Халқымыз «Əке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала жағасындағы — құрақ» дегендей, өмір ұрпақ жалғастығынан тұрады. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау — бұл басты міндет. Балалардың мүдделерін қамтамасыз етуді негізгі мақсаты деп атап көрсеткен «Балаларды қорғау жəне шетелдіктердің бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы» Конвенция мен Қазақстан Республикасының заңнамалары балаларды тумысынан белгілі құқықтарға ие, тəуелсіз тұлғалар ретінде таниды. 1998 жылы 17 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының
«Неке жəне отбасы туралы» № 321-І Заңы да балалардың негізгі құқықтары — өмір сүру мен отбасында тəрбиелену деп бекітті [1]. Өкінішке орай, көптеген балалар əр түрлі себептермен ата- анасының қамқорлығынсыз қалып жатады, осындай жағдайларда олардың мүдделерін қорғау мемлекетке артылады. Дəлірек айтқанда, ол өз органдары арқылы əр баланың толық жəне қалыпты отбасында тəрбиелену құқықтарын жүзеге асыруға көмек көрсетеді.
Балалардың отбасында тəрбиеленуге алынуының бірнеше дəстүрлі нысандары бар. Ең маңызды құқықтық институт бала асырап алу институты болып табылады. Бала асырап алу — бұл заңды түрде баланы отбасына қабылдау. Бала туысқан ретінде ұлы не қызы болып барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, ал ата-аналар үшін — бұл бала тағдырына жəне оның толық дамуына ең жоғары дəрежедегі жауапкершілік. Мұндағы бала асырап алу институтының маңыздылығының себебі, біздің мемлекетте отбасылық тəрбие алудың басымдылығына көп көңіл бөлінеді, ал қамқорлыққа зəру болған балалар үшін осындай тəрбиелік нысанды тек бала асырап алу институты ғана қамтамасыз ете алады.
«Бала асырап алу» ұғымының тарихына тоқталар болсақ, алғашқы «Бала асырап алу туралы Заң» Массачусетс штатымен 1851жылы АҚШ-та қабылданды. Бұл заңнама бойынша асырап алынған бала асырап алушының баласы деп танылып, ата-ананың биологиялық балаларына тиісті барлық құқықтарды иеленген. Мұндағы сот асырап алушылардың асырап алынған баланы азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайларын қадағалаумен қатар, баланың білім алу жағдайын да тексеруге міндетті болған. Осындай заңды түрде бала асырап алудың негіздері Францияда Наполеон Кодексіне XVIII ғасырдың басында енгізілсе, Ресейде Александр I кезінде бекітілді. Ресей бала асырап алуда көптеген шектеулер қойды. Мысалы, дворяндар бала асырап алуды тек император рұқсаты негізінде жүзеге асырса, дін қызметкерлері жəне өзге де лауазымды тұлғалар бала асырап алуды тек сенат рұқсаты негізінде жүзеге асырды. Бұл кезеңдегі ең тиімді, əрі ең жеңіл түрдегі бала асырап алу үрдісі тек шаруаларға ғана қолданылды, яғни бұл үрдіс тек асырап алушының асырап алған баланы шаруалардың «Отбасы құрамы» құжатына енгізумен ғана шектелген болатын.
Халықаралық бала асырап алу тарихында маңызды рольге ие болған жазушы, əдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Перл Бак болатын. Ол Қытайда дүниеге келіп, өзінің екінші Отаны болған АҚШ-та өскен. Көп асырауға алынбаған азиаттық балалардың тағдыры тамсандырған Перл
Бак 1949 жылы түрлі ұлтты бірнеше баланы асырап алып, əлемдегі алғашқы «Welcome House» («Үйге қош келдің») атанған халықаралық бала асырап алу агенттігін құрады [2]. Оның осы «Welcome House» атанған агенттігі қазіргі таңда да өз мақсатына сəйкес қызметін жүзеге асыруда.
Еліміздің тарихында қиын-қыстау кезеңдерде жетімдеріне қамқоршылық көрсете білген. Ұлы Отан соғысы жылдарында БКП(б) Орталық комитетiнiң «Жетiм балаларды асырап алу жөнiнде» жасырын қаулысы шығып, оған үн қосқан барлық мемлекет басшылары жетiмдерге мейiрiмдiлiк танытуды көрсеткен болатын. Мəселен, Сталин Артем Сергеев деген жетiм баланы асырап алған. Ол соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, ерлiкпен қаза тапқан. Ворошилов Фрунзенiң ұлы мен қызын бауырына басып, Петр деген жетiм баланы асырап алған, кейiн одан немере сүйген. Буденный, Ежов, Каганович бiр-бiр қыздан асырап алса, Шаяхметов те бiр ер бала асырап алып, азамат етiп өсiрген.
