Қазақстанның тəуелсіз ел болуы оның күрделі тарихи дамуы кезеңдеріндегі елеулі оқиғалар мен фактілерге жаңаша баға беру қажеттілігін туғызды. Қазақ халқы өз тəуелсіздігін алғаннан кейін дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Осы кезеңде тарихи танымға жаңаша қарап, тарихтың «ақтаңдақ беттері» зерттеле басталды. Əкімшіл-əміршіл жүйе жағдайында қалыптасқан тарих ғылымы көп жағдайда ақиқатты бұрмалап, бір жақты етіп көрсетіп, соның салдарынан ұшқары пікірлеуге құрылған теориялық қорытындылырдың өмірге келуіне себепші болды. Бүгінгі күнде мəселенің жаңаша қойылуы тарихи шындықты дұрыс танып-білуге апаратын жолды іздеуді жəне сан алуан тың деректерді кең көлемде тауып, ғылыми айналымға енгізуді қажет етеді.
ХХ ғасырдағы коммунистік биліктің өмірге əкелген əміршіл-əкімшілік жүйесі қазақ халқының салт-санасын сан соқпаққа бұрып, жан дүниесін лайлап, білген əрекетін істеп баққанын жақсы білеміз. Кеңестік билік адамның еркін ойлауына, жаттанды қасаң идеологиядан тыс əрекет етуіне қатаң тыйым салды. Ол кезде «бұрын Қазақстанда қала, отырықшылық, мəдениет, мектеп, сауаттылық болмаған барлық жақсылық кеңестік құрылыстың жемісі» деген жаттанды тезиске адамдардың барлығы дерлік сеніп келген еді. Кеңес үкіметі жылдарында үстем еткен тоталитарлық жүйе мен коммунистік идеология еліміздің тарихын саналы түрде бұрмалап, оның мағынасын ақтаңдақтарға толы етіп, халқымыздың көптеген көрнекті тұлғаларының қоғамдағы орнын тарих бетінен өшіру саясатын жүргізіп келді. Сол кезде тоталитарлық биліктің ырқына көнбей, ғылымға бар ғұмырын арнап, «1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының тек 2 пайызы ғана сауатты болған» деген жалған кеңестік ғылыми тұжырымға батыл қарсы шығып, қазақ халқының тарихын еуропацентристік көзқарас тұрғысынан зерттелуіне қарсы пікір білдірген Қазақ ғылым академиясының корреспондент мүшесі əрі тұңғыш құрылтайшысы болған ғұлама ғалым-профессор Ақжан Машанов еді.
Ақжан Жақсыбекұлы Машанов 1906 жылы Семей облысы, Қарқаралы оязы, Берікқара болысында Жамантайдың Қарақуысы деп аталатын жерде дүниеге келді. Ақжанның атасы Машан өзінің заманында елге ықпалды, билігі əділ би болған адам. Машан би 1824 жылы Қарқаралы сыртқы округы ашылған кезде аға сұлтан болған, Бөкейханның немересі ел арасында Жамантай хан аталып кеткен Тұрсын Шыңғысовтың кеңесші биі болған. Атақты ел аузындағы Ақжолтай Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді сияқты адамдармен замандас, сыйлас болды. Қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің көркем шығармасы «Қаһарда» Машан биді «Масан» деп көрсетіп, ел қамын жеген, халқының болашағын ойлаған білікті ел басы етіп суреттеп, шығармасына арқау еткен. Қарқаралы дуанының игі жақсылары аға сұлтандар Құспек пен Жамантайға дейін беделді би Машанды ілтипатпен Машекем деп ұрпағына үлгі-өнеге етіп қадір тұтқан. Машан би дүние салғанын естігенде сол Жамантай төренің «Машан, Машандай ұл туғанша қашан», — деп күңіренгені де, үзеңгілесін еске алған кездерде де осы сөзін əркез жиі қайталағандығынан болар, бүгінде ол ел аузындағы қанатты нақылға айналып кеткен [1; 214].
