Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) — одақтас үш елдің келешек тағдыры жаңа арнаға бұрылған маңызы зор тарихи кезең. Ол ортақ экономиканың болуы мен оған қатысушылардың ынтымақтасу еркіне негізделген жаңа еуразиялық жақындасу орталығының қалыптасқанын паш етуде. Еуразиялық экономикалық одақ — тауар мен қызметтің, капитал жəне жұмыс күшінің еркін айналымына жəне экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйым. 2014 ж. 20 мамыры Астана қаласындағы маңызы зор тарихи оқиғаның орын алуымен ерекше есте қалды. Тəуелсіз Қазақстан алғаш рет тауарлардың, қызмет көрсетулердің, еңбек ресурстары мен капиталдардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін аймақтық экономикалық интеграциялық одақтың бір бөлігіне айналды.
Еуразиялық экономикалық одақ жастардың академиялық мобильдігінің шынайы мүмкіндікке айналуына, сондай-ақ ішкі нарық сыйымдылығының кеңеюіне ықпал етеді. Еуразиялық экономикалық одақтың біздің одақтас елдеріміздің мəңгілік достығының өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік тетігімі екендігі айқын. Мұнда Ресей, Беларусь жəне Қазақстан мемлекеттері өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. Үштік мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркəсіп, ауыл шаруашылығы жəне көлік секілді негізгі салаларында келісілген бірыңғай саясат жүргізеді. Ресей Президенті В.Путиннің айтуынша, 170 млн астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми жəне техникалық əлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, бірыңғай нарық құрылмақ.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тəн базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтың тұтастығы, сондай-ақ Одаққа мүше-мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан. Сонымен қатар шарт Қазақстан, Ресей жəне Беларусь азаматтарының əл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мəселелерін шешуге бағытталған жəне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын үйлестіруге қатысты экономикалық саясат жүргізуді де ұстанған.
Еуразиялық экономикалық одақтағы елдердің ұстанымдары:
- экономикалық тиімділік;
- еуразиялық кеңістіктің ашылуы;
- дамудың сатылы жолдары;
- егемендікті сыйлау;
- ерікті қарым-қатынас;
- шешім қабылдаудағы теңдік.
Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ЖІӨ-ң жиынтық өсімі 900 млрд доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Атап айтқанда, соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 %-ға өсіп, 24 млрд долл. мөлшерге жетті. Қазірде еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63 %-ға ұлғайып, 6 млрд долл. құрады. Бұл көрсеткіштерге негіз болатын көптеген кəсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік жəне ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдық жаңа желілер тұр. Бұл — мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық жəне өзіне тиімді жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесі табыстылығы өсуінің басты көзі [1].
Еуразиялық экономикалық одақ — Азия елдері арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық. Қазіргі таңда Беларусь елінің тауар өндірушілері қазақстандық серіктестерімен бірге Орта Азия мен Қытай нарығына шығуға ниетті болып отыр. Мəселен, біріншіден, Витебск облысындағы сүт-консерві комбинаты, Кеңес Одағы кезінде алғаш қамтылған сүтті шығарғанымен танымал болса, екіншіден, Беларусь сүт өндірушілері қазақ еліндегі серіктестерімен де жұмыс жасайды. Осы бір кəсіпорынның біздің елмен арадағы тауар айналымы жылына 8,5 млн долл. құрайды. Еуразиялық одаққа кіру — əр мемлекет пен оның жеке аймақтарының бəсекеге қабілетті болуындағы — өнеркəсібі мен саудасын дамытудың ең басты экономикалық көзі.