Дəстүрлі қазақ əдет-ғұрпына келер болсақ, біреудің нəрестесін бауырына салу, яғни бала асырап алу, — қазақтың ежелден келе жатқан салт-дəстүр болып саналған. Бала асырап алу, негізінен, өз кіндігінен ұрпақ болмаған жағдайда жүзеге асырылған. Өз кіндігінен нəресте болмаса немесе балалары құтаймай, шетіней берсе, мұндай шаңырақ жақын-жуықтарының бірімен келісімге келіп, баласын бауырына салатын болған. Қазақ салтына орай, бала асырап алушы, əдетте, той жасап, ер бала болса — асықты жілік, қыз бала асырап алатын болса — тоқпақ жілік ұстау ғұрпын істеген. Баланың қолына жілік ұстату олардың көпшілік алдындағы анты, уəдесі іспетті болған. Жұрт алдында балаға жілік ұстату арқылы екі жақ та бала алу, бала беру ісіне ризашылығын танытады. Қазақ арасында немерелерін ата-əкелерінің «бауырына салып» алатын дəстүр де кеңінен ұшырасады. Бұл, əрине, немересін өз баласы деп санайтын ата мен əженің жарасымды өзімшілдігі. Мұндай дəстүр бала асырап алды деп аталынбай, кəдімгі туыстық дəстүрлі қарым-қатынастың шынайы көрінісі еді. Міне, осылай, қазақ жерінде «Жетімдер үйі» деген атау болмаған. Тіпті, жетім дегеннің өзі өте ауыр сөз болатын. Деректерге сүйенсек, мұндай мекемелер біздің елде кеңестік қоғам кезінде пайда бола бастады. Ал ондағы жетімдер саны əсіресе Тəуелсіздік алған жылдардан кейін көбейе түсті. Күнде естіп жүргендіктен бе, жоқ, əлде санамыздың өзгергендігі себеп болды ма, қазіргі уақытта біз «жетім» деген сөздің қаншалықты қасіретті, ұлт үшін ұят екенін сезінбей жүргендейміз.
Əр баланың ынтымағы жарасқан, берекелі отбасында мейірімге бөленіп, бағы жануы тиіс. «Неке жəне отбасы туралы» ҚР Заңыңың 52-бабында да баланың өз ата-анасымен тəрбиеленуіне, оның мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, жан-жақты жетілуіне, оның адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар екендігі бекітіледі. Міне, осындай қамқорлыққа зəру болған балаларды əлеуметтік қорғаудың ең тиімді нысаны бұл балалардың мүдделерін барынша жоғары қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жəне өздері балалы бола алмайтын жас жанұяларға бала тəрбиелеу мүмкіндігін тудыратын бала асырап алу болып табылады.
«Бала асырап алу» термині заң ғылымында əр түрлі мазмұндалады. Көпшілік ғалымдар бала асырап алуды ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды орналастырудың нысаны ретінде түсіндіреді. Енді біреулері заңды акт деп есептейді, бұл жағдайда бала асырап алу асырап алушы мен асырап алынушы баланың арасындағы жаңа құқықтық қатынастың пайда болуы жəне баланың биологиялық туғандарымен құқықтық байланысының үзілуіне əкелетін заңды факт ретінде түсіндіріледі. Қорыта келгенде, бала асырап алу — бұл құқық құраушы жəне құқық тоқтатушы заңды факт.
Заңнамада жəне заңды əдебиеттерде бала асырап алу асырап алушымен (оның туыстарымен) жəне асырап алынған баламен бала асырап алу актісі негізінде пайда болатын құқықтық қатынас болып танылады. Негізінен, бала асырап алу ата-анасының қамқорынсыз қалған баланың отбасында өмір сүру мен тəрбиелену жəне қорғауға ие болу құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған. Ақырында, «бала асырап алу» бала асырап алу бойынша қатынастарды реттеуге қолданылатын құқықтық нормалардың жиынтығын құрайтын жəне бала асырап алуды бекіту мен тоқтату тəртібін, құқықтық қатынастарға түскен қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін анықтайтын отбасы құқығының институтын белгілейді.
