Жүкті тасымалдау шарты көліктік шарттар жүйесінде басым орынды алады, яғни негізгі шарт болып табылады. Себебі дəл осы шарт материалдық құндылықтарды тасымалдаумен байланысты негізгі міндеттерді атқарады. Соған қарамастан, ҚР АК-де жүктерді тасымалдаумен байланысты қатынастарды құқықтық реттеу міндеттемелік шарттардың басқа түрлерін реттеумен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеленеді. Тасымалдау сияқты күрделі міндеттемені реттейтін ережелерге заң шығарушы жиырма шақты ғана баптарды арнаған (мəселен, салыстыру үшін ҚР АК-нің 25-тарауы сатып алу шартында жүздей бап бар). Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы мен жүк алушының арасындағы қарым-қатынас негізінен ҚР АК-нің 34-тарауымен, арнайы көліктік заңдармен, тасымалдау ережелерімен реттеледі.
Азаматтық жəне көліктік заңдардың дамуы мен жетілдірілуі теориялық жəне тəжірибелік тұрғыдан да өзекті болып табылатын көптеген шешілмеген мəселелерді туындатады. Жүк тасымалдау ережелерінің жетілмеуі жəне тəжірибеде қолдану үшін тиімсіздігі, сəйкесінше, цивилистика ілімінде жүкті тасымалдау шартының құқықтық табиғатын, олардың пəні мен мəнісін əрқалай түсінуге əкеледі. Қалыптасқан жағдайды көліктік міндеттемелердің экономикалық табиғатына сай келетін жəне жүкті жеткізу үрдісін ортақ құқықтық реттеудің талаптарына сай келетін ережелерді құрастыру жолымен түзетуге болады. Бұл міндетті шешу зерттеу пəні болып табылатын шарттың жəне олардың негізі болатын экономикалық қатынастардың құқықтық табиғатын нақты зерттеу қажеттігін анықтап береді.
Жүкті тасымалдау шартының заңды табиғатына жүргізілген зерттеу жұмысы азаматтық құқық ғылымында біртекті көзқарастардың қалыптаспағанын байқатады. Жүкті тасымалдау шартының құқықтық табиғатына қатысты пікірталастар заң əдебиетінде кеңестік дəуірден бері толассыз жүргізіліп келеді. Зерттеу тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстарының көптігіне жəне олардың құндылығына қарамастан, көліктің жеке түрлерімен жүкті тасымалдау шартын құқықтық реттеуді жалпылама талдауға жеткіліксіз назар аударылған деп есептейміз.
Тасымалдау шарты — азаматтық құқықтағы ең маңызды шарттардың бірі, ол ұзақ уақыт бойы мердігерлік шартының жеке түрі ретінде қарастырылып келген болатын. Қазақстандық азаматтық құқықтың аумағында тасымалдау шартын дербес түрге бөліп қарастыру кеңестік мемлекеттің қалыптасу кезеңінде аяқталған ұзақ та қиын үрдістен өтті.
Кеңестік дəуірге дейінгі Ресей азаматтық заңнамасында тасымалдау шарты мердігерлік шарттың бір түрі ретінде қарастырылғанымен, азаматтық құқық ілімінде тасымалдау шартының дербестігі танылып, оны жан-жақты реттеу қажеттігі аталып өткен болатын. Мəселен, Г.Ф.Шершеневич азаматтық-құқықтық шарттарды жіктей отырып, қызмет көрсету туралы шарттардың қатарында тасымалдау шартын дербес көрсетеді жəне оған келесідей анықтама берген: «Тасымалдау шарты — бір тарапты, тасымалдаушыны, сыйақы үшін басқа тараптан, жөнелтушіден, қабылдап алынған заттарды құрлық жолымен немесе су жолымен, өзінің жылжымалы құралымен белгіленген жерге дейін жеткізуге жəне белгілі бір тұлғаға — қабылдап алушыға табыстауға міндеттейтін келісім» [1].