Мəселен, 2014 ж. өзінде Қазақстаннан Ресейге экспортталған сиыр еті 1510,4 т құраған. Сиыр еті экспортының негізгі көлемі Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарына тиесілі болып отыр. Жамбыл облысында «Ырыс Бақыт» ЖШС-гі Ресей мен Беларусь еліне 1 млрд тг тауарын нарыққа шығарады.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде отандық дəрілік құралдарды өндірушілер үшін 170 млн ортақ нарыққа жол ашылады. Дəрілік құралдардың ортақ нарығының болуы бəсекелестіктің артуына байланысты дəрілер мен медициналық бұйымдар бағасының төмендеуіне жағдай жасайды. Жоғары талаптар, өндірістің жаңартылуы, технологиялар, өндірістік қуатқа жəне дəрілік құралдар, медициналық бұйымдарға деген таңдаудың артуы нəтижесінде дəрілердің сапасы да арта түспек.
Экономикалық одақтың Қазақстан мен басқа елдер үшін ең басты бағыты — мұнай мен мұнай өнімдері, газ, электр энергиясы, дəрі-дəрмек пен медициналық бұйымдар нарығы болып табылады. Осының негізінде 2013 ж. Беларусь жəне Ресей мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 24 млрд долл. асып жығылған. Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы өнеркəсіптік қуаты 600 млрд АҚШ долл. асады [2].
Үш ел арасындағы — үштік одақ кедендік баж салығын алып тастап, үш ел кəсіпкерлерінің өз өнімдерін үлкен нарыққа шығаруына жол ашты. Сонымен қатар ортақ нарықты кеңейте отырып, өндірістік қуатты көбейтуге мүмкіндік алып, жұмыс істеп тұрған кəсіпорындардың дамуына да жаңа серпін берді. Мысалы, «Ордабасықұс» ЖШС құс фабрикасы қазірде Ресейге өз өнімінің 30 пайызын шығарып отыр. Ендігі кезекте жыл сайынғы өнімділік қуаттылығын 10 мыңнан 30 мыңға дейін арттырмақ.
Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттерде 40 трлн АҚШ долл. құрайтын дүние жүзіндегі барлық зерттелген қазба байлықтың төрттен бір үлесі бар, əлемдегі ең үлкен энергоресурстар мен азық-түліктік астықты экспорттаушы үш мемлекет экономикасының жиынтығы 2,2 трлн АҚШ долл. құрайды.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ XXI ғасырдағы жүзеге асып отырған ең ауқымды бастама. Ол ішкі нарықтың көлемін барынша арттырып отыр. Экономикалық одақтың жалпы сауда айналымы 2,5 трлн АҚШ долл. құрайды. Оның ішінде адам ресурстары 170 млн асса, Одақтың жалпы өнеркəсіптік қуаты 600 млрд АҚШ долл. асады. Сонымен қатар үш ел арасындағы кəсіпкерлерге бірыңғай тарифтер, жеңілдіктер де жасалып отыр. Кəсіпкерлер осы негізде өздерінің кəсіптерінің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алады. Үш елдіңде кəсіпкерлері мемлекеттік сатып алулар жүйесіне тең əрі бəсекеге қабілетті деңгейде қол жеткізеді. Бұл — тауарлар мен қызметтерді жеткізудің үлкен нарығы [3].
Ресей, Беларусь, Қазақстан арасындағы сыртқы тарифтердің бірдей болуы жəне ішкі тарифтердің жойылуы, сонымен қатар ортадағы кедендік шекаралардың ашылуы Қазақстанның ішкі өнімінің көбеюіне, экспорт пен импортқа тартылатын тауарлардың пайыздық өсімінің ұлғаюына жоғары септігін тигізеді.
Еуразиялық экономикалық одаққа дейінгі үш елдің Кедендік одағы аясында Қазақстан мен Ресей жəне Беларусь елінің арасындағы жалпы тауар айналымы 50 пайызға дейін өскен. Бұл 26 млрд долл. тең қаражат. Жалпы алғанда, кедендік одақсыз мұндай көлемдегі тауар мен қаржының айналымы елдер арасында орын алуы мүлдем мүмкін емес еді. Яғни алдағы уақыттарда Еуразиялық экономикалық одақтағы тараптар арасындағы тауар айналымы мен сауда-экономикалық қарым- қатынас жəне еркін қозғалыс нəтижесінде ортақ жалпы ішкі өнім көлемі ұлғаймақ.
