мен экстремизмнің исламға ешқандай қатысы жоқ. Өйткені «Ислам» сөзінің өзі араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген ұығымдарды білдіреді. Алланың 99 атының бірі ас-Салам (бейбітшілік) болып табылады. Мұсылмандар бір-бірімен жүздескен кезде «ас-салəму- ғалайкум» (сізге тыныштық, амандық, бейбітшілік тілеймін) дейді. Сонымен қатар Құранда «дінде ешқандай зорлық жоқ» деп жарияланды [6]. Ислам дінінде терроризм, экстремизм немесе қысым көрсету, зорлық жасау, тағы басқа адам өміріне қарсы, қоғамға қауіп төндіретін əрекеттер мен түсініктер кездеспейді. Əрі мұсылман діні басқа да дəстүрлі əлемдік діндер сияқты адамдарды тек жақсылық жасауға шақыратын дін болып табылады. Көптеген тілдерге аударылып, айтулы ғалымдар мен мамандар тарапынан жоғары баға алған Елбасымыздың «Сындарлы он жыл» атты кітабында əлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі дамудың теңсіздігінде жатыр» деп атап көрсетілген. Н.Ə.Назарбаев діннің бөлуші, іріткі салушы емес, керісінше, елдің етегін жабар ұйытқы, мемлекетті дағдарыстардан құтқарар, халықты рухани бірлікке шақыратын фактор екенін алға тартады. Соның ішінде, əсіресе, халқымыздың құндылықтарының бастауы болған ислам діні туралы Президентіміз:
«Бəрінен бұрын, біз үшін Ислам — өзімізді-өзіміз таныта алудың мүмкіндігі. Қазақ халқының басқа діни тəубе етушілікке құрметпен қарауы, олар үшін діни экстремизмді жүзеге асыру былай тұрсын, ол туралы жұрт көзінше сөз етудің өзіне тыйым салатын тиімді тосқауыл болып табылады», — деп атап көрсетті [7; 100]. Расында, ислам діні басқа да дəстүрлі діндер сияқты ізгіліктің өзегі болғандықтан, имандылық адамзат баласына парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім алу мен еңбек етуді насихаттайды. 2003 жылы қыркүйек айында Астана қаласында өткізілген Əлемдік жəне дəстүрлі діндер лидерлерінің I Құрылтайының Декларациясында жəне Қазақстан Президенті кұрылтайдың жабылу рəсімінде сөйлеген сөзінде бас қосудың мақсатын айқындай отырып, былай деген еді: «Біз экстремизмнің, сепаратизмнің, лаңкестіктің жəне дін үшін деп күш қолданудың басқа да формаларының діннің шынайы ұғымымен ешқандай ортақтығы жоқ деген жəне олар адамзат үшін қатер болып табылады деген пікірге келдік»[8].
Алайда бүкіл діндердің негізінде сенім мен сүйіспеншілік, мейірім мен махаббат жатыр деп белгілеу жеткілікті емес, қазіргі заманда діндерарасы деп атап жүрген соғыстар жəне дін атын жамылып төзімсіздік, қысым көрсету, əділетсіздік, қақтығыстарға немесе келіспеушіліктерге үгіттейтін жат пиғыл құбылыстар мен миссионерлерді байқамай жүруге болмайды. Бұны Н.Ə.Назарбаев та айтады: «Қазірдің өзінде Орталық-Азия аймаққа халықаралық экстремистік жəне террористік топтар ықпалының тарай бастауы біздің аймақ үшін де айқын қауіп-қатер болып отыр», — деп бүгінгі күні Қазақстанның конфессияаралық, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық үшін қауіп төндіретін мейлінше өзекті мəселені көтереді [7; 90]. Шынында да, Қазақстан рухани дəстүр мен ата-бабалардың қалдырған рухани мұраларды жаңғырту жолында игілікті процесс туралы сөз қозғағанда, қалай дегенмен, экстремизмге, радикализмге, терроризмге негіз беретін, шетел діни ағымдардың пайда болуы сияқты жағымсыз процестер туралы да айту керек. Алайда Н.Ə.