Өткенге көз жүгіртер болсақ, қазақ жерінде қазақ елі үшін айтулы небір өзгерістер болғанын білеміз. Солардың ішіндегі негізгілерінің бірі, бастысы деп қазақ жеріндегі ислам дінінің таралуын көрсетуге болады. Қазақ халқының бұл дінді қабылдауы дəстүрлі салт-дəстүріміз бен қоғамдағы тұрмыстың біраз өзгерісіне алып келді.
Исламның əйел дəрежесіне ықпалы мəселесін қарастырмас бұрын, сонау исламның араб жеріне келуіне дейінгі жағдайын қарастырайық. Ол кезеңде, яғни жахилия уақытында, əйел адамның еш құқығы болған жоқ. Ол, тіпті, күйеуі немесе əкесі өлген жағдайда да еш дəмелене алмайтын, себебі ер адам ғана мирасқа ие болатын болған. Бұның себебі — əйелдер ешбір шабуылдар мен əскери қақтығыстарға қатыспауы. Тіпті отбасында дүниеге қыз бала келген кезде, ұят пен қайыршылықтан арылу мақсатында, нəрестені тірідей жерге көмген жағдайлар да болғанын білеміз.
Исламның əйелді төмен ұстайтынын, кем санайтынан мойындау керек дейді біреулер. Олар мысал ретінде көп некелік, əйелді қамап ұстау, отбасы-ошақ қасында күңнің есебінде жүру, еріне басыбайлы бағынышты болу, қожасының күтуші күңдермен заңды түрде қатынасқа түсуі, мұра бөліскен кезде еркекке екі үлестің берілетіндігін келтіреді.
Исламның араб қоғамы мəдениетінің артқа кеткен заманында туғанын білеміз. Еркектер он немесе одан да көп əйел ала беретін болған, қожайын өзінің күңдерін жезөкшелік кəсіпке салып, одан мол пайда түсіретін болған. Ал Исламда еркектің төрт əйел алуға деген хақысы — міндет емес — рұқсат. Жəне де бұл жолдың өзінде шариғат ер адамға қатал тəртіп пен міндет жүктейді. Оның үстіне, осылайша əйел заты масқара мен абыройсыздықтан, жоқшылық пен құлдықтан құтылатын болған. Əр замандағы түрлі себеп, негізгісі соғысқа байланысты еркектердің үлес саны əйелдерге қарағанда неғұрлым төмен болып отырды. Осыған орай, əйелдердің қамын ескере отырып, осындай рұқсат берілген.
Исламға дейін ешбір қоғам əйелдің əлеуметтік ролін мойындамады деп айтуға негіз бар. Əйелге сатып алатын немесе сататын тауар ретінде қараған. Əкесінің үйінен кетіп, күйеуінің үйіне келгеннен бастап, əйел адам басыбайлы ерінің бір мүлкіне айналады. Жесір қалған күнде де, басына азаттық берілмеді. Ол күйеуінің бір туысына тұрмысқа шығуына міндетті еді.
«Əйел еркектің малы есебінде, оны қалауынша қолдану хақы бар, өмірі мен өлімі күйеуінің қолында болды. Күң ретінде қаралды. Əйел əуелде əкесінің, үйленген соң күйеуінің, күйеуі өлген соң ұлының тұтқыны болды. Əйел бір нəпсі саудасы саналды. Ең мəдениетті деген атиналықтарда қатынын базарда сататын, басқаларға беретін, көңіл ашу құралы ретінде санайтын. Əйел үй шаруасына, бала бағуға қажетті, бұған қарамай, бейшара халдегі бір зат еді. Байырғы гректе əке əкім болатын да, балаларын сата алатын. Байырғы Францияда да хал осылай. Байырғы Ромада отбасында əке би болды. Би балаларын үйден қуалауға, сатуға, жанұя заңына қиғаш келгенін өлтіруге хақылы еді. Хазірет Иса əйелдерге өте қайырымды болды. Бірақ христиандық Еуропа, пұтқа табынған Еуропа сияқты əйелді қор санаудан өзін құтқара алмады. Əйел мен еркек арасындағы байланысқа басқаша көзбен қарап, ескі көзқарасын жазбады. Əйел болса, құлдық құрсауын сиыра алған жоқ. Түрліше дəуірлерде ғасырлар бойы ортаға шыққан философия мəселелеріне де араласқан бұл жағдай, əйел жөніндегі нашар көзқарастың жалғасынан басқа не еді? Бұған жауапкершілік бар ма, жоқ па? Əйтпесе хайуан орнында кете бермек пе? Осындай ғажайып сөздерді ортаға қойғандар болды. Əйелдің рухы бар-жоқтығы тартысылды [1].
