Методология көне грек сөзінен аударғанда «методос», «зерттеу жолдары,» «таным тəсілдері», ал «логос» ілім деген мағына береді, яғни ол ғылыми зерттеу жолдары, таным тəсілдері туралы ілім болып шығады. Ғылымда методологияның «тарихи таным теориясы» деген интерпретациясы да кездеседі. Қазіргі кезеңде методологияның анықтамасын беруде ресейлік тарихшылар белсенділік танытуда. Мəселен, В.В.Журавлев: «... тарихи зерттеу методологиясы — бұл тарихи білімді дүниеге келтіру жəне олардың принциптерін реттеу. Методология бұл тұста ғалымның қарамағындағы малай немесе құлдық ұруды талап ететін патша емес. Яғни методологияны «не істесем де өзім білемін» деген принципті ұстанып, оны біржақты дəріптеуге немесе елеусіз қалдыруға болмайды. Нағыз тарихшы ең алдымен өмір бойы методологиялық жағынан жетіледі. Ол ғылымда жинақталған методологиялық қазынамен бірге өседі, ал соңғысы ғалымның күш-қайратының арқасында молаяды», — деп жазды [1]. Сонымен, тарих ғылымының методологиясы теориялық, дүниетанымдық ережелердің жүйесі, ол нақты шындықты танудың тəсілдері ретінде ғылыми талдау жасау талаптарынан пайда болады. Басқаша айтқанда, тарих ғылымының методологиясы — ғылыми зерттеу жұмысында танымдық принциптер, идеялар ретінде пайдаланылатын белгілі бір дүниетанымдық теориялық ережелердің жүйесі. Методология — белгілі бір мəселені зерттеудің ғылыми əдістемелері. Тарих ғылымындағы зерттеу тəсілдері мен жолдары, яғни методология, математикадағыдай дайын формула емес, ол өзін теориялық жағынан жетілдіруді жəне үздіксіз ізденістер арқылы қалыптастырып, дамытуды талап етеді.
Методологияға сүйеніп, зерттеуші іс-тəжірибелік қызметінде əдістер кешенімен жұмыс істейді. Осыған байланысты ғылыми əдістер құрылымын былайша көрсетуге болады:
1) танымның мазмұнын сипаттайтын дүниетанымдық ережелер мен теориялық принциптер; 2) зерттелуге тиіс мəселенің ерекшеліктеріне сəйкес əдістемелік қолданыстар;
2) ғылыми зерттеуді дəйектейтін, оның барысы мен нəтижелерін көрсетуде қолданылатын тəсілдер. Осылайша, əдіс зерттеудің теориясының, əдістемесінің жəне техникасының өзара байланысын іске асырады.
Методология əдістен де кең, ол əдістердің ілімі ретінде білімнің үш деңгейінен құралады: философиялық, ғылыми-теориялық жəне эмпирикалық.
Біздің ғылыми мақала жазудағы басты мақсатымыз — тарихнаманың зерттеу əдістерін көрсету жəне олардың əрқайсысына сипаттама беру. Мұндағы ойымыз — жас тарихнамашыларға тарихнамалық зерттеу дайындауда ғылымның теориялық-методологиялық ұстанымдары бойынша бағыт-бағдар көрсету.
Методологияның аса бір маңызды міндеттері — тарихнама ғылымының əдістерінің табиғатын, пайдаланылуын жəне ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсатқа қол жеткізу əдістің жалпы мазмұнын, соның ішінде ғылымның əдісі ретінде түсіну арқылы мүмкін болады.
Əдістің ғылыми зерттеу үшін маңызы өте зор. Оның үстіне тарихнамалық процестің күрделілігі көптеген зерттеу тəсілдерін қолдануды талап етеді. Тарих ғылымында əдістің құндылығы сол, ол методологияны жетілдіру жəне байыту мақсатында қажетті материал бере алады.
Əдіс адамның танымдық қызметіндегі жəне тəжірибеде белгілі бір нəтижелерге қол жеткізудің тəсілдері, құралы ретінде баршаға таныс. Орыс зерттеушісі Е.М.Жуков: «Əдіс ғылымға бағыт беріп қана қоймайды, сонымен қатар қарастырылуға тиіс процестер мен құбылыстарды шырғалаңнан шығарудың дұрыс жолын көрсетеді», — деп толықтырған [2]. Осы тұрғыдан алғанда əдіс ғалымға тақырыпты зерттеуде бағыт беріп, оның танымдық қызметін рационалдандырып, тиімділігін қамтамасыз етеді əрі өзіне дейінгі зерттеушілердің жинақтаған фактілері мен мəліметтерін жүйелеуге, бағалауға жағдай жасайды. Сондықтан да əдіс өткен уақыттардағы ғылыми жұмыстың тəжірибесінен орын алып, болашақтағы зерттеудің шешуші факторы ретінде шынайы білімді қалыптастырудың тəсіліне айналады.