Еуразиялық экономикалық одақ құру көрші мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатуға, Қазақстан экономикасына жаңа серпін беруге үлкен мүмкіндік туғызбақ. Осы тұста қазақстандық экономиканың дамуындағы басты мəселе — Еуразиялық экономикалық одақ аясында еңбекті аймақаралық бөлісу жəне үшінші мемлекеттерге қатысты бірыңғай экономикалық саясат жүргізу болып табылады. Сонымен қатар отандық жəне шетелдік бизнеске қаржылық жəне өндірістік қызметті жүзеге асыру үшін ең қолайлы жағдайларды еркін таңдауға мүмкіндік жасауға, экономикалық кеңістіктегі адал бəсекелестік күресте бизнесті нығайтуға мүмкіндік молаяды.
Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ құру шекаралас елдермен арадағы кəсіпкерлік байланыстың қарқынды дамуының басты қозғаушы күшінің бірі болмақ. Онда елімізден экспортталатын тауарлар үшін жаңа логистикалық жол-теңіз тасымалы пайда болады, Ресей мен Беларусь елдерімен біріккен жаңа кəсіпорындар ашылады. Нəтижесінде, жаңа жұмыс орындары көбейеді, бəсекелестік күшейеді жəне осы бəсекелестік жағдайында қызмет ету мен өндірілетін өнім сапасы да жоғарылайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан үшін оңтайлы жақтары:
- əлемдік дағдарыстарға тұрақтылықты арттыру;
- 170 млн адам үшін тарифтік жəне тарифтік емес кедергілерсіз біртұтас нарық;
- өндіріс пен технологияны жаңарту жəне өнеркəсіптік қуатты ұлғайту;
- сыртқы сауданы өсіру;
- неғұрлым жоғары талаптар есебінен өнім сапасын арттыру;
- ЖІӨ өсімі 25 %-ға 2030 жылға дейін;
- бəсекелестіктің артуынан бағаның төмендеуі;
- бірлескен кəсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын ашу;
- экономиканың шикізаттық емес секторын елеулі түрде дамыту;
- инвестициялық ахуалды жақсарту;
- қызмет көрсетуді, адам ресурстарын дамытуды жаңа деңгейге шығару;
- капитал мен ғылымды қажетсінетін жаңа салаларды ашу.
Еуразиялық экономикалық одақтың 170 млн. тұтынушысы бар. Сатып алушылардың көбеюі, өндірілетін тауарлардың артуы инвестицияның артуына ықпал етеді, тауар айналымы көбейіп Қазақстан бюджетінің түсімі ұлғаяды [4].
2013 ж. Кеден одағының сыртқы елдермен саудасы 931 млрд долл. құрады. 2013 жылы кеден одағынан 64,4 млрд долл. пайда түсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артып, импорты азайған. Кедендік одаққа кіргелі импорт көрсеткіші 44 %-дан 3 %-ға дейін төмендеген (1-кесте).
Кеден одағы мүшелері экономикасының жиынтық көлемі 2,2 трлн долл. құрайды. Статистика агенттігінің мəліметтері бойынша, өткен жылы Кеден одағы елдерімен 17,9 мың сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бірлесіп жұмыс істеген, олардың 1,1 мыңы — экспортшылар, ал 16,8 мыңы импортшылар болды. Сонымен қатар одақтық саудаға жеке кəсіпкерлерде қатысады жəне олардың саны былтырғы жылы екі есеге артты. Егер 2012 ж. мұндай кəсіпкерлер 2673 болса, 2013 ж. 5232 болды. Бұл интеграциялық үдерістер ірі кəсіпорындармен бірге шағын жəне орта бизнесті де қамтып, одақ шеңберінде бірыңғай экономиканың қалыптасып отырғанын көрсетеді.
