Жалпы алғанда қандай да болмасын статистикалық зерттеулер алдын ала ұйымдастырылады. Оның ең алдымен арнайы нұсқауы, бағдарламасы қабылданады. Бұл бағдарламада зерттеудің мақсаты мен міндеті, зерттеу қажет объектілер нақты мəселе ретінде қойылады. Осы бағдарламаларға негізделіп арнайы сауалнамалар, анкеталар, карточкалар жасалады. Байқаудың бағдарламасын жасау — жауапты жəне күрделі іс. Ол байқаудың алдына қойған міндеттің бəріне жауап бере алатындай болуы керек. Мысалы, халық санағының бағдарламасы халық шаруашылығын дамытудың келешегіне керек деректер жиналуын қамтамасыз етуі керек [1; 15].
Əлеуметтік-экономикалық тарих саласында бюджеттік зерттеулердің нұсқаулары құнды материал болып табылады. Бюджеттік статистика тарихи зерттеулерде кеңінен қолданылады. Далалық өлкедегі қазақ шаруашылығының бір бөлігінің бюджеттік зерттеуге ие болғандығы бізге белгілі. Қазақ шаруашылығының бюджетін құру 1896–1903 жылдар аралығындағы белгілі статист Ф.А.Щербина басқаруымен далалық облыстарды зерттеуге байланысты жүргізілген экспедиция жұмысында көрініс алған. Экспедиция қызметкерлерінің тұжырымдарының барлығы 13-томдық «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей» басылымына енген. Соңғы том «Свод материалов по киргизскому землепользованию, собранных и разработанных экспедицией по исследованию степных областей» бюджет мəселесіне арналды. 1906 жылы Петербургте жарық көрді. Бұл том негізінен кестелерден жəне Ф.А.Щербина жазған кішігірім кіріспе мен қаржы кестелеріне арналған қосымша мəліметтерден тұрған. Бюджеттік кестелер жəне оларға талдау басылымның жекелеген томдарында бар, дегенмен, Ф.А.Щербина пікірі бойынша, көбінесе бір типтегі бюджет алынған. Мұндай бюджеттік көрсеткіштің құндылығының қанша шамада екені, əрине, түсінікті. Ал арнайы томда қазақ шаруашылығына қатысты барлық бюджеттік зерттеуді талдауға мүмкіндік беретін əр типті бюджет берілген [2, 172].
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы біз қарастырып отырған экспедицияның бағдарламасына тоқталар болсақ, 1896–1903 жж. Ф.А.Щербина экспедициясының бағдарламасы жалпы 17 тараудан, 93 кішігірім қарастырылатын мəселелерден тұрады. Негізгі 17 тарауында: рулық бастама, шаруашылық ауылдардың тарихы, жерді пайдалану формасы, мал шаруашылығы, пішен шабу, жер өңдеу, бақташылық жəне бау егіп-өсіру, орман жəне тоғайлы жерлер, жерді жалға беру (аренда), өнеркəсіп жəне жалақы, алым салық жəне борышы, қырғыз отбасының ерекшелігі, ортақ шаруашылық істер, сауда, несие (кредит), халықтың қажеттілігі, табиғи-жаратылыс жағдайы қарастырылуы қажет етеді [3].
Байқау сұрағы толтырма парақ (қағаз), немесе толтырма тізбек, түрінде болады. Мəселен, ХХ ғасырдың басындағы экспедицияның сауалнамалары мұрағаттағы (362-қ., 1-тіз., 8-іс) сақталған үлгісінде былайша жасалынған [1, 16]:
Осыдан кейін ғана зерттеу жұмысына қатысатын топтың құрамы анықталып, смета бойынша бұлардың жалақылары бекітіледі. Осы жұмыстардан кейін арнайы топ статистикалық мəліметтерді жинақтап, оларды өңдеп, жариялап, бұл мəліметтерді қажетінше пайдаланып, отырады. Міне, осы статистикалық зерттеулердің негізінде статистикалық деректер пайда болады. Əрине, бұл деректердің мазмұны, белгіленген мақсат-мүддесі, міндеті əр түрлі болатыны хақ.
Осы мəселелердің басы ашылғаннан кейін тікелей алдын ала зерттеп көру жұмыстары басталды.
«Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» негізінде зерттеу жұмысы 1896 ж. мамыр айында басталды деп тұжырымдауға болады. Деректің алғы сөзінде «...экспедиция толығымен 1896 жылдың мамырында құрылды. Мамыр мен маусымның басында Омбы оязында алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізіліп, осы жұмыстарда жинақталған тəжірибе мен материалдардың негізінде бағдарлама жасалынып, Көкшетау оязындағы қырғыздардың (қазақтардың) шаруашылығын зерттеуге кірістік» делінген [4].
Бұл зерттеулер 1896 ж. маусым-шілде айларында Омбы оязын алдын ала зерттеп көруден басталды. Осы жерлердегі қазақ тұрғындарының жер пайдалану нормасын анықтады, алдын ала зерттелген материалдардың негізінде Ф.А.Щербина басқарған экспедицияның бағдарламасы жасалды жəне соның негізінде кейінгі В.Кузнецов, П.П.Румянцев, В.Скрыплев, П.Хворостанскийлер басқарған экспедициялардың зерттеу бағдарламасы мен əдістемесі жасалды.