Кейбір зерттеулерде көрсетілгендей, ислам діні əйел адамды төмендетіп, аяққа таптамайды. Əйел мəселесі, отбасының тұрақтылығы ислам дінінде өзара келісушілікте, бірін-біріне бағындыра отырып реттейді. Əйел исламда маңызды орынды иеленеді. Ол қамқорлық пен аялауды қажет ететін, бағалы болып есептеледі. Осы мақсатта оның ары, намысы, сұлулығын сақтауға бағытталған көптеген өсиеттер бар.
Ислам əйелдерге олардың міндеттерін жүктей отырып, көптеген құқықтар мен артықшылықтар да танытады. Жоғарыда көрсетілген əйелдердің үлестен қағылуын да ислам өздігінше реттейді. Мысал келтірер болсақ, кəмелеттік жасқа жеткен бойжеткен өз ісінде еркін құқыққа ие болды. Иесі, не əкесі, ағасы, кім болса да оның жеке мүлкіне қол тигізуіне тыйым салынды. Бұған дəлел ретінде Құранның мына бір сүресін келтіре кетейік: Еркектерге ата-анасы мен туыстарынан қалған мұра қаншалықты тиесілі болса, əйелдерге де солай тиесілі. Ол мұра аз не көп болсын мейлі, ол үлес қатаң түрде санаулы [2].
Əйел де, еркек те толық құқыққа ие, екеуі де өз өмірлерін, намыстары мен мүліктерін қорғауға құқылы. Бұл құқықтарға қысым көрсетіліп, дау тудырылып, қайта қарастырылмайды. Тұлғалығы мен жеке баспанасына ешкім қол сұқпайды. Барлық айтылған қағидалар мен қалыптасқан заң барлығына ортақ, еш алалаушылық жоқ.
Ислам əйел мен еркек арасында ағзасы мен дене бітімінің ерекшелігіне, сондай-ақ қоғамдағы жүктелген ролдеріне байланысты құқықтар мен міндеттерінде біраз ерекшеліктерін қалыптастырды. Əйел ерін қалай құрметтеп, сыйлауы керек болса, еркек адамға да осындай міндеттер жүктеледі. Ер адамның да өзінің əйелінің алдындағы орындау керек міндеттері бар. Яғни ол əйеліне қамқор болып, аялап, сыйлап, материалдық тұрғыда қамтамасыз етуге, санасуға, келісімімен əрекет етуге міндетті. Сонымен қатар ер мен əйелге жүктелген міндет пен олардың құқықтары тең. Ислам діні қазақ жеріндегі əйелдердің ауыр еңбектеріне тыйым салып, жеңіл шаруамен айналысуды өсиет етеді. Себебі əйел адамды нəзік жаратылыс деп қарастырып, аялайды. Осыған байланысты ер адамдар əйел адаммен қарым-қатынасында оның нəзіктігін естен шығармауы тиіс. Əрбір ер адам өзінің əйеліне мейірім мен қамқорлық танытып, құрметтеп, нəзік сезімдерін бағалаулары тиіс.
Ер адам мен əйел табиғаты екі бөлек болуына байланысты қоғамда əрқайсысына тиісті ролдері тапсырылған. Бұл ролдер бірін-бірі толықтырып, қоғам дамуында негізгі жəне қажетті болып табылады. Бұл құрылымның ішінде олар өздеріне маңызды нəрсеге талпынуға ерікті, өз қызығушылықтарына сай қоғамға өз үлестерін қоса алады.
Дін əйелдің қадірін арттырып, қорлықтан шығуына көмектесті. Ол құрметке ие болды. Қай жерде болса да өз ойын бүкпей айта алды. Өз үйінде қыз бала деп аялы алақанға салынса, ерінің үйіне келін болып келгенде де өз құқығына сай өзіндік орнына ие бола алды. Нəрестелі болған кезде, тіпті, қадірі артып, баланың қорғаны мен отбасының бақытына айналды. Пайғамбарымыздың өзі ер адамдарға əйел — Алланың үлкен сыйы деп үйреткен.