Кеңестік кезеңде тасымалдау бойынша туындайтын қатынастарды шарттық деп тану біртіндеп жүзеге асырылды. Өткен ғасырдың 20–50-жылдар аралығында социализм дəуіріндегі жоспарлау жүйесіне сай тасымалдау əкімшілік сипатқа ие болғандықтан, тасымалдау бойынша қатынастардың шарттық табиғатына күмəн келтірілді. Цивилист-ғалымдар жүктерді тасымалдау жоспарлау актілерінің негізінде туындайтын болғандықтан, жүкті тасымалдауға табыстау жəне қабылдау темір жол ұйымы мен жүк жөнелтуші үшін жоспарды орындау міндетті болып табылады, сондықтан оны шартпен рəсімдеудің қажеті жоқ деп пайымдады [2]. Осыған байланысты тасымалдау қызметі біржақты мəмле деген ұғым қалыптасты.
1961 жылы КСРО жəне одақтас республикалардың Азаматтық заңнамаларының негіздерінің қабылдануына орай жүктерді, жолаушыларды, қол жүктерін тасымалдау шарттары бекітілді (72–77-б.). Сөйтіп, заң əдебиетінде тасымалдаудың шарттық табиғаты анықталды. Одақтас республикалардың, соның ішінде Қазақ КСР-ның 1964 жылғы Азаматтық кодексінің 34-тарауында «Тасымалдау» деген атаумен көлік ұйымдары мен клиенттердің арасындағы қатынастарды реттейтін тасымалдау шартының құқықтық негіздері тыңғылықты бекітілді (363–376-б.). Аталған заңнамалардың негізінде тасымалдау ережелері КСРО Темір жолдарының жарғысында (1964), КСРО Сауда мақсатында теңізде жүзу кодексінде (1968), Қазақ КСР-ның Автомобиль көлігінің жарғысында (1970) нақтыланып, жан-жақты реттелді.
Қазақстан егемендігі мен тəуелсіздігінің орнығуымен, нарықтық экономикаға жасалған бетбұрыстардың негізінде шарт жасасу еркіндігі қағидасына негізделген қолданыстағы ҚР АК-нің 688-бабында бекітілген нормалар тасымалдау қатынастарының шарттық табиғатына қатысты пікірталастардың толастауына негіз болды.
ҚР АК-нің 688-бабына сəйкес, жүкті тасымалдау тасымалдау шартының негізінде жүргізіледі.
Жүктi тасымалдау шарты бойынша бiр тарап (тасымалдаушы) өзiне басқа тараптың (жүк жөнелтушiнiң) сенiп тапсырған жүгiн белгiленген мекенге жеткiзуге жəне жүктi алуға уəкiлеттi адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сəйкес ақы төлеуге мiндеттенедi. Жүк тасымалдау шарты көліктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлік құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлік туралы заң актiлерiнде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы рəсiмделедi (ҚР АК-нің 689-б.).
Берілген анықтамадан жүк тасымалдау шартының заңды табиғатын келесідей сипаттауға болады: нақты, екі жақты, өтеулі шарт. Нақты болып табылу себебін тасымалдаушы міндеттемесінің жүктерді жөнелтушіден қабылдаған сəтте туындауымен түсіндіреді. Тек қана кеме жалдау (чартер) шартын жасасу жолымен жүкті теңіз арқылы тасымалдау шарты консенсуалдық шарт деп есептеледі. Тасымалдау шартының консенсуалдық сипаты тараптардың өзара келіскен жағдайлары негізінде жүкті белгіленген жерге тасып жеткізу міндетінің туындау сəтінен айқындалады. Ал нақты шартта міндеттеме жүкті тасымалдау үшін табыстау фактісінен туындайды.
Жүк тасымалдау шарты көліктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлік құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлік туралы заң актiлерiнде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы ресiмделедi. Демек, жүкті тасымалдау шарты жөнелтушіден жүкті қабылдап алып, оған аталған құжаттардың біреуін берген сəттен бастап жасалды деп есептеледі.
Жүкті тасымалдау шартының пəні болып тасымалдаушының жүкті жөнелту жерінен жеткізу жеріне дейін тасып жеткізу жəне оны жүк қабылдаушыға табыстау табылады. Жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру шартынан айырмашылығы, нақты жүктерді тасымалдауды қарастырады. Сондықтан да оны заң əдебиетінде нақты жүкті тасымалдау туралы шарт деп атап жүр [3, 4].