Соңғы төрт жылда кеден одағы мемлекеттері арасындағы сауда 40 %-ға артты. 2013 ж. нəтижесі бойынша Ресей 2145,7 млрд дол. өнім өндірген болса, ал Қазақстан 230,0 млрд дол. өнім өндірген. Ендігі жерде кəсіпкерлердің бұл бөлігі еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі қозғаушы күшіне айналады. Соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушыелдермен арадағы тауар айналымы 88 %-ға өсіп, 24 млрд долл. мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63 %-ға ұлғайып, 6 млрд долл. құрады. «Бұл абстрактілі сандар ғана емес, олардың артында жүздеген нақты кəсіпорындармен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік жəне ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық жəне өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі», — деп атап көрсетті Елбасы Н.Ə.Назарбаев.
2014 ж. 3 қыркүйегінде өткен Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2014–2015 жж. жаһандық бəсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы есеп жариялады. Осы жылы рейтингті соңғы 6 жыл қатарынан тұрақты позицияға ие болып отырған Щвейцария бастап отыр. Қазақстанның даму деңгейі де əлдеқайда жоғары елдер тобында орналасқан, мұнда тиімділік жəне экономикалық даму факторлары үлкен рөлге ие болып отыр.
2015 ж. бастап, елімізде Кеден одағының техрегламентінде көрсетілген талаптарға жауап бермейтін, алкоголь өнімдерін импорттауға тыйым салынады. 2014 ж. 1 маусымына дейін əкелінген алкоголь өнімдері 2015 ж. 1 қаңтарына дейін сатылып бітуі тиіс.
Рейтинг нəтижелері бойынша, Қазақстан өткен жылғы нəтижелерді тұрақты ұстанып, 4,4 орташа баллмен қайтадан 50 орынға ие болды. Бұл критерий соңғы бес жыл ішінде экспорттың жалпы құрылымындағы (тауарлар мен қызметтер) шикізат экспортының үлесі бойынша анықталады. Жалпы, экспорттағы шикізат ресурстарының экспорттық үлесі 70 %-ды құрайды (2-кесте).
2014–2015 жж. жаһандық бəсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан екінші кезеңнен (тиімді даму кезеңі) үшінші (инновациялық даму кезеңі) ауысу кезеңінде орналасқан.
Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының бағалауынша, Қазақстанның бəсекелестік артықшылықтары еңбек нарығының тиімділігі (2013 ж. — 15 орын, 2014 ж. — 15) мен макроэко- номикалық ортаның қалыптасуы (2013 ж. — 27, 2014 ж. — 23) болып табылмақ.
Қазақстанның ең əлсіз позициялары денсаулық сақтау жəне бастауыш білім беру салалары (2013 ж. — 97, 2014 ж. — 96), қаржы нарығын дамыту (2013 ж. — 103; 2014 ж. — 98 орын), компаниялардың бəсекеге қабілеттілігі (2013 ж. — 94; 2014 ж. — 91) жəне инновациялар (2013 ж. — 84; 2014 ж. — 85) сияқты факторларда байқалады.
Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігі орташа деңгейде, яғни, институттар қазіргі таңда 2014 ж. — 57, (2013 ж. — 55), инфрақұрлым 2014 ж. — 62 (2013 ж. — 62), жоғары білім жəне кəсіби даярлық 2014 ж. — 62 (2013 ж. — 54), тауарлар нарығының тиімділігі 2014 ж. — 54 (2013 ж. — 56), технологиялық даярлық 2014 ж. — 61 (2013 ж. — 57) жəне нарық мөлшері 2014 ж. — 52 (2013 ж. — 54).
