Қоршаған ортаның жағдайы кез келген мемлекеттің дамуындағы алдыңғы қатарлы мəселелердің бірі болуы тиіс. Бұл реттегі экология мəселесі, əсіресе осы саладағы қордаланып келе жатқан «тарихи проблемаларды» шешу жолдары орнықты даму аясында қарқынды жүзеге аспақ.
Алдымен, экологиялық хал-ахуалды жақсартудағы ең маңызды мəселелердің біріне айналғаны Арал теңізінің тартылуыны тоқталсақ. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бірнеше мемлекетке ортақ сауал қойып, ортақ шешімін күтіп отырған мəселе. Осы мəселеге назар аударып, оны шешу мақсатында БҰҰ мен Бүкілəлемдік банк Орта Азиялық бес мемлекетке — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тəжікстан, Түркіменстанға бірқатар талаптар қойған. Олардың ең бастысы əр республиканың Арал аймағындағы өз халқының жағдайын жақсартуға бағытталған заң шығаруы міндеті болатын. Сонымен қатар республикаларға өз бюджеттері есебінен Аралды құтқару қорын кұру ұсынылды. Содан соң Қазақстан мен Өзбекстан жұртшылығы өкілдері қатынасқан «Аралға — араша!» атты телемарафон ұйымдастырылып, одан түскен қаражат жəне медициналық құрал- жабдықтар Арал аймағы тұрғындарына жеткізілді.
Арал теңізі алабы елдерінің нақты іс жүзіндегі серіктестігінсіз жəне олардың төменде аталған бағыттар бойынша күш біріктіруінсіз су қорын басқару саласындағы жоғарыда аталып өткен кемшіліктерді жою мүмкін емес:
- суды басқару мен суды үнемдеуді алаптық принцип бойынша ұйымдастыру;
- əрбір мемлекеттегі салааралық серіктестік арқылы экономика жəне табиғат секторларының мүдделерін біріктіру;
- «мемлекет — су шаруашылығы жүйесі — су пайдаланушылар бірлестігі — аймақтық су шаруашылығы жəне əкімшілік органдар — су пайдаланушылар жəне су тұтынушылар» тізбегіндегі тік серіктестік арқылы суды басқару жүйесі деңгейлерін интеграциялау;
- суды басқару жүйесі сатыларының (иерархия) барлық деңгейлеріндегі мəселелерді шешуге қатыстыру арқылы, сонымен қатар үкіметтік жəне үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі арқылы су пайдаланушылар мен су шаруашылығы органдарын интеграциялау;
- ғылым мен өндірістің су пайдаланушылармен жəне су шаруашылығы ұйымдарымен серіктестігі арқылы білім мен тəжірибені интеграциялау;
- халықаралық қаржылық ұйымдар мен аймақтағы елдердің басқарушылығы (координация) мен серіктестігі арқылы халықаралық донорлар мен аймақты интеграциялау.
Күш біріктіру идеясын іске асыру үшін келесі іс-шаралар бағдарламасын ұсынамыз.
Аймақтық серіктестікті басқару жəне үйлестіру үшін су шаруашылығы жөніндегі Координациялық Кеңесі (МКСК) арқылы Орнықты даму жөніндегі халықаралық комиссияны (ОДХК) тарта отырып жəне аймақтық Энергетикалық ұйымдар Кеңесінің, аймақтық экологиялық орталықтардың, Үкіметтік емес ұйымдар Кеңесінің мүшелерінің қатысуымен Арал теңізін құтқару жөніндегі Халықаралық қор (АҚХҚ) шеңберінде Арал теңізі алабы жөніндегі су шаруашылығы Кеңесін құру көзделіп отыр.
Табиғат заңдылықтарын ескермеу, табиғатты үнемді қолданбау, оған деген бейқамдық жəне табиғат ресурстарына деген тұтынушылық көзқарас қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіруде. Сондықтан қазіргі таңда біз ғылыми-технкикалық прогрестің жетістіктері мен бағдарларын, жаңа технологиялар мен техниканы жер бетіндегі тіршілікке, қоршаған ортаға пайдасы тиетіндей етіп пайдалануымыз керек. Ол үшін шикізат шығынының мөлшерін көбейтпей, аз қалдық беретін немесе тіпті қалдықсыз технологияларға көшу, энергия мен шикізаттың дəстүрлі түрлерін қазіргі заманғы жəне таусылмайтын көздерімен ауыстыру қажет.
Өзбекстан Президенті И.Кəрімов айтқандай, «біз Орталық Азияның өзіне ғана тəн жер мен суға ерекше құрмет көрсету дəстүрін жаңғыртуымыз керек» [1]. ОАР суға деген сұраныс пен су ұсынымының арасындағы қарама-қайшылықты əлсіретудің бір ғана жолы — жаппай су үнемдеу арқылы суға деген сұранысты төмендету. Бұл міндет, бір жағынан, суға деген нақты сұраныстың көлемін нормативтік сұраныс көлеміне жақындату жолымен, ал екінші жағынан, ауыл шаруашылығында судың тиімді пайдаланылуы есебінен нормативтік сұраныс көлемін төмендету жолымен жүзеге асырылуы тиіс.
Өзбекстанда фермер қожалықтарының пайда болуына жəне Қырғызстан мен Тəжікстанда ақылы су пайдаланудың дамуына байланысты суды есепке алу, соның ішінде ақылы негізде есепке алуға деген назар күшеюде. Қырғызстанда суды өлшеудің стационарлық құралдарының жетіспеуінен АВП мұраптары кейбір жерлерде жылжымалы су құйғыштарды қолданып жүр (Чиполетти, Саттарқұлов су құйғыштары). Ферғана жəне Қашқадария облыстарында фермер қожалықтары мен ұжымдық шаруашылықтар бригадаларына су берілуін есепке алуды қамтамасыз ету үшін САНИИРИ астауларын өндіріп, қондыру ұйымдастырылды.
Су айналымы дəстүрлі түрде барлық ортаазиялық республикаларда пайдаланылады. Су қорының тапшылығы өскен сайын, су айналымын пайдалану дəрежесі де жоғарылауда. 2000–2001 жж. су тапшылығының шектен шығуына байланысты ауданаралық су айналымы кең қолданыла бастады.
ОА елдеріндегі су сапасын басқару жүйесі 50 жыл бұрын қабылданған ластануды қысқартуды жəне су экожүйелерін қорғауды ынталандырмайтын стандарттар негізінде жүзеге асырылып келді. ОА мемлекеттері қабылдаған су ресурстарының сапасын жақсартатын жалпы мақсаттар сектораралық жəне мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізі болып табылады, ал Еуропалық су директивасы бұл жұмыстың үлгісі бола алады.
