Қазақстан Республикасы егемендігін жəне тəуелсіздігін жариялаған кезде 70 жыл бойы үстемдік еткен əміршіл-əкімшіл жүйенің жойылу процесі басталды. Тоталитарлық жүйеден демократияға аяқ басып отырған мемлекетте саяси, экономикалық жəне мəдени салалар бойынша үлкен бетбұрыстар мен өзгерістер жасалынды. Қазақстанда діннің қайта жандануы байқалды. Əміршіл-əкімшіл əдістерге негізделген экономикадан нарықтық қатынастарға өту барысында кеңестік идеологияның жариялаған
«догмаларын» қайта қарастырып, қоғам санасында заманға сай рухани құндылықтарды қалыптастыру ұмтылыстары өте маңызды қадам болды. Адамдарға болашаққа сенім беретін, жаңа өмір сүру ортасын қалыптастырып, алға жетелейтін рухани күш қажет еді. Бұның барлығы қоғам өмірінде діннің маңызды деңгейге шығуына əсер етті.
XX ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда ислам дінінің «реабилитациялық» кезеңіне бірқатар белгілер тəн болды. Олардың ішінде 1992 жылы қабылданған дін туралы заңның салыстырмалы- либералды сипаты; 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының құрылуы (ҚМДБ); өкіметтің ҚМДБ-ның ислам дінін жаңғырту бойынша жүргізіп жатқан іс-шараларды құру жұмыстарын қолдау жəне оларды жүзеге асыруға атсалысу. Халықаралық қатынастарда мұсылман елдерімен байланыс орнатуға жəне шетел елдерде дін саласы бойынша мамандарды даярлау əрекеттері жасалынды.
Дін жəне діни ұйымдардың қызметі туралы нормативтік нормалар Конституция, Азаматтық кодекс [1; 46] жəне 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңда («Дін туралы заң») [2] қарастырылды. Мемлекет басшылары діннің гуманистік сипатын, қоғам өміріндегі біріктірушілік қызметін жоғары бағалады, бірақ оған қарамастан ішкі жəне сыртқы саясатта діни принциптерді қолданудан жəне діни негізде партияларды құрудан бастартты.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілгендей, мемлекетіміз зайырлы болғандықтан [3], тəуелсіздіктен кейінгі жылдары үкімет органдары діни ұйымдардың жұмыстарына бақылау жасамаған. АҚШ мемлекет басқармасының «Демократия, адам құқықтары жəне еңбек бюросы» жариялаған «Қазақстан халықаралық діни бостандық есебі» (2002) [4] де осыны растайды. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, дін мемлекетті қалыптастыратын негізгі əлеуметтік институттардың бастыларынан жəне азаматтық қатынастарда маңызды рөл атқаратындықтан, мемлекет ұйымдары мен құрылымдарының ішінде дін саласымен жұмыс істейтін мекемелер жəне органдар болуы заңды. Осы орайда ҚР Үкіметі қарамағында діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңестің облыстар мен Астана жəне Алматы қалаларындағы бөлімшелері тікелей діни бірлестіктер жəне конфессиялармен (жамағаттармен), сонымен қатар əкімдіктер, Əділет министрлігінің тіркеу қызметі, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мəдениет министрлігі сияқты құзырлы мекемелермен етене байланыс жасайды.
Я.Трофимова, А.Артемьева, жəне К.Шүлембаева сияқты ғалымдардың ойы бойынша, 90- жылдары қабылданған Қазақстанның білім беру жəне дін мен діни ұйымдарды реттеу туралы заңдар өте либералды болып келді [5].
1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заң 5 тараудан жəне 24 баптан құрастырылды. Қазіргі кезде Қазақстанда қалыптасқан діни жағдай жəне соған қарасты мəселелер дін туралы заңның олқылықтары мен легитимдік либералдылығына байланысты. Əсіресе бүгінгі күні Қазақстан өз алдына əлемнің бəсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу, Еуропа қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге т.б. мақсаттарды қойып отыр. Бұндай жағдайда елдің ішкі жағдайы тұрақты болуы керек. Бірақ бүгінгі таңда республикада əр түрлі діни ағымдар, секталар жəне миссионерлер көбейіп кетті. Солардың қатарында дəстүрлі емес діндердің үлесі өте көп. Сондықтан да республикада қалыптасқан күрделі діни жағдай бірінші кезекте ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Бірақ мемлекет діни жағдайды ретке келтіру мақсатында бірқатар əрекеттер жасады. 2008 жылға дейін дін туралы заңға жеті рет өзгерістер мен толықтырулар жасалынды [6]. Қазір де оны тағы да парламент пен үкіметтің талқылауына салды.
Дін туралы заңның алғашқы нұсқасына келетін болсақ, оның I-тарауы 1-бабында «Осы заң Республика Конституциясында, сондай-ақ адам құқықтары туралы халықаралық актілер мен келісімдерде баянды етілген азаматтардың діни сенім бостандығы жөнінде құқықтарын іске асыруға кепілдік береді» деп айтылды [2; 3]. Яғни бірден заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына қарсы келмейтіндігі жарияланды, кейінгі кезде дін туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар жасалған кезде ең алдымен солардың ҚР Конституциясына қайшы келмейтініне назар аударылды. Яғни ҚР жариялаған ар-ождан жəне діни бостандығы, адамдардың өмірі мен құқықтарының құндылығы əуел бастан-ақ мемлекет саясатының басты назарында болды. Сөйтіп, дін туралы заңның 3-бабында айтылғандай, ҚР-ның басқа мемлекеттердің азаматтары жəне азаматтығы жоқ адамдар жеке өзі, сондай-ақ басқалармен бірге кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы, жалпы адамдардың діни өміріне қатысты мемлекет араласпайтыны жарияланды [2; 3]. Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Барлық діндер мен діни бірлестіктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды. Діни бірлестіктер қандай да болсын мемлекеттік қызметтер атқармайды, мемлекет те діни бірлестіктердің қызметіне, егер ол заңға қайшы келмесе, араласпайды. Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды. Діни негіздегі партиялардың құрылуына жол берілмеді. Мемлекет өз тарапынан дін ұстанатын жəне оны ұстанбайтын азаматтар арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жəрдемдеседі. Мектепті діни бірлестіктерден бөлу жəне мемлекеттік білім берудің рухани сипаты жарияланды [2; 5]. Əрине, дін туралы заңның демократиялық сипатын жоққа шығаруға болмайды. КСРО ыдырағаннан кейін демократиялық кезеңге аяқ басқан Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы елге айналды. 130-ға жуық этностардың, 50-ге жуық конфессиялардың мүддесін ескеру мақсатында 90-жылдары қабылданған заңдардың көбісі өте либералды болды. Бір жағынан, бұл жаңа ғана тəуелсіздікке қол жеткізген көпұлтты мемлекет үшін де заңды қадам еді. Өйткені сол кезде республикада жəне қазір де ұлтаралық, дінаралық араздықтардың шығуына жол берілмеуі тиіс болды. Бірақ дін туралы заңның əлсіз жақтары жəне олқы тұстары да көп болды. Соны пайдалана отырып, шетелдің көптеген діни ағымдары, миссионерлері, секталары, бірлестіктері келіп, Қазақстанда орнығуға мүмкіндік алды.