Экспедицияның құрамына байланысты А.Кауфман: «Зерттеу экспедициясының құрамында статистиктер, тіркеушілер жəне аудармашылармен қоса 40 адам болды», — дейді [5; 57]. Ал зерттеуші Т.П.Петрова мұрағат деректерінің негізінде зерттеуге аудармашыларды қоспағанда 200 адамдай қатысты деген пікірді білдіреді [6]. Бүгінгі күндегі осы мəселемен айналысып жүрген авторлардың бірі Н.Тасилованың пікірі бойынша, «Т.П.Петрованың көзқарасымен толық келісуге болады, өйткені бұл зерттеу өте ауыр жəне 40 адамның жұмысы емес еді» деп қорытындылайды [7].
Ф.Щербина зерттеуінен кейін жүргізілген қайта зерттеулерге қатысты Əлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде «бұрынғы қазаққа Щербина нормасымен қалған жерді мінеп, неше қайтара кішірейтіп, шұнтитып, көшпелі қазаққа деп жаңа норма шығарды...» деп, патша үкіметіне нала болған пікірін білдіреді [8].
Белгілі статист А.А.Кауфман Ə.Н.Бөкейханның экспедициядағы еңбегін ерекше атап өткен болатын жəне зерттеудің əдістемесіне қатысты: «...уақытша комиссияның жергілікті қазақтарға қажетті жер нормасын, олардың шаруашылығына қажетті жер мөлшерін анықтамақ тұрмақ, ол туралы жалпы түсініктері де болған жоқ» деп, комиссия мүшелерінің көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен ешбір хабарсыз екендігін тілге тиек етті [9].
Экспедиция өзінің зерттеу жұмысын осы Далалық өлке туралы анықтамалық, энциклопедиялық əдебиеттермен танысып, генерал-губернаторлардың есептері мен жергілікті статистикалық комитеттердің басылымдарын, басқа да заңдық құжаттарды пайдалана отырып, зерттеудің алғашқы схемалық бағдарламасын құрудан бастады. Жалпы зерттеу бағдарламасы алдын ала бақылаудан кейін іс-тəжірибеде жинақталған əдістеме негізінде қайта өңделді. Бағдарламаны Ф.Щербина құрастырды.
Кезінде осы бағдарлама мен бланкілермен танысқан А.Кауфман: «Бұл бағдарлама мен бланкілерде тек бір ғана теориялық білгіштіктен жазылған дейтіндей бір де бір сұрақ жоқ деуге болады, əрбір рубрика, статистикалық экспедицияның міндетіне жүктелген таза практикалық мəселелерді шешуге тура немесе жанама болсын материал береді, əрбір сұрақ жəне əрбір графа қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану нормасын анықтауға, не олардың шекараларын айқындауға немесе өңірдің табиғи-тарихи сипатын анықтауға қызмет етеді», — деп жоғары бағалаған болатын [5, 60].
Зерттеушілер əскери-топографиялық бөлімнің осы өңірлерді екі, бес верстік масштабта түсірген карталарына сүйеніп жəне қажетті аудандарды топографтар арқылы схемалық карталарға түсіріп отырды. Бұл материалдар статистерге ояздарды тарихи суреттеу үшін қажет болды.
Ф.Щербина бағдарламаға сəйкес өндірісте мынандай іс-шараларды атқарды:
- Қырғыз (казақ) халқын жалпы шаруашылық санаққа алды, бұл жаппай тұрғындар мен малды, шаруашылықты есепке алып, соның негізінде қырғыз қауымының əр түрлі жайылымдарының көлемі мен олардың бұл жерлерді қай уақыттан бері пайдаланатынын анықтауға мүмкіндік берді.
- Бюджеттік есеп жасалынды, ол орташа қырғыз (қазақ) отбасына қажетті азық-түлік жəне басқа да керектерін анықтауға жəне оларды қанағаттандыратын тəсілді айқындауға мүмкіндік берді.
- Табиғи-тарихи жағдайларын зерттеу: өлкенің рельефін, топырақтың ерекшелігін, су көздері мен орман мен тоғай өсімдіктерін зерттеді.
Бұл шараларды атқаруда:
а) зерттелген əр ояздың жер көлемін бөлек аудандарға бөлді, олар қыстық (қыстау), көктемдік жəне күздік жайылымдар (күзеу) жəне жаздық жайлауды құрады;
ə) аудандарды жалпы сапалық белгілеріне қарай бірнеше топтарға бөлді;
б) əрбір топқа бір жылда бір бірлік (единица) мал басын (жылқы) асырауға қажетті жер мөлшерін анықтады;
в) ояз бойынша қырғыз (қазақ) шаруашылығындағы орташа мал бірлігінің санын бекітті; г) ояздағы орташа шаруашылыққа қажетті жер нормасын бекітті;
д) аудандардың əрбір тобы мен қауымына қажетті жер мөлшерін санаққа алды;
е) қырғыздардың (қазақтардың) экспедиция жұмыстарына дейінгі жəне кейінгі жер мөлшерлерін салыстыру арқылы, нəтижесінде əрбір аудандағы артық жəне қажетті жерлерді анықтап шығарды [7; 53–54].
Зерттеу экспедициясының əдіс-тəсіліне, негізгі принциптеріне тоқталар болсақ, бұл ең алдымен алдын ала бір оязды зерттеп, бақылап көруден басталды. Зерттеушілерге алдын ала жиналыс өткізіліп, онда зерттеудің мақсаты мен міндеті, негізгі əдіс-тəсілдер мен нұсқаулары түсіндіріліп, əрқайсысына жұмыс бөліп беріледі. Экспедицияны 3 партияға бөліп, əр партияның басына бір агрономдык білімі бар статист-маманды басшылыққа бөліп береді. Партияның өзі кішігірім партияларға бөлініп, оларға да бөлек меңгерушілер тағайындалды. Əр партияға аудармашы, 2 тіркеуші, есепке алушы, топографтар бөлінді.
