Қазақстанда тарихи географияның арнайы ғылым саласы ретінде қалыптаспағаны белгілі. ХХ ғасырдың орта шеніне дейін арнайы түрде тарихи-географиялық зерттеулер жүргізілмеді. Белгілі зерттеуші Г.Ф.Дахшлейгер «Қазақстан тарихнамасында шығыстану, деректану, палеография, нумизматика, геральдика, метрология, тарихи география жəне т.б. қосымша пəндер жеткілікті деңгейде көрініс алмай жатыр» деп, 70-шi жылдарға дейінгі жағдайды шолып өтті [1; 127].
Дегенмен, Қазақстан тарихына байланысты тарихи география мəселесі мүлдем қарастырылусыз қалған жоқ. Отандық ғалымдардың зерттеулерінде арнайы немесе жанама түрде болсын тарихи- географиялық тақырыптар көтерілді.
Қазақстан тарихының Қазан төңкерісіне дейінгі тарихнамасы, Қазақстанның тарихи өлкетануы жəне оның зерттелу тарихнамасы Г.Ф.Дахшлейгердің, Э.А.Масановтың, сонымен қатар С.Ш.Ахметованың еңбектерінде қарастырылған болатын [1–3]. Мұнда ХІХ ғасырдағы Қазақстанның тарихи өлкетануының қалыптасуын қарастыруда автор көбінесе жоғарыда көрсетілген тарихнамалық еңбектерді қайталағанмен, біріншіден, Қазақстанды зерттеу қоғамының жұмысына, екіншіден, мұржайлық өлкетанудың жəне ескерткіштерді қорғау ісінің дамуы мəселелеріне жан-жақты тоқталады [3; 80–129; 130–155].
Қазақстанда жарық көрген археологиялық, тарихи-этнографиялық, өлкетанулық зерттеулердегі тарихи-географиялық мəселелерге шолу жасау — нəтижесінде мəліметтерді жинақтап, зерттеулердің даму динамикасын көрсету. Қазақстан тарихының тарихнамасында мəселе арнайы түрде қарастырылмағаны белгілі [4]. Себебі тарихи география арнайы ғылым саласы ретінде дамымады.
Алдымен отандық зерттеулердегі қандай мəселелер мен сұрақтарға назар аудару қажет. Ресейлік маман В.Яцунскийдің жіктемесіне сүйене отырып, тарихи география тұрғысына жататын келесі мəселелерге назар аудару қажет:
- халықтардың, ру-тайпалардың нақтылы территорияларда орналасуы;
- мемлекеттердің шекаралары;
- сауда жəне қатынас жолдары;
- əкімшілік-территориялық бөлініс мəселесі;
- тарихи оқиғалардың болған жерлері;
- жорықтардың маршруттары;
- тарихи-мəдени ескерткіштердің орналасуы [5].
Тарихнамалық ізденісте, кезеңдерге бөліп қарастыру арқылы ең маңызды мəселелерге шолу жасалды. Қазақстанның тарихи географиясының мəселелерін үш кезеңге бөліп қарастыруды ұсынамыз. Біріншіден, бұл Қазан төңкерісіне дейінгі кезең — Қазақстан тарихын зерделеуге бағытталған қазақ зиялыларының еңбектері. Екіншіден, кеңестік кезең — отандық зерттеулер мен еңбектер, отандық тарихнамада үлгілі тарихи зерттеу санатына жататын, тарихи-географиялық еңбектер. Үшіншіден, қазақстандық кезең — тəуелсіздік алғаннан бергі зерттеулер.
Бірінші кезең. Бірінші кезеңдегі зерттеулерді жалпылама қарастыруды жөн санап отырмыз. Себебі Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстандағы тарихи зерттеулер негізінен жалпылама, сипттамалық болып келгені жəне ондай зерттеулерде көбінесе тарихи, этнографиялық, археологиялық жəне географиялық сипаттамалар аралас болып келгені белгілі. Бұл кезеңде нақтылы ғылыми салааралық жіктелудің қалыптаспағандығынан, тарихнамалық шолу жасау барысында жалпы қарастыра отырып, тарихи география мəселелерін ажырату арқылы баға беру дұрыс болады.
Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеулерге тарихнамалық шолуды қазақ халқының көрнекті ғалымы жəне қоғам қайраткері Ш.Уəлихановтың еңбектерінен бастаған дұрыс. Ш.Уəлихановтың қазақ халқының этногенезі, саяси-əлеуметтік тарихына, рухани жəне материалдық мəдениетіне арналған зерттеулері өзекті мəселелерге арналып, «Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тұрмысын зерттеуге аса бағалы үлес болып қосылып, замандастарының орасан зор ынтасын туғызды» [6; 533]. Шоқан Уəлихановтың тарихқа қосқан үлесі мен тың бастамалары күні бүгінге дейін көптеген зерттеулерге арқау болып келеді. Сонымен қатар Ш.Уəлихановтың Орта Азия мен Шығыс Түркістан халықтарының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге үлкен үлес қосты. Қазақстандағы тарихи-географиялық зерттеулердің бастамасын Ш.Уəлихановтың еңбектерін зерделеуден, ғалымның ізденістеріндегі жəне зерттеулеріндегі мəселелерді қарастырудан бастап отырмыз. Əрине, осы уақытқа дейін Ш.Уəлихановтың өмірі мен шығармашылығы арнайы жəне тарихнамалық зерттеулерде орын алып келді [2; 252–264; 6; 528–533; 7; 9–77]. Бірақ оның еңбектерінің тарихнамасы тарихи-географиялық тұрғыдан арнайы түрде қарастырылған жоқ.
