Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстан Республикасындағы 1995–2007 жж. президенттік билік кезеңі

Қазақстан либералдық сипаттағы саяси жүйеге Кеңес Одағы толық күйремей жатып-ақ бетбұрыс жасай бастады. Ескі саяси жүйені демонтаждау, демократиялық саяси жүйеге қарай түбегейлі бетбұрыс жасау шаралары 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациядан бастауын алды. Декларацияда Қазақстанда алғаш рет билік тармақтарын заң шығарушы, атқарушы жəне сот тармақтарына бөлу қарастырылды. Президентке  Республика басшысы ретінде ең жоғарғы əкімшілік-атқару билігі жүктелді. Осы құжаттан бастап Қазақстанда шешуші мемлекеттік тұлға Президент болды деп есептеуге болды. Сонымен қатар биліктің негізгі тірегі Қазақстан халқы екендігі жəне биліктің негізгі органдары халық атынан қызмет ететіндігі атап көрсетілді. Биліктің халық алдында толық жауаптылығы белгіленді [1].

1990 жылы Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау жəне Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сəйкес Қазақстанда президенттік институтының іргесі қаланды.

Қазақстан Конституциясы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Басшысы алты жыл мерзімге сайланатын Қазақ КСР-нің Президенті болып табылады деп жария етті. Мемлекет басшысы республика аумағында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, Қазақ КСР-нің Конституциясы мен заңдарын сақтаудың кепілі болып табылды, республиканың егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдады, Қазақстан атынан ел ішінде жəне халықаралық қатынастарда, сондай-ақ КСРО Федерация Кеңесінде өкілдік етті. Президент сайлауы Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Заңының негізінде жүзеге асырылды. 1990 жылғы 24 сəуірде республика Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың сайлауымен байланысты мемлекет тарихында маңызды іс жүзеге асты.

Мемлекет басшысы жоғары қызметке сайланысымен, реформаланып отырған КСРО шеңберінде Қазақстанның саяси жəне экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған белсенді қадамдарды қолға алды жəне сонымен бірге халықтар арасында қалыптасқан əлеуметтік-экономикалық жəне тарихи байланыстардың ыдырауына жол бермеу жолында ерік-жігер мен табандылық танытты.

1991 жылғы 16 қазанда Мемлекет басшысы Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды. Нақ осы күзде Қазақстан Магниткасының металлургтері Н.Ə.Назарбаевты елдегі тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда президенттікке кандидат етіп ұсынды [2, 7].

1991 жылғы 1 желтоқсанда сайлау нəтижелері қорытындыланғаннан кейін Н.Ə.Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 98 % астамының қолдауын алып, бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президент болды.

Мемлекет басшысының алғашқы аса маңызды іс-қимылының бірі оның бастамашылығымен əзірленген «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасын əлемге жария еткен Заңға 1991 жылғы 10 желтоқсанда қол қойылуы болып табылады. Елдің жаңа мемлекеттілігін құру Қазақстан тəуелсіздігі мен егемендігін жаңа нышандарын əзірлеп, қабылдауды да талап етті. Осынау жаңа мемлекеттің нышандарға ие болу тарихи факті Мемлекет           басшысы             «Қазақстан                   Республикасының          Мемлекеттік            Туы                 туралы»,             «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік əнұранының музыкалық редакциясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойған 1992 жылғы 4 маусымда жүзеге асты  [2, 9].

Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992) атты хрестоматиялық кітабында [2, 10] көрсетілген президенттік басқару нысаны тəн мемлекет құрылысы, заң шығару жəне сот билігін реформалау, экономика мен əлеуметтік саланы түбегейлі реформалау үшін нормативтік база жасау жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыру мақсатты түрде əрі жоспарлы жүзеге асырылды.

Елде  құқықтық  реформаны  жүзеге  асыру  мен  жаңа  заңдар  базасын  жасау  1993  жылғы    28 қаңтарда өтпелі кезеңдегі Қазақстан Конституциясын қабылдаумен сипатталды.