Ислам отбасында əйел — ең бірінші кезекте, ерінің аяулы, адал жары жəне отбасының ұйтқысы. Отбасындағы қатынас — өте бір нəзік тақырып. Бұл ері — отбасының отағасы, ал əйелі — ошақ қорғаушысы болып табылатын əйелі мен ерінің реттелген жеке құқықтары мен міндеттері бар адам қарым-қатынасының ерекше түрі. Алайда бұл əйел ролі отбасы, үйі, үй іші тірліктерімен шектеледі деген сөз емес. Қалаған жағдайда, мұсылман əйелі оның ары мен намысына Алланың алдында жауапты адам — ері немесе туысының рұқсатымен өзінің жеке ісімен айналысуына, қоғамның қоғамдық жəне саяси өміріне араласуына, адам баласына игі қызмет — медицина, білім беру, киім жəне іс тігу, аспаздық саласында қызмет етуіне рұқсат етіледі.
Қазақ жеріне исламның əкелген ұлы жаңалықтарының бірі білім мəселесі еді. Яғни, шариғатқа сай, əйел адамға еркек адамға міндет етілгендей, оқып-білу, пайдалы ғылым іздеу жүктеледі. «Əйелге қажетті басты нəрсе қайырымдылық пен құрмет. Əйел ерлермен тең құқыққа ие. Əйелде еркектердей сенім, əрекет пен ахлақтың маңыздылығын басты орынға қойған, жақсылықты жақтап, жамандықты тосуға жауапты. Еркектерге оқу парыз болса, əйелдерге де парыз. Əйелдер мəмледе жəне жазада ерлермен тең. Мал-мүлкін, қажетін қалағанынша үнемдеу ақысы бар. Ешкімнің рұқсатына жəне əкімнің килігуіне қажеті түспейді. Үйлену, алу, сату, жалға беріп-алу, ұсыну, аманатқа беру, кепіл болу, тапсыру, қарызға ақша беріп-алу, серіктік құру, өкілдік, бейбіт жəне босату, арыз жəне мойындау сияқты мəселелерде Ислам заңы бойынша еркектермен тең болады. Əйел де еркектер сияқты ерекше заңды əрекеттер мен қимылда ұжданымен жауапты» [1].
Бүгінгі күнде мұсылман əйелдері қоғамда өте белсенді: ислам əлеміндегі əйелдер жаңа компьютерлік технологияларды игеріп, саяси, оқытушылық, журналистік қызметпен айналысып, адам емдеп, ұстаздық етуде. Бұдан шығатын қорытынды, кейбір қалыптасқан көзқарастарға қарамастан, білім алып, қызмет істеу əрбір мұсылман əйеліне қол жетімді жəне рұқсат етілген.
Исламдағы ағымдардың бірінің негізін салушы, VIII ғасырда өмір сүрген имам Абу Ханифа əйелдердің əскери төреші қызметіне тағайындалуларына мүмкіндік берді. Осы орайда қоғамда белсендігі жоғары көптеген ислам əйелдері «Оқымыстылар ханшасы», «Əйелдер мақтанышы», т.б. сол сияқты атақ, дəрежелерге ие болды.
ХІХ–ХХ ғасырдың басында мұсылман өркениеті құлдырауды бастан кешірген кезеңнің өзінде де қыздарға арналған жеке меншік ауқымды жүйесі болған; көптеген мұсылман мектептерінде ұл балалар мен қыз балалар бірге оқытылды. Əйел сауаттылығы татар, өзбек жəне тағы басқа да отырықшы халықтар арасында өте жоғары болып, кейін ол қазақ жеріне де терең бойлап енді.
«Əйел үшін ең қайырлы жұмыс үйде екенін айта отырып, оған сыртта жұмыс істеуге болмайды деп тыйым салмайды. Тек жұмыс ислам қағидаларына сай, отбасы бірлігі мен берекесіне əсер етпейтін болуы керек. Өзге жұмыспен айналысам дейтін мұсылман əйелдерге, мұсылман емес əйелдерге рұқсат етілгендей, үйге қызметші алуына болады. Алайда көптеген мұсылман əйелдері бұлай жасамайды, олар өз балаларының тəрбиесін бөтен адамға тапсырғылары келмейді.