Қазақстан тəжірибесі көрсеткендей, су ресурстары комитеті құрған жəне ОА Аймақтық экологиялық орталығының қолдауымен Қазақстан Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ведомствоаралық жұмыс тобы Еуропалық су директивасы тəжірибесін есепке ала отырып, жаңа əдістеме жасап шығарды, онда табиғат қажеттіліктері, сондай-ақ су пайдаланушылардың техноло- гиялық жəне инвестициялық мүмкіндіктері ескерілді. Бұл тəжірибені ҚР-ның барлық аумағына, сонымен қатар тарихи жалпы заң мен су ресурстарының шекарааралық сипаты ескерілген Ресейде де тарату ұсынылуда.
Қабылданған міндеттемелерге сəйкес ОА-да энергияның жаңартылған қайнар көздерін энергияның бастапқы жеткізулерін 15 %-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Оған су энергиясының үлесін көбейту арқылы жетуге болады. Тəжікстан дүние жүзінде су ресурстары бойынша үшінші орынды иемденеді, оның жалпы гидроэнергетикалық потенциалы жылына 527 000 ГВт болса, бұл мөлшер Қырғызстанда жылына 162 500 ГВт, Қазақстанда — жылына 110 000 ГВт, Өзбекстанда жылына 88 000 ГВт құрайды, сондай-ақ ол Еуропалық қоғамдастықтың энергетикалық бастамаларына сəйкес келеді жəне мемлекеттерге энергияның жаңарған қайнар көздерінің үлесін 2010 жылға қарай 15 %-ға дейін көтеру жəне энергияның тиімділігін арттыруды ұсынады. Тəжікстан мен Қырғызстан ресейлік серіктестермен бірге жəне ЕврАзЭС-пен осы саладағы инвестициялық жобаларға кірісіп кетті.
Сонымен қатар ОА мемлекеттері үлесті көрсеткіштері бойынша əлемдегі энергияны ең көп мөлшерде қолданатын экономикалар болып табылады. ОА мемлекеттерінің барлығы климаттың өзгеруі жөніндегі Рамалық Конвенция тараптары болуына қарамастан, энергия тиімділігі жағынан прогреске негізді тосқауылдар бар.
ТАСИС-тің «Таза өндірісті енгізу» жобасын іске асыру барысында қолданыстағы стандарттар мен заңдар энерготиімді технологиялар мен жабдықтарды енгізуге кедергі келтіретіндігі анықталды. Бірнеше онжылдықтар бұрын құрылған стандарттар энергияны сақтауға жəне жаңарған энергетиканы дамытуға бағыттылмаған. ОА елдеріндегі арзан көмір, газ жəне гидроэнергияны сақтауға арналған бағдарламаларды ынталандырмайды. Қазақстандағы пилотты жобалар көрсеткендей, тіпті ішкі гранттар есебінен өнеркəсіп мекемелерінде, сондай-ақ бюджеттік мекемелерде (мектептер мен ауруханаларда) энергияны сақтау жабдықтарын енгізу оларға пайдасын тигізбейді. Энергияны тұтыну жүйесінде нормативтер мен үлестік көрсеткіштер, бақылау жүйесі жəне экономикалық ынталандыру жоқ. Сондықтан Киото Хаттамасын ратификациялаудың саяси мəселелерінен басқа энергетика саласында нормативті базалар мен стандарттарды өзгерту бойынша, оларды үйлестіру мен ортақ энергетикалық мүдделері мен жүйелері бар елдер арасын жақындастыру үшін көп жұмыстар істеу керек.
Тағы бір экологиялық қауіп төніп отырған Каспий теңізі проблемасын шешуде арнайы пилоттық жоба талқыланды.
Каспий экологиялық бағдарламасы шеңберінде бес республиканың əрқайсысы өз жұмыс көлемін орындап отырғаны белгілі. Қазақстанда бұл бағытта екі орталық қызмет атқарып отыр, олар — биологиялық əр алуандылықты сақтау жөніндегі жəне теңіз деңгейінің тербелісін бағалау жөніндегі орталықтар. Қатысушы-елдердің əрқайсысы ұсынған пилоттық жоба талқыланды. Қолданбалы шешімдердің ішінен Каспийдегі итбалықтардың жаппай қырылуын зерттеуге арналған сарапшылар жұмыс тобының ұйымдастырылуын атап өтуге болады:
- Алтай-Саян тау экоаймағының биологиялық əр түрлілігін сақтау жəне тұрақты пайдалану;
- Батыс Тянь-Шаньның биологиялық əр түрлілігін сақтау;
- Арал теңізі алабындағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың өңірлік бағдарламасын əзірлеу жөніндегі ұлттық реттеуіш координаторлар жұмыс тобының екінші отырысында Орталық Азияның əрбір елінде пилоттық жобаларды барынша жылдам əзірлеу қажеттілігі аталып өтті. Төменде аталған шараларды əзірлеу ұсынылды;
- Қазақстан Республикасында — «Жайылымдық жерлерді басқару» тақырыбы шеңберіндегі пилоттық жобаны;
- Қырғызстанда — «Суорман шаруашылығы мен жазық жəне таулы аймақтарда орман ресурстарын басқару» жəне «Биологиялық əр алуандылықты сақтау жəне табиғатты қорғау; экотуризмді дамыту» тақырыптары шеңберіндегі жобаларды;
- Тəжікстанда — «Ауыл шаруашылығында суды пайдалануды жақсарту; эрозия, саздану жəне саздауыттанумен күрес» тақырыбы шеңберіндегі пилоттық жобаны;
- Түркіменстанда — «Агробиологиялық əр алуандылықты сақтау жəне табиғатты қорғау; экотуризмді дамыту» тақырыбы шеңберіндегі пилоттық жобаны;
- Өзбекстанда — «Шөлейттену процестерінің мониторингі, бағалануы жəне олардың қоршаған ортаға əсерін бағалау» жəне «Құрғақшылықтың ерте алдын алу жəне салдарларын кеміту жүйесін құру» тақырыптары шеңберіндегі пилоттық жобаны.
Жоғарыда атап көрсетілген мəселелерден Орталық Азия менталитетінің тарихы мен ерекшелігі ОАА Орнықты дамуды (ОД) іске асыру саясатына қатысты оң да, теріс те жақтары бар екендігін көруге болады. Сондықтан теріс тенденцияларды жойып, əлсіретіп, оң тенденцияларды жандандырып, күшейтіп, дамытып, насихаттау қажет.