Назарбаевтың ойын жалғастыра отырып: «Біздің елдің мұсылман қауымы мен дін басылары мемлекет ұстанымдарын жоғары бағалайды жəне жұртшылықтың басым көпшілігі дəстүрлі исламдағы суннит жолын ұстанушылар», — деп айтады [7; 103]. Сол себептен діннің атын жамылған жағымсыз құбылыстарға қарсы күрес ету тетіктерін қалыптастыру керек. Президенттің мəлімдеуінше бұл бітімгершілікке саяды. Яғни, экстремистер, радикалистер, террористер белсенділігін басу үшін белгілі бір іс-шаралар ұйымдастыру керек. Бітімгершілік дегеніміз — шиеленісті мүлде болдыртпайтын немесе болу мүмкіндігін сейілтетін алдын алу шараларының тұтас жүйесі. Сонымен қатар Елбасымыз республикамызға қауіп төндіретін жағымсыз құбылыстарға қарсы күресудің бірқатар жолдарын атап өтеді: «Ең алдымен, ақпараттық саясат əлемдік діндерді бейбітшілік пен адалдықтың бастау ретінде ұғым қалыптастыратын діни тəрбие элементтерін өз мазмұнына енгізуі тиіс» [7; 103]. Екіншіден, «жағымсыз құбылыстарға қарсы континентаралық, мемлекетаралық бірлестік құрудың қажеттілігі мен мүмкіндігін атап өткен жөн» [7; 108]. Үшіншіден, «Құранда жазылған ислам ілімі мен негізгі қағидаларының шынайы мəніне бойлау жəне оны дінге сенушілердің жан-жүрегіне тиімді де əсерлі жеткізу исламның өзі жəне оның тарихы туралы айқын түсінігі бар, шығармашыл зиялылар мен дінбасылар жүзеге асыруға тиіс» [7; 104]. Ең соңында, «діни ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың қызметін тексеріп отыруға жəне экстремистік топтардың бой көрсетуінің алдын алуға бағытталған, полицейлік бақылау шараларын қолдану арқылы жүргізілетін «дəстүрлі профилактика» одан əрі жалғасын табуы керек. Əрине, негізгі назар экстремистердің аймақтық жəне халықаралық қозғалысымен күреске аударылуы тиіс» деп белгіледі [7; 107].
Еліміздің белгілі ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құралай Байзакованың ойынша, терроризммен күресте диалог өте маңызды. Өйткені терроризмді тек қана соғыс алаңында ғана емес, үстел үстінде дипломатия жолымен шешуге де болады [9]. Бұл тұрғыда экстремизмге, терроризмге, радикализмге қарсы мемлекетаралық, халықаралық, тіпті континентаралық деңгейлерде бірлесе күресудің маңызы ерекше.
Бүгінгі күні Қазақстан антитеррористік, антиэкстремистік қызметін аймақтық деңгейде Орталық Азияда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік келісім сияқты саяси құрылымдармен бірлесе, ал Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс дағдарысты өңірлерде АӨІСШК негізінде іс-əрекет атқарылып жатыр.
Адамдардың дінді дұрыс түсініп, бағалай алмауы, əсіресе Азия мемлекеттерінде білімді адамдар үлесінің аз болуы əр түрлі қарама-қайшылықтарға алып келеді. Соның қатарында діни терроризм де бар. Жоғарыда атап өткендей, терроризмді қажет етіп немесе талап етіп жатқан діннің өзі емес, оны шығарып жатқан адамдар болып табылады. Адамдар діннің атын жамылып, əр түрлі террористік, экстремистік əрекеттерді жүзеге асырып жатыр. Сондай діни террористік топтардың арасында «əл- Каида», Ливанның шиит топтарын ұйымдастырған «Хез болла», «Хамас», «əл-Джихад-əл-Ислами», тағы басқалар бар.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сегізінші сессиясында (2001) сөйлеген сөзінде ислам дінін терроризмнен айыра білудің қажеттігін атап көрсетті [1; 124]. АҚШ Президенті болған Дж.Буш 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиға кезінде, терроризмнің ислам дініне еш қатысы жоқ екендігін мойындады [1; 124].
2001 жылы қазан айында Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан қалаларында (Түркістан мен Кентауда) «Хизб-ут-Тахрир» атынан үндеу хаттар таратылды, сол жылы қараша айында Алматыда аталған ұйымның үш мүшесі ұсталды. Аталған партия мүшелері тарапынан 2001 жылы қазан-қараша айларында жəне 2002 жылдың сəуірінде антиамерикалық жəне антисемиттік мазмұндағы парақшалар тарату фактілері байқалынды [1; 126]. Сонымен қатар тергеу барысында олардан қару-жарақ, жарылғыш құрылғылар жəне антиконституциялық мазмұндағы парақшалар тəркелінді.