Қазақстанның өкілді жəне атқарушы органдарын реформалау, орталық мемлекеттік жəне жергілікті органдар өкілеттіктерін бөлу — осының куəсі. 1993 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті əкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Алайда бұл да, əлемнің тез өзгеріп жатқан жағдайларында, жеткіліксіз болып шықты. 1994 жылғы 7 наурызда сайланған Қазақстанның тұңғыш кəсіби парламенті жедел даму үстіндегі ахуалға барабар оңтайласуға дайын бола алмады. Елдің Конституциялық сотының 1995 жылғы 10 наурыздағы шешімімен заңсыз деп танылды.

Əлемдік саясаттағы Қазақстанның жаңа орнын анықтау шараларын басқарушы ең жоғарғы əкімшілік-атқарушы билігі бар Президент басқара бастады. Экономикалық нарықтық қатынастарға бетбұрыс жасауын, меншік түрлерінің əр-алуандыққа ие болуын, саяси плюрализмнің қалыптасуын, елдің демократиялық модернизацияға түсуі сияқты өзекті міндеттерді шешу саясатын да Президент тікелей жүргізе бастады. Сонымен, ғасырлар алмасар тұста жаңа Қазақстанның жаңа əлемдегі орнын анықтауда, елді əлемдік өркениет үрдістеріне қосу істеріне Президент басшылық жасады. Президенттің қоғам, мемлекет, халық жəне адам тағдырына жауапкершілігінің артуы  құбылысы саяси өмірге келді. Постсоциалистік жəне посттоталитарлық кезеңдегі дағдарыстық үрдістерді ауыздықтау міндетін шешу барысында ел халқының алдында президенттік биліктің зəрулігі дəлелденіп, оның абыройының артуы көрінді. Президенттік билік арқылы Қазақстан халқы өз тағдырын өзі шешетін саяси-əлеуметтік қауымдастыққа айнала бастады. 1990-шы жылы ел халқының 41 % құрап, 6,8 миллион адамға жеткен қазақ ұлты өзінің төл мемлекеттілігін жасау мүмкіндігіне ие болды [3]. Қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып, сондай-ақ қоғамның жіктелуіне жол бермеуге Президенттен шаралар қолдануын талап еткен ел тұрғындарының күллі əлеуметтік топтарының пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысы уақыт талабына орай референдум өткізуге шешім қабылдады.

1995 жылғы 29 сəуірде өткізілген референдум қорытындысында Қазақстан Республикасы Президенті өкілеттігінің мерзімін ұзартуды жақтап сайлаушылардың 95,46 % дауыс берді жəне Н.Ə.Назарбаевтың реформашыл жолын бүкіл халық болып қолдады. Осы кезеңде Президент қызметі əдеттегіден əлдеқайда қауырт та ауқымды еді. Парламент тараған кезде Мемлекет басшысы жауапкершілік жүгін батыл түрде өзі қолға алып, жаңа əрі жеткілікті нормативтік-құқықтық база жасау жолымен экономиканы жандандыруға бағытталған 511 жарлық шығарды, оның 132-сінің заң күші бар еді. Дəл осы уақытта реформаны жалғастыру үшін өмірлік қажеттіліктен туындаған «Жер туралы», «Мұнай туралы», «Ұлттық банк туралы», «Акциздер туралы», «Банкроттық туралы» жəне басқа заңдар қабылданды. Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы сайлау    туралы», «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті жəне оның    депутаттарының    мəртебесі    туралы»,    «Қазақстан    Республикасының    Үкіметі  туралы»,

«Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының соттары жəне   судьялардың   мəртебесі   туралы»,   «Қазақстан   Республикасының   прокуратурасы  туралы»,

«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» жəне мемлекеттік құрылыс мəселелеріне арналған көптеген басқа да актілері жарық көрді.

Реформаларды жалғастыру жəне тереңдету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен жəне тікелей қатысуымен əзірленген елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі Республикалық референдумның маңызы аса зор болды.