Айталық, 1992 жылы қабылданған заңда миссионерлік қызмет жəне Қазақстандағы миссионерлер, оларды тіркеу жөнінде ештеңе айтылған жоқ. Сондықтан да жергілікті үкімет органдары діни жағдай туралы ақпаратпен тиісті жағдайда қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар діни ұйымдарды тіркеу туралы тармақтар екіжақты қарастырылды. Діни бірлестіктердің тіркелуі жөніндегі баптар мен тармақтардың кейбіреулерінде нақтылық болған жоқ. Мəселен, діни бірлестіктердің жергілікті жерлерде тіркелуі жөнінде.
Жергілікті діни ұйымдар (қауымдар) жайлы анықтама абстрактілі берілген. Заңда діни ұйымдардың жарлығын жасау туралы міндеттеме болған жоқ, сол себептен олар тіркелуден де өтпеді. Азамат кодексінде діни ұйымдарға берілген анықтама да толық анықтылмаған болып келді.
«Діни ұйым бұл заң актілерінің бекіткен тəртіптері бойынша рухани қажеттіліктерді өтеу үшін, ортақ мүдделердің негізінде құрылған азаматтардың ерікті ұйымдары болып табылады» [1; 46]. Əрине, бұл олқылықтар Қазақстан жеріне шетелден діни ағымдардың көптеп ағылып келуіне, əсіресе бұл тұрғыда дəстүрлі емес жəне ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін діни қозғалыстардың республика аумағында орнығуына себепші болды. Заңның 13-бабында: «Діни бірлестіктердің діни мақсаттағы заттарды, құдайға құлшылық ету əдебиетін жəне діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды басып шығаруға, өндіруге, шетелден шығаруға, шетелден əкелуге жəне таратуға қақысы бар», — деп жарияланды [2; 9]. Бұған қоса, 8-бапта «Діни бірлестік қызметінің діни дəріс жағын айқындайтын құжаттар мемлекеттік органдарға тіркелуге жатпайды» деп айтылды [2; 7]. Яғни, діни бірлестіктер Қазақстанда діни əдебиеттерді емін-еркін таратуға, қалауы бойынша кез келген діни үлгідегі кітаптарды шетелден алып келіп, республика халқы арасында таратуға құқылы болып шықты. Ал кейбір діни бірлестіктер Заңдағы қайырымдылық жəне мəдени-ағарту қызметі жөніндегі баптың жариялаған мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қайырымдылық жасау арқылы халықты өз дініне тартуға тырысты.
Заң бекітушілері діни ұйымдардың шектелген тізімін белгілемеді, сол ұйымдарға жергілікті діни ұйымдар (қауымдар), діни басқармалар (орталықтар) жəне олардың құрылымдық таралымдар, сонымен қатар рухани оқу орындары, мешіттер, монастырьлер, миссиялар жəне т.б. жатқызылды.
Заңның Діни бірлестік жарғысын тіркеуден бастарту жəне Діни бірлестік қызметінің тоқтатыла тұруы жəне доғарылуы туралы 10 жəне 11-баптары нақтыланбаған, сол баптарда қарастырылған діни бірлестіктердің қызметін тоқтату, діни бірлестіктердің таратылу жəне қайта ұйымдастыру жағдайлары толық қарастырылмаған, əрі олардың қызметінің доғарылу процедураларына тоқталынбаған. Діни бірлестіктердің Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайлары, сол үшін жауапкершілікке тартылу мəселелері тиісті дəрежеде қарастырылмаған.
Дін туралы заңдағы олқы тұстарының арқасында республикадағы діни жағдай күрделініп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіре алатын діни бірлестіктер, секталар пайда болды. Қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында 1991 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңға жеті рет өзгерістер мен толықтырулар жасалынды. Бұл іс-шаралар ҚР-сы Конституциясы мен халықаралық келісім-шарттар мен құқықтық нормаларға сай жасалынды.
Діни бостандық туралы жаңа заң əрбір адамның наным бостандығы құқығын құрметтеп, Қазақстанның демократиялық, зайырлылық принциптерін ұстана отырып, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін діндердің мəдени жəне тарихи құндылығын жəне конфессияаралық келісімнің маңыздылығын, діни төзімділікті жəне азаматтардың нанымдарын құрметтеуді жариялаған кіріспемен толықтырылған болатын. Заң ішінде пайдаланылған «ғибадат үйі», «миссионерлік қызмет», «діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі уəкілетті орган» деген негізгі ұғымдарға түсінік берілді. Заңның Мемлекет жəне діни бірлестіктер деген 4-бабына толықтырулар енгізілді. Мəселен, «Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді» деп жарияланды [2; 2]. Діни экстремизмді насихаттауға, конфессияаралық айырмашылықтарды саяси мақсаттарға пайдалануға бағытталған іс-əрекеттерге жол берілмейтін болды. Дінтану сараптамасы туралы мəселе қозғалды. Миссионерлік қызмет туралы айтылып, оны жүргізу үшін есептік тіркеуден өту керек деп белгіленді. Миссионерлік қызметті жүргізетін адамдар жөнінде де мəселе қозғалды. Миссионерлер жергілікті атқарушы органдарда жыл сайын тіркеуден өтуге мəжбүр деген шешім қабылданды. Миссионерлік қызметті жүргізу үшін тіркеуден өтіп, рұқсат алу мақсатында қажетті құжаттар белгіленді. Миссионерлік қызметке арналған əдебиет, діни мақсаттағы аудио-, бейнематериалдар жəне өзге де заттар жергілікті атқарушы органдарға ұсынылып, келісіліп қолданылуы тиіс деп жарияланды [2; 2].