«Хизб-ут-Тахрир» ұйымы өз қызметін идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізеді. Кейінгі жылдары мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Алайда діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі шын мəнінде ислам дініне өте жат құбылыстар.
Мемлекетімізде «əл-Каида», «Мұсылман бауырлары», «Талибан», «Лашкар», «Тайба», «Боз- құрт», «Өзбекстан ислам қозғалысы» жəне т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.
Қазір дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами нанымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Тəуелсіз Қазақстанның елдік-имандылық тұтастығына іріткі салуын жалғастырып келе жатқан жат ағымдар пайда болды. Исламның атын жамылып, «Таблиғи жамағат», «зікірші- исматуллашылар», уахаббистер, сүлейменшілер ұлттық біртұтастығымызға іріткі салуда.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарамайтын 232 мешіт пен 97 мұсылман діни бірлестіктері жеке жұмыс істейді [10]. Олардың кейбіреулерінің жеке меншігіндегі мешіттері мен медреселері бар. Сонда не болып, қандай уағыздар мен насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр? Бұл мəселені тез арада қолға алу керек. Еліміздегі діни бірлікті өте мықты ұстау қажет. Өйткені діни бірліктің негізінде ұлттық бірлік қалыптасады.
Қазіргі таңда үлкен мəселенің бірі — діни радикализм. Оған қарсы күрестің бірден бір пəрменді құралы — діни ағартушылық жұмыстарын көтеру, діни үгіт-насихатты пəрменді жүргізу. Өз дінің жəне басқа халықтардың дінін жетік білген адам ешқашан да экстремистердің қолшоқпары болып, олардың қатарына ілікпейтіні белгілі. Əрине, діни радикализм, экстремизм мен фундаментализмге қарсы күрес жүргізген кезде Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын, ар-ождан бостандығын бұзуға, дінге сенушілердің сезімдерін қорлауға жол берілмеуі тиіс жəне мемлекетіміздің шет елдерімен қарым-қатынастарына, сыртқы саясат сахнасындағы абыройы мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуі жөн. Қазақстан Республикасы Конституциясында: «Республиканың конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді», — деп көрсетілген [11]. Адамның қауіпсіздігіне қарсы бағытталған радикализм, экстремизм мен фундаментализм деген ұғымдар тек демократияға қарсы құбылыстар ғана емес, олар шынайы ислам дініне де жат болып келеді. Өйткені ислам — гуманистік дін, оның басты құндылықтарының бірі — адамның өмірі деп танылады.
Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орынды Орта Азияда орналасқан бұрыңғы Кеңес республикаларымен қарым-қатынастар алып жатыр. Аталған елдермен байланыс орнату территориялық, тарихи-мəдени, тілдік, діни жақындастық тұрғысынан күрделі емес болып көрінуі мүмкін. Бірақ Орта Азия елдерінің бір-бірінен ішкі жағынан айқын айырмашылықтары олардың бірігуіне жəне бірін-бірі түсінуіне кедергі болып тұр. Бұл жағдайда исламның интеграциялық потенциалы да Орта Азия елдерінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін біріктіре алмайды. Шынына келгенде, Орта Азия елдерінің бірігуі — ең алдымен олардың ұлттық жəне аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық мүдделердің негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Дегенмен, Орта Азия Республикаларының ішінде олардың діни негізде бірігуін көздейтін өз алдына саяси мақсаттарды қоятын əр түрлі діни қозғалыстар бар. Олар демократиялық құрылысқа қарсы шығып, діни негіздегі теократиялық мемлекеттерді құруға ұмтылыс жасайды. Сөйтіп, халық арасында ислам дінін таратып, сол арқылы саяси мақсаттарға қол жеткізуге талпынады. Əрине, сондай ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін, демократиялық, зайырлы мемлекеттік құрылысқа, республикамыздың Конституциялық жариялымдарына, ұлтаралық жəне конфессияаралық жанжалдардың шығуына себепші бола алатын діни қозғалыстардың таралуына тосқауыл қою керек.