Кеңестік дəуірде жəне бүгінгі күні де автомобильмен тасымалдау шартының консенсуалдық сипатын негіздейтін пікірлер де кездеседі. Бұндай пікір бойынша, жүкті тасымалдауға табыстаудан бұрын, əуелі автомобильді жүк жөнелтушінің аумағында орналасқан жүк тиеу орнына беру туралы келісім жасалады, аталған міндеттер əуелі шарт жасасудан туындайды [5]. Мұндай пікірдің орын алу себебі, автомобиль көлігінде бір жылға дейін ұзақ мерзімге тасымалдау шарты жасалады.
Соңғы уақытта заң əдебиетінде тасымалдау шартын нақты шарт ретінде сипаттайтын заңдық табиғатына күмəн келтірілуде. Оның себебі тасымалдау шартының жүйесіне алуан түрлі ұйымдастырушы шарттарды енгізу есебінен тасымалдау шартының аумағы кеңейтілуде. Бұл тасымалдау шарты туралы қалыптасқан теориялық көзқарастарды түпкілікті қайта қарауды қажет етеді.
Қолданыстағы ҚР Автомобиль көлігі туралы Заңының 33-бабы бойынша, тасымалдаушы автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiне жəне шартқа сəйкес жүктердi автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлiк құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтiнiмде (тапсырыста) немесе шартта белгiленген мерзiмде тиеу үшiн жүк жөнелтуге беруге мiндеттi. Бұл норма ҚР АК-нің 696-бабына негізделеді. Тасымалдау шартын консенсуалдық деп танитын пікірлер тапсырысты міндеттеменің туындауына негіз болатын күрделі заңдық құрамға енгізеді: жүк жөнелтушінің тапсырысты беруі жəне оны тасымалдаушының қабылдауы сəтінде келісімге келеді, яғни кейін жүкті тасымалдау мақсатында тасымалдау құралын беру жəне оған жүкті тиеу жөнінде тараптар еріктерін білдіреді деп атап көрсетеді [6]. Бұндай пікірді сынай отырып, тасымалдау шартының нақты шарт ретіндегі құқықтық табиғатын қолдайтын пікірлер де жиі айтылып жүр. Ол бойынша, жүкті тасымалдауға беру жəне оны тиеу үшін автомобиль көлігін беруге байланысты туындайтын қатынастар шарттық қатынастар болып табылып, ұзақ мерзімді автомобиль көлігімен жүк тасымалдау шартымен реттеледі. Бірақ бұл шарт консенсуалдық шартқа жатпайды, оның атауынан белгілі болғандай, бұл тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт болып табылады [7].
Тасымалдау шартының нақтылық сипаты ҚР АК-нің 689-бабында қарастырылған анықтамадан белгілі болғандай, тасымалдаушы жүк жөнелтушінің «сеніп тапсырған» жүгін тасуға міндеттенеді. Сондықтан тасымалдаушының міндеттемесі жүк жөнелтушіден жүкті алған сəттен бастап туындайды. ҚР АК-нің 688-бабының 2-бөліміне сəйкес, тасымалдаудың жалпы талаптары көлік туралы заң актілерімен белгіленеді. Көліктер туралы заңнамаларға жүргізілген талдаулар, жүк тасымалдау шартының анықтамалары ҚР АК-нің 689-бабында белгіленген анықтамаға толығымен сəйкес келетінін байқатады. Əсіресе жүк тасымалдау шартының нақты сипаты теміржол көлігімен жүк тасымалдау шартын реттейтін көліктік заңнамада тікелей нұсқалады: «Жүк жөнелтушіге темір жол көлігі жүк құжатының негізінде жүк қабылданғаны туралы квитанция берілген кезден бастап жүк тасымалдау шарты жасалды деп есептеледі» («Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңының 36- бабының 3-бөлімі).