Заңның мектепті діни бірлестіктерден бөлу жəне мемлекеттік білім берудің рухани сипаты жөніндегі 5-бапқа өзгерістер енгізілді. «Діни пəндерді оқыту ерікті негізде мемлекеттік емес оқу жəне тəрбие орындарында жүргізілуі мүмкін», «Дінтану» пəндері мемлекеттік оқу орындарының бағдарламаларына енгізілуі мүмкін» деген сөздер мүлдем алынып тасталды. Баланы діни тəрбиелеу оның тəндік, психикалық саулығына жəне имандылық рухында дамуына залал келтірілмеу тиіс деген талаптар қойылды [2; 2].
6-бапта ҚР-ның діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік орган туралы айтылған. Сол орган ҚР Президентінің қаулысымен таратылып, оның орнына Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі уəкілетті орган құрылды. Діни жағдайды бақылауға алған жаңа құрылған органның құзыреті əлдеқайда кең болды. Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік орган көбінесе мемлекетте діни істер бойынша қосалқы жұмыстарды атқарды. Əрі оның құзыреті толығымен анықталмаған жəне өте тар шеңберде болды. Ал жаңа пайда болған уəкілетті органның қолында діни мəселелер бойынша саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастырушы, ақпараттық- насихаттау іс-шараларын жүзеге асырушы, сараптау, түсіндіру, атқару, бақылау, ұсынушы, т.б. сол сияқты жұмыстарды атқарушы қызметі шоғырланған болатын. Сонымен қатар 6-бапқа облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандардың діни бірлестіктермен қарым- қатынастарды реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыреттілігі жөніндегі толықтырулар енгізілді.
Заңдағы Діни бірлестіктің жарғысы (ережесі) туралы бапты нақтылау жəне толығымен айқындауға тырысу мақсатында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Діни бірлестіктің жарғысында:
- діни бірлестік атауы, орналасқан жері жəне шегінде ол өз қызметін жүргізетін аумақ;
- ұстанатын діні, қызметінің мəні мен мақсаты;
- діни бірлестіктің құрылымы, қалыптасу тəртібі, оның басқару органдарының құзыры мен өкілеттілігінің мерзімі;
- діни бірлестіктің құқықтары мен міндеттері;
- діни бірлестік мүлкінің құралу тəртібі;
- діни бірлестік жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізудің тəртібі;
- діни бірлестік жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізудің тəртібі көрсетілуі тиіс болды [2; 3]. Діни бірлестікті қайта ұйымдастыру мен тарату туралы тəртіп енгізілуі керек деген талап қойылды.
Діни бірлестіктерді тіркеу туралы шарттар нақтыланды, яғни екі немесе одан да көп облыстарда əрекет ететін басқармалар мен орталықтар ҚР Əділет министрілігі, ал жергілікті діни бірлестіктерді тіркеуді аумақтық əділет органдары жүзеге асыруы керек деп айқындалды. Дегенмен діни бірлестіктерді тіркеу туралы талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де, республикада заңсыз, тіркеуден өтпей қызмет атқарып жүрген діни ағымдар, қозғалыстар өте көп.
ҚР Президентінің Жарлығымен Діни бірлестік жарғысын тіркеуден бастарту туралы 10-бап алынып тасталынды. Оның орнына діни бірлестіктің қызметін тоқтата тұру туралы талаптар енгізілді. Онда ҚР заңдарын бұзған діни бірлестіктердің қызметін тоқтату жəне сол кездегі олардың жағдайлары туралы сөз қозғалды. 11-бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, діни бірлестікті қайта ұйымдастыру жəне тарату туралы айтылды. Діни бірлестікті қайта ұйымдастыруға қосылу, бірігу, бөлініп шығу, қайта құру сияқты əрекеттер жатады деп белгіленді. Ал оларды тарату үшін ҚР заң актілері жəне Діни бірлестіктің жарғысында көзделген тəртіппен оның Қазақстанның аумағындағы жоғары органының шешімімен не сот шешімі бойынша жүргізіледі. Заңдағы діни сипаттағы мерзімді басылымдарды жəне құдайға құлшылық ету мақсаты көзделмейтін өзге де діни əдебиетті шығару бақылауға алынып, Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жүзеге асырылуы керек деп жарияланды.
30.01.2001 ж. қабылданған ҚР «Əкімшілік заң бұзушылықтар жөніндегі кодексі» [7] ҚР соттарына белгілі тəртіп бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмысын тоқтатуға немесе айыппұл салуға құқық берген. 2001 жылғы ақпан айынан бастап республикамыздың кейбір аймақтарында аталмыш заң бұзушылықтар орын алып, ҚР соттары тиісті шараларды қолданған.
Мемлекет жəне дін қатынастарының өзекті бір мəселесі — азаматтардың дін саласында білім алу, оқу құқығын пайдалануы. Еліміздегі «Білім» туралы заңда бұл мəселе толық шешімін тапқан емес [8]. Бүгінгі күні Қазақстанда 8 діни жоғары оқу орны, 6 орта дəрежелі діни оқу орны мен 3 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарынан екеуі мұсылмандардікі. Олар «Нұр-Мұбарак Мысыр ислам мəдениеті университеті» жəне ҚМДБ қарамағындағы «Имамдардың біліктілігін жетілдіру институты». Бұған қоса 1 католик, 1 лютеран жəне 4 протестант оқу орны бар. Енді осы діндер мен конфессияларды ұстанатын адамдардың жалпы санына шағатын болсақ, сан жағынан ең аз болып табылатын протестанттардың еншісіне ең көп жоғары оқу орны, ал мұсылмандарға болса ең аз оқу орны түсетіні байқалады. Қайталап айтқанда, протестантизм бағытындағы діни бірлестіктер мен діни оқу орындарының саны бəрінен жоғары.
«Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де, бұл əлі де болса, республикадағы діни жағдайды реттеп, бір жүйеге келтіре алмады. Заңдардың тым либералдылығы жəне жүзеге асырылу механизмінің əлсіздігі Қазақстанда дəстүрлі емес діни ұйымдардың көптеп пайда болуына алып келді. Дəстүрлі емес діни бірлестіктердің санының өскені сонша, тіпті олар Қазақстандағы дəстүрлі діни бірлестіктердің санынан басым түсе бастады. Бұл жағдай жетекші конфессиялар діни басшыларының қарсылығына ұшырады. ҚМДБ төрағасы, бас мүфтиі Əбсаттар-қажы Дербісəлідің көзқарасы бойынша: «Қазақстан дəстүрлі емес діндер мен тоталитарлы секталар үшін қызмет ету аренасына айналды. Мемлекетіміз зайырлы сипат алса да, діннің биліктен бөлінуі Қазақстанда дін саласы бойынша нақты, ойластырылған саясаттың болмауы керек деген сөз емес, сол саясатты жүзеге асыру үшін, қолданыстағы дін жəне діни бірлестіктер туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу керек. Республикада бүкіл конфессиялар мен деноминацияларға қатысты тең дəрежедегі құрметтің көрсетілуі мемлекеттің қазақстандық қоғамның дəстүрлі діндеріне қолдау көрсетпеу керек деген жағдайға əкелмейтін сияқты», — деп айтты [9].
М.Бұлұтай бұл тұрғыда: «Кейінгі жылдары «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар жасалынды. Жаңа заң жобасы Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық конвенциялар мен БҰҰ-ның діни сенім бостандығы жөніндегі конвенцияларға сай жасалынды. Жобада «Қазақстан азаматтары жəне шетел азаматтары тіркеуден өткеннен кейін миссионерлікпен айналысуға болады» деп айтылған. Демек, онсыз да Қазақстанда көптеп жүрген шетелдік миссионерлерге елімізге келіп, өз қызметін жүргізуге кеңінен жол ашылады. Өйткені тіркеуден өткізу күрделі іс емес. Керекті құжаттарды жасап, қажетті орындарда тіркеледі де, жұмысын жасай береді. Ал ислам діні бойынша кез келген «мұсылмандық ұйым мен мешіттер салу не тіркелу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан рұқсат алу керек» деген жаңа толықтырулар өте орынды. Бірақ бұл арада басқа діндердің ұйымдары жөнінде ештеңе айтылмаған. Айталық буддистер, кришнаиттер, протестанттар қайдан рұқсат алады? Тіркеуден өткеннен кейін кез келген жерде діни ұйымдарын сала бастаса, бұл Қазақстанның діни жағдайын одан сайын күрделете түседі. Сонда дəстүрлі емес діндердің ұйымдары өз елдеріндегі діни ұйымдардан Қазақстанда миссионерлік қызмет атқару үшін рұқсат алып жатса, елімізге одан ешқандай пайдасы тимейді. Мəселен, Түркияда грек диаспорасының православие дін басшысы тікелей Түркия мемлекеті келісімімен байланысты тағайындалады.
Ал дін туралы заңда экстремистік ұйымдардың тыйым салу туралы баптың енгізілуі өте дұрыс. Алайда «экстремистер», «экстремистік қызмет» сияқты түсініктерге олардың белгілеріне анықтама толық жасалмаған. Бұл заңның кемшілігінен елдегі ішкі ұлттық тұрақтылыққа үлкен зиян əкелуі мүмкін. Сондықтан дін туралы заң əлі де өзгерістер мен толықтыруларды қажет етеді», — деген ой білдірді [10].
2008 жылы наурызда Н.Ə.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына дəстүрлі жолдауында: «Біздің елдегі «Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы» заң 1992 жылы қабылданған болатын. Бұл заң да өзгерістер енгізуді талап етеді. Қоғамда болып жатқан өзгерістер дін саясатының мəселелерін реттейтін, оның ішінде діни негізде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуды, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділікті жəне азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді қамтамасыз ететін нормалар пысықталып, тиімді болып қабылдануы қажет.
Президент айтқандай, бүгінде Қазақстанда мыңдаған əр түрлі миссионерлік ұйымдар жұмыс істейді. Біз олардың мақсаттары мен міндеттерін білмейміз жəне мұндай еркіншілікке, біздің елімізге қажет емес нəрсеге толық бостандық бермеуіміз керек. Бұған мысал ретінде экстремистік əдебиет таратып, адамдарды мүшелікке тарту фактілері орын алған, біздің елде мойындалмаған «Хизб-ут- Тахрир», «Таблиги Джамаат» атты секталардың қызметін айтуға болады. Заң нормалары діни саясатты реттеуде «бос орын» қалдырмауы керек жəне де діни бірлестіктермен қоса, миссионерлер, діни оқу орындарына қатысты өкілеттік пен шектеулерді нақты айқындауы тиіс», — деп атап өтті [11].
Сондықтан да 2008 жылдың көктемінде бір топ Мəжіліс депутаттарының бастамашы болуымен дайындалған «Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы мəселелер бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентте жан-жақты талқыланып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген еді.
Қазақстанның діни картасы туралы объективті ой-пікірдің бар болу қажеттілігін ескере отырып, діни бірлестіктерді оның мемлекеттік тіркеуі туралы шешімді қабылдаған мемлекеттік органды жыл сайын өз қызметінің жалғасуы туралы хабардар етуге міндетті. Азаматтар құқықтарын қорғау мақсатында ритуалды қажеттілік жағдайында азаматтардың қалауы бойынша діни рəсімдерді жақында тұратын азаматтардың, тұрғындардың жəне көрші пəтер-үйлер меншіктерінің құқықтары мен мүдделерінің сақталып, азаматтардың тұрғын үй-жайларында өткізу көзделген. Əскери бөлімдердегі, ауруханалардағы, қарттар мен мүгедектер үйлеріндегі, алдын ала тұтқындау жəне жазаны өтеу орындарында өткізілетін діни салттар тек оларда жатқан азаматтардың өтініші бойынша ұйымдар əкімшілігі арнайы бөлетін үй-жайларда жүргізіледі.
Жалпы, заң жобасында діни бірлестіктердің мəртебесін анықтауда көп жаңалықтар бар. Сондықтан жоғарыда көрсетілген талаптарға сəйкес заң күшіне енген күннен бастап 18 ай ішінде діни бірлестіктердің қайта тіркелуін жүргізу көзделді.
Осындай жақсы жақтарымен қатар, аталған заңның жобасында көптеген олқылықтар болды. Атап айтар болсақ: 1992 жылғы заңда бүкіл діни бірлестіктер заң алдында бірдей екені өзгермеген күйі қалып отыр.
Қазіргі таңда көптеген еуропалық елдерде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасы қалай құрылғанына зер сала қарасақ, бұл елдерде дəстүрлі емес діндер өмір сүргенімен, оларға іс жүзінде емін-еркін қызмет жасауларына еркіндік берілмеген.
