XX ғасырдың соңғы онжылдығында əлем экономикасында айқын бейнелене бастаған жаһандану үрдістері мен əлемдік нарықтық қатынастарда орын ала бастаған еркіндік үрдістері заңсыз, қылмыстық жолмен алынған табыстарды (кірістерді) заңдастыру əрекеттерінің халықаралық деңгейге өрбуінің басты себептеріне айнала бастады. Сонымен қатар телекоммуникациялық жəне сандық технологиялардың дамуы да осы үрдістердің қарқындылығының артуына себепші факторлардың бірі болды. Мұндайда ұйымдасқан қылмыстылықтың заңсыз табыстарын легализациялауға қарсы табысты күрес жүргізуге əрбір елдің құқықтық жүйелеріндегі ерекшеліктермен қатар осы мемлекеттердің егеменділігі де елеулі кедергіге айналды. Мұнда бір елдің құқықтық жүйесінің шектерінде банктік жəне коммерциялық құпияның едəуір қорғалуы басқа елдердің қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрес шараларының жеткілікті деңгейде жүргізілуіне кері əсерін тигізіп келді. Сондықтан əлем экономикасындағы жаһандану үрдістері қарастырып отырған қылмыс түріне қарсы мемлекеттік деңгейден де жоғары тұратын іс-шаралардың əзірлену қажеттігін жəне осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсу мұқтаждығын пайда етті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан заңсыз табыстардың легализациялануы (жылыстатылуы) ұйымдасқан қылмыстылықтың қаржылық негізін құрайтындығын мойындауы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылықтың неғұрлым осал жерінен соққы жасау қажеттілігін пайда етті [1]. Қылмыстық істерден түскен ақша қаражаттары мен өзге де мүлікті жасыру айтарлықтай оңай емес, олар, кейде, алдында орын алған предикатты құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтауда заттай дəлелдемелер де болуы ықтимал. Əрбір мемлекетте сенімді бақылау механизмдері құрылып, олар табысты қызмет атқарған жағдайда ғана қаржы жүйелерінің шектеріндегі қылмыстық табыстардың аударымдарын тиімді анықтауға болады.
Заңсыз (қылмыстық) табыстарын легализациялау үшін жауаптылық орнататын шет елдердің қылмыстық заңнамасын зерттеп, игеру отандық қылмыстық құқық ғылымы мен тəжірибесі үшін маңыздылығы зор, өйткені бұл бағыттағы қоғамдық қауіпті əрекеттерді шет мемлекеттердің криминализациялау бойынша заңнамалық тəжірибесі еліміздегі құқықтық жүйенің спецификасын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру бағыттарын айқындауға көмектеседі. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан Республикасы экономикалық, саяси жəне мəдени салаларда ынтымақтасуды көздейтін жəне айтарлықтай экономикалық, құқықтық салада жетістіктерге қол жеткізген шет елдердің заңсыз (қылмыстық) табыстарды легализациялауға қарсы қылмыстық құқықтық күрес негіздерін игеру жəне бағалау қажеттілігі туындап отыр. Сонымен бірге қарастырылып отырған қылмыс құрамы отандық қылмыстық құқық практикасы үшін айтарлықтай жаңа құбылыс, мұнда шетелдік тəжірибеге назар аудармастан, əрі қарай жетілу қиынға соғатыны анық.
Заңсыз табыстарын легализациялау түсінігі (ағылш. money laundering) АҚШ-та өткен ғасырдың 80-жылдарында есірткі бизнесінен түскен табыстарға қатысты қолданыла бастаған жəне заңсыз алынған қаражаттарға заңды түр-сипат беру процесін аңғартады. Қазіргі кезде осы қылмыстың анықтамасына қатысты ортақ консенсусқа қол жеткізілген жоқ дерлік. Бұл қылмыстың түсінігіне қатысты алғашқы анықтамалардың бірін 1984 жылы ұйымдасқан қылмыстылық бойынша АҚШ Президенттік комиссиясы берген болатын: «...заңсыз ақшаларды заңдастыру — бұл табыстардың бар екендігін, олардың заңсыз тегі немесе заңсыз пайдаланылуы жасырылатын жəне артынан осы табыстардың шығу тегін заңды етіп көрсететін процесс».
Мұнда айта кететін жайт — заңсыз табыстарын легализациялау іс-əрекетін криминализациялау процесі ең алдымен есірткі заттарының заңсыз айналымынан алынған табыстарға қатысты дамыған болатын. Осы тұрғыда аталмыш қылмыстың алғашқы белгілері Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі жəне психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күресу бойынша ұйымдастырылған Вена Конвенциясында (1988 ж. 19 желтоқсан) берілген болатын.