Ақжанның əкесі Жақсыбек те заманында көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. 60-қа тарта күй шертетін домбырашы адам болған. Күйлерді бір кісідей шебер орындайтын əке өнері, егер қуса, ұлына да қонар ма еді. Кейін «Əл-Фараби жəне музыка» кітабында сол домбыраның қоңыр үні баба қағидасын тереңдеп түйіндеуге жол сілтегендей еді. Ақжан Машанов шығармаларындағы жиі ұшырасатын қазақтың қара өлеңі жолдарындағы образдық құдірет таңдандырмай қалмайтын. Бұл əкесінің жиен ағасы ақынжанды Нөгербектің ықпалы болатын. Нөгербек тəлімінің Ақжанның фарабитанушы болып қалыптасуына ықпалы тиген. Құнанбай мен Машан би жарастығы Шəкəрім- Нөгербек сыйластығымен жалғасқан-ды. Олар ең кем дегенде жылына бір рет Қоянды жəрмеңкесінде кездесетін. Осындай бір сəтте тай мініп, базар барған бала Ақжан Шəкəрімді көрген [2; 116].
Ақжан Абай мен Шəкəрім өлеңдерін Нөгербек ауызынан талай естіген. Нөгербек Қарқаралы қаласына жақын жерде салынған (кейін Ахмет Байтұрсынов ұстаздығын бастаған) Ақтерек мектеп интернатында Əлихан Бөкейхановпен бірге оқыған. Кейін Əлихандай білім қуып кете алмаса да көкірегі ояу, зерделі адам Нөгербектің Шəкəріммен дос жарандығы, Ақжан өскен ауылда Абай өлеңдерімен қатар Шəкəрім өлеңдерінің де тез тарауына себепкер болды. Абай өлеңдерінің əрбір жолындағы адамдық қағидалар Ақжан бойындағы азаматтық істі өркендетер өзекке айналып, сол кезден бастау алса керек. Ауыл мектебінің молдаларынан оқыған Ақжан 1924 жылы бір кезде Əлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев білім алған, Ахмет Байтұрсынов ұстаздық еткен бұрынғы қазақ-орыс мектебі, қазіргі педагогикалық техникумға оқуға түседі. Бұл педагогикалық техникумның негізін қазақ демократиялық ұлттық интеллигенциясы өкілдерінің бірі Əлімхан Ермеков қалаған. Осындай ұлы ұстаздардың жүріп өткен жері Ақжан Машановтың дүниетанымына, болашақ азамат ретінде қалыптасуына үлкен əсер етті. Ең соңында өзі де Алаш ардагерлерінің жолын жалғастыратын ізбасар болып қалыптасты [3].
Ақжан Машановтың өмір сүрген уақыты мен ғылымға арнаған ғұмыры Кеңес өкіметінің салтанат құрып тұрған кезеңімен сəйкес келді. Кеңес елінде 20-шы жылдардың ортасында əбден күшіне мінген қатал əміршіл-əкімшілік жүйе 30–40-шы жəне 50-ші жылдардың бас кезінде өзінің шарықтау шыңына жетті. Адамның бас бостандығын тұншықтыру, оның құқығын есепке алмау, адамдарды өндіріс құралдарынан алыстату, мемлекетті басқару билігіне ықпал жасау саясатын қалыптастыру сияқты теріс құбылыстар оған толық дəрежеде тəн еді. Даңғаза саяси айдар тағуды пайдаланған əр түрлі ұрандардың көлеңкесінде заңдылық бұзылып, өкімет билігі теріс қолданылып жатты. Қалыптасқан дəстүр бойынша партия органдарының басшылық ролі олардың қоғам өмірінің барлық жақтарына тікелей, таза əміршіл-əкімшілік араласуы деп түсінілді. Мемлекеттік органдардың құзырына жататын мəселелерді шеше отырып, Коммунистік партия халық шаруашылығының əлеуметтік-мəдени міндеттерін орындауға мемлекеттік жəне қоғамдық ұйымдарды барынша тартқанымен, осы арқылы оларды дербестігінен айырды.
Кеңес қоғамы дамуының соғыстан кейінгі жоспарлары демократияға қарсы, тоталитарлық сталиндік социализмнің үлесіне жарап жатты. Бірақ қоғамдық өмірде бейбіт көңіл-күйдің қалыптасуына байланысты белгілі дəрежедегі құндылықтар қайта бағаланды. Адамдардың санасында əлеуметтік бағдарламаларға, демократияға бет бұру қажеттігін түсіну барған сайын айқын пісіп жетіле бастады. Қоғам мен партия-мемлекеттік басшылықтың əкімшіл-əміршілік бұйрық беру тəсілінің арасындағы өсе түскен қарама-қайшылықтары байқала бастады. Алайда қоғамдық сананың барлық дəрежесіндегі əлеуметтік жəне рухани жаңғырудың кешенді бағдарламаларына көшуге сірескен тоталитарлық қоғамдық-саяси құрылым кедергі жасады.