Мұсылман əйелдер толық қамтамасыз етілген өмір сүруге құқылы, жəне күйеулеріне оларды ақша табуға мəжбүрлеуіне тыйым салады. Алайда ешкім əйелдерге, қалап тұрса, жұмыс істемеуіне тыйым сала алмайды. Əрине, бұл жұмыс əйел адамға лайық болуы керек. Пайғамбардың бірінші əйелі Қадиша сауда ісімен айналысқан, ал Мұхаммед оған үйленерден бұрын оның сауда қызметіне қатысты тапсырмаларын орындаған.
Əйелі күйеуінен бай болса да, күйеуі оның қажеттілігін қамтамасыз етуге міндетті. Жəне əйелінің көмегіне сүйеніп, одан көмек күтпеуі керек [3].
Əйел адам көбіне үй шаруасы жұмысын атқарса да, ислам бұған мəжбүрлемейді. Күйеуі əйеліне үй жұмысына көмектесіп, өз киімін бүтіндеп, үйдің барлық жұмыстарында қол ұшын беріп отыруға міндетті. Əйелі мен ері үйде біріге отырып, барлық мəселені шешіп, жылулық орнатып, ортақ келісіммен бала тəрбиелеп, бірін-бірі қолдап отырулары абзал.
Мұсылмандық қағидаларға сүйену əйел адамға қорғанысты қамтамасыз етеді: əлеуметтік, материалды, физикалық, тіпті, психологиялық.
Алла дүниені жарату барысында ең алдымен Адам Атаны, одан кейін оған серік болсын деп Хауа Ананы жаратқаны баршамызға белгілі. Хауа Ананың жаратылуын қазіргі кезеңдерде Құранды дұрыс түсіне алмаушылар, Адам Атаның қабырғасынан жаратылғандықтан, оның бір бөлшегі деп түсінеді. Яғни өмірге келуі соның арқасы, əйел еркекке бағынышты деп қабылдайды. Шындығында, бұл адасушылық. Алланың Адам Ата мен Хауа Ананы жарату себебі — олардың бір-біріне адал жар болып, ұрпақ жалғастыру жолы. Алла Тағала адамзат баласына: «Сендер көбейіп, ұрпақ таратыңдар. Сонда мен сендердің көптіктеріңді айтып мақтанамын», — деп өсиет айтты. Бұл екеуінің бірінсіз- бірінің күні жоқ, олар жалғызсырамай, қосылып, өмірді жалғастырушылар.
Ислам діні бойынша Алла барлық жер бетіндегінің бəрін жұп-жұбымен жаратқан, тек Алланың өзі ғана жалғыз, ол теңдессіз. Бұндай құрылым жер бетінде жаратылған тіршілік иелерінің барлығының өмірінің дамуы мен ұрпақ жалғастығын қамтамасыз етеді. Ал адамзаттың өсіп-өнуі, дамуында əйел адам үлкен жауапкершілікке ие. Берік қоғам қалыптастыру үшін дені сау ұрпақ тəрбиелеп, өсіру — аналардың міндеті. Бұл орайда əйелге артылған жүк өте ауыр, ол — адамзатты сақтау. Яғни, болашақты əйел адамға міндеттеу, сеніп тапсыру. Əйел адамның өмірге келгендегі ең маңызды миссиясы да осы емес пе?
Отбасының құрылуындағы негізгі орын əйелдердікі. Ол дүниеге бала əкеліп, тəрбие беріп, ол үшін Аллаһтың алдында жауапқа алынады. Ал еркектің бұл жердегі негізгі жəне басты функциясы — отбасының материалды жағдайы.
Өмірдің бастауы, негізі — ана дейтін болсақ, олардың салт-санада, əдет-ғұрып, дініміз бен тілімізде, жалпы айтқанда, мəдениетімізде алатын орны басқа еш адаммен салыстыруға келмейтін өте жоғары тұр. Жəне ол өте ұлы, қасиетті өмірлік бастау. «Анаңның ақ сүтін Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да, борышыңды өтей алмайсың» деген ананың сенің жолындағы міндеттерінің қаншалықты қиын екенін аңғартпай ма? Бірде бір адам Мұхаммед Пайғамбарға келіп: «Жұмаққа барудың жолын көрсет», — деп сұрап келеді. Сонда Пайғамбарымыз ол адамға: «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа қызмет қыл», — деп өсиет айтады.