Айталық, Италия, Испанияда жаңа діни қозғалыстар, діни бірлестіктер мəртебесі құқығын еншілей алмайды. Литвада 1995 жылы 14 қарашада қабылданған «Діни бірлестіктер мен қоғамдар туралы» заңға сəйкес секталар заңды тұлғалар құқығына ие бола алмайды.
Сонымен, заң жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау қажеттілігін ескеріп, діни бірлестіктердің қызметін реттеуді тəртіпке келтіруге бағытталған. Жобада мемлекеттік органдар да, сондай-ақ діни бірлестіктер де орындауға тиіс ережелер бар.
Құжат жобасындағы ережелер Еуропа елдерінің заңнамаларымен салыстырғанда демократиялық жəне ымырашыл болып табылады. Бұл елдерде діндарлардың бірлестіктеріне қатаң талаптар қойылған. Мысалы, діни бірлестік ретінде тіркелу үшін құрылатын ұйымда тұрғын халықтың 0,2 пайызынан астам ізбасарлары болуы тиіс, ал қазақстандық өлшемдер бойынша ол 32 мың адамды құрайды. Қолданыстағы қазақстандық заңнаманың Еуропа елдерінің заңнамасынан айырмашылығы — ол діни бірлестіктердің заң алдында тең құқылық қағидатында негізделетіндігі. Осы қағида заң жобасында да сақталған. Жəне де заң жобасын əзірлеу барысында шетелдердің оң тəжірибесі барынша ескерілді.
Қазақстан ратификациялаған адам құқықтарының халықаралық стандартын бекітетін БҰҰ-ның Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінде дінді немесе нанымды уағыздау бостандығы заңда белгіленген тəртіпке сəйкес қоғамдық қауіпсіздікті, тəртіпті, денсаулық пен адамгершілікті, сондай-ақ басқа тұлғалардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында шектелінуі мүмкін. Заң жобасындағы барлық шектеулер БҰҰ талаптарына сəйкес келеді. Осы жылдың сəуір айында заң жобасы жария етілгеннен кейін Қазақстан аталған заң жобасының халықаралық актілеріне сəйкестігінің сараптамасын жүргізу мақсатында ЕҚЫҰ-ға үндеу жасау жөнінде бастамашылық етті. Сондай-ақ маусым айында заң жобасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қорытындысының бірінші нұсқасы берілді. Ал ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшылары бірқатар ұсынылған өзгертулерге оң баға берді. Оларда діни нанымды шектеу тек заң аясында ғана бекітілетіндігі нақтыланып, күндізгі рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқитын азаматтар үшін əскери қызметті өтеуді кейінге қалдыруға қатысты құқықтар мен жеңілдіктер енгізу, діни бірлестікті тіркеуден бастарту негіздері қарастырылған.
Екіншіден, адам құқықтарын қорғауға жəне қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған БҰҰ жəне ЕҚЫҰ актілерінің ережелерін есепке алып, жұмыс топтары отырыстарының барысында заң жобасының бірқатар ережелері алынып тасталды немесе қайта қарастырылды. Мысалы, мəтіндерді жəне бейнелерді таратуға жəне орналастыруға, азаматтардың діни сенімдерін қорлайтын көпшілік шараларды қоғамдық жерлерде жəне табынушылық ғимараттардан (құрылыстардан) 100 м шегінде өткізуге тыйым салу, миссионерлер квотасы, орталық діни бірлестіктердің елдің жартысынан астам облыстарында кем дегенде он жыл ішінде жергілікті діни бірлестіктердің бар болуы, Қазақстанда шығарылатын əдебиетке дінтану сараптамасын өткізу жөніндегі ереже алынып тасталды.
Сонымен қатар жұмыс топтарының талқылауы кезінде діни əдебиеттерді шығаруды уəкілетті органмен келісу, діни бірлестіктен тыс ұйымдық-құқықтық нысанда діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құру мен олардың қызметі үшін əкімшілік жаза қолдану, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің діни бірлестіктерге түсетін қаржы-қаражаттарын есепке алуға қатысу, жасырын тұлғалардан, сондай-ақ шетел азаматтары мен ұйымдардан садақаларды алуға тыйым салу, осы заңның қолданысқа ену сəтінде басқарма (орталық) ретінде тіркелген жəне Қазақстан Республикасы, Астана мен Алматы қалаларының аумағында кем дегенде он жыл қызмет ететін құрылымдық бөлімшелері бар діни бірлестіктер орталық діни бірлестіктер ретінде қайта тіркеуден өту құқықтары бар екендігі туралы ережелер де алынып тасталды.
Ал мына ережелер — қайырымдылық қызметін өткізуге, дінтану сараптамасын өткізуге қатыстырылатын мамандарды нақтылауға, орталық діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын талаптарға жəне діни топтардың қызметі мен құқықтарына қатыстылар өзгертілді.
Қорыта келгенде, аталмыш заң жобасы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына жəне халықаралық құқық қағидаттарына сəйкес келеді деп айтуға болады.
«Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ислам дінінің дамуына қаншалықты əсер етеді? деген сұраққа келетін болсақ, ислам — мұсылман халықтарының рухани қазынасы, салт-санасы, əдет-ғұрпы, дəстүрі, білімі, мəдениеті жəне тілімен біте қайнасқан дəстүрлі дін. Ислам діні Қазақстан жеріне ұзақ жылдар бойы орнап, ақырында халқымыздың ұлттық дініне айналды. Əрине, қазақтардың мəдениетінде отқа табыну, Тəңірлік діннің ықпалы да байқалады. Бірақ ұлттық мəдениеттің негізінде бірнеше діндердің біте қайнасып, сабақтасып дамуы көптеген өркениеттерге тəн құбылыс. Бұған айқын дəлел ретінде Қытай өркениетін мысалға келтіре аламыз. Оның негізінде үш бірдей діни ілім жүйелері жатыр, яғни конфуцианшылдық, даосизм жəне буддизм. Ал қазақ мəдениетінің негізінде Тəңірлік дін мен ислам дінінің синкреттік байланысы жатыр деп айтсақ қателеспейміз. Сондықтан да Қазақстанда қазақ тілі, мəдениеті мен тарихына қаншалықты баса назар аударылса, сол сияқты ислам дініне де бет аударылуы керек. Өйткені мұсылмандықтың ықпалымен қазақтың мəдениеті дамыды: араб графикасы, сəулет өнері, салт-дəстүрлері, əдет-ғұрыптары, тілі, дүнетанымы, тəлім-тəрбиесі жəне тағы да сол сияқты. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Ал республикада əрекет ететін жат жерлік саентология, благодать, Иеговы куəгерлері, евангелистер, Кришна т.б. секталар мен діни ағымдарды алсақ, олардың əрекеті қазақ халқының санасын улау, Қазақстан жеріне өз дінінің ықпалын тарату, елдің бірлігіне нұқсан келтіру, ұлттық тұтастықтың іргесін құлатуға бағытталған.