Олар арнайы бағдарламаның зерттеу бланкілерін жасап, соның негізінде жергілікті тұрғындарға сауалнама жүргізді. Бетпе-бет əрбір адамнан аудармашылар арқылы сұрауларға жауап алды. Топографтар жергілікті аймақты схемалық карталарға түсіріп, алынған мəліметтерді статистер талдап, кестемен салыстырып шынайылық деңгейін анықтап, жинақтады. Ал ботаниктер мен гидротехниктер өңірдің табиғаты мен өсімдіктерін, суы мен топырағын зерттеп табиғатын жəне ауа райын сипаттап берді.
Ф.А.Щербина бұл зерттеуде воронеждік іс-тəжірибесін негізге ала отырып, орташа көрсеткіштер базасын жасады. Онда ол малды жылқымен есептейді. Мəселен, Ф.Щербина қазақ шаруашылығына қажетті жер нормасын былайша есептеп шығарды. Ол қазақтардың орташа отбасына, біріншіден, қажетті мал басын 6 қой =1 жылқыға теңестіріледі, екіншіден, əрбір мал басына қажетті əр түрлі жайылымдардағы десятина жердің көлемін анықтап алуды, содан кейін екеуін көбейту арқылы əрбір орташа қазақ отбасына қажетті жер мөлшерін шығаруды ұйғарды.
1896–1908 жж. жер мөлшерін есептеу жəне өзгерістер жөнінде
Жоғарыда көрсетілген кестеден екі деректің мəліметін салыстыру арқылы экспедицияның мəліметі шындыққа жақын келеді деп тұжырымдауға болады. Себебі экспедицияның пайдаланған статистикалық əдістемесі, жеке сұрау арқылы жүргізілген, неғұрлым объективті мағлұматтар береді, ал ресми есеп жалпы есептеумен ғана шектелген болатын. Жалпы Ф.Щербина басқарған 7 жылдық зерттеу жұмыстары Ақмола облысының — Көкшетау, Атбасар, Омбы, Ақмола, Петропавл ояздары, Семей облысының — Павлодар, Қарқаралы, Зайсан, Өскемен, Семей ояздары жəне Торғай облысының — Қостанай, Ақтөбе ояздарын қамтыды. Бұл материалдар əр жылдары (1898–1909) (Во- ронеж, Омск, Чернигов, С.Петербург) 13 том болып жарық көрді [7; 56,57].
Деректің пайда болуына əсер еткен сырткы факторлар мен туындаған қиындықтар деректің объективтілігі мен шынайылығына əсер ететіні хақ. Өз кезегінде Ф.Щербина зерттеу жұмыстары кезіндегі туындаған қиыншылықтар мен кемшіліктерді де атап өтті. Оның ішінде:
- жердің кеңдігі, көшіп-қонуға көп уақыт пен күш қажет етті;
- зерттеушілердің қазақ тілін білмеуі, ортада үшінші (аудармашы) адам арқылы сұрау жүргізуді талап етті;
- зерттелетін өңірдің белгісіздігі.
«Бұл мəселелердің əрқайсысы жəне барлығы қосылғанда шын мəнінде жұмыстың тез аяқталуын тежеді», — деп көрсеткен болатын [4; 19].
Ф.А.Щербина өзінің бюджеттік статистикаға қосқан үлесімен танымал. 1884 жылдан бергі Воронеж земствосындағы қызметінде Воронеж губерниясындағы шаруа отбасыларына бюджеттік зерттеу жүргізген. Арнайы бағдарлама бойынша бюджеттік сұраулар дайындалып, практикада нақтыланып жүзеге асырылған. Воронеждік бағдарлама басқа да бюджеттік бағдарламалардан өзіндік мақсатына нақтылы бағытталуымен ерекшеленеді.
Ақмола, Семей, Торғай облыстарын бюджеттік зерттеу Ф.А.Щербина жұмысында Воронеж губерниясының үлгісіндегідей жүргізілді. Далалық өлкені зерттеуге байланысты барлық жұмыс, жалпы алғанда, Ф.А.Щербинаның бұрынғы іс-тəжірибесіне негізделіп жүргізілді. Оның өзінің дəлелі бойынша, «мəліметтер алу үшін Воронеж земствосының шаруа бюджеттік бағдарламасы біршама өзгерістерге ие болып, көшпелі жұмыстың ерекшелігіне теңестірілген. Бұл бағдарламаға да Воронеж земствосының статистикалық бөлімі тағайындаған бөлімдер мен рубрикалар енген, тек қырғыз тұрмысының өзіндік ерекшелігін есепке ала отырып, мал шаруашылығының əр жайылымдық стадиядағы дамуы, жылдық айналымына қатысты сұрақтар пункті кеңейтілген» [10; 118,119].
