Биыл өзінің ширек ғасырлық табысты белесін атап отырған тəуелсіз Қазақстанның жас мемлекетінің қалыптасу, өсіп, өркендеу жолындағы қарышты қадамы, ауқымды істері, толымды табыстары қоғамдық-саяси ортаны да, ғылыми ортаны да қызықтыруда. Мақалада қазақ мемлекетінің 25 жылдық белестеріне шолу жасалып, жеткен жетістіктері айтылған. 25 жылдық тарихи кезеңде жас қазақ мемлекеті өзінің мемлекеттік шекарасын бекемдеді, көрші елдермен оны ратификациялау өзара түсіністік негізінде жүргізілді. Тəуелсіздіктің бастапқы кезеңінен бастап-ақ Қазақстан өзінің жаңа, демократиялық принциптерге негізделген мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Осы жылдары еліміздің құқықтық іргетасын нығайтқан екі бірдей Конституция қабылданды. Социалистік тоталитарлық экономикадан бас тартқан тəуелсіз Қазақстан нарықтық экономикаға көшудің алғашқы қиындығын жеңе отырып, əлемдік деңгейдегі бəсекеге қабілетті елдердің қатарына ену туралы стратегиялық жоспарды табысты жүзеге асыруда.
2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы тойланбақ. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты əрі құнды мереке болмақ. Тəуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, əлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Осы кезең ішінде не тындырдық? 25 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай? Биыл осы сұрақтарға жауап беретін, өткен жылдарға қорытынды жасап, Мəңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек, қателеспейміз.
Осы орайда, 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тəуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл — тəуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сəт. Тəуелсіздікті баянды ету оған қолжеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге əлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», — деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды.
Тəуелсіздіктің алғашқы нышаны 1920–1950 жылдарда қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен қайраткерлерді ақтаудан басталды. Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев сынды көптеген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерін ақтауға жəне олардың мұраларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берілді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Жоғары Кеңесі «Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданды. Бұл тарихи құжат еліміздің тəуелсіздігіне жасалған маңызды қадам болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тəуелсіздігі жарияланды [1; 133].
Тəуелсіз Қазақстан Республикасының алдында үлкен міндеттер қойылды. Олар — елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, елдің ішінде көпұлтты халықтардың бірлігін сақтауға барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Қазақстанның бейбітсүйгіштік саясаты тəуелсіздіктің бастапқы кезеңінен-ақ байқалды.
Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудың алғашқы қадамы 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабудан басталды. Семей полигонын толығымен құрту үшін Қазақстан мемлекетінің ядролық қару орталығы Америка Құрама Штаты үкіметімен 5 жыл жұмыс істеді. АҚШ үкіметі Семей полигонын жарып құртуға 172 млн долл. беріп көмектесті. 1995 жылы Қазақстан шын мəнісіндегі ядролық қарусыз мемлекетке айналды [2; 337].
Мемлекеттік рəміздер — бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба жəне Мемлекеттік Əнұран мемлекеттік рəміздер болып табылады.
Н.Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» жəне «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Əнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойды.
1993 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік шекара туралы» Заң қабылдады. Бүгінгі таңда Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан Республикалармен шекараны межелеу мəселесі толығымен реттелді. Шекараның ұзындығы Қырғызстанмен шамамен 1242 шақырым, Түркіменстанмен — 426 шақырым, Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайды [2; 160].
1992 жылдың басында Н.Ə. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаңа Конституцияның жобасын əзірлеу үшін «Конституциялық комиссия құру туралы» Қаулы қабылдады.
Конституция мазмұны «Мемлекеттік тəуелсіздік туралы» Заңның ережелері мен ұстанымдарына сəйкес айқындалды. Ол 4 бөлім жəне 21 тараудан тұрды. Қазақстанның толыққанды мемлекеттік тəуелсіздігін конституциялық-құқықтық тұрғыдан рəсімдеу 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының алғашқы Конституцияның қабылдануымен жүзеге асты.
Бірақ іс жүзінде 1993 жылғы қабылданған Конституциянның Қазақстандағы шынайы əлеуметтік-экономикалық жəне саяси үдерістерден алғашқы мемлекет тұрғындарының тіл мəселесі, меншік нысандары, жерге, азаматтыққа, мемлекеттік сипатына қатысты сəйкессіздіктерін туындатты. Негізгі Заңда атқарушы жəне заң шығарушы биліктердің арасындағы келіспеушіліктерді шешетін тетіктер болмады. Əсіресе мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы қайшылық күшейе түсті. Осы себептерге байланысты 1993 жылғы Конституцияны қайта қарау жəне жаңа Конституцияның қажеттілігі туралы пікір туындады. 1993 жылғы Конституцияда жазылған құқықтық мемлекетті құруға бағытталған əрекеттерді жүзеге асыру мақсатында 1994 жылы елімізде құқықтық реформалардың бағдарламасы қабылданды [2; 131].
Жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің қайшылықсыз дамуын, елдің азаматтарының ұлтына қарамастан, ертеңгі күнге деген сенімділігін орнықтыруды, қазақстандық патриотизмді нығайтып, заңды орындау жəне сайлау мəдениетін негіздеуі керек болды.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқының жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Конституция негізінде құқықтық мемлекетке бастау болған демократиялық дамуды бекіткен конституциялық заңдар қабылданды. Мемлекеттік-құқықтық жүйені түбегейлі өзгерткен реформалар жүргізіліп, қазіргі мемлекетті басқару жүйесі қалыптасты [3; 49].
Тəуелсіздіктің алғашқы жылдары білім саласында жан ауыртар жайсыз жағдайлар орын алды. 1997 жылы республикада 229 шағын комплектілі мектептер жабылды. Осындай дағдарысты жағдайға қарамастан, Қазақстан Республикасы білім саласына үлкен маңыз берді. Себебі елдің өсіп-өркендеуі, өркениетті өмірден өзіндік орын алуы оның ұлттық білім деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты.
Білім реформасы 1991 жылдан бері бірнеше кезеңде жүріп жатыр. Атап айтқанда:
- реформаның бірінші кезеңі 1991–1993 жылдарды қамтыды. Тəуелсіз Қазақстанның білім жүйесінің құқықтық негізін қалыптастыру, оны заңдық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» Заңдар қабылданды;
- 1993–1996 жылдарды қамтыған екінші кезең, білім жүйесінің тұжырымдамалық- бағдарламалық тұрғыдағы жаңару кезеңі. Білім берудің əр саласын қамтыған 18 тұжырымдама жасалды. Білім саласындағы мемлекеттік саясат Концепциясы, Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім Концепциясы бекітілді. 1993 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ə. Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы белгіленген. 1994 жылы алғаш рет 187 қазақстандық студент АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция елдерінің жоғарғы оқу орындарына барып білім алды;
- 1996–1997 жылдарды қамтыған үшінші кезеңде басқару мен қаржыландыру жүйесі жетілдірілді. Оқу орындарын ғылыми-əдістемелік тұрғыда қамтамасыз етіп, жаңа оқулықтар, оқу əдебиеттерін дайындаумен айналысатын Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы ұйымдастырылды;
- 1998–2000 жылдарды қамтыған төртінші кезең — білім жүйесін тұрақтандыру жəне оның дамуының стратегиялық бағдарлану кезеңі.
Білім берудің бүкіл жүйесін одан əрі ақпараттандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қазақстан Республикасының бастауыш жəне орта кəсіптік білім беретін оқу орындарын ақпараттандыру бағдарламасын» бекітіп, «2002–2004 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру тұжырымдамасын» мақұлдады.
Қазір Қазақстандағы мектептердің 3716-сы, немесе 45,2 %, ұлттық мектептер. 2073-і қазақ жəне орыс тілдерінде білім беретін аралас мектептер. Біздіңше, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бір ғана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ұлттық мектепке, ондағы білім мазмұны мен сапасына айтарлықтай маңыз берілуде [2; 257].
2009 жылы, Əлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан, Қазақстан жан-жақты даму саясаты бойынша алға басты. Республикада ислам банкинг жүйесін енгізуге бағытталған заң жобалары қабылданып, тиімді қаржы құралдарын қолдануға шарттар жасалынды. Қазақстан екі онжылдық бойы халықаралық аренада сенімге тұрарлық мемлекет құрып келе жатқандығымен сипатталды. Мемлекет соңғы бірнеше онжылдықтар ішіндегі ең күрделі əлемдік дағдарыстың экономикаға кері жерін тигізіп отырған қиын жағдайында батыл шараларды қолға алып, іске асырды. Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы нысандарын, көліктік жəне əлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, жұмыссыздықпен күрес жəне халықты əлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыстарды күшейту, жұмыс берушілермен жасасқан үшжақты меморандумдар мен келісімдердің орындалуына үнемі мониторинг жүргізіліп отырды. Шағын жəне орта бизнесті қолдаудың маңыздылығына көңіл бөлінуі күшейе бастады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту жəне барлау қызметін одан əрі жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жүйелендіруге, оны халықаралық норма меп стандарттарға үйлестіруге, ұлттың медициналық мəртебесін, азаматтарға сапалы медициналық көмек жəне медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында бағытты саясат атқарылды. Мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіруге, оның пайда болуына байланысты жауапкершілікті күшейту жəне алдын алу шаралары маңызды мəселелердің бірі болып табылды [4; 205].