Сондықтан да дəстүрлі емес діни бірлестіктер мен миссионерлердің Қазақстанда емін-еркін əрекет етуі үшін жағдай жасалмауы керек. «Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей. Ешбір дін немесе діни бірлестік басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды, дейді Заңның 4-бабында [2; 1]. Заңның осы нормасы қайта қарастырылып, өзгертілуі жөн. Зайырлы мемлекет деп қазақ халқының дəстүрі мен салт-санасын құрбан етуге болмайды. Тəуелсіздіктің алғашқы жылы ел тыныштығын ойлап қабылданған осы заңдық норманың 18 жылдан кейін Қазақстан аяғына тік тұрып, бізді бүкіл əлем мойындаған кезде ұлтымыздың рухани тұтастығына аса қауіпті жат діндерді ығыстыру керек.
Жалпы Қазақстанның «Дін бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы заң» өзге елдердің, оның ішінде Еуропа мемлекеттерінің дін туралы заңдарымен салыстырғанда, ең демократиялық, өте ымырашыл заң болып табылады. Өйткені Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекетте дəстүрлі емес, сырттан келген дін өкілдеріне дəстүрлі дінмен бірдей теңдік құқығы берілмеген жəне де оларда дəстүрлі діндер мемлекет тарапынан ресми дін ретінде танылған, басқа діннен артықшылық құқы бар, мемлекет тарапынан қолдауға ие, əрі қаржылық көмек алады, жоғары оқу орындарында пəн ретінде оқытылады (бұл жерде мұсылман мемлекеттері айтылып отырған жоқ).
Мысалы, Англияда Англикан шіркеуі жоғары мəртебеге ие, католиктер мен протестантардың оған құқы жоқ, ал мұсылмандардың мəртебе тұрмақ, бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына қақысы жоқ.
Ресей мен Белоруссия православье шіркеуін қолдайды. Ал, Əзербайжан Республикасы ешкімге де жалтақтамай-ақ, 1992 жылы қабылдаған заңында шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқтарға діни насихатпен айналысуға тыйым салған. Айта берсе, мысал жеткілікті.
Жаңа заң жобасындағы олқылықтардың тағы бірі, ол 50 азамат бас қосып, діни бірлестік құруға құқылы екендігі, бұрынғы заңда олардың саны 10 еді. Көріп отырғанымыздай, бізде діни бірлестік құрудан оңайы жоқ. Жергілікті діни бірлестіктерді кəмелетке толған кемінде 50 азамат құратыны көрсетілуі — еліміздің бөлшектене түсуіне тікелей əсер ететін құқықтық норма.
Ал Еуропа елдерінде жағдай мүлдем басқаша. Мысалы, Бельгияда діни бірлестік мəртебесін алу үшін діни бірлестік мүшелерінің саны ондаған мың санға жетуі тиіс, Австрияда — 16 мың, Чехия — 10 мың, Румынияда — 20 мың, Франция, Германия, Швейцария т.б. мемлекеттерде де осы мөлшерлес.
Бұл əрекетке құқықтық тосқауыл қою аса қажеттігін ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жергілікті діни бірлестіктердің құрылтайшыларының санын ең кемінде кəмелетке толған 10 000 азамат деп белгілеуді ұсынған еді. Алайда ол ұсыныс қолдау таппады.
Сондай-ақ кемінде 5 облыстың аумағында жұмыс істеп тұрған жергілікті діни бірлестіктер «Орталық діни бірлестік» болып танылады делінген заң жобасына қатысты ҚМДБ-ның ұсынысы да қабылданбады.
Онда аталған заңның жаңа жобасында республикамыздың демографиялық, тарихи, мəдени, əлеуметтік ерекшеліктері ескерілмегендіктен, əрі Орталық діни ұйым ретінде құрылу үшін діни бірлестіктер тіркелген облыстар мен қалалардың саны негізгі көрсеткіштер емес, ең басты көрсет- кіш — Қазақстан халқының 72 пайызын құрайтын мұсылмандар мен 22 пайызын құрайтын православтар болғандықтан, «Қазақстан Республикасындағы Орталық діни ұйымдар — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жəне Қазақстандағы Орыс православье шіркеуі (ҚОПШ) болып табылады» деп нақты атап көрсетіп, бұл мəселеге түбегейлі нүкте қою қажеттігі көрсетілген еді. Өйткені заң жобасындағы ұсыныс осы қалпында қабылданатын болса, еліміздегі Орталық діни ұйымдардың қатарына ҚМДБ жəне ҚОПШ-пен қатар, протестанттар мен католиктердің, саентология мен Иеговы куəгерлері секілді өзге де зиянды діни-идеологиялық ағымдар мен секталардың бүгін болмаса да, болашақта аталмыш талаптарға сай келіп, бірнеше жылдың көлемінде Қазақстан Республикасының Орталық діни ұйымдарының бірі ретінде ресми түрде танылуы мүмкін. Осыдан келіп Қазақстанның жат діндердің полигонына айналып, оның аяғы қанды қақтығыстарға апарып соқтыруы əбден мүмкін.
Жоғарыда айтылғандай, ел халқының 72 пайызын құрайтын мұсылмандар мемлекеттің байырғы ата-баба дінінің өкілдері болғандықтан, олардың басын қосып біріктіруші Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғамдағы орны ерекше. Сол себепті ҚМДБ-ға жаңа заң жобасында ресми қолдау көрсету ұсынылған еді. Себебі дəстүрлі дін ғана мемлекетке тірек бола алады, ал басқа дінсымақтар мемлекетке тірек бола алмайтындығы анық жайт. Қазақстанда ислам дінінің мəртебесін жоғары қойып, мəн беріп, басқа теріс пиғылды діндерге тосқауыл қойылса, ол ешқандай демократиядан ауытқу болып есептелінбейді.