Қазақ шаруашылығының бюджеттік құрылымын анықтауға негіз болған Воронеждік бюджеттік бағдарлама 5 бөлімнен құрылған: отбасы жөніндегі мəлімет; жер саны; жылжымайтын мүлік, киім, аспап; жылдық кіріс пен шығыстың баланстық жинағы; жалпы сипаттау сұрақтары. Қазақ шаруашылығын зерттеудің өзіндік ерекшелігіне байланысты Воронеж бағдарламасының екінші бөлімі біршама өзгерістерге ие болды. Бюджеттік кестелердегі қосымшаларға қарағанда жерге иелік ету, жерді пайдалану сұрақтары алынып, əсіресе малға, оның өніміне, өнімді пайдалану, сату сұрақтары кеңейтіліп, тереңдетілген. Статистер шаруашылықтың жемшөп дайындау саласындағы жұмысын нақтылы анықтауға талпынған. Бұл үшін қазақ шаруашылығына Воронеждік бағдарламадағы жем-шөп дайындау сұрағы үйлестірілген. Бюджеттік кестелерге, толықтырылған қосымшаларға қарағанда, бағдарлама өз алдына қазақ даласындағы шөп шабудың таралу дəрежесін анықтау, оның мал шаруашылығын дамытудағы рөлі, шабылған жəне пайдаланылған жем-шөп саны, оны пайдалану əдісі, сату, сатып алу сұрақтарын анықтауды мақсат еткендігін көреміз. Бұған қоса қазақ жұмысының ерекшелігіне байланысты үй, киім-кешек, көлік сұрақтары үйлестірілген. Жоғарыда көрсетілген өзгерістер 1896 жылы мамыр айында Ф.А.Щербина белсенділігімен жасалған алғашқы бюджеттік бағдарламаға енгізілген, яғни барлық статистикалық зерттеу жоспарына жəне бағдарламаны саралау барысына сай айғақталған, орындалған.
Зерттеу жұмысының негізінде таңдау əдісі басым болды. Сол кездегі көптеген бюджеттік зерттеулер секілді экспедицияның таңдау əдісі де субъективтілікке ұшырады, себебі Ф.А.Щербина да «орташа сандық» əдісті кеңінен қолданды. Нақтылы жағдайда Ф.А.Щербинаның өз пікірі бойынша, барлық параметрі жағынан орташа шаруашылықты бюджеттік зерттеуді дұрыс деп есептеді [10, 121]. Мұндай шаруашылыққа ол негізгі көрсеткіші бойынша (жан басына шаққандағы мал саны; шаруашылық өзге малын пайдаланатын шаруашылық үлесі; жалдамалы еңбекті пайдалану; шаруашылықтың кəсіптік үлесі; отбасы құрамы) ояздық орта шаруашылыққа жақын шаруашылықты жатқызды. Мұндай орта шаруашылықты табу əдісі қарапайым болды.
Дегенмен, экспедиция жұмысында нақтылы мəліметтер болмағандықтан, бюджетті құру үшін сол жергілікті жерге тəн шаруашылықтар ғана алынды. Статистиктер пікірі бойынша, оларды анықтау сандық көрсеткіштерге емес, сапалық көрсеткішке байланысты болды. Ф.А.Щербинаның сөзі бойынша, «мұндай көрсеткіштерге алты адамнан тұратын отбасы, жұмыс жасындағы еркек адамдары бар, жалдамалы жұмысшысы жоқ шаруашылығы бар, отбасының шаруашылық жəне жеке қажеттіліктерін қиындықсыз қанағаттандыра алатын, қырғыз əдет-ғұрпына сай қонақтарды қарсы алуға шамасы келер, шығыны кіріспен толықтырылатын шаруашылықтар алынды». Бұл көрсеткіштердің орта шаруашылыққа жататындығын түсіну қиын емес. Жалпы алғанда, Ф.А.Щербина көрсетуі бойынша, «өте кедей шаруашылық немесе қай жағыннан алса да бай шаруашылық болып есептелетін шаруашылықтар алынды». Дегенмен соңында «бюджеттік жұмыстың мақсаты жергілікті жердің шаруашылығына тəн орта шаруашылықты табу болды», — деп көрсетеді [10; 131,132].
Соңғы мақсат зерттеу ауқымын тарылтты. Шаруашылықты таңдау сұрағында оның жергілікті жерге тəн, тəн емес екендігі жөнінде сұрақ көтерілді. Мысалы, статистиктердің бірі А.Н.Дядиченко болыстық басқарма алдына ауылдық старшындар көмегімен осындай шаруашылықтарды есептеу сұрағын қойып, соңында мұндай шаруашылықтың барлық шаруашылықтың үштен бірін құрайтындығы жөнінде қорытындыға келді. Бағдарламаның бесінші бөліміне сай Ф.А.Щербина («Вопросы общего описательного характера») мына жағдайды көрсетеді: «Жергілікті жерге тəн шаруашылықтың бюджетін құру үшін Дядиченко мырза жергілікті болыстық басқармаға қандай да болмасын шаруашылық иесімен кездестіруді өтінді. Мұндай адам, өз сөзі бойынша, өз қажетін толық қанағаттандыра алатын Итебай болды».