Енді мынаған назар аударайық: «Бірде бір адам Пайғамбарға келіп, ең адал дос ретінде кімді таңдау керектігін сұрағанда, ол оған ең бірінші анаңды, одан кейін тағы да анаңды, тек одан кейін ғана əкеңді деп жауап берген екен» [2].
Анасының баласын дүниеге əкелуі — ауыр іс. Бұны исламда айрықша көрсетеді: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған жəне əке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның мен жақ», «анасы оны əлсіздік үстіне əлсіздікпен жүкті болып тасыған», «адам баласына өміріне игілік істерді өсиет еттік, анасы оны зорға көтеріп, зорға босанған». Тоғыз ай көтеріп сені дүниеге əкелген ананың борышын қалай ғана өтейсің? Айланып, толғанып, тар құрсағын кеңейтіп, алпыс екі тамырын идірген — сен, анаңа қалай мейірленбейсің?
Əйел адам деп атап отырғанымыз біздің анамыз, əпкеміз, қызымыз, əйелдеріміз. Дін қағидасына сай бұларға деген еркек адамның қарым-қатынасы тікелей Алламен бақыланады. Құқығын шектеу немесе қысым көрсету Алла тарапынан жазаға тартылады.
«1893 жылы Чикагода Əлемдік діни конгресте оқылған «Исламның өмірлік əлеуметтік жағдайына ықпалы» атты баяндамасында М.Уэбб былай деген: «Құран əйелді ер адаммен толықтай тең дəрежеге қояды, ал Пайғамбар əйелді көптеген жағдайларда ер адамнан жоғары қояды». Ислам қайырымсыз əйелдерге өте қатал, ал керісінше, қайырымды, мейірімді, мейірбандарды қастерлеп, жақсы көреді. Əйел адам əрқашан толысып отыруы керек. Талмай, қажымай, өз бойындағы кек сақтау, көре алмаушылық, тəкаббарлық, ашуланшақтық, сараңдық, қулық, бос үміттену, айтқанынан қайтпайтын тік мінезділік, өтірікшілік, жаманшылық жасау, əділетсіздік, өзін-өзі сүюшілік, асығыстық, рахымсыздық, үстіртін ойлау сияқты жағымсыз қылықтардан арылып отыруы тиіс. Өз бойында ұялшақтық, қайырымдылық, кешірімділік, көндіге білу, дархандық, төзімділік, мейірімділік, білімділік, саналылық, əділеттілік сияқты қылықтарды тəрбиелеу міндетті болып саналады.
Ислам басқа да діни көзқарастар сияқты, əрине, негізінен жалпы еркектік бастаманың жоғарлылығын атап көрсетеді, алайда шынайы өмірде əйел заты сан рет интеллект көрсету, шығармашылық қасиеттері, т.б. жағынан еркектен аса алса асуына жол берілген. Жəне де айта кететін жайт, кез келген дін ер адамды билеуші принципі арқылы анықтап, əділетті басшылықты қалайды (мемлекетте жəне отбасында) [4].
Исламның бастапқы кезеңдерінде, Пайғамбардың тұсында Құран принциптеріне толық бағынып, əркім өз құқығы мен міндеттерін жақсы түсініп, соған лайық амалдар жасауға талпынды. Кейіннен кең белең алған Құранды айтарлықтай қате түсінушілік, бұрмалаушылық болған жоқ. Сол себепті де əйел адам қоғамда құрмет пен күтімге ие болды. Оның белсенділігі, əсіресе діни ортада өте жоғары болды. Қоғамдағыдай дінде де əйел адамға өзін-өзі дамытып, жетілдіруге, діни білім алуына мүмкіндіктер берілді. Ендігі кезекте əйелдер ер адамдармен қатар бір рухани жетекшіден сабақ алатын болған.