Жаңа Конституцияны қабылдауды білдірген 1995 жылғы 30 тамыздағы Референдумның қорытындылары (сайлаушылардың 89 % жақтап дауыс берген) таңдаған жолдың дұрыстығын дəлелдеп берді.

Президенттің Қазақстан Республикасының егемендігін жариялауымен бірге аумақтық тұтастықты сақтау мен елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің неғұрлым өткір мəселелері де шешімін тапты.

Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстан Президентінің жанкешті күресі Қазақстанның қауіпсіздігіне Ресей, АҚШ жəне Ұлыбритания тарапынан кепілдіктер алу туралы Будапешт меморандумына (1994) қол қойылумен тұжырымдалды. Мұндай кепілдіктер Франция мен Қытай Халық Республикасынан да алынды.

Қазақстанның əлемдік аренаға ұмтылуы, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының белсенді сыртқы саяси қызметіне байланысты.

Ватиканда Қазақстан жетекшісі Н.Ə.Назарбаев пен римдік-католиктік шіркеудің басшысы папа Иоанн Павел II-нің екі рет кездесуі болды.

Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары — 102 рет, 320-дан астам — үкіметтік жəне парламенттік делегация, сондай-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ЕК, БҰҰДБ, ДСҰ, ХААҰ, ЭЫҰ тəрізді басқа да дүнежүзілік халықаралық институттардың мүшелері сапармен болды [2; 14, 15].

Қазақстан Президенті Н.Ə.Назарбаевтың қатысуымен ЮНЕСКО жəне НАТО-СЕАП-тың мерейтойлары, БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы мəжілісі, ЕҚЫҰ-ның Хельсинкидегі, Лиссабондағы, Будапешттегі жəне Стамбулдағы тарихи кеңестері, Екінші Дүнежүзілік соғыстың аяқталғанына 50 жыл толуына арналып Парижде, Лондон мен Мəскеуде тойланған мерекелер тəрізді халықаралық ұйымдардың ірі іс-шаралары өтті.

Мемлекет басшысының ЕҚЫҰ-ның Хельсинкидегі кеңесінде күн тəртібіне қойылған Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы идеяларын іске асырылды.

Əлемдік саясатта Қазақстан жария етіп, жүргізіп отырған көпвекторлы жол өзінің елеулі нəтижелерін беруде. Бұл тұрғыда Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық жəне демократиялық серіктестік, Жапониямен стратегиялық серіктестік туралы келісімдерге, «ШЫҰ»  жобасы шеңберіндегі шекараның ұзына бойында сенім шаралары туралы келісімге, Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Украинамен достық туралы шарттарға қол қою айрықша орын алады. Қазақстан Республикасының ҚХР-мен шекарасын межелеу, Ресеймен, Өзбекстанмен жəне Қырғызстанмен шекараны белгілеу туралы мəселені шешу жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Əзірленген ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Қазақстанның əскери доктринасы — бірінші кезекте тату-тəтті көршілік қатынастарды дамытуға, халықаралық проблемаларды өркениетті шешуге, қару-жарақпен сес көрсету жəне күш қолдану көзқарасынан бастартуға бағытталған бейбітшілік сүйгіш жолдың жарқын куəсі.

Мемлекет басшысының сыртқы саяси қызметі Қазақстанның əлем мемлекеттерімен сыртқы экономикалық байланыстарын дамыту мəселелерін шешумен тығыз сабақтасып жатыр.

Экономикалық ынтымақтастық туралы шарттарға іс жүзінде Шығыс жəне Батыс Еуропаның барлық мемлекеттерімен, арабтық Шығыс елдерімен, Үнді Қытаймен, Корей түбегімен, Түркиямен, Иранмен жəне Пəкістанмен қол қойылды. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберінде көрсетілген елдермен ынтымақтастық табысты жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Германия арасындағы белсенді əрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық дамуда, Балтық жəне Қара теңіз жағалауы елдерімен байланыс жолға қойылды.