Тасымалдау шартының заңдық табиғатына қатысты кейбір авторлар үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарт деп саралайды [8]. Бұндай тұжырымдаманы ұсынушы авторлардың бір тобы жүк тасымалдау шарты тауар жеткізілімі, сатып алу-сату шарттарымен анықталған мақсаттарға жету үшін жасалады, яғни тауарды сатып алушы шарт жасаса отырып, жүкті тасымалдау шарты бойынша жүк алушы болып табылады жəне көлік ұйымынан жүкті қабылдап алуға жəне тасымалдау шарты бойынша басқа да əрекеттерді орындауға міндетті болады [9]. Бірақ тасымалдау шартында мұндай үшінші жақ та болмайтын жағдайлар болады, мəселен, жүкті өзінің атына немесе филиалының мекен- жайына жіберуі мүмкін. Жүкті қабылдаушы ретінде жүк жөнелтушіге немесе қабылдаушыға көліктік қызмет көрсетуші экспедиторы болатын жағдайлар да кездеседі.
Сонымен қатар жүк тасымалдау шартын үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарт деген пікірге қосыла отырып, B.В.Витрянский пікірін келесідей түйіндейді: «Тасымалдау шарты қабылдап алушыға ешқандай міндеттеме жүктемейді, бірақ егер тұлға жүкті қабылдап алуға ниет білдірсе, онда заңнамамен қарастырылған белгілі бір міндеттерді өзіне қабылдап алады, бұл үшінші жақтың пайдасына жасалатын тасымалдау шартының құрылысына қайшы келмейді» [10]. Бұдан жүк қабылдаушыға міндеттерді жүктейтін тасымалдау шарты емес, көліктік заңнама (ҚР АК-нің 382- бабының 1-бөлімі бойынша) деген пікір қалыптасады [11].
Жүк тасымалдау шартын үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарт деген пікірге қарама- қайшы тұжырымды ұстанушылар көзқарастарын келесідей дəлелдейді: біріншіден, тауар жеткізілімі немесе кез келген басқа да шарт тасымалдау шартын жасасудың міндетті алғышарты болып табылмайды, сондықтан «тапсырыс беруші» жəне «жүк қабылдаушы» ұғымдары бір-біріне сəйкес келмейді; екіншіден, үшінші жаққа міндеттемелер жүктелмейді, оған тек қана құқықтар белгіленуі тиіс, өйткені шарт бойынша міндеттеме тек қана өзі немесе өкілі арқылы жасасқан тұлғаға жүктеледі [12; 52–53].
Мұндай пікірмен келісе алмаймыз, себебі, ҚР АК-нің 689-бабына сəйкес, жүкті тасымалдау шарты екі тарап — жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының арасында жасалады, сондай-ақ шарт бойынша тасымалдаушы «жүкті алуға уəкілетті адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді». ҚР АК- нің 391-бабының 1-бөлімінде: «Тараптар несие берушіге емес, шартта көрсетілген немесе көрсетілмеген жəне борышқордан міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшінші жаққа борышқор орындап беруге міндетті деп көрсеткен шарт үшінші жақтың пайдасына жасалған шарт болып танылады» деген анықтамадан байқалып тұрғандай, жүк тасымалдау шартында жүк алушы үшінші тұлға ретінде тасымалдаушыдан шартты орындауын талап етуге құқылы. Мəселен, жүк қабылдаушы жүктің жетіспеуі, бүлінуі жағдайында нақты зиянның мөлшерін тасымалдаушымен бірлесіп анықтайды, сараптама жүргізе алады, жүкті жеткізу мерзімі бұзылғанда тасымалдаушыдан айыппұл төлеуді талап етуге құқылы, тасымалдаушыға кінə қоюға құқылы, коммерциялық акт жасауды талап етуге құқылы т.б. Сонымен бірге үшінші жаққа міндеттер де жүктеледі: келіп жеткен жүкті қабылдауға, тасымалдау ақысын төлеуге т.б.