ОД пайдасы тиер ең күшті менталитет — халықтың ауқатты өмір сүруге деген ұмтылысы. ОД осы мақсатқа жетуге септігін тигізеді, ОД принциптері мен мақсаттары туралы сауатты ақпарат беру шарты орындалған жағдайда халық ОД іске асыру саясатын қолдайды. Қазіргі заман адамдары дəлелдерге сенеді, оларды ОД басымдықтарының сөзсіздігіне сендіріп, ОД стратегиясы мен тактикасын жүзеге асыруға бағыттауға болады.
ЕЭК БҰҰ қолдауымен ОА мемлекеттері сарапшыларымен шекарааралық контекстегі Қоршаған ортаға əсерді бағалау (ҚОƏБ) бойынша Конвенцияны практикалық қолдануға арналған басшылық жасалды, мемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдар, жеке секторларға жəне донорларға арналған ұлттық өңірлік семинарлар өткізілді. Бүгін ОА мемлекеттері сарапшылары мен мамандары осы басшылықты пайдалануда. Осы процестің негізінде ОА мемлекеттерінде осы тағы басқа да басшылықтарды қолданыстағы заңға, практикалық механизмдер мен процедураларға енгізу қажет.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі əрекеттердің жергілікті (аймақтық) жоспарлары (ҚОҚƏАЖ). ОА мемлекеттерінің дəстүрлері мен мəдениетінде көптеген проблемалар жоғарыдан шешім күтпей-ақ жергілікті деңгейде шешімін табады. ОА аймағында жергілікті ұйымдар мен ауылдық жерлерге арналған бірқатар жобалар бар. Бұл АДБ (Қырғызстан жəне Қазақстан ауылдарын сумен қамтамасыз ету), Швейцарияда (САМП) т.б. 2003–2005 жж. ОААЭО Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі əрекеттердің аймақтық жоспары (ҚОҚƏАЖ) бойынша үйлестірушілер мен сарапшылар желісін қалыптастырып, ОА мемлекеттері мен Каспий маңында жергілікті деңгейде əр түрлі жобаларды жүзеге асырды. ТАСИС бағдарламасының қолдауымен Каспий маңындағы елдерде (Əзербайжан, Қазақстан, Ресей жəне Түркіменстан) табиғи ортаны сақтау мақсаттарына жəне орнықты дамуға бағытталған (балық өсіру, жайылымдарды қалпына келтіру, емханаларға арнап қымыз өндіру т.б.) кіші бизнесті қалыптастыру жəне қолдау бойынша гранттық бағдарламаларды іске асырды.
Орхусс Конвенциясының 2-ші кездесуінде (Алматы, 2005) ОА-ның үкіметтік емес ұйымдары жəне мемлекеттік ұйымдары халықаралық келісімдердің міндеттемелерін орындау мүмкіндіктері талқыланды. Мүмкіндіктерді нығайту саласында мына басымдықтар белгіленді:
- мемлекеттік мекемелер үшін қазіргі кезеңдегі ақпараттық жүйелерді пайдалану;
- қоғамдық мекемелер үшін шешімдерді қабылдау процесінде жəне жоспарлар мен бағдарламаларды кəсіби талқылауда үкіметтік емес ұйымдардың қатысу мүмкіндіктерін қолдау;
- сараптамалық жəне ғылыми мекемелер үшін жалпы зерттеу бағдарламалары, біртұтас əдістемелерді қолдану қазіргі кездегі стандарттарды жасау жəне жетілдіру мүмкіндіктері;
- жергілікті ұйымдар үшін қоршаған ортаны қорғау жəне дамытуда жергілікті жоспарлар əрекетін қолдау.
Кеңестердің нəтижесі бойынша Орталық Азияда осы саладағы болашақ бағдарламалар мен жобаларға бүгінгі таңда негіз болып табылатын Конференцияның қорытынды Декларациясы қолдаған мүмкіндіктерді нығайту жөніндегі ұсыныстар мақұлданды жəне қабылданды.
Аймақтың экологиялық проблемаларын шешуге қоғамның қатысуы экология проблемаларын шешудің жəне дамытудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. РИО Декларациясының 10-шы қағидасы, сондай-ақ Орхусс Конвенциясына сəйкес барлық халықаралық бағдарламалар мен жобалар да соның құрамына енеді. Экология министрліктерінің жанынан қоғамдық кеңестер құрылуда, орнықты даму жөніндегі ұлттық комиссиялар үкіметтік емес ұйымдарды, ОДМК жəне АҚХҚ-ды өздеріне қосып алды, сондай-ақ соңғы жылдар бойында қоғамдық кеңестерді құру жөніндегі процесс жүргізуде. Аймақтағы бірқатар мемлекеттерде (Қазақстан, Өзбекстан) экологиялық үкіметтік емес ұйымдардың ұлттық форумдары ұйымдастырылды. Басқа да мемлекеттерде осындай процестер жүргізілуде. ОА мемлекеттерінің үкіметтік емес ұйымдары өздері ОА үшін үкіметтік емес ұйымдардың аймақтық форумын құру туралы бастама көтерді.
Кейбір мемлекет үкіметтері үкіметтік емес ұйымдардың жобалық қызметін қолдауға арналған арнайы гранттық бағдарламалар əзірледі. Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығында (ОААЭО) үкіметтік емес ұйымдарға жəне халықтың басқа да топтарына арналған қоғамдық бастамаларды қолдауға арнайы бағдарламалар бар. 2002–2005 жылдар аралығында ОААЭО жалпы алғанда 100-ден астам жобаны қолдады, сондай-ақ ұлттық жəне аймақтық дəрежеде үкіметтік емес ұйымдардың кездесулер өткізуін үнемі қолдап отырады. Сонымен қатар экологиялық журналистика бойынша аймақтық ынтымақтастық процесі жөнінде бастама көтерілді, бұл — ОА-ға арналған жыл сайынғы конференциялар, жақсы материалдар шығару т.б. ОААЭО-ның өзінде, оның басқарушылық ұйымында шешімдер қабылдауда үкіметтік емес ұйымдар министрліктермен қатар тұрады, бұл болашақ бағдарламаларды қалыптастыруда тепе-теңдік сақтауға жəне шешімдердің мөлдір болуын қамтамасыз етеді.
Қоғамды ақпараттандыру жəне ОААЭО аймақтық ынтымақтастығын қолдау үшін ОААЭО 5 тақырыптық Интернет-сайттарды қолдайды, олар: Су жөніндегі серіктестік (ОЭСР бірлесе отырып), Болашақ қаласы (ҚОҚІЖЖ), Экожелісі (Жабайы табиғат қоры) т.б. Ақпараттық материалдар, бюллетеньдер, анықтамалықтар жарияланымдары үнемі жүргізіліп тұрады. ОА мемлекеттері үшін барлық мүдделі мекеме, ұйым, кəсіпорындар мен жеке азаматтарға қызмет көрсететін жəне ақпарат тарататын мəліметтер қоры, кітапханалар желісі құрылған жəне дамытылуда.