Қазақстанда іргелі əлемдік компаниялардың пайда болуы — Мемлекет басшысының елге шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі табанды қызметінің нəтижесі. Қазақстан жетекшісінің Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына белсенді қатысуы да осыған бағытталған.

Н.Ə.Назарбаевтың шет елдерге сапарлары барысында Қазақстанда құрылған жеткілікті нормативтік-құқықтық база негізінде өзара тиімді ынтымақтастық жобаларына назарлары ауған əлемдік бизнес-элитаның өкілдерімен көптеген кездесулер өткізілді.

Қазақстанда Алматы Инвестициялық саммиті жəне Кəсіпкерлер форумы өткізілді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі — соның айғағы.

Мемлекет басшысының 1996 жылғы Жарлығымен Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды, ал 1997 жылғы ақпанда Қазақстан Президенті «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңға қол қойды.

Инвестициялық қызметтің өрістеуі Қазақстан экономикасын жандандырды. Ахуалды дамытуда Мемлекет басшысы арнайы нормативтік-құқықтық актілерді шығару жолымен шағын жəне орта кəсіпкерлікті ынталандыруға, əйелдерді бизнеске тартуға бағытталған шаралар қабылдады.

Елдегі кəсіпкерлікті дамытуға Мемлекет басшысының «Шағын кəсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдауды күшейту жəне оны жандандыру жөніндегі шаралар туралы», «Кəсіпкерлік қызмет бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді іске асыру жөніндегі қосымша шаралар туралы»,

«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасында шағын кəсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» жарлықтары серпін берді.

Мемлекеттік басқару органдарын оңтайландыру елдің күш-қуат құрылымдарын — Ішкі істер министрлігін, ҰҚК-ін, тергеу, алдын ала тексеру жүргізу жəне сот органдарын,  тəуелсіз Қазақстанның армиясын реформалауға ықпал етті.

Республикада құрылған нормативтік-құқықтық база адамдардың санасын өзгертуге ықпал етті, əрі қоғамды жаңа болмысты қабылдауға меншіктің барлық түрлерін мойындауға негізделген, мемлекеттің араласуынан еркін нарықтық экономикаға бұруға мүмкіндік туғызды.

Соңғы кезеңде елімізде оның саяси өмірінде үлкен өзгерістер болуда. Қазақстан Республикасы қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесінде дамудың жаңа бір кезеңіне аяқ басуда. Бұл қоғамдық өмірді демократияландырудың заңдық қажеттілігі болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті халыққа жолдауында Парламенттің өкілеттігін кеңейту туралы жəне басқа да органдардың қоғамдағы рөлін арттыру, саяси партиялар туралы мынандай ой айтылған.

Біріншіден, Парламенттің өкілеттігін кеңейту.

Парламенттің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджетті бекіту мен атқарылуын бақылау мəселелеріндегі өкілеттіктері ұлғайтылады. Парламенттің Үкіметті жасақтаудағы рөлі күшейтіледі.

Екіншіден, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар қабылданатыны айтылған. Партиялық фракциялардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылды.

Елбасы мəжілісті сайлау кезіндегі партиялық тізімді кеңейту туралы мəселені де қарастыруды атап өтті [4]. Бұл Президенттің көреген саясатының нəтижесі болып табылады.  Қазіргі Конституцияда жəне Президенттің мəртебесін реттейтін арнайы конституциялық заңда мынандай өкілеттіктер көрсетілген, Қазақстан Республикасының Президенті жалпы мынандай құқықтық мəртебеге ие.