Отандық цивилист-ғалым М.К.Сүлейменов үшінші жақтың пайдасына жасалған шарттың ерекшелігі үшінші жақ шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап іс жүзінде несие берушінің орнын басады деп атап көрсетеді [13; 691]. Бұған дəлел ретінде көліктік заңнамада бекітілген келесі ережелерді атап өтуге болады: ҚР АК-нің 391-бабының 3-бөліміне сəйкес, борышқор шартта өзінің несие берушіге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшінші жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы; «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңның 39-бабы бойынша, жүктің баратын жеріне жеткізілгені туралы хабарланған кезден бастап тасымалдау шарттары бойынша құқықтар мен міндеттер жүк алушыға ауысады. Жүк алушы жүк жөнелтушінің дұрыс емес іс- əрекеттері салдарынан тасымалдаушыға төленген шығыстар мен залалдардың орнын толтыруды жүк жөнелтушіден талап етуге құқылы.
Сонымен, көліктік заңнамамен реттелген жүк алушының құқықтық жағдайына жүргізілген талдаулар нəтижесінде жүк алушы құқықтарға да, міндеттерге де ие болады деп қорытындылауға мүмкіндік береді. Жүк тасымалдау шартының мазмұны үшінші жақтың пайдасына жасалған шарт ретінде тануға негіз болады.
Кеңестік дəуір кезеңінде азаматтық құқық ғылымында жүкті тасымалдау шартының заңдық табиғатына қатысты пікірталастар толастаған емес. Солардың бірі аталған шартты үшінші жаққа (тұлғаға) орындау туралы шарттардың санатына жатқызу туралы пікірді К.К.Яичков айтқан болатын. Оның пікірінше, барлық тасымалдау үрдісін екі бөлімге бөлу қажет. Бірініші бөлім — бұл тасымалдау шарты бойынша пайда болған қатынастар; екіншісі — тасымалдаушы мен жүк қабылдаушы — үшінші жақ арасында пайда болатын міндеттемелік қатынастар. Тасымалдаушы мен жүк қабылдаушы арасындағы міндеттемелік қатынасты туындататын заңдық фактілер болып қабылдаушының мекенжайына жүкті жөнелту, оның белгіленген жерге келіп жетуі немесе жеткізу мерзімінің өтуі [14].
Бұндай пікірге қатысты ғалым М.К.Сүлейменов келесідей өзіндік көзқарасын білдіреді: «Үшінші жақтың пайдасына жасалған шартты үшінші жаққа орындау туралы шарттан ажырату қажет, ол бойынша шарт үшінші жаққа орындалады, бірақ оның өзі борышқордан орындауды талап ете алмайды (мұндай жағдайлар сатып алу-сатуда жиі кездеседі, атап айтқанда, тауар жеткізілімі бойынша сатып алушы тауар берушіге жүкті өзінің мекенжайына емес, үшінші ұйымның мекен- жайына жөнелтуді тапсыруы мүмкін) [13; 691]. Сондай-ақ ғалым В.А.Егиазаров та бұндай пікірмен келісе алмайтындығын білдіре отырып, мұндай көзқарас жүк алушы — үшінші жақтың құқықтары мен міндеттерін бекіткен қолданыстағы көліктік заңнамаларға қайшы келеді деп айтады [12; 53–54].
Келесі авторлар, Л.И.Рапопорт пен М.К.Александров-Дольник, жүк жөнелтуші мен жүк қабылдаушыны жүкті тасымалдау шартының бір тарабы ретінде есептеп, оны екі жақты шарт деп саралайды [15, 16]. Бұндай тұжырымның авторлары жүкті тасымалдау шарты бойынша жүк жөнелтуші мен жүк қабылдаушы бірдей құқықтар мен міндеттерге ие болады, мəселен, жүк қабылдаушы тасымалдаушыдан талап ету құқықтарын жүк жөнелтушіге табыстай алады, сонымен бірге жүк жоғалған жағдайда талап ету құқығы жүкті жөнелтушіге де, қабылдаушыға да бірдей көлемде тиесілі. Жүктің белгіленген мекенжайға келіп жетуінен бастап тасымалдаушы алдында барлық жауапкершіліктің жүк қабылдаушыға жүктелуі тағы да жүк жөнелтуші мен қабылдаушының бір жақты болуына дəлел ретінде ұсынылады.