Айта кетерлік жайт, ғылыми əдебиеттерде əдіс өздігінен жасампаздық рөл атқара алмайды, ол тек шығармашылық қабілеттің дамуына жағдай жасайды деген пікір де кездеседі. Шындығында да тарихнамада əдіс өзінен-өзі зерттелуге тиіс материалға қосымшасыз білімге айнала алмайды, ал егер оны шеберлікпен таңдап, пайдалана білсе, тарихи білімді алдыға жылжытады. Осындай мағынада əдістің шығармашылық рөлі туралы айтуға болады. Тарихнамада əдістер тарих ғылымын дамыту үшін жаңа білімді алу мақсатында пайдаланылады.
Əдіс эвристикалы. Ол өз бойында объективтілік пен субъективтілікті сақтайды. Осы орайда орыс зерттеуші П.В.Копнин: «Танылған заңдылықтар əдістің объективті қырын құрайды, ал соның негізінде пайда болған зерттеудің тəсілдері мен құбылыстардың өзгеруі субъективті өмір сүреді», — деп санайды [3]. Əдістер жетіліп, өзгеріп, басқаларға орын беріп, анағұрлым прогрессивті əрі рационалды бола түседі. Əдіс методология арқылы теориямен астасып жатады, өйткені теория ғылыми əдістің дамуынсыз өмір сүре алмайды. Себебі əдіс теориялық білімге негізделген сайын күшее түседі. Сондай-ақ əдіс пен теорияның бөлінуі алғашқысының бұрмалануына, соңғысының мазмұнынан айырылуына əкеледі.
Осылайша теория мен əдістің диалектикалық өзара байланысының нəтижесінде олардың арасында бір-бірімен сабақтастықтағы толысу процесі жүреді. Мұның өзі тарихнаманың тəжірибесін түсіну үшін қажет.
Əдіс жəне оның сипаты зерттеу объектісіне қатысты айқындалады. Ол зерттелуге тиіс объектінің ерекшеліктерімен байланысып қана қоймайды, екі түрлі фактор арқылы оның мəні терең ашылады. Олар зерттеушілердің алдыңғы ұрпағының материалдар жинақтауы жəне талдануы, шынайылыққа жетудегі əлеуметтік принциптің рөлі.
Тарихнамадағы əдістің ерекшелігі мен атқаратын рөлін айқындау үшін жалпы ғылымдағы əдістің анықтамасын, ғылыми танымның түсінігін, сонымен қатар тарих ғылымын дамытудың жинақталған тəжірибесін білу қажет.
Тарихнамадағы зерттеу, яғни ғылыми əдістер — бұл тарихнамашының танымдық қызметіндегі тарихи білімнің шынайылығына жетудегі саналы тəсілдер мен жолдар. Əдіс — тарихи заңдылықтарды оның нақты көріністері тарихи фактлер, фактлерден жаңа білімді шығару жолдарын зерттеудің тəсілі [4]. Əдістер тарихнамашының қызметін рационалдандырып, ғылыми зерттеуде пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді. Сөйтіп тарихнамашының ғылыми ізденістерінің методологиялық бағыты айқындала түседі.
«Методология» — əдістен де кең ұғым. Методология мен əдістің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Объектінің оны тану, тақырыптың зерттелу деңгейіне байланысты зерттеу əдістері əр түрлі болып келеді: теориялық, эмпирикалық, жалпы, дара, салыстырмалы, қосалқы, көркемсуретті жəне т.б. Методология осы жəне басқа əдістердің жалпылама, əр түрлі болулары туралы ғана ілім болып табылмайды. Ғылыми жұмысты жүргізудің əдіс-тəсілдерінің көмегі арқылы анықталатын əдістің функциялары жəне оларды пайдалану методология үшін жеткіліксіз, өйткені олардың құрамынан ғылыми ақиқаттың жалпылама жетістігін қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық элементтер орын алмаған. Сонымен қатар əдістің өз бетінше əрекет етуі де относителді, себебі ол зерттеу жүргізілмесе, қолданылмайды.
Əдістің функциялары туралы келтірілген пікірлер мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: біріншіден, методология бүкіл танымдық процеске бағыт беруші «əдіс» ұғымынан əлдеқайда кең əрі ауқымды, өйткені ол дүниетанымның жалпы құбылыстарын бейнелейді, əдістің ғылыми қолданысын қамтамасыз етеді жəне ғылыми танымның барлық жүйесінде байланыстырушы рөл атқарады. Екіншіден, ғылымда да дүниетанымдық рөл атқарады.
Методология мен əдісті теңестіру əдіснаманы гносеология позициясына түсіріп, таным теориясындағы онтологиялық, аксиологиялық аспектлерді əлсіретеді.