Сонымен, 1988 жылғы Вена Конвенциясында ресми түрде есірткі айналымынан алынған заңсыз ақша қаражаттарын легализациялау қылмыс деп жарияланды. Дегенмен, халықаралық қауымдастықтың бұл «жаңа» қылмыс түріне көзқарасы біржақты болғаны тез арада анықталған- тұғын. Мамандар заңсыз табыстарды легализациялау тек есірткі айналымынан түскен қаражаттарға қатысты бола бермейтіндігін түсініп, араға екі жыл салып 1990 жылдың 8 қарашасында Еуропа Кеңесі «Қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды заңдастыру, анықтау, алу жəне тəркілеу туралы» № 141 Конвенциясында тек есірткінің заңсыз айналымынан алынған табыстарды ғана заңдастыруды қылмыс деп қоймай, бұл тектегі қылмыстық əрекеттерге өзге де криминалдық жолмен алынған табыстарды легализациялау жататындығын мəлімдеді. Сонымен қоса осы Конвенцияның 6- бабында заңсыз табыстарын заңдастыруға байланысты болатын құқықбұзушылықтардың тізімі де берілген болатын.
Шетелдік қылмыстық заңдардың аталмыш қылмысқа қатысты өзара өзгешеліктері ең алдымен ондағы легализацияланатын қаражаттардың шығу тегіне қатысты іс-əрекеттердің тізімін анықтауға байланысты. Əрбір елде заңсыз қаражаттардың шығу тектеріне төмендегілердің бірін жатқызады:
- қылмыстар (қолданыстағы қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстардың кез келгені бола алады);
- тек қана ұйымдасқан қылмыстылық үшін тəн қылмыс түрлері;
- құқықбұзушылықтар;
- есірткілердің заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстар.
Егер заңсыз табыстарын легализациялауға байланысты қабылданған алғашқы халықаралық акттерге назар аударатын болсақ (аталмыш қылмыстың анықталуының бастамасы халықаралық акттер негізінде жүргізілген), онда берілген анықтамалар көбіне казуистикалық, яғни қылмыстық қудаланатын, іс-əрекеттердің шеңбері нақты анықталу негізінде болғанын байқаймыз. Атап айтсақ, Вена Конвенциясының үшінші бабы əрбір қатысушы-мемлекеттен есірткінің заңсыз айналымынан алынған ақшаларды заңдастыруды қылмыс ретінде тануын талап ете отырып, бұл іс-əрекеттерге келесі түрде анықтама берген:
«...b) (i) конверсия, немесе меншікті ауыстыру, егер мұндай меншік Конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса, əрі бұл іс-əрекеттер меншіктің заңсыз көзін жасыру немесе мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысқан кез келген адамға ол өз іс-əрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтаруы үшін көмек көрсету мақсаттарында жасалса;
(ii) меншіктің немесе оған құқықтың шынайы шығу тегін, орналасқан жерін, əлдебір қозғалыстарын жасыру немесе бұрмалау, егер мұндай меншік осы конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде, не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа не құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса;
с) өзінің конституциялық ережелері мен өзінің негізгі құқықтық жүйесінің негізгі қағидаларын ескере отырып;
(i) меншікті сатып алу, иелену немесе пайдалану, егер оны алу мезетінде осы мүлік конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылықты не құқықбұзушылықтарды жасауға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса...».
Вена Конвенциясындағы, одан кейін де қабылданған халықаралық нормативтік акттерде заңсыз табыстарын легализациялау қылмысына анықтама беруде осы акттердің авторларының қылмыстың объективтік белгілерін неғұрлым нақты анықтауға ұмтылу мақсатының болғанын байқауға болады, яғни аталмыш қылмыстың объективтік жағының белгілері, біздің қылмыстық құқықтық түсінігіміз тұрғысынан алатын болсақ, «кеңістікте» біраз шектелген сияқты болады. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Кеңесінің қабылдаған Конвенцияларында біз қарастырып отырған қылмысқа берілген анықтамалар өзара айқын ерекшелене қоймайтындығы байқалады. Сəйкесінше, осы кезеңге дейін бір де бір шет мемлекеттері заңсыз табыстарды легализациялау іс-əрекеттерін (əрине, АҚШ-тан басқалары) криминализацияламағандықтан, олар өздерінің қылмыстық заңдарында жоғарыда аталған халықаралық Конвенциялар негізінде заңсыз табыстарын «заңдастыруды» қылмыс ретінде анықтаған болатын.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің арасынан заңсыз табыстарын легализациялауға қарсы күресте (ең алдымен оның заңдық негіздерін анықтауда) ресейлік тəжірибенің маңызы зор деуге болады.