В.А.Егиазаров бұл тұжырымның қате екендігін айта отырып, көліктік заңнамалардың нормаларына жүргізілген талдаулар бойынша, жүк жөнелтуші мен қабылдаушы шарттан туындайтын жəне дербес сипатқа ие əр түрлі құқықтар мен міндеттерге ие болатындығын, тасымалдаушы алдындағы жауапкершіліктері де бірдей болмайтынын атап көрсеткен [12; 54]. Мəселен, жүк жөнелтуші жүкті тасымалдау үшін əзірлеуге міндетті: жүкті ыдысқа салу, тасымалдау ақысын төлеу, ал жүк қабылдаушы келіп жеткен жүкті қабылдап алуға, оны алып кетуге, кейде тасымалдау ақысын төлеуге міндетті («Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңының 47-б.). Сонымен қатар жүк жөнелтуші мен жүк қабылдаушының жауапкершіліктері де əр түрлі, мəселен, жүк жөнелтуші көлікті пайдаланбағаны үшін жауап берсе, жүк қабылдаушы жүкті уақытылы қабылдамағаны, көлік құралының бос тұрғаны үшін жауапты болады («Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңының 49, 53-б.).
М.А.Тарасовтың пікірінше, тасымалдау шарты — ерекше шарт, онда жүк алушы үшінші жақ та емес жəне жүк жөнелтушімен бірге бір жақты тарап та емес, құқықтар мен міндеттерге ие болатын дербес субъект. Өйткені жүк қабылдаушы шартқа отыруға келісім берген, яғни көліктік құжатты (түбіртек, коносомент) қабылдап алған сəттен бастап тасымалдау шартына қатысушы болып табылады. Осы сəттен бастап қабылдап алушыда көлік ұйымына талап қою құқығы пайда болып, тасымалдаушы мен жүк қабылдаушының арасында міндеттемелік қатынастар орнатылады [17]. Бұл пікірдің кемшілігі, тасымалдау шартының бір тарабы болып табылатын жүк жөнелтушіні міндеттемелік қатынастан шығарып тастайды, шарттық міндеттеменің тараптары ретінде тасымалдаушы мен жүк қабылдаушыны ғана таниды. Екіншіден, тасымалдау туралы ережелер бойынша, тасымалдаушы көліктік түбіртекті жүк қабылдаушыға емес, жүк жөнелтушіге береді.
«Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңның 36-бабының 3-бөліміне сəйкес, жүк жөнелтушiге темiр жол көлiгi жүк құжатының негiзiнде жүк қабылданғаны туралы квитанция берiлген кезден бастап жүк тасымалдау шарты жасалды деп есептеледi.
М.Г.Масевич пен И.Н.Петров жүк қабылдаушы құқықтар мен міндеттерге ие бола отырып, шартқа дербес қатысушы болып табылатындықтан, тасымалдау шартын үш жақты шарт деп есептейді [18]. М.Г.Масевичтің пікірі бойынша, жүк қабылдаушы тасымалдау шартында үшінші тарап болып табылады, оның құқықтары мен міндеттері еркіне негізделеді. Сондай-ақ жүкті тасымалдау шартын көпжақты шарт деп тани отырып, «көпжақты мəмледе əрбір тарап өзінің дербес мақсатын көздейді» деп жазады [19]. М.Г.Масевичтің жүкті тасымалдау шартын үш жақты шарт ретінде танитын тұжырымының негізделмеуін атап көрсете отырып, заңнамаға сəйкес, жүкті тасымалдау шарты екі тарап — жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының арасында жасалатынын жəне жүк қабылдаушы ретінде кез келген үшінші жақ та, жүк жөнелтушінің өкілі — экспедитор да бола алатынын тағы да еске салғымыз келеді. Сондықтан да жүкті тасымалдау шарты жүк қабылдаушы — үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарт деген қорытындыға келеміз.
Жүк тасымалдау шарты екі жақты болып табылады. Жүк тасымалдау шарты екі тарап — жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының арасында жасалады, ал жүк қабылдаушы — осы шарт пайдасына жасалатын үшінші жақ деп танылады.