Қазақстандағы Мұсылмандар діни басқармасының да, мұсылман дінінің мəртебесінің əлі анықталынбағаны өкінішті-ақ. Діни ағымдар мен секталар арқылы елімізге неше түрлі бүлдіруші саяси-идеологиялық ықпалдардың еніп жатқаны дəлелдеуді қажет етпейді. Бұл — жасырын түрде ықпал етудің ең арзан, ең тиімді, ең ұзақ мерзімді тəсілі. Бұл үшін ислам діни ұйымдарының мəртебесін айқындап, дəстүрлі емес діни ағымдарды ауыздықтау қажеттігі — уақыт талабы. Ел халқының 72 пайызын құрайтын мұсылмандар мемлекеттің байырғы ата-баба дінінің өкілдері болғандықтан, олардың басын қосып біріктіруші Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ерекше мəртебе берілуі қажет еді. Қазіргі уақытта мешіттердің коммуналдық қызмет төлемдерін төлеуге шамасы жоқ. Имамдар жалақы алмай еңбек етуде. Бұл жағынан мемлекеттің қолдауы өте қажет. Бірақ дін мемлекеттен бөлек деп, мемлекет ондай қолдауға бармай отыр.
Шетелдік діни бірлестіктер қаржыдан таршылық көрмейді. Молшылықта өмір сүріп жүргенін бəріміз көріп жүрміз. Үлкен қалалардың ортасынан ғимарат сатып алу, жер учаскесін алу олар үшін түк емес. Демек, батыстың алпауыт мемлекеттері Қазақстан халқын жаппай шоқындырып, санасын улауға өздерінің осындағы компаниялары арқылы қаржы төгетіні анық. Мұның діни диверсия екені даусыз.
Заң жобасының кіріспесінде «Қазақстан Республикасында Ислам жəне православье діндерінің құндылықтары танылады»,— деп жазып көрсету керек.
Бұдан басқа, аталған Заңның 12-бабының 6-бөлігінде ғибадат үйлерін салу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісімі болу сұралған еді, алайда ол да ескерілмеді. Мұндағы мақсат — ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жəне мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту. Өйткені мемлекет тарапынан берілген еркіндікті теріс пайдаланып, ел ішіне іріткі салған Ислам дінінде əр түрлі бағытты ұстанған ұйымдар, топтар пайда болды. Діни басқармадан келісім алу — ғибадат үйлерін теріс пиғылды ағымдардың ұясына айналдырмаудың бірден-бір жолы болмақ. Ислами бағыттағы ғибадатханалардың бір орталыққа бағынып қызмет атқаруы теріс əрекеттер мен заңсыздықтарды болдырмаудың кепілі болар еді.
Жауапкершілік жəне жаза заң бұзушылықтарға тоқтау салатын ең мықты қаймықтырушы күш екені анық. Алайда «Əкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 375-бабындағы əкімшілік жаза бұл талапқа сай келмейді, яғни жаңа айыппұл мөлшерлері өте төмен [7; 145,146]. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдың ең төменгі мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы тиіс деген ұсынысы да өтпеді.
Республикадағы діни жағдайды ретке келтіре отырып, Қазақстанда дəстүрлі жəне тарихи жолмен қалыптасқан діндердің жағдайын ескеру қажет. ТМД, Еуропаның көптеген елдері сияқты Қазақстан да өзінің басым тұрған діндерге қолдау көрсетіп жатса, онда тұрған ешқандай заңсыздық, демократияға немесе зайырлылыққа қарсы əрекет жоқ. Қайта үкімет республикада халықтың 72 %-ын құраған мұсылмандар мен 22 %-ын құраған православтардың құқықтары мен мүддесін ескеретін болады. Дегенмен, 2006 жылы мұсылмандардың «Құрбан айт» жəне православтардың «Рождество» деген діни мейрамдары мемлекеттік демалыс күндері болып жариялануы, мемлекет тарапынан мұсылмандар мен православтардың мүддесін ескеруіне бастама қадам деп бағалауға болады. Парламент Мəжілісінің депутаты Серік Темірболатовтың айтуынша, діни радикализм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізуге қатысты заңнамалар ойдағыдай жұмыс істеуде, дегенмен оларды əрі қарай жетілдіре түсу жөн. Депутат сондай-ақ «Миссионерлер туралы заң» жобасын дайындау қажеттілігін де атап өтті [12].
Сондықтан да бүгінгі күні «Діни сенім бостандығы мен діни бірлесткітер» жалпы дінмен байланысты бүкіл заңдық актілерге, соның ішінде ҚР Əкімшілік құқық бұзушылық кодексі, Қылмыстық кодекс [13], «Миссионерлік қызмет» [14], «Діни терроризм, радикализм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізу туралы», «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мен филиалдар жəне өкілдіктерді есептік тіркеуге алу туралы» [15], «Əскери міндеттілік жəне əскери қызмет» [16],
«Баланың құқығын қорғау» туралы [17] т.б. заңдарға тиісті дəрежеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек.
Осы орайда Елбасы Н.Ə.Назарбаев атап айтқандай: «Қазіргі қоғамның басты міндеті — этносаралық келісімді сақтау мен нығайту ғана емес, сонымен бірге, діни толеранттылықты, конфессияаралық үнқатысу мен келісімді бекемдей беру болып табылады» [18].
Сонымен қатар заң жобасының ережелеріне діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу рəсімдерін нақтылау, саны аз діни топтардың мəртебесін анықтау, сыйыну ғимараттары мен құрылыстарын тəртіпке келтіруді қарастырды. Осы заң жобасы жөнінде ҚР-сы Үкіметінің қорытындысында діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер іс-қимылын жүзеге асыруды қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіруі мемлекеттік-конфессияаралық қарым-қатынастардың қазіргі кездегі уақытқа сай əрі қажетті екендігі атап айтылды. Мұның өзі ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген
«Азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасына сəйкес келеді [19]. Бұл кезеңде діни ұйымдарды құру мен қызметін реттеуде кешенді қадам жасауды талап етеді. Өйткені 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» Заң қабылдағаннан бері өмір болмысы мен заман талабы айтарлықтай өзгерді. Дүние жүзінде діни экстремизм, радикализм, терроризм мəселелері шығып, біздің мемлекетіміз бен өзге елдерде де танымал емес шіркеулер мен көптеген дін атын жамылған, рухани құндылықтарға еш қатысы жоқ əрі ар-ождан қағидаларына қайшы келетін бірлестіктер жұмыс істей бастады.