Экспедиция қызметкерлері жергілікті əкімшілікті зерттеуге араластыруды дұрыс деп есептеді, себебі бұл жұмыс барысын ұйымдастыруды жақсартады деп санады. Кейбір жағдайларда статистиктер əкімшілік көмегіне сүйенбеді, зерттеуге қажетті шаруашылықты өздері таңдады, бірақ бұл кездейсоқ емес, индивидуалды сұрыптау болды. Мұның өзі белгілі бір анықталған мақсатта болды. Жинақталған массалық мəліметтерді салыстырғанда орта жəне одан жоғары шаруашылықтарды нақты айғақтайтын сандық көрсеткіштер алынды. Жалпы алғанда, Ф.А.Щербина өзінің бюджеттік көрсеткіштер мəліметінің орта көрсеткіштерінің массалық мəліметтер көрсеткішінің орта есебімен сəйкес келетіндігін дəлелдеді. Ф.А.Щербинаны экспедиция жұмысы барысының өзінде де бюджетті құруға қатысты шаруашылықтарды таңдаудағы субъективті сəттерді асырғандығы үшін сынға алған болатын. Мысалы, Торғай генерал-губернаторы Барабаш Ф.А.Щербинаны Қостанай оязындағы 49 шаруашылықты бюджеттік зерттеуге таңдағандағы субъективтілігі жөнінде кінəға тартты. Ф.А.Щербина жауап бергенімен, дəлелі жеткілікті болмады. Дегенмен, бұл жағдай экспедиция зерттеуінің жақсы дəрежеде болғандығын жоққа шығара алмайды. Бюджеттік зерттеуге Ф.А.Щербина Воронеждік статистикалық бюродағы көптеген қызметкерлерін қосты. Олар бюджетпен жұмыс жасауда үлкен іс-тəжірибе жинақтаған адамдар болды. Бұл жөнінде Ф.А.Щербина 1900 жылы далалық өлкедегі жұмыс барысы жөнінде жазғанда «бюджетті құру жұмысы тəжірибесі мол адамдар қолында» деп көрсетті. Сол уақытта бюджеттің көпшілігін статистика ісіне берілген, жақсы білетін, бұрын Воронеж губерниясындағы зерттеуге қатысқан П.А.Васильев құрастырған. Сол сияқты Воронеж губерниясында бағалау жұмысында қызмет атқарған Г.Н.Шапошников те көп үлес қосты. Осындай статистер қатарына басқа да экспедиция қызметкерлерін қосуға болады. Ең үлкен сан — 44 бюджетті А.Н.Дядиченко, 41 — Е.М.Уродков, 22 — Г.Н.Шапошников, 15 —И.Ф.Гусев, 13Л.К.Чермак, 12 — Н.Ф.Дмитриев, 12 — Айтпенов, 10 — И.Д.Трипольский, 8 — П.А.Васильев, 8-ін Қаратаев құрды. Бюджетті мұнымен қоса П.Ф.Лобза, Г.И.Баскин, А.Ф.Дорофеев, Тілекеев, А.М.Снегирев, П.А.Хворостанский, Н.А.Беляков, Жолдыбаев, Салдубаев, И.А.Беляков, М.Ақкөзов, Абичев, Н.Н.Беляев, М.Чумбалов, Ə.Итебаев, О.Базанов, Валиханов, Т.Г.Валшикович, А.Аппасов, Ə.Н.Бөкейхан есептеді [2; 175,176].
Ф.А.Щербина алғашқы үлгідегі бюджетті ғана құрады. Жоғарыдағы тізімге қарағанда бюджетті құрастыруға экспедиция құрамында тіркеуші, аудармашы болып істеген жергілікті қазақ интеллигенциясының өкілдері де қатысқандығын көреміз. Бір жағынан алып қарасақ, бұл адамдар өз деңгейіндегі статист-мамандар болмады, дегенмен олардың қазақ тілі мен тұрмысын жетік меңгеруі сұрақ-жауап жүргізудің сапасын көтерді, яғни зерттеу жұмысын жүргізуге үлкен ықпалын тигізді. Жоғарыда көрсеткендей, бюджеттік зерттеу əдістемесі Ф.А.Щербинаның алғаш негіздеген бюджетіне сүйенді. Дегенмен, қазақ шаруашылығының өзіндік спецификасы Воронеж шаруашылығын зерттеудегі қалыптасқан үйреншікті, таныс əдіс-тəсілдерді өзгертуді қажет етті. Ең алдымен статистер кездескен қиыншылық «баға», «құндық» ұғымдарға қатысты. Көптеген заттар мен құбылыстар ақшалық сипаттауға ие болмаған, себебі көбінесе айырбасқа байланысты немесе сол шаруашылықтың өзінде өндірілгендіктен. Бюджетті құру жұмысын қиындатқан тағы бір фактор — бұл өлшем мен салмақ жүйесінің кең ауқымды дамымауы. «Дегенмен, — деп жазады Ф.А.Щербина, бұл қиыншылықтар сондай шешілуі жоқ қиыншылық емес, мұндай жағдайда бюджеттік зерттеу мүмкін емес деген сөз емес, тіпті зерттеудегі нақтылы нəтижеге жетуге кесірі тиер қиыншылық емес, оны қалыптасқан əр түрлі əдіс-тəсілдер арқылы шешуге болады» [2; 176].
Статистиктер қолданатын негізгі тəсіл — салыстыру жəне ұқсастық, үйлестілікті табу. Бұл тəсіл алғашқы зерттеу əдісін тексеру кезінде-ақ енгізілген болатын. Сұраққа жауап алушылардың көбінесе алынған жауаптарды салыстыратындығы кеңінен байқалды. Мысалы, киіз үйдің бағасын тағайындау үшін, статистиктер оның құрамдас бөліктерінің барлығын анықтап алып, одан кейін ақшалай эквивалент тағайындаған. Бұл ақшалай эквивалентті жоғарыдағы құрамдас бөліктерді бір-бірімен салыстыру, ақшалай құн бағаға ие болған заттармен салыстыра отырып, бағасын қою негізінде анықтаған. «Сабаның (қымызға арналған теріден жасалған ыдыс) иесі оның ақшалық құнын білмеген, дегенмен оны басқа заттарға айырбастаған, ал бұл басқа заттардың екінші немесе үшіншісі, тіпті соңғысы ақшаға соғылып, өзіндік құнға ие болған». Көбінесе сату, сатып алу арақатынасында басты рөл атқарған мал болды. Егер шаруашылық иесі сұрақ-жауап алғанда кез келген заттың құнын айтуға қиналса, мысалы, жоғарыдағы киіз үйді оның есесіне əр түріне байланысты қанша мал санына айырбастауға болатындығын шатаспай нақтылы айтар еді.