2014 жылы Астана күні қарсаңында Елордада жаңадан салынған Ұлттық музей ашылды. Салтанатты ашылу рəсіміне қатысқан Н.Назарбаев: «Бұл — заманауи сəулеттің үздік туындысы, ол қалалық ландшафтты өзінің бірегейлігімен толтырады», — деп атап өтті.
Елбасы Астана қаласының белсенділерімен кездесу кезінде 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіні жайлы мəлімдеді. Президент Н.Назарбаев: «Керей мен Жəнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрып, қазақ мемлекеттілігінің негізін салды. Бəлкім, ол бүгінгі түсініктегі мемлекет болмаған шығар, бірақ ешқандай мемлекет дəл бүгінгі күйінде құрылмады. Басты нəрсе, сол кезде негіз қаланды жəне біз ата-бабамыздың салған ізінің жалғастырушысымыз», — деп атап өтті.
2014 жылдың ең негізгі саяси оқиғасы атанған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Президент əлем дағдарыс салдарынан жаһандық сынақ уақыты болатынын атап өтіп, осындай қиын кезеңнен тиімді шығудың тетіктерін жариялады. Нақтырақ айтқанда, тəуелсіз тарихымызда екінші рет Ұлттық қор қаражаты ел мүддесі үшін жаратылатын болып шешілді. Осы жылдары Қазақстан Республикасында дербес сыртқы дипломатиялық саясат қалыптасты.
Тəуелсіздік алғаннан кейін БҰҰ-ға кіру мəселесі тұрды. Қабылдау өтінішті Қазақстан Президенті Н.Ə. Назарбаев 1991 жылы 31 желтоқсанда жолдады. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау қаулысын жариялады. Еліміз 1997 жылы Еуроатлантикалық əріптестік кеңесі болып қайта құрылған ірі халықаралық ұйым саналатын Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне 1992 жылдан мүше болды.
1992 жылы қыркүйекте АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ашылды. Президент Н.Ə.Назарбаевтың 1994 жылы ақпанда АҚШ-қa ресми сапары, екі мемлекет басшылары барлық бағыт бойынша Қазақстан мен АҚШ-тың əріптестік қарым-қатынасын дамытуға бағытталған негізгі құжат «Демократиялық əріптестік туралы хартияға» қол қойды. 2007 жылдан бастап мемлекеттік жекеменшік əріптестігі бойынша қазақстан-американдық бағдарлама іске қосылды [5; 192, 193].
1993 жылы ақпанның басында Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапары болды. Еурокомиссия Төрағасы Жак Делормен кездесуден кейін өкілдік ашу туралы келісімге қол қойылды. 1993 жылы желтоқсанда Брюссельде Қазақстан Республикасының өкілдігі, ал 1994 жылы қарашада Алматыда Еуропалық комиссияның өкілдігі ашылды. 1994 жылы мамырда (Еуропалық одаққа жаңа 10 мүше-мемлекеттің кіргенін ескеріп) Еуропалық одақпен Əріптестік жəне ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. 2005 жылы маусымда Қазақстан Республикасының Президенті хаттаманы бекіту туралы Заңға қол қойды. Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы ірі сауда жəне инвестициялық əріптесі болды. 2007 жылы шілдеде ЕО өкілдігі Астанаға көшті.
1994 жылы Қазақстан мен Түркия арасында Достық жəне ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара қарым-қатынастың тереңдеуіне Президент Абдулла Гүлдің 2010 жылы мамырдағы Астанаға сапарының үлкен маңызы болды. Кездесу барысында екі жақты саяси, экономикалық жəне гуманитарлық ынтымақтастықтың басымдықтарын анықтады.
Азия бағытында Қазақстан Монғолия, Корея Республикасы, Жапония, Катар, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Сингапур, Пəкістан, Малайзия, Иран, Бахрейн, Израиль, Оман сұлтандығы, Кувейт, Сауд Арабиясы, Палестина, Біріккен Араб Əмірлігі, Ауғанстан, Египет, Иордания, Морокко, Сирия, Ливиямен екіжақты саяси, экономикалық, мəдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды [5; 195–198].
2000 жылы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кеден одағына қатысушы-мемлекеттердің басшылары қол қойған ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа сəйкес құрылды.
Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру мақсаты — мүше-мемлекеттердің экономикалық даму деңгейін көтеру, кедендік құқықтардың бұзылуына жол бермеу, біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру, орталық энергетикалық нарық қалыптастыру, өндірісті жəне кəсіпкерлікті дамыту, ғылым мен техника саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, білім, мəдениет саласында өзара байланысқа ықпал ету [5; 206].