ҚР «Неке жəне отбасы туралы» Заңының 76-бабының 3-бөлігіне сəйкес, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды шетелдіктерге асырап алуға беру тек Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарына тəрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы аумағында шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатын баланы асырап алуы Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жүргізіледі [1].
Шетел азаматы Қазақстан Республикасының тұрғыны болып табылатын баланы асырап алуға тілек білдірсе, алдымен өзінің тұрақты мекенжайындағы мемлекеттің орталық органына өтініш жасайды. Сол шетел азаматы тұратын мемлекеттің орталық органы өтініш иелерін бала аcырап алуға құқылы жəне бұған сəйкес деп таныған болса, олардың жеке тұлғасы, бала асырап алуды жүзеге асыруға жарамдылығы, биографиялық мəліметтері, дəрігерлік анықтамасы жəне отбасының тарихы, əлеуметтік ортасы, бала асырап алудың себептері, шет елдік бала асырап алуға қабілеттілігі туралы ақпараттарды баяндап, олардың қамқорлығына алынуы тиіс бала туралы мінездеме дайындайды. Осы құжаттарды мемлекеттік лицензиялар негізінде қызметті жүзеге асыратын агенттіктер беретін ықтимал ата-аналардың қаржы жағынан əл-ауқаты, жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтамамен бірге, қорғаншы жəне қамқоршы органға бала асырап алғысы келетіні туралы жазбаша арыз тапсырады. Сонымен қатар бала асырап алғысы келетін шетелдіктер жеке өзі бала таңдап алуға жəне баламен екі апта бойы тікелей жақын араласуға міндетті болып табылады. Баланы асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс жүргізу тəртібімен жүргізеді [3]. Қазақстан Республикасы баласын асырап алу ниетін білдірген шетел азаматы асырап алғысы келетін баламен екі апталық қарым-қатынасты өткізгенге дейін шетелдіктермен берілген арыз Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 155- бабының 1-бөлігіне сəйкес қозғалыссыз қалдыруға жатады.
Бала асырап алу бойынша баланың тұрғылықты жеріндегі кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа өтініш беріледі. Мұндағы баланы асырап алу туралы өтініште:
- бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) фамилиясы, аты, əкесінің аты, олардың тұрғылықты жері;
- асырап алынатын баланың фамилиясы, аты, əкесінің аты, туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері, асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар- жоғы туралы мəліметтер;
- бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) баланы асырап алу жөніндегі негіздейтін мəн-жайлар жəне осы мəн-жайларды растайтын дəлелдемелер;
- бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) баланың тууы туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізгісі келетін жағдайда, асырап алынатын баланың фамилиясын, атын, əкесінің атын, туған күнін (баланы бір жасқа дейін асырап алған жағдайда), асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың тууы туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (бала асырап алушыны) ата-аналар ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуі тиіс.
Бала асырап алу туралы өтінішке қоса келесі құжаттарды ұсыну керек:
- қорғаншылық жəне қамқоршылық органының асырап алу баланың қызығушылығына сай жəне негіз бар екендігі жөнінде қорытынды;
- баланың туу туралы куəлігі жəне акті жазбасының көшірмелері;
- асырап алушылардың тұрмыс жағдайын тексеру актісі;
- асырап алушының денсаулығы, дене жəне ақыл-есінің дамуы туралы медициналық қорытынды;
- баланы асырап алуға ата-аналарының келісімі.
Кей жағдайларда баланың ата-аналарының келісімінсіз де бала асырап алу жүзеге асырылады.
Егер:
- ата-ана сотпен белгісіз немесе өлген хабар-ошарсыз кеткен деп танылса;
- ата-ана сотпен əрекетке қабілетсіз деп танылса;
- ата-ана сотпен ата-ана құқықтарынан айырылса;
- баламен бірге тұрмайтын жəне сот дəлелсіз деп таныған себептер бойынша 6 айдан астам уақыт бойы оны тəрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрсе, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді;
- 10 жастан бастап баланың асырап алуға берген жеке келісім берген болса;
- өтініш берушінің көзделген баланың асырап алушысы бола алатындығын дəлелдейтін айғақтар (ереже бойынша балалар мекемелерінің — балалар үйлерінің, басшыларының асырап алушының баламен жасаған екі жұмалық қарым-қатынасы туралы қорытындысы).
Асырап алу жөніндегі соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, АХАЖ органдарында баланы асырап алу тіркеліп, асырап алу жөнінде куəлік беріледі.
Балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алу үшін келесі құжаттар талап етіледі:
- үлгі бойынша нотариус растаған өтініш;
- неке туралы куəліктің көшірмесі (егер де бала асырап алушы некеде болса);
- жеке куəліктің көшірмесі;
- жұмыс орнынан алынған еңбек ақысы көрсетілген анықтама (еңбекақысы, кірісі);
- тұрып жатқан үйі құжаттарының көшірмесі;
- тұрмыстық-тұрғын үй жағдайын тексеру актісі (асырап алушылар тұрып жатқан аумақтағы мектептің қоғамдық инспекторы жасайды; актіні мектеп директоры растайды);
- тұрғылықты жерінен тұрғылықты жерінен қамқоршылық жəне қорғаншылық органының қорытындысы;
- соттылығының болуы не болмауы жөніндегі мəлімет (оны тек асырап алуға тілек білдірген шетел азаматы тұратын елдің құзыретті органы растауы қажет);
- медициналық (психиатр, нарколог, дерматовенеролог, терапевт жəне басқалар) тексеру анықтамасы. Мұндағы баланы асырап алуға болмайтын адамның бойындағы аурулардың тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Олардың тізбесі келесідей: жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромын (СПИД) жəне иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырғандар (ВИЧ), психикалық аурулар, маскүнемдік, нашақорлық, уытты заттарға əуестік, туберкулез, жыныстық қатынаспен таралатын аурулар, алапес, дəнекер тіндердің ауыр сырқаттары, созылмалы ауыр буллезды дерматоздар, I, II-топтағы мүгедектік (қамқоршылық жəне қорғаншылық органының шешімі бойынша).
Балаларды асырап алуға тілек білдірген шетел тұлғалары ұсынылған құжаттардың аударылуының дұрыстығын растау үшін сот қажет деп таныған жағдайда тиісті мамандарды іске тартуға тиіс.
Сотқа жіберер бұрын жиналған құжаттар қамқоршылық жəне қорғаншылық органдарына тапсырылады. Қамқоршылық жəне қорғаншылық органдарынан асырап алу мүмкіндігі туралы жауап алынған кезде, мемлекеттер арасында визалық режим болса, ҚР дипломатиялық немесе консулдық мекемесі шетел азаматтарына елге келу үшін арнайы виза береді. Бұл визаны Астана қаласындағы Консулдық қызмет департаменті береді. Визалардың басқа санаттары бойынша (мысалы, туристік, іскерлік) асырап алу мақсатымен Қазақстан Республикасына келуге рұқсат етілмейді.
Баланың толық, жан-жақты үйлесімді дамуы үшін жанұя жағдайында, бақыт, мейірім, махаббат аясында тəрбиеленуі қажеттігін, баланың өзі туған елден, сəйкесінше жанұя табылмаған жағдайда шет елдік бала асырау тұрақты отбасын қамтамасыз етерлік мүмкіндік беретінін мойындай отырып, əрбір мемлекет басым мақсат ретінде баланың өз отбасында тəрбиеленуін қамтамасыз ету үшін жəне баланы ұрлау, сату немесе саудалауды тоқтату үшін шаралар қолдану қажеттігін ескере отырып, халықаралық құжаттауда, атап айтқанда, 1989 жылы 20 қарашада жарияланған «Балаларды қорғау туралы» БҰҰ Конвенциясында, «Балаларды қорғауға жəне мүддесіне байланысты əлеуметтік жəне құқықтық принциптер туралы» БҰҰ Декларациясында, 1986 жылы 3 желтоқсанда жарияланған «Ұлттық жəне халықаралық деңгейде балаларды тəрбиелеу жəне оларды асырап алу туралы» БҰҰ Бас Ассамблеясының 41/85 ұйғарымында көрсетілген қағидаларды назарда ұстай отырып, 1993 жылы 25 шілдеде «Балаларды қорғау жəне шетелдік бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы» Конвенция Гаагада қабылданып, мемлекеттер өзара келісім жасасты [4].
Бұл Конвенцияның мақсаты: шетелдік азаматтармен асырап алынған баланың мүддесін жəне негізгі құқықтарын қамтамасыз ету; балаларды ұрлау, сату жəне саудалауды тоқтату үшін өзара келісім жасасқан мемлекеттердің ынтымақтастық жүйесін құру; Конвенцияға сəйкес келісім жасасқан мемлекеттерде Конвенцияға сəйкес жүзеге асырылған бала асырап алудың мойындалуын қамтамасыз ету. Шетелдік азаматтарға асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жүзеге асырады.