Ш.Уəлихановтың еңбектерін тарихи-географиялық тұрғыдан: біріншіден, Шығыс Түркістанның тарихи-географиялық мəселелері топтамасы; екіншіден, Орта Азияның тарихи географиясын анықтайтын еңбектер топтамасы; үшіншіден, Қазақстаннның тарихи географиясына қатысты мəселелер топтамасы. Шығыс Түркістанның тарихи географиясына келесі еңбектерін жатқызамыз:
- «Жоңғария очерктері»;
- «Ыстықкөл сапарының күнделіктері»;
- «Қытай империясының Батыс өлкесі жəне Құлжа қаласы»;
- «Қашғарға баратын жəне Алатау округіне қайтатын жолдың сипаттамасы»;
- «Алтышар жəне Нан-Лу қытай провинциясының алты шығыс қаласының (Кіші Бұқария) сипаттамасы» [8];
- «Географиялық сипаттамаға қосымша» — бұл зерттеуде Тянь-Шань, Болор, Куэньлунь арқылы өтетін жəне Қытайдың Батыс өлкесінің ішкі қатынас жолдарының сипаттамасы берілген [9; 125–137].
Екіншіден, Орта Азияның тарихи географиясын анықтауға болатын еңбектері:
- «Қырғыздар» («Орда тарихы», «Көне мұралар бөлімдері») [8];
- «Орта Азия хандықтары: Хиуа, Бұқара жəне Қоқан жəне олардың Ресейге қатынасы»;
- «Ресейдің Хиуамен қатынасы»;
- «Түркімендер туралы»;
- «Қатынас жолдары» (Орта Азиядағы қалалардың арасындағы қатынас жолдары берілген. —Ж.Ж.) [9].
Үшіншіден, Қазақстанның тарихи географиясына қатысты мəселелерді қарастыруға болатын еңбектері:
- «Қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың. — Ж.Ж.) молалары жəне көне ескерткіштері туралы» [7, 190–197];
- «Қырғыз (қазақ. — Ж.Ж.) шежіресі»;
- «Баянауыл округі туралы» [10; 307–312];
- «Абылай туралы»;
- «Қазақтардың көші-қоны туралы»;
- «Қарқаралы сыртқы округінің болыстықтарының қысқы көштері»;
- «Жұбан-ана мазары»;
- «Ресей империясының географиялық-статистикалық сөздігіндегі» мақалалары (оның ішінде қазақтар туралы мақаласы. — Ж.Ж.) [9].
Ш.Уəлихановтың еңбектерінен келесі тарихи-географиялық көрсеткіштерді, яғни:
- рулардың орналасуы, қоныстануына;
- қатынас жолдарына;
- тарихи-мəдени ескерткіштеріне байланысты мəліметтерді көре аламыз.
Мысалы, «Қырғыз шежіресі» жəне «Баянауыл округі» туралы зерттеулерінде қазақ ру-тайпаларының, оның ішінде Орта жүз қазақтарының территориялық орналасуы мəселелері қарастырылған [10; 148–166, 307–312]. «Абылай туралы» атты зерттеуінде 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақтардың қандай территорияларға орналасқаны, Абылайдың қырғыздарға жорығы туралы тарихи-географиялық мəліметтер [9; 111–116], «Қазақтардың көші-қоны туралы» зерттеуінде мал шаруашылығына байланысты мəселелер [9; 105–109], «Қарқаралы сыртқы округінің болыстықтарының қысқы көштеріне» байланысты деректер бар, онда Сарыарқа өңірінің жер-су атаулары берілген [9; 105–109].
Тарихи география саласы бойынша ең маңызды мəселелердің бірі — сауда жəне қатынас жолдарының сипаттамасы. Бұл Ш.Уəлиханов еңбектерінде жиі кездесетін мəліметтердің қатарын құрайды. Автордың еңбектерінің негізінде Қазақстандағы бірнеше сауда жəне қатынас жолдарын: мысалы, Семей қаласынан Қоқанға дейінгі, Семейден Шығыс Түркістанға, Құлжа қаласына, Қырғыздарға баратын қатынас жолдары берілген [9; 327–338]. Сонымен қатар жазбаларында Шығыс Түркістан мен Орта Азияның тарихи географиясы жан-жақты сипатталған [11; 232–266].
Ш.Уəлихановтың қазақ даласындағы тарихи-мəдени ескерткіштер туралы зерттеулері құнды [7; 190–197]. Мұнда, біріншіден, ескерткіштердің орналасуы, екіншіден, ескерткіштердің салынуы себептері, үшіншіден, ескерткіштердің сипаттамасы берілген.