Республика Президенті:

  • Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылық құрамын қызметке тағайындайды жəне қызметтен босатады.
  • Республиканың демократиялық институттарына, оның тəуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі жəне тікелей қатер төнген əрі мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер- Министрмен жəне Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқаннан кейін, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында жəне оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады.
  • Республикаға қарсы агрессия жасалған, не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген ретте Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде əскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды.
  • Парламент Палаталарының бірлескен отырысының қарауына Республика Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы ұсыныс енгізеді.
  • Өзіне бағынышты Республика Президентінің Күзет қызметін жəне республикалық Ұланды жасақтайды.
  • Қазақстан Республикасының əскери доктринасын бекітеді.
  • Республика азаматтарын мерзімді əскери қызметке шақыру жəне мерзімді əскери қызметтің қызметшілерін запасқа шығару туралы шешім қабылдайды.
  • Парламент Сенатының келісімімен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасын қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады [5].

Парламент мəжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін мəжілістің қарауына Республика Премьер-министрінің кандидатурасын енгізеді. Парламент мəжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-министрін қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады. Премьер-министрдің ұсынуымен Республика үкіметінің құрылымын айқындайды. Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады жəне қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды. Сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, əділет министрлерін қызметке тағайындайды. Үкімет мүшелерін қызметтен босатады. Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды. Ерекше маңызды мəселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді. Үкіметке заң жобасын парламент мəжілісіне енгізуді тапсырады, Республика Үкіметі мен Премьер-министрінің, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана əкімдері актілерінің күшін жояды, не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.

Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын жəне Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы қызметке тағайындайды, оларды қызметтен босатады.

Республика Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады жəне қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды жəне қызметтен босатады.

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын жəне екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің Төрағасы жəне екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Қауіпсіздік Кеңесі жəне өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғарғы Сот Кеңесін құрады», — деп көрсетілген [6]. Қазақстан Республикасы Президентінің сонымен қатар нақты келесі өкілеттіктері бар.

Бұл қысқаша Президенттің соңғы кездегі Конституцияға жəне оның мəртебесін айқындайтын арнайы Конституциялық заңдарға кірген өзгерістеріне қарайтын болсақ, оны еліміздің Президентінің өзінің өкілеттігін саналы түрде демократияның жартысы болып тұратын Парламентке беруімен түсіндіруге болады.

Президент Н.Ə.Назарбаев 2007 жылы 16 мамырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның даму жолын саралап, Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы баяндап берді. Елбасының Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі — еркін демократиялық қоғамды жедел дамыту» ұсынысы қолдау тапты.

Конституциялық реформаның басты жаңалықтары не дегенде айтарымыз: Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі парламентаризм күшейтіледі. Басқаша айтқанда, Президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көштік.

Билік жүйесін демократияландыруда қатысты нақты өзгерістер мыналар:

  • Президенттік өкілеттік мерзімі жеті жылдан бес жылға қысқартылады. Бұл талап 2012 жылдан соң өмірге енбекші;
  • Парламент депутаттарының жалпы саны 38-ге ұлғайды, 154-ті құрайды. Атап айтқанда, Мəжіліс депутаттарының саны 30-ға көбейіп, 107-ге, 98 депутат пропорционалды жүйе бойынша сайланып, қалған 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясында сайланды;
  • Сенат депутаттарының саны президенттік квота есебінен 7-ден 15-ке көбейді;
  • Парламент Сенатының қызмет ауқымы кеңеймек. Яғни оған Мəжілістің уақытша болмайтын кезеңінде (мəселен, өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатқанында) Парламенттің заң шығару міндетін орындау жүктеліп отыр. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағалығына үміткер таңдауда алдымен Сенаттың келісімін алу қажет;
  • Мəжіліс депутаттарын сайлауда елімізде пропорционалды сайлау жүйесі енгізілді. Бұл саяси партиялардың рөлі артуына себепші болады;
  • қоғамдық ұйымдарды мемлекеттен қаржыландыруға тыйым салу туралы конституциялық шектеу алынып тасталды;
  • Ата Заңға өзгеріс енгізу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қала тұрғындарының үштен екісінің қолдауын алу қажет.