Сату, сатып алу барысында негізгі рөлді мал атқарғандықтан, кең түрде тараған ақшалық эквивалент рөлін де мал атқарды. Егер шаруашылық иесі сұрау барысында кез келген бір заттың құнын айтуға қиналса да, мысалы, киіз үй, онда ол киіз үйді қанша мал басына немесе киіз үйдің басқа қандай түріне айырбасталатынын тура айта алар еді. Осындай əдіс-тəсіл салыстыру мүлік құнын анықтауда қолданылды. Қазақтардың сол кездегі негізгі азығы болып есептелетін қымыз құнын статистиктер малдың құнымен анықтаған. Бұл жағдайды Ф.А.Щербина өз жазбаларында былай суреттейді: «Қырғыз жыл бойында өз қажеті үшін бес пұт жүнді жұмсаса, ал 10 пұт жүнді сатса, бюджетке жүннің құны ретінде баға енгізілді. Зерттеу барысында сұрау əдісі де маңызды рөлге ие болды. Бұқаралық зерттеулер барысындағыдай бюджетті анықтауда шаруашылық иесіне сұрау жүргізілгенде оның көршілері мен ауылдастары да қатыстырылды. Бұл белгілі бір өзіндік бақылау жүргізу мақсатында болды. Іс-тəжірибе барысында анықтау мəліметтер алу үшін шаруашылық иесімен қоса жекеленген сұрақтарды (мысалы, азық-түлікті пайдалануға байланысты, мал сауынына орай) шаруашылықты жүргізуші əйелдерге қою керек екендігіне статистиктер көз жеткізді. Көптеген ояздарда бұл жəрмеңкелермен байланысты болды. Кейбір жағдайларда бюджеттік жыл жазғы жайлауға шығумен, бір шөп шабу мерзімінен келесі шөп шабу мерзіміне дейінгі уақытпен байланыстырылды. Барлық зерттеулер бақылаушы əдіс-тəсілдермен қайта нақтыланып отырды. Алынған мəліметтерді тағы да бақылаудан өткізу барысында статистиктердің іс-тəжірибесі мен ішкі түйсігі маңызды рөл атқарды. Мысалы, Е.М.Уродков бюджетті анықтап болған соң мал басының, əсіресе қой санына күдікпен қарады. Себебі малды шығындау барысына байланысты көрсетулер өте үлкен болды. Сұрақты нақтылау үшін екінші рет сұрау жүргізілді. Бюджетті құрастырушылар алынған алғашқы мəліметтің тура болуына мүдделі болып, сол мəліметті қайта алуға талаптанды. Г.Н.Шапошников бай шаруашылықтың иесімен екі күн бойы жұмыс жүргізіп, тура емес ақпарат беруге тырысқанына қарамастан, нақтылы сандық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осындай жолмен зерттеу жұмысын ұйымдастыру нақтылы мəліметтер алуға қол жеткізді [10; 131,132].
Экспедиция жұмысының нəтижесінде алынған мəліметтерді сол кездегі замандастары жоғары бағалаған. Экспедиция ісін бақылауға алған А.А.Кауфман өз есебінде «жұмыс барысының дұрыс жолға қойылғандығын бюджеттік зерттеудің білгірі Ф.А.Щербинадан күткендей үлкен шеберлікпен орындалғандығын, осыған орай ешбір ескерту жасауға болмайтындығын» баса жазады [5, 105].
Бюджеттік бақылау бойынша экспедиция 12 ояздың 281 қазақ шаруашылығын қамтыды. Бұдан басқа 13-ші томда экспедиция қызметі ауданына енбеген Перовск оязы бойынша 1-қосымша бюджет мəліметтері енгізілген. Бюджетті құрастырушы Н.Ф.Дмитриев бұл Перовск оязындағы шаруашылық иесі Ақмола облысының тұрғынына жатпаса да оның шаруашылығы Атбасар оязы қырғыздарындағыдай үнемі көшіп-қону жүйесіндегі шаруашылыққа тəн екендігін көрсетеді. Барлық зерттелген шаруашылыққа тəн бюджеттік көрсеткіштер арақатынасын көрсететін кесте құрылған. (Ондағы мəліметер сандық жəне проценттік мəнде көрсетілген).
12 оязды бюджеттік зерттеудің нəтижесі
Бюджетті сипаттауға қарағанда зерттеуге экономикалық жағдайы əр қилы шаруашылықтар енген. Мұндай жағдаймен Воронеж губерниясының шаруа қожалықтары да зерттелген болатын. Бюджетті құрастырушылар сұрақ картасында сипатталып отырған шаруашылықтың қай типіне жататындығын белгілеген. Мұндай жағдайда шаруашылық иесі мен ауылдастарының пікірі есепке алынған. Жазбаларда «бай шаруашылық», «ортадан жоғары», «ауқатты», «дамушы», «орта», «кедейленген», «кедей» деген сияқты сипаттаулар кездескен. Əр жазбаға аргумент, белгілер болмағандықтан, шаруашылықты бағалауда шатасушылықтар статистиктер жұмысында кездесті. Кейбір шаруашылық иелері өзін кедейлер қатарына қоспады, ал ауылдық старшина оны жоғарыдағыдай көрсетті. Келесі бір шаруа қожасын ауылдастары «ортадан төмен» деп бағалаған, дегенмен бұл шаруа қожасы өз шаруашылығында 3-ке жуық жалдамалы жұмыскерді иеленген. Сондықтан бюджеттік сипаттаудағы мұндай тұстарға абайлықпен қарау қажет. Экспедиция 300-ге жуық қазақ шаруашылығын суреттеген.