2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тəжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан басшылары негізін қалаған халықаралық аймақтық ұйым Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің жалпы аумағы 30 млн шаршы шақырымды құрайды, яғни Еуразия территориясының 60 %-ы. Ұйымның басты мақсаттары — мүше-мемлекеттерді біріктіретін кең кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, лаңкестік, сепаратизм, экстремизм, есірткі саудасымен күрес, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық əріптестік, ғылыми жəне мəдени өзара əрекеттестікті дамыту [5; 216]. 2005 жылы қаңтарда Ресей мен Қазақстан арасындағы 7591 шақырымды қамтитын мемлекеттік шекара белгіленген тарихи маңызды құжатқа қол қойылды. 2006 жылы екі ел басшыларының кездесулері нəтижесінде 20-дан астам келісімдерге қол қойылды.
Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымына төраға болды. Бұл ұйым Солтүстік Америка, Еуропа жəне Орталық Азияның 56 мемлекетін біріктіреді.
Төрағалықтың басты нəтижелі түйіні — ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1–2 желтоқсанда өткен Астана Саммиті. Оған дейінгі жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Стамбулда өткен болатын.
Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет жəне үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық жəне өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони, тағы басқалар бар. Астана саммиті ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшыларының халықаралық саясатта алдын ала байқалған поляризация нышандарын еңсерудегі жəне Ұйымға қатысушы- елдерінің өзара алыстау бағытына қатысты саяси жігерінің айқын көрінісі болды. Еуроатлантикалық жəне Еуразиялық кеңістіктердегі тұрақты қауіпсіздік мəселелері, Ауғанстан түйткілі, «тоңы жібімей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды.
Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни, ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы — Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа жəне Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістіктігін қалыптастыру қажеттігі жөнінде мəлімдеді.
Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астана декларациясы қабылданды. Онда Саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде жəне Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттады. Сонымен қатар қатысушы-елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру мүддесі жолында Ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюға міндеттенді.
Астанадағы саммит делегациялар басшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мəселен, Ұйымның Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан Елордасында қабылданған шешімдер ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың біртұтас стратегиясын жасауға ықпал ететінін атап өтті. БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының мейлінше табысты болғанын атады. Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен рөл атқаратынының дəлелі екенін атап айтты [6; 281, 282]. ЕҚЫҰ- ның Астанадағы саммиті «еуропалық ортақ үй» салуға қайтадан кірісуге нақты мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана рухы» айрықша белгісіне айналған екікүндік саммитті «бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға» ретінде сипаттап берді.
ЭКСПО–2017-ге дайындық барысында Астана болашақтың энергиясы мен жасыл экономиканы іздеу мен құру жөніндегі озық əлемдік тəжірибені зерттейтін жəне енгізетін орталыққа айналады. Қазақстанның ЭКСПО-мен бірлескен тарихы 2005 жылдан басталады. Қазақстанға көрмеге тіркелу ісін жемісті қорғағаны жəне өзіне осынша жоғары міндеттемелер қабылдауының куəлігі ретінде ЭКСПО туы тапсырылды [7; 273].
Қорыта айтсақ, қазіргі Қазақстан өзінің тарихи жерінде жаңа үлгідегі қазақ мемлекеттілігін жаңғыртып, жаhандық əлемде толыққанды мемлекет ретінде өмір сүруге қажетті барлық құрылымдар мен мүмкіндіктерді иеленген, сапалы жас мемлекетін қалыптастырды. Осы себептен аз ғана жылдар ішінде толағай табыстарға жетіп, төрткүл дүниеге танымал болған еліміздің тарихын тереңнен зерделеу қажеттігі де артып тұр.
Жиырма бес жылдың ішінде біздің мемлекетімізде күрделі өзгерістер болды. Қазақ мемлекеті жүздеген жылдарға созылған отаршылдық құрсауынан арылып, тəуелсіздіктің арқасында қайта жаңғырды. Жаңа құндылықтар жүйесіне көштік. Қазақстан Республикасының тəуелсіз даму кезеңі қазақстандық қоғамның тағдырын анықтады деп де айтуымызға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан тəуелсіздігінің қалыптасу тарихы / А.С. Сағынғали, Б.М. Каипованың ред. — Астана, — 133-б.
- Аяған Б.Ғ., Əбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. — Алматы: Раритет, — 337 б.
- Назарбаев Н.Ə. Қазақстан жолы. — Астана, 2006. — 49 б.
- Қазіргі Қазақстан тарихы: хрестоматия / Құраст. Т.С. Қаленова, А.Т. Серубаева, Ж.С. Абдраманов; Б.Ғ. Аяғанның ред. — Алматы: Раритет, 2010. — 205 б.
- Қазақстанның жаңа тарихы: дағдарыстан шығу. — II-т. / Т.ғ.д., проф. Б.Ғ. Аяғанның ред. — Алматы, — 216-б.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы: жиырма жылдық тарих. — Алматы: ҚАЗақпарат, — 282 б.
- Сыздықов С., Қанаев С. Мəңгілік Ел идеясы. — Астана: Фолиант, 2013. — 273 б.