Заңсыз жолмен алынған табыстарын легализациялау (заңдастыру) үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 193-бабында қарастырылған. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңында заңсыз табыстарын легализациялау (заңдастыру) қылмысы шетелдік заңнамаларға қарағанда бірқанша жалпылаушы, яғни қылмыс құрамының негізіне қылмыстық іс- əрекеттердің біршама кең шеңберін қамтитын сөздермен анықталған. Мұны əсіресе қылмыстың объективтік жағының белгілерінен байқауға болады.
Страсбург Конвенциясын ратификациялаған еуропа елдерінің біріншісі Ұлыбритания болды. Осы конвенция талаптарын орындай отырып, ол заңсыз (қылмыстық) табыстарын легализациялау негізінде жасалатын бірқатар қоғамдық əрекеттерді криминализациялады. Қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы қылмыстық құқықтық күрес негізін 1986 жылы қабылданған есірткі айналымы туралы заң құрайды. Осы мезеттен бастап Ұлыбританияда есірткі заттары мен жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымынан алынған табыстарды легализациялауға қатысы бар адамдарды қылмыстық құқықтық қудалауға заңды негіз пайда болады. 1993 жылы аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қылмыстық табыстарды легализациялау үшін жауаптылық орнататын норманың əрекет ету аясы айтарлықтай кеңейген болатын.
Заңсыз алынған ақша қаражаттары мен өзге де мүлікті заңдастыруға қарсы іс-қимылдардағы халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсу бастамасы, ең алдымен, АҚШ тарапынан келген болатын, өйткені осы мемлекетте біз қарастырып отырған қоғамдық қауіпті əрекетке қарсы ұлттық күрес шаралары тұңғыш рет əзірлене бастаған. Тарихи кезеңнің сол тұсында əлемнің бірқанша мемлекеттері халықаралық наразылықтардың болуына қарамастан, өзіндегі қаржы инструменттерді (əсіресе банк жүйесін) қылмыстық табыстардың «жылыстатылуы» үшін қызмет етуге бейімдеп, елеулі мөлшердегі кірістерге иеленіп отырған болатын. Ал қазіргі кезде бұл құбылысқа қатысты əлем қауымдастығының назары түбегейлі дерлік бағытын өзгертіп, оның қоғамдық қатынастарға, ел, аймақ экономикасына теріс əсері жеткілікті дəрежеде аңғарылып, халықаралық ынтымақтастық шараларының қажеттілігі мойындалып келеді. Оның басты себептерінің бірі — көптеген елдердің құқық қорғау органдарының практикасында заңсыз табыстардың легализациялануына қарсы күресті ұйымдасқан қылмыстылыққа, сол сияқты есірткі заттарының заңсыз айналымы мен терроризм жəне экстремизм секілді келеңсіз құбылыстарға қарсы күресте басты құрал ретінде кеңінен қолдана басталуы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымы, Еуропа Кеңесі, Бағалы қағаздар бойынша халықаралық комиссия, халықаралық қаржы институттары жəне басқа да халықаралық жəне мемлекетаралық ұйымдар өз қызметтерінің басты салаларының бірі ретінде трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылық құрылымдарының криминалдық капиталдарының легализациялануына қарсы күрес жүргізу деп анықтайды.
Заңсыз табыстардың жылыстатылуына қарсы халықаралық деңгейде күрес шараларының əзірленіп, практикаға енгізіле бастаған кезеңінен-ақ БҰҰ осы бағыттағы қарсы шаралардың əзірленуіне жəне халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсу ісіне белсене араласа бастады. Қылмыстық жолмен алынған табыстар туралы мəселені жəне осы қоғамдық қауіпті əрекет үшін қылмыстық жауаптылық орнату қажеттілігі туралы мəселені көтерген алғашқы халықаралық құжат 1988 ж. Вена қаласында қабылданған «Есірткі заттарының жəне жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» БҰҰ Конвенциясы болды.