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев 1999 жылы жарыққа шыққан «Тарих толқынында» еңбегіндегі тоталитарлық тəртіп пен ұлттық ұғымдар мəселесіне байланысты тарауда тоталитарлық қоғамға байланысты өз ойын былайша тұжырымдаған: «Ұлттық сипаттың барлық көріністері үшін тоталитаризм апатты болды. Жүздеген жəне мыңдаған жылдар бойындағы ұлттық тарих өрескел озбырлыққа душар болды. Небір кемеңгер билікшілері мен не бір ғажайып өнерпаздары бар қазақ даласының нақты тарихы бүкіл дүниені түп-түгел қайта құрудың жаңа доктринасы шеңберінде еш құқы жоқ қайдағы бір «жабайы тағылық» ретінде қайта жазылды. Ұлттық сананы қорлап, жер қылған осы содырлы нұсқадан біз əлі арыла алмай келеміз. Тоталитаризм ұлттық тарихтың қалың-қалың қабаттарына кереметтей бір зұлымдық əдісті қарсы қойды — ұлттың өткен тарихының біртұтас жанды тасқынын тап күресі дейтін мұқыл ұғыммен мылжалап тастады» [4; 227].
1940-шы жəне 1950-жылдардың басында социализм идеологиясы өзінің шырқау шыңына жетті. Міне осындай күрделі жағдайда қоғамдық ғылымдар партия комитеттерінің қатаң бақылауымен дамыды. Əсіресе қоғамдық ғылымдардың мұнан арғы жағдайында БКП /б/ Орталық Комитетінің «Звезда» жəне «Ленинград» журналдары туралы (1946 жыл 14 тамыз) қаулысы теріс əсер етті, ол басқаша ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Қазақстан партия комитеттері де өздерінің жұмысының негізін осы орталықтан алған қаулының бағытымен жүргізді. 1947 жылы наурыздағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының қаулысында төменгі партия комитеттеріне: «Тарих жазудағы, əдебиет пен өнердегі саяси қателіктер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БКП (б) Орталық Комитетінің идеологиялық мəселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындау» жөнінде тапсырма тікелей жүктелді [5].
Ленинград пен Мəскеуде «Ленинградтық іс», «Дəрігерлердің ісі» қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» ұйымдастырылып жатты. 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетіне Шойынбаев, Айдарова жəне Якуниннің «Қазақстан тарихы мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген қатал сын мақаласы жарияланды. Нəтижесінде Е.Бекмаханов 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін» ҚазМУ-ден КСРО тарихы кафедрасының профессорлығынан жəне партия қатарынан да шығарылды. 1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Соты Е.Бекмахановқа «1942–1951 жылдар аралығында ұлтшылдық идеяларды уағыздап жəне антисоветтік үгіт жүргізгені үшін» деген жалған айып тағып, 25 жылға соттап, ГУЛАГ лагеріне айдады.
Бекмаханов тағлымы жеке басқа табыну дəуіріндегі ғылымда ойлау-зерттеу бостандығы болмағанын, тарих ғылымы тұмшаланып, өресіз бюрократтардың, күншіл ғалымсымақтардың саяси қолшоқпарына айналып, өз пікірін айтқан авторлар үшін қандай зауал тудырғанын айқын дəлелдейді. 1940–50-жылдардағы тарих майданы, əдебиет майданы да тура саяси майданға айналып, талай дарынды ғалымдардың тағдырын трагедияға ұшыратты, еліміздің объективті тарихын жазуға тұсау болып, қажетсіз сыңаржақ «еңбектерге» жол ашты. Қазақ халқының ұлттық санасын тұмандандырды. Осылайша тарих ғылымы «халықтар достастығын» көлгерси дəріптеуші тоталитарлық қоғамның идеологиялық құралына айналып, өзінің ғылыми объективтік мəнінен айрылды. Ал осы идеологиялық шеңберден шыққандар өз ішімізде ешбір ғылыми дəлелдеусіз-ақ партия-кеңес билеушілерінің қаулысымен немесе кеңес сотының бір жақты шешімі арқылы буржуазияшыл ұлтшыл ретінде қудаланып, жазаланып отырды.