Тарих ғылымы методологиясының мəнін ашуға бағытталған осындай жалпы бағыт əдіс пен əдіснаманың субординациялық өзара қарым-қатынасын ашуға мүмкіндік береді. Осы турасында ғалымдар арасында «егер методология танымдағы басты жол болса, əдістер осы жолмен қалай жүруді анықтап береді жəне методология талдаудың құралы, бірақ ол сол талдауды алмастырмайды» деген қағида қалыптасқан.
Дегенмен айтылған пайымдаулар тарихнама үшін жеткіліксіз. Методология əдістерді талдау жəне сыныптау, сондай-ақ олардың арасынан тиімділерін таңдап алу мүмкіндігіне ие. Оларды тарихнамалық тəжірибеде пайдалануда тарихнамалық талдаудың объектісі, зерттеудің мақсат- міндеттері жəне т.б. тəрізді бірқатар шарттары орын алған. Методологияда таным əдістері зерттеу тəсілдері ретінде трансформацияланады, берік теориялық негізге айналады деген де пікірлер кездеседі.
Методологиялық талдаудың тағы бір артықшылығы, ол теориялық негізде таңдап алынған əдістерді біріктіре алады, ақиқат жолындағы қызметінің соңғы нəтижесіне қол жеткізеді.
Осылайша, методология мен əдістер қай жағынан алып қарасаңыз да синонимдер бола алмайды. Методология мен əдістерді теңестіру ұмтылыстарына қарсы шыға отырып, олардың өзара байланысының, генетикалық түптамырын жəне ғылыми танымның шынайылығын қамтамасыз ету мақсатының, тарих ғылымын дамытудағы заңдылықтарының ортақ екендігін баса айтқан жөн. Осы орайда əдістер методологияның жекелеген аспектілерін іске асырады деп санауға болады. Бұдан өзге əдіс ғылыми таным методологиясын жетілдіріп, байытуда орасан зор мəлімет береді. Алайда методологияның біртұтас жүйесінде əдістер өзіндік негіздемесі, орны арқылы дамып, жетіледі. Тарихнамада қазіргі кезеңде əдістер жүйесі қолданылады. Тарих ғылымының тарихындағы əдістер гуманитарлық пəндердегі ғылыми-зерттеу тəсілдеріне ұқсайды. Осыған орай оларды мынадай етіп жіктеуге болады: тарихнаманың ерекшеліктері мен міндеттері ескерілген барлық гуманитарлық немесе қоғамдық ғылымдарға ортақ əдістер; тарихнамалық танымның өзіне тəн əдістер; басқа да, соның ішінде аралас ғылымдардан алынған, яғни пəнаралық əдістер.
Айта кетерлік жайт, жалпы ғылыми əдістерді тарихнамада нақты пайдалану оның терминдер аппаратын толықтыратын дəйекті дерек болуына мүмкіндік береді. Зерттеу əдістері тəжірибеде «таза» күйінде қолданылмайды, олар бір-бірімен қосылып, тарихнамалық еңбек дайындауда əр түрлі əдістердің қоспасы ретінде көрініс табады.
Ғылымда тиімді əдістерді пайдалану мынадай факторларға байланысты болады: ғылымның даму деңгейі, зерттеушінің біліктілігі, оның əлеуметтік позициясы, дəстүрлер жəне т.б. тарихнамадағы тарихи салыстырулардың, теңеулердің, параллельдердің жəне т.б. маңызы зор. Осындай «қасиеттерді» салыстырмалы-тарихи əдіс өз бойына жинаған. Бұл əдіс басқалардың арасында алдыңғы орынды иеленеді, себебі тарихилықтағы əмбебап потенцияны біріктіреді, тарих ғылымының болашағын болжауға қолайлы жағдай тудырады.
Тарихнамада осы əдіс өзінің мақсат-міндеттерінен шыға отырып, белгілі бір тарихи жағдайда пайда болып, əр түрлі даму сатыларында түбегейлі өзгеріп отырған, əрекет еткен тарихнамалық фактлерді оқып-үйренуге мүмкіндік береді. Бұл əдіс тарихнамада сонымен қатар жекелеген тарихи сатыларда қалыптасып, тарихи білімнің жаңа міндеттері мен шарттарына қарамастан, қайталанатын құбылыстардың алғы шарттарын, себептерін айқындауда аса қажет. Қайталанатын тарихнамалық фактілердің себептерін ашуда тарихнамашы салыстыратын құбылыстың ең алғашқы интерпретациясына назар аударуы тиіс. Аталмыш əдіс генетикалық туыстастықтағы, бірақ шығу тегі жағынан бір-бірімен байланыспаған, дегенмен біртұтас тарихнамалық ахуалға əрекет еткен фактілерді салыстыруда жиі қолданылады. Ескеретін жайт, салыстыратын құбылыстардың ортақ белгілері болуы тиіс. Оның үстіне тəжірибеде салыстырмалы тарихи əдісті пайдалану тарихнамашыны тарихты бұрмалау мен жаңсақ етуден сақтандырады.