Ақшаның жылыстатылуының жəне қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды пайдаланудың алдын алу жəне жəне оған қарсы күрес бойынша БҰҰ халықаралық конференциясында (Курмайор, Италия, 1994 ж.) қылмыстық ақшалардың заңдастырылуына қарсы күрестің бастапқы бағыттары анықталған болатын:
- есірткінің заңсыз айналымынан жəне жəне басқа да қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды легализациялауды криминализациялау;
- банктік құпиялық деңгейін төмендету;
- анонимдік есеп-шоттарды жою немесе азайту, сенімхат алған тұлға жақтаушы шынайы тарапты идентификациялау жəне т.с.с. (осының негізінде «өз клиентіңді біл» қағидаты туындайды);
- күдікті операцияларды идентификациялау жəне ол туралы хабарлау;
- қаржы операцияларын жасаумен айналысатын ұйымдар мен тұлғалардың қызметтерін құқықтық реттеуді жетілдіру;
- қылмыстық əрекеттерден түскен табыстар мен кірістерді тəркілеу;
- халықаралық ынтымақтастықтың сенімді механизмдерін дамыту [2].
1998 ж. маусым айында БҰҰ Бас Ассамблеясының қаржы саласындағы қылмыстылыққа жəне əлемдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске арналған 20-шы арнайы сессиясында «Ақшаның жылыстатылуына қарсы іс-қимылдар жоспары» мақұлданған болатын. Бұл Жоспарда қылмыстық табыстарды легализациялау бүкілəлемдік ауқымдағы едəуір проблема екендігі атала отырып, Есірткі таралуын жəне қылмыстылықтың алдын алуды бақылау бойынша департаментке қылмыстық, заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарының заңдастырылуына қарсы іс-қимылдардың жалпылама бағдарламасын əзірлеу тапсырылған болатын. Осы негізде сол жылдың желтоқсан айында «Біріккен Ұлттар Ұйымының ақша қаражаттарының жылыстатылуына қарсы жаһандық бағдарламасы» пайда болды [3]. Бүкілəлемдік деңгейдегі заңсыз табыстардың жылыстатылуына қарсы күрес шараларының халықаралық құқықтық-нормативтік базасының нығаюында табысты роль атқарған осы құжатта негізінен аталған бағыттағы процессуалдық мəселелер шешімін тапқан болатын. Дегенмен, бұл бағдарлама заңсыз табыстардың легализациялануына қарсы іс-қимылдардың басты бағыттарын анықтады:
- ұйымдасқан қылмыстылықтың өз қылмыстық табыстарын, капиталын пайдалана отырып, саясат саласы мен мемлекеттік құрылымдарға ену үрдістеріне мониторинг жүргізу;
- банктердің клиентурасы туралы есептілігінің тəртібін қатаңдату жəне осы тəртіптің бұзылғанында қылмыстық жауаптылыққа, айыппұл салуға жəне лицензиясын қайтарып алуға дейінгі əр алуан шаралар қолдану;
- ұйымдасқан қылмыстылықтың легитимді қаржы институттарымен сіңісуінің үрдістеріне талдау жүргізу;
- қылмыстық ақша қаражаттарын жылыстату бойынша қылмыстық іс-əрекеттердің ұлттық құқық қорғау органдары мен экономикалық құрылымдарына ықпалын зерттеу;
- банктік емес қаржы ұйымдары мен мекемелерінің қызметін, сол сияқты əр алуан қайырылымдық қорларын құрушы (кассалар) коммерциялық емес құрылымдардың қызметін бақылауды күшейту;
- халықаралық ұйымдардың ұсыныстарының негізінде банктік құрылымдарға арналған əмбебап халықаралық стандарттарды жəне қатаң нормативтік талаптарды сатылы түрде енгізу;
- ақшаны заңдастыруға қарсы қылмыстық əрекеттердің алдын алу жəне оған қарсы күрес шараларын жүзеге асырумен айналысатын мемлекеттік органдар мен қызметтердің жұмыс істеу əдістерін жетілдіру.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап əлем қауымдастығы қылмыстық жолмен алынған активтерді олар қайда орналасқанына қарамастан-ақ анықтап, тұтқындап, тəркілеуге мүмкіндік беретін бақылау механизмін əзірлеуге көп көңіл бөліп келеді. Осыған бола БҰҰ Есірткі жəне қылмыстылық бойынша басқармасына оған мүше-мемлекеттерге олардың қылмыстық ақша қаражаттарының жылыстатылуына қарсы күресінде жəне саясатында елеулі көмек көрсететін, оның ішінде ақшалардың легализациялануына қарсы күрес шаралары мен қаржы қызметтерін көрсетуші ұйымдарды бақылау саласындағы халықаралық танымал стандарттарды қамтитын сəйкес заңнаманың қабылдануына да ықпал ететін ешбір ақаулығы немесе кемшілігі болмайтын халықаралық механизм əзірлеу тапсырысы берілген болатын. Аталған стратегияның жүзеге асырыла бастауының бастапқы көріністері 1994 ж. 21–23 