Осы жолдағы білімдерін жетілдіре түсу барысында, əйелдерге өзіндік жеке сопылық ұйым құруларына да мүмкіндік берілген. Ұйым құрамындағы əйелдер «сопы əйел» деп аталды. Көптеген мұсылман əйелдер өзінің рухани тəжірибесінде жетіліп, толысудың жоғарғы дəрежесіне жетіп,
«əулие» деген атқа ие болды. Əйелдер де Аллаға құлшылық жолында Меккеге барып, қажылық парызын да орындап, дін құрылымында діни лауазымға ие болған. Осындай мұсылман əйелдерінің ішінде сабақ беріп, шəкірт тəрбиелегендері де аз емес.
Сопылық поэзияда əйелді жырлау — ерекше тақырып. Əйелге деген махаббат мұсылман мистиктерінде рухани жетілу жəне құдайды тану жолы деп түсінілгенін айта кету керек. Мұсылман əлемі діннің, ғылымның, əдебиет, медицинаның білгірі болған көптеген əйелді біледі.
Бұлардан байқайтынымыз, ислам діні əйел адамның жанданып, рухани дамуына айтарлықтай зор үлес қосты. Көшпелі қоғамда кең етек жайған «шариғатқа сай» деп істелген істердің көпшілігі исламды дұрыс түсінбей, көбіне бұрмалаушылық салдарынан күнделікті тұрмыстағы қағидалардың ырқына сай тарамдалғаны деп қарастыру жөн болатын сияқты. Мұсылмандық шариғат заңдары адамды еркінен тыс қинауға, зорлық-зомбылық көрсету дегендерге қатал тыйым салады.
Осы жағдайларды негізге ала отырып, қазақ қоғамындағы салыстырмалы əлеуметтік белсенділік пен əйелдердің саналылығы өзінің бастамасын мұсылман ағартушылығының таралуымен байланыстырғанын айтуға болады.
Бұл мəселелер терең таным, көптеген ізденістер мен мəселені байыптаудағы ыждағаттылықты қажет етеді. Осы жəне басқа да көптеген ерекшеліктерді түсінбеушілік бірқатар зерттеушілердің Шығыс мұсылмандығындағы əйелдің жағымсыз жағдайы жөніндегі көзқарасты ұстануға əкелді. Тіпті, кейбіреулері бұған Ислам дінін кінəлап, жазғырды: «Құран əйелдерге еш аяушылық көрсетпейді», «...əйел тұлғасына Ислам діні қызғаншақ еркек тұрғысынан қарайды». Егер қоғамда əйелді төмендетіп, мұқатып жатса, бұған сол əрекеттерге жол беріп отырған, ең алдымен сол əлеуметтік қоғамды кінəлау жөн тəрізді.
Исламды терістейтіндер көбіне Батысты негізге ала отырып, ондағы əйелдің еркіндігі жоғары екендігін алға тартады. Ондағы артықшылық, əйелге деген ерекше құрмет неден байқалады? Мына сипаттамаға қарағанда бұл түсінікпен келісу қиын: «Батыстың таным-түсінігінің қалыптасуына өлшеусіз ықпал еткен христиан теологтары да бертінге дейін «əйел адам ба, адам емес пе?» деген мəселе көтеріп келді. Орта ғасырларда, əсіресе 1430–1780 жылдары арасында Батыста 2 миллионға жуық əйелдің мыстан, азғырушы, арбаушы, көзбояушы, сиқыршы деген жаламен шіркеу тарапынан отқа жағылғанын, тірідей өртелгенін білеміз. Тіпті Еуропада «мыстандар мен сиқыршы əйелдерді аулау» үшін арнайы топтар құрылды. Олар көрікті, ақылды, білімді қыздар мен əйелдерді «еркектерді азғырушы» ретінде айыптап, сотсыз, шіркеудің үкімімен тірідей отқа өртеп отырған. Католик шіркеуі мен протестанттық сенім арасындағы қақтығыс кезінде бұдан ең көп зардап шеккендер тағы да əйелдер болды. Англияда əйелдерге бертінге дейін «Інжілді» ұстауға тыйым салынды. Демократияның бесігіне балап жүрген Францияда Жанна Д’арк сияқты сан мыңдаған əйелдердің түрлі жаламен тірідей отқа жағылғаны тарихтан мəлім. Өйткені христиан теологиясында əйел бейнесі адамды азғырушы сайтанның одақтасы, ібіліспен ымыраға келуші, сайтанның тапсырмасын орындаушы, Адам Атаны алғашқы күнəға итермелеуші ретінде суреттеледі. Көптеген əдебиеттер мен суреттерде жын-шайтан мен ібіліс əйел бейнесінде көрсетіледі. Христос теологы Тертулиан: «Əйел — адамның жүрегіне сайтанның кіруі үшін ашылған есік», — десе, əулие Христостан: «Əйел — қашып құтыла алмайтын бəлекет, жамандықтың бастауы, көңілді аулайтын, жүректі жаулайтын, нəпсіні күнəға итермелейтін қатер, рухыңа тұзақ құратын көрікті қарақшы, əуре-сарсаңға салатын бейнет», — деп жазды. Күнə мен əйелдің аты қатар аталғандықтан, христиан діндарлар үйленген жоқ, олар əйел атаулыға жоламады. Шіркеу үйленбей өтуді Хазірет Исаның жолы, өмірде күнəдан пəк болып өту деп түсіндірді. Католик шіркеуі Папаларды тек үйленбеген кардиналдар арасынан ғана сайлады. Бұл əлі күнге дейін жалғасып келеді» [5].