Салыстырмалы-тарихи əдіс — тарих ғылымында жинақталған терең білімді айқын көрсетуге, ғылымның дамуы заңдылықтарын анықтауға, пікір өрісінің тарлығынан босауға, тарих ғылымын ары қарай дамытуға жағдай жасайтын тарихнамадағы қолайлы əдістердің бірі. Салыстырмалы-тарихи əдіс тарихнамада нақты талдауды жоққа шығармайды, керісінше, оны қолдануды қажет етеді [5, 21]. Нақты талдауға теориялық жəне нақты-тарихи мəселелерді бір-бірімен өзара байланыста зерттеуде ғана қол жеткізуге болады. Нақтылы ғылым дамуындағы белгілі бір оқиғалардың себептерін, қарастырылатын мəселелердің кеңдігін, бұрын-соңды ашылмаған жаңа тақырыптардың пайда болуын, соны идеялар, қорытындылар, пікірлер қалыптастырудың т.б. шарттарын іздеп табуды білдіреді.
Салыстыру тарихнама үшін аса қажет, өйткені осы əдіс арқылы бұрын белгісіз болып, зерттелмей келген тарихнамалық факт ғылыми айналымға енген, тарихнамашының тиісті бағасына ие болған деректер өзара салыстырылады. Салыстырмалы-тарихи əдіс ғылыми əдебиетттерге енген қате пайымдаулардың, бірнеше рет қайталанған кемшіліктердің себептерін анықтауда, сондай-ақ оларды болашақта болдырмаудың алдын алуда елеулі рөл атқарады.
Айта кетерлік жайт, білімнің белгілі бір мөлшері жинақталғанда əрі зерттеу құбылыстары санқырлы болғанда ғана салыстыруды жүргізген жөн. Астын сызып айтылуға тиіс тұжырым, салыстырудың ғылыми құндылығы салыстырылатын тарихнамалық фактілерді терең түсінуге байланысты арта түседі.
Осылайша, салыстырмалы-тарихи əдіс тарихнамаға тарих ғылымында жинақталған білімнің тереңдігін ашып көрсетуге, даму заңдылықтарын нақты айқындауға, пайымдауларды таразылауға, тарихтың тарихын дамытудың бағыттарын көре білуге жағдай жасайды.
Аталмыш ғылыми əдіс тарихнамада нақты талдау тəсілін қолдануға жол ашады. Нақты талдауға теориялық жəне нақты-тарихи зерттеудің өзара тоғысуларының негізінде қол жеткізіледі, себебі мəселенің тарихы мен теориясы бір-бірімен тығыз байланыстағы, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын ғылыми таным тұстары болып табылады.
Тарихнамадағы нақты-талдау тарихнамалық құбылыстарды олардың пайда болуы мен өзара ықпал ету шарттарын ескеріп, теориялық фактілік материалдарды жəне көп түрлі элементтердің бірлігі ретінде зерттеу дегенді білдіреді.
Нақтыландыру — ғылымды дамытудағы белгілі себептерді айқындауға, тақырыпты кеңейтуге бұрын зерттелмеген тақырыптарды шығаруға, жаңа идеяларды, пайымдауларды, қорытындыларды қалыптастыруға қажетті алғы шарттарды іздеу. Көп түрліліктің бірлігі осылайша пайда болады. Осылайша нақты талдауды тарихнама ғылымын дамытудың маңызды əдістерінің бірі, оның «жаны» деп санауға болады.
Тарихнама өзінің зерттеу арсеналында логикалық талдау əдісіне ие. Логикалық əдісте тарихнамалық талдаудың үлкен мүмкіндіктері шоғырланған. Ол — тарихнамалық фактнің өзіне тəн белгілерін, ерекшеліктерін, оның көпқабатты құрылымын, өзге де тарихнамалық құбылыстар мен арақатынастарын ашуға қолайлы əдіс. Осы əдіс арқылы басты тарихнамалық факт анықталады. Аталмыш əдісті пайдалану білімнің жинақталу процесінің қиындықтарын айналып өтпей, керісінше, тарих ғылымын объективті түрде зерттеу деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. Тарихнамада логикалық талдауды бірнеше деңгейлерде жүргізуге болады. Оның алғашқысында тарих ғылымындағы жекелеген құбылыстар мен оқиғалар талданады. Осы деңгейде негізінен формалды логика қолданылады. Келесі, екінші, деңгей белгілі бір тарихи кезең немесе саты шеңберіндегі тарих ғылымының дамуын талдауды қамтиды. Осы жерде ғылым дамуындағы жалпылама, əр түрлілік, ерекшелік анықталады. Үшінші деңгейде диалектикалық логиканың көмегімен талдаудан синтезге, тарихи білімді дамытудың жинақталған тəжірибесінен теориялық қорытындылауға өту жүреді.