қарашасында Неаполь қаласында ұйымдастырылған Бүкілəлемдік конференцияда қабылданған Неаполь саяси декларациясы жəне Ұйымдасқан трансұлттық қылмыстылыққа қарсы іс-қимылдардың жаһандық жоспары, сол сияқты Нью-Йорк қаласында 1998 ж. 10 маусымында ұйымдастырылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 20-шы арнайы сессиясында қабылданған Саяси декларация мен Ақша қаражаттарының жылыстатылуына қарсы күрес бойынша іс-қимыл жоспары болды. Бұл құжатта Бас Ассамблея «Ақшаның жылыстатылуына қарсы күрес» деген атаумен іс-қимылдар жоспарын қабылдап, бүкілəлемдік көлемдегі криминалдық экономикаға қарсы күрестегі халықаралық қауымдастықтың іс-қимылдарын нақтылай түсті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы Конвенциясы 2000 ж. желтоқсан айында қол қоюға ашылған болатын. Конвенция шарттары бойынша «ақшаны жылыстату» ұғымына кез келген қоғамдық қауіптілігі елеулі қылмыстардан алынған табыстар енгізілді. Сонымен бірге осы Конвенция қылмыстық табыстарды жылыстату жағдайларын анықтау, тергеу жəне кінəлілерді жауапқа тарту мақсаттарында қатысушы-мемлекеттерді өзара ынтымақтастылыққа шақырды. Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер клиенттің тұлғасын идентификациялауға қатысты, күдікті мəмілелер туралы есептілікке жəне ол жайында ақпарат беруге қатысты талаптарын өздерінің ұлттық заңнамаларының шектерінде айтарлықтай қатаңдатуға тиіс болды. Сонымен қатар Конвенция қатысушылары ақпарат жинау, талдау жəне тарату бойынша қаржылық жедел ақпарат бөлімшелерін құруға тиіс.
Заңсыз табыстардың заңдастырылуына қарсы іс-қимылдың халықаралық нормативтік базасын құрайтын мағызды халықаралық нормативтік акттер қатарында мыналарды атап өтуге болады: 1988 ж. қабылданған «Есірткі заттары мен жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» Вена Конвенциясы; 1990 ж. қабылданған «Қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алу жəне тəркілеу туралы» Страсбург Конвенциясы; 1990 ж. 20–23 ақпанында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының есірткі мəселесі жайында өткізілген 17-ші арнайы сессиясында қабылданған Саяси декларация мен Бүкілəлемдік іс-қимыл бағдарламасы; БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 ж. 14-желтоқсанында қабылдаған 45/123 резолюциясы; БҰҰ Ассамблеясының 1992 ж. 16-желтоқсанында қабылдаған 47/87 резолюциясы жəне т.б.
Криминалдық табыстардың жылыстатылуына қарсы күрес жүргізу мəселелеріне арналған халықаралық нормативтік актерде басым көпшілігінде осы капиталдар банктік қызмет салаларында іске асырылатындығы пайымдалады, сондықтан аталған саладағы халықаралық актерде банктік жəне қаржы-несие саласында қызмет көрсететін басқа да ұйымдар мен мекемелердің қызметтерін жете қадағалау мəселелеріне көп көңіл аударылады дерлік. Сондықтан жоғарыда аталған декларативтік Конвенциялармен қатар халықаралық құқықтың мына акттеріне де назар аудару керек: 1988 ж. Тиімді банктік қадағалаудың Базельдік негізгі қағидаттары; Вольфсбергтік қағидаттар — 2000 ж. қазан айында əлемнің он бір жетекші банктері бас қосуда қабылданған «Жеке банктік сектордағы ақша қаражаттарының жылыстатылуына қарсы іс-қимыл туралы» жалпы директивалар. Сонымен бірге қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарының заңдастырылуына қарсы күрес мəселелеріне арналған əр алуан халықаралық конференцияларда қабылданған басқа да бірқатар декларативтік құжаттар бар, мысалы, 1995 ж. Буэнос-Айрес (Аргентина) қаласында ұйымдастырылған Батыс жарты шары елдерінің министрлерінің конференциясында, 2000 ж. Италияның Палермо қаласында ұйымдастырылған БҰҰ конференциясында қабылданған декларациялар.
Аталған халықаралық құқықтық құжаттарда күмəнді көздерден алынған табыстарды, мүлікті заңдастыру əрекеттерін барынша криминализациялау қажеттігі, банктік жəне коммерциялық құпиялылық туралы нормалардың қолданылу аясын барынша азайту қажеттігі, аталған қаражаттардың жылыстатылуына қатыстылығы болуы ықтимал ұйымдарды мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттілігі, сол сияқты бұл бағыттағы толық құнды халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі пайымдалады.