ОА бағдарламаларының көпшілігі олардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін қаржылық механизмдердің жоқтығы оның əлсіз жері болып табылады. Ұлттық бюджеттердің есебінен қаржылық бағдарламалардың жеткіліксіз болуы оларды ішкі қолдауларға тəуелді етеді. Жобаларға негізделген донорлар тарапынан берілетін көмек қысқа мерзімді сипатқа ие жəне де тиянақтылықты қамтамасыз етпейді.
Орталық Азияның бірқатар мемлекетінде табиғатты қорғау қорлары құрылды. ОЭСР талдауы көрсеткеніндей, табиғатты қорғау ведомстволарының немесе экология жəне су шаралары мақсаттарымен байланысты қызметін қолдауға бағытталған жеткілікті қаржы жоқ. ВСУР-да мақсатты дамуды қолдауға арналған Орнықты дамудың қорларын құру ұсынылды. Экономика, қаржы жəне экология министрлерінің 2001 жылы өткен кездесуі барысында ОА-да орнықты дамудың қоғамдық қорын ұсыныс қолдау тапты. Жақында Қазақстанда орнықты дамудың қоры құрылды. Бірақ экология жəне су бағдарламаларын қаржыландыру мүмкіндігі əлі белгісіз.
Қазіргі кезде Орталық Азияда су ресурстарының құны шынайы құнын бейнелемейді жəне суға ұқыпты болуға себепші болмайды. Шаруашылық қызметте экожүйелік қызметтердің құны мүлдем есепке алынбайды. Алайда халықаралық экономикалық көрсеткіштерге экожүйелік қызметтердің құнын бағалау жəне енгізу міселелері Халықаралық Валюталық Қор, Дүниежізүлік Сауда Ұйымы сияқты ауқымды экономикалық жəне қаржылық институттарға тəуелді болып табылады.
ОА мемлекеттері қабылданған міндеттемелерге сəйкес энергияның жаңарған қайнар көздерінің үлесін 15 %-ға дейін өсіруді жоспарлауда. Сондай-ақ бұл құжат ОА аймағында су секторлары, энергетика жəне экология интеграциясында маңызды рөл атқара алар еді. Сондықтан ОА мемлекет басшыларының бастамасы ОА-дағы су-энергетикалық консорциумын қалыптастыру бойынша жұмысы ОА мемлекеттерінің су жəне энергетика секторлары арасындағы өзара есеп айырысуға ғана негіз құрып қоймай (проблема экстерналий), Киото Хаттамасының экономикалық механизмдерінің көмегімен сектораралық жəне мемлекетаралық интеграцияға, экономикалық бағдарламаларға экологиялық мəселелерді енгізуге ықпал етеді.
Сонымен, жоғарыда атап өткеніміздей, Орталық Азия мемлекеттерінің келешегі негізінен табиғи тепе-теңдік пен су ресурстарына байланысты болып отыр. ОА-ның жаңа тəуелсіз мемлекеттерінің тəжірибесі көрсеткендей, мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың жеке секторларының бытыраңқы немесе бірікпеген жəне көріністік күштері күтілген нəтижелер əкелген жоқ жəне қоршаған орта мен оның дамуы туралы мəселелерді шешпейді. Бұған ұзақ мерзімді процестерге негізделген, мүдделі тараптар мен қоғамның кең түрде қатысуы, жинақталған əлемдік тəжірибеге жəне өз потенциалына негізделген, халықаралық жəне аймақтық бағдарламаларға интеграциялау жүргізуге жаңа көзқарас қажеттілігі туындап отыр. ОА-ның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы ОА мемлекеттері мен Еуропалық Одақ қабылдаған міндеттемелерді қазіргі кезде жəне болашақ ұрпаққа тиісті мəселелерді жүзеге асыруға ұзақ мерзімді негіз бола алар еді.
Күн сайын дамып келе жатқан өндірістік қуаттың салдарынан көптеген елдерде туындап отырған қоршаған ортаның ластану проблемасы қазіргі кезеңде халықаралық сипатқа ие болды. Бұл проблеманы шешуге мемлекеттік, қоғамдық, сонымен қатар халықаралық ұйымдар қатынасуда. БҰҰ қоршаған ортаны қорғау мəселелеріндегі рөлін атап өткен жөн.
БҰҰ қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) əлемнің барлық түкпірінде, соның ішінде Орталық Азияда да қызмет атқаруда. Онда нақты ұлттық проблемаға баса назар аудара отырып, əр елге арналған жоспар əзірленген.
1992 жылы Рио-де-Жанейрода болып өткен Дүниежүзілік экологиялық форумда БҰҰ ұсынған Орнықты даму жөніндегі Конвенция қабылданды. Бұл экономика тұрғысынан тиімді, əлеуметтік жағынан əділетті əрі экологиялық залалсыз дамудың кешенді бағдарламасы. Форумға қатысушылар халық пен қоршаған ортаның қарым-қатынасы мəселесі бойынша халықаралық консенсустың заманға сай маңызын атап өтті. ОА елдерінің көбі бұл кездесуге қатыса алмағанымен, кейіннен олардың бəрі БҰҰ барлық конвенцияларын ратификациялап, қол қойды.
1997 жылдың маусым айында БҰҰ Бас Ассамблеясы осы бағдарламаны іске асырудың барлық нəтижелерін шығарды. ОА мемлекеттері Бас Ассамблея сессиясына БҰҰ Қоршаған орта жəне даму жөніндегі конвенцияны қабылдаудан кейінгі кезеңдегі өз қызметі туралы есептерін ұсынды. Атап айтқанда, өзбекстанда осы форум ұсыныстары мен шешімдерін орындау шеңберінде Министрлер Кабинетінің 1997 жылғы 12 қарашадағы Қаулысымен Орнықты даму жөніндегі комиссия құрылған. Одан бұрын Өзбекстан Республикасының алдына «XXI ғасырға арналған Күн тəртібінің» бірінші редакциясын əзірлеу міндеті қойылды. Онда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жобасы Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздігі концепциясының бір бөлігі ретінде белгіленді.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру механизмін жетілдірудің басымдылыққа ие болып табылатын бағыты — табиғатты пайдалану туралы заңдар мен нормативтер қорын реформалау. Өзбекстан Парламенті табиғатты қорғау туралы бірнеше негізгі заңды қабылдады, атап айтқанда, олар: «Су жəне суды пайдалану туралы», «Ерекше күзетілетін табиғи аймақтар туралы» (1993), «Жер қойнауы туралы» (1994) жəне «Жануарлар əлемін қорғау жəне пайдалану туралы» (1997) заң актілері.