Конвенция мақсаттарының жүзеге асырылуы мен кепілдіктердің əрекет етуі үшін келісім жасасқан мемлекеттер Конвенцияға сəйкес міндеттерді орындау жүктелген органдардан орталық орган тағайындайды. Орталық органдар асырап алынған балаларды қорғау жəне Конвенцияда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін бір-бірімен ынтымақтастықта болады жəне өз мемлекеттерінде толық құқылы үкіметпен өзара ынтымақтастықты дамытады. Олар өз мемлекеті заңдарына сəйкес бала асырап алуға қатысты ақпараттарды жəне статистика, стандартты формалар сияқты жалпы ақпараттарды жеткізіп, бірін-бірі конвенция əрекеті туралы баяндап отырады жəне оның қолданысына кедергі келтіретін барлық жағдайды жойып отыруы үшін тиісті шараларды орындайды. Баланы асырап алуға байланысты өзін ақтамайтын қаржылық немесе басқа да пайданы табу мақсатын көздейтін ұйымдарды жою мақсатында орталық органдар тікелей өздері немесе мемлекеттік билік арқылы барлық тиісті шараларды қолданады.
Елімізде балалықтың базарын сезінбей, шын қуанып күле алмаған, ата-анасына еркелей алмаған сəбилер саны көбейіп барады. Иə, бізде жетім балалар саны көп. Қазірдің өзінде елімізде ата-ана қамқорлығынан айырылған 42494 жетім бала бар екен. Оның ішінде 15116-сы мемлекет қарамағындағы балалар үйлері мен интернаттарда тəрбиеленуде. Сондай-ақ 25315 бала ата-ана қамқорлығына берілсе, қалған 2063 бала отбасы үлгісіндегі ауылдарда жүр. Осы балалардың 2300- нан астамы ғана тұл жетімдер екен [2].
Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы. Əрине, жетімдер үйі барлық мемлекеттерде бар. Алайда қазақ ежелден жетімін қаңғыртпаған, жесірін теңтіретпеген халық. Өркениет дамығаннан бері біздің елде де жетімдер үйі, қариялар үйі қаптап кетті. Əрине, бұл тек жеке бастың емес, қоғамның қасіреті, трагедиясы.
Қазіргі кезде елімізде бала асырап алушылардың саны өсіп келеді. Мұны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрліің шетелдік мекемелердің қызметіне жүргізген талдауы бойынша соңғы уақыттағы қазақстандық балаларды асырап алуға ниет білдіруші шетелдік азаматтардың өтініштерінің өсу үрдісі дəлелдейді. Мысалы, 2009 жылы ғана шетелдіктермен 404 бала асырап алынған. Соның ішінде 149 — Қарағандыдан, 123 — Шығыс Қазақстан облысынан, 93— Алматыдан, 17 — Оңтүстік Қазақстан облысынан, 12 — Қызылордадан, 10 — Жамбыл облысынан.
Осындағы Шығыс Қазақстан облысының соттарына ғана түскен 123 арыздың 61-і Қазақстан азаматтарынан, 64 арыз шетел азаматтарынан бала асырап алу туралы түскен, 62 шешім шығарылып, 2 арыз қараусыз қалдырылған. Шетел азаматтарының балаларды асырап алу туралы арыздарының барлығы облыстағы екі сотта, яғни, Өскемен қалалық сотында — 43 арыз жəне Семей қалалық сотында — 19 арыз қаралған [2]. Халықаралық баланы асырап алу туралы сот істеріне талдау жасайтын болсақ, бала асырап алу туралы арыздармен əр түрлі мемлекеттің азаматтары жүгінгенін көреміз.
Ал енді 2005–2009 жылдар аралығындағы консулдық есепке алынған асырап алынған балалардың саны төмендегідей: 5308 — АҚШ, 600 — Испания, 343 — Бельгия, 173 — Германия, 167 — Канада, 140 — Ирландия, 131 — Франция, 25 — Египет, 21 — Израиль, 9 — Италия, 5 — Түркия мен ГФР, 3 — Ресей Федерациясы. Өтініштер санының өсуімен бірге некеге отырмаған, жалғызбасты шетелдік азаматтардан келіп түсетін өтініштердің де саны артты. Алынған деректер бойынша, 6 баланы жалғызбасты шетелдік азаматтар асырап алған [5]. Дегенмен, Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алу əлі де жүргізілуде.