Конституцияға енгізілген өзгеріс бойынша Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевқа елдің алғашқы Президенті ретінде республика басшылығына ешқандай шектеусіз қатарынан сайлауға түсу құқы берілді. Қабылданған түзетулер бойынша президенттікке кандидатқа Қазақстанда соңғы 15 жылда тұруы туралы талап қойылды. Президенттік мерзім шектелуінің алынып тасталған себебі, біздіңше, Н.Ə.Назарбаевтың  алғашқы  Президент  ретіндегі  қоғам,   Отан   алдындағы  еңбегіне   байланысты.

Жалпы алғанда Қазақстанда экономикалық жағдайдың тұрақталуы жəне біржолата нарықтық экономикаға көшу биліктің қатаң президенттік басқару түрінен Президенттік-парламенттік Республикаға көшуге жағдай жасады.

Қолға алынған конституциялық реформаның ең маңызды бетбұрысы — Қазақстанның Президенттік басқару жүйесінен Президенттік-парламенттік басқару жүйесіне ауысуы екенін айттық. Бұл демократияландыру саласындағы сөзсіз үлкен жаңалық. Енді Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқарады. Партиялық фракциялардың жұмысы күшейтіледі. Парламентте Премьер-министрлікке кімді ұсынатынын фракциялар өз ішінде талқылап, Премьер-министрдің кандидатурасы фракциялар тарапынан ұсынылатын болады. Орталық сайлау комиссиясы, Конституциялық Кеңес, Есеп комитеті құрамдарын анықтау Парламентке беріледі [7]. Бұл жəне басқа өзгерістер, біздіңше, авторитарлы демократия белгілерін артқа тастайтын шынайы демократияға қарай жасалған ең үлкен қадам болып табылады.

Қоғамдық қатынастардың жаңаруына, ел алдындағы міндеттердің өзгеруіне сəйкес президенттік билік өзін- өзі үнемі жаңартып отыруға тырысты. Дағдарыс жылдарында биліксіздікті ауыздықтау мақсатында вертикалды президенттік билік күшейтілді. Ал қоғамдық өмірдің демократия- ландыруының тереңдету қажеттілігі туғанда 2007 жылы мамыр айында Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сəйкес Президенттік билік Президенттік-парламенттік билікке ауыса бастады. Елбасы ұсынысымен заң шығарушы билік тармағы — парламенттің, заңдарды орындауды қамтамасыз ететін — сот билігі тармағының күшеюі байқалады. Елдегі билік бөлінісінің құқықтық, демократиялық қоғамға бастайтындығын саяси тəжірибе дəлелдейді. Мұның өзін Елбасының реформаторлық қасиеттері мен білікті саясаткерлігінің нəтижесі деп бағалауға болады. Қазақстан қоғамы демократияның принциптері мен қағидаларын баянды ете отыра, Президент басшылығымен дамыған мемлекеттер қатарында көрінетініне сенім күшті [8].

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация. Қазақ ССР Жоғарғы Советі 1990 жылғы қазанның 25-де қабылданған // Қазақ əдебиеті. — 1990. — 2 қараша. — 1-б.
  2. Қасымбеков М. Қазақстан Республикасындағы президенттік институтының қалыптасуы. — Астана: Елорда,
  3. Ғали Ə. Қолтығы кең қазақ жұрты // Ана тілі. — 1994. — 12 мамыр. — 4-б.
  4. Жаңа əлемдегі жаңа Қазақстан: Қазақстан Республикасы Президентінің халқына жолдауы. — Алматы: Жеті жарғы, 2007. — 16-б.
  5. Қазақстан Республикасының Президенті туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы. 2007 жылдың 1 тамызына дейінгі өзгертулер мен толықтырулар енгізілген ресми мəтін. — Алматы: Жеті жарғы, 2007. — 6,7-б.
  6. Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы: Юрист, 1995. — 13–15-б.
  7. Назарбаев Н.Ə. Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. — 2007. — 18 мамыр. — 2-б.
  8. Борбасов С.М. Президенттік биліктің тиімділігі // Егемен Қазақстан. — 2009. — 15 сəуір. — 3-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.