1953 жылы «Правда» газетінде Қазақ ғылым академиясының президенті академик Қаныш Сəтбаевқа да қарсы пікірдегі мақала жарияланды. Онда «Қазақстан ғылым академиясында Қ.Сəтбаев қолдайтын А.Машанов деген геолог өз ісімен айналысудың орнына қайдағы бір ескі кен орындарын зерделеумен əуре болып жүр», — деп сынайды. Кеңес өкіметінің басты газеті болып саналатын «Правданың» пікірі бұлтартпайтын айғақ болып саналатын еді. Қаныш Сəтпаевты алдымен Ғылым академиясының президенттігінен босатып, Геология ғылыми-зерттеу институтына жіберді. Енді келесі кезек оны «халық жауы» ету екендігіне ешкімде күмəнданбайтын еді. Əрине, қарап отырған адамды «халық жауы» ету үшін алдымен оның басына саяси кінə тағу науқанын бастау қажет еді. Оған Ақжан Машанов есімін сылтау етті. Сонымен қоса ұлт мəселесін көтергендерді «ұлтшылдық пиғылда» деп қара тізімге жазуға даяр тұрған тоталитарлық қоғамда Ақжан Машановта нысанаға алынған болатын. Бірақ артынша елдегі саяси жағдай күрт өзгеріп, Қаныш Сəтбаев Ғылым академиясы президенттігіне қайта барып, Ақжан Машанов мəселесі де ұмытылғандай болды. Əйтпесе «Правда» газеті сынынан кейін Ақжан Машанов мəселесінің немен бітерін ешкім де болжап біле алмас еді. Соғыстан кейінгі жылдары пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген түсінікті əкімшілік жүйе идеологиялық жəне қудалау сипаттағы бырсыпыра шаралардың көмегімен шебер тұншықтырып тастады. Бірақ 40-шы жылдардың ортасындағы жəне 50-ші жылдардың басындағы рухани көңіл-күй зорлықпенен тұншықтырылғанымен ол жойылмаған еді. Сондықтан халқымыздың біртуар ғұлама білімдары болған Ақжан Машанов тоталитарлық тəртіппен бетпе-бет келіп ешбір сескенбестен қоғамдық ғылым саласындағы жұмысын зор кедергілерге қарамастан, табысты түрде жүргізе берді.
Қарастырылып отырған дəуірде қазақ халқының тарихы мен мəдениеті жаттанды идеологиялық құрсауда болды. Ұлттық проблемалардың бəрін тек интернационалдық тəрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдады. Бұл бағыттағы тəрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді.
Мəдениетті дамытудағы табыстарға қарамай, рухани қайта түлету проблемасы көлеңкеде қалып қойды. Түрі ұлттық мəдениет, оқу мен тəрбие іс жүзінде аударма болды. Ақжан Машанов өз басын қатерге тігіп, əл-Фарабидің шыққан тегін зерттеп, туып өскен жері бүгінгі қазақ жері екенін дəлелдеп, оның мұраларын түгендеп жүрген уақытта, ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дəріптелді. Ұлт тарихын жазуда, қоғамдық-саяси өмірде еуропацентризм басым болды. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мəдениетінің рөлін асыра бағалау үрдісі жүрді. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілер өркениеті мен шығыс мəдениетінің бүкіл қабатын жауып тастап, адамдардың тарихи санасын жою үрдісі жүрді. Сондай-ақ еуропацентристердің жəне олардың сойылын соққан кеңестік насихат пен ғылымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітіп, көшпелілерді бейғам, жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тірлік құрушы халық етіп көрсетуі қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп-құртатын сипатта болды. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгінің бəрін ұмытуға табандылықпен мəжбүрленді. Бұған керісінше кеңес дəуірінің тарихы барынша əспеттеліп баяндалды. Ресми ұйымдар мен насихат қазақ халқының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталды деп жұрттың бəріне тықпалап, солай ойлауға көндірді. Кеңес өкіметі ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тыйым салып отырды. Жоғарғы мектептердегі материалдық-техникалық база мен кадрлық құрамдағы кемшіліктер мамандарды даярлауға да кедергі болмай қалмады. Партиялық-мемлекеттік құрылымның идеологияландырылған саясаты жоғары оқу орындарындағы білім беру үрдісіне орасан зор зиянын тигізді. Ғалымдарды, қоғамдық ғылымдар қызметкерлерін қудалау мен жазалау шаралары 1920-шы жылдардан басталып Сталин өлгенге дейін жүргізілді. Мұнан кейін де жоғары оқу орындарының өмірі партиялық жəне таптық принциптер негізінде құрылды. Сондықтан университеттердің, институттардың сыртқы халықаралық ғылыми байланыстары символикалық сипатта ғана болды. Көптеген оқу бағдарламаларының, көмекші құралдар мен оқулықтардың мазмұны өзіндік шығармашылықпен ойлауды қалыптастыруға, ғылымның техника мен технологияның жаңа жетістіктерін зерттеп білуге бағытталмаған еді. Мəселен, Ақжан Машановтың техника саласындағы негізгі мамандығы — геолог. Əрі ол геомеханика ғылымының негізін салушы болып есептеледі. Ал Ақжан Машановтың бұл саладағы еңбегі дүние жүзіне кеңінен танылса да, мəскеулік ғалымдар бұл жаңалықты қабылдамады. Бұл жөнінде 1960-шы жылдардың кезінде Мəскеу ғалымдары шу да көтерді. Тіпті Социалистік Еңбек Ері, академик Петров «Правда» газетіне арнайы мақала жазып, Ақжан Машановтың ашқан ғылыми жаңалығын теріске шығаруға тырысты. Кезінде оны Қазақстан ғалымдары да құптаған еді. Ал қазір Ақжан Машановтың Пуассон коэффицентінің тау қысымын зерттеудегі қолданысы туралы мұндай теориясының дұрыстығын өмірдің өзі дəлелдеп отыр. Бүгінгі күнде Ақжан Машанов негізін қалаған
«Геомеханика» ғылымын барлық ғылым əлемі мойындады. Сонымен қоса 1973 жылы жалпы көлемі 15 табақтай «Аль-Фараби и современная наука» деген автордың еңбегі əл-Фарабидің 1100 жылдығы қарсаңында баспаға дайындалып қойса да, шығарылмай тасталды. Тоталитарлық қоғамның адамның еркін ойлауына, ұлттық тарихын зерттеуге қаншалықты тосқауылы болса да, Ақжан Машанов əл- Фараби мұрасын зерттеп қазақтың тарихы мен мəдениетін мың жылға алға жылжытты [1; 228].
Ақжан Машанов қазақ жерінің көне металлургиясын өте жақсы білген. Кеңес дəуірінде тарихшылар тау-кен саласындағы қазақтардың білімі туралы жақ ашқан емес. Қазақ жерін зерттеушілердің еңбектерінде «ертеде кен қазып, металл қорытқан қазақтар емес, басқа бір келімсек, мəдениетті адамдар болуы керек» деген жалған ғылыми түсінік болған. Ал шындығында қазақтар кен қазып, металл балқытқан, минерал қасиетін таныған еді. Жер бетін өлшеп, кен қазып, металл қорыту — осылардың барлығына негіз салған əл-Хорезми, əл-Фараби, əл-Бируни сияқты ғалымдардың еңбегін Ақжан Машанов зерттеп, бүгінгі күнде бізге жеткізді.
1958 жылы əл-Фараби жайлы мағлұматтар жинау үшін Түркістан қаласына келген Ақжан Машанов сол кездегі көзбен көрген адам сенгісіз көрінісін былайша бейнелейді: «Түркістан қаласына келіп, сол жерді жақсы білетін Хамит деген бір ақсақалды ертіп алып, осы мекендерді араладым. Дүние жүзіне аты шыққан Қожа Ахмет мавзолейі жан ашырлық қалыпта екен: іші де, сырты да бұрқырап жатқан топырақ, ішіндегі заттардың көбісі бұрыш-бұрышқа үйіліп қойылған. Əсіресе қазақ халқының ардақты адамдарының басына қойылған сым тастар қалай болса солай, диірмен тасы сияқты аяқ астында домалап жатыр. Оған мəн берген, оны танитын ешбір жан жоқ. Атақты тайқазанды Ленинград Эрмитажына алып кеткен. Отырарға келіп, үйінді төбелерді аралап, Арыстанбаб мавзолейін суретке түсіріп алғашқы рет жариялағанымда Хамит ақсақал көзіне жас алып, былай деді: «Керемет ескерткіш, халқымыздың көне көзі ғой... Иесіз аяқасты болып барады. Отырарға əлі талай ораларсыңдар. Бұл киелі жер. Мұның астында ғажайып сырлар жатыр», — деді [6; 15,16].