Шетелдік азаматтарға асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жүзеге асырады. Алайда осы шетелдік бала асырап алушыларды тексеруді жүзеге асыратын консулдық мекемелерде штат лауазымдарының жетіспеушілігі жəне консулдық қызметкерлердің асырап алынған балалардың тұруы мен тəрбиеленуін тексеруде кейбір шет мемлекеттердегі адамның жеке өміріне араласуға тыйым салынуымен байланысты қиындықтардың да болуын ескерген жөн.
Дүниежүзі бойынша балаларын халықаралық асырап алуға ұсынатын елдердің ішінде Қытай, Вьетнам, Қазақстан алғашқы орындарды алуда. Бала асырап алуға байланысты қызметтерін қаржылық негізде ұсынатын ұйымдар агенттіктер деп аталады. Міне, осы бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің ретке келтірілмеген қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын талдау айғақтайды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректері бойынша, Қазақстан аумағында бала асырап алу жөніндегі шетелдік компаниялардың 28 өкілдігі жұмыс жасайды [6]. Алайда, Павлодар облысы прокуратурасының ақпараты бойынша, тек облыс аумағында 16 шетелдік агенттіктер жəне 12 бала асырап алушылардың делдалдары жұмыс істейді. Осылайша, Қазақстан аумағында жұмыс жасайтын бала асырап алу жөніндегі халықаралық агенттіктердің саны туралы деректер жүйеленбеген.
Америкада да бала асырап алу қызметін ұсынатын компаниялар жетерлік. Солардың бірі — «For This Child» («Осы бала үшін») деп аталады [2]. Аталған ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан бала асырап алуға ұсынылатын бағалар белгіленген. Ұсынылған қызмет түріне баланың күллі құжаттарын реттестіру, кеңес беру, Қазақстандағы бала асырап алу ісін жəрдемдесетін арнайы ұжымның қызметі, үй жалдау, Білім жəне ғылым министрлігінің жұмысын түсіндіріп, министрлікпен жəне балалар үйінің өкілдерімен кездесу, Алматы мен аймақта бала асырап алудың барлық қадамын түсіндіру кіреді. Осы қызметтері үшін Америка компаниясы 21000 АҚШ долларын алмақ. Бұдан бөлек, есептелмеген тағы басқа да шығындар бар екен. Олардың ішіне балалар үйлеріне, ондағы тəрбиешілер мен тəрбиеленушілерге сыйлық беру. Ол шамамен 500 доллар маңайында. Сонда жалпы есепте шамамен 30000 АҚШ долларына Қазақстаннан бала асырап алуға болады [7].
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға сəйкес Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын шетелдіктер асырап алған бала кəмелеттік жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын сақтайды. Яғни, оларға кəмелеттік жасқа толғанша дейін қос азаматтықты иелену құқығы берілген. Заңның осы нормасы көптеген жағдайларда шет мемлекеттердің заңнамалық практикасымен шиеленісіп жатады [8]. Осылайша, мысалы, АҚШ азаматы асырап алған бала жедел түрде осы елдің азаматтығын алуға міндетті. Сонымен қатар 1 жасқа жетер-жетпестен асырап алған баланың аты-жөні өзгертіледі. Сондықтан басқа мемлекеттің баласын бақылауға алу өте күрделі.
Жақында шекара асып кеткен ресейлік бала туған жеріне оралды. Америкалық жалғызбасты келіншектің асырауына берілген 7 жасар Артём Хансанның қолында «өгей анасы» американдық Тории Хансанның «баланы асырап алудан бас тартамын» деген бір парақ қағаздан басқа ештеңе болмаған. Осы оқиғадан кейін ресейліктер шетелдіктерге бала беру мəселесін мықтап қолға ала бастады. Тіпті, Ресей Үкіметі ендігі жерде шетелдіктердің бала алуына мораторий жарияламақшы ойда көрінеді. Ал, бізде қалай? Көршіміздің төбесіне төнген «қара бұлт» ертең жүйтки-жүйтки Қазақстанға жетпей ме? Оған қоса, Сыртқы істер мен Білім жəне ғылым министрліктерінің деректері бір-біріне сəйкес емес. Осылайша, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша, 2000–2004 жылдар аралығындағы кезеңде шетелдік азаматтар 4173 баланы асырап алса, Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің деректері бойынша, осы кезең ішінде 355 бала асырап алынған [8]. Шетелдік азаматтар асырап алған, Қазақстан азаматтары болып табылатын балалар мен консулдық есепте тұрған балалардың жалпы саны арасындағы алшақтық көптеген халықаралық бала асырап алу жөніндегі агенттіктер мен қорлардың бірқатар жағдайларда «Неке жəне отбасы туралы» Заңдарды бұза отырып, атқарған қызметінің салдарынан туындаған. Демек, қазақ балаларын шетелдіктердің асырап алуына Ресейдегідей мораторий жариялау керек пе? Шетелдіктердің елімізден бала асырап алуы қазақ қоғамында көптен бері талас-тартыс туғызып келе жатқан мəселе. Бірі «қазақ ежелден жетімін қаңғыртпаған, балаларымызды жатқа бермейік» десе, енді бірі «бала жат та болса, ата-ананың жылуын сезінгені дұрыс» дейді. Тіпті бір кездері «еліміздегі əрбір шенеунік бір-бір баладан асырып алсын» деген бастама да көтеріліп, аяқсыз қалды. Дəл қазір бір анығы — балаларымызды шетелдіктер үздіксіз асырап алуда жəне олардың кейбіреуінің «шетелдік» тағдырынан хабарсыз екеніміз де жасырын емес.