2000 жылғы қаңтар айында Ташкент қаласында республикадағы ластаушылардың шығарылуы жəне көшірілуі тізімдемесін құруға арналған семинар болып өтті. ЮНЕП жəне Ресейдің Экология жөніндегі мемлекеттік Комитетінің бірлесе қатысуымен ұйымдастырылған бұл семинар Табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік Комитетте өткізілді. Сонымен қатар Өзбекстанды қоршаған ортаның отын-энергетикалық, химия жəне металлургия кешендері кəсіпорындарының, сондай-ақ құрылыс өнеркəсібі жəне көлік қалдықтарымен ластануы мəселесі де ерекше толғандырып отыр. Семинарда атап өтілгендей, 2 мың кəсіпорын қызметінің нəтижесінде жыл сайын 100-ден астам улы зат атаулары, яғни 2 т улы зат атмосфералық ауаға тарайды. Қоршаған табиғат пен ауаны ластаушы заттардың 80 % жуығын Ташкент, Ферғана, Қашқадария, Бұхара жəне Навои облыстарында орналасқан кəсіпорындар таратады екен. Себебі республиканың негізгі өнеркəсіптік потенциалы, дəлірек айтқанда, өндірісі экологиялық тұрғыдан «лас» зауыттар мен фабрикалар дəл осында шоғырланған [2].
Мамандардың таңдаулы зерттеулерінің қорытындысына қарағанда, бірнеше аудандағы топырақтың жағдайы елеулі қауіп туғызып отыр. Əсіресе ауыл шаруашылық зиянкестермен күрес барысында пестицидтердің белсенді түрде əрі қадағалаусыз пайдаланылуының салдары аса алаңдатушылық туғызуда. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, қазірге белгілі аса қауіпті улы заттардың ішінен қоршаған ортаға тигізетін əсері тіпті ауыр металдардан да, хлорлы органикалық пестицидтерден де, өзге заттардан да қауіптірек болатын диоксидтер ең қауіпті заттар болып табылуда. Сарапшылар бұл мəселенің ОА, өзге мемлекеттеріне қарағанда, Өзбекстан үшін аса маңызды екеніне қарамастан, берік органикалық ластаушылар (БОЛ) мəселесінің бір бөлігі ретінде диоксидтер проблемасының əлі күнге дейін өз шешімін таба алмай отырғанын атап өтті.
БҰҰ мамандарының қатысуымен Өзбекстанда Табиғат жөніндегі мемлекеттік комитет бөлімшелер қорғау жөніндегі ведомстволық бөлімдері жүзеге асыратын ластаушы көздер мониторингі жүйесі құрылды. Онда істейтін мамандар ЮНЕП нұсқаушыларының басшылығымен арнайы оқудан өтті. Бұл мониторинг кəсіпорындар шығаратын қалдықтарды бағалап, технологиялық процестердегі өзгерістерді анықтауға, сонымен қатар қалдықтардың көбеюінің себептерін ашып, оларды болдырмау жолдарын іздеп табуға мүмкіндік береді.
ЮНЕП Орталық Азиялық мемлекеттердің астаналарында жыл сайын семинарлар өткізіп тұрады, ол семинарларға толғандыратын мəселесі бір елдердің өкілдері арнайы шақырылады.
Өзбекстанда туындаған жағдай осы аймақтағы басқа мемлекеттерге де тəн. Гидрометеорология жөніндегі мемлекеттік комитеттің мəліметтері бойынша, 90-шы жылдардың басында Қазақстан мен Орта Азия аумағында атмосфераның ластануы Ресей мен Украинаның еуропалық жағындағы ластану деңгейінен төмен болғанымен, кейбір аймақтардағы жергілікті ластанулар деңгейі айтарлықтай жоғары болды. Мысалы, ҚР Статистика жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мəліметтері бойынша, 1993 жылы зиянды заттардың атмосфераға таралу көлемі 3,7 млн. т астам, ал автокөліктерден шығатын түтінді есепке алғанда, 6 млн. т жуық болған [3]. Қазақстанның металлургиялық зауыттары (ОА өзге республикаларындағыдай) ескірген технологиялар негізінде жұмыс істейді. Соның нəтижесінде шойын мен болатты балқыту кезінде қалдық көп шығып, атмосфералық ауаға көптеген зиянды заттар тарайды.
Ал радиациялық қалдықтар бұдан да зор проблема болып табылады. Зерттеу барысында оларды жинақтаудың 100 орны анықталған. Кейбір мəліметтерге қарағанда, 90-шы жылдардың басында Қазақстанда радиациялық техногендік ластану ауданы 35 шаршы км-ден астам болған.
1993 жылдың жазында біздің республикаға Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық ұйымның (МАГАТЭ) делегациясы келіп, мемлекетіміздің атом энергиясы объектілерімен танысты. Еліміздегі жағдай апатты деп танылмағанымен, МАГАТЭ жағдай мониторингі, мамандарды даярлау жəне радиациямен залалданған жерлерді қалпына келтіру əдістемесін əзірлеу міндетін өз қолына алды.
Ядролық қаруды таратпау ісінде жəне аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ядролық қарудан азат аймақтар (ЯҚАА) құрылуының маңызы зор. БҰҰ-ның 1975 жылгы 11 желтоқсандағы № 3472 В қарарында: «Ядролық қарудан азат аймақ деп БҰҰ-ның Ассамблеясы солай деп таныған мемлекеттердің кез келген топтары өздерінің егемендігін конвенция немесе шарттың күшіне сəйкес еркін жүзеге асыру жағдайында кұрған кез келген аймақ саналады, оларда: осы аймақ турасында əрекет ететін, соның ішінде аймақты белгілеу процедурасын қамтитын, ядролық қарудың мүлдем жоқтығы туралы мəртебе белгіленеді, сол мəртебеден туындайтын міндеттемелердің сақталу кепілдіктерін қамтамасыз етудің, тексеру мен бақылаудың халықаралық жүйесі құрылады» [4].
Жақында Өзбекстан ЯҚАА-ны құруды ұсынды. Қазіргі кезде ядролық қарудан азат аймақтар əлемнің 111 мемлекетін жəне жер құрлығының (Антарктида туралы шартты қоса алғанда) 50 % астам көлемін қамтиды [5].
1997 жылғы 28 ақпанда Алматыда болып өткен Орталық-азиялық бес мемлекет басшылары кездесуі қорытындысы бойынша қабылданған Алматы декларациясында Орталық Азияда ядросы аймақ құру идеясы жоғары дəрежеде қолдау тапты. Құжат ынталы елдердің барлығы Семей полигонының елу жылдығы қарсаңында Орталық Азияның ядросыз аймақ деп жариялау идеясын қолдауға шақырды. Ол аймақтағы басқа мемлекеттердің қосылуы үшін де ашық. «Арал проблемасын, Орталық Азияда ядросыз аймақ жасау жəне ядролық технология мен шикізаттың шығып кетуіне қарсы күресті қоса отырып, экономикалық қауіпсіздіктің кешенді бағдарламасын жасау қажет», — деп танылды [6]. Бұл қауіпсіздіктің бір түрі болып табылады.