Орталық Азия территориясында діни радикализмнің таралуы өте күрделі халықаралық сипат алған мəселеге айнала бастады. Ақпарат жəне қоғамдық келісім жөніндегі министрліктің конфессиялар ісі бойынша бөлімінің бастығы С.Қуандықовтың көзқарасы бойынша, діни радикализм үшін негіз беретін жағдайлар:
- Мұсылман қауымының ұлттық белгілері бойынша бөлінуі, мысалы, кейбір ұйғыр қауымдастықтарының арасында ұлттық сепаратизм жөніндегі идеялар таралған.
- Оңтүстік өңірлерде ҚМДБ ықпалы мен беделінің азаюы, кейбір мешіттерге радикалды жəне экстремистік ағымдардың əсер етуі.
- Мұсылман қайырымдылық қорларының, «Истлах», «Тайба», «Азия мұсылмандарының комитеті» сияқты халықаралық ұйымдарының эмиссарлар санының өсуі. Аталғандардың көбісі миссионерлік қызмет арқылы халық арасында радикалды ислам идеяларын таратады.
- Кейбір жекелеген мешіттер, рухани білім алу мекемелерінің зайырлы қоғам мен ресми діни басқарманы сынға алуы жəне мұсылман сипатындағы мемлекетті құру идеяларын таратуы.
Шымкенттік бір мешіттің төңірегінде ашылған «Араб тілі» атты білім беру орнында шетелдік оқытушылар білім іздеушілер арасында орыс тіліндегі ислам фундаментализм идеяларын дəріптеген
«Жастарға арналған сөз» деген брошюраны таратты. «Акылсунат Уал-Жамағат», «Даиват-Уль Ишрат» деген діни-экстремистік ұйымдардың эмиссарлары Алматы аймағында үгіт-насихат жүргізіп, адамдарды «шынайы ислам» канондарын үйрену үшін шетелдік оқу орталықтарына баруға үгіттеді [12].
1998 жылы алғаш рет саясаттандырылған ислам, зайырлы мемлекетті теократиялықпен ауыстыру, қоғамда шариғат заңдарын орнату идеяларын таратқан, тіпті өз мақсатына жету үшін күш көрсету əдістерін қолданған радикалды мұсылман қауымдарының əрекеттері əшкеріленген болатын. Олардың бірі — ишан-мүридтік қарым-қатынастарды, соғысқұмар ислам мен суфизм идеяларын таратқан «Қоқандық пир» қауымы болды [12]. Сол қауым ішіндегі ағымның бірі Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының басшылығын ауыстыру үшін арандатушылық қызмет атқарып, исламдық мемлекет құру үшін əлеуметтік негіз ұйымдастыруға талпыныс жасаған «Тарихатшылар» ұйымы.
Ислам радикализмнің бұдан былай республикаға таралуын алдын алу үшін 2000 жылы бірқатар іс-шаралар атқарылды. ҚМДБ-ның төрағасы болып ғалым-арабист, дипломат қызметкері Əбсаттар- қажы Дербісəлі тағайындалды [13].
Мемлекет діни, оның ішінде, ең алдымен, миссионерлік ұйымдардың қызметін тексере бастады. Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы діни бірлестіктердің қызметі заң жүзінде тексерілді. Құқыққорғау органдары Қазақстанда «шынайы ислам мемлекетін» құруға ұмтылған шетелдік діни ұйымдар эмиссарларының мемлекеттегі конфессияаралық қатынастардың, республиканың оңтүстік жəне батыс аудандарындағы əлеуметтік-саяси жағдайды анықтау қадамдарын; Таяу Шығыс діни-қайырымдылық ұйымдарының культті құрылыстарды қаржыландыруға əрекет жасау фактілерін; үлкен ауқымда сектанттық əдебиеттердің таралу талпыныстарын əшкерілеген болатын. Жамбыл жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарында қызмет атқарып жатқан жиырма діни оқу орындарының ішінен ешқайсысы тіркеуден өтпей, рұқсат алған жоқ. Тіркеуден өткен діни бірлестіктердің 2252 ішінде 1080 əділет органдарында тіркеуден өтпеген. Əсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында 426 діни бірлестіктердің 328 тіркелмеген [12]. Кейбір жергілікті басылымдар, «Ордабасы» діни бірлестігінің «Имандылық» атты газеті ислам ізбасарларының басқа конфессиядан артық екенін уағыздап, республикада мұсылман партиясын құруға шақырды. «Жиырма бірінші ғасыр қазақ елі» газеті діннің мемлекеттен бөліну принципіне қарсы шығып, Қазақстанды зайырлыдан мұсылман мемлекетіне айналдыруға шақырды.
