Палестина — Азиядағы көптеген ғасырлар тарихы бар Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы жер аймағы. Б.з.д. 3500 жылы Арабия түбегінің түпкі аймақтарынан қазіргі Египет, Сирия, Ливан, Ирак жерлеріне, кейінірек Египет пен Ассирия мəдениетін қабылдаған арамей мен хананейлердің — семит тайпаларының топ өкілдері қоныстана бастаған аймақ. Осы тайпалардың бір бұтағы — хана- нейлер б.з.д. 3000 жылы қазіргі Палестина жеріне қоныстанып, өздерінің мемлекетін құрады. Ал б.з.д. 1025 жылы бұл аймақта Израиль патшалығы бой көтерді. Соломон патшадан кейін Израиль патшалығы ыдырап — солтүстігінде Израиль, оңтүстігінде Иудей патшалығы құрылады. Б.з.д. 722 жылы ассириялықтар Израиль патшалығын жаулап алды.
Б.з.д. 586 жылы Вавилон патшасы Навуходоносор ІІ Иудейді талқандап Иерусалимді қолына қаратты. Иерусалим жəне барлық Иудей тұрғындары Вавилонға қоныс аударылады. Б.з.д. 539 жылы парсылықтар вавилондықтарды жеңгеннен кейін Кир патша еврейлерге Иерусалимге қайтуға рұқсат береді. Б.з.д. ІІІ–ІV ғғ. Иисус Христостың туылуы христиан дінінің таралуына əсер етті. Иерусалимге архиепископтың келуімен Иерусалим таза христиан қаласына айналып, еврейлердің орталық құру пікірлері кейінге қалдырылды.
VІІ ғасырлардан бастап Палестинаны арабтар елі деп қарастыруға болады. 637 жылы халиф Омар ибн əл-Хаттаб Иерусалимді жəне Палестинаны жаулап алды. 1099 жылы крест жорықшылары Иерусалимді қайтарып, аймақта Иерусалим патшалығы құрылды. Иерусалим Салах ад-Дин əл- Айубидің тұсында мұсылмандардың қол астына қайтарылды.
1516 жылы Таяу Шығыс аймағын осман түріктері жаулап алады. Палестинадағы Осман империясының билігі 400 жылға созылды. Бұл кезеңде Палестина бірнеше аймақтарға бөлініп, Иеру- салим, Ғаза, Наблус, Сидан, Бейрут уилаяттары қалыптасты.
Палестина жерінде Израиль мемлекетін құрудың негізін сионистер XX ғасыр басында қалады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ең қызған тұсында Англия, Франция жəне Ресей, кейінірек Италия өкілдері арасында өткен келіссөздердің нəтижесінде 1916 жылы наурызда еуропалық державалар Түркияның арабтық территориясын ықпалды аймақтарға бөлісу туралы келісімге қол қойды [1; 218].
Бұл келісімнің шарттарына сəйкес Франция өз бақылауына қазіргі Сирия аймағының, Англия қазіргі Ирақ жерлерінің бөлігінде əкімшілік бақылауға қол жеткізуге тиіс болса, Палестина алғашқыда халықаралық əкімшілік арқылы басқарылуы тиіс деп саналды.
Сайкс–Пико келісімі Англия үкіметінің Мекке мен Хиджаз билеушісі шериф Хусейн əл- Хашимиге берген уəдесіне қарама-қайшы келді, ол бір жыл бұрынғы уəде бойынша егер арабтар Түркияға қарсы одақтастар тарапында соғысар болса, соғыс аяқталғаннан кейін араб елдеріне тəуелсіздік береміз деп уəделенді. Мұндай міндеттемелер 1915–1916 жж. Египеттегі ағылшын жоғарғы комиссары Генри Макмагон мен шериф Хусейн əл-Хашими арасындағы хаттардың мазмұнында көрсетілді. Осы келісім бойынша арабтар 1916 жылы осман билігіне қарсы көтеріліске шығып, ағылшындар жағында түрік əскерлеріне қарсы соғысты [1; 256].
1917 жылы қараша-желтоқсан айларында ағылшын əскерлері Палестинаны түрік жасақтарынан тазартып, бұл жерлерді ағылшын əскери басшылығының бақылауына енгізді.