Ш.Уəлихановтың түркітілдес халықтардың тарихы мен этнографиясына қатысты еңбектерін саралай отырып, тарихи-географиялық мəселелерді анықтаймыз. Мысалы, оңтүстік сібір тайпаларына жүргізген зерттеуінде рулардың тарихи кезеңдердегі қоныстануы мен орналасуы мəселелері қарастырылған [7; 294–304].
Ш.Уəлихановтың картографиялық мəліметтерді жинақтап, əрі зерттеген өңірлердің картасын сызып, жасалған карталарға қосымшалар енгізгені белгілі. Оған «Азия карталары туралы жазбалары» дəлел болады [9; 28–32]. Қолымен сызған карталарының көшірмелері сақталған, олар: Торғай даласы мен Құсмұрын округінің, Сырымбет тауы ауданындағы қазақтардың күзектері мен қыстауларының схемалық карталары жəне т.б. [7; 21, 25].
Бірінші кезеңге тəн тарихнамалық ерекшелік — тарихи-географиялық мəліметтердің көбіне сипаттамалық негізде болуы. Қазақстанның тарихи географиясының зерттелуі Ш.Ш.Уəлихановтың еңбектерімен байланысты. Ш.Ш.Уəлихановты тарихи географияның негізін салды деп айтуға болады.
Екінші кезең. Кеңестік дəуірдегі отандық тарихнамалық шолуда ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан Қазақстанның тəуелсіздік алған уақытына дейінгі жарияланған зерттеулер қарастырылды. Мұнда, біріншіден, тарихи зерттеулерді; екіншіден, археологиялық; үшіншіден, этнографиялық зерттеулерді қарастыру алға қойылды. Бұл кезеңнің өзін іштен бөлу тарихи географиялық-мəселелердің кеңінен қарастырылуынан туындады.
Тарихи зерттеулердегі тарихи география мəселелері. Тарихи іздену М.Тынышпаевтың зерттеулерінен көрінеді. М.Тынышпаевтың қазақ тарихына қатысты еңбектері Қазан төңкерісінен кейін жарық көрді. М.Тынышпаев тарихи еңбектері тарихи-географиялық материалдарға бай. Оның ішінде «Қырғыз-қазақ халқының тарихының материалдары» деп аталатын ең басты еңбегінде қазақ халқының этникалық құрамын, рулардың шығу тегін, қысқаша тарихын жəне таралуы мен орналасуын қарастырды [12; 67–155]. Мұндағы Қазақстанның тарихи географиясы үшін ең маңыздысы — қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың орналасқан территория көрсетілген. Автор ру-тайпалардың қоныстануын тарихи кезеңдерге шолу жасай отырып зерттеген.
Белгілі ғалым, көрнекті шығыстанушы Б.Е.Көмеков отандық тарихнамада тарихи география саласына қомақты үлес қосты. Ол алғаш рет араб жазба деректерінің негізінде ерте орта ғасырлардағы қимақ мемлекетінің тарихын жазды [13; 1972]. Автор қимақ тайпаларының этникалық территориясын, олардың кейінгі қоныстануын жəне мемлекетінің шекарасын анықтау қажеттілігін алға қойып, деректерді талдау барысында сауда жолдарының, мұсылман географиялық əдебиеттеріндегі қимақ елінің сипаттамасы ерекше маңызды екендігін атап көрсетеді [13; 48].
Тарихи география тұрғысынан ең маңыздысы:
- қимақ еліне баратын жолдар (Тамим ибн Бахр маршруты, Гардизи маршруты, əл-Идриси бойынша);
- қимақтардың қоныстануы жəне орналасуы (ІХ–ХІ ғасырларда);
- қимақ елі əл-Идриси мəліметтері бойынша қарастырылады.
Автор осы еңбекте отандық тарихи географиялық зерттеулердің бағытын жəне жүргізілу деңгейін анықтап берді. Отандық тарихи-географиялық ізденістер, əсіресе орта ғасырлар кезеңіне бағытталған зерттеулер жазба деректердің негізінде жүргізілуі шарт. Автордың араб-парсы деректерін талдауының негізінде Ұлы Жібек жолынан солтүстік бағытта жүретін сауда жолдарының ІХ ғасырда қандай жерлермен өтетіндігі анықталып, ол жолдардың ХІХ ғасырда қазақ қоғамында пайдаланып келгендігі көрсетіледі [13; 48–53].
Б.Е.Көмеков алғаш рет ортағасырлық араб тарихшысы əл-Идрисидің «Нузхат ал-муштак» атты туындысындағы Қазақстан тарихына қатысты мəліметтерді талдайды. «Нузхат ал-муштактың» тоғызыншы бөлімінде қимақтар мен қарлұқтар елі сипатталады. Автор қимақ еліне баратын жолды жəне əл-Идриси сипаттамасындағы жер-су атауларының қазіргі қай географиялық объектілерге сəйкестігін анықтайды [13; 68–87]. Мысалы, Б.Е.Көмековтың зерттеуі арқылы əл-Идриси сипаттамасындағы Гамаш өзенінің — Ертіс, Дардан тауының — Жоңғар Алатауы, Гаган көлінің — Алакөл су жүйесі екендігі жəне т.б. белгілі болып, Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихи географиясынан мол мəлімет берілді.