Тағы бір айта кетер жайт, өз еліміздің азаматтары жетім балалар үйінен бала асырап алу кезінде көптеген қиындықтарға тап болатынын жарыса айтады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Біз, керісінше, жетім балалар үйінен бала асырап алғысы келетін азаматтарға көптеген жеңілдік қарастыруымыз қажет. Мысалы, Ресей Федерациясы қазір бала асырап алған əрбір ата-ананың қамқорлықтарына, балаға айына 4000 рубль жəрдемақы төлеп отыр. Бұдан бөлек, асыраушы ата-аналарға 2500 рубль көлемінде еңбекақы төлейді. Сөйтіп, ресейлік бала асыраушылар айына 6500 рубль мемлекеттен көмек алады. Осы 6500 рубльді біздің ақшаға шақсақ, 32200 теңге болады. 32200 теңге қазіргі дағдарыс жағдайында бір отбасының айлық тамағына жетіп артылмай ма? Бұл аз десеңіз, ресейліктерге бала асырап алғаны үшін бір реттік 11000 рубль (біздіңше 55000 теңге) жəрдемақы беріледі. Міне, мұның барлығы елдегі жетімдер үйі мен балаға зар болып жүрген ата-аналардың санын азайтары анық.
Оның үстіне халықаралық тəжірибеде бұл дəстүр материалдық əрі моральдық жағынан да өзін-өзі əлдеқашан ақтаған. Кейбіреулер мұны жоққа шығарып, «мемлекет бала асырап алғандарға материалдық көмек берсе, елдің бəрі ақша үшін бала алуға ынталы болады» дейді. Жоқ, бұл бала асырап алғысы келетін азаматтарды түрлі жолдармен ынталандырудың əдісі ғана. Сонымен қатар құжат мəселесін барынша оңайлатқан жөн. Осылайша өз балаларымыздың өзімізде қалуына мүмкіндік туғызсақ, жетім балалар үйінде шетел қызығатындай бала да қалмас еді!
2005 жылғы АҚШ-тың арнайы статистикасы бойынша, АҚШ-тағы балалар үйінде 45000 бала бар, сол статистика бойынша, АҚШ-та жылына 3000 бала асырап алынады жəне олардың орнына балалар үйіне 3000–4000 бала қайтадан түседі. Ендеше, 45000 баласы бар АҚШ неліктен Қазақстан Республикасынан бала асырап алады? Біріншіден, АҚШ-қа қарағанда өзге елдерде бала асырап алу процесінің жеңілдірек болуы, екіншіден, ондай адамдарға өз елдерінің заңдарымен жеңілдіктер беріледі. Мысалы, Солтүстік Ирландияда əр баланы бағып-қағу үшiн аптасына 200 АҚШ доллар көлемінде жəрдемақы төленеді. Яғни, əр бала үшін айына 800 АҚШ доллар. Онымен қоса, кəсіпкерлікпен айналысса, белгілі бір деңгейде салықты аз төлейді. Ал баланы асырап алуға қатысты арнайы сараптама жұмыстарының қорытындысы бойынша, қазақстандық бала асырап алушылардың басым контингентінің 95 % орташа табысты азаматтар болса, қалған 5 % жоғары материалдық жағдайы бар азаматтар екен [2].