Қазақстан жерінен əл-Фарабидің ешбір ізін таба алмаған Ақжан Машанов ұлы ғұламаның мұраларын іздеп, Ташкент, Мəскеу, Ленинград, Уфаның көне еңбектер сақтайтын мұрағаттарын аралап, ғалымның екінші Отаны болған Таяу Шығысқа барып ғұлама ғалымның Сириядағы қабіріне зиярат етуге, көзімен көруге бел буады.
1968 жылдың 19-шы қыркүйегінде КСРО туристерінің құрамында Ақжан Машанов Сирия жеріне аяқ басады. Сириядағы Кеңес елшілігінің көмегімен Шығыстың белгілі адамдарына арналған, яғни тек патшалар, пайғамбар нəсілдері, халифа ұрпақтары, əмірлер немесе солардың ұстаздары ғана жататын Баб ас-сағир зиратынан Ақжан Машанов Əбу Насыр əл-Фарабидің қабірін тауып басына зиярат етіп, құран бағыштайды. Қабіріне бас иіп тұрып: «О, Ұлы бабам, араға ғасырлар өтіп, тағы бір ұрпағың келіп тұр, қабыл ал дұғамды деп күбірледім», — дейді [6; 40].
Ақжан Машанов əл-Фарабидің қабірін суретке түсіріп алады. Бұл 1968 жылдың 23 қыркүйегі күні болған айтулы оқиғаның Ақжан Машанов үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін тарихи маңызы бар еді.
Себебі Кеңес Одағының шетел мен халықаралық байланыс жасаудың күнгей жəне көлеңкелі жақтары болды. Оның көлеңке жағы орталықтың əмірінен жəне саясаттың шексіз идеологияландыруынан туындап жатты. Барлық байланыстар, шетелге шығатын адамдардың құрамын партия органдарының жəне министрліктердің аппараты жəне мемлекеттік қауіпсіздік органы қатаң бақылап отырды. Тоталитарлық идеологияның нұсқауымен күн ілгері белгіленген бағдарлама мен жобадан кішкентай да ауытқуға жол бермеді, олар тек қана Қазақстан мəдениеті мен экономикасының «табыстары мен гүлденуін» насихаттауға тиіс болды. Шетелге шығатын адамдар олардың «сенімділігі» жағынан мұқият тексеруден өткізілді. Əр түрлі делегациялар мен топтардың, оның ішінде туристік топтардың да жетекшілері болып міндетті түрде партия, кеңес немесе мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен тығыз байланысты номенклатурадағы қызметкерлер жіберілді. Шетелге əркім қалауынша шығуына тыйым салынды. Қоғамдық ғылым өкілдерінің кеңестану проблемаларымен шұғылданатын шетел ғалымдарымен байланыс жасауына шек қойылды.
1983 жылы Кувейтте «Əл-Ғараб» атты ғылыми журналда Ақжан Машановтың əл-Фараби зерттеулеріне арналған мақаласын жариялады. Мұның өзі сол уақытта, коммунистік билік кезеңде, қандай қауіпті екенін пайымдау қиын емес еді [2; 280].
Қазақ халқының партизан жазушысы Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов Ақжан Машанов жөнінде мынадай пікір айтқан: «Меніңше, Ақжан ағамыз — заманымыздың нағыз батыры. Бес қаруын асынып, елін, жерін жаудан қорғап қалған ерді батыр дейміз. Ал, рухани дағдарысқа қарсы, мəмлесіз идеология майданында досыңды да жау еткен «қасірет империясы» кезінде көшпенді елде мəдениет те жоқ, ғылым да жоқ деген идеологияның шаңырығын шайқалтқан Ақжан Машанов болды. Дүниежүзілік екінші ұстаз əл-Фарабиді Тұран тумасы, Отырарда кіндік қаны тамған Қыпшақ ұланы деп қазақтың ұлы бабасы екендігін дəлелдеуі — ұлты үшін идеология майданында өзін-өзі оққа ашық байлаған батырлығы», — деген болатын [7].