Əл-Идрисидің еңбегіндегі тарихи географиялық мəліметтерді талдауды Б.Е.Көмеков қарлұқ елінің орналасуына байланысты ғылыми зерттеуінде жалғастырды [14; 5–11]. Автор əл-Идрисидің «Сурат ал-ард» («Əлемнің атласы») картасындағы қарлұқтардың орналасуына талдау жасайды.
«Сурат ал-ард» картасы əл-Идрсидің «Нузхат ал-муштак» еңбегімен байланыста қарастырылады. Б.Е.Көмеков картадағы қарлұқтар туралы мəліметтердің «Нузхат ал-муштак» мəтінімен салыстырғанда көп болуын анықтап, картаның шығарма мəтінінен кейін жасалғаны туралы пікір айтады [5]. Сонымен қатар əл-Идрисидің «Нузхат ал-муштак» еңбегіндегі қимақтар мен қарлұқтарға қатысты мəліметтердің аудармасы берілген [15; 12–19]. Бұл ерте орта ғасырлардағы Қазақстанның тарихи географиясын зерттеуге жасалған үлкен мүмкіндік.
Б.Е.Көмековтың қыпшақтар тарихына қатысты араб жəне парсы деректеріне ғылыми талдау жасауында тарихи география мəселесі бойынша құнды мəліметтер кездесетін дерек көздерін ерекшелеген [16]. Мысалы, ғылыми-аналитикалық шолуда, ибн əл-Факихтің еңбегінде үлкен тарихи-географиялық материал келтірілгені немесе ерте ортағасырлардағы Қазақстанның тарихи географиясы бойынша құнды мəліметтер араб географы əл-Масуди еңбегінен табуға болатындығы айтылады [16, 6–8]. Осы шолудан ортағасырлық араб-парсы деректерінің тарихи-географиялық сипаттамаларға негізделгенін көруге болады.
Б.Е.Көмековтың зерттеулеріндегі тарихи география мəселелері Қазақстанның ерте орта ғасырлар тарихына байланысты жəне жазба деректерге негізделген болып табылады. Сонымен қатар Б.Е.Көмековтың зерттеулері Қазақстан тарихнамасында алғаш тарихи-географиялық мəселелерді ғылыми негізде көтерді жəне осы ғылыми бағытты қалыптастырды.
Белгілі түрколог, шығыстанушы ғалым Ю.А.Зуевтың еңбектерінде Қазақстанның тарихи географиясына байланысты бірнеше мəселелер қамтылған. Оның үйсіндердің этникалық тарихын саралауға арналған зерттеуінде [17; 5–23] қытай деректерінің негізінде үйсіндердің ежелгі дəуірлердегі мекен еткен жерлері анықталған. Үйсіндердің бастапқы кезде Аньдин-Пинлян (Қарағалы өзені) деген жерді мекендеп, IV ғасырдың соңында Цинь мемлекетінің Лунси, Бэйди жəне Шанцзюнь облыстарын басып алғаннан кейін батысқа қоныс аударғаны айтылады [17; 14]. Сонымен қатар Ю.Зуевтың Орта Азия жəне Қазақстан территориясын мекендеген түркі-монғол тайпаларының тарихы мен этнографиясын зерттеуде маңызды болып саналатын қытайдың «Танхуйяо» тарихи шығармасының «Тамги лошадей вассальных княжеств» деп аталатын бөлімінің аударамасы жəне оның түсініктемелері ортағасырлардың тарихи географиясы үшін маңызды [18; 93–130]. Онда ерте ортағасырлардағы түркі тайпаларының қоныстану территориялары көрсетілген.
Сондай-ақ Ю.А.Зуевтың қазақтардың үштік (триалды) жүйесінің қалыптасуын анықтауға бағытталған зерттеуінде тарихи-географиялық мəселелер қамтылған. Қазақ халқының Орта жүз рулық бірлестігіне жататын тайпалардың орта ғасырларда орналасуы мен қоныс аудару бағыттарын анықтай отырып, осы үрдістің нəтижесінде бірнеше ру-тайпалардың Орта жүзге бірігуін көрсетеді [19; 63–78].