Жүк тасымалдау шарты өтеулі шарттарға жатады. Тасымалдаушының жүкті белгіленген мекенжайға жеткізу жəне оны қабылдаушыға табыстау міндетіне қарама-қарсы жүк жөнелтушінің жүкті тасымалдап жеткізгені үшін шартқа немесе тарифке сəйкес ақы төлеу міндеті тұрады. Жалпы пайдаланыстағы көлікпен тасымалдау орындалғанда тасымалдау ақысы бекітілген тарифке сəйкес анықталады.
Азаматтық құқық теориясында тасымалдау шарттары өтеулі қызмет көрсету шартына жатқызылады. Тасымалдау шартын жасасудың экономикалық мақсаты, əдетте, жүктерді жəне жолаушыларды бір жерден екінші жерге тасу, яғни тасымалдап жеткізу бойынша қызмет көрсету, болып табылады. Көліктік қызмет көрсетулер келесідей түрлерге жіктеледі: жүк тасымалдау; стивидорлық — жүктерді тиеу, түсіру бойынша қызмет көрсету; тальмандық — жүктері санау, өлшеу бойынша қызмет көрсету; қоймалық — жүктерді сақтау бойынша қызмет көрсету; басқа да ұсақ, ілеспе қызметтерді көрсету (мəселен, жүктер салынған ыдыстарды жөндеу, жүктерді сорттау, таңбалау т.б.) [20]. Сондықтан жүк тасымалдау шартын өтеулі қызмет көрсету шартының түрі деп тануға негіз бар.
Кейбір жағдайларда жүкті тасымалдау шартын қосылу шарты ретінде тануға болады. ҚР АК-нің 389-бабы бойынша, ережелерін тараптардың біреуі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгілеген жəне басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт қосылу шарты болып табылады.
Заң əдебиетінде қосылу шартын бөліп қарастыру критерийлері шарт техникасы саласында болады деп айтылған. Келісімді қосылу шарты деп тану белгілі бір мəн-жайға байланысты — ол тараптардың бірімен шарттың стандарттық нысанының əзірленуі. Кез келген тарап, кез келген коммерциялық ұйым шарттың стандарттық нысанын əзірлеп, екінші тарапқа осы шартқа қосылуды ұсына алады [21]. Бүгінгі күні мұндай үлгілі нысанды офертаны клиенттің жүкті тасымалдау шартын жасасу жөнінде ұсынысын рəсімдеу үшін қолдану тəжірибесі орын алған. Бұған ҚР АК-нің 689- бабының 2-бөлімінде аталған жүк тасымалдау шартының құжаттарды (көліктiк құжат, коносамент, тауар-көлік құжаты) толтыру арқылы рəсiмделуін нұсқайтын ережелер құқықтық негіз болады.
Сонымен, азаматтық құқық ғылымындағы жүкті тасымалдау шартының ұғымы мен құқықтық табиғаты туралы теориялық мəселелерді зерттеп, азаматтық жəне көліктік заңнамалардың ережелеріне талдау жүргізе келе, төмендегідей қорытындыларға келеміз:
- Заң əдебиетінде жүктерді тасымалдау шартының екі түрлі табиғаты туралы пікірлерді зерделей отырып, біз жүктерді тасымалдау шарты нақты шарт деген қорытындыға келеміз. Себебі бұл шартты əрі нақты, əрі консенсуалды деп қарастыратын болсақ, онда тасымалдау шарттарына оған ұқсас емес міндеттемелерді, атап айтқанда, ұйымдастырушы шарттарды жатқызуға болар еді.
- Жүктерді тасымалдау шарты үшінші жақтың, яғни жүк қабылдаушының, пайдасына орындалатын шарттардың қатарына жатқызылады. Өйткені, ҚР АК-нің 689-бабына сəйкес, жүкті тасымалдау шарты екі тарап — жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының арасында жасалады, сондай- ақ шарт бойынша тасымалдаушы «жүкті алуға уəкілетті адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді».