2001 ж. 11 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында орын алған оқиғалардан соң Біріккен Ұлттар Ұйымы өз мүшелерінің назарын қылмыстық капиталдың трансұлттық қылмыстылықпен, терроризммен, есірткі заттарының халықаралық заңсыз айналымымен байланыстылығына назар аударуға тырысты. Сол арада əлемнің бірқанша елдері БҰҰ шақыруымен 1999 ж. қабылданған Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық Конвенцияға қол қойды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1373 (2001) резолюциясының негізінде осы резолюцияның жүзеге асырылуына бақылау ұйымдастыратын жəне мемлекеттерді террористік акттердің алдын алуға жəне бұлтартуға шақыратын Терроризмге қарсы күрес бойынша топ (Counter-Terrorism Action Group, CTAG) құрылды. Осы резолюция ережелерін жүзеге асыру мақсатында көптеген мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан Республикасы да, терроризмді қаржыландырудың алдын алуды мақсат тұтатын ақша қаражаттарын жылыстатуға қарсы превентивтік жəне қылмыстық құқықтық шаралар қабылданған болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы өз Жарғысының шектерінде қатысушы-мемлекеттердің ынтымақтастығына, оның ішінде қылмыстылыққа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығына жетекшілік жүргізеді. Əрине, БҰҰ əрбір елдің нақты қылмыстылық түріне, атап айтсақ, криминалдық капиталдардың заңдастырылуы саласындағы ішкі заңнамалық акттерінің мазмұнына тікелей əсер ете алмайды, дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының сəйкес ақпараттарды жинақтап, топтастыруы, оларға берген талдауы жəне осының негізінде қабылданған əр алуан нормативтік акттері мен басқа да халықаралық құқықтық құжаттары, əсіресе онда берілетін дефинициялар мемлекеттердің, əсіресе Қазақстан Республикасының ішкі ұлттық заңнамасының ережелерінің халықаралық стандарттарға сай жетілуіне елеулі ықпал ете алатындығы күмəн туғызбайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының заңсыз ақша қаражаттарын легализациялауға қарсы қызметі, негізінен, ондағы мемлекеттердің ынтымақтастығын үйлестіру болса, осы саладағы мемлекеттердің күштерін шынайы түрде біріктіріп, оларға жедел көмек көрсете алатын халықаралық ұйымдар қатарында Интерполды атауға болады.
ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта тұсында Интерполға қатысушы-елдер терроризм жəне оған байланысты қылмыстар қатардағы жалпы қылмыстар деп тану керектігін ұйғарып, оны тергеу, оның қатысушыларын халықаралық қудалау мəселелерін Интерпол аясына берген болатын [4].
Халықаралық дəрежеде криминалдық құрылымдардың қылмыстық капиталдарын легализациялауға (жылыстатуға) қарсы неғұрлым табанды əрі тиімді күрес жүргізетін мамандандырылған халықаралық орган болып Ақшаның жылыстатылу мəселелері бойынша арнайы қаржы комиссиясы (Financial Action Task Force of Money Laundering, FATF) табылады. FATF 1989 ж. шілде айында əлемнің неғұрлым дамыған жеті елінің Париждегі қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын жылыстатуға қарсы күреске бағытталған іс-шаралардың тиімділігін бағалауға арналған кеңесінде құрылған болатын. Қазіргі кезде FATF құрамында БҰҰ, Халықаралық Валюта Қоры жəне Əлем Банкінің уəкілетті байқаушыларымен қоса отыздан астам мемлекет тіркелген.
FATF міндеттері келесі күйде анықталған: ақша қаражаттарын заңдастыруда банктік жүйе мен қаржы мекемелерін пайдаланудың алдын алу бойынша жедел іс-шаралар нəтижелерін талдау; осы саладағы заң актілері мен превентивтік шаралардың үлгілерін əзірлеу; қатысушы-мемлекеттердің ақшаларды заңдастыруға қарсы күрес саласындағы іс-қимылдарының үйлесімділік деңгейін едəуір арттыру жəне т.б. [5]. Осындай аналитикалық материалдарының арқасында FATF заңсыз табыстардың легализациялануына қарсы бағытталған ішкі заңнамасы айтарлықтай осал көптеген мемлекеттерге нақты ұсыныстар мен басқа да көмек көрсетіп келеді дерлік.