Қазақстандық шығыстанушы, көрнекті ғалым В.П.Юдиннің еңбектері отандық тарихнамада ерекше орын алады. Оның «Орды: Белая, Синяя, Серая, Золотая» зерттеуі Қазақстанның тарихи- географиясының мəселесіне арналған [20; 106–165]. Автор Қазақстанның ортағасырлық тарихынан орын алып отырған Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда тəрізді саяси құрылымдардың пайда болуы мен қалыптасуына, олардың айырмашылықтарына талдау жасайды. Мұнда тарихи географиялық тұрғыдан ең маңыздысы, саяси бірлестіктердің қалыптасуынан бастап қандай территорияларды қамтуын анықтауы болып табылады. Автор «Шыңғыснаме» мəліметтеріне сүйене отырып, Жошы ұлысының батыс бөлігінде, Польшамен шекаралас территорияда Шайбанның иелігінің болғанын жəне оның Боз Орда аталғанын көрсетеді [20; 128]. Бұл ортағасырлық тарихи география үшін маңызды дерек. Сонымен қатар В.П.Юдин Мамай, Мұрат, Қырым жəне тағы басқа Қазақстанмен шекаралас территориялардағы саяси бірлестіктерді де қарастырды [20; 154]. Көшпелі бірлестіктердің географиялық орналасуына байланысты аталуы да ерекше қызығушылық туғызады. Мысалы, Жембойлық Ордасының атауы «Жем өзенінің бойы» деген ұғымнан туындағанын айтады [20; 161]. Сондай-ақ В.П.Юдиннің Моғолстан территориясын мекендеуші тайпалардың орналасуын зерттеу тəжірибесі де өте маңызды болып табылады [21; 72–82].
Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеу дəстүрі тарихшы С.М.Ахынжановтың еңбегінде жалғасын табады [22]. С.М.Ахынжановтың ортағасырлардағы қыпшақтардың тарихын зерттеуінде бірнеше тарихи-географиялық мəселелер көтерілген. Біріншіден, автор IX–XI ғасырлардағы қимақ-қыпшақ тайпаларының қоныстануы мен орналасуы мəселесін қарастырады. Автордың анықтауы бойынша, VIII ғасырда қимақ тайпаларының қоныстану ареалы Ертіс өзенінің алқабы мен Орталық Қазақстан территориясы болды. Одан кейін автор, Гардизи мəліметтеріне сүйене отырып, қимақтардың IX ғасырда өз территориясын кеңейіткенін, Орталық Қазақстанды мекендеуші қыпшақ тайпаларын бағындырғанын жазады [22; 155–156]. Х ғасырдағы оғыздар мен қимақтардың территорияларының шекарасы Ұлытау тауы мен Кеңгір өзені арқылы өткенін көрсетеді [22; 161]. Сонымен қатар автор ортағасырлық жазба деректердің негізінде, қимақ еліне баратын сауда жолдарына да тоқталады. IX–X ғғ. мəліметтер бойынша, қимақ-қыпшақ тайпаларына баратын нақты екі жолдың болғанын, оның біріншісі шығыс бағытта — Тараздан басталатынын, екіншісі батыс бағытта Отырардан басталатынын анықтайды [22; 180]. С.М.Ахынжанов уран жəне кай атауларынан қалыптасқан топонимдердің пайда болуы себептерін де қимақ-қыпшақ тайпаларының қоныстануы мен қоныс аударуынан туындағанын жазады [22; 126–134].
XV–XVI ғғ. Қазақстан тарихына байланысты тарихи-географиялық мəселелер А.Исиннің қазақ-ноғай қарым-қатынастарына арналған зерттеуінде қарастырылған [23]. Автор тарихи- географиялық бағыттағы бірнеше тақырыптарды қозғайды:
- Қазақ хандығы жəне Ноғай Ордаларының этникалық құрамы мен көшпелілердің қозғалысының кезеңдері;
- Қазақ хандығы жəне Ноғай Ордаларындағы шаруашылық түрлері мен сауда;
- 1568 жылғы Хақназар ханның Ноғай Ордасына жорығы [23].
Кеңестік кезеңдегі отандық зерттеулердегі тарихи география ру-тайпалардың орналасуы мен қоныс аудару мəселелерін анықтауға бағытталған. Тарихи география мəселелері көтерілген зерттеулер көбіне Қазақстан тарихының ортағасырлық кезеңіне арналған.
Археологиялық зерттеулердегі тарихи-географиялық мəселелер. Қазақстан археология- сының жетістіктері бірінші кезекте Ə.Х.Марғұланның есімімен байланысты. Ə.Х.Марғұлан ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның көне дəуірі жəне орта ғасырлар тарихын зерттеумен шұғылданды. Соғыстан кейінгі жылдардан бастап ұзақ уақыт бойы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмысын жүргізді. Археологиялық зерттеулердің негізгі бағыттарын анықтауда Ə.Х.Марғұлан ортағасырлық қалаларды зерттеудің маңыздылығын көрсетті [24]. Ғалым Іле өзені бойындағы жəне Орталық Қазақстандағы қалалар мен қоныстардың жартылай отырықшы сипатта болғандығын жəне көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты екендігін жаза отырып, ежелгі Қазақстандағы отырықшылық пен көшпелі мал шаруашылығының өзара байланысын анықтау қажеттілігін айтты [24; 5]. Қазақстанның архитектуралық ескерткіштерінің көпшілігінің қирау мен құрып кету қауіпі болғандықтан, оларды зерттеу археологияның маңызды мəселесі болып табылатындығын айтады. Сол кездің өзінде Қазақстанның археологиялық картасының қажеттілігін, археологиялық карта жасау үшін толық мəліметтер жинақтау керектігін көтерген болатын [24; 9].