Статистиканың белгілі қайраткері П.П.Румянцев «Материалдардағы...» мəліметтерді саралай келе, қазақ қоғамындағы шаруашылық топтарының арақатынасын былай суреттеді: «Шаруашылықтың негізгі массасы (78,2 % — кедей, орта шаруашылық саны көп емес — 14,6, көп емес ауқатты — 17,8 %) жəне бай шаруашылық айқындалды» [10, 135].
Бюджетті пайдалану əдістемесі экспедицияның арнаулы мақсатына тəуелді болды. Мысалы, Зайсан оязында 29 бюджет құралды, дегенмен тек оның 14-і ғана салыстыруға жəне қорытынды бақылауға алынды. 15 бюджет төмендегі себептерге байланысты қарастыруға алынбады: «10 бюджет, тұрғылықты халықтың айтуы бойынша, «ортадан жоғары» шаруашылыққа жатады деп есептелінгендіктен алынып тасталды, ал басқа 5-еуі кедей шаруашылығына жатады, себебі өмір сүрудің көзі бұл шаруашылықта балық аулаумен, батырақтық т.б. кəсіптермен байланысты. Осындай жолмен ояз бойынша бюджеттік талдауға тек орта шаруашылыққа қатысты мəліметтер алынған.
Ояз бойынша массалық мəліметтер мен бюджеттік мəліметтерді салыстыра отырып, статистиктер соңғы алынған мəліметтердің шындыққа жақын екендігіне көз жеткізуге талпыныс жасады. Ф.А.Щербина өз жазбаларында Қостанай оязы бойынша экспедицияның негізгі бақылау мəліметтерін алғандығын, ондағы негізгі мақсат бюджеттік мəліметтердің бұл жалпы мəліметтерге жақындығын көрсету екендігін жазады. Егер де шаруашылық саны бюджетпен репрезентативті болған жағдайда бақылаушы соңғы əдіс анықталған болар еді. Қостанай оязы үшін, мысалы, 19474 зерттелген шаруашылықтың 49 шаруашылығы бюджетпен бірге. Мұндай сандық көрсеткішке қарап біртұтастық бірлестік жөнінде айту қиын. Мұнымен қоса негізінен алғанда бюджетті орта шаруашылық құрады. Дегенмен, Ф.А.Щербина «49 бюджет нақтылы жағдайда тіптен жеткілікті» деп есептеді. «Орыс статистиктерінің тəжірибесінде ғана емес, шет ел статистиктерінде мұндай сандық көрсеткіш жеткілікті», «бюджетті құрау өте күрделі еңбек, қиын жұмыс болып табылады», — деп өз пікірін тұжырымдады [10, 140].
Осы тұжырымға қарамастан, Ф.А.Щербина пайдаланған əдіс, яғни бюджеттік көрсеткіштерді массалық мəліметтермен салыстыру, нақтылы жағдайда дəлелді болды деп толық айтуға болмайды. Экспедиция жұмысының нəтижесінде алынған бюджетке қатысты мəліметтер арнайы кестелерге енгізілді жəне «Материалдардың...» 13-томында келтірілген. Бұл жалпы алғанда бюджеттік жəне қисындастырылған кестелер.
Бюджеттік кесте 12 ояз бойынша 282 бюджетті қамтыған кесте шаруашылық деңгейінде құрастырылған. Том соңында суреттеу бар. Суреттеудің əр жақтылығы əр шаруашылыққа қатысты кестеге енгізілген бюджеттік мəліметтерді салыстырып, толықтыруға мүмкіндік береді. Бюджеттік кесте нақтылы берілген. Кестеде шаруашылық қожасының аты-жөні берілмеген. Бірақ суреттеуде міндетті түрде шаруашылық қожайынының аты-жөні берілген. Кестелердегідей суреттеулерде де бюджет құру жолы анықталған. Кестеде мекенжайлық көрсеткіштер: ояз, болыс, қыстау орналасқан орын бірінші кезекте көрсетілген [11].
Екінші топ отбасындағы еркектер мен əйелдер санын көрсететін, əр жастағы адамдарды есепке алған демографиялық мəліметтер берілген. Əйелдер былай көрсетілген: 1 жастан 6 жасқа дейін, 7 жастан 11-ге дейін, 12-ден 13, 14-тен 15-ке, сол сияқты 16-дан 17, 18-ден 55-ке, оның ішінде жұмыс істейтіндері, 55-тен 60-қа жəне 60-тан жоғары. Осындай жолмен бұл мəліметтер жұмыскерлер санын есептеп шығаруға жəне сол сияқты отбасындағы біреудің қарауындағы жан санын нақтылауға мүмкіндік береді. Отбасы мүшелерінің сауаттылығы, оқитындар саны жөніндегі мəліметтер де келтірілген.