ЯҚАА құру туралы бастаманы алға тартуға түрткі болған себептердің бірі ОА елдерінің аймақтағы экологиялық ахуалды сауықтыру ниеті болғаны белгілі. Осыған байланысты Қытайдың жабылмаған сынақ полигонының аумағы ЯҚАА тікелей жанасып жатқандығы оның көршілерін мазаландырады.
1994 жылы тамызда Бішкекте Қазақстанның «Невада — Семей» жəне Қырғызстанның «Лобнор» антиядролық қозғалысы жəне т.б. халықаралық қоғамдық əрі гуманитарлық ұйымдар конференция өткізіп, оның негізгі тақырыбы Шыңжаңдағы Қытайдың ядролық сынақтары ОА экологиялық жағдайға, тұрғындарға зиянды əсері туралы болды. Жиынға қатысушылар аймақтағы радиациялық жағдайды бақылауды күшейтуге, ядролық сынақтарға тыйым салуға қол жеткізуге қажеттілігін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша Лобнордағы ядролық сынақтардың салдарын ғылыми- зерттеу мақсатында үш жақты (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан) мамандар тобы құрылды.
1995–1996 жылдары Қытай Лобнор ядролық сынақ полигонында бірқатар жерасты жарылыстарын өткізгені белгілі. Бұл Қазақстан мен Қырғызстан халқының алаңдатушылығын туғызып, қарсылық білдірілді. Осы жарылыстар техногендік ортаға, аймақ халқының денсаулығына елеулі нұқсан келтіруде. 1996 жылы Қытай үкіметі: «1996 жылғы шілдеден бастап Қытай ядролық сынақтарды уақытша тоқтатады», — деп мəлімдеді. Пекин бұл маңызды шешімді «ядролық қарусыз елдердің, соның ішінде Орталық Азия республикаларының талабын қанағаттандыру үшін қабылдады» [7] деп түсіндірді.
Орталық Азия республикаларында ядролық қару жоқ болғандықтан, Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріне арналған ядролық қауіпсіздік жобасын жүзеге асыру ТАСИС бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты.
ЕО-ның Орталық Азияға арналған 2007–2013 жылдар аралығындағы стратегия жобасы талқыланды. Бұл құжат Еуроодақтың үстіміздегі жылдың маусым айында өтетін саммитінде мақұлданады деп күтілуде. Оның күн тəртібіне маңызды алты мəселе қойылған. Соның ішіндегі екінші мəселе ортақ қатерлер мен сынақтармен күрес болса, алтыншы мəселе қоршаған ортаны қорғауға бағытталған [8].
Сонымен қатар «Гендік-инженериялық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу туралы» заңының жобасы мен гендік-инженериялық өзгертілген ағзаларды мемлекеттік тіркеу қажеттілігі туралы құжатты əзірлеу көзделіп отыр.
Осыдан келіп, жергілікті жəне республикалық деңгейлерде табиғатты пайдалану бағдарламаларын əзірлеп, жүзеге асыру қажеттілігі туындап отыр. Экологиялық таза өнімді өндіру осы саладағы материалдық-техникалық қамсыздандыруға, ұйымдастырушы экономикалық іс- шаралардың жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Бұл іс-шараларға экологиялық сараптама жүргізіп, экологиялық тұрғыдан таза аймақтарды, яғни қорғалатын табиғи аумақтарды, анықтап, оларды тұрақтандыру жəне экономикалық мониторинг жүйесін құру жатады. Мониторинг мəліметтері арқылы табиғи ресурстар мен су қорының жағдайын, ластану түрі мен дəрежесін көрсететін өлшемдерді есепке ала отырып, жер ластануының дəрежесі мен түрі бойынша аймақтарды бөлу негізінде экологиялық таза өнім өндірістерінің орналасу орындарын негіздеуге болады. Шетелдік тəжірибелерге жүгіне отырып, елеулі нəтижелер беруге қабілетті өндірісті экологиялық түрде жүргізу, яғни шаруашылықтардың өзін-өзі экологиялық бақылауы мен табиғи қорды ұтымды пайдалануды реттейтін əкімшілік-құқықтық жəне экономикалық іс-шараларды біріктіретін жүйе құру, қажет.
Экологиялық таза өнімді өндіруде экономикалық əдістерге, яғни табиғатты қорғауға арналған инвестицияларды салықтан босату немесе оларға салықтық жеңілдіктер жасау; кəсіпорындардың таза табысы мен өзге де төлемдеріне салық салу; табиғатты қорғау объектілерінің құрылысына қайтарымсыз қарыздар, пайызсыз мақсатты несиелер, дотациялар беру, табиғатты тиімді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін немесе табиғатты қорғау туралы келісім-шарт міндеттемелерін орындамағаны үшін, табиғи ресурстардың жағдайы туралы ақпаратты дұрыс бермегені үшін айыппұл салу; табиғи ресурстарды, яғни атмосфералық ауаны, су көздерін, топырақты, өсімдіктерді ластағаны үшін төлемақы алу сияқты əдістерге жүгіну керек.
Сонымен қатар жерді пайдалану мен оны қорғауды қадағалайтын экологиялық құрылымдарды құруды сатылап жүргізген тиімді болып табылады. Бұл құрылымдар табиғи қорды сақтау саласында мемлекеттің өкілеттігін жүзеге асырып, қалпына келтірілетін табиғи ресурстардың сандық жəне сапалық тұрғыда ұдайы өндірісін қамтамасыз етуі, табиғи ресурстарды экономикалық тұрғыдан негізделген табиғатты пайдаланғаны үшін төлемақы алу жүйесін қалыптастыруы, экологиялық таза өнімді есепке алып, оны экономикалық тұрғыдан бағалауы, осы салаға инвестициялар тартып, кəсіпкерлерді қолдауы, табиғатты пайдалану саласындағы сақтандыру қызметін дамытуы, республикалық жəне жергілікті деңгейлерде қоршаған ортаны қорғау жəне табиғатты ұтымды пайдалану жөніндегі жұмыс жоспарларын əзірлеп, техногендік қалдықтарды пайдаланғаны үшін тұтыну көлемін қысқартуды қамтамасыз ету бағдарламалары мен жобаларға қолдау жасауы тиіс.