Ə.Х.Марғұланның тарихи зерттеулерінде де тарихи-географиялық мəселелер қамтылған. Мысалы, «К вопросу о социальной структуре тарханных грамот и пайзе» зерттеуін алар болсақ, онда ХІІІ ғасырлардан бастап қалыптасқан «жем қызметі» (ямская. — Ж.Ж.) баяндалады [25; 8]. Мұндай хандардың жарлықтарын таратуға арналған қатынас қызметі кейінгі орта ғасырларға дейін сақталып тұрған. Əрине, автор негізінен Алтын Орда дəуіріне қатысты мəселелермен шектеледі.
Ə.Х.Марғұланның Бетпақ дала арқылы өтетін керуен жолдарын анықтауға арналған зерттеуі нақтылы тарихи-географиялық мəселе болып табылады [26; 16–30]. Бұл тарихи-географиялық зерттеудің негізінде Бетпақ дала арқылы орта ғасырларда, тіпті XIX ғасырға дейін керуендер жүріп, саудагерлердің қатынасы болғанын көруге болады. Бетпақ даланың шығысында Хан жолы, Қарқаралы жолдарының XIX ғасырда толыққанды қатынас жолы болғандығы айталады [26; 17–19]. Бұл зерттеуде Бетпақ дала арқылы өтетін керуен жолдарының маршруттары беріліп, олардың əр уақытта оңтүстік қалаларды солтүстік облыстармен байланыстырып тұрғандығы көрсетілген. Автор ортағасырлық деректерді, ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілерінің материалдарын байланыстыра отырып, Бетпақ дала арқылы өтетін сауда маршруттарын нақытылы көрсете алған. Автордың көп жылғы экспедициялық зерттеулер барысында тақырыпта сипатталып отырған маршруттармен тікелей таныс болуы да өз септігін тигізгені сөзсіз. Себебі аталмыш маршруттардың аса дəлдікпен баяндалуы онымен тікелей таныс болмаған жағдайда мүмкін емес.
Қазақстанның ортағасырлық қалаларының зерттелуі отандық археологияның маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл салада Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларын зерттеуде белгілі археологтар Ə.Х.Марғұлан, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович тəрізді ғалымдар көп үлес қосты.
К.М.Байпақов пен Л.Б.Ерзакович «Древние города Казахстана» атты ғылыми-көпшілік еңбегінде археологиялық зерттеулердің нəтижесінде анықталған қалалардың тарихына шолу жасайды [27].
К.М.Байпақовтың зерттеулерінде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның тарихи-географиялық аудандастыру мəселесін қарастырылады [28]. Автор Арал теңізінен Алакөлге дейінгі аралық бір тарихи-географиялық облысты құрайтынын көрсетіп, онда Оңтүстік Қазақстан, оңтүстік-батыс Жетісу (Талас жəне Шу алқабы), солтүстік-шығыс Жетісу (Іле алқабы) аудандарын ерекшелейді [28; 6]. Автор тарихи географияның міндетін ортағасырлық авторлар көрсеткен қалаларды нақты ескерткіштермен байланыстыру деп біледі [28; 6]. Зерттеуде Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық Испиджаб, Қараспан, Йаканкент, Кедер, Карачук, Карнак жəне тағы басқа қалалардың орналасуын анықтайды [28; 9–11]. Автор жазба деректедегі аталатын қалалардың Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудағы 90 пайызының анықталғанын жазады [28; 11].
Археологиялық зерттеулердегі тарихи география үшін маңыздысы, ортағасырлық қалалардың орналасу мəселесі болып табылады.
Этнографиялық зерттеулердегі тарихи-географиялық мəселелер. Қазақстандағы этногра- фиялық зерттеулердің ішінде де тарихи-географиялық зерттеулер болды. Оның ішінде бірінші кезекте танымал этнографтар, апалы-сіңілі Б.Х.Қармышева, Дж.Қармышевалардың Қазақстанның тарихи географиясын зерттеуге арналған «Арқа жұрт дегеніміз не?» ғылыми мақаласын айтуға болады [29; 108–114]. Авторлар халық арасындағы «Арқа» ұғымының географиялық мағынасын анықтауға талпыныс жасайды. Қазақстанның орталық, шығыс жəне солтүстік бөліктерін Арқа атайтыны туралы ғылыми айналымға Қ.Халид мəліметтерін енгізеді [29; 110]. Мұндай тарихи- географиялық атаудың қалыптасуының кезеңін анықтауда ғалымдар Əбілқайыр ханның «көшпелі өзбектер мемлекетінің» уақытынан бастау алады деген тұжырымға келеді [29; 111].
Қазақстан этнографиясындағы маңызды еңбектердің бірі — В.В.Востров, М.С.Мұқанов XIX жəне XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтардың ру-тайпалық құрамы мен олардың қоныстану жерлері туралы зерттеуі [30]. Авторлар қазақ жүздерінің ру-тайпалық құрамына тоқтала отырып, ХІХ ғасырдың соңынан бастап, жаңа əкімшілік-территориялық жүйеге сəйкес олардың қоныстанған жерлерін сипаттайды. Мұнда ру-тайпалардың қоныстану мəселесі ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласында жерді пайдалануды анықтау мақсатында жүргізілген экспедиция материалдарының негізінде көрсетіледі.