Соғыс жылдарында жəне Париж бейбіт конференциясы қарсаңындағы тікелей дайындық кезеңінде де Англия өкілдері араб басшыларын өздерінің біртұтас араб мемлекетін құруға ықпал ету- ге даярлықтарына сенімдеумен болды. Бірақ бұл уағдаластықты бұза отырып, Сайкс-Пико келісіміне қол қойғаннан кейін, ағылшын үкіметі Палестина аймағында «еврей ошағын» құруды мақсат қойған Дүниежүзілік сионистер ұйымымен (ДСҰ. — К.Ж.) келіссөздер жүргізе бастады.
Сионистік қозғалыс ХІХ–ХХ ғғ. Палестина жерлері Ұлыбританияның отарлаушы экспансиясының нысаны бола бастаған кезде пайда болды. Бұл қозғалыс екі мақсатқа жетуді ойла- стырып, дами түсті:
- Палестина жерлерін «империя жолдарының қиылысқан» жерінде орналасқандықтан, отарлауға деген ұмтылыс;
- 1897 жылы Базельдегі І сионистік конгресте «Палестина — еврейлердің ата-бабалар жері» деп жарияланғаннан кейін, осы жерге еврейлерді қоныстандыру арқылы еврей мемлекетін құру [1; 156].
ДСҰ басшылары өздерінің Палестинаны отарлау жоспарына ағылшын үкіметінің тарапынан қолдау тапты. 1917 жылы ағылшын үкіметі Англия сыртқы істер министрі лорд Бальфурдың еврей банкирі Ротшильдке жазған хатын жариялады. Хат мəтінінде: «Англия үкіметі Палестинада еврей халқының ұлттық ошағының құрылуына ізгі ниетпен қарайды жəне осы мақсаттың орындалуы үшін барлық күш-жігерін салады, сионистік жобаның жүзеге асырылуы барысында Палестинадағы еврей емес басқа қауымдардың азаматтық жəне діни құқықтарына зиян келетіндей əрекет жүзеге асырылмайтындығы» көрсетілді. Осылайша, бір ұлт екінші бір ұлтқа басқа ұлтқа тиесілі жерді беруге салтанатты түрде уəде берді.
Палестина мəселесі тарихына «Бальфур декларациясы» деген атпен кірген бұл құжатты 1918 жылы ақпанда Франция, 1918 жылдың 9 мамыр айында Италия жəне осы жылы 31 тамызда АҚШ президенті В.Вильсон қолдайтындықтарын мəлімдеді. 1922 жылы 30 маусымда АҚШ конгресі де «Декларацияны» ресми түрде құптады [2; 73].
Бальфурдың жауапкершілік алған бұл міндеттемесі британ əкімшілігінің Франция үкіметі алдындағы жəне арабтар алдындағы бұрынғы міндеттерін жоққа шығарды. Декларацияның жарияла- нар уақыты Англияның стратегиялық мүддесіне ғана сəйкес анықталып қана қоймай, сонымен қатар Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғында Еуропада қалыптасқан əскери-саяси жағдайға да байланысты бекітілді.
Ұлыбританияның «Бальфур декларациясын» жариялауы — Таяу Шығыстағы халықаралық қатынастардың бұдан кейінгі барысына кері əсер еткен дипломатиялық қадам. Декларация Палестинадағы жағдайлардың өрбуінің бағыттарын айқындап берді. Оның жүзеге асырылуы арабтар тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырап, көтерілістердің туындауына түрткі болды. Ол арабтар, еврей- лер, ағылшындарды бір-біріне қарсы қойған толассыз қиыншылықтарға əкеп соқтырды. Осы себепті де Декларацияны Палестина мəселесінің бастауы деп санасақ болады [2; 89].
Палестина мəселесінің барлық кезеңдерінде «Бальфур декларациясы» Израильдің Палестинаға заңды құқықтары туралы талаптарында басты негізге алатын құжат болып келеді. Аталмыш құжатты қажетінше талқылай отырып, ДСҰ басшылары барлық уақытта еврейлердің Еуропадан Палестинаға қоныс аударуы мен бұл жерді отарлау саясатына «заңды құқықты» қамтамасыздандыруда Деклара- цияны тілге тиек етеді.
Париж бейбіт конференциясында одақтас державалар 1919 жылы 28 маусымда бекітілген Ұлттар Лигасы Жарғысының 22-ші бабына сəйкес, Түркияның барлық арабтық жерлерінде мандаттық жүйені енгізді. Араб елдерін бөлісу 1920 жылы 25 сəуірде Сан-Ремо келісімінде Антанта елдерінің Жоғарғы Кеңесінде шешілді. Келісім бойынша Сирия мен Ливан Франция қамқорлығына, ал Ирак пен Палестина Англия «қамқорлығына» өтті, осылайша Араб Шығысы Еуропа елдері қарамағына қарады. Палестинадағы Заң шығарушы, Атқарушы жəне Сот билігі тұтасымен Англия құзырына бағынды, мандат мəтініне Бальфур декларациясы қосылды. Мандат құжатының кіріспесінде «манда- тарий 1917 жылы 2 қарашада Ұлы Британ əкімшілігімен жарияланған жəне жоғарыда көрсетілген державалар қолдаған Декларацияны жүзеге асыруы тиіс» деп жазылды [1; 321].