Бұдан бұрын айтылып өткендей, Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) Орталық Азиялық өңірде ерекше рөл атқарады, ол төменде аталған табиғатты қорғау бастамаларына едəуір қолдау көрсетіп отыр:
- Каспий экологиялық бағдарламасы;
- Арал теңізі жобасы;
- Батыс Тянь-Шаньның биологиялық əр түрлілігін сақтау жобасы;
- су ресурстары мен экологияны басқару;
- Орталық Азияның агробиологиялық əр алуандылығын сақтау (ЖЭҚ);
- өтпелі кезең нарығы елдерінің Монреаль Хаттамасының лицензиялау туралы сауда-саттық ережелеріне сəйкестігін қамтамасыз ету.
Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия (ОДМК) Өңірлік іс-шаралар жоспары (ӨІЖ) жəне ОА Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық іс-шаралар жоспары (ҚОҚӨƏЖ) бірігуі үшін ең лайықты ұйым болып табылады. ҚОҚӨƏЖ 2012 жылға дейін іске асырылуға тиісті қысқа мерзімді жəне ұзақ мерзімді бағдарламаларды қамтиды. ҚОҚӨƏЖ шеңберінде ҚОҚӨƏЖ əзірлеуге қатысатын жауапты тұлғалар мен ынтымақтас орталықтардың бағдарламаларды іске асыру механизмдері іске қосылады. ӨІЖ іске асыру үшін жауапкершілік сəйкес мандаттарға ие болып отырған өңірлік ұйымдарға жүктеледі. Əр түрлі негізгі топтардың ӨІЖ іске асыруға қатысуын ұлттық экология жəне экономика министрлері осы елдердегі іс-шаралар жоспары мониторингі барысында келісуіне болады.
ӨІЖ əзірлеу жəне бірлесіп іске асыруда азаматтық қоғамның ұйымдары ерекше маңызға ие болуда. ӨІЖ тиімді болуы үшін барлық қатысушыларға, атап айтқанда, топ мүшелерінің саны аз қатысушыларға өкілеттік берілуі тиіс. Бұл қатысушы тараптарға ақпараттану, шешім қабылдау жəне табиғатты қорғау саясаты мен орнықты даму саясатын іске асыру мəселелерінде теңдік алуға мүмкіндік береді.
2000 жылдың ақпан айында Тегеран қаласында болып өткен Азия жəне Тынық мұхиты елдері бойынша экономикалық жəне əлеуметтік комиссияның (АТМЭƏК) аймақтық экологиялық ынтымақтастық мəселелеріне арналған мəжілісінде бес республиканың экология министрлері Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық іс-шаралар жоспарының қажеттілігін растады. 2000 жылғы наурыз айында Орталық Азияның бес мемлекетінің аймақтық сарапшылары Шымбұлақта (Қазақстан) болып өткен жиылыста Орталық Азиялық өңірдің аймақтық басты экологиялық проблемаларын талқылап, бірқатар келісім қабылдады. 2000 жылдың маусым айында Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссияның Бурабайда (Қазақстан) болып өткен мəжілісінде ҚОҚӨƏЖ Концепциясы ұсынылды.
2000 жылдың тамыз айында БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) Бангкок қаласында ұлттық жəне аймақтық іс-шаралар жоспарын əзірлеу бойынша семинар өткізді. Семинарда жауапты тұлғалар мен ұлттық сарапшылар Орталық Азияға арналған іс-шаралар жоспарын əзірлеу принциптері туралы келісімге келді. Сонымен қатар 2000 жылғы тамыздың 31-інен қыркүйектің 5-іне дейін Китакюсю қаласында (Жапония) Азия жəне Тынық мұхит аймағы мемлекеттеріне арналған қоршаған орта жəне даму жөніндегі министрлер конференциясы болып өтті, ал Еуропадағы қоршаған орта бойынша алдын ала кездесу 2000 жылдың қазан айында Алматы қаласында (Қазақстан) өткізілді. Бұл форумдар Орталық Азиялық аймақтың министрлеріне ҚОҚӨƏЖ əзірлеу процесін қарастыру мүмкіндігін берді.
2001 жылғы шілде айына дейін осы аймақтағы елдер 2000 жылдың наурыз айында Шымбұлақта келісілген бес негізгі мəселені қамтитын Ұлттық іс-шаралар жоспарын əзірледі, ол мəселелер қатарына: ауаның ластануы, судың ластануы, қалдықтарды басқару, топырақтың жəне таулы аймақтардың тозуы жатады. ҚОҚҰƏЖ негізінде Ынтымақтастық орталықтары əр мəселе бойынша аймақтық шолуларды ұсынды. Ал 2001 жылдың шілде айында Душанбе қаласында (Тəжікстан) осы аталған мəселелердің əрқайсысы бойынша Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын талқылау жəне мақұлдау бойынша семинар болып өтті.
2001 жылдың тамыз айында аймақтағы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық іс-шаралар жоспары талқылауға ұсынылды. Бангкоктағы кездесуде ұлттық жауапты түлғалар мен ұлттық сарапшылар ҚОҚӨƏЖ бекітті. ҚОҚӨƏЖ іске асыру ресми түрде қыркүйек айында Алматы қаласында (Қазақстан) өткізілген кұрылтайшылар кеңесінде басталған болатын.
Экология жəне биоресурстар министрлігінің Гарвард халықаралық даму институтымен, Стратегиялық зерттеулер институтымен, Ф.Эберт атындағы қормен, Əлеуметтік ғылымдар академиясымен, БҰҰ Орталық Азиядағы Өкілдігімен жəне БҰҰ XXI ғасырға арналған Күн тəртібінің принциптері мен басымдықтарын ескере отырып, Орталық Азияның Қоршаған орта жəне орнықты даму жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын əзірлеуді бірлесе бастап, оны кеңейтіп отырған ұйымдармен серіктестігін тиімді ынтымақтастықтың мысалы ретінде келтіруге болады. Бұл серіктестік Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған Экологиялық Концепцияға енгізілетін тың идеялар мен көзқарастардың негізін салып, БҰҰ XXI ғасырға арналған Орталық Азиялық Күн тəртібін əзірлеу барысында стратегиялық басымдылыққа ие бағыттар мен тактикалық тұрғыдан тиімді іс-əрекеттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Өңірді орнықты дамыту мақсатындағы іс-шаралар жоспарының іске асырылуына екіжақты жəне көпжақты жобалар мен бағдарламалар да өз үлесін қосуда. Қазір жобалардың көбі жоспарлау немесе іске асыру кезеңінде тұр. Оларды жүзеге асыру барысында аймақтың жер жəне теңіз ресурстарына баса назар аударылуда. Қоршаған ортаның 2002 жылдағы жағдайы туралы (Азиялық Даму Банкі (АДБ) жəне ЭСКАТО мəліметтері бойынша) төмендегі тізім көрініс беріп тұр:
- метрополитеннің Экологиялық бағдарламасы (Дүниежүзілік банк);
- жаһандық экологиялық мəселелерді аймақтық зерттеу (АДБ);
- нарықтық құралдарды ілгері жылжыту (АДБ);
- Биологиялық əр алуандылықты сақтау жөніндегі аймақтық орталық (ЕС).