- Жүктерді тасымалдау шарты өтеулі қызмет көрсету туралы шарттардың бір түрі болып табылады. Аталмыш шарттың пəні ретінде жүктерді бір жерден екінші жерге тасымалдап жеткізу бойынша клиентке қызмет көрсету болады.
- Жүкті тасымалдау шартын қосылу шарттарына жатқызу ұсынылады. Себебі жүкті тасымалдау шарты тасымалдаушының шарттың нысаны болып табылатын стандартты құжатты (көлік құралының түріне қарай коносамент, жүк құжат, тауар-көлік құжатын) толтырып, жүк жөнелтушіге табыстауы жолымен жасалуы, бұл шарттың жағдайларына клиенттің қосылуын білдіреді.
Əдебиеттер тізімі
- Шершеневич Г.Ф. Курс торгового права: По изд. 1908 г. — (Классика российской цивилистики). — Т. 2. — М., 2003. —С. 209.
- Гражданское право России. Обязательственное право: Курс лекций. — Ч. / Отв. ред. О.Н.Садиков. — М.: БЕК, 1997.— С. 117–118.
- Пугинский Б.И. Коммерческое право России. — М., 2000. — С.
- Брагинский М.И., Витрянский В.В. Договорное право. Кн. 4: Договоры о перевозке, буксировке, транспортной экспедиции и иных услугах в сфере транспорта. — 4-е изд., стер. — М.: Статут, — С. 407.
- Шварц Х.И. Правовое регулирование перевозок на автомобильном транспорте. — М., 1966. — С. 27–29.
- Елдашов Г.А. Гражданско-правовое регулирование перевозки грузов автомобильным транспортом: Автореф. дис. .канд. юрид. наук: 12.00.03. — М., 2006. — С. 13.
- Тютрина Н.Н. Понятие договора перевозки грузов // Транспортное право. — № — М.: Юрист, 2005. — С. 22.
- Гражданское право России. Часть вторая: Обязательственное право: Курс лекций. / Отв. ред. О.Н.Садиков. — М.: Юрист, 2004. — С.
- Гражданское право: Учебник. — Т. / Под ред. А.П.Сергеева, Ю.К.Толстого. — М.: ПРОСПЕКТ, 1998. — С. 384.
- Витрянский В.В. Участники договорных отношений, связанных с перевозками // Хозяйство и право. — № 2. — 2001. —С. 43.
- Тулеугалиев Г.И. Избранные труды по транспортному праву / Предисл. М.К.Сулейменова, Е.У.Ихсанова. Сост. М.К.Сулейменов. — Алматы: НИИ частного права КазГЮУ, 2003. — С. 174–175.
- Егиазаров В.А. Транспортное право: Учебник для вузов. — М.: Юстицинформ, 2005. — 544 с.
- Сулейменов М.К. Глава 32. Гражданское право. — Т. 1: Учебник для вузов (академический курс) / Отв ред. М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин. — Алматы, 2000. — 704 с.
- Яичков К.К. Договор железнодорожной перевозки грузов по советскому праву. / Отв. ред. Я.Ф.Миколенко. — М.: Изд- во АН СССР, 1958. — С. 60–63.
- Рапопорт Л.И. Правовое положение грузоотправителя в договоре грузовой железнодорожной перевозки // Научные записки Харьковского ин-та советской торговли. — Вып. VI. — Харьков, 1957. — С. 171–173.
- Александров-Дольник М.К. Содержание договора грузовой перевозки // Советское государство и право. — 1954. — №— С. 107.
- Тарасов М.А. Договор перевозки по советскому праву. — М., 1954. — С.Петров И.Н. Повысить ответственность перевозчика за сохранность грузов // Советская юстиция. — 1966. — № 11. —С. 13.
- Масевич М.Г. Договор поставки и его роль в укреплении хозрасчета. — Алма-Ата, 1964. — С. 172–174.
- Брагин С.В., Сабетов А. Экспедирование, экономика, транспорт: Учеб. пособие. — Алматы, 2002.
- Витрянский В.В. Гражданский кодекс о договоре // Вестник ВАС. — — № 10. — С. 108.