Теолог-ғалым Халифа Алтай Ақжан Машановқа қатысты өз ойын былайша тұжырымдаған:
«Мен Ақжан ағамен сонау 80-ші жылдардан таныспын. Елге келген соң көрші тұрдық. Ол кісінің ғылыми ислами негізіне жүйрік болуы əл-Фараби мұрасын игеруден ғой деп ойлаймын. Құран Кəрімнің ғылымилығын, бүгінгі ғылым жетістіктерімен ұштастыра отырып, түркі дүниесімен, қазақ дүниетанымымен сабақтастыра ой толғауы мен үшін Қасиетті кітаптың көптеген жаңа ғылыми мұрасын ұғынуға түрткі болды. Ақжан Машанов тек қазақ ұлты үшін емес, бүкіл түркі жұрты, мұсылман дініндегі елдерде де өзіндік орын алатындай тұлға, ғұлама деп білемін», — деген еді [8].
Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев жоғарыда аталған «Тарих толқынында» еңбегіндегі тоталитарлық қоғам мен діннің арасындағы байланысқа мынадай пікір айтқан: «Тоталитаризм мен дін — араларындағы қарым-қатынастың ауық-ауық жылымықтануына қарамастан, бір-бірімен сыйыспайтын ұғымдар. Тоталитарлық идеология өзінің құшағын кеңге жайғандығы себепті кез келген жүйені алмастыруға əрекеттенбей тұра алмады. Міне сондықтан да адамдардың діни ұғымы мен географиялық жағдайына, тарихы мен ұлтына қарамастан, тоталитаризм мен діннің қарым- қатынасы шиеленісіп қалыптасты. Қазақтардың бүкіл тарихы, əсіресе діни тарихы өлтіре сынға алынды. Халықтың сауаттылық дəрежесі сияқты нақты фактіні алайықшы. Тоталитаризм мұсылмандардың діни оқуын есепке алмағандығы себебінен ғана қазақтар сауатсыз халықтар қатарына жатқызылды. Ал шындығында қазақтардың басым көпшілігі Пайғамбардың тілін игерген, сөздің шын мағынасында сауатты адамдар болатын. Сөйте тұра ең соңғы уақытқа дейін осы ғасырдың бас кезіндегі қазақтардың сауатсыздығы ешбір талассыз ақиқатқа баланып келді. Бірақ проблеманың аумағы бұдан əлдеқайда кең жатыр. Халықтың бойындағы діни сезімді аластата отырып, тоталитаризм осымен қатарлас тағы бір мəселені шешуге — жаңағы зорлықпен пайда болған «бос қуысқа» өзінің сірескен үлгілерін тықпалауға тырысты. Діни сенімді осылайша күшпен аластамайынша, мемлекеттің үйірсек идеологиясын ойдағыдай орнықтыру мүмкін емес еді» [4; 234].
Партиялық-мемлекеттік құрылымының практикалық қызметінің негізгі жүргізген идеологиялық бағыты 1970–1980 жылдарда да бұрынғысынша ұлтшылдыққа, жершілдік көріністеріне жəне патриархалдық құрылысты дəріптеуге қарсы күрес болды. Басқаша ойлаудың барлық түрі қудаланды. Жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын əдебиет пен өнер шығармаларына бейнелеген қазақ интеллигенттерінің танымал өкілдерін қудалау жалғастырылды. Мысалы, ақын Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» атты еңбегі де кеңестік жүйенің жөнсіз қатал сынына ұшырады. Олжас Сүлейменовтың қарсыластары «Молодая гвардия», «Москва», «Звезда» жəне басқада журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына сенімсіздік білдірді. Бірсыпыра жариялымдарда ол ұлтшылдық, пантюркистік жəне орысқа қарсы бағытталған деп тікелей жазылды.
Соған қарамастан, Ақжан Машановтың Құран Кəрімнің ғылымдығын бүгінгі ғылым жетістігімен ұштастыра отырып, түркі дүниесімен қазақтың дүниетанымдығын сабақтастыра ой толғауы оның аса зор білімге ие екендігін көрсетеді. Ғылымға арнаған бүкіл өміріндегі көзқарасы мен зерттеулері ислам дінімен тығыз байланыста болды. Қызыл империяның зұлмат идеологиясы елдің бəрін діннен бездіріп, атеистік рух асқақтап тұрған кезде мешітке келіп намаз оқып, басқа да мұсылмандық парызын бұлжытпай орындағаны сол уақыт үшін аса қауіпті болатын.