Белгілі этнограф М.С.Мұқановтың зерттеуі қазақтардың этнотерриториясын анықтауға бағытталған жəне онда тарихи география үшін маңызды мəселелер көтерілген [31]. Еңбек негізінен XVIII–XX ғасырдың басы аралығын қамтығанымен, онда қазақтардың XVIII ғасырға дейінгі этникалық территориясының қалыптасуына да шолу жасалады [31; 3–7]. Автор қазақ жүздерінің территориялық орналасуын көрсете отырып, ондағы рулардың қоныстанған жерлерін де сипаттайды. Қазақ руларының XVIII ғасырдың соңынан бастап қоныстануы нақтылы географиялық территорияларда көрсетіліп жəне олардың сандық көрсеткіштері де берілген [31; 12–16]. Сонымен қатар ХІХ ғасырдағы Ресей империясының қазақ даласында жүргізген əкімшілік-территориялық реформаларының қазақ руларының қоныстануына əсері де талданады [31; 16–29]. М.С.Мұқановтың зерттеуі бірнеше тарихи-географиялық мəселелерді шешуге бағытталған деп айта аламыз. Онда негізгі мəселелер ру-тайпалардың қоныстануы мен орналасуы жəне ішкі əкімшілік-территориялық бөлініс көрсеткіштері тарихи-географиялық мəселелердің ауқымына жатады. Əрине, бұл еңбек автордың В.В.Востровпен бірлесе жүргізген зерттеуін қайталайды.
Екінші кезеңнің тарихнамасының негізгі ерекшелігі — бұл аралықта отандық тарихнамада ғылыми тұрғыдағы тарихи-географиялық зерттеулердің пайда болуы. Осы кезеңде отандық тарих, археология жəне этнография салалары жаңа зерттеулермен толықты. Б.Е.Көмеков, Ю.А.Зуев, В.П.Юдин, С.М.Ақынжанов, К.М.Байпақов тəрізді ғалымдардың зерттеулері нақтылы тарихи- географиялық мəселелерді шешуге бағытталды.
Үшінші кезең. Бұл кезеңнің тарихнамасы Қазақстанның тəуелсіздік жылдарындағы зерттеулерді қамтиды. Бұл кезеңнің тарихнамасы тақырыптық, теориялық жəне методологиялық жаңашылдығымен ерекшеленеді. Бұрыннан зерттелмеген тың тақырыптар, жеткілікті деңгейде зерттелмеген мəселелер жаңадан көтерілді. Кезеңдегі зерттеулер өте ауқымды, бірақ бірнеше зерттеулерге шолу ұсынылмақ.
Н.Шаяхметовтың зерттеулері Қазақстанның тарихи географиясының бағыттарын анықтау мен əдіс-тəсілдерін дамытуға бағытталған. Автор отандық зерттеулерде «кенже қалып отырған салалардың бірі — тарихи география» екенін айта отырып, оның себептерін ашқан [32; 75–76]. Автор ғылыми саланың маңыздылығына тоқтала келіп, бес түрлі қажеттілігін айқындайды: 1) «Тарихи география» мамандығы бойынша мамандар даярлау; 2) «Елтану» мамандығындағы тарихи-географиялық өлкетану бағытын жүргізу; 3) көршілес елдермен мемлекетаралық шекарамыздың мəселелерін анықтау; 4) тақырыптық карталарды толықтыру; 5) жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету [32; 75–76]. Сондай-ақ автор «картографиялық əдістің тарихи географиядағы жетекші əдіс болып қала беретінін» жəне электронды карталар жүйесін жасаудың маңызын көрсетеді [33].
Сондай-ақ А.Ш.Алтаев пен Г.Н.Ксенжиктің зерттеулерінде тарихи география мəселесі қазақ даласындағы XVIII–XIX ғғ. бекініс шептерінің ұйымдастырылуына жəне орналасуының тарихи географиясына, ХІХ ғасырдағы əкімшілік-территориялық бөлініс жəне басқару мəселесін анықтауға арналған [34].
Тəуелсіздік алғаннан бергі жылдарындағы тарихи география саласына деген бетбұрыс байқалады. Əрине, бұл түбегейлі өзгеріс емес. Отандық зерттеушілер тарапынан тарихи- географиялық зерттеулердің маңыздылығы мен қажеттілігі алға қойылып отыр.
Əдебиеттер тізімі
- Дахшлейгер Г.Ф. Историография Советского Казахстана. — Алма-Ата: Наука, 1969. — 191 с.
- Масанов Э.А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. — Алма-Ата, 1966. — 323 с.
- Ахметова С.Ш. Историческое краеведение в Казахстане. — Алма-Ата: Казахстан, 1982. — 168 с.
- Вопросы историографии Казахстана / Под ред. Б.А.Тулепаева. — Алма-Ата: Наука, 1983. — 256 с.; Вопросы историо- графии и источниковедения Казахстана: дореволюционный период. — Алма-Ата: Наука, 1988. — 264 с.