Палестинаға мандаттың 1-ші бабы: мандат иесі-держава, яғни Ұлыбритания, толық заңды жəне əкімшілік билікке ие; 2-ші бап: мандатарий елде еврей ұлттық ошағын құруды қамтамасыз ететін сая- си, əкімшілік, экономикалық шараларды жүзеге асыруға міндеттейді. Осы баптарға сəйкес Палестина əкімшілігіне əлеуметтік-экономикалық шараларды жүзеге асыруда кеңесші орган ретінде Еврей агенттігі бекітілді [3; 96].
Осы жердегі тұрғылықты халықтың 90 % құраушы, палестиндік арабтардың мүдделері мен құқықтары ескерілмеді, құжатта олар туралы мүлде айтылмады, тек екі жерде ғана «тұрғындардың басқа тобы» деген тіркес кезігеді.
«Бальфур декларациясы» Палестинадағы араб тұрғындарының арасында үлкен толқу туғызды. Сионистердің «жерсіз халыққа» ұсынған «халықсыз жері» — Палестинаны отарлауға қарсы көтерілген палестиндік арабтарға толы болатын.
1918 жылдың басында «Бальфур декларациясы» жарияланғаннан кейін бір топ палестиндік ұлтшылдар Каирде «Декларацияға» жəне «Сайкс-Пико» келісіміне қарсы Комитет құрды. Ағылшын əскерлері басып алған Палестина қалаларында ислам-христиан ассоциациялары құрылып, олар 1919 жылы ақпан айында Яффада Палестинаға тəуелсіздік беруін талап еткен конференция өткізді.
1919 жылы 5 маусымда Дамаскіде өткен Жалпы сириялық конгресс «Бальфур декларациясын» жоққа шығарып, арабтарды Сирияның тəуелсіздігіне ұмтылуға шақырды. Конгресс қабылдаған қарарда: «Біз Сирияның оңтүстік бөлігі болып табылатын Палестинада еврей мемлекетін құру туралы сионистердің ұмтылыстарына жəне еліміздің қай түкпірінде болмасын сионистердің қоныстануына қарсымыз, себебі біз олардың бұл жерге деген құқықтарын танымаймыз жəне ұлттық, саяси- экономикалық тұрғыдан алғанда бұл Декларация біздің халқымызға қауіп төндіреді деп санаймыз» деп көрсетілді.
1920 жылы 14 қарашада Хайфада Палестина араб халқының барлық таптарының өкілдері қатысқан бірінші тұтас палестиндік саяси конференция өтті. Конференция еврей иммиграциясына тыйым салуды жəне елде ұлттық биліктің орнауын талап етті [2; 29].
Британ мандатының жойылуы жəне еврей иммиграциясының тоқтатылуы туралы талаптар палестиналық арабтардың британ билігіне қарсы саяси күресінің алдыңғы қатарына шықты. Палестиналық арабтар іс жүзінде сырттан келіп қоныстанушы еврейлерге қарсы тұрды, ал ел ішіндегі еврейлерге этникалық немесе нəсілдік наразылықпен қараған жоқ. Палестина халықтық қозғалыс құжаттарында: «Біз соғысқа дейін Палестина жерінде тұрған еврейлердің осы уақытқа дейін арабтық көршілерімен ешбір қиындықтарсыз, қатар өмір сүргенін атап көрсеткіміз келеді. Осман империясының кез келген азаматы құқылы заңдар мен артықшылықтарға олар да ие болды жəне ешқашан «Бальфур декларациясын» құптаған емес. Декларацияны құптағандар — Палестинадан тыс жерде өмір сүруші сионистер» деп жазылған [2; 37].
Нəтижесінде «Бальфур декларациясына» сүйенген британ əкімшілігі еврейлердің Палестинаға иммиграциясының белсенді түрде жүзеге асуына ықпал етті. 1918 жылы күзде басталған үшінші қоныстану кезеңінде Палестинаға 36000 еврей қоныс аударса, 1924–1931 жж. төртінші қоныстану аралығында 84000 еврей көшіп келді. 1933–1939 жж. бесінші қоныстану кезеңінде иммигранттардың ең жоғарғы көрсеткіші 226 000-ға жетті. 1940 жылы басында Палестинадағы еврейлер саны 445000 болды, бұл жалпы халықтың 30 %-ын құрады [3; 91].