Адам тіпті əділетті болуға мүдделі болғанда да əділетті бола алмайды. Пайғамбардың айтуы бойынша, əйел жүріс-тұрысында мін жоқ, кіршіксіз таза, үлгілі əйел болуы керек. «Үйлеріңде отырыңдар — бұл əйелдің ең құрметті орны». Өзінің үйі, міндеті, мұраты — ошағының сақшысы болу, бар өмірін бала тəрбиесіне арнау керек дегенді білдіреді. Қайсысы дұрыс: əйелдің жұмысбасты болып, балаларын бағушы, немесе балалар бақшасына бақтырғаны ма, немесе əйелдің үнемі баланың жанында болып, бар күшін, бар ойын соның тəрбиесіне жұмсағаны ма? Жауабы айдан анық: өз анасының бауырында, оның мейіріміне шомылып өскен балалар, өзінің бар күшін, ақыл-ойын қоғамдық жұмысқа сарп еткен əйелдің балаларына қарағанда анағұрлым денсаулығы мықты жəне тəртіпті болады. Бұл ислам əйелдің мемлекет жəне қоғам ісіне араласуына қарсы деген сөз емес, бала тəрбиесінің дұрыс жолын анықтағаны. Мұсылман əйелдің ел басқарғаны қаншама, өлең-жыр жазып ақын болғаны, білім қуып ғалым болғаны, батыр болып соғысқа қатысқаны, небір білімді, асқан дарынды, өкіметте еркек адамдармен қатар отырып, билікке қатысқаны қаншама?
Шын мəнісінде Құран аяты Пайғамбардың əйелдерінің əдебін айтқан, ең биік үлгі менен өмір шындығы.
Еркекте бар айырылысу ықтияры əйелде де бар. Яғни, əйел, қажеттігі туған жағдайларда айырылысуды талап ете алады. Соның бірі — ол некеге тұрғанда некенің ақ адал болуын алдын ала əңгімелеп, келісіп алады, осы шарт бұзылғанда ол айырылысуға қақылы.
Ислам əйелге Еуропада жоқ құқық береді. Бізде əйелге қалың мал төленеді, ал оларда əйелдің міндетті түрде жасауы болу керек. Бізде əйел өзінің мүлкіне өзі ие болып, қалауынша жұмсап, пайдалануға хақылы, ал Еуропада бұндай құқық еркекте ғана бар: ол некеге тұрған күні əйелдің дүниелігіне толық қожа болып шығады.
Осыдан келіп Исламның мұра бөлгенде еркекке неге екі үлес бұйыратыны шығады. Бұның себебі — еркектің міндетінің ауыр жəне үй-орманның тірегі, асыраушысы, қорғаушысы екендігінде. Исламның əйелге деген қатынасы — əділеттің биік үлгісі. Пайғамбардың əйелдерімен кешкен тұрмысы — қамқорлық пен нəзік ықыластың, əйелге, анаға деген рахымның асқақ белгісі.
Аллаһ Тағала əйелге отбасы мен ошақ қасын, ал еркекке қоғамдық өмірді бұйырғанда, еркекке ішіндегі күш-қайратын шығарсын, өнердегі қабілетін көрсетсін деген, ал əйелге адамды тəрбиелеу сияқты ең ізгі міндетті тапсырған. Адам тəрбиесін əйелге тапсыру — бұл əйелге деген биік сенімнің белгісі. Бұл қандай теңсіздік?