FATF ұйымының қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрес бағытындағы іс- шараларды бағалаудағы əрекеттері келесі буындардан тұрады:
- FATF мүшелері «бірлескен бағалау» үрдісіне қатысуға міндетті. Осы үрдістегі жұмыстар барысында əралуан мемлекеттерде қолданыста болатын заңнамалардың халықаралық стандарттарға сəйкестігі анықталады жəне ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтық стандарттар талаптарына сəйкестендіру жұмыстарының бағыттары анықталады;
- FATF жылыстатуға қарсы күрес бойынша шаралардың тиімділігін бағалау бойынша процедураларға қатысу үшін өз сарапшыларын ұсына отырып, Əлем Банкі мен Халықаралық Валюта Қорының пилоттық бағдарламаларына қатысады;
- 2003 ж. маусым айында FATF таяуда ғана құрылған CTAG жəне БҰҰ органдарымен бірлестікте əлем елдерінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1373 резолюциясы мен Сегіз арнайы ұсыныстарының талаптарына сəйкестігін тексеру жұмыстарын жүргізетіндігін баяндайды.
FATF құрылғаннан кейінгі жүргізген жұмыстарының елеулі нəтижесі 1990 ж. ақша қаражаттарының жылыстатылу мəселелеріне қатысты қырық ұсыныстың халықаралық стандартының əзірленуі жəне 2001 ж. қазан айында қабылданған терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес бойынша сегіз арнайы ұсыныстар болды.
FATF делегациясының құрамында əр алуан ғылым мен практика саласының мамандары, оның ішінде қаржы, əділет, сыртқы істер, ішкі істер министрліктерінің, мемлекеттік қаржы органдарының сарапшылары қызмет етеді.
FATF өзіне мүшелікке қабылдауда бірқанша талаптар орнатқан. Олардың негізі жіктері мыналар:
- саяси деңгейде қабылданған мына міндеттемелердің болуы: 1) 1996 ж. қабылданған ұсыныстарды айтарлықтай жеткілікті мерзім ішінде қабылдау (үш жыл ішінде); 2) жыл сайынғы өзіндік бақылау тесттеріне жəне өзара бақылаудың екі циклына қатысу міндеттемелерін алу;
- FATF аймақтық ұйымдарының қызметіне толық қатысу жəне оның мүшелігінде болу, не болмаса ондай ұйым болмаған жағдайда оны басқаруға дайын болу;
- ұйым қатысушысы стратегиялық маңызға ие мемлекеттер қатарында болуы керек;
- ұлттық заңнамасында есірткі заттарының заңсыз айналымынан алынған немесе басқа да қылмыстардың жасалуы нəтижесінде алынған ақша қаражаттарын легализациялау үшін қылмыстық жауаптылық орнататын норманың болуы;
- несие ұйымдарының өз клиентурасын идентификациялау бойынша жəне күдікті қаржы операциялары туралы мемлекеттік органдарға хабарлау бойынша міндеттемелердің ұлттық заңнамаға енгізілуі.
Жоғарыда бірнеше рет атап өткеніміздей, Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарын немесе өзге де мүлікті заңдастыруға қарсы күреске бағытталған нормативтік базасы елімізде жеткілікті дəрежеде практикалық негіздің болмауы себепті халықаралық құқықтық институттар тарапынан берілетін ұсыныстарға мұқтаждығымен ерекшеленеді. Ондағы ұсыныстар мен ескертпелер отандық қылмыстық құқықтық заңнаманың айтарлықтай жетілуіне, оның ережелерінің халықаралық құқықтық құжаттардың талаптарына сай келуіне тигізетін əсері күмəн туғызбайды. Ғылыми əдебиеттерді ақшалардың жылыстатылуына қарсы күреске арналған халықаралық құқықтық құжаттарды бірнеше топтарға жіктеу қалыптасқан:
- халықаралық ұйымдардың легализациялауға қарсы іс-қимылға арналған ұлттық заңнама құрылымы мен мемлекеттік органдарға қатысты ұсыныстары;
- халықаралық ұйымдардың қылмыстық табыстарды легализациялауды бақылау процедураларына қатысты ұсыныстары;
- халықаралық ұйымдардың əлемдік жəне ұлттық практикалық тəжірибені жалпылайтын, аккумуляциялайтын аналитикалық құжаттары;
- мемлекеттердің легализациялауға қарсы күрестегі ұлттық стратегиясын анықтайтын жəне осы құбылысқа қарсы күрестегі ұлттық тəжірибе мен əдістерді жалпылайтын шет елдердің ұлттық деңгейінде əзірленген құжаттары [6].