Ең күрт өсу келесі көрсеткіштер бойынша байқалған: бəсекелес артықшылық табиғаты (2013 ж. 118 — орын, 2014 ж. — 84), венчурлық капиталға қолжетімділік (2013 ж. — 72, 2014 ж. — 47), мемлекеттік қызметкерлер шешімдеріндегі фаворитизм (2013 ж. — 77, 2014 ж. — 53), бизнесті ашу үшін қажетті күндер саны (2013 ж. — 82, 2014 ж. — 62), кредитті алу жеңілдігі (2013 ж. — 61, 2014 ж. — 43), нəрестелер өлімінің азаюы (2013 ж. — 98, 2014 ж. — 81), инвестициялау үшін салық салу тиімділігі (2013 ж. — 54, 2014 ж. — 37), айлық инфрақұрылымның сапасы (2013 ж. — 135, 2014 ж. — 123).
Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігінің ересек халық арасындағы АИТВ (CПИД) таралуы (1-орын), ұялы байланыс абоненттерінің саны (4-орын), мемлекеттік артықшылық/тапшылық (9), мемлекеттік борыш (11), еңбекақы төлеу жəне өнімділік (16), инвесторлар құқықтарын қорғау (22- орын) сияқты көрсеткіштері жоғары бағаланған.
Экономикалық зерттеулер институтының АҚ сарапшылары Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігі өсуінің ең маңызды факторлары: ЖІӨ-де жеке сектор үлесінің жəне жаңа жұмыс орындарының өсуі; инновацияларды енгізу, нарықта бəсекелестікті қолдауға бағытталған саясатты əзірлеу; институттық ортаны жетілдіру; еңбек өнімділігінің өсуі; тікелей шетел жəне ішкі инвестицияларды тарту; ішкі жəне сыртқы нарықты дамыту болып табылатынын атап көрсеткен [5].
Қаржы нарығында 2014 ж. қаңтар-қазан айлары аралығында Ұлттық банктің алтын валюталық активтері 14,4 % артып, 28,3 млрд долл. жеткен. Бұл ретте ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 8,5 пайызға артып, 76,8 млрд долл. құрады. 2014 ж. басынан бері Ұлттық қордың резервтерін қоса алғанда, Қазақстанның халықаралық активтері 10 пайызға артып, қазан айының соңында 105,1 млрд АҚШ долл. құрап отыр. 2014 ж. қаңтар — қыркүйегі арасында еліміздегі ақша массасы 16 пайызға артып, ақшалай ұсыныстар əлсіз əрі экономика талаптарына толық жауап берерлік деңгейде болып отыр.
Қазақстанның экономикалық дамуы мен тəуелсіздігін, оның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Еуразиялық экономикалық одақтың рөлі зор. Еуразиялық экономикалық одақ — қазақстандық нарықта, отандық тұтынушылар мен өндірушілерді қорғауға, экспортты ұлғайтуға жəне импорттың орнын басатын өндірісті дамытуға, шетел инвестицияларын тартуға, сауда саясаты мəселелерін тиімді шешуге ықпал етуде. Қазақстанның өндіріс құрылымы, негізінен экспортқа, яғни сыртқы экономикалық байланыстарға бағытталған, сондықтан да бұл байланысты кеңейту — халқымыздың тұрмысын жақсарту мақсатында болып отыр.
Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстанға мынадай міндеттер жүктеледі:
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында сыртқы экономикалық қызметті мемлекет тарапынан реттеу шараларын жасау жəне жүзеге асыруда ортақ еларлық құрылымдар жұмысына тікелей ат- салысу.
- Ел мүддесі үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында үйлестірілген кеден саясатын қалыптастыру.
- Функционалды, яғни стратегиялық, мақсаттарға сай келетін салаларды қорғау жолымен еліміздің экономикасының дамуына ықпал ету.
- Ұлттық ғылыми-техникалық, азық-түлік, экологиялық жəне қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мəселелерін шешуге басымдық беру.
- Сыртқы экономикалық қызметтен түсетін пайданың толық дерлік ел бюджетіне түсуін қамтамсыз ету.
- Кедендік заң бұзушылықтар мен контрабанда түрлерінен, есіртке заттары, халық үшін зиянды, қауіпті тауарларды тасымалдаумен тиімді күресу.
- Əлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне Қазақстанның үйлестірілген сыртқы сауда саясатын жүзеге асыра отырып, белсенді батыл əрекеттер жолымен Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу мəселесін тездету [6–8].
Əлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субъектілікке ие жəне Дүниежүзілік Сауда Ұйымының қағидалары негізінде əрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отыр. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің əлемдік экономикадағы бəсекеге қабілеттілігінің нығаюы. Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 ж. ЖІӨ-ң жиынтық өсімі 900 млрд көлемінде болады деп болжануда.
Еуразиялық экономикалық одақтағы тауар экспортының артықшылықтары:
- Сату көлемінің ұлғаюы. Ішкі сатудың сенімді өсумен қатар, сату нарығын ұлғайтудың бір түрі болып табылады.
- Ауқымды үнемдеу. Өндірістің толық қуатымен жұмыс істеуі, қолдағы бар ресурстарды дұрыс пайдаланып, үлкен өткізу нарығына шығу кезінде ауқымды үнемдеуге мүмкіндік береді.
- Осалдықты төмендету. Нарықтың алуан түрлілігі тауарлар мен қызметтердің жалғыз өткізу нарығынан тəуелділігінен арылуға көмектеседі. Мысалы, егер жоғары сұранысы бар кəсіпорынның басқа да өткізу нарықтары болса, ішкі нарықта экономикалық белсенділіктің бəсеңдеуі кəсіпорынға қатты əсер етпейді.
- Жаңа білім мен тəжірибе. Жаһандық нарықта өнімді өткізудің жаңа идеялары, амал тəсілдері мол болмақ.
- Жаһандық бəсекелестік. Қазіргі компаниялар жаңа шетелдік нарықтарды игеруде. Бірегей халықаралық тəжірибе кəсіпорындарға əлем нарығында бəсекелесуге қабілетті болып қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қорыта келгенде, Еуразиялық экономикалық одақ — бүгінгі күнмен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Оның қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа əлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Үш ел арасында экономикаларымызды бірлесе жаңғырту жəне бəсекеге қабілеттілікті арттыру үшін елдердің əрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру одақтың басты міндеті болып табылмақ.
Қазіргі жағдайда бəсекеге қабілеттілік макроэкономикалық факторларды ғана емес, сондай-ақ жұмыс күшінің сапасын, оның инновацияларды тəжірибелік тұрғыдан енгізе алуын да ескереді. Білім берудің жоғары деңгейі — ұлттық экономиканың маңызды қозғаушы күші, ол (басқа факторлармен бірге) отандық экономиканың инновациялық жолға ауысуы барысында жəне оның бəсекеге қабілеттілігін арттыруда да кеңінен пайдаланылуы тиіс.
Еуразиялық экономикалық одақ — жаһандық экономикамен етене жымдасқан, Еуропа мен Азия елдері арасындағы берік тетігі. Біздің елдеріміздің мəңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік механизмі. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік прагматизм жəне өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылды.
2014 ж. 10 қазанында Армения Еуразиялық экономикалық одақтың келісім-шартына отырды. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері қызығушылығын тудырып отыр. Бұл мемлекеттердің экономикалық одаққа кіруі əлемдік экономикада сауда жүйесінің тұрақтылығы мен беріктілігін нығайтпақ.
Əдебиеттер тізімі
- Бірлескен ықпалдастық энергиясы ЕАЭО жағдайында ғылыми экономиканың қалыптасуы // Егемен Қазақстан. — 2014. — № 205. — 21 қазан.
- [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: m.wikipedia
- Еуразиялық интеграция институты. Еуразиялық экономикалық одақ: бəсекеге қабілеттіліктің жаңа биіктеріне //Егемен Қазақстан. — 2014. — № 183. — 19 қырк. — 3-б.
- Қазақстан даму деңгейі жоғары елдер тобында // Егемен Қазақстан. — — № 172. — 4 қырк. — 3-б.
- [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: group-global.org/kk/publication
- [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: kaztube.kz
- [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: eurasianism.enu.kz/ru/e