Синтездік таным толыққанды талдау бола алмайды. Логикалық талдау жəне оның жоғарғы деңгейі диалектикалық синтез тарихи ойдың, күрделі, əр түрлі ойлау операцияларының, басты элементтері мен сатыларының қорытындысы болып табылады. Осылардың нəтижесінде тарихи ойдың жəне оның маңызды элементтері мен сатыларының мəні танылады [6]. Сонымен қатар талдау мен синтездің заңды өзара əрекеті, олардың үйлесуі логикалық талдау əдісін тиімді пайдаланудың шарты болып табылады. Тарих ғылымында əр қырынан жинақталған білімнің негізінде ғылыми ойдың дамуының жалпы жəне біртұтас бейнесін жасауға мүмкіндік беріп, оның ілгерілеуінің заңдылықтарын айқындайды. Сондай-ақ талдау мен синтездің диалектикалық өзара əрекеті, олардың үйлесімі логикалық əдісті қолданудың тиімді шарты жəне тарих ғылымында жинақталған білімнің көптүрлілігінің негізінде ғылыми ойды дамытуға мүмкіндік береді.
Логикалық позитивизм де тарихнамада кеңінен қолданылады. Ол тарихнамалық фактлерді олардың өзара байланысының процесі позициясынан зерттеуге қолайлы жағдай жасайды. Мұнда жекелеген сатылар мен кезеңдер тарихнамалық білімді тереңдету жəне жинақтаудың объективті заңдылықтарын ашу мақсатында салыстырылады. Бұл əдісте тарихнама үшін хронологиялық баяндаудың аса маңызды функциясы орын алған. Аталған əдіс арқылы ғылыми ойдың, яғни тұжырымдамалардың, көзқарастардың, идеялардың хронологиялық сабақтастықтағы қозғалысы қарастырылады. Нəтижесінде генетикалық бір-бірімен байланыстағы жəне қайталанатын тарихнамалық фактілердің тізбесі пайда болады. Осы тізбені құрайтын фактілерді таңдауды зерттеу тақырыбының құзырына беріледі. Ал оларды хронологиялық ретке қою ғалымды уақыт өткен сайын бір жағынан, əр түрлі сипаттағы құбылыстарды ескеруге мəжбүр етеді. Зерттеудің мерзімдемелік əдісі кейде тарихнамалық талдау жасауға қолайсыз болады. Мұндай жағдайда тарихнамашы мерзімдемелік əдістің бір түрі болып табылатын проблемалық-мерзімдемелік əдісті ұстанады [7]. Проблемалық-мерзімдемелік əдіс ауқымды кең тақырыпты бірнеше ықшам проблемаларға бөлу арқылы зерттеуде ұтымды. Əрбір шағын мəселе тарихнамалық фактлерді бірінен соң бірін мерзімдемелік кезекке қою арқылы қарастырылады.
Қазіргі кезеңде республикадағы тарихшы зерттеушілер көбіне осы əдісті пайдаланады. Бұл, бір жағынан, мəселенің əр түрлі кезеңдерде қойылымын көрсетсе, екінші жағынан — тақырыпты терең зерттеуге ықпал етеді. Тарихнамалық деректерді осындай бөліністе зерттеудің артықшылығы, сондай-ақ осалдығы бар. Тиімді тұсы сол, жекелеген тарихнамалық фактілердің əрекетін терең меңгеруге, түсінуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай бағыт тарих ғылымының тарихының даму заңдылықтарын мен қозғалысын анықтауда жеткіліксіз əрі салдары жағымсыз болып келеді.
Қазіргі тарихнамалық тəжірибеде хронологиялық жəне проблемалық хронологиялық əдістер бірін-бірі толықтыра, тұтаса келіп, жиі қолданылады.
Тарихшылар мен тарихнамашылардың үнемі пайдаланатын əдістерінің бірі — мерзімдемелік əдіс. Бір тарихи кезеңнен екінші кезеңді ажырата білу мерзімдеменің теориялық негізі болып табылады. Мұндай бағыт тарихтың заңдылықтарын зерделеуге бағытталған.