Қазақстан азаматтарының шетелдік діни оқу орындарында білім алуы бойынша бақылау күшейтілді. Президент Н.Ə.Назарбаев мемлекеттің жолдауымен емес, жеке фирмалар немесе өз басымен шетелге барып, діни оқу орындарына түскен жастарды отанына қайтару жөнінде бұйрық шығарды.
2000 жылы қабылданған іс-шаралар кешені Қазақстанда ислам дінінің жандануының реабилитациялық кезеңінің аяқталып, жаңа бір кезеңге аяқ басуын дəлелдеп шықты. Бұл кезеңге исламның «мемлекеттендірілуі» тəн, яғни мемлекет тарапынан исламға протекционизмнің жасалуы, үкіметтің орталық жəне аймақтағы МДБ қызметін детальді регламентациялау (ислам радикализмі, оның ішінде дəстүрлі емес конфессиялардың қызметіне қарсылық жасау), оларға қоғамдағы процестерді консолидацияландыру қызметін беру.
Орталық Азиядағы ислам радикализмінің қалыптасу себептерін, Ақпарат жəне қоғамдық келісім министрі болған А.Сəрсенбаев былай деп түсіндіреді:
- Бұл КСРО кезіндегі атеизмнің мұрасы, халықтың басым бөлігінде діни мəдениеттіліктің болмауы. Бұның салдары ретінде дінді қарапайым-жартыкеш деңгейде ғана түсіну. Қоғамның атеизмнен еркін дін бостандығына өту барысында дінге сене бастағандардың бір бөлігі маргинализацияланып кетті, бұны өз кезегінде радикалды бағыт ұстанған топтар қолдануға тырысты.
- Сыртқы факторлардың əсері, ТМД-ның оңтүстік шекараларындағы мəселелерімен байланысты, Қазақстан территориясына қару мен есірткі ауқымының енуі. Сонымен қатар Оңтүстік Азия елдерінде пайда болған діни радикализм мен діни төзімсіздік идеяларының таралуы.
- Кейбір ТМД елдерінде діни бостандық жағдайында үкіметтің діни бірлестіктермен конструктивті байланыс жасай алмауы, дінге қатысты мемлекеттік радикализм мен қатал саясаттың қолдануы. Нəтижесінде дінге сенген халықтың басым бөлігінің үкіметтің іс-əрекеттеріне агрессивті қарсылық көрсете бастауы [12].
Қазақстанда діни қауымдардың кейбір бөлігі əр түрлі діни қауымдастықтар мен коммерциялық ұйымдардың атымен жамылған заңсыз уағыз жүргізген жəне діни төзімсіздікті қалыптастыратын идеяларды тарататын шетелдік миссионерлердің ықпалына түсіп жүр. Дінге сенгендердің арасында дін өкілдерін ұлттық принцип бойынша бөліп, қабылдау сияқты теріс салдарлы тенденцияның қалыптасуы үлкен алаңдаушылықты туғызады.
2000 жылы Гуманитарлы зерттеу орталығының Алматы жəне республиканың Оңтүстік аймақтарында өткізген зерттеулері бойынша діни радикализмнің дамуы жөнінде əр түрлі тұжырымдамалар жасалынды [12]. Кейбір сарапшылар Қазақстанға діни радикализм қауіпті емес, өйткені радикалды идеялар республикада қолдау таппай жатыр деген ойда. Тарихқа назар аударатын болсақ, қазақтардың арасында фундаменталистік бағыттағы ислам ешқашан да таралмаған, мұсылман діні қазақтарда дүниетаным ретінде орын алудан гөрі, ритуалды тəжірибе ретінде қабылданды. Ислам экстремизмі өз ішінде діни емес, əлеуметтік қарсылық негізінде пайда болып, саяси күрес жүргізудің бір тəсілі болып табылады деген тұжырымдар да бар. Респонденттер арасында жүргізілген зерттеу Қазақстанда діни-экстремистік сипаттағы идеялардың əлі кең ауқымда таралмағанын көрсетеді, бірақ мемлекеттегі əлеуметтік-саяси жағдайды сараптай келе, ондай идеялар күшеюі үшін ең алдымен əлеуметтік-экономикалық алғышарттардың бар екенін ескеру керек.
Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен өткізілген семинардың қорытындысы бойынша, «экономикалық жəне əлеуметтік прогресс экстремистердің арандатушылық қызметіне тосқауыл қоя алатын ең күшті фактор болып табылады» деп жарияланды [12]. Кейбір аналитиктердің көзқарасы бойынша, Кавказ бен Орта Азиядағы қазіргі замандағы мұсылмандық əлеуметтік-саяси қозғалыстарды: дəстүрлі, аполитикалық жəне саясаттандырылған (бұлар жиі ең радикалды болып келеді) болып бөлінеді. Соңғы аталған қозғалыстардың көшбасшылары көбінесе село тұрғындарының өкілдері болып келеді, солардың негізгі қолдау көрсететін əлеуметтік база: шаруалар мен маргиналдандырылған қала тұрғындары болып табылады. Мұсылмандардың əлеуметтік-саяси қозғалыстардың классикалық схемасы олардың дəстүрлі, фундаменталистік жəне реформаторлық болып бөлінуі Кавказ бен Орта Азия аймақтары үшін қолданыла алмайды, өйткені сол территорияларда əлеуметтік реформаларды жүргізуге күрделі болғанының есебінен реисламизация процесі көбінесе кедей халық бөлігінің арасында өтіп жатыр.
Сонымен, Орта Азия республикаларындағы ислами ағымдардың келесідей типологиясын ұсынуға болады: индифферентті жəне саясаттандырылған. Бұл классификация үшін негіз бола алатын, қоғамның үлкен əлеуметтік біртектілікке деген қатынас. Халықтың қарсылық көрсету əлеуеті жиі діни формада көрініс табады. Қазіргі кездегі қазақстандық ислам дінінің жағдайы ұлттық мəдениеттің қалпына келу жағдайымен күшейе түсуде. Оның дамуының жаңа кезеңінде ислам дінінің рөлі заң жүзінде бекітіліп, толыққанды саяси субъект ретінде радикалды ағымдарға қарсылық көрсете алады.
Əдебиеттер тізімі
- Абдулпаттаев С. Халықаралық қатынастар жəне Қазақстанның сыртқы саясаты. — Алматы: Мария, 2005. — 200 б.
- Қазақстан — Ислам Конференциясы Ұйымының 2011 жылғы төрағасы // Егемен Қазақстан. — № 186–187. — 2008. — 24 маус.
- Самат Мұса. Ислам Конференциясын жаһандық проблемалар алаңдатады // Егемен Қазақстан. — 2008. — 15 наур. — № 73–76.
- Султангалиева А. Эволюция ислама в Казахстане. — 1999 [электронды ресурс] // CA&CC PressR AB: [сайт] URL: http://www.ca-c.org/journal/cac-05–1999/shtml / (09.09.2010 сағ. 19.30)
- Əмірғазин С. Дін жəне жауапкершілік. — Астана: Фолиант, 2002. — 168-б.
- Құран / Ауд. И.Ю.Крачковский. — М.: Восток, 1990. — 56-б.
- Назарбаев Н.Ə. Сындарлы он жыл. — Алматы: Атамұра, 2003. — 240 б.
- Декларация участников Первого съезда лидеров мировых и традиционных религий (Астана, 24 сентября 2003 года) [электронды ресурс] // Съезд лидеров мировых и традиционных религий [сайт] URL: http://www.religions- congress.org/content/view/19/32/lang, russian / (09.10.2010 сағ. 09).
- Нурумов Б. Диалог мемлекеттік деңгейде ғана емес, қоғамдық деңгейде де даму керек // Қазақстан халықаралық мəдени-интеллектуалды журн. Қазақстан — өркениеттер мен диалогтың алтын ұясы. — 2008. — 19-нөмірінің қосымшасы. — 19-б.
- Мұқашев А. Иманды ел — алынбас қамал // Ислам жəне өркениет. — № 5. — 2008. — 11–20 ақп. — 5-б.
- ҚР Конституциясы: Конституция республикалық референдумда қабылданды 1995 жылдың 30 тамызында, 19 жəне 22- баптар // Алматы: «ИД-Эврика» ЖШС, 2005. — 5-б.
- Жусупов С. Ислам в Казахстане: прошлое, настоящее, будущее во взаимоотношениях государства и религии. — 2001 [Электронды ресурс] // Международный центр культур и религий [сайт] URL:
- http://mckr.kz/site/index.php? option=com_content&task=view&id=2&Itemid=7 / (09.10.2010 сағ. 00)