1975 жылы Қазақ политехникалық институтының профессоры, Республика Ғылым академиясының корреспондент мүшесі маркшейдер кафедрасының меңгерушісі Ақжан Машановтың үстінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Үгіт жəне насихат бөліміне арыз түсті. Онда: «Ақжан Машанов өзі коммунист, əрі үлкен ғалым, лауазым иесі бола тұра, соған қарамай, жұма сайын мешітке барады екен, үйінде айт кезінде ауызашар береді», — деп көрсетілді. Ақжан Машановтың тағдыры тағы да қыл үстіне келген болатын. Сол кездегі Қазақстанды басқарып тұрған Д.А.Қонаевтың тікелей араласуымен Ақжан Машановтың соңынан шырақ алып түскендердің жолы кесілді.
Қорыта келгенде, Ақжан Машановтың əл-Фарабиді кіндік қаны тамған топырағына жеткізуі ол кісінің ұлтшылдығының бір ғана көрінісі екендігіне көз жеткіземіз. Ол өзінің қазақ халқын ерекше сүйді, өз халқына еңбек сіңіру оның ең басты ұстанымы болды. Əл-Фарабиді ашудың қиындығына қарамай бел бууы, ұрпағымен табыстыруы осының дəлелі. Сонымен қатар ғылым тарихындағы, тіл, мəдениет жөнінде теріс ұғым қалыптастыруға үзілді-кесілді қарсы шыққан қас батыр деуге де болады.
«Ислам» деген ұғымды үш тарауға бөліп қараған, олар: ислам мəдениеті, ислам ғылымы, ислам діні. Осылардың ішінде түркі ғалымдарының ғылымға қосқан үлесі ең үлкен екенін үнемі насихаттаумен болды. Ислам ғылымын дамытушылардың ішінде əл-Фарабидің еңбегі ең үздігі екенін есте сақтау керектігін уағыздады. Ақжан Машанов əл-Фараби мұраларына ғылыми көзқарас тұрғысынан қарап, астрономия, табиғат, музыка саласындағы ғылымдар əл-Фарабидің еңбектерінен бастау алады деген пікір айтады. Қарап отырсақ, автор өз заманының қатал тəртібіне, тоталитарлық режимнің зобалаң сипатына қарамастан, туындалған қиыншылықтардан қорықпай, өз халқының болашағы үшін өз өмірін тағдыр тəлкегіне салып, аянбай тер төккенін көреміз. Соның салдарынан 1946 жылы өзі тұңғыш құрылтайшыларының бірі болып құрған Қазақ ғылым академиясынан өзіне тиеселі орынды ала алмай, өмірінің соңына дейін корреспондент мүшесі ретінде ғана қалып қоюуы осының бір көрінісі де деп ойлаймыз. Сондықтан өз халқымыздың Ақжан Машанов секілді ұлағатты ойшылын дəріптеп, оның қоғамдық қызметіне объективті түрде баға беру бүгінгі күндегі тарих ғылымының алдындағы өз орны бар маңызды міндеттерінің бірі деп есептейміз.
Əдебиеттер тізімі
- Əбдіраман Ш. Ақжан əл-Машани. — Алматы,2007
- Əбдіраман Ш. Фараби — ғибратты ғалам. — Алматы,2006
- Əбдіраман Ш. Дегдар // Егемен Қазақстан. — 2 қараша. — 4-б.
- Назарбаев Н.Ə. Тарих толқынында. — Алматы, 1999. — 293-б.
- Қазақстан тарихы: Очерктер. — Алматы, 1994. — 356-б.
- Машанов А. Əл-Фараби жəне Абай. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 192 б.
- Ғұлама ғалым Ақжан Машанидің 100 жылдығын қалай атап өтеміз? Дөңгелек стол материалдары // Қазақ əдебиеті. — 2003. — № 14. — 5-б.
- Төлеубаев Е. Ақжан Машани жəне қазақ дүниетанымы // Орталық Қазақстан. — 2006. — 15 маус. — 3-б.