Мерзімдемелік əдіс тарихнамалық фактлерді олардың өзара байланысы процесіндегі позиция тұрғысында жекелеген сатылар мен кезеңдер тарихнамалық білімді жинақтаудың жəне тереңдетудің объективті заңдылықтарын айқындау мақсатында теңестіріліп зерттеуге жағдай жасайды [5; 22]. Тарихи процестегі мерзімдемелік əдіс — бір-бірінен тарихи заңдылықтардың, тенденциялардың түрлері, əдістері арқылы, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастарының деңгейі бойынша дəуірлерді, кезеңдерді, сатыларды айқындауда қайталанбайтын тəсіл. Мұның өзі тарихтағы ең басты бағыт. Адамзат тарихын, соның ішінде қазақ тарихын дəуірлерге бөлмей қарастыру мүмкін емес. Себебі əрбір тарихи дəуірдің өзіндік ерекшеліктері, даму заңдылықтары, өзіне тəн белгілері т.б. бар. Тарихты дəуірлемей зерттеу оны бұрмалауға, қате, жаңсақ тұжырымдар жасауға жол ашады. Кеңестік тарихнамада дəуірлеудің формациялық теориясы үстем етсе, қазіргі отандық тарих ғылымында өркениеттік тұжырымдамалар қалыптасқан. Қазақ тарихы осы ұстанымдарға сəйкес ежелгі дəуір, орта ғасырлар, жаңа заман, қазіргі заман деген дəуірлерге бөлінген. Дəуір замандарға, заман кезеңдерге, кезең сатыларға бөлінеді. Дегенмен ғылымда дəуірлеу мəселесінде əлі де шешімін таба алмай отырған проблемалар да кездеседі. Ондай мəселелерді қазақстандық тарихшы-ғалымдар көтеріп, өз пайымдауларын көрсетуде.
Тарихнамада да осындай көрсетілген жаһандық факторлар əрекет етеді. Алайда оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ғылым саласында кезеңдер мен сатыларға бөлу əрбір жаңа тарихнамалық уақыт кесіндісіндегі ғылыми ойдың дамуындағы шешуші бағытты, белгілі бір кезең ішіндегі соны құбылыстарды, оларды алмастырған тың процестерді айқындау мақсатында қолданылады [8; 62].
Мерзімдемелікті зерттеу əдісі ретінде пайдалану, оның ғылымилығы ең алдымен мерзімдеменің критерийлерін таңдап алумен байланысты. Тарихнамада, тарих ғылымында тəрізді критерийлер болып қоғам өміріндегі фактор жəне солармен байланыстағы тарихи білімнің дамуындағы объективті, субъективті элементтер саналады. Сондай-ақ осы ереже мына төмендегілер арқылы нақтыландырылады: тарихнамадағы мерзімдемеліктің критерийі тарих ғылымын дамытудағы сапалы өзгерістер, тарихи шығармашылықтың əдістері мен сипатының трасформациясы, оның ұйымдастыру түрі. Хронологиялық шеңбер түрінде белгіленген мерзімдемелік əдісті пайдалану тарихи ғылыми білімнің қалыптасуы мен дамуы процесіне терең үңілуге мүмкіндік береді.
Тарихнамадағы субъективті фактор ғылымның жағдайын тікелей сипаттап береді. Зерттелуге тиіс мəселелер ауқымының кеңеюі, ғылыми мекемелер қызметінің сипаты мен міндеттері, тың деректерді ғылыми айналымға түсіру т.б. Объективті жəне субъективті факторлардың ғылымға ықпал етуі тікелей əрі тура болмайды, себебі көп жағдайда гуманитарлық ғылымдар саяси сананы бейнелейді.
Мерзімдемеліктің нақтыландырылған ғылыми критерийлері кездейсоқ таңдалған мерзімге негізделген субъективті пайымдаулардың дүниеге келуіне тосқауыл бола алады. Мынадай мəселеге ерекше назар аударған жөн, жекелеген кезеңдер мен сатылардағы хронологиялық шек тарихи білімнің барлық салалары үшін жарамды бола бермейді. Оның үстіне кезеңдерде жəне сатыларда көрсетілген критерий түрлі жағынан көрінеді. Жалпы мерзімдеме тарихнама ғылымының басты бағытын көрсетеді. Сонымен қатар тарихнамада оның жекелеген кездерде бұра тартатын тұстары болады, өйткені мерзімдеме тарихи құбылыстарға қатысты математикалық формула емес.
Тарихнаманың методологиялық негіздерін толықтыратын мəселенің бірі — тарихнамалық мерзімдеме қалыптастыру. Мұны жоғарыда айтқан мерзімдемелік əдіспен шатастыруға болмайды. Кез келген мəселенің зерттелу деңгейін анықтау тарихнамалық кезеңдерге бөлуді талап етеді. Мерзімдеме əр кезеңдегі тарихи еңбектердің жариялануына, ерекшеліктеріне байланысты жасалады. Тарихнамалық деректерді, тарихи еңбектерді т.б. кезеңдерге бөліп талдау зерттеудің тереңдігі мен құндылығына əсерін тигізеді.
Тарихнама үшін ғылымды дамытуда ретроспективті талдау айтарлықтай маңызға ие болады. Ретроспективті əдістің мəні тарихи оқиғаларды зерттеуде зерттеушінің ой-пікірлер қозғалысы процесінің қазіргі кезеңнен өткенге қарай жүруін зерттеу. Қазіргі кезде сақталған көне тарихтың элементтерін оқып-үйрену, солардың негізінде тарихтағы оқиғалар мен құбылыстарды қайта жаңғырту ретроспективті əдістің басты функциясы болып саналады [8, 41]. Бір уақытта бұл əдіс кейінгі тарихи тəжірибеде зерттеулердегі қорытындыларды тексеруде тиімді. Ретроспективті əдістің методологиялық негізі — өткеннің, қазіргінің жəне болашақтың бірлігі туралы ұстаным.