Ислам əйел адамның жағдайын жан-жақты қарастырып, реттей білген дін. Исламның мақсаты — əйелдің ардақты да абыройлы болып, неке құрып, өмірге келгендегі миссиясын адасушылықсыз, дұрыс жолмен жүзеге асыру. Еуропадағы əйел жағдайы сырт көзге əсем көрінгенімен, адамдық мораль тұрғысынан қарастырсақ, исламнан əлдеқайда төмен жатыр. Тек əр жағдайға бойлай еніп, түсініп, көре білу қажет.
Қазақ əйелінің тұрмысына да исламның келуі көп əсер етіп, жақсы жағынан ықпал етті деуге негіз бар. Қазақ дəстүрінде де əйел адам айтарлықтай дəрежеде құрметтеліп, ер адам онымен санасатын болғандығы рас. Бірақ шаруашылық еңбек жағынан біраз қиыншылықтардың болғаны жасырын емес. Исламның келуі бұл жағдайды едəуір жеңілдетті деп айта аламыз. Себебі ол əйелдің физикалық ауыр жұмысына қарсы болды.
Сондай-ақ ислам діні əйелдерге оқып, өзін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл əйелдердің сауатты болып, қоғамда белгілі бір функцияға ие болып, жетістікке жетуінің кепілі.
Жалпы алғанда, ислам əйел мен еркекті тең жағдайда ұстау мақсатында қоғамда толықтылық пен тұрақтылықты құрайтын ортақ түсінік табуға тырысады. Оның негізгі міндеттерінің бірі — əйел мен ерді келістіре отырып, тұтастылықты қамту.
Жалпы, əйел түсінігі əйел мəселесі мəнін ашып, нақты ұғынуды қажет етеді. Бүгінгі біздің дамып, өркендеуімізде бұның маңызы ерекше. Бұл жөнінде М.Əуезов мынандай ой тастайды:
«...Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген — əйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты əйел халіне жалғасады. Сол себепті əйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, əйелдің халін түзе!» [6]. Иə, қазіргі кезеңдегі қоғамымызда əйел мəселесі кеңінен орын алып отыр. Əйелдің орны мен ролін анықтау, қарастыру, қарастыра отырып оның мүмкіндіктерін асыру, қоғам «шеттетушілігін» тоқтатып, құқығын қорғау мəселелері — бүгінгі таңның өзекті мəселелері. Əлемді жаулаған гендерлік саясат біздің елде де қанатын кең жайып өркендеуде. Бұл əйел адамның өзін-өзі дамытып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, шығармашылық айқындалуына жол ашатыны рас. Алайда оның да өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Ұлттығымызды сақтай отырып, əлемдік «жаңашылдықтарды» бойға сіңіру барысында, келістіре отырып, ортақтандыру керек. Ол үшін тарихымызды саралап, зерделеуіміз, талдай отырып, талқылауымыз керек... Осы орайда Батысты жайлаған бұл саясат өзіндік дəстүрге ие қазақ жеріне қалай келмек, қалайша еніп, бірліктегі келісімге айналмақ, біз оны дұрыс қолдана аламыз ба, жəне «бұл бізді қайда əкеледі?», «дамудың қай сатысына өтеміз?» деген заңды сұрақтар туатыны анық. Ежелден келе жатқан қоғамдағы əйел мəселесі қаншама уақыт аралығында болып өткен жағдайларға қарамастан, бүгінгі күннің де өзекті мəселесі болып қала бермек.
Əдебиеттер тізімі
- Соңғы Пайғамбар Хазірет Мұхаммедтің өмірбаяны. — Анкара,1997.
- Құран. — Алматы,1991.
- Максуд Р. Ислам. — М., 1999. — С. 212–213.
- Нуртазина Н.Д. Женщина в традиционном казахском обществе: Учеб.-метод. комплекс по курсу «Введение в теорию гендера». — Вып. 4. — 32-б.
- Қыдырəлі Д. Атымды Адам қойған соң... — Алматы, 2008. — 34-б.
- Əуезов М. 50-томдық жинақ. — 1-т. — Алматы, 1997. — 48-б.