Елбасының 2006 жылғы 10 қазандағы «ҚР-сы азаматтарына патриоттық тəрбие берудің 2006– 2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығында: «Соңғы онжылдықта шетелдік насихатқа, сондай-ақ жекелеген азаматтар мүдделілігіне бола елде таратылып отырған діни жоралғылармен байланысты түрлі экстремистік пікірлер байқалуда [20].
Жастардың кришнаиттер, Иеговы куəгерлері секілді Қазақстан үшін дəстүрлі емес бірлестіктерге, сондай-ақ экстремистік ұйымдарға, мысалы, Хизб-ут-Тахрир діни-саяси бірлестігіне жəне басқаларға деген қызығушылығы осы бірлестіктер мен ұйымдарды белсенді жақтаушылардың жас адамдардың санасына психологиялық ықпал етуімен байланысты. Сондықтан діни саладағы пайда болатын өзекті проблемаларды реттеудің нақты тетігін əзірлеу қажет», — делінген [21].
Демек, алаңдаушылық терең орын алып отыр. Осы себепті қоғамдағы діни саланы реттейтін заңнамаларды тереңірек талдаған жөн.
Кəмшат Тасболат өзінің «ТМД елдері «Діндер туралы» заңды қатайтты» деген мақаласында:
«ТМД жəне Орталық Азия елдеріндегі діни бірлестіктерді реттейтін заңдардың қабылдану кезеңдерін сараптап қарасақ, «Діндер туралы» заңды Ресей — 1997 ж., Өзбекстан — 1998, Беларусь — 2002, Қырғызстан 2008 жылы қайта қарап, жаңа мəтінде қабылдаса, Тəжікстан 2009 жылдың наурыз айында жаңа заңды қабылдап тастады. Бұл күндері Арменияда тиесілі заң жобасы жергілікті парламент талқысында. Бұл тұста Қазақстанның «Діндер туралы» заңының 2011 жылдан кейін ғана қайта қаралу мүмкіндігін ескерсек, көршілерімізден қалыс қалатын тұстарымыз көп сияқты. Онсыз да Қазақстанның «Діни наным-сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңы аймақтағы ең көне заңдардың санатында. Отандық заң 1992 жылы қабылданған.
Посткеңестік елдердің «Діндер туралы» заңдарында айырмашылықтардан гөрі, ұқсастықтар көп. Ең бастысы, тиесілі заңдар ұлттық қауіпсіздік пен діни бірлікті қамтамасыз етуге бағытталса, екінші жағынан, шетелдік діни экспансияны ауыздықтап, жергілікті ата-баба діндеріне басымдық береді»,— деп жариялады [22].
Жалпы дін, діни сенімге, діни бірлестіктерге байланысты заңнамалар əлі де болса, дұрыс қарастырылуды, талдау, сараптау мен зерттеулерді қажет етеді. Заман ағымына сай сол заңнамаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек. Өйткені дін — бұл қоғамның маңызды мəселесі. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Қазақстанның ұлтаралық, конфессияаралық толеранттылық пен үйлесімділікті, ішкі-саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау өте маңызды.
Əдебиеттер тізімі
- Азаматтық кодекс. — Алматы: Норма-К, 2002. — 352 б.
- Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы 1992 ж. 15 қаңтардағы № 1128-XII Қазақстан Республикасы Заңы (2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен). ҚР-ның заңдарының электронды жинағы: Юрист. — анықтамалық-құқықтық жүйесі. —
- ҚР Конституциясы. — Алматы: «ИД-Эврика» ЖШС, 2005. — 4-б.
- АҚШ мемлекет басқармасының «Демократия, адам құқықтары жəне еңбек бюросы» жариялаған «Қазақстан —
- халықаралық діни бостандық есебі» (2002 ж.). — Юрист — анықтамалық-құқықтық жүйе. — 2008.
- Жусупов С. Ислам в Казахстане: прошлое, настоящее, будущее во взаимоотношениях государства и религии. — 2001 / www.carnegie.ru (09.09.2010)
- Шулембаева Р. Свобода, вера, право. 2008 / assembly.kz (09.09.2010)
- ҚР «Əкімшілік заң бұзушылықтар жөніндегі кодексі». — Алматы: Норма-К, 2002. — 145,146-б.
- ҚР Білім туралы заңы: № 320-III ҚРЗ. — Астана: Заң, 2007. — 27 шілде. — 32-б.
- Материалы заседания науч.-практ. конф. «Пути сохранения и укрепления межнационального согласия в современном мире». — Астана: Евразия, 2007. — С.
- Бұлұтай М.Ж. Дін жəне ұлт. — Алматы: Арыс, 2006. — 57-б.
- Сарпеков Р. Жауапкершілік салмағын сезінсек // Егемен Қазақстан. — 2008. — 18 наур. — № 77–80. — 2-б.
- Құланбай Ə. Заңнама толыққанды болса, діни экстремизмге жол берілмейді // Егемен Қазақстан. — 2008. — 27 маус. —№ 192,193. — 2-б.
- ҚР Қылмыстық кодекс. — Алматы: Норма-К, 2002. — 56-б.
- Шетелдіктердің ҚР-да болуын құқықтық жекелеген мəселелері ҚР-сы Үкіметінің 2000 жылы 28 қаңтардағы № 136 қаулысы. — Юрист — анықтамалық-құқықтық жүйе. — 2008.
- Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу жəне филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы 1995 жылғы 17 сəуiрдегі Қазақстан Республикасының Заңы. — Юрист — анықтамалық-құқықтық жүйесі.
- Əскери міндеттілік жəне əскери қызмет туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шiлдедегi № 74 Заңы // Егемен Қазақстан. — 2005. — 23 шiлде. — № 162. — 3-б.
- ҚР-дағы баланың құқықтары туралы 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-II ҚР-ның Заңы. — Юрист — анықтамалық- құқықтық жүйе. —
- Балғарина Б. Халықтың имандылығы мен бірлігі қымбат // Егемен Қазақстан. — 2008. — 11 қазан. — № 312. — 4-б.
- Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы ел халқына жолдауында белгіленген Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасына жəне Қазақстанның əлемдегі бəсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясына сəйкес əзірленді).
- ҚР-сы азаматтарына патриоттық тəрбие берудің 2006–2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы // Қазақ тарихы. — 2007. — № 2. — 81–88-б.
- Айталы А. Бізге жаңа заңнама қажет // Егемен Қазақстан. — 2008. — 10 желт. — № 380–381. — 6-б.
- Тасболат К. ТМД елдері «Діндер туралы» заңды қатайтты. — 2009. / aikyn.kz (09.09.2010)