Тарихнамадағы ретроспекция қазіргі кезеңдегі білімді оның өткен уақыттардағы жағдайын оқып-үйреуге пайдалануда елеулі нəтижелерге қол жеткізеді. Мұнда тарихты біртұтас заңды процесс ретіндегі ұғымға жетелейтін адамзат жинақтаған тəжірибе үлкен рөл атқарады. Əрбір жаңа саты өзінің алдындағы кезеңнің элементтерін бойында сақтайды.
Тарихнамадағы ретроспекция бірнеше деңгейде іске асырылады. Солардың алғашқысы бұл — аталмыш ғылымдағы қазіргі заманғы теориялық жəне методологиялық ережелерді ғылыми ойдың қалыптасуы мен дамуы процесін, оның прогрессивтілігін немесе регрессивтілігін, сондай-ақ тарихнамалық қорытындыларды, тұжырымдарды алу жолдарын айқындауда пайдалану. Екіншісі — тарихнамалық деректанудың жетістіктерін тарихнама бойынша дайындалатын жұмыстардың деректік негіздерін талдауда пайдалану. Үшіншісі — қазіргі заманғы тарихнаманың себеп- салдарларының байланысын өткен кезеңдерде оның дамуындағы ұқсас құбылыстарды талдау үшін пайдалану. Осы деңгей өткен мен қазіргінің өзара байланысы мен өзара тəуелділігінің арасында ерекше көрініс табатын күмəн келтірмейтін фактсіне негізделеді. Отандық тарихнама ғылымын жан- жақты дамытқан сайын ретроспекцияны пайдаланудың жаңа деңгейлері ашылуы мүмкін.
Тарихнамадағы ретроспективті талдауды қолдану қазіргі кезеңдегі ғылым дамуының жетістіктері болып саналатын бағаны өткенге көшіру дегенді білдірмейді. Сонымен қатар кешегі уақыттағы еңбектерге қойылған талаптарды бүгінгі күнге таңу қисынсыз. Тарихнаманың мəніне тəжірибеде өзектіліктің келеңсіз түсінігіне алып келетін ғылыми тəсілі қайшы. Ғылымның белгілі бір сатыларындағы дамуын, сондай-ақ жекелеген авторлардың жетістіктерін, кемшіліктері мен қателіктерін, соған сəйкес кезеңнің ерекшеліктерінен шыға отырып айқындауға болады. Өйткені кез келген кезеңдегі саяси, əлеуметтік, т.б. ахуал ғылым дамуына ықпал етеді. Ретроспекцияны қолданған, тарих ғылымының қазіргі заманғы жетістіктерін пайдаланған тарихнамашының алдыңғы кезеңінен тарихи болып қалыптасып үлгермеген идеяларды іздеуі қисынсыз əрекет. Ғылыми ойды дамытудағы еңбектердің маңызы олардың дүниеге келген уақыты, ғылымның жағдайы, оның болашақ прогреске ықпалы арқылы бағаланады. Əрбір ғылыми еңбек өз дəуірінің туындысы, сондықтан да оның ұтымды тұстарымен бірге əлсіз жақтары болады. Сол себепті өткен уақыттардағы шығармаларға қазіргі заман тұрғысынан баға беруде осындай методологиялық принципті ескерген жөн.
Тарихнамада өзектілік əдісін пайдаланған тиімді. Өзектілік ғылыми білімнің құндылықтарын қазіргі жəне болашақ уақыт үшін айқындау дегенді білдіреді [9]. Тəжірибеде өзектілік əдісін қолдану тарихи білімнің ғылымды дамытудағы маңызын анықтауда мол мүмкіндіктер тудырады. Сонымен қатар өзектілік əдісі тарих ғылымының болашақта дамуы үшін ғылыми болжамдар жасауға, басты тенденцияларды айқындау жəне олардың өткеннен қазіргіге қарай өзгеруін көрсетуге жол ашады. Бір уақытта ол тарихнамашының келешек қызметіне тарих сабақтарының негізінде тəжірибелік ұсыныстар жасауға мүмкіндік беріп, тарихтағы «ақтаңдақтарды» жоюға септеседі.
Айта кетерлік жайт, тарихнамадағы өзектілік тек қазіргі кезеңдегі проблемаларды зерттеу дегенді білдірмейді. Əрине, қазіргі заманның мəселелерін қарастыру аса қажет, дегенмен бүгінгі күннің зəру тақырыптарын талдау ғылымды тың тұжырымдармен байытады.