- Яцунский В.К. Историческая география как научная дисциплина // Вопросы географии. Историческая география СССР: Сб. двадцатый. — М.: Гос. Изд-во геогр. лит., 1950. — 356 с.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): Бес томдық. — 3-т. — Алматы: Атамұра, 2002. — 768 б.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений: В пяти т. Т. 1. — Алма-Ата: Гл. ред. казахской сов. энцикл., 1984. — 432 с.
- Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения / Под ред. акад. АН Казахской ССР А.Х.Маргулана. — Алматы: Казахское гос. изд-во худ. лит., 1958. — 643 с.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений: В пяти т. — Т. 4. — Алма-Ата: Гл. ред. казахской сов. энцикл., 1985. — 462 с.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений: В пяти т. — Т. 2. — Алма-Ата: Гл. ред. казахской сов. энцикл., 1985. — 416 с.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений: В пяти т. — Т. 3. — Алма-Ата: Гл. ред. казахской сов. энцикл., 1985. — 416 с.
- Тынышпаев М. История казахского народа / Сост. авт. предисл. проф. А.С.Такенов и Б.Байгалиев. — Алма-Ата: Қазақ ун-ті, 1993. — 224 с.
- Кумеков Б.Е. Государство кимаков IX–XI вв. по арабским источникам. — Алма-Ата: Наука, 1972. — 150 с.
- Кумеков Б.Е. Расселение карлуков по карте ал-Идриси (ХІІ в.) // Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории). — Алма-Ата: Наука, 1981. — 192 с.
- Кумеков Б.Е. Сообщение ал-Идриси (ХІІ в.) о стране кимаков и карлуков // Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории). — Алма-Ата: Наука, 1981. — 192 с.
- Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VIII–XIV: Науч.-аналит. обзор / Авт. науч.-аналит. обзора Б.Е.Кумеков. — Алма-Ата: Наука, 1987. — 42 с.
- Зуев Ю.А. К этнической истории усуней // Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана. — Алма- Ата: Изд-во АН Казахской ССР, 1960. — 220 с.
- Зуев Ю.А. Тамги лошадей из вассальных княжеств // Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана. — Алма-Ата: Изд-во АН Казахской ССР, 1960. — 220 с.
- Зуев Ю.А. Историческая проекция казахских генеалогических преданий: (К вопросу о пережитках триальной организации у кочевых народов Центральной Азии) // Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории). — Алма-Ата: Наука, 1981. — 192 с.
- Юдин В.П. Орды: Белая, Синяя, Серая, Золотая // Казахстан, Средняя и Центральная Азия в XVI–XVIII вв. — Алматы: Наука, 1983. — 192 с.
- Юдин В.П. Центральная Азия в XIV–XVIII веках глазами востоковеда. — Алматы: Дайк-Пресс, 2001. — 384 с.
- Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. — Алматы: Ғылым, 1999. — 296 с.
- Исин А. Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине XV–XVI в. — Семипалатинск: Тенгри, — 139 с.
- Маргулан А.Х. Некоторые итоги и перспективы археологического изучения Казахстана // Известия АН Казахской ССР. Сер. археол. — Вып. 1. — 1948. — С. 3–9.
- Маргулан А.Х. К вопросу о социальной структуре тарханных грамот и пайзе // История материальной культуры Казахстана. — Алма-Ата: Изд. КазГУ, 1980. — 120 с.
- Маргулан А.Х. Мир казаха. — Алматы: РИЦ «IDK-TIPO», 1997. — 57 с.
- Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древние города Казахстана. — Алма-Ата: Наука, 1971. — 212 с.
- Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья в VI – начале XIII в. (динамика и основные этапы развития): Автореф. ... д-ра ист. наук. — М., 1985. — 48 с.
- Кармышева Б.Х., Кармышева Дж.Х. Что такое Арка-юрт (к исторической географии Казахстана) // Ономастика Восто- ка. — М.,
- Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец XIX – начало XX в.). — Алма-Ата, 1968. — 256 с.
- Муканов М.С. Этническая территория казахов в XVIII – начале XX веков. — Алма-Ата: Казахстан, 1991. — 64 с.
- Шаяхметов Н. Тарихи географияның тағдыры қиын // Қазақ тарихы. — 2006. — № 3. — 75–77-б.
- Шаяхметов Н. Тарихи-географиялық зерттеулерде геоинформатика əдісін қолдану // Қазақ тарихы. — 2007. — № 6. — 8–10-б.
- Алтаев А.Ш., Ксенжик Г.Н. Историческая география расположения и устройства укрепительных линий в казахской степи в XVIII–XIX вв. // Вестн. КазНУ. — Сер. истор. — № 1 (44). — — С. 31–34; Алтаев А.Ш., Ксенжик Г.Н. Историческая география административно-территориального деления и управления Сибирской степи в XIX в. // Вестн. КазНПУ им. Абая. — Сер. «Исторические и социально-политические науки». — 2007. — № 1 (12). — C. 50–54.