Жоғарыда атап өткеніміздей, əлемдік деңгейде криминалдық капиталдың легализациялануына қарсы күресте үйлестіруші халықаралық орган қызметін атқаратын басты ұйым FATF табылады, сондықтан оның осы саладағы құжаттарын негізігілер қатарында баяндауға болады. Ғылыми жəне практикалық тұрғыдан алатын болсақ, олардың екеуі ғана бізді қызықтыруы мүмкін: FATF қырық ұсыныстары [5] жəне Трансұлттық қылмыстылық қолданатын легализациялаудың əдістері туралы есеп. Аталған құжаттарда қарастырып отырған салаға қатысты өте өзекті жəне айтарлықтай маңызды ақпараттар жинақталған, өйткені FATF сарапшылары жыл сайын ондағы ақпаратты қайта редакциялап, қылмыстық табыстардың жылыстатылуына қатысты көптеген жаңа материалдарды қосып отырады.
FATF қырық ұсыныстарының бастапқы нұсқасы 1990 ж. қаржылық жүйені есірткі заттарының заңсыз айналымынан алынған кірістерді жылыстатын тұлғалардың қолдануына қарсы іс- қимылдардың бастамасы ретінде қабылданған болатын. Өткен ғасырдың 90 жылдарындағы əлемдегі жаһандану үрдістерінің ерекше қарқындай түсуі ұйымдасқан криминалитеттің де өз қаражаттарын легализациялау əдіс-айлаларын түбегейлі өзгерістерге ұшыратуына себін тигізбей қоймады, сондықтан 1996 ж. қылмыстық табыстарды жылыстатудың күн санап дамып, өзгеріп отырған үлгілерін танып-білу мақсатында аталған Ұсыныстар қайта өңделген. Қазіргі таңда 1996 ж. нұсқасындағы FATF қырық ұсынысы əлемнің 130 елі тарапынан мойындалып, ақша қаражаттарының заңдастырылуына қарсы іс-қимылдардың халықаралық стандарттары қатарында танылады.
Криминалдық табыстарды жылыстату əдістері мен технологиясы оларға мемлекеттік органдар мен халықаралық қауымдастық тарапынан қолданылып келетін іс-шараларға іспеттес өзгеріп, дамып отырады. Осы фактор сол сияқты ұлттық жəне халықаралық деңгейде көтерілген бірқатар басқа да жағдайлар салдарынан FATF тарапынан аталған Қырық ұсынысты қайта қарап, өңдеуіне жəне қылмыстық табыстарды легализациялауға жəне терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдардың жаңа жалпылама құжатын дайындау қажеттігін туғызды.
Қырық ұсыныстың қайта өңделу үрдісі айтарлықтай қарқынды, FATF мүшелері мен оған мүшелікке əлі енбеген елдер үшін, сол сияқты сырттай байқаушыларға, мүдделі тараптарға ашық күйде жүргізілді. Əрбір елдің өз ұлттық заңнамаларының өзгешеліктерінің сан алуан болуына байланысты ортақ стратегиялық іс-шаралардың əзірленуі мүмкін еместігін FATF мойындай келе, ол аталған ұсыныстарында оны мойындайтын əрбір ел өз шарттары мен конституционалдық шектеулеріне қарай сəйкес салада нақты қолдана алатындай нысандағы іс-шаралардың минималдық (ең аз мөлшердегі) стандарттарын белгілейді. Ұсыныстарда əрбір ұлттық құқықтық жүйе өзінің қылмыстық қудалау жəне реттеу салаларында көздеуге тиіс іс- шараларды қарастырады: қаржы мекемелері мен басқа да бизнес пен мамандық салаларының өкілдері қолдануға тиіс превентивтік шаралар; халықаралық ынтымақтастық.
Əдебиеттер тізімі
- Отмывание денег и финансирование терроризма: ответные меры, принятые Организацией Объединенных Наций: Выдержки из основных правовых документов и резолюции. — UN Office on Drugs and Crime, Vienna International Centre, P.O.Box 500, A-1400. — Vienna: Austria. — Р.
- Волженкин Б.В. Отмывание денег. — СПб.: Изд-во СПбГУ, 1998. — С.
- United Nations Global Program against Money Laundering (GPML). — New York: UN, — 48 p.
- Самарин В.И. ИНТЕРПОЛ — международная организация уголовной полиции. — СПб.: Питер, — С. 50.
- Financial Action Task Force of Money Laundering Annual Report 2002–2003. 20 June. 2003. — FATF Secretariat. Paris, France. — fatf-gafi.org — Р. 3.
- Давыдов В.С. Уголовная ответственность за легализацию (отмывание) денежных средств или иного имущества, приоб- ретенных преступным путем: правовое регулирование в России и за рубежом: Дис. … канд. юрид. наук. — СПб.,— С. 67.