Осылайша, Палестинаның тұрғылықты халықтарының қарсылығына қарамастан, ағылшын үкіметінің көмегімен елдің демографиялық құрамы өзгерді.
1920 жылы қазан айында Палестинада үстемдік орнатқаннан кейін ағылшындар еврейлердің жер иеліктерін арттыруға мүмкіндік беретін, елде жерді еркін сату жəне сатып алуға негізделген «Жер туралы» Жарлық шығарды. Бұл Жарлық араб феодалдарының жер иеліктерін сионистердің сатып алуын заңдастырды. Осының нəтижесінде Палестина өздерінің уақытша тұрақтау құқығын ғана емес, мемлекеттің кұрылуын талап еткен мұсылман жəне араб емес қауыммен басып алынды. «Сионизмнің атасы» болып саналатын Теодор Герцль пікірінше, «бұл мемлекеттің аумағы Ніл мен Евфратқа жəне Парсы шығанағына дейін созылуға тиіс» болды [1; 366].
Палестина экономикасындағы шешуші тетіктерге ие бола бастаған сионистер 1920 жж. басты күшті ірі жер иеліктерін иемденуге салды. Бұл сатылымдар АҚШ пен Батыс Еуропадағы еврей бур- жуазиясымен қаржыландырылды. Сол жылдары 514 мың дунам, яғни елдің жер қорының үштен бір бөлігі, сатып алынды. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс қарсаңындағы жағдай Палестинадағы ірі жер иеленуші араб феодалдары құнсызданған өз жерлерін тым төмен бағаға сатуға мəжбүрледі.
Араб еңбегін еврейлік еңбекпен алмастыру заңы сионистік ұйымдардың белгілі тактикалық саясатын көрсетті.
Палестиндік арабтардың саяси ұйымдарының басшылары бірнеше рет Ұлттар Лигасына жəне Ұлыбританияға, мандатарий-мемлекет ретінде сионистік ұйымдардың əрекетіне тосқауыл қоюларын талап етіп өтініш жасады. Алайда бұл əрекеттері еш нəтиже бермеді.
Сионистік отаршылдық Палестина араб халқының тарапынан үлкен қарсылыққа кездесті. Екі дүниежүзілік соғыс аралығында арабтар екі майданда: ағылшын отарларының билігіне жəне еврейлер отарлауына қарсы күрес жүргізді.
«Ағайынды мұсылмандардың» сионистерге жəне Англия саясатына бірден күшті қарсылықты қатынас орнатуы Палестинадағы олардың барлық мұсылман елдерінің бірлігі мен тұтастығын қорғау жəне ислам жауларына қарсы жиһадта барлық əдістерді, қарулы күреске дейінгі тəсілдерді қолдану мақсатындағы идеялық платформаларынан туындады. «Ағайынды мұсылмандар» Палестина оқиғаларына иудейлік жаугершілікті туындатқан сионизм мен мұсылман елдеріне қарсы батыстық жаңа крест жорықтары» себепкер деді. Саяси күрес діни фанатизммен ұштасты.
1936 жылы сəуір айындағы араб толқуларының үшінші толқыны Палестина арабтарының еврей қоныстануына шектеу қою, еврейлерге жер сатуды тоқтатуды талаптарынан туындады. Еврей отар- шыларына қарсы күресті британ үкіметі 25000 əскер жəне сионистік көмекші күштер арқылы басты. 1936–1939 жж. көтерілістер Палестина арабтарының барлық британ мандаты тарихындағы сиони- стерге жəне отарлаушылыққа қарсы ең күшті қозғалыс болды.
Аймақтағы араб толқулары нəтижесіз аяқталып қана қоймай, сонымен қатар бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан əлемдік деңгейдегі мəселені тудырды.
Əдебиеттер тізімі
- Васильев Л.С. История Востока: В 2 т. — Т. 1, 2: Учеб. по спец. «История» / Л.С.Васильев. — 3-е изд., испр. и доп. — М.: Высш. шк., 2003.
- Мины под оливами: американо-израильский разбой на Ближнем Востоке. — М.: Воен. издат.,
- Киселев В.И. Палестинская проблема в международных отношениях: региональный аспект. — М.,1988.