Тарихнама перспективтілік əдісін де қолдана алады. Бұл əдісті пайдаланудың қажеттілігі өзінің бойына өткен мен қазіргіні жинақтаған тарих ғылымынің мəніне тікелей қатысты. Тарих ғылымының болашағын болжау оның өткені мен қазіргі уақыттағы дамуы, ғылымның қозғалыс заңдарын тану туралы шынайы тұжырым жасай алуымен байланысты. Перспективті бағыттарды, тақырыптарды, проблемаларды анықтау, зерттеу жұмысының өткен тарихи сатылардағы ізденіс деңгейіне байланысты. Өткен кезеңдердегі тарих ғылымының заңды дамуы туралы білім қазіргі уақытқа дұрыс бағыт алудың жəне болашақты болжаудың алғы шарттары болып саналады. Тарихнамадағы перспективтілік ғылым дамуының алдыңғы сатыларындағы тарихи білімді талдауымен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттегі саяси билікке, идеологияға, қоғам дамуындағы сұраныстарға да тығыз байланысты болады.
Тарихнамалық талдауда жүйелілік əдісі де қолданылады. Осы əдістің жəне оның мүмкіндіктерінің негізінде тарихнамалық дамудың жалпы көрінісінен бір немесе бірнеше арнайы тақырыптар мен проблемалардың зерттелу жағдайын көруге, олардың өзара байланыстарының басты элементтерін анықтауға болады. Бұдан өзге анағұрлым дамыған тарихнамалық білімнің құрылымын, оның алғашқы сатыларын тануға жағдай жасайды.
Тарихнама басқа да ғылымдардан түрлі əдістерді, сондай-ақ аралас əдістерді пайдаланады. Мұндай əдістерді пайдалану зерттеу тəжірибесінде аса маңызды, өйткені ғылымның интеграциялану процесі бір ғылымның екінші бір ғылымнан зерттеу əдістерін алудан көрінеді. Мəселен, тарихнама ғылымы математика, əлеуметтану, тарихи демография ғылымдары кеңінен қолданатын статистикалық əдісті кітап, журнал жылнамаларын жəне өзге де мерзімді басылым материалдарын талдауда пайдаланады.
Жоғарыда көрсетілген əдістер тарихнамада қолданылатын ғылыми-таным тəсілдерінің барлығын қамтымайды, алайда олар бірігіп, тарихнамалық шығармашылықтың мықты іргетасын қалай алады. Дегенмен түрлі тарихнамалық мəселелерді тиімді түрде талдауда ғылыми əдістердің өзге, жаңа түрлерін пайдалануға болады. Десек те белгілі бір əдісті таңдап алу кездейсоқ əрі мақсатсыз сипатқа ие болмайды. Ғылыми əдісті таңдау тақырыпқа жəне зерттеудің өзіндік ерекшеліктеріне, сондай-ақ методологиялық принциптеріне байланысты жүреді.
Осылайша ғылыми тəжірибеде қолданылатын тарихнамалық зерттеу əдістеріне тоқталып, олардың маңызын ашып көрсеттік. Жоғарыда аталып, талдау жасалған əдістердің көпшілігі тарихнамалық шығармашылықта пайдаланылады. Тарихнамашы-зерттеушілердің көпшілігі көрсетілген əдістердің тек кейбіреулерін ғана ұстанса, енді біреулері үш, төрт əдісті пайдаланумен шектеледі. Алайда ғылыми тəжірибеге сүйеніп айтатын болсақ, тарихнамалық əдістер неғұрлым барынша тиімді əрі орынды қолданылса, соғұрлым зерттеу ғылыми жəне нəтижелері құнды, тұжырымдары салмақты бола түседі. Сондықтан жас зерттеушілер тарихнамалық жұмыстың бастауында методологиялық əдістерді дұрыс таңдаулары тиіс. Методологиялық əдістері ғылыми талаптарға сəйкес дайындалған зерттеулерді нағыз тарихнамалық еңбектер деп бағалауға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Журавлев В.В. Методология исторической науки. Вчера. Сегодня. Завтра // Кентавр. — 1995. — № 6. — С.
- Жуков Е.М. Очерки методологии истории. — М., 1989. — С.
- Копнин П.В. Гносеологические и логические основы науки. — М.,1997. — 509 с.
- Коршунов А.М., Петров Ю.В. Методологические проблемы исторического познания. — М.: Высш. шк., 1981. — С.
- Маслов Н.Н. Основные проблемы методологии истории КПСС. — М.,
- Дьяков В.А. Методология истории в прошлом и настоящем. — М.: Мысль, 1974. — С.
- Косолапов В.В. Методология и логика исторического исследования. — Киев: Вища шк., 1977. — С.
- Зевелев А.И. Историографические иссследования, методологические аспекты. — М.: Высш. шк.,
- Спирин Л.М. Теория, методология и методика исследований по истории КПСС. — М.: Москов. рабочий, —С. 64,65.