Қазақ шаруашылығының бюджетін талдағаннан кейін, жалпы зерттеудің жəне оның нəтижесінде алынған мəліметтерді саралаудың Воронеждік бюджеттік бағдарлама типі бойынша жүзеге асырылғандығын көруімізге болады. Зерттеуді Воронеждік бағдарлама бойынша жүргізу көп нəрсені аңғартады. Воронеждік бюджеттік бағдарлама өзге бағдарламалардан тиімді жағымен ерекшеленгендіктен, зерттеу жұмысын ұйымдастырудағы жоғары сапаның болғандығына кепілдік береді. Қазақ шаруашылығының бюджетін құруда Ф.А.Щербина экспедициясы Воронеждік бағдарламаның тек құнды жағын ғана қамтып қойған жоқ, сонымен қоса кейбір кемшіліктерін де қамтыды, соның нəтижесінде мəліметтерді салыстырғанда көптеген құнды алғаш мəліметтер жоғалып кетті. Бюджеттік мəліметтерге саралау жасаған кезде орташа сандық есептеу жүйесіне сүйенген. Қазақ шаруашылығын бюджеттік зерттеу түпкі өзегінде көбінесе таңдау негізінде жүргізілді, ал шаруашылықты саралау əдісін сипаттаған кезде кездейсоқтылықтың қажетті принцип екендігін көп жағдайда есепке алмағандығын көруімізге болады. Бюджеттік зерттеу нəтижесінде негізінен алғанда орта шаруашылық алынған, осының салдарынан қазақ ауылына кең түрде əлеуметтік сипаттама беруде басты дерек болуына мүмкіндікті тарылтты. Осыған қарамастан, қазақ шаруашылығының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы бюджеттік зерттелуі қазақ қоғамының жекеленген топтары мен тұтас əлеуметтік құрылымы жөнінде нақтылы анализ бере алатын, тереңнен зерттеуге негіз бола алатын құнды материал болып есептеледі. Сонымен қоса статистикалық жұмысты жүргізудегі статистиктердің үлкен тиянақтылығын есепке ала отырып, алынған бюджеттік мəліметтердің зерттелген шаруашылықтар үшін шындыққа жақын, анықталған мəліметтер екендігін мойындауымыз керек [12].
Деректің жалпы құрылымы бастапқы экспедицияның бағдарламасында қарастырылған мəселелерге сай келгенімен, əр облыс пен ояздың өзіне тəн ерекшелігіне сай деректің құрылымы өзгеріске ұшырап отырды. Мəселен, қажетті жағдайларда жаңа кестелер қосылып немесе мəтінде бұрын қаралмаған тақырыптар да əр өлкенің өзгешелігіне сай дерекке қосылып отырған [13].
Осылайша, 1896–1903 жж. Ф.Щербина басқарған зерттеу экспедициясының нəтижесінде 13 томнан тұратын «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» деп аталатын дерек көзі пайда болды. Бұл Ресей Империясының Қазақстан жерін отарлау мақсатында жүргізілген зерттеудің нəтижесінде пайда болған деректен тек қана қазақтардың жерді пайдалануы туралы мəліметтерді ғана емес, басқа да жанама фактілерді де алуға болады. Жалпы, «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы бүкіл қазақ қоғамын жан-жақты сипаттауға, нақты сол кезеңдегі тарихи жағдайларды талдауға қомақты үлес қоса алатыны анық.
Əдебиеттер тізімі
- Тəсілова Н. Статистика ғылымы жəне статистикалық деректерді талдау əдістері // ҚазҰУ хабаршысы. — Тарих сер. —№ 2 (45). — 2007.
- Волкова Т.П. К изучению и использованию данных дореволюционной бюджетной статистики казахских хозяйств // В кн.: Вопросы историографии и источниковедение Казахстана (дореволюционный период). — Алматы, — 369 с.
- Алферова Ю.А. Ф.А.Щербина в общественно-политической жизни России: 60-е годы ХІХ – начало XX вв.: Автореф. дис. ... канд. ист. наук. — М., — С. 10.
- Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных об- ластей / Под. ред. Ф.Щербины. — Т. 1. Акмолинская область. Кокчетавский уезд. — Воронеж,
- Кауфман А.А. Материалы по вопросу об организации работ по образованию переселенческих участков в степных областях. — СПб., 1897. — 149 с.
- Петрова Т.П. К вопросу о составе экспедиции Ф.А.Щербины по исследованию степных областей Казахстана // Изв. АН КазССР. Сер. общ. наук. — Алма-Ата, 1980. — № 4. — С.
- Тəсілова Н. Щербинаның экспедициясы: тарихи алғы шарттары, зерттеушілердің құрамы мен негізгі əдістемесі // Қазақ тарихы. — № 2. —
- Бөкейхан Ə. Жауап хат // Қазақ. — 1913. — № 24 // «Қазақ» газеті. — Алматы, 1998. — 58-б.
- Волкова Т.П. Некоторые проблемы источниковедческого изучения материалов экспедиции Ф.А.Щербины // В кн.: Про- блемы историографии Казахстана. — Алматы,1983. — С.
- Волкова Т.П. Материалы по киргизскому (казахскому) землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей / Источниковедческое изучение: Дис. ... канд. ист. наук. — М., 1982. — 170 с.
- Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей / Под. ред. Ф.Щербины. — Т. VІ. Семипалатинская область. Каркаралинский уезд. — СПб., — С. 101– 104.
- Дорофеева О.П. Общественно-политическая деятельность Ф.А.Щербины в конце ХІХ – начале ХХ веков в Воронежском крае: Автореф. дис. ... канд. ист. наук. — Воронеж, 2007. — 23 с.
- Чермак Л. Новый бюрократический опыт над киргизами. Вопрос о переселенчестве // Сибирские вопросы. — СПб., 1906. — №1