Израиль елінің заңында: «Еврей тек еврейдің баласын асырап ала алады», — деп жазылған. Израиль жеткен жетістікке қол созып, сондай қатаң талапты өзімізге қояр болсақ, бүгінде қаракөз домалақтарымыз мұхит аспаған болар еді.
Шетелдермен асырап алынуға жататын халықаралық баланың мүддесін жəне негізгі құқықтарын қамтамасыз етуді мақсат еткен «Балаларды қорғау жəне шетелдік бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы» Конвенция сырқат балаларды шетелге емдеуге, əрі қарай бақытты өмір сүруді қолдайтын болса, неліктен осы сырқат балаларды шет мемлекетке асырап алуға дейін емделуге жібермеске? Тек бала емделіп, сау болды деген медициналық қорытындыдан кейін баланы асырап алуды жүзеге асырмасқа? Сонда сырқат балалар да емделеді, «Қазақстан Республикасына өздері емдей алмайды, баланы да емдеуге жібермей отыр» деген сөз де тимейді, əрі Қырғызстандағы болған оқиғаның алдын аламыз. Сондықтан, баланы асырап алуға берсек — бала құқықтарын қорғауды жолға қояйық, асырап алуға бермесек — өз ішіміздегі тəрбиені жөнге келтірейік.
Біз мемлекеттің ең басты қазынасы — халық дейміз де, демографиялық қор болып табылатын жас сəбилерді шетелдіктерге оп-оңай таратып жатырмыз. Не бары 15 млн. халқы бар Қазақстан шетелдіктерге бала беруде 1,5 млрд. халқы бар Қытайдың алдына шығып отыр. Қазақстан шет елге бала беру жағынан əлемде III орын алады. Шет елге мұнай шығарудан IV орын аламыз да, бала беруде III орын аламыз. Қазақстандық қоғамның алдында тұрған бұл өткір, əрі өзекті мəселелер шұғыл шешімді қабылдауды талап етеді.
Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, олар жөніндегі ой қозғар мəселелерді аталы қауым еш уақытта да аттап өткен емес.
Сонымен, қоғамдағы əр түрлі тұлғалардың арасындағы ұзаққа созылған пікірталастардың болуына қарамастан, халықаралық бала асырап алу мəселесі бойынша қалыптасқан келеңсіз жағдай ашық түрде қалып отыр. Аталған мəселе бойынша заңдағы жіберілген қателіктер халықаралық бала асырап алу үрдісіне қатысушылардың əрқайсысына заңдағы ақаулықтар мен түсініксіз жайттарды өз мақсатына жету үшін пайдалану мүмкіндігін беріп, қазақстандық балаларды шетелге заңсыз жолмен алып кетуге жол ашып отыр. Заңнамада Қазақстан аумағындағы халықаралық агенттіктердің қызметіне қатысты тиісті нормалардың болмауы науқас балаларға көмек көрсетумен айналысатын агенттіктердің заңдастырылған қызметіне күмəн келтіреді.
Əлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды, ұлттық бейнемізді, балаларымызды, алдымен, біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-əрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын, табан астында тапталатынын естен шығармайық. Тек өзінен кейінгілерді, ұрпағын ойлай білетіндер ғана ұлттарды өмір сүру жəне алға басу мүмкіндіктеріне жеткізе алады.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының «Неке жəне отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы № 311-І Заңы // Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы. — 1998. — №
- aktobegazeyi.kz/ p=6355
- Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі. — 13 шілде 1999 жылғы № 411 Заңы // Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы. — 1999. — № 18. — 644-қ.
- Қазақстан Республикасының «Балаларды қорғау жəне баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» 2010 жылғы 12 наурыздағы № 253-IV Заңы // Егемен Қазақстан. —№ 98,99 (25945). — 17 наур.
- http://thenews.kz./2010/01/28/234616.html
- Бала асырап алу, соның ішінде Шетел азаматтарының бала асырап алу туралы мəліметтер № 1-У нысанды статистикалық есепті жəне оны құру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2006 жылғы 28 желтоқсандағы № 79 Қаулысы.
- minber.kz/ p=1213
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын ұл (қыз) балаларды асырауға тілек білдірген шетелдік азаматтарды есепке алу жөніндегі есепті бекіту туралы» 1999 жылғы 17 маусымдағы № 655 жəне «Шетелдіктердің асырап алуына берген Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылатын ұл (қыз) балаларды есепке алу туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2003 жылғы 11сəуірдегі № 08–1/31 Бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2005 жылғы 30 қарашадағы № 08–1/363 Бұйрығы // www.zakon /