2003 жылғы 7–9 маусымда Алматыда өткен Еуропадағы Қауіпсіздік жəне ынтымақтастық жөніндегі ұйымының (ЕҚЫҰ) Парламенттік Ассамблеясының трансазиялық форумда Орталық- азиялық республикалар мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қатынасты дамыту жалғаса түсетіні де айтылып, стратегиялық бағыт-бағдарды одан əрі тереңдету қажеттілігі атап көрсетілді.
ЕҚЫҰ Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады. Каспий бойындағы бес мемлекеттің төртеуі осы ұйымның мүшелері болып табылады. Бұл тұрғыда Қазақстан
«Каспийдегі тұрақтылық туралы пактіге» қол қоюды ұсынды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның трансазиялық қызмет векторында техногендік апаттар мен күйреулерді болдырмау, эпидемиялардың таралу жолдарына қорғаныш тосқауылдарын түзу жөніндегі жұмыс келешекті бағыт болып көрінеді. Осылайша Орталық Азия ЕҚЫҰ-дың жаһандық қатерлер мен сынақтарға қарсы тұруында бір форпостқа айналар еді. Ал ЕҚЫҰ Орталық Азияда берік тұрақтылық мен ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосар еді.
Осы жылдың 10 сəуірде Ашғабат қаласында сыртқы істер министрлері деңгейінде «Еуропа Одағы — Орталық Азия үштігі» кездесуі болып өтті, оның жұмысына Сыртқы істер министрі Марат Тəжин бастаған қазақстандық делегация қатысты. Кездесудің күн тəртібі ЕО мен Орталық Азия арасындағы Жаңа серіктестік стратегиясын іске асыру, білім, құқық үстемдігі, сауда мен экономика, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ортақ қауіптер мен бірқатар халықаралық сипаттағы проблемаларға қарсы тұру салаларындағы өңірлік ынтымақтастық мəселелерін талқылау көзделген.
Қазақстандық тарап Стратегияны іске асыру жөніндегі қызметті жеке бағыттар бойынша жұмылдыруды ұсынбақ. Нақты жобаларды жүзеге асыруды талап ететін бірінші кезектегі салалар ретінде білім беру, көлік пен қоршаған ортаны қорғау салалары аталатын болды.
Стратегияның іс жүзінде жүзеге асырылуын жүйелендіру мақсатында ынтымақтастыққа жалпы алғанда білім саласында халықаралық тəжірибеге сай Қазақстанда өңірлік электрондық білім жүйесін енгізу ұсынылмақ.
Қазақстан сонымен қатар ықпал ету инструменттері, оқыту мүмкіндіктері мен өңір қажеттіліктерін еуропа мамандарын тарта отырып, кешенді зерттеу, бағалау қажет деп есептейді.
Біздің ел энергетика саласындағы халықаралық тасымалдау жобаларын, оның ішінде үкіметаралық деңгейдегі Еуропалық Одақтың ИНОГЕЙТ бағдарламасы, сол сияқты жүргізіліп отырған Энергетика Хартиясы шеңберіндегі жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты жалғастыра бермек.
Тасымалдау саласындағы ережелер мен бағаларды реттеуге мүмкіндік беретін болашағы бар халықаралық жобаларға да көңіл бөлінуде. Біздің ел үшін Еуропалық Одақ пен Орта Азия мемлекеттерімен экология саласындағы оның ішінде су ресурстарын қолдану мəселелеріндегі ынтымақтастықты жалғастыру — маңызды бағыттардың бірі.
Еуразия континентіндегі су ресурстарын сақтау жəне зерттеу, Орталық Азиядағы өңірлік экологиялық орталықты дамыту мəселелерін шешу мақсатында салынып жатқан Астана қаласындағы Еуразиялық су орталығы құрылысында экологиялық таза ресурс сақтау технологияларын стратегия құралдарын қолдана отырып енгізу ұсынылмақ.
Қазақстан жағы сонымен қатар заң үстемділігі жəне демократия мəселелерінде Еуропалық Одақпен ынтымақтыстықты жандандыра түседі.
Сауда-экономикалық саласында Орта Азия мемлекеттері интеграциясы механизмдерін қалыптастыру үшін олардың нарықтық кезеңге өтуі жəне бəсекелестік деңгейін көтеру үшін Еуропалық Одақ стратегиясын қолдануды ұсынбақ [9].
Сонымен қатар мемлекеттердің шаруашылық қызметінің барлық салаларында халықаралық деңгейдегі келісім-шарттар мен келісімдер жасау, республикалық заңдарды шығару жəне нормативтік-əдістемелік қамтамасыз ету қажеттілігі айқын. Қорытындылай келе, қазіргі кезеңдегі экологиялық саясаттың ең маңызды бағыты табиғатты пайдалану жəне қоршаған ортаны қорғау үрдістерін реттеудің жаңа құқықтық жəне экономикалық механизмдерін қалыптастыруға бағытталған институционалдық өзгерістер болып табылатынын атап өту қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Бораш Қ. Туыстық туы, немесе Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдасу мүмкіндігі туралы бірер сөз // Егемен Қазақстан. — 2006. — 2 наур. — 63-б.
- Экологическое состояние окружающей природной среды Республики Казахстан и меры по ее улучшению: Гос. докл. —Алматы, 1996. — С. 18.
- Васильев Н.Г. Охрана природы с основами экологии. — М.: Экология, 1993. — С.
- 3оны, свободные от ядерного оружия. (Вопросы и ответы). — Алматы, 1997. — С.
- Арыстанбекова А.Х. ООН и проблема разоружения // Казахстан-Спектр. — 1999. — № 4 (10). — С.
- Орталық Азия Республикалары басшыларының Алматы декларациясы. 1997 жыл // Егемен Қазақстан. — — 28 ақп.
- Бао И. Китай: Стратегические интересы в Центральной Азии и сотрудничество со странами региона // Центральная Азия и Кавказ. — 2001. — № 5(17). — С.
- Самат М. ЕуроОдақ үштігі — Орталық Азия: ықпалдастық жолындағы қарымды қадамдар // Егемен Қазақстан. — 2007. — 6 сəуір.
- Еуропа Одағы — Орталық Азия үштігі // http://portal.mfa.kz/portal/page/ portal/mfa/kz/